Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»


Поэзияны тегі мен түріне қарап бөлу



бет12/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
#125
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23

Поэзияны тегі мен түріне қарап бөлу
Поэзия - өнердің асыл тегі. Өзге өнердің бәрінің де өзін беруде қолданатын құралының мүмкіндігіне қарай творчестволық әрекеті азды-көпті болса да қысылшаң, тар өрісті боп келеді.

Сәулет өнері шығармалары тұтас бір әсем пішінді құрастыратын бөлшектерінің үйлесімділігімен, әйтпесе өткір ұштары шаншыла аспанға өрлеп ғайып болатын аса зор және зәулім мұнаралы формасымен рухымызды шарықтатып, таңырқатады. Бірақ, бұлардың жанды еліктіруі осы тәсілмен шектелмек. Бұл әлі тек шартты символизмнен абсолюттік өнерге көшу ғана; бұл әлі толық мәнінде өнер емес, ол тек қана талап, өнерге тұңғыш адым; бұл әлі көркем формаға түскен пікір емес, тек пікірге жасайтын көркем форма ғана.

Мүсін өнерінің қарымы сәулетшіліктен гөрі кеңірек: амал-тәсілдері молырақ; мүсін өнері адам денесінің әдемілігін, адам дидарындағы ой нышанын көрсетеді, бірақ, ол бет-пішіндегі ойдың бір белгісін, денесінің бір сәттік қалпын ғана бере алады.

Алайда мүсін өнері қарымының шығармашылық әрекеті адамды тегіс қамти алмақ емес, тек ер адам денесінің сыртқы тұлғасымен қанағаттанбақ, еркектің бойындағы ерлікті, ұлылықты және күш-қуатты, әйелдің бойындағы әдемілік пен грацияны ғана елестете алмақ.

Сурет өнері адамды тегіс, тіпті адам рухының ішкі дүниесін де қамтиды, бірақ ол да құбылыстың бір ғана сәтін көрсетумен тынады.

Музыкада адам жанының ішкі дүниесін айтып берушілік басым, бірақ, музыканың айтып беретін идеяларын үннен ажыратуға болмайды, ал үн дегеніміз жанға көп нәрсе сездіре алса да, санаға айқын және байымды ешнәрсе бере алмақ емес.

Поэзия адамның еркін тілімен берілетіндіктен, онда үн де, сурет те және байымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп, ол әрбір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің бәрін бірінен-бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын сияқты. Поэзия тұтас өнер, соның бүкіл ұйтқысы болып табылады. Және оның барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтайды.

І. Поэзия сырт жағынан идеяның мағынасын іске асырады да, міні жоқ айқын, пластикалық образдар мен рухани дүниені ұйымдастырады. Мұнда бүкіл ішкі сезім сыртқа терең жайылады, сөйтіп, бұл екі жақтың екеуі де – ішкі және сыртқы – бірінен-бірі жекеленіп көрінбейді, екеуі тұп-тура бірігіп, өзімен-өзі жымдасып жатқан тұтас шындықты – оқиғаны көрсетеді. Бұл жерде ақын көзге көрінбейді; айқын, пластикалық дүние өзінен-өзі өрістейді, сөйтіп, ақын өздігінен болған нәрсені тек жай әңгіме етуші ғана боп табылады. Бұл – эпикалық поэзия.

ІІ. Сыртқы құбылыстың қайсысына болса да ынта, тілек, ниет, бір сөзбен айтқанда ой-пікір мұрындық болады; сыртқы құбылыстың бәрі де ішкі, құпия күш әрекеттің нәтижесі; поэзия оқиғаның осы ішкі екінші жағына, осы күштердің ішіне енеді; бұл күштерден шығып сыртқы шындық, оқиға және әрекет өркендейді; мұнда поэзия қарама-қарсы, жаңа текте көрінеді. Бұл субъективті дүние, бұл ішкі дүние, өз шеңберінде қалып, сыртқа шықпайтын тырнақ алды істердің дүниесі. Мұнда поэзия ішкі элементте, шарқ ұрған сезгіш ойда қалады; ал рух сыртқы реалдықпен шығып, өзімен-өзі болып кетеді де, поэзияға сыртқының бәрін өз бойына жинаған ішкі өмірінің әр алуан шексіз құбылыстары мен белгілерін береді. Мұнда ақынның жеке басы бірінші кезекте көрінеді де, біз тек сол арқылы ғана бәрін аңдап, түсініп отырамыз. Бұл лирикалық поэзия.

ІІІ. Ақырында бұл әр түрлі екі тек бірімен-бірі тұтасып қосылып кетеді: ішкі өзімен-өзі болудан қалады да, сыртқа шығып, әрекетімен көзге көрінеді; ішкі қиялдық (субъективті) нәрсе сыртқы реалдық (объективті) нәрсеге айналады. Эпикалық поэзиядағыдай мұнда да әр түрлі субъективті және объективті күштерден шығатын белгілі реалдық әрекет дамып отырады; бірақ, бұл әрекеттің ендігі жерде жалаң сыртқы сипаты болмай қалады. Мұнда әрекет, оқиға бізден таса өндіруші күштерден шығып, өз шеңберінде еркін айналып келіп, ішінен тиышталған, дап-дайын күйінде бізге кенеттен көріне қоймайды, - жоқ, біз мұнда сол әрекеттің жеке адамның еркі мен сипаттарынан пайда бола бастаған процестің өзін көреміз. Екінші жағынан, бұл сипаттар өзімен-өзі болып қалмайды, үздіксіз көрініп отырады және өз рухының ішкі мазмұнын практика жүзінде ашып береді. Бұл поэзияның жоғарғы тегі, өнердің асылы – драмалық поэзия.

Поэзияның үш тегінің әрқайсысын жалпылама және қысқаша шолып өткеннен кейін енді бұларды бірімен-бірін салыстыру арқылы сонан былайғы, ең терең мәнін дамытып айталық.

Эпикалық және лирикалық поэзия біріне-бірі тікелей қарама-қарсы жатқан дүние шындығының дерексіз екі қиыр шеті; драмалық поэзия осы қиыр шеттердің бірігіп (конкреция) әсерлі дербес үшінші бағытқа айналуы.

Эпикалық поэзия - өзін жеке алып қарағанда да, ақыны мен оның оқушысын алып қарағанда да көбінесе объективті, сыртқы поэзия. Эпикалық поэзияда өзіндік бейнесі бар және өзіне болсын, оны аңғарушы ақынға я оның оқушысына болсын, тіпті керенау халде боп қалатын дүние мен өмірді пайымдау жағы айтылады.

Ал лирикалық поэзия – көбінше ақынның өзі айтатын субъективті, ішкі поэзия. “Лирикалық поэзияда живописьші – картинаның өзі бола алады, ал шығарманы жасаушы - өзінің шығарған нәрсесі болады” – дейді Жан-Поль Рихтер.

Эпикалық поэзияны құраушы өнермен – сәулет өнерімен, мүсін өнері және живописьпен салыстыруға болады; лирикалық поэзияны тек музыкамен ғана салыстыруға болады.

Эпикалық поэзия образ бен суретті табиғатта бар суреттер мен образдарды беру үшін қолданылмақ, лирикалық поэзия образ бен суретті адам табиғатының ішкі мәні боп саналатын образсыз және бейнесіз сезімді жырлап беру үшін қолданылмақ. “Эпос өткенді дамыта отырып, оқиғамен таныстырмақ; лира қазіргі бар сезіммен табыстырмақ дейді” Жан-Поль Рихтер.

“Тарихи нәрсе эпоста әңгіме етіледі, драмада болжанады, әйтпесе жасалады, ал лирида сезіледі, әйтпесе бастан кешіріледі” дейді Жан-Поль Рихтер. Германияның бұл даңқты ақынының пікірнше лирика поэзияның барлық формасынан бұрын шыққан, өйткені “лирика – ана, барлық поэзияның тамызығы, ұшқыны, Прометейдің оты тәрізді ол барлық образдарды жандандырып отырады”.

Тарихи мағынасында лирика поэзияның өзге тектерінен бұрын шықты жеген Жан-Поль Рихтер пікіріне қосылуға болмайды. Біз үшін ең беделді, өнегелі және формалы өнер – грек өнері, өйткені, дүние жүзіндегі бірде-бір халықтың өнері гректердің өнеріндей өз еркінше, қалыпты түрде өркендеген емес, олардың бай өмірінің салтанаты, әсіресе өнерден толық көрінеді. Сондықтан, грек өнері дамуының тарихи актысы біз үшін ақылға сиярлықтай ең беделді, ең күшті нәрсе болуға тиіс. Гректерде эпопея лирадан бұрын шығады, осы тәрізді лира да драмадан бұрын шыққан.

