Әдістемелік конференция материалдары түркістан, 20 ақпан 2017



бет2/14
Дата02.05.2018
өлшемі11,96 Mb.
#40395
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14





ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК


УНИВЕРСИТЕТІ

AHMET YESEVİ ULUSLARARASI TÜRK-KAZAK ÜNİVERSİTESİ

Қазақ тіл білімі мен оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз

ф.ғ.д., профессор Талғат Сайрамбаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған

«ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМ МЕН

БІЛІМНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-

ӘДІСТЕМЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

МАТЕРИАЛДАРЫ Түркістан, 20 ақпан 2017

«KÜRESEL REKABET KOŞULLARINDA EĞİTİM VE BİLİMİN GÜNCEL

MESELELERİ» KONULU ULUSLARARASI BİLİMSEL KONFERANS BILDIRILERI

Turkistan, 20 2017

MATERIALS OF THE INTERNATIONAL SCIENTIFIC-PRACTICAL

CONFERENCE ON THE THEME "URGENT PROBLEMS OF SCIENCE AND

EDUCATION IN THE COURSE OF GLOBAL COMPETITIVENESS"

Turkistan, 20 2017

МАТЕРИАЛЫ МЕЖДУНАРОДОЙ НАУЧНО-ПРАКТИЧЕСКОЙ

КОНФЕРЕНЦИИ

«АКТУАЛЬНЫЕ ПРОБЛЕМЫ НАУКИ И ОБРАЗОВАНИИ В ПРОЦЕССЕ ГЛОБАЛЬНОЙ КОНКУРЕНЦИИ».

Туркестан, 20 февраля 2017



Түркістан

2017

ӘОЖ 378


ҚБЖ 74.58 Ж35

Редакция алқасы:

Абдибеков У.С. (төраға), Куталмыш М., Раимбердиев Т.П., Балтабаева А.Ю., Айтбаева Н.Қ., Исаева Ж.И., Елікбаев Б., Жылқыбай Г.Қ., Қошанова Н.Д.(жауапты хатшы)

«Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы ғылым мен білімнің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. – Түркістан: «Тұран» баспаханасы, 2017. 498 бет.

ISBN 978-601-243-830-7

Бұл басылымға 2017 жылы 20 ақпанда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған қазақ тіл білімі мен оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз, ғалым,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, ф.ғ.д., профессор Талғат Сайрамбаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы ғылым мен білімнің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылымиәдістемелік конференция материалдары енген. Олар әр түрлі салалардағы өзекті мәселелерді көрсетеді.

Басылым ғылыми қызметкерлер мен ЖОО оқытушылары мен студенттеріне, докторант пен магистранттарға, мұғалімдерге арналады.

ӘОЖ 378

ҚБЖ 74.58



Ж35

ISBN 978-601-243-830-7

ТАЛҒАТ САЙРАМБАЙҰЛЫ САЙРАМБАЕВ (1937-2017)


Талғат Сайрамбайұлы 1937 жылы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жиенқұм ауылында дүниеге келген. Онжылдықты Арыс қаласындағы мектепинтернатта бітіріп, бір жылдан соң М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының филология факультетіне түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай бітіреді.

Ғылым жолына түсу сапары Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспиранты, профессор Мәулен Балақаевқа шәкірт болуынан басталады. Талғат Сайрамбайұлының ғылыми-педагогикалық еңбек жолы Қызылорда қаласындағы (1965-1971) қазіргі Қорқыт Ата университетінде басталды. Содан кейінгі қызметі негізінен Қазақ ұлттық университетінде (1971-2009) өтті. Алматыда өз алдына шаңырақ көтерген «Қайнар» университетінде де (2002-2009) қосымша профессорлық лауазымда қызмет атқарды.

Талғат Сайрамбайұлының шығармашылық жолына келсек, ең басты еңбектері 1967 жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім мен сан есімнің етістікпен тіркесі» атты кандидаттық диссертациясы мен 1984 жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерінің құрамдық-семантикалық типтері» атты докторлық диссертациясы. Талғат Сайрамбай ұлы не жазса да сол нысаналы тақырыбы – сөз тіркесі мәселесі туралы жазды. Сондай-ақ сөз тіркесі жайлы жазылған еңбектерді талдап, авторлық көзқарастарын қолдап, қалайда осы тақырыптың көкжиегін кеңейтуге ерекше ниетті ғалым болды. Өзінің жетекшілігімен қорғаған 38 ғылым кандидаты мен 3ғылым докторының да зерттеу жұмыстарының басым бөлігі осы сөз тіркесі мәселесі болатын.

Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев қазақ тіл білімі синтаксис саласының ішіндегі сөз тіркесі мәселесімен түбегейлі айналысты. Осы мәселеге өзінің барлық шығармашылық еңбегін, кандидаттық, докторлық диссертацияларын, 15-ке тарта монографиялық зерттеулерін, 230-ға тарта ғылыми мақалаларын арнады. Жұмыстарының ішінде жеке өзінің авторлығымен шығарғаны 12 еңбек (монографиялар, оқу құралдары), 7-8 еңбек қосымша авторлықпен шыққан оқу құралдары, 5-6 еңбек қосымша авторлықпен шыққан сөздіктер, қазақ тілі тілашарлары, 14-і әдістемелік құралдар (әдістемелік нұсқаулар, пәндік бағдарламалар). Одан басқалары ғылыми мақалалар болып табылады. Қазақ тіл білімі тарихында сөз тіркесі мәселесі – соңғы 50-60 жыл көлемінде ғана зерттеле бастаған жаңа бағыт. Бұл мәселеге синтаксис мамандарының көпшілігі арнайы бет бұрған жоқ еді. Ал тіл білімімен айналысқан әрбір ғалым халық танымына жақын мәселелерді бұл ілімнің барлық саласы бойынша жан-жақты зерттеді, тереңдетті, толықтырды, тілдің біртұтас заңдылығын қалыптастырды. Келешекке мұра етіп қалдырды.

Сөз тіркесі мәселесіне синтаксисте бір ғалым ғана білек сыбана кіріскен болатын. Ол әйгілі ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақаев еді. Ол кісінің шәкірті Т.Сайрамбаевтың да шығармашылық жұмысының дені – сөз тіркесі мәселелері. Атап айтқанда, «Күрделі сөз тіркестерінің кейбір мәселелері» (1976), «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері» (1981), «Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі» (1991), «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» (1996), «Синтаксис туралы ойлар» (1996), «Синтаксистің кейбір мәселелері» (2004), «Жақ категориясының функционалдық көрінісі» (2005), т.б. оқу құралдары мен «Мәулен Балақаев» атты зерттеу-эсселік монографиясы (2007) жарық көрді.

Талғат Сайрамбайұлының «Мәулен Балақаев» атты монографиялық еңбегі профессор М.Балақаевтың 1939-1992 жылдар аралығында шыққан еңбектеріндегі сөз тіркесі мәселесін талдап, жинақтап, бүгінгі күнмен үйлесімді етіп жалғастырған. Сөз тіркесі мәселесі – М.Балақаевтың кандидаттық та, докторлық та жұмыс тақырыбы емес, ғалымның қазақ тіл білімін дамытудағы жаңа көзқарасы. Сөз тіркесі мәселесі зерттеуді күтіп тұрған тілдік құбылыс екенін, бұл мәселені М.Балақаев дөп басып қолға алғанын, оны ерінбей зерттеп, жалықпай жазғандығын тарихи жылдар бойынша Т.Сайрамбаев аталған еңбегінде жан-жақты ашып көрсеткен.

Талғат Сайрамбайұлы – осы ұстаздың шәкірті. Ол ұстаз ілімін жалғастыра, дамыта, жетілдіре жүріп, өмірінің соңына дейін осы идеяны насихаттады, өз шәкірттері арқылы тереңдете түсті.

Профессор Т.Сайрамбаев қоғамдық жұмыстарды да бір кісідей әділ де шебер атқарған қайраткер болды. ҚазҰУ-де қызмет атқарған 38 жылының бір бөлшегі жалпы университеттің дайындық бөлімінің деканы және орынбасары болып істеген 6 жылында ауыл жастарын, білімнен қол үзіп қалған жастарды жоғары білімге тартуда көп еңбек етті. Бірнеше жыл өзі қызмет ететін филология факультетінің партия ұйымының хатшысы, өзі ашып, өзі топтастырған қазақ тілі кафедрасының 10 жыл меңгерушісі болып қызмет атқара жүріп, көптеген шәкірттерді ғылымға баулыды. Т.Сайрамбайұлының әрбір шәкіртінің қорғаған ғылыми жұмыстарының қай-қайсысында да ұстаздың пікірі өшпестей өріліп жатады. Ол шәкірттер ойымен өрбіп, жалғасып кете береді...

Профессор Талғат Сайрамбайұлы өзінің 44 жыл оқытушылық жұмысындағы ең сүйікті ісі – студенттерге дәріс беру, түрлі формадағы сабақтар өткізу жұмысы еді. Ұстаздың терең мәнді, мазмұнды лекциялары, тартысты сабақтары әрбір студенттің біліміне білім қосып, сол ғылымды қабылдауға деген танымдық белсенділігін арттырып отыратын. Көбіне студенттерді шығармашылық жұмысқа баулитын. Бүгінгі ғылым кандидаты болып жүрген шәкірттерінің көпшілігі – өзінің сабақ берген бұрынғы студенттері.

Бүгінгі студенттер, магистранттар және кең байтақ Қазақстанның жер-жерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген мұғалімдер мен жас ғалымдар білім берудегі сүйікті ұстаздары Талғат ағайларының есте қаларлық үлгілі сабақтарын және ұстаздың өз білгенін жастарға үйретуге құштарлығын, тіл ғылымының тылсым сырын, бай қазынасын жастарға үлестіруге, бөліп беруге асыққан ағартушылық ынтасын шәкірттері әзір ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да.

Мәскеуден берілген «Отличник высшей школы СССР» (1986 жылдың мамыр айында) және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009 жылдың сәуір айында) деп аталатын атақтары ол кісінің еңбегінің жемісі. Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев – ғылымда да, өмірде де үлкен мұра қалдырған, адалдықпен, пәктікпен, тынымсыз еңбекпен отбасына да, еңбек еткен ортасына да, әрбір шәкіртіне де сарқыла тағылым берген, әрбір дос-жаранына қимастай тұлға бола білген ардақты әке, асыл ата, жақсы жар, адал дос және ғалым-ұстаз. Аяулы ұстаз, көрнекті ғалым, жастарға жақсы аға, жаны жайсаң қадірлі дос Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев 2009 жылдың 20 қарашасында 73 жасында дүниеден өтті. Оның есімі әріптестері мен шәкірттерінің, туғантуыстарының есінен шықпайтыны хақ.

Ә.Жүнісбек

Филология ғылымдарының докторы, профессор

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Алматы, Қазақстан

СӨЗ ПРОСОДИКАСЫНЫҢ ШЕШІМІ СИНТАКСИСТЕ ЖАТЫР

(проф.Т.Сайрамбаевты еске ала отырып)

Өмірдің қызық бір сәті болады екен. Екі адам, ағайындығы алыстан басталғандай, бір көргеннен екеу ара шүйіркелесіп кетеді. Ал енді бір екі адам, бірін-бірі қазір көріп тұрса да, ортақ дүниені тең бөлісе алмай, алыстан жауыққандай екеу ара жуыспай қалады. Адам мен адамның бір-бірімен табыса кетуі де, адам мен адамның бір-бірімен алыса кетуі де бір сәттің амалы екен. Түсініксіз, бар болғаны себепсіз табысу бар, себепсіз алысу бар. Адамның маңдайына қайсысы жазылғанын пенденің өзі де білмейді...

Талғатпен екеуміз сол себепсіз табысқан адамдармыз. Бар болғаны оңтүстіктен деген жерлестігіміз, басқа басымызды қоса қоятындай шарт жоқ. Бөлек-бөлек оқыдық, бөлек-бөлек жүрдік. Ғылымымыз да бөлек-бөлек: ол – синтаксис маманы; мен – фонетиспін, ұстаздарымыз да бөлек, сырттай ғана жүз таныс едік. Талғат мен ғылыми қызметкер болып жүрген Тіл білімі институтына талапкер-зерттеуші болып келгенде ғана бетпе-бет кездестік.

Неден басталғаны қазір есімде жоқ, әйтеуір таныстығымыз бірден қалжыңнан басталды. Қалжыңдап тиісе кетті, мен де қайтпадым. Содан екеуміз өмір бойы қалжыңдасып амандасып, қалжыңдасып қоштасатын болдық. Енді ойлап отырсам, адам жатырқамайтын мінезі бар екен ғой.

Жоғарыда айттым, біздің ғылыми бағытымыз екі түрлі болды. Мен, шынын айтсам, университетте оқып жүргенде ең жек көретін сабағым синтаксис болатын. Әсіресе сөйлем талдау деген титықтатып бітті. Содан синтаксис жайлы білімім ақсап қалды.

Бертін келе қазақ (түркі) тіліндегі сөз просодикасы деген проблемамен шұғылдануға тура келді. Зерттеу барысындағы аңғарғаным – мәселе тек синтаксис арқылы ғана шешілетін түрі бар екен. Синтаксис болғанда да, жай сөйлем синтаксисі, ал бұл Талғаттың еншісіндегі сала, білгірі де сол Тәкең. Айта кету керек, тіл білімінің ең бір қиын саласы осы сөйлем просодикасы (суперсегментті фонетика) болып табылады. Біздің сегментті фонетикамыз нақты бөлшектерден тұратын болғандықтан, оның талданымы оңайға түседі. Ал суперсегментті фонетиканың бөлшектері ойтекті (абстрактылы) болғандықтан, оның талданымы өте күрделі. Қазақ (тіпті түркі) интонациясының орнықты салаға түсе алмай келе жатқандығы да сондықтан.

Қазақ (түркі) тілтанымындағы сөздік екпін жайлы келтірілген мысалдарға қарасақ, мысалдар сөз деңгейінде емес, фраза деңгейінде болып шықты. Сөдік екпін мәселесі (бар ма, жоқ па?) тек синтаксис арқылы шешіледі деген қорытындыға сондықтан келдік.

Қазақ мәтінінің әуен (интонация) құрылымы негізінен сөйлем деңгейіндегі қатысым (коммуникатив) мәлімет беруді ғана қамтып келді. Сондықтан да оқулықтар мен оқу құралдарында хабарлы, сұраулы және лепті сөйлем деген атпен үш түрлі ғана сөйлемнің әуен түрі кездеседі. Ал кейбір оқулықтар мен оқу құралдарында әуен мәселесі тіптен сөз болмайды. Cоның салдарынан, және еуропаөзімшілдік (европацентризм) тағы бар, қазақ тіліндегі әуен көріністерін зерттеушілер сөздік екпін деп шатастырып келеді.

Қазақ мәтінінің әуені күрделі фонетикалық құрылым болып табылады. Оның құрамында қарапайым қатысымдық (коммуникатив) әуеннен басқа үстеме (над коммуникативный) әуен бірліктерінің бар екенін ескеру керек (1сызбаны қараңыз).



Бүтін сөйлем құрылымына тән әуен түрлерін қатысым әуен тобына, ал сөйлем бөлшектеріне тән әуен тобын үстеме әуен тобына жіктеуге болады. Өйткені қатысым әуен сөйлемнің өнебойына тән болса, үстеме әуен сол сөйлемнің белгілі бір бөлшегіне ған тән. Үстеме әуен қатысым әуенге қосымша мән жүктейтін болғандықтан, оны үстеме әуен деп атауға тура келеді.

ӘУЕНТАНЫМ



қатынасым әуен үстеме әуен

1-сызба. Қазақ тілінің әуен құрылымы

Сонымен, негізгі қатысым әуен тобына хабарлы әуен, сұраулы әуен және бұйрық-лепті әуен жатады.

Хабарлы әуен белгілі бір мәліметті жеткізудің амалы болып табылады: Мен бүгін жұмысқа (сабаққа) барамын. Сөйлемнің басында әуен деңгейі жоғары басталып, сөйлем аяғына қарай бірте-бірте бәсеңдейді.

Сұраулы әуен белгілі бір мәліметті алудың амалы болып табылады: Сен бүгін жұмысқа (сабаққа) барасың ба ? Сөйлемнің бас жағында бәсең басталған әуен сөйлемнің аяғына қарай бірте-бірте көтеріліп барып, төмен түседі.

Бұйрық-лепті әуен белгілі бір мәліметті іске асырудың немесе мәлімдеудің амалы болып табылады: Сен бүгін жұмысқа (сабаққа) бар! Сөйлем басында бірден көтеріңкі басталған әуен сөйлем соңында кілт төмен түседі.

Үстеме әуен түрлері көңіл-күй (эмоционально-экспрессивная), зәрулік (логическая), тыныс топтар (ритмическая группа), тізімдеме

(перечислительная) және тиянақтама (точковая) болып жіктеледі.

Көңіл-күй әуені сөйлеушінің сол сәттегі психологиялық қалпын және әңгімеге деген ынта қатысын көрсетеді: Осы, сен кө...ө...п сөйлей бермеш...ш...і...і! Сөйлем құрамындағы сөздер қысқа/созылыңқы, шапшаң/жайбарақат, жоғары/төмен тағы басқаша түрленіп айтыла береді.

Зәрулік әуені сөйлем ішіндегі бір сөздің өзге сөздерден маңызының сол сәтте басым екенін көрсетеді:



МЕН бүгін сабаққа барамын.

Мен БҮГІН сабаққа барамын.

Мен бүгін САБАҚҚА барамын. Мен бүгін сабаққа БАРАМЫН.

Сөйлем құрамындағы зәру сөздің әуені жоғары, айтылым күші қарқынды келіп, өзге сөздерден бөлектеніп тұрады. Мысалы, зәрулік әуені бірінші сөйлемде «басқа емес, мен», екінші сөйлемде «ертең емес, бүгін», үшінші сөйлемде «жұмысқа емес, сабаққа», төртінші сөйлемде «қайтамын емес, барамын» екендігін көрсетеді. Сөйлемде қанша сөз немесе қанша сөз тіркесі болса, солардың бәрі дербес зәрулік әуенмен айтыла береді.

Тізімдеме әуені бірнеше сөздің біріне бірі жалғаса ұласқан бірлігін көрсетеді: Қорапта қара, қызыл, сары, жасыл, көк, қоңыр қалам бар. Осындағы түс атаулары жеке-жеке бөлшек әуенмен айтыла береді.

Тиянақтама әуен бірнеше сөздің әрқайсысының бір біріне тәуелсіз, жеке-жеке аяқталған дербестігін көрсетеді: Қағаз. Қалам. Дәптер. Әрбір сөзден кейін үзіліс болып отырады.

Тыныс топтар әуені сөйлем ішіндегі лексикалық (мағыналық) және грамматикалық жағынан мәндес сөздердің басын біріктіріп отырады: Мен // орталық үлкен көшемен // асықпай жаяулап // жұмысқа // кешікпей жеттім. Тыныс топ бір сөз немесе екі-үш сөз бола беруі мүмкін. Әрбір тыныс топтан соң үзіліс болып отырады.

Әрине қатысым әуен болсын, үстеме әуен болсын олардың нақты құрылымы құбылмалы келеді. Олардың іштей түрленімі көп болады, сондықтан әуен түрленімінің бәрін қамтып, баяндап шығу күрделі зерттеуді қажет етеді (2-сызба).

Қатысым әуен мен үстеме әуеннің араласымын (комбинациясын)Ә У Е Н Т А Н Ы М

есептеп шығудың өзі жай қол есепке көнбейді, компьютрлік бағдарлама керек. Қатысымдық әуен мен үстеме әуеннің әрбір араласымы(интонология)

(комбинациясы) тағы да сырт әуеннің (нық әуен, бейтарап әуен, босаң әуен, бос әуен) төрт түрлі

8

түрленіміне ұшырайды. Әуен түрленімі қол есепке көнбейді деп отырғанымыз сондықтан.



Сөздік екпінді бар деп дәлелдеп жүрген бірер мысалға тоқтала кетейік. Ең жүрдек мысал алма – алма немесе көрші көрші. Аталған жұптардың бірінші сыңары сөздік екпін соңғы буынға түскендіктен заттық мағынаны, ал екінші сыңары сөздік екпін алғашқы буынға түскендіктен бұйрық (екінші жұпта –өтініш) мағынаны білдіреді деп үйретіп келеді бізді. Бәрін бүлдіріп тұрған еміле-ереже реті сақталмаған орфографиялық көрініс екені естен шығып кеткен. Шындығында олардың жазылымы Алма. Алма!, Көрші. Көрші! болу керек. Салыстырылып отырған мысалдар жалаң сөз деңгейінде емес, сөйлем (фраза) деңгейінде екен. Ендеше бұл мысалдардың жұптарының өзара мағыналық айырмашылығы сөздік екпінмен емес, әуенмен (интонациямен) айқындалып тұр екен.

Проф.Т.Сайрамбаевтың жай сөйлем синтаксисінің зерттелім нәтижесін басшылыққа ала отырып, фонетистер қазақ (түркі) тілінде сөздік екпін деген жоқ екен деген қорытындыға келіп отыр. Оның орнына қазақ әуентанымын (интонациясын) баптап баяндап, оқулықтар мен оқу-құралдарына дербес бөлім ретінде енгізу керек. Оқытушылар мен мұғалімдердің, авторлар мен әдіскерлердің әуентаным сауатын ашып, сөздік екпіннің ғасырлық «салтанатынан» арылу міндеті алдымызда тұр.

Мұның өзі академиялық деңгейдегі зерттелім нәтижелерінің практикалық оқу-әдістеме саласына әлі жете қоймағандығын көрсетеді.

Әдебиет:


1.Базарбаева З. Қазақ тілі: интонология, фонология. –Алматы: Жібек жолы, 2008. 501 с.

2.Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009. 309 б.


К. Шаймерденова


Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ғалым-педагог, Алматы, Қазақстан

АСЫЛ МҰРАТ ЖОЛЫНДА


Мақтануға тұрарлық асыл аға, адал дос, аяулы жар, асыл әке, асыл ата, мерейлі ұстаз бола білген Талғат аға бұл күндері ортамызда болмаса да, жүрегімізде сағыныш сезімін алаулатып-ақ тұр. Балалық шағынан мейірім шуағын аңсап өскен асыл жан өзі жүрген ортасынан әруақытта ерекше адами қасиетті бойына жинап, сол қасиетті өзінен кейінгі ұрпаққа өлшеусіз үлестіре білді. Осы жолда жинаған абырой мен беделі өзінен кейін де бүгінгідей биіктеп тұрғаны соның айғағы.

Балалық шағы ауылда, жастық шағы Шымкентте, ал ұстаздық жолы Қызылордада өткен 6-7 жылда өз ортасына беделді оқытушы, сенімді дос, сүйкімді жігіт бола білді. Әрбір сабағын бітпесе екен деп отыратын жастар жағы бірге өткізген уақыттарына дән риза болатын. Өзі де жас бола тұрып, өзімен дидарласқан әрбір бозбаланың мұратына, әрбір бойжеткеннің қиялына айналғаны да анық еді.

Сол жылдарда Қызылорда пединститутының филфагінде қазақ тілі пәнінен гөрі әдебиет жағы басымырақ болатын. Әйгілі әдебиетшілер Ә. Қоңыратбаев, Ә. Тұрбеков, Ә.

Нұржановтардай әдебиетшілер сабақ беретін. Қазақ тілі синтаксисіне Тәкең елеулі үлес қосты, әсіресе сөз тіркесі синтаксисі мүлде тың сала болатын. Негізгі мамандығым педагогика ғылымы болғанымен, базалық білімім филология саласы болғандықтан, Тәкеңнің күнделікті білім беру ісінде шәкірттерінің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуінде және ол кісі өмірден өткеннен кейін еңбектерін топтастырып, сараптау барысында байқағаным – қазақ тіл білімі синтаксисінің кәсіби маманы екендігін таныта білгендігі. Тәкең өзінің кандидаттық та, докторлық та зерттеу жұмысының нысаны етіп сөз тіркесінің өзекті мәселелерін негізге алды. Және 10-ға тарта монографиялық еңбектерінде осы мәселені барлық қырынан көрсете білді. Сондай-ақ, жай сөйлем синтаксисіне де сүбелі үлес қосты. Өзінің жетекшілігімен жазылған зерттеу жұмыстарында «Сөз – сөйлем», «Есімді сөйлем», «Есімді құрмалас сөйлем түрлері» қазақ синтаксисін тереңдете түсті. Аяулы ұстаздың адами қасиеттері, оқытушылық, ғалымдық жолының қыр-сыры «Арыс» баспасынан 2010 жылы жарық көрген «Ұстаздың жан жылуы» атты кітапта жанжақты баяндалған болатын. Мен осы мақалада Тәкеңнің қарапайым өмір тіршілігінде кездескен кейбір есте қалған жайттерін ғана айтсам деймін.

... Қызылорда қаласында Коммунистік даңғылын бойлай салынған жаңа үлгідегі үйлерден жас маман Тәкеңе екі бөлмелі пәтер берілді. Студент іні-қарындастарымен жаңа пәтерге көшкенде қарындасы Жәмила ауылға жазған қуаныш хатында: «Біз бес бөлмелі пәтер алдық» деген көрінеді. Сөйтсе дәлізді бір бөлмеге, ас бөлмені бір бөлмеге, жуынатын бөлмені бір бөлмеге балап жазған ғой. Әрине, ауылда өскен баланың қала көркін, қала өмірін тани бастауы, тіпті қаланың дәм-тұзына үйреніп кетуіне де бірталай уақыт қажет. Соның бір дәлелі:

... Бір күні түскі тамақ әзір болмай қалып, абитуриент Баян деген қарындасына ақша мен үш литрлік бидон беріп «Көкси әкел» деп жұмсайды. Көшенің қарсы бетінде «Қызылорда» мейрамханасы бар. Онда қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар кәрістің дәмді «коксиі» де дайындалады. Бұрын барып көрмеген қарындасы үндемей шығып кетеді. Осынша көк сияны көкем қайтеді деп ойласа да, жауап қайтаруға батылы бармайды. Далада жарты сағаттай жүріп: «Көке, көк сия жоқ екен» - деп үйге қайтып келген екен.

Тәкеңнің көңілінің кеңдігі тума-туыстарына ерекше болатын. Біз үйленгенге дейін екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесіне қарындастары, бір бөлмесіне інілері жатады да, жаз айында Тәкеңнің тұрағы балкон болады екен.

Алматыға келген соң КазГУ-де сабақ беру жауапкершілігі аса жоғары болды. КазГУ оқытушылары сырттан келгендерге сынай қарайды. Факультеттің де, студенттердің де көңілінен шығу оңай шаруа емес.

... Қаланың шетінде пәтер жалдап тұрамыз. Балалар жас. Бір күні қыста сағат тоқтап қалып, университеттегі бірінші парға үлгеру үшін таң қараңғысында үйден шығып кетті. Сөйтіп аялдамаға келсе, ешбір жан жоқ. Қыстың суығы қақап тұр. Автобустар да жоқ. Не де болса таңды күтеді. Біраз уақыттан соң ғана автобустар жүре бастайды. Сөйтсе, аялдамаға сағат 6-да келудің орнына саңат 4-те жеткен ғой. ‡ш рет автобусқа ауысып мініп, жұмысқа жетуге 2 сағаттай уақыт қажет. Әйтеуір бір жақсысы сол жылдары қала тәртібі тыныш болатын.

... Кеңестік дәуірдегі ғылыми жұмысты қорғау одақтас республикалар үшін ауыр болатын. Ал докторлық қорғаудың қиыншылығын айтсаңызшы... . Әсіресе қазақ тілі заңдылығын қазақ тілі маманы орысша дәлелдеуі қажет. Диссертация орыс тіліне аударылып, авторефераты шықты. Авторефератта машинкамен тергенде бірсыпыра қателер кеткені байқалды. Тәкең аса мұқияттап барып авторефератын қайта шығарды. Сол кезде қорғайтын кісілер диссертациялық кеңес мүшелерінен басқаға авторефератын таратуға сескенетін. Өйткені арыз жазылатын. Тәкеңді де нысанаға алып жүрген жазғыштар бары анық еді. Бір жанашыр кісі: «Сен қатесі бар авторефераттарды сұраған кісілерге бере бер. Олардың ішінде арыз жазатындары болса, аздаған қатеңді бадырайтып көрсетіп ВАК-ке жібереді. Ал ВАК-тегі авторефератта қате жоқ. Сондықтан ол бос сөз болады да, арыз қаперге алынбайды» - деп ақыл қосты. Тәкең солай істеді. Қазақ тарихындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастары мен азаматтарына қырғидай тиген дүрбелең кезеңді тудырды. Қазақ зиялыларының ішіндегі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы азаматтары бұл ауыртпалықтарды бір кісідей-ақ көтеріп бақты. Әйтеуір аяғы жақсы болып, ел егемендік алғасын «Тәуба!» деп ақылмен өлшеп, сабырмен нүкте қойылған еді.

... Желтоқсанның ызғары тергеу мен тәмпіштеу жұмыстары арқылы келесі жылға жалғасты. Мәскеуден келген комиссия КазГУ-де штаб құрып, азаматтар тағдырын тәркілей бастады. Бар ауыртпалық әрине ректор Өмірбек аға Жолдасбековке түсті. Бір күні, 1987 жылдың май айының ортасында Тәкең үйге бір түрлі көңіл күймен келді.


  • Не болды, тыныштық па? – дедім.

  • Мен жұмыстан өз еркіммен кетуге арыз жазып келдім. Аздап болса да, Өмекеңебір леп болса екен дедім».

Мен қолдай кеттім:

- Әрине, бұның дұрыс. Шығарып жібергендер де жүр ғой. Не болыпты сонша. Сен ғылым докторы, профессорсың, мен де міне, қорғайын деп отырмын. Ештеме етпейді, Отанымызға ғалымдар керек, - деп жапа шеккен ірі тұлғалардың бір-екеуін мысалға келтіріп, «Қызмет қолдың кірі» деген мақалды қосып, қолдау білдірдім.

... Алдымыз жаз. Жазда саяжайда еңбек етуге, демалуға толық мүмкіндік бар. Әншейінде қол еңбегіне мән бере бермесе де, сол жазда Тәкең бір жақсы дихан болып алды. Еңбек сол күндерде демеуші, емші болғандай болды. Тіпті өзінің жұмыссыз жүргенін де білдірмей, еңбек қуанышына мақтана бастаған сәттерін де байқадым. Мен қасында әрдайым бірге болып жүрдім. Тамаққа да тәбеті артып, көңілі көтеріңкі күйге ене бастады. Осылайша жадыраған жазды өткізіп, күзде өз дәрежесіне сай келмесе де, қызметке шықты, қажырлы еңбекпен 3 жыл төзіп бақты. Ел егемендігін жариялап, көңілдегі жәбір-жапа ұмытыла бастады. Тәкең өзінің қызмет орны КазГУ-ге қайта оралды. Көңілі орнына түсіп, ұстаздық-зерттеушілік жолына құлшына кірісті. Ол нәтижелі болды. Өзінің өмірімен қоштасар ең соңғы минутында да қызметін орындап келіп, енді қорғауға шығайын деп тұрған шәкіртінің құжаттарын қарап, тексеріп беріп, қорғауға рұқсат ететіндігін растап, қолын қойып беріп еді.

Құрметті оқырман, кішкене шегініс жасап, мына бір жайтты да айта кетсем деймін. Бұрынғы жылдарда Ғылым академиясында мүше-корреспонденттікке және академикке сайлау жүретін. Бірақ Тәкең қай сайлауға болса да, құжат тапсырмайтын. «Сен неге құжат тапсырмай жүрсің, комиссия құрамы сені таниды, бағыңды сынап көрмейсің бе?» деген кісілерге: «Маған ғылым докторы, профессор деген дәреже мен атақ та жетеді», - десе, кейде әзілдеп: – Немене, Мәкеңе теңесіп кетуім керек пе? – дейтін еді. Себебі өз ұстазы Мәулен ата Балақаев дәрежесінің жоғары тұруын қалайды екен ғой. Өмір бойы сыйлап өткен ұстазының дәреже-атағы, даңқы өз шәкірттерінен тым жоғары тұруын қалаған әзиз жүрегінің бұл да бір жылылығы болса керек.

Тәкең өмірінің соңғы отыз жылында шығармашылық жұмысқа көп көңіл бөлді. Осы жылдарда 12 монографиялық еңбегі, 12 оқу құралы, 10 шақты оқу бағдарламасы мен 200-ден астам ғылыми мақалалары жарық көрді. Күнделікті сабақ жүктемесіне қоса бірнеше жыл кафедра меңгерушілік қызметін атқарып келді.

Өзі зерттеген сөз тіркесі мәселесінде әлі де тереңдей түсетін тұстарын өзінің аспиранттарына тақырып етіп ұсынып, соның нәтижесіне қол жеткізді. Өз жетекшілігімен қорғатқан 39 ғылыми кандидаттары мен 4 ғылыми докторлық зерттеу жұмыстарында қазақ синтаксисінің көптеген өзекті мәселелері көтерілді. Әсіресе, жай сөйлем синтаксисіне жаңа түр боп енген «есімді сөйлем», «есімді құрмалас сөйлем», «сөзсөйлемдер» назар аударарлық еді. Сөйлем мүшелерінің, баяндауыш, пысықтауыш, анықтауыштардың бұрын айтылмаған, бірақ тілдік қолданыста мол кездесетін байланысу түрлеріне жеке-жеке ғылыми зерттеулер арналды.

Ғалымның сөз тіркесінің құрылымдық сипатын ашатын мәселеде тұрақты тіркестер мен фразеологизмдердің синтаксистік қызметі тиянақты зерттеліп, дараланып көрсетілді.

Тәкең қазақ тіл ғылымы тарихын да назардан тыс қалдырмады. Ресей түркітанушы ғалымдарының ХІХ ғасырдан зерттеген еңбектеріндегі қазақ тілі синтаксисіне тікелей қатысты тұстары шәкірттері арқылы зерделеніп, қазақ тілі синтаксисінің қалыптасу тарихы әріде жатқаны дәлелденді.

Тәкеңнің өз шәкірттеріне деген еңбегі, олардың ғылыми көзқарасының қалыптасуына деген еңбегі зор болды. Тоқтала кетсек, әрбір диссертанттың ғылымға деген икеміне, ғылыми болжамына, еңбеккештігіне қарай бірлесе отырып, тақырып таңдап жоспар құратын. Әрі қарай ғылыми әдебиеттерді басшылыққа алу, жазылған мақалалардың жарияланымы, ғылыми стильдегі жазу сауаттылығы жайлы әрқашан ақылкеңес беріп отыратын.

Ал шәкірттерінің қорғау сәтінде тура өзі қорғап тұрғандай күйде болатын. Қорғалған жұмыс жоғары аттестациялық кеңстен бекіп келгенше, тыным таппай, бар көмегін ұсынып жүретін. Әрбір бекітілген жұмысқа балаша қуанатын. Осылайша өз шәкірттерінің мақтанышы бола білген ғалым-ұстаз тіл ғылымында менің де ұстазым еді. Аяулы жарым өмірінің барлық сәтінде өлшеусіз тер төккен қажырлы адал еңбекпен қарапайым деңгейде өмір сүрді. Кішіге қамқор аға, жанұясына МЕЙІРІМДІ ӘКЕ және АСЫЛ ЖАР да бола білді.



Ф.ғ.д., доцент Бауыржан ЕЛІКБАЕВ

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ

ПРОФЕССОР Т. САЙРАМБАЕВТЫҢ СИНТАКСИСТІК МҰРАЛАРЫ


Бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, ғылым жолына арнаған ұстаз, ғалым, ел азаматы Т. Сайрамбаевтың бүгін, міне, 80 жылдығына жиналып отырмыз.

1937 жылы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жиенқұм ауылында дүниеге келген Т. Сайрамбаев жастай анасынан, он төртінде әкесінен айрылып, қиындықтың тауқыметін бір адамдай тартады. Мектепті үздік бітіріп, М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының филология факультетіне оқуға түсіп, тіл маманы болып шығады.

Еңбек жолын Қызылорда педагогикалық институтында (1965-1971) бастап, кейін Қазақ ұлттық университетіне ауысып, өмірінің соңына дейін осы университетте ұстаздық етті (1971-2009).

Профессор Талғат Сайрамