Ой және тіл
Сөзден біз: сыртқы формасын, яғни айқын дыбысты, дыбыспен нысаналанатын мазмұнын және ішкі формасын немесе мазмұнды аңғартатын тәсіл – сөздің жақын этимологиялық мағынасын білеміз. Сөздің мазмұнын ішкі формасымен араластыруға мүмкіндік жоқ. Мысалы, әр түрлі мазмұнды жалованье, аппетит, pensio, gage секілді сөздерге ой жіберсек, бұларда ортақ түсінік бар екені, ол төлем мағынасына саятыны аңғарылады, бірақ бұл ортақтық сөзбен бейнелеуде ұқсамайды: аппетит – бір жылға бөлінетін, pensio – мойынға ілінетін, gage ... алғаш – аманат, қолғабыс ету, сыйақы және басқа, жалпы өзара келісім нәтижесі, жалованье – сүйіспеншілік әрекеті /мұның синонимдік сөзі-миловать, миловать-жаловать, соңғысы сүю деген мағына береді/, сыйлық, заңды сыйақы емес, “legitimum vadium” емес, екі жақты келісімінен туған нәрсе емес1.
Осы сөздердің ішкі формасы ойды басқа жаққа бағыттайды...
Сыртқы форма ішкі формамен байланысты болады, сонымен бірдей өзгереді, онсыз форма болудан қалады, сөйте тұра бөлектігі бар. Мұны әр түрлі текті, бірақ уақыт өте келе айтылуы ұқсаған сөздерден көруге болады. Малоростар үшін мыло мен мило – сыртқы емес, ішкі формасы жөнінен бөлек сөздер.
Осындай жағдай өнер туындыларында да бар. Мысалы былай деуге болады: “Мынау – семсер мен таразы ұстаған /ішкі форма/ әділеттілікті көрсетеді /мазмұн/”. Өнер туындысында бейне /образ/ мазмұнға жатады. Көркем шығарманың мазмұны дегеннің орнына – үйреншікті сөз – “идеясы” деп қолдануға болады. Бұл жағдайда идея мен мазмұн теп-тең ұғымда, мысалы, суретте салынған бейненің түпнұсқаға қатысын, сапасын, романдағы характерлер мен оқиғаларды біз мазмұнға емес, образға, мазмұнның көрінісіне жатқызамыз. Сурет, роман мазмұнының астарынан оқушы мен көрермен санасында туған бейнелерге, немесе суреткердің туынды жасауда темірқазық болған пікірлерге себепші ойларды аңғарамыз. Бір ғана шығарма, бір ғана бейне әр адамға әр түрлі, тіпті әр кезеңде әр түрлі әсер етеді. Бір сөз әр қилы ұғынылады. Мазмұнның өзгерісшілді кезінде бейне тұрақтылығы салыстырмалы түрде ғана.
Сөйлеуші айтқан сөздің ішкі формасы тыңдаушы ойына бағыт береді, бірақ ол оны қоздырып қана қояды, тек мағына дамуының алдарын да береді, алайда сөзді түсінуінің шегін көрсетпейді. Сөз сөйлеуші мен тыңдаушыға да ортақ, сондықтан ол сөйлеуші үшін ғана белгілі бір мағынаға ие болып қалмайды, ол жалпы мағынаға ие. Сөз мазмұны өрістетуге қауқары болғандықтан, сөз басқаны түсіну туралы бола алады.
Сөз секілді, өнер де – шығармашылық. Өнер – суреткердің тілі. Сөзбен біреуге өз ойыңды бере алмайсың, тек оның өзінің ойын ғана оята аласың. Өнерде де осы сияқты. Сондықтан мазмұн енді суреткерде емес, түсінуші ойында дамиды.
Тыңдаушы айтушыдан гөрі әр сөздің астарын жақсы түсінуі мүмкін, оқушы ақыннан гөрі шығарма идеясына дендеуі мүмкін. Мұның мәні автордың не айтқандығында емес, оқушы мен көрерменге қалай әсер еткендігінде. Сондықтан оның мазмұны түгесілмейді. Бұл біз ұғылған мазмұнның ішкі формамен шартты түрде ғана байланыста болуы мүмкін, автор олай болады деп ойламауы да мүмкін. Автор көбіне өз өмірінің, немесе уақытының сұранымын ғана қанағаттандырып шығарма тудырады. Суреткердің еңбегі шығарма жасардағы типтік мазмұн жасуында емес, бейненің /образ/ белгілі икемділігінде ішкі форманың әр түрлі мазмұнға қозғау сала алатын күшінде. “Одно каже: “світай боже”, друге каже: “не дай боже”, трете каже: мені все одно” /терезе, есік және жинамалы/ делінген қарапайым жұмбақ халықтың әр қатпарының ой тұрғысынан саяси, иманды, ғылыми идеяның шарықтауына қарым-қатынасын көрсетсе керек. Біз осы жұмбақты көңіл-күйімізден емес, ұғымға объективті мағынасына сай шешсек, түсінік жалған болмақ.
Л.С.Выготский
Көркемөнер психологиясы
Шығарманың құрлысына анализ жасағанда ескеретін екі жайт бар: ол – шығарманың қалай өрілетіндігі және шығарманың материалы мен пішіні қандай екендігі. Қаламгер туындысына өмірлік һәм қоғамдық құбылыстарды материалдық негіз етіп, саралап, жүйелі түрде жеткізе алуы тиіс. Осыдан кейін аталмыш материалдардың шығармада өз орнын табуын – көркемөнер заңдылығымен пішін деп атаймыз. Пішін ретінде тек қана көретін, еститін, сезетін сыртқы болмысты қабылдауға болмайды. Мұндай түсінік форманы сыртқы жамылғы яки жеуге жарамды шырынның қабығы сияқты жайдақтыққа әкеледі.
Әңгімеге немесе новеллаға пішін мен материал адамдардың өзара қарым-қатынасынан, оқиғалардан алынады. Бұл ретте шығармаға негіз болған оқиғаны дараласақ, шығарма материалына үңілгеніміз, ал оқырманға жаңағы оқиға қалай жеткізілетіндігі, оның өрілуі, жүйеленуі туралы сөз қозғасақ, әңгіме пішініне назар аударғанымыз. Алайда осы мәселе төңірегінде әдебиеттану ғылымында бірізді пікір жоқ. Томашевский мен Шкаловский фабуланы – негізі оқиғада жататын шығарма материалы деп, ал сюжетті шығарманың өңделіп, жүйеленген пішіні деп атайды. Петровский бастаған ғалымдар бұларға қарама-қарсы: сюжетті шығармаға айналатын оқиға, ал фабуланы оқиғаның көркемдік тұрғыда қалыпқа түсуі деп таниды. “Сюжет көркем туындының материялық негізі болғандықтан, сюжет деп – оқиғалардың, көріністердің яки іс-әрекеттердің қаламгер туындысында қаз-қалпында, болмаса өзгеріске түсіп берілуін айтуға болады. Алайда бұл сюжет болмысын толық аша алмайды, поэтикалық көркем сюжетті “фабула” терминімен атауға болады”. Жоғарыдағы пікірлерді саралай келіп формалистері көзқарастарына сүйене, фабуланы шығармаға арқау болатын материал деп атаймыз. Материал мен пішіннің арақатынасы болғаны сияқты фабула мен сюжетте ұштасып жатады. Сондықтан белгілі бір ақынның шығармашылығына талдау жасағымыз келсе, фабула қандай әдіс-тәсілмен, ерекшелікпен беріледі, сюжеттің поэтикалық көркемдігі қандай соған талдау жасауымыз керек. Бұл жерде фабуланы шығарма материалына теңейміз. Фабула шығарма үшін музыкаға гамма, графикаға сызық, живопиське бояу қажет болғаны сияқты. Ал поэзияға өлеңнің, музыкаға әуеннің, живопиське картинаның, графикаға суреттің қажеттігін түсінсек, сюжетті де солай қабылдаймыз. Яғни, сюжет пен фабуланың арақатынасы өлеңнің ұйқасқа, әуеннің дыбысқа, пішіннің материалға тәуелділігіндей.
Өнердің өзіне тән заңдылығы бойынша ақын материалды көзге көрінбейтін процеспен белгілі бір пішінге салады. Шығарманы өмірден қабылдау мен тудырудың осы бір екі жақты заңдылығын көпке дейін ұғына қоймадық. Бірақ та қаламгерлер оқиғаны өруді, оқырманын фабуламен таныстыруды ертеден түсініп, композицияның шығармаға сәттілік беретінін түйсінген. Ақын өлеңдері еріктен тыс композицияға құрылып, жинақылыққа түседі, ал прозада сюжет айқынырақ танылады. Осы ретте новеллаға фабуласы белгілі пішінде сараланған және поэтикалық сюжеті трансформацияланған сюжетті шығарма деп қарай аламыз. Новеллаға қарағанда поэзия фабуланы өңдеудің күрделі әрі ерекше түріне ие. Кейбір жазушылар мұны жете түсінді айталық, Стерн. Шкаловскийдің пікірінше ол өзінің “Тристрам Шенди” романының аяғында фабуланы өрудегі бес түрлі жолын жете көрсетіп түсіндірген.
Өлең мен музыкада нақтылыққа ие пішіннің әңгімеге келгенде даулы тұстары өте көп. Айталық, суретші 2 нүктені қосу үшін өте тез бітіретін түзу сызықты пайдаланбай; қисық, яки ирек сызықты қолданады. Таспаланған сюжетті өрудің де сан қырлы жолдары бар. Олардың мұндай сан қырлылығы сыншылар мен ғалымдар арасында жаңа даулар туғызды. Орыс поэтикасында “Евгений Онегин” лирикалық шегініске толы эпикалық туынды деп танылды. Мәселенің қайшылықты тұсы да осында. Повестің екі актісін /оқиғалар арасын/ байланыстырушы лирикалық шегіністер /немесе лирикаланған/ неліктен автордың баяндап отырған эпикалық қарымынан жаңылысуы, тіпті тақырыптан ауытқуы болып қабылданады. Бұл дегеніміз – лирикалық шегіністерді сюжетті көркемдеудің тәсілінде алған эпикалық баяндаудың өзін жоққа шығаратын жаңсақ пікір. Романға жіті үңілсек шегіністердің сюжетті өрнектедің әдіс-тәсіліне жататын аңғару қиын емес.
Музыка өнеріндегі шарықтату мен төмендетуді алсақ, әуен-сюжетті құбылтуға қызмет ететін, одан ошарылып қалмайтын шегіністер екенін танимыз. Сондықтан “Евгений Онегиндегі” шегіністерді бөліп алғаннан гөрі, қаламгердің стильдік ерекшелігіне жатқызған дұрыс. Шкаловскийдің айтуынша: “өткір ойлы суретші Миклашевский лирикалық шегіністер шығарма композициясына нұқсан келтірмейтінін айтқан” екен.
Әуеннің негізі – оны құрайтын дыбыстардың өзара динамикалық байланысында болса, өлеңдегі дыбыстарда жай ғана тізбек емес, жамау шықпайтын, динамикалық байланыстағы дыбыстар.
Екі дыбыс қатар келіп, немесе екі сөз бірінен соң бірі тұрып өзара қарым-қатынасқа түседі. Осы тұрғыдан олар біртұтас дененің жеке-жеке элементтері бола алады. Дәл осылай екі оқиға яки екі қимыл-әрекет бірінен соң бірі жүзеге асып, жаңа бір шымыр композициялы шығарманы тудырады. Мыс: оқиғаларды а, б, с деп белгілейік. Енді осыларды б, а, с, деп ретін бұзсақ, мән-мағынасы мүлде өзгереді. Айталық, әңгіме белгілі адамға төнер қауіп-қатер туралы, тіпті, соңында өлуі де мүмкін. Осы орайда оқырманды алдымен қауіп-қатермен таныстырып, кейіпкер өле ме, жоқ па деген екіұдай оймен шым-шытырыққа салып барып, шешімді шығарсақ шығарма сәтті туады. Оқиға керісінше жүріп, қимыл-әрекеттің орын ауыстыруы туындының әлсіреуіне әкеледі…
Т.Әлімқұлов
Абайдың жаңашылдығы
… Абай өлеңдері өзінің мазмұнына сай қазақ поэзиясына мүлдем тың формалар енгізеді. Солардың бәрін сайып келгенде ерекше аңғарылатын бір нәрсе – Абай поэзиясының құнарлы, байсалды, ойлы әуенге түсуі, ауызекі сөз ырғағына жуықтауы. Бұндай құнды қарапайымдылық билеуші тапқа, оның жаршысы декаденттерге кірпідей сүйкімсіз еді. Абай «таза өнерді» мансұқ етіп, қалың бұқараның көкейіне қонымды формаға барды. Осыдан шын сұлулық туды, Абайдың прозаизмі жаңа да жарасымды сипатқа ие болды. Бұл тұста да Абайдың орыс поэзиясынан өте шебер үйренгені сайрап тұрады.
Жұртшылыққа мәлім, орыс поэзиясы, негізінен алғанда, тоникалық және силлабо-тоникалық өлеңге жатады. Орыс поэзиясында силлабикалық өлең қазір мүлдем жоқ. Орыс өлеңі ырғақ, екпін үйлесіне қарай құрылады да, буын мөлшерінің бірдей болып отыруын шарт қылмайды. Рас, бір кезде (ХҮІ ғасырдың аяғынан ХҮІІІ ғасырдың орта шеніне шейін) орыста силлабикалық өлең болды. Бірақ ол жүйелі өлең кейін өмір сүре алмай қалды. Тредиаковский мен Ломоносов силлабо-тоникалық өлең жүйесін енгізді де, соны кейін Пушкин, Лермонтов, дамытып әкетті. Бұлардың бәрі негізінде орыстың халық поэзиясына арқа сүйеді. Сондықтан олардың жаңалығын халық жатырқамады. Кейінгі Некрасов, Маяковский туралы да осыны айтуымыз керек.
Буын мөлшерінің біркелкілігіне құрылатын қазақтың силлабикалық жырына Абай батыл жаңалық енгізгенде, сол орыс поэзиясынан үйренгенін көреміз. Әрине, Абай ол дәстүрді қалай болса солай қолдана салған жоқ. Өз халқының рухына мейлінше жатық етіп қолданды. Екі тәжірибені білген ол орыс поэзиясының ішкі ырғағын, десте-десте екпінін қазақтың ежелден келе жатқан халық жырының серіппелі бума-бунақтарына ұластыра, бауырластыра түсті. Осының нәтижесінде қазақ өлеңінде тың да, келісті де ырғақ, ұйқас туды, бір сөзбен айтқанда, жаңа форма пайда болды.
Сен мені не етесің,
Мені тастап,
Өнер бастап,
Жайыңа
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің,
Неге әуре етесің.
Міне, бұл жолдарды кәдімгі үйреншікті жыр әуенімен желдіріп оқып кетуге болмайды. Кідіріп, салмақпен оқымасқа шараң жоқ. Абай поэзияны ауызекі сөз ырғағына жуықтастырды дегенде, осы жағын айтамыз. Бұл – бір. Екінші, осы өлеңнің алғашқы жолы 8 буын болса, екінші жолдары 4 буын болып отырады. 2 буын мен 7 буыннан құралған жолдары да бар. Ал ұйқасы қалай десеңізші. Қазақ өлеңінде бұрын болмаған ұйқастар (а-б-б-в-г-г-а-а).
Абай қазақтың жазба әдебиетінің негізін салды. Бұл әдебиет тарихи жағдайларға сай поэзиядан басталды. Қазақ поэзиясы жаңа сапамен, жаңа формалармен байыды, қоғамдық күрестің құралына айналды.
Абай, сөз жоқ, өз халқының ауыз әдебиетінен көп үйренген ақын. Бірақ, ол сол ауыз әдебиетінің әрпінен үйренген жоқ, рухынан үйренді. Сондықтан да ол фольклорлық шығармалардың әбден қалыптасып қалған дәстүрлеріне, әдістеріне, формаларына тәуелді болмай, жаңа тәсілдер, жаңа формалар, тың образ жүйелерін, сөз орамдарын таба білді. Өз заманының озық ойлы адамы ретінде, Абай поэзияның идеясын биіктете, пікірін байыта, сезімін тереңдете түсті. Осы бағытта ол өлеңнің ішкі формасына көбірек ден қойды.
Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Шерлі сезімнің толқынына ұқсас осынау шалыс шумақ жолдың басынан да, аяғынан да ұйқасады. Тегеурінді серпінмен берік ұйқасады. Екінші жолдың басы «сарғайған соң» болса, соған шалыс жолдың басы «жар тайған соң» боп, үйіріле үйлеседі. Осы сияқты «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп басталатын өлеңде де ішкі ырғақ басым. Он бір буындық жолдар дестеленіп, екпіндеп, төңкеріліп жатады, бұны орысша «стопа» дейді. Орыс өлеңімен өлшер болсақ, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» төрт стопа (ырғақ) бар. «Евгений Онегин» төрт-бес стопалы ямбомен жазылған. Осылайша кең тынысты, тегеурінді серпінде жазу көлемді роман үшін оңтайлы болған. Романнан әлденеше үзінді аударған Абайдың бұны білмеуі ақылға сыймайды.
Пушкинде етістік аз. Лермонтовта одан да аз. Пушкин «Глаголом зажешь сердца» дегенде, жүректі етістікпен жандырамын демеген, сөзбен жандырамын деген.
Осы екі ақыннан мейлінше баулынған Абай да етістікке бара бермейді. Оның ұйқастары кейде атау түрінде, кейде тұйық рай түрінде қиын да күрделі келеді. Жаңағы «ұлғайды арман» - зат есім. «Қайтсе жеңіл болады ел билемек?» - тұйық рай. Оған «ірі жүрмек» деген екі сөз ұйқастырылады. Сол сияқты, «жалықпасқа» «анық бас» боп екі сөз үйлеседі. Ымы-жымын білдірмей мейлінше жатық қанаттасып кетеді.
Орыс поэзиясында «еркек ұйқас», «әйел ұйқас» бар. Әдетте, екеуі айқас түсіп, ырғақ толқынын құлаққа жағымды қондырады. Қазақ поэзиясында ондай ұйқас жоқ. Бірақ айқас нақышқа балама бар. Абайдың шеберлігі осыған саяды.
Осының қабатында ол орыс өлеңінің жетім ұйқасына қазақ өлеңінің жетім ұйқасын жымдастырып жібереді.
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Қиял ғып өмір сүріп, бос жүріппін.
Сырт қарағанда, бұл ұйқаста ақау бар сияқты. Бірақ үңіле келсеңіз, ақау жоқ. Қарапайым қазақ: “Жасымда тамыр болдым Метрейменге” “Құдайдан одан артық не тілейсіңді” ұйқастырған. Қарапайым қазақ әйелі: “Елсізге ауып кетті елдің шетіне” – “қор болмас қайда жүрсе екі бегімді” теліген. Күнгейге ауған қыр қазағы: “Ел қайда, Есіл қайда, Нұра қайдаға” “Еш адам бауырым деп жыламайдыны” жымдастырған. Бұндай ұйқастар ертедегі фольклорда да баршылық.
Абай поэзиясында форманың ақаулығы болса, ол жетім ұйқаста емес, кездейсоқ кейбір осал ұйқастарда.
Тағдыр етсе алла,
Не көрмейді пәнда.
Немесе:
Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда.
Осындағы ұйқастар әлсіз, болымсыз, сәнсіз. Бұл әдебиеттің қалыптаспаған кезіне тән кемшілік.
Абай мұрасын зерттегендер ақынның жаңадан 17 форма жасағанын анықтады. Асылы, бұл өлеңнің сыртқы формасы болса керек. Соған Абай поэзиясының үнділік, оралымдылық, қарапайымдылық жаңалықтарын қоссақ, форма байлықтары шексіз ұлғая түспек.
Осындай форма жаңалығын Абай “Қатыны мен Масақпай” сияқты өлеңдерінде тереңдете, қырландыра түседі.
Сырмақ қып астына
Байының тоқымын.
Отының басына
Терінің қоқымын,
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңіліңде міні жоқ
Жүзінің нәрі мен
Бойыңның сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді.
Өлеңде үй-ішінің көңілсіз түйтпегі, мінезі шайқау әйелдің жағымсыз қылықтары суреттеледі. Бұны әннің әуеніне салып жіберсе мысқыл оншалықты әсерлі болмай қалар еді. Сол үшін де Абай әр сөзін шегелеп айтады. Желдіртіп өте шықпайтындай етіп, салмақпен оқитын тәсіл табады. Ол – жаңа форма. Өлеңнің бастапқы жолдары 6 буыннан құрылса, кейіпкердің ең бір сүйкімсіз кезеңін таңбалайтын ортаншы жолдар 3 буыннан (бір сөзден) құралады.
Бүксітіп,
Бықсытып,
Немесе:
Бүкшиіп,
Сексиіп, -
деп көзге елестей қалатын қысқа сурет табады да, мысқылын мығымдап тұрып алады. Ауызша айтуға мейлінше оралымды етіп шығарады. Ал, өлеңнің а-б-а-б-в-г ретімен келетін шалыс ұйқастары мен аралас жұп ұйқастары қазақ өлеңінде бұрын болмағаны мәлім. Өлеңнің ішкі динамикасынан туған бұндай сыртқы формалар да үлкен жаңалық еді.
Қазақ өлеңінде буын өлшемінің бірдей боп отыруы шарт. Біз “8 буынды өлең, 11 буынды өлең” дегенде, көбінесе осы жағынан алып айтамыз. Рас, халық:
Көгілдірік,
Көк дөненге жарасар өмілдірік, -
деген сияқты, өлеңнің буын өлшемін бұзып та айта береді. Бірақ соның өзі бірәуендес келеді. Осы айтылған екі жолды сол күйінде де әнге салуға болады, немесе:
Көгілдірік деген соң көгілдірік,
Көк дөненге жарасар өмілдірік, -
деп, сөз қосып (буын өлшемін толтырып) әнге салуға да болады.
Абай жаңалығының ең бір батылдығы мен кіріптарсыздығы – ол өлең жолдарының әуендес болуын шарт қылмайды.
Сол желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды,
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам обал-ды.
Міне осының алғашқы жолдары 8 буын, екінші жолдары 7 буын. Егер, өлең кілең 7 буынды жолдардан құралса, кәдімгі желдірме жыр өлшемімен жеңіл оқылып кетер еді. Бірақ, Абай сөз интонациясында жуықтату үшін жыр ырғағын әдейі өзгертіп, 8 буынды жолдар араластырады. Соның нәтижесінде қонымды, құнарлы жаңа түр туады.
Бұл әдіс Абайдың көп өлеңдерінен аңғарылады.
Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт пешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды,
Әйелмісің, жылама,
Тәуекел қыл құдаға,
Өлең айт,
Үйге қайт.
Осының алғашқы 6 жолы белгілі бір ырғақпен, буын өлшемімен келеді де, соңғы екі жолы кілт өзгереді. Әрине, бұл сыртқы форма үшін жасалмаған. Өлеңнің ішкі динамикасынан туған. Жылап тұрған жігітке ақын ақыл айтады. Және тез жұбансын деп әдейі қаттырақ, зекіңкірей айтады. Оқиғаны баяндап келе жатқан жолдар бұған жарамсыз боп қалады. Қысқа жігерлі жолдар керек еді. Ішкі форма деп осыны айтамыз.
Құлық пенен құбылдан,
Жалықсаң жақсы жансыңдар.
Түземесе шұғылдан,
Арсылдар да қалшылдар.
Несі жұрт,
Несі өмір,
Өңшең қырт
Бас қаңғырт.
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты, -
деген жолдар ауызекі сөз ырғағына әбден келеді. Ал:
Не іздейсің көңілім, не іздейсің,
Босқа әуре қылмай шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласалық бермен қайт, -
деген жолдардың ырғақ жаңалығы тіптен ерекше.
Рас, осы алуандас кедір ырғақтар билердің шешендік сөзінде, ділмарлардың терме, тақпағында бар-ды. Бірақ Абайдағыдай бір ізге, заңды қалыпқа түспеген-ді. Сондықтан да тосындық түр жаңалығын Абайға телиміз. Ал, соңғы шумақтың өзін ғана алатын болсақ, бұл – ақынның өзімен өзі іштей үндесуінен, сырласуынан туған қоңыр салқын лап еді. Ол баяу есіске керек еді. Лермонтовтың “Әм жабықтым, әм жалықтым” дейтін өлеңінің де осындай сыры болатын. Сол өлеңді Абайдың мейлінше байсалды, баяу оқылатын етіп аударуы да тегін емес-ті. Тоникалық орыс өлеңінен Абай келісті үйренді дегенде дәлелге осыны тартамыз.
Өлеңнің тосын түрлерін тұрақтатарлық ізденістер Абайдың бүгінгі ұрпақтарынан азды-көпті бой көрсетіп жүр. Қ.Аманжоловтың “Дариға, сол қызы”, “Подполковник жолдас Әлпині”, Тарас Шевченкодан аударғаны “Өтеді жылдары” тың нәшінде сіңді. Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияровтың кейбір форма жаңалығы туған поэзиямыздың табиғатына Төлеген Айбергеновтың серпінді, дестелі ырғақтары жат емес. Мезгілсіз дүние салған дарынды жас ақын силлабо-тоникалық өлеңнің шырайын келтіре түскен-ді. Тек, ысылмаған, тәжірибесіз талапкердің кей шығармаларын заңды қалыпқа түсіре алмай шашыраңқы қалдырғаны өкініш. Төлегеннің “Арманымды қамшылаймын мен” тәрізді ырғақтары құлаққа жағымды, көкейге қонымды келсе, баяғы отбасы, ошақ бұтында ауызекі айтылатын “бірім-бірім, екім-үшім” секілді бұғанасы қатпаған балаң тақпақ ұйқастары белгілі, берік жүйеге түспей қалды. “Өкініш” дейтін себебіміз сол.
Дүние формасыз құбылыс жоқ. Поэзияда форманың орны ерекше. Бұның өзі мазмұнға сай тумақ. Ішкі, сыртқы формамен келісті көмкерілмеген мазмұн жапырақсыз ағаштай сидам тартпақ. Оның жеміс беруі де неғайбыл. Жаңашыл Абайға тәуелді өлең түрлерін арнаулы әңгіме етуімізде осындай тамырлы себеп жатыр.
Мазмұн мен түрдің тұтастығы өнер иелерінің атам-заманнан бергі арманы. Мінсіз тұтастық табылмаған. Келешекте табылуы және неғайбыл. Мазмұн атаулы байып, не кедейленіп, үздіксіз өзгеріске ұшырап тұрады. Форма “қалауын тапқан қардай” осыған қызмет етеді. Қызмет еткендіктен, мазмұннан мысқал да болса кем соғады. Формасы әдемі туындының мазмұны тайыз болса, жасандылыққа, жылтырлыққа бастайды. Мазмұнды шығарма әдемі әдіптеліп, келісті көмкерілмесе, әсерден айырылады. Дөрекі айту айыпқа бұйырылмаса, мазмұн - өмір де, форма – сол өмірді бейнелеу тәсілі...
М.Базарбаев
Ұлттық сипат, мазмұн және форма
Дәстүр деген ұғым мазмұн, формамен бара-бар емес. Мысалы, “Ұлттық дәстүр” мен “ұлттық форма” бір дүние емес, бір-бірінің синонимы болып табылмайды. Формаға қарағанда дәстүр кеңірек мағынаны білдіреді. Оның мезгілдік, мекендік айырымы үлкен. Дәстүр белгілі бір дәуір барысында өзгермейтін болса, немесе аз өзгеріске ұшырайтын болса, форма мен мазмұн олай емес, көркем шығармада айтылмақ ойдың мән-мағынасына қарай, идеясына қарай өзгеріп отырады. Яғни өркендеген әдебиеттің мазмұны жаңа екені сияқты, форма да жаңа болуға тиіс және солай да. Ал дәстүр ұлттық шығарманың қалпын байқататын көне элемент ретінде мазмұнды да, форманы да қамтиды және ұзақ эволюцияны басынан кешіреді.
Жақсы дәстүр ұлттық көркем шығарманың қаны мен сөлі сияқты оның жақсы мазмұнын да, оған лайық формасын да аңғартады. Бұл жолда дәстүрдің кейбір тұрақты түрлері де, немесе, ұлттық психикаға, мінез-құлыққа байланысты алуан түрлі көріністерінің жиынтығы да белгілі қызмет атқарады. Мазмұн мен форма бірлікті байқатса, ұлттық дәстүр сол бірлікті айқындай түсетін, бекіте түсетін фактор. Мұның басты себебі ұлтты мінез-құлықтың психиканың ұзақ тарихтық түзілісте белгілі бір тұрақтылыққа ие болуынан дәстүр осының сәулесі, яғни характердің көрінуі. Мұнан дәстүрдің сана мен ақылда болатын, яки болмақ өзгерістерден бұрын тұратын, сондықтан оған біраз әсер ететіні ұғылады.
Дәстүр алдымен тек әдебиеттік, өнерлік көрініс емес. Дәстүр, әдет, салт, үрдіс, тіпті дағды, ғұрып деген сөздер кең мағынада адам мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтар. Демек, ұлттық дәстүр тез өзгеріп, немесе жоғалып кете қоймайтын құбылыс. Ұзақ уақыт бойына, тіпті таптық формациялардың ауысуына қарамастан өзгермей қалатын кездері де бар. Мұндай әдет-ғұрыптар адам санасының жаңалануына біраз уақыт кедергі жасауы да мүмкін. Бірақ бұл жерде әңгіме озат дәстүрлер мен әдеттер, немесе, кертартпа, зиянды дәстүрлер мен әдеттер жайында болып отырған жоқ. Бұған кейін тоқталамыз. Әңгіме мезгіл мөлшерімен алғанда дәстүрдің ұзақ дәуірдің нәтижесі болуында, сөйтіп адамдар тіршілігінің түрлі сферасында байқалуында. Үрдіс, дәстүрдің, салттың адам психикасына, мінезіне байланысты түзіліп қаралатын тұрақты құбылыс екенін В.Г.Белинский даусыз нәрсе деп қарап, әдебиет туралы былай дейді: “...әдебиет қолдан жасалынбайды; оның жасалуы халықтың ырқынсыз, көңіл қалауынсыз, ниетінсіз болатын тіл мен дәстүрлердің жасалуы сияқты”1.
Демек әдет, салт дегендер ұлттың көп ғасырлық өмір тіршілігінен шығып, миға ғана емес, қанға сіңіскен қылықтар. Бұл пікірді В.Г.Белинскийдің мына тұжырымынан анығырақ байқауға болады: “... барлық қауымға бірдей түсінікті тілі жоқ халық болады деу қиын; сондай-ақ тек өзіне ғана тән айрықша дәстүрлері жоқ халық болады деу онан да қиын. Бұл салт, дәстүрлерді елдің табиғатына қарай тігілген киім-кешектерден көруге болады, түбірлі халықтың нанымында, сенімінде және жалпы ұғымында жататын от басындағы көне қоғамдығы өмірінің түрлі формаларынан көруге болады... Салт, дәстүрлер көнелігімен берік; уақыт елегінен өткен сайын нығая бермек, әрі рудан руға, буыннан буынға, атадан балаға мұра ретінде жалғаса өтіп отырады. Олар халықтың сыр-сипатын байқатады, онсыз халықтың өзіндік кейіп-қалпы байқалмас еді; керісінше ойлау құрғақ, еш уақытта жүзеге аспайтын қиял. Халық неғұрлым жасаң болған сайын, оның салт, дәстүрлері де сол ғұрлым айшықты, көп бояулы болып келеді және мұны өзіне бірден-бір жарасқылықты көреді; уақытқа, сауаттың ашылуына байланысты мұның бәрі бірыңғайланады; әйтседе олардың өзгеруі тек ақырын ғана, білінер-білінбес түрде ғана жүріп отырмақ, онда да біртіндеп, бірінен соң бірі. Асылында халық ол салт, дәстүрлердің кейбіреулерінен өз еркімен бас тартқаны мақұл, сөйтіп жаңа салт, дәстүрлерді қабылдағаны дұрыс; бірақ бұл арада да әр жақтың күресі, өлермендік күресі, әр жақтың өзінің не ескіні ұстанатыны, не жаңаны қалайтын жақтаушылары, классиктері мен романтиктері болмақ. Халық өзінің салт, дәстүрлерін қасиетті қазынасындай, өзінің еркінсіз оны кенеттен бұзамын, немесе шұғыл реформамен өзгертемін деушілерді қас жаумен тең көреді”1.
Әдебиет пен көркемөнерде, халықтың жалпы мәдениетінде бұл шындық сәулеленіп көрінуі тиіс. Яғни белгілі ұлттың, халықтың өмір тануы, оны қабылдауы өзі тұратын ортаға, қоғамдық хал-жағдайға, георгафиялық, климаттық тұрақтылыққа байланысты туып қалыптасып жататыны сияқты оның образды ойы да, көркемдік түсініктері де әлгімен тығыз сабақтас. Күнделікті өмір, тіршілікте, іс қимылында ғасырлар бойы танымалы болған, дағдыға айналған әдіс, айланы қолданатын сияқты көркемдеу құралдарында да сондай етене болып кеткен, образ бейнелерді көп қолданады.
Бұған қарап, әрине, әдебиет пен көркемөнердегі барлық өрнек, нақыштар, көркемдік бояулар түгелдей дәстүр болады екен деген ой тумауы керек. Ұлтқа, халыққа тән өзгешеліктер, айырым белгілер ең алдымен мазмұн, мән-мағына ретінде қаралуға тиіс. Өйткені басқалық, өзгешелік сол мазмұнға байланысты ғана байқалып танылмақ. Әрине, оның өзі белгілі форма, түр арқылы жүзеге асып жатады. Дәстүр, салт, әдет-ғұрып дегендер жаңағы мән-мағынаны, түбірлі, түпкі мазмұнды аңғартатын, байқататын белгілер сияқты. Бірақ соңғының өз мағынасы кең, ролі күшті, тек белгі болумен, форма болумен шектелмей мазмұнды, заттың, құбылыстың мәнін білдіретін реттері көп. Мұнда дәстүр мазмұнын да, сыртқы форманы да қамтиды. Дәстүрдің тез өзгеріп, не жойылып кете қоймауының басты себебі мазмұндық функциясының мол болуынан сияқты...
... Поэзияның фольклорлық түрінен бастап, негізін Абай қалаған жазба поэзияға дейінгі, онан соң бүгінгі дәуірдің поэзиясына дейінгі ұзақ творчестволық жол дәстүрге, жаңашылдыққа бай. Көне заманнан бері бар сөздік өнерін поэзия түрінде сақтап келген халықтың қалыптасқан ұлттық дәстүрі мол. Сол ұлттық дәстүрлердің арқасында ғана бүгінгі ұлттар әдебиетінің қатарында қазақ әдебиеті, әсіресе қазақ поэзиясы өзіндік түр, сипатпен көрініп отыр. Оның ұлттық дәстүрі жалпы әдебиеттің сырын, бояуын байытады, жаңа өмір құбылыстарын реалистік жолмен суреттеу арқылы оның мазмұнын тереңдетеді, реализмнің жаңа белестеріне қарай сілтейді.
Ұлттық дәстүрлердің көрінуі, байқалу жайлары сан алуан. Ең алдымен көзге түсетіні тұрақты ұлттық психикаға, мінезге байланысты туған белгілер. Ал психика да, мінез де аспаннан бүтін күйінде түспей, белгілі халықтың, ұлттық белгілі мекенде, белгілі мезгілде, белгілі қалыппен өмір сүруіне байланысты түзілетінін жоғарыда айттық. Психика дегенде өмір тану, өмір білу, тіршілік қамына, табиғат жайына байланысты орныққан мінез-құлықты, түсінікті айтамыз. Бұған орай адамдардың бір-бірімен өзара қатысы да қағыс қалмайды. Поэзиядағы ұлттық дәстүр болып ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан сарын, мотив, тұрақтанған бейнелеу құралдары да осыдан таралмақ.
Дидактикалық сарын, халық түсінігі мен үлгісіндегі ақыл, өнеге, үгіт, насихат сарыны, суреттен гөрі хабарлауы, баяндауы басым сарын, кейін шығыс әсері, әсіресе, ескіше оқуға, ілімге байланысты үлгілер көбейген кезде этикалық, тәрбиелік тақырыптардың қанат жаюы, тарихи, немесе, негізінде реалистік өлең, поэмалардың сюжетінің көбіне-көп фольклорлық, аңыз, әңгімелерге, яки ғажайып оқиғаларға құрылуы – міне осындай және басқа да ерекшеліктер бұрынғы поэзияда көп орын алған. Бейнелеу құралдарының бар арсеналы – қазақтың кең даласы, ондағы табиғат көрінісі, жан-жануарлардың өмір тіршілігі, күн сәулесі, айлы түн келбеті, соққан жел лебі, қамысты көлдің айдыны тағы басқалар. Қысқартып айтқанда, қазақ ұғымының маңызды факторлары болған табиғат пен қауымдағы типтік көріністер. Өлең мен жырдың, халықтық поэмалардың түр, формасына байланысты ерекшеліктер өз алдына бір сала. Жыр, толғау, желдірме, қара өлең, айтыстың сан алуан түрлері, тақпақ жаңылтпаш тағы басқа формалар өзінің бағыт, мақсатына қарай қазақ поэзиясында белгілі ұлттық ерекшеліктер қалдырған...
Ю.М.Лотман
Достарыңызбен бөлісу: |