“Лирикалық поэзия – барлық поэзияның негізгі стихиясы” деген Жан-Поль Рихтердің пікіріне келсек, бұл өте дұрыс және терең негізі бар пікір. Лирика – барлық поэзияның жаны, өмірі, лирикада поэзия көбірек, лирика – поэзияның поэзиясы. Жан-Поль Рихтер лириканы барлық поэзияның жалпы ұйтқысы деп қаншалықты тапқырлықпен атаған болса, лириканы бүкіл поэзияның тамырын аралап жүретін қан деп соншалықты дұрыс теңеген. Лиризм поэзияның жеке тегі болғандықтан, өз бетінше өмір сүріп жүріп-ақ Зевстің барлық жаратқан нәрселеріне жан беретін Прометей отындай стихия тәрізді өзге поэзияның бәріне де еніп кетіп, оларды жандандырып отырады.

Эпопеяның мазмұны оқиғадан құралады: лирикалық шығарманың тақырыбы арфаның шегін қалтыратқан желдей қас қаққанша өте шығатын және көзді ашып-жұмғанша жоқ болатын ақынның жанын тербеткен түйсіктен құралады. Сондықтан, лирикалық шығарманың идеясы қандай болғанымен де ол ешуақытта да шұбалаңқы болмауы тиіс, қайта лирикалық шығарма көбінесе мейлінше қысқа болуы керек.

Эпикалық поэзияның аумағы оқиғаның аумағына байланысты; егер оқиға ұзақ-сонар болса да қызғылықты және жақсы берілген болса, біздің назарымызды талдырмайды, көңіліміз тіпті басқа затқа бөлініп кетсе де, оқиғаға қайта оралуымызға болады; “Илиаданы”, сонымен бірге Вальтер Скоттың әйтпесе Купердің кез келген романын біз бірден емес, арасына бірнеше күн салып, кітапты оқымай қалдырып кетіп барып қайта оқып, оның аралығында тіпті басқа жұмыспен шұғылданып жүріп оқып шығуымызға болады.

Көлеміне қарағанда жалпы эпопея поэзияның өзге тектерінен гөрі ақынға анағұрлым мол еркіндік береді.

Драманың (мұны алда көрерміз) көп я аз болсын, әйтеуір белгілі мөлшерде шегі, көлемі бар; бірақ осы жағынан алғанда лирикалық шығармаларға шек қойылып отырады.

Драма қарама-қарсы элементтерді – эпикалық объективтік пен лирикалық субъективті ынтымақтастырушы нәрсе, бірақ, осылай болғанымен де ол эпопея да, лирика да емес, алғашқы екеуінен шыққанымен де, ол тіпті жаңа, өзімен-өзі болып жатқан бір үшінші нәрсе. Гректерде драма эпос пен лириканың нәрижесі боп шығуы да осыдан, өйткені, драма олардан соң туды да, Эллин поэзиясының ең алғаш шешек атқаны, ақырғы гүлі болды.

Эпопея тәрізді драмада оқиға болғанмен де, мағына жағынан драма мен эпопея біріне-бірі қарама-қарсы. Эпопеяда оқиға - әмірші, драмада – адам әмірші. Эпостың геройы – оқиға, драманың геройы – адамның жеке басы.

Драмадағы оқиғаның күші мен маңызы “коллизия”, яғни қақтығыс арқылы білінеді, қаһарманның борышы туралы түсінігі мен табиғи түрде жүрегінің қалағанынынң екшесуі қаһарманның еркінде емес, оны я орындап, я басып тастай алмайды, бірақ, оны шешу оқиғаның ырқында да емес, тек бір ғана қаһарманның азат еркінің ырқында. Оқиғаның өкімі драманың геройын сүрлеуге түсіреді және оны өзінен-өзі күресуден шығару үшін тіпті біріне-бірі қарама-қарсы екі жолдың бірін таңдап алуға лажсыз көндіреді, бірақ, қай жолды қалап алу оқиғаның ырқында емес, драманың қаһарманының ырқында. Мұны азырқансаңыз, драмадағы апаттың өріс алып жеделдеуі, ең ақыр аяғы геройдың батылсыз бұлталақтауынан болуы мүмкін, бірақ, бұл батылсыздық оқиғаның мағынасы мен күйінде емес, тек бір ғана геройдың характерінен шықпақ. Бұған Шекспирдің Гамлеті жақсы мысал болады: Гамлет өз әкесінің ғаламат өлімін оның көлеңкесінен біледі. Гамлет емес, оның өлген әкесі – корольдің азғындыққа салынған туысқаны әзірлеген оқиға Гамлетті қашса құтылмайтын өш алушылық ролін атқаруға жұмсайды, бірақ, бұл роль Гамлеттің табиғатына оншалықты ыңғайлы келмейді де, ол біріне-бірі қас егескен екі күштің - әкесінің өлімі үшін кек алу парызы және кек алуға жеке басының орашолақтығы, - міне, осы екеуі Гамлетті өзімен-өзі боларлық ішкі күреске итереді: аянышты коллизия дегеніміз осы!

Поэзияның бұл үш тегі өз алдына элемент боп, бірінен-бірі бөлек өрістесе де, поэзияның жеке-жеке шығармаларында кездессе де, бірінен-бірі ала-бөтен айырыла қоймайды. Қайта олардың араласып отыратындығы жиірек, сөйтіп, кейде өз формасында эпикалық шығарма дерлік шығармада да драмалық характер болады, драмалық шығарма эпикалық характерлі болып келеді.
Эпикалық поэзия
Эпос, сөз, аңызды сөз дегендер заттың көрініп тұрған тысқы бейнесін бермек және зат не, ол қалай - осыларды жалпы дамытпақ. Қандай нақлият болса да эпостың ұйтқысы; ол қандай да болсын кездескен заттың бар асылын, бар маңызын жинақты, ықшамды түрде алып пайдаланады.

Эпопея әр кезде поэзияның жоғарғы тегі, өнердің шолпаны саналады. Бұған гректердің, онан кейін біздің заманымызға шейінгі басқа халықтардың “Илиадаға” ұлы құрмет көрсетуі себеп болады. Гректердің бүкіл байлығын толық елестеткен ескіліктің бұл ұлы шығармасын осындай шексіз және көзсіз құрметтеушілік “Илиадаға” өз заманының, өз халқының рухындағы эпикалық шығарма деп қаратпады, нағыз эпикалық поэзия деп қаратты, яғни поэзия тегі мен шығарманың өзін шатастырып отырды.

Эпос дегеніміз – санасы жаңа ғана ояна бастаған халық поэзиясының шеңберіндегі тұңғыш піскен жеміс.

Эпопея халықтың сәбилік кезінде, оның өмірі қарама-қарсы екі салаға – поэзия, прозаға – бөлінбей тұрған кезде, халықтың тарихы әлі тек лақап болып жүрген кезде, халықтың дүние туралы ұғымы әлі де діни нанымда жүрген кезде, халықтың қуаты, мығымдылығы және тең еңбегі тек батырлық дағуамен көрінетін кезде ғана шығуы мүмкін.

Сонымен эпопеяның мазмұны өмірдің мағынасын құруы керек субстанциялық күштен, әлі де өз тұрмысының жеке тұрғысынан босанып кете қоймаған халықтың хал-ахуалынан, болмысынан құралуы керек. Сондықтан, эпикалық поэманың негізгі шартының бірі – халықтық; ақын өзінің жеке басын оқиғадан ажыратпай тұрып, оқиғаға өз халқының көзімен қарайды. Бірақ, эпопеяның ұлттық жағы жоғары дәрежеде болуымен бірге ол әлі көркем шығарма болуы үшін ондағы халық өмірінің жеке өзгешелік формасында жалпы адамгершілік, бүкіл дүниелік маңыз болуы қажет.

Эпопеяға мазмұн беру үшін халықтың субстанциялық өмірі оқиғадан көрінуі керек. Халықтың сәбилік шағында оның өмірлік мәні көбінесе өжеттікпен, ерлікпен, батырлықпен көрінбек. Сондықтан халықты оятып, барлық ішкі күшін серпілткен және сыртқа шығарған оның (мифтік шақтағы) тарихи дәуірін жасаған, келешектегі бүкіл өміріне ықпалы тиген жалпы халықтық соғысы – тамаша эпикалық оқиға болмақ және эпопеяға бай материал бермек. Дәріпті Троян соғысы гректерге осындай оқиға болды да, “Илиада” мен “Одиссеяға” мазмұн берді, ал бұл поэмалар Софокл мен Еврипид трагедияларының көпшілігіне мазмұн берді.

Эпопея тұтас келіп, әрекеті бір жерден шығып, бөлшектері үйлесіп отыруы керек десек, бұл тек жалғыз эпопеяда ғана болатын қасиет емес, көркем шығарманың керекті шарт.

Біздің заманымыздың эпопеясы – роман. Романда басқаша элементтер мен басқаша колорит өмір кешетіндігі ғана айырмашылық боп тұр демесек, романда эпостың тектері мен негізгі белгілерінің бәрі бар. Мұнда тек қаһармандық өмірдің мифтік мөлшері жоқ, қаһармандардың адам айтқысыз зор тұлғалары жоқ, мұнда құдайлар әрекет етпейді, бірақ, кәдімгі өмір прозасының құбылыстары жалпы типке (нұсқаға) келтіріліп, дәріптеліп отырады. Роман өзінің мазмұны үшін тарихи оқиғаны алып, эпостағыдай соның шеңберінде бір жеке оқиғаны дамытуы да мүмкін; айырмашылығы осы оқиғалардың өздерінің характерінде болмақ, демек, айырмашылық соларды өркендету және көрсету характерінде жатпақ, яғни роман өмір шындығының жақсылығын, өмірдің қазіргі жай-күйін алуы да мүмкін. Бұл тегі және адам тағдырын қоғамға қарым-қатынасы жағынан емес, адамгершілікке қарым-қатынасы жағынан керек ететін ең жаңа өнердің правосы.

Көркем шығарма есебіндегі романның міндеті – барлық кездейсоқ нәрсені күнделікті өмірден, тарихи оқиғалардан бөліп, олардың ішкі сырына - әсерлі идеясына ену, ыдырап жүрген сыртқы оқиғаны рухтың, ақылдың кені ету. Романның азды-көпті көркем болуы ненізгі идеясының тереңдігіне және идеясына ерекше қызулық беретін күшіне байланысты.

Романның шеңбері эпикалық поэма шеңберіне қарағанда салыстыруға келместей тең. Роман өзінің аты да айтып тұрғандай-ақ, христиан халықтарының жаңа мәдениетінің жемісі, бұл бүкіл адамзат дәуірінің барша азаматтық, қоғамдық, семьялық және бүкіл адамгершілік қарым-қатынасы өлшеусіз күрделенген және драмалық деңгейге жеткен шағы, өмірдің шексіз көп элементтерінің терең де кең құлаш жая таралған кез болатын.

Романның өзге де зор басымдық жақтары бар, ол грек эпопеяларына ешбір мазмұн бола алатындығы ескі дүниеде әлеумет, мемлекет, халық немесе жеке адам елеулі дәурен сүре алмады, сондықтан, гректердің эпопеяларында, сонымен қатар драмаларында да тек халықтың өкілі – жарты құдайлар, батырлар, патшалардан өзгеге орын болмады.

Романда өмір адам арқылы көрінеді және адам жүрегінің, адам жанының мистикасы, адамның тағдыры, оның халық өміріне барлық қарым-қатынасы – роман үшін бай материал.

Романның жоғары көркемдік дәрежеде дамығандығы – Вальтер Скоттың арқасы. Вальтер Скотқа шейінгі роман өзі шыққан дәуірінің тілегін орындап, сол дәуірмен бірге құрушы еді.

Роман тарихи фактілерді баяндаудан бас тартып, оларды тек өзінің мазмұны болған жеке оқиғалармен байланысты етіп қана алады. Бірақ, осы арқылы роман тарихи фактілердің ішкі жанын, былайша айтқанда, ішкі астарын біздің алдымызда байымдап береді.

Ғасыр мен елдің колоритін, олардың әдет-ғұрпын, салтын білдіру тарихи романның мақсаты болмағанмен де, романның әрбір бейнесінен олар сезіліп тұруы керек. Сондықтан тарихи роман тарихтың ғылым ретінде өнермен ұштасатын белгісі сияқты; ол тарихтың қосымшасы, тарихтың екінші жағы, Вальтер Скоттың тарихи романдарын оқығанымызда бір романға оқиға дәуірдегі елдің азаматындай боп, оқиғаға араласып кетеміз де, сол дәуір мен ол жайында анағұрлым дұрыс түсінік аламыз; бұлар туралы ешқандай тарих бізге бұл секілді түсінік бере алмас еді.

Повесть дегеніміз – ол да роман, бірақ оның көлемі кіші болады, повестен айырмасы мазмұнының көлемі мен мағынасында. Біздің әдебиетімізде романның бұл тегінің шын шебер өкілі – Гоголь. Гогольдің таңдаулы повестері – “Тарас Бульба”, “Ескілікті ң помещиктері” және “Иван Ивановичтің Иван Никифоровичпен қалай ұрысқаны жайындағы повесть”. Көркемдік қасиеті жағынан бұларға жақын тұрған повесть Пушкиннің “Капитан қызы”, ал Пушкиннің жазылып бітпеген “Ұлы Петрдің арабы” атты романының үзіндісі егер ақын мезгілсіз қайтыс болмағанда орыс әдебиетін көркем тарихи романмен байытатын шығарма еді. Бұлардан өзге повесть үшін де, роман үшін де келешекте көп үміт ететін адам біздің әдебиетімізге жуырда араласқан жас талант Лермонтов.


Лирикалық поэзия
Эпоста субъект заттың бойына тарап, сіңіп кетіп отырады; ал лирикада субъект заттың өзінің аясына алып қана қоймайды, оны ерітіп, іші-бауырына тартып алады, сөйтіп, затпен соқтығысудан туған түйсіктердің бәрінде де өзінің ішкі шыңырауынан сыртқа шығарады. Лирика мылқау түйсікке тіл бітіріп, образ береді, оларды ыстық, тар кеуденің қысымынан көркем өмірдің тың әуесіне шығарып, өзгеше өмір береді. Демек, лирикалық шығармалардың мазмұны объективті оқиғаның дамуы емес, субъектінің өзі және не нәрсе субъект арқылы өткерілсе, соның бәрі оның мазмұны болады. Лириканың бөлшек болатыны да осыдан: жеке шығарма бүкіл өмірді қамти алмайды, өйткені, субъект бір мезгілдің ішінде әр алуан нәрсе болып көріне алмайды. Жеке адамда әр қилы мезгілде әр түрлі мазмұн болмақ. Оның қолы бүкіл рухқа толығынан жететін болғанмен, бірден емес, біртіндеп, алуан түрлі сансыз мезгілдерде жетпек.

Субъектіні жұбатқан, ашуландырған, қуантқан, ренжіткен, рақаттандырған, қинаған, тиыштық берген, мазалаған нәрсенің бәрін де, бір сөзбен айтқанда, субъектінің рухани өмірінің мазмұны боларлық нәрсенің бәрін де, субъектіге бойлап, субъектіде пайда болғанның бәрін де лирика өзінің заңды еншісіндей қабыл алмақ. Лирикадағы затта өз бетінше баға болмақ емес, затқа субъект қандайлық мән берсе, барлығы соның ырқында, барлығы затқа фантазиямен, түйсікпен берілген пікір бейнесінің ырқында, рухтың ырқында.

Лирикалық шығарма тезбе-тез түйсіктен шыққанмен, рабайсыз ұзақ болмауға тиіс және болмауы да керек. Әйтпеген күнде ол тартымсыз және сылбыр боп, ләззат бермек түгіл, оқушыны жалықтырмақ.

Ақынның субъективтілігі өзін-өзі түсініп алған соң өз ынтасын аударарлық бір затқа құшағын жайып, оны еркін меңгеріп алмақ, сонда ода шығады. Оданың негізінде өзгеше бір субстанциялық (өмірдің алуан түрлі саласын, шындықты, сананы, мемлекетті, құдайларды, батырларды, махаббатты, достықты тағы сол сияқтыларды мадақтайтын) мақсат болу мүмкін; бұлай бола қалған күнде оданың салтанатты характері болады.

Кемеліне келген формасымен субъективтік ішкі сезімді жырлап беретін нағыз лирикалық шығарма бізде Пушкиннен басталады. Бұл жерде Пушкиннің төл шығармалары жайында оларға баға жетпейді деп атасақ жеткілікті болар. Пушкин осы шығармалары арқылы біздің бүкіл әдебиетімізді, жаңадан пайда бола бастаған таланттарды үйіріп әкетті, оның кезінде элегия-өлеңдер лирикалық поэзияның жеке-дара айрықша тегіне айналды, тек шалдар мен қартаң тартқан жандар ғана бұрынғыша өздерінің салтанатты одаларын айтумен болды.
Драмалық поэзия
Драма болып өткен оқиғаны оқушының немесе көрерменнің көз алдына қазіргі шақта болып жатқан оқиға секілді етіп көрсетеді. Эпос пен лириканы жақындастырғанмен, драма жеке алғанда эпос та, лира да емес, ол өз алдында өзінше органикалық бір бүтін нәрсе боп табылады. Біріншіден, драмадағы әрекеттің аумағы субъект үшін жабық емес, қайта, драма субъектіден шығады да, соған қайта айналып отырады. Екіншіден, лирикадағыдан гөрі драмадағы қатысушы субъектінің мәні тіпті өзгеше: ол енді өзімен-өзі болған, сезуші және аңғарушы ішкі дүние емес, ақынның өзі де емес, бірақ, ол пайымдау үшін сыртқа шығып, өз әрекетімен ұйымдастырылатын объективтік және шындық дүниенің арасынан келіп орын алады: әлденеше бөлініп, толып жатқан кейіпкерлердің әсерлі жиыны болып табылады, осылардың әрекеті мен қарсы әрекетінен драма құралады. Осының салдарынан драма біздің көз алдымызда болуға тиісті адамдардың хал-ахуалын, оқиғаны, орындарды эпикалық әдіспен суреттеп жатпайды.

Драма лирикаша тамылжытып жыр төгіп жатпайды; драмадағы кейіпкерлер өздерін әрекетте білдіруі керек, бұл түйсік және аңғару емес, характер болып шықпақ.

Драманың әрекеті бір мақсат төңірегінде топтастырылғандықтан да онда өзге мақсат болмауы керек. Романда өзге адамдарға, оның оқиғаға шын қатыстылығына қарап емес, мінезінің ерекшелігіне орай орын берілуі мүмкін нәрсе, драмада оның даму механизміне өте-мөте қажеті болмаған жағдайда бірде-бір артық адам болмауы қажет. Қарапайымдылық, әрекеттің тұжырымдылығы мен бірлігі (негізгі идеясының бірлігі мағынасында) драманың ең негізгі шарттарының бірі болуы керек; драмадағының бәрі де бір мақсатқа, бір нысанаға бағытталуы керек. Бас кейіпкердің тағдырында драманың негізгі идеясы тоғысатындықтан, драмадағы мақсат бас кейіпкер арқылы көрсетілуі керек.

Алайда, осының бәрі драманың ең жоғарғы тегі – трагедияға жатады. Жоғарыда айтып өткеніміздей трагедияның мағынасы коллизияда болмақ, яғни жүректің табиғи еркінің адамгершілік парызбен соқтығысуына немесе алынбайтын тосқауылда мерт болуында жатпақ. Трагедияның идеясы ғаламат, жайсаң оқиғаның қайғылы боп аяқталатын идеясымен тұтасып жатады. Немістер трагедияны қайғылы көрініс (Granezspiel) деп атайды, шынында трагедияның қайғылы көрініс екені де рас!

Қан және өлген дене, қанжар мен у үнемі трагедияның атрибуты болмаса да, трагедия әр уақытта жүректің ең қымбатты үмітін бұзумен, бүкіл өмірдің рақатын жоғалтумен аяқталады. Трагедияның ұлы қасіреттілігі, орасан зорлығы осыдан келіп шығады: ондағы әмірші – тағдыр, оның негізі мен мағынасы тағдырға байланысты.

Коллизия деген не? Коллизия дегеніміз – тағдырдың құрбандықты талап етуі. Қаһарман бақытты, қуанышты және өмірдің қызығын былай қойып, заңның пайдасына бола өз жүрегінің табиғи желігуін жеңіп шықпақ! Ол – тірі өлік; оның стихиясы – жанының терең қасіреті, оның нәрі – жапа шегу, осылардан құтылатын оның бір ғана жолы бар – я ауыртпалыққа түсіп, өзінен-өзі безу немесе тез өлу! Трагедияның қаһарманы өз жүрегінің табиғи желігіне еріп кетсе – онда ол өзінің алдында қылмысты, өз арының құрбандығы, өйткені оның жүрегі адамгершілік заңының тамыры терең жайылған топырақ тәрізді, қашан жүрек парша-парша болмайынша, қансырамайынша бұл тамыр жұлынбақ емес.

Осылай десек те поэзияның бірде-бір тегі біздің жанымызға трагедиядай әсер ете алмайды, бізге оншалықты ләззат та бермейді. Біз тартыста жүріп немесе жеңіп жүріп қазақ тапқан қаһарманға қатты қынжыламыз; бірақ ол осындай қазасыз яғни осы өлімсіз қаһарман бола алмайтынын да білеміз, жеке басы арқылы мәңгілік субстанциялық күшті және әлемдік, мәңгі бақи кететін болмыс заңын іске асыра алмайтынын да білеміз.

Адамның тосыннан өліп қалуы секілді, шығарманың негізгі идеясына тұп-тура қатысы болмайтын кездейсоқ оқиғаның трагедияда болуы тиісті емес. Поэзияның өзге тегінен гөрі трагедияның мейлінше өнерлік шығарма екенін есте шығармауымыз керек. Отелло Дездемонаны тұншықтыруды бір минут кешіктірсе, яғни Эмилия есікті бір минуттай асығып ашса, барлығы түсінікті болар еді де, Дездемона өлмей қалған болар еді, бірақ бұлай болғанда трагедияның құны кетер еді. Дездемонаның өлімі кездейсоқ оқиға емес, Отелло қызғанышының салдарынан болған оқиға, сондықтан, Дездемонаны өлімнен құтқарарлық табиғи кездейсоқтық жағдайларды ақынның әдейі сырып тастап отыруға хақысы бар.

Драмалық поэзия – поэзияның жоғарғы басқышы және өнердің шолпаны десек, трагедия – драмалық поэзияның жоғарғы басқышы және шолпаны болмақ. Сондықтан трагедияда драмалық поэзияның бүкіл асылы болмақ, ол драманың бүкіл элементтерін қамтымақ, ендеше, трагедияға күлкілі элементтердің кіруі де орынды нәрсе.

Трагедияның актіге бөлінуіне, олардың санына келсек, бұл жалпы драманың сыртқы формасына қатысты бар нәрсе. Трагедия өлеңмен де, қарасөзбен де жазылады, бірақ, әр жерінің өзіне және мазмұнына қарай яғни өмірдің поэзиясы немесе прозасы айтылып отырғанына қарай өлең қарасөзді араластырып жазған лайық.

Драмалық поэзия халықтың мәдениеті жетілген кезде, оның тарихи дамуы гүлденген дәуірде пайда болмақ. Гректерде осылай болды. Гректердің даңқты трагиктері болған Эсхил, Софокл және Еврипид.

Ең жаңа халықтардың бірде бірінің драмасы ағылшындардың драмасындай соншалықты толық қарқындай өркендеген емес. Шекспир – драманың Гомері, оның драмасы – ең жоғары дәрежедегі христиан драмаларының бірінші үлгісі. Шекспир драмаларында мазмұнына қарағанда, түпсіз көркемдік, формасына қарағанда ұлы өмір поэзияларының барлық элементтері бір жерге қосылады. Бұларда бүкіл адамгершіліктің қазіргісі бар, оның бүкіл өткендегісі және келешектегісі бар; бұларда барлық халықтың, барлық ғасырдың өнері дамуының думанды үлгісі мен салтанатты жемісі бар.

Комедия – трагедияға қарама-қарсы қойылған драмалық поэзияның соңғы түрі. Трагедияның мазмұны – адамшылық ұлы құбылыстың әлемі, оның қаһарманы - рухани адам табиғатының субстанциялық күшіне кенелген жеке бастар; ал комедияның мазмұны – ақылға сыйымсыз кездейсоқтар, елес әлемі, яғни шындықта болмайтын жорамал; комедияның қаһарманы - өзінің рухани кейпінің субстанциялық табиғатынан безген адамдар. Сондықтан, трагедияның ететін әсері – жанды тебірентетін қасиеті сұмдық, ал комедияның ететін әсері – бірде көңілді, бірде зілді күлкі. Комедияның мағынасы - өмір құбылысының және өмір мағынасы мен өмір бағытының арасындағы қайшылық. Бұл ретте өмір комедияда өзін-өзі жоққа шығарған тәрізді. Нағыз көркем комедияның негізінде терең мағыналы мысқыл (юмор) болады. Өмірдің қандай болуы керектігін бізге айқын аңғарту үшін өмір қандай болса комедияда сол қалпында көрсетіледі. Көркем комедияның асқан үлгісі – Гогольдің “Ревизоры”.


А.Байтұрсынов



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет