Өнер тәсіл ретінде
“Өнер дегеніміз – образды ойлау”. Бұл тіркесті гимназистің аузынан да естирсің; әдебиеттің теориясынан еңбек жазғысы келетін ғалым филологке бағыт-бағдар берер бастау нүктесі де – осы тіркес. Көптің санасынан берік орын алған бұл ойда алғаш айтқан Потебня болатын: “образсыз өнер, оның ішінде поэзия да жоқ”. “Поэзия да проза сияқты ең алдымен, негізінен ойлау мен танымның белгілі бір тәсілі”.
Поэзия – ойлардың ерекше бір тәсілі, нақтырақ айтсақ, образбен ойлау тәсілі. Бұл тәсіл өмір процесін жеңіл түсінуге ой күшін үнемдейді; бұл үнемдеудің рефлексі ретінде эстетикалық сезім пайда болады. Ұстазының еңбегін мұқият оқып шыққан Овсянико-Куликовский осылайша түсіндіріп, ой түйінін жасайды. Потебня және оның жолын ұстанған көптеген әдеби мектептер поэзияны ойлаудың ерекше бір – образдардың көмегімен ойлау түрі, ал оның міндеті ойлауға әр текті предметтер мен әрекеттерді қатыстырып, белгісіз нәрсе белгілі нәрсе арқылы түсіндіріледі деп біледі…
“Образсыз өнер жоқ”, “Өнер образбен ойлау”. Осы анықтамаларға сәйкес сөз өнерін, сәулет өнерін, лириканы да образды ойлау арқылы түсіндіруге тырысты. Ақырында ширек ғасыр өткен соң Овсянико-Куликовский лирика, архитектура мен музыканы бөліп алып, өнердің ерекше бір формасыз түріне жатқызып, оларды тікелей эмоцияға әсер ететін лирикалық өнер ретінде анықтады. Сонымен, ойлау тәсіліне жатпайтын өнер салалары да бар екен; сол өнердің бірі лирика сөзді пайдаланған “образды” өнер бола образсыз өнерге байқаусыз айналып та кете береді.
Дегенмен де “өнер-образды ойлау” яғни, өнерде ең алдымен симвлодар жасалынады деген анықтама қаншама уақыт тезінен өтіп сақталынып келеді. Ол әсіресе, символизм ағымында, оның теоретиктеріне өміршеңдік танытуда.
Сонымен кейбіреулер әлі күнге дейін образбен ойлауды “күңгейі мен көлеңкесі”, “образдысы мен оның аралығы” деген сияқтыларды поэзияның басты белгілері деп түсінеді. Сондықтан да бұл адамдар образды өнердің тарихы образдардың өзгеру тарихынан тұруы керек деп, соны күтуі керек болатын. Бірақ та жылжып ғасырлар, өлкеден өлкеге, ақыннан ақынға өтіп өзгерістер болып жатса да образдар ешбір қозғалыссыз қатып қалды. Образдар – бейтарап. “Тәңірінікі”. Дәуірді неғұрлым терең зерттеген сайын белгілі бір ақын жасады деген образдардың одан да бұрын қолданғандылығына көзіңіз жете түскендей болады. Поэтикалық мектептердің жұмысы негізінен жаңа образдар жасаудан гөрі оны жаңғыртып жасаудың жаңа тәсілдерін тауып, жинақтап, сөздік материалдарды қорытып отыруға сайған. Образдар жеткілікті де образбен ойлау аз.
Образды дегеніміз, өнердің немесе тек сөз өнерінің барлық түрлерін біріктіретін де емес, оның өзгеруі поэзия дамуының мәні де емес.
А.Банфи
Өнер философиясы
Рухани өмір идеальды /аймаққа/ өңірге жатады. Ол өзін адам өмірінің шындығына айналатын бағалы акт жасаушы, белгілі бір өмір аясындағы идеализация процесі ретінде айқындайды, /яғни, өмір шындығына идеализация процесі шындығын нығайта түсетін идеал шындығын ендіреді/. Адам әлемі эмпирикалы сипатта болғандықтан да /сананың рефлективті болуына орай/ бөлшектеніп, қоғамның заңды дуализміне және нақтылы белгілі бір индивидке айналады. Бұл дуализм абстрактылы түрде ғана анықталып, оның диалектикасы социологияның предметіне жатады /осыған байланысты психологиялық элементтің социологияға жат емес, ал диалектиканың бұл ғылымға статикалық компонент ретінде емес, керісінше, қайшылықтар мен жаңа байланыстар туғызушы қозғаушы күш екендігіне назар аударыңдар/. Барлық рухани форма осы дуализмнен өтеді. Бұл дінге сенушілердің тәңірге жақындай түсуі, эстетика аясындағы экспрессивті-творчестволық коммуникативтік момент арқылы адамгершілік санадағы идеал арқылы жүзеге асады. Руханият басынан өткеріп, бойына сіңіретін өнердің қоғамдық сипаты оның шегі де болып табылады. Бұл жерде өнер адам өміріндегі эстетикалық бастаулардың шындығы, оның көрінісі, керек десеңіз, адамзат әлемінің жасампаздық принципінің сапасы ретінде оған іштей тән идеалдық түрінде көрінеді.
М.М.Бахтин
Әдебиеттану методологиясына
Әдеби туындының авторы тұтас туындыға қатысты болады, бүтіндей мазмұннан оған бөлінген ешқандай мезет жоқ. Автор сол бөлінбеген мезетте, яғни мазмұн мен форманың тығыз тұтасуы сәтінде көрінеді. Әдебиеттану бүкіл мазмұннан бөлінген тұстан – яғни дүниетаным, өмірбаян, уақыты анықталған адамнан авторды іздейді. Осыған сәйкес “автор бейнесі” шынайы адам бейнесімен тұтаса көрінеді.
Автор барлық бейнелерді жасаушы, туындыдағы бейнелілікті тудырушы бола тұра бейне /образ/ бола алмайды. Сондықтан “автор бейнесі” деген атау туындының бір ғана бейнесі болуы мүмкін /дәлірек айтсақ, ерекше түрдегі бейне/. Суретші өзін картинада жиі бейнелейді, өзінің авторпортретін сызады. Бірақ, біз автопортреттен авторды өзге картиналарында тіптен жасырын тұрады. Тудырушы автор өзі тудырған дүние аясында айқын көрінуі мүмкін емес. Бұл – natuчa natuчans, яғни natuчa – natuчata емес. Жасаушыны біз өзінен емес, ол жасаған дүниеден көреміз.
Автор өз туындысын арнайы әдебиеттану ұғымы үшін, әдебиеттанушы үшін дүниеге әкелмейді, әдебиеттанушылар тобын ұйымдастыруды мақсат етпейді.
Қазіргі әдебиеттанушылар /көбіне структуралистер, өздерінше/ неігізінен бәрін түсінетін тыңдаушының имманентті туындысын анықтауға ұмтылады. Бұл, әрине, эмпирикалық тыңдаушы немесе психологиялық қойылым емес, автор жанындағы тыңдаушы бейнесі. Бұл – дерексіз идеалдық құрылым. Оған осындай дерексіз идеалды автор қарсы қойылады. Мұндай түсінік бойынша, кінәратсыз тыңдаушы авторды ауыстырушы немесе оның айнадағы бейнесі сияқты. Ол ешқандай өзіндік сипатты, туындыға қатысты ешқандай тың ұғымды иемдене алмайды және автордың бүкіл ойын ұғыну мүмкіндігі жоғалады. Ол нақтырақ айтсақ, авторға айналған оқырман осы кезеңде, уақыт пен ауқымнан тыс /барлық дерексіз идеалды құрылым сияқты/ қалады, сондықтан ол автор үшін басқаға айнала алмайды, бөтен болып қалмайды, өзгешелік сипатын көрсететін ештемесі көрінбейді. Автор мен мұндай оқырман арасында ешқандай өзара әрекеттестік, драмалық қатынас болмайды. Тек қана механикалық немесе таптаурын түсінік қалады. Тұлғалық өзгешелік те жоғалады.
Тұлғаны және шығарманы тану.
Оларды былайша шекпен сипаттауға болады: біржақтылықпен ғана ұғынылатын, танушы үшін ғана әрекет ететін, тек сыртқы бітімге ие жансыз шығарма. Мұндай ажыратылмайтын ішкі болмысынан айырылған маңызы жоқ шығарма тек практикалық түрде қызықтау болып шығады.
Е. Ысмайылов
Қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын
жасау жолындағы міндеттер
...Қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын жасау аса күрделі, қиын проблема, мұның өзі қазақ әдебиеттану ғылымының бар дәуірдегі түйінді мәселесі болса, алдағы жетіжылдық жоспардың да ең басты проблемасы болып отыр.
Әдебиет тарихын жасау жолында қандайлық тәжірибеміз бар? Неден ұттық? Неден сүріндік? Бұған да жауап бермеске болмайды.
Қазақ әдебиет тану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізінен екі кезеңді басынан кешіргендігін байқауға болады. Бірінші – үйрену, идеялық творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Бұл революцияның алғашқы кезінен соғысқа дейінгі дәуірді қамтиды. Екіншісі – соғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасып, даму дәуірі.
Алғашқы дәуірде әдебиеттану ғылымы күнбе-күнгі партиялық, әдебиеттік сындардың тәжірибесіне, қазақ совет әдебиетінің, қазақтың социалистік ұлт мәдениетінің қалыптасуы тәжірибесіне сүйене отырып дамыды. Қашан да ғылым дерексіз тумайды, өмірдің талап-тілектеріне байланысты дүниеге келеді. Революцияның алғашқы жылдарынан бастап қазақтың ұлттық баспасөзін, ұлт мектептерін ашу міндеті алға қойылғанда, ең қиын, ең түйінді мәселенің бірі – ана тілі мен әдебиетін оқытуды бірінші кезекте шешу керек болды. Бұл мәселені ғылыми жағынан зерттеп, із-жүзіне асыруға келгенде, қандайлық идеялық тартыстар, қандайлық бөгет пен қиындықтар болғандығы бәрімізге белгілі...
...Қазақ әдебиеті мен тарихының маңызды творчестволық проблемаларына арналған еңбектердің бүкіл одақтық әдебиет жұртшылығының назарын аударуы, қазақ әдебиеттануының жанр ретінде қалыптасып дамып отырғандығын, бұл жағдайдың өзі қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын жазуға мүмкіндігіміз де, дайындығымыз да мол екендігін көрсетеді.
Қазақ әдебиет тарихының негізгі проблемалық мәселелерін жан-жақты шешіп зерттеуде біз тарихшылдық принципті, яғни әдеби құбылыстарды тарихи даму процесінде, әрбір шығарманы, әрбір ақынды өзінің туған тарихи-қоғамдық ортасына нақты байланысты алып тексеру принципін қолданамыз. Мұның өзі әсіресе идеялық қайшылықтары бар ақындарды өз заманындағы таптық, қоғамдық ортаның жемісі тұрғысынан анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қазақ әдебиетінің кейбір құбылыстарын, жанрлардың дамып қалыптасу процесінде тексеру қажет болды. Мәселен, ақындардың айтысы. Бұл ХІХ ғасырдың өн бойында және ХХ ғасырдың басында да әдебиеттің белгілі бір дәстүрі, белгілі бір жанрлық ерекшелігі есебінде дамып отырды. Сонымен бірге, бұл – екі немесе бірнеше ақынның ортақ творчествосы. Сондай-ақ батырлар жыры, лирикалық дастандарды, шешендік сөздерді, мақал-мәтелдерді, әнші ақындардың лирикаларын да жанрлық ерекшелік жағынан зерттеу анағұрлым қолайлы.
Қазақ әдебиеті тарихының академик М.Әуезовтің басқаруымен жазылып біткен бірінші томы осы біз айтып отырған тарихи және жанрлық принципті толық сақтаған. Қазақ әдебиетінің бірінші томында сонау ерте заманнан дәл бүгінгі совет дәуіріне дейінгі дамып келген ауыз әдебиетінің негізгі мәселелерін қамтитын болса, екінші томы ХҮШ-ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін қамтиды…
…Әдебиет тарихын зерттеудегі ең үлкен қиындық, ең төзбестік сорақы кемшілік – біздің әдебиетші ғалымдарымыздың кітапханаларда, архивтерде, қолжазба фондаларында сақтаулы бай түп нұсқа материалдарды жан-жақты зерттеп игермеуі. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ғалымдар түп нұсқадағы қолжазбаларды қадағалап зерттемейінше, өзгесін былай қойғанда, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ә.Диваев қалдырған қолжазбаларды түгел оқып игермейінше, шын мәніндегі ғылыми еңбек жазылады дегенге сену қиын. Сөйтіп, әдебиет пен фольклордың нақты фактілік материалдарын арнайы зерттемейінше, тек бұрын-соңды басылған кітаптарды ғана пайдаланып жазған еңбектер бірін-бірі қайталауға, сайып келгенде ғылыми ойдың тоқырауына апарып соғады. Біз бұл кемшілікпен батыл күресуіміз керек. Осы жөнінде нағыз материалдың ортасында отырған Қазақ ССР Ғылым академиясының ғалымдары басқаларға үлгі көрсетуге тиіс.
Екінші бір елеулі кемшілік - әдебиеттану еңбектерінде ғылыми аппараттың жеткіліксіздігі мен ғылыми адалдықтың кемдігі. Әрбір ғылыми еңбек, егер ол жаңа, соны пікір айтуға талаптанса, алдымен, белгілі фактіге, документке, дәлелге сүйенеді, сонымен бірге өзі зерттеп отырған мәселе туралы бұрын не жазылады, қандай қорытындыға келді, олардың дұрыс-бұрыс жері қандай, барлығын да атап көрсетіп отыруға міндетті. Бұл жалғыз әдебиеттануда ғана емес, ғылымның барлық саласында ежелден қалыптанған дәстүр. Амал қанша, біздің қазақ әдебиетшілері ғылымдағы осы адалдықты, заңды дәстүрді сақтамай жүр…
…Ғылым дегеніміз қашан да өзінің белгілі саласында жаңалық ашу ғой. Бірақ сол жаңалық әдебиет пен архивтегі, қолжазбалардағы нақты фактілер мен документтерді ұқыпты зерттегенде ғана туады. Біз әдебиет тарихын жасаудың алғашқы дәуірінде осы фактілер мен документтерді байымды зерттеудің жоқтығынан толып жатқан жаңсақтыққа, шалағайлыққа ұрындық. Белгілі ақын, жазушы туралы, әдебиеттің белгілі дәуірі туралы айтылған долбарға, ауызша таралған лақаптарға сүйеніп үстірт, жеңіл-желпі пікірлер айту мезгілі өтті. Әдебиеттану ғылымында жаңалыққа жеткізетін творчестволық ой мен қажырлы іздену – басты талап...
А.И.Буров
Өнердің эстетикалық мәні
Біздің ойымызша, қоғамдық сананың ерекше сапалық өзіндік бір түрі ретіндегі өнер қоғамдық сананың пайда болуымен бірге бірден қалыптаса қойған жоқ; өйткені алғашында ол адам санасының қоршаған ортаны нақтылы – сезімдік формада бейнелеу қабілеті бола алмады; өнер адамның осындай қабілеті негізінде пайда болып, қоғамдық сананың бір түрі ретінде дами түсті. Бір кездерде ғылым, дін, өнер бір-бірімен ажырата алмастай бірлікте өмір сүрген сияқты. Бұл оның әлі дами қоймағандығын, қоғамдық сананың ерте кезінде диффузиялық формада болған деуге негіз болса керек. Мысалы, палеолит дәуірінде жартасқа салынған жануарлардың бейнелері секілді алғашқы қауымдық қоғамның рухани мәдениетінің ескерткіштері тұрпайы түрдегі ғылымның, діннің, өнердің ерте кездегі бастаулары болып табылады.
Өмірдің образды түрде бейнеленуі /шынайы құбылыстар мен процестерді нақтылы-сезімдік, индивидуалдық түрде қайта жаңғырту/ өнерге ғана тән екендігіне қарамастан қоғамдық сананың басқа да түрлерінен айыруға көмектесетін негізді өзіндік белгісі бола алмайды; ол - өнердің формальды бастауы ғана.
Өнердің көркемдік таным процесінде, көркемдік ойлаудың өзіне ғана тән категорияларында /бейнелілік, эмоциональдық, көркемдік қиял/ танымның спецификалық предметіне қатыссыз қарастыруға болмайды. Өнердің ерекше мәнділігі, сондай-ақ эмоция мен қиялдың ерекше жиілігі оның объективті мазмұнының өзгешелігімен ғана түсіндіріле алады.
Мұндай жағдайда қарастырылмаған көркемдік таным процесінің ерекшеліктері ойлаудың формальды ауқымында, ең соңында суреткер психикасының ерекшеліктері тұрғысында ғана ұғынылады да мұның өзі өнерді суреткерлік ұлылықтың туындысы ретінде қарастыратын идеалистік бағытқа апарып соқтырады.
Көркемдік мазмұнның өзіндік ерекшеліктері мен бейнелеу формаларындағы өнердің барлық өзгешеліктерін жоққа шығарсақ, өнерде тек форма ғана эстетикалық мәнге ие де мазмұн эстетикадан тыс категория болып шығады. Мазмұнның эстетикаға қатыссыздығы туралы пікір Канттың эстетикалық мәнінен бастау алып, не формализмге, не өнер дінді, философия мен өнерді формаға түсіріп, көпке танытады дейтін тұрпайы түсіндірмелерді негіздеуге апарып соқтырады.
Өнерге бұлайша көзқарас қоғамдық сананың бір түрі ретіндегі өнердің өзіндік дербестігін жоққа шығарады: оны сананың басқа да түрлерімен араластырып, мазмұнын тұрпайландырып жібереді.
Өмірдегі көркем объектінің өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығару таным ретіндегі өнерді іс-жүзінде мойындамауға әкеледі; өнердің танымдық сипаты сөз жүзінде ғана айтылып, негізінен терістеледі.
Т.Нұртазин
Эстетикалық пікіріміздің даму
тарихынан
Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін қазақта сын, эстетикалық пікір болды ма? Болды! Бұған басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да ежелден-ақ табиғаттағы, қоғамдық өмірдегі көркемдікті сезініп-тұшынуы және сол эстетикалық талғамды ғасырлар бойы ұштап, әрлей түсуі дәлел.
Революцияға дейін қазақ әдебиетінде эстетиканың және әдеби сынның өз алдына дербес сала болып жүйеленбегені рас. Дегенмен біздің халқымыздың бұл жағынан алғанда атам заманнан келе жатқан эстетикалық пікірі барлығын айқын көре аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” дегенде, қазақ халқы сөз өнерін жете танып, өте жоғары бағалаған. “Жылы-жылы сөйлесе – жылан інінен шығады” деген мақал сөз өнерінің эстетикалық күшін, адам жанына, психологиясына сиқырлай әсер етіп, я ерітіп жіберуге, я қатуланып қаһар төгуге дейін барғызуға құдыреті келетінін танытады.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Басықараның Қанапиясы:
Өлең шіркін шығады өнерпаздан,
Өнерсіз не шығады ақылы аздан! –
депті. Бұл арада эстетикалық арнаулы білімі жоқ Қанапияның өлең - өнер екенін, оны жасау өнерпаздың, ақылы мол адамның қолынан ғана келетінін жақсы парықтайтыны байқалады. Біржан ақын Сарамен айтысқанда:
Сайратқан орта жүздің бұлбұлымын,
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға, -
дейді. Ал өлгелі жатқанында айтқан өлеңінде:
Ақсары, Тоқсарымен – екі сары,
Үш жүздің баласына болдым дәрі, -
деп өзінің ақындық өнеріне баға беруге ұмтылады.
Желді ақын Біржанның аса айтуы да бар шығар, алайда ақын сондай асқақ дәреже өзіне ақындық сөз өнері арқасында оралғанын жанымен сезініп, зор шабытпен шарықтап сөйлейді. Шынында да, ақын қайтыс болғалы айтарлықтай уақыт өтсе де, оның сөзі бүкіл қазақ халқына әлі де дәрідей екені даусыз.
Сөз өнері жөніндегі халық нақылдары, Қанапияның, Біржан салдың өлең өнері туралы айтқандары – халық санасында көркемдік жөнінде, көркем сөз жөнінде қалыптасқан эстетикалық ұғым, толғамды пікір болғанын айқындайды.
Қазақтың ағартушы-демократы Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар халқымыздың рухани дамуында жаңа саты болғаны белгілі. Бұлар қазақ халқының бұрынғысы, бүгінгісі, болашағы туралы терең пікірлер толғап, тың тұжырымдар жасап кетті.
Шоқан Уәлиханов қазақтың ауыз әдебиеті жөнінде орыстың революцияшыл демократтарының көзқарастарымен қабысатын пікірлер айтты. Ол немістердің “тұманды, қаракүңгірт” теориясын сықақтады; содан кейін орыс мифологтарының фольклорлық концепциясына негіз берген Кантты, Шлегельды, Гердерді әжуа етті. Шоқан, мифологтар айтқандай, ауыз әдебиеті түрлі мифологиялық сенім-нанымдардан туады дегенге қарсы болды. Шоқанның пікірінше: “Ауыз әдебиеті – халық рухының, тұрмысының, әдет-салтының, мінез-құлқының, өмір сипатының бейнесі. Ауыз әдебиетінің филологиялық жағынан да, тарихи мәлімет жағынан да маңызы зор”.
Шоқан қазақ пен орыс фольклорының ұқсастығы көп екенін баса айтты да, ол ұқсастық екі халықтың тарихи тағдырларының ұқсастығымен байланысты деді. Майковқа жолдаған хатында Шоқан: “Отечественные записки” журналынан білсеңіз, - деп жазады, - менің қолымда орыс ертегілеріне ұқсас қазақтың ертегілері бар; соларды және менің шаманизм жөніндегі зерттеулерімді жариялауға болмас па екен? Қазақтың өлеңдері (орта ғасырлық аңыздар) Алтын орда батырлары туралы баяндайды да, ол орданың тарихына жаңа түсінік береді және оның құлау себебін анықтай түседі. Бұл арада Шоқан ауыз әдебиетін халық өмірінің айнасы деп қарайды; ғалымның ұғымынша, қазақтың ауыз әдебиеті Алтын орданың шынайы сырын ашады, оның құлау себебін анықтайды. Данышпан ғалым ауыз әдебиетін өмір сырын ашушы, өмірге жаңа көзқарас ұсынушы құрал деп таниды.
Көркем сөз жөнінде Ыбырай Алтынсариннің да бірсыпыра пікірлер айтып кеткені белгілі. Ол Торғайда мұғалім болып жүрген кезінде қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеп, көркем сөздің әсер етушілік күш-қуатына айрықша көңіл бөледі. Н.И.Ильминскийге жіберген бір хатында ол: “Халықтың санасын оятып, жүрегін тербейтін кітап керек” деп жазады. Алтынсарин Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударып, оның идеялық әсерін зерттейді. Бастапқы бақылауында қазақ балалары Крылов мысалдарын түсінбегенін, “малдар мен аңдар адамша сөйлей ала ма?” деп ғажаптай таңырқағанын айта келіп, балаларға басқа жеңілірек әдеби шығармаларды әдеби шығармаларды беруге ұйғарғанын айтады. Бірақ данышпан педагог балалардың жан сырымен таныса келе, Крылов мысалдарын олардың қабылдайтынын анықтайды. Содан былай ол орыстың ұлы мысалшысының бірнеше мысалдарын аударып, оқу процесіне пайдаланады. Сөйтіп, оларды 1879 жылы өзінің “Киргизская хрестоматия” деген кітабында жариялайды.
Кел балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық, -
деп мектеп гимнін жазған Ы.Алтынсарин – көркем сөздің адам жанына алып әсері барын жете білген қайраткер. Ұлы педагог қазақ халқының өміріне мәдени жағынан іргелі өзгеріс кіргізуді алдына программа етіп қойған; сол программаны орындау үшін бар дарынан аямай жұмсап, әдебиетті идеологиялық күшті құрал ретінде пайдаланған.
Данышпан Абайды эстетикалық тұлғалы жүйе жасады деп айта аламыз. Зор өкінішті нәрсе – Абай күнделік жазбады, кімдерді оқығаны, кімдерден қалайша үйренгені туралы дерек аз; кімнің эстетикасына еліктеп, оны өзіне үлгі тұтқанын айқындау оңай емес. Бірақ соның бәрінің есесіне Абай тастап кеткен үлкен документ бар. Ол – данышпан ақынның өлеңдері мен қара сөздері. Соларды назар салып оқысақ, Абайдың эстетикасы данышпан В.Г.Белинскийдің эстетикасымен түгелдей қабысатынан көреміз.
Сөзімізді дерекпен дәлелдейік. Белинскийдің эстетикалық бес принципі, кодексі бар. Ол принциптерде данышпан ойшыл искусствоның табиғатын, идеялық-көркемдік және әлеуметтік мәнін, сырын ашады. Ол принциптер төмендегілер:
1. Әдебиет – қоғамның жемісі; қоғам өмірін және оның дамуын бейнелейді, - дейді Белинский. Ұлы сыншының бұл пікірін екінші сөзбен айтсақ: өмір бар жерде – искусство бар, өйткені искусство - өмірдің жемісі. Дәл осындай пікірді біз Абайдан да табамыз.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы, бос бақпай елең-селең.
Абайдан келтірілген осы шумаққа ой жүгіртсек, әдебиеттің өмірмен бірге туатынын, өмірдің бар сатысында бірге жасайтынын, ең аяғы өлгенде де соңғы сапарға сүйегіңді өлеңмен шығарып салатынын көреміз. Абайдың пікірінше, әдебиет – қоғамдық нәрсе. Қоғамнан тыс әдебиет жоқ. “Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар”. Ұлы ақын сөзді жаза беруге бекінеді, керек деген алар, керек қылмаған алмас деп түйеді. “Ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе - өз сөзім өзімдікі, дедім...”.
2. Белинскийдің айтуынша, искусство – қоғамдық күрестің құралы. Абайдың пікірі де осыған орайлас.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Неше түрлі, айла етіп.
Ойланбай қайран жұрт,
Ұялмай қал, жым-жырт!
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқамын.
Бұл өлеңдерден Абайдың поэзияны қоғамдық күрестің құралы, жұршылықтың санасын оятатын құдыретті әмірші деп қарайтыны айқын көрінеді.
3. Белинскийдің айтуынша, искусстводағы суреттеме реалдық өмірдің шынайы бейнесі болуға тиіс. Искусство шындықты суреттеуге міндетті. Абай да дәл осы принципті қолдайды.
Сөз айттым “Әзірстәлі, айдаһарсыз”,
Мұнда жоқ “алтын иек, сары-ала қыз”.
Кәрілікті жамандап өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз.
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
Абай – реалист; ол өмірді шығыс әдебиетінде бір кезде болған қиялшылдық салтпен көпірте әсірелеуге қарсы. “Алтын иек, сары-ала қыз” деген тармақ Әріп ақынның өлеңінен алынып отыр. Ол сияқты өмір көрінісін адам тынығысыз ғып бұрмалай, бояулай көрсетуге данышпан ақын төзбестікпен ыза білдіреді.
4. Белинскийдің айтуынша, искусствода мазмұн бірінші орында болуға тиіс.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Сонымен Абай өлеңінің іші алтын болуын, сырты күмістей жарқырауын шарт қып қояды.
5. Белинскийдің принципі бойынша, искусствода түр мазмұнға сай болуы керек. Абай да осы принципті ұстанады.
Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас:
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар баһра ала алмас.
Көп жағдайда Абайдың эстетикасы қазіргі күннің талап-тілегімен де үндесе шығатындай. Ол алдымен күнделіктің күрделі мәселелерін жырлауды бірінші парыз санайды.
Батырды айтсам, ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам, қыздырмалап, -
Әншейін күн өткізер әңгіме үшін,
Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап,-
дейді Абай. Данышпан ақын поэзияға әлеуметтік, эстетикалық, халықтың санасын тәрбиелерлік зор мән береді де, оған ермек деп қарайтындарға ызғар төгеді.
Абай орыстың революцияшыл демократтарының эстетикасына үндес озық эстетика жасады, соған сүйеніп данышпан дарынан жарыққа шығарды – классикалық шығармалар берді.
Әдебиетте Абай дәстүрін барынша байыта түскен С.Торайғыров: “бұрынғы қиссаларымыздың ақ көңілге күйе жағып, адастырудан басқа пайдасы жоқ, бас қатырғыш хикаят”, - деп жазды. “Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болады”, - деп бағалады ол жақсы шығармаларды. Торайғыров қазақ әдебиетінде ұзақ жылдар бойы етек алған заршылдыққа жан-тәнімен қарсы тұрды. “Тұрмыс дерті зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын “өлең” деп, “өнер” деп соны айтамын. Сырт көрінісі “қатын ойбай” тұрсын, “шайтан ойбай” болып көрінсе де, дәмі бар, маңызы бар “ойбай” сол, қайнаған қанның, толғатқан көңілдің, толған жүректің сығындысы сол... Марқұм Абай өлеңдері секілді”. Торайғыров бұл арада әдебиеттің өмірдегі күрделі мәселелерді қозғап, оқушының жүрегін терберлік маңызды, көркем, әсерлі болуын бірінші шарт деп санайды. Ол тіпті ойбайлы, зарлы шығарманы оқуға да жиренбейді: тек терең мәні, өмірдің толғақты мәселелерінің сығындысы болуын, әсерлі болуын шарт деп біледі.
Торайғыров поэзияны, искусствоны адам санасын тазартарлық, тәрбиедеп дұрыс бағытқа икемдерлік пәрменді күш деп санайды. “Бір халықтың сүтпен бірге байланысқан ірік-шірік қара” кеуілдерін аршып, жаңа рухпен нандыратын, таза бейілмен жаңаландыратын машина – шын шырқырап шыққан өлең-жыр, әдебиет деген нәрсе...”. Аз жасаған Торайғыров өзінің эстетикалық пікірлерін түгел баяндап үлгермеді. Бірақ оның есесіне ақынның творчествосы эстетикалық үлгі таратарлық. Оның:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам...
Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға, -
деп жалындай ұмтылған лирикалық геройы жаңа адам еді. Осыларға қараңдар, үлгі алыңдар, осындай кейіпкерлерді жасаңдар деп жазушы қаламгерлерге үлгі ұсынғандай болды.
Маңайымнан әрмен кет,
Жанды қуыршақ арам ет!
... Бірақ жазық қазақта, -
Ұлы, қызы мазақта! –
дегенде ақын қазақтың қыздары, ұлдары өнерге жетіліп, дүниені оймақтай үйіретін болса екен деп аңсады. Сөйтіп, С.Торайғыров әдебиетімізге эстетикалық желі сияқты өрнек тартып кетті.
Революцияға дейінгі әдебиетте сын, әдебиеттану ғылымына жататын еңбек – Кәкітай Ысқақовтың Абайдың 1909 жылы Петербургте шыққан өлеңдер жинағына жазған кіріспесі. Онда автор Абайдың өмірі мен творчествосынан көптеген бағалы мәліметтер келтіруімен қатар, оның өлеңдеріне де бірқыдыру талдау береді. М.Сералиннің “Шәһнәма” туралы жазған мақаласы да (1914 ж.) сын саласында елеулі нәрсе деп айтарлық. “Қазақ” газетінде жарияланған (1913 жылы ноябрьде) “Қазақтың бас ақыны” атты мақала да назар аударарлық нәрсе.
Сонымен, қазақтың эстетикалық, әдеби-теориялық, әдеби-сыншылдық пікірі Ұл Октябрьге дейін де бірсыпыра дамып қалғанын көреміз. Эстетикалық пікір – қоғам пікірінің басқа салаларынан бөлек, жалқы емес. Шоқан, Ыбырай, Абайларды тудырған қазақ ортасы эстетикалық пікірді де бірсыпыра қалыптастырып, құрауы әбден заңды.
Достарыңызбен бөлісу: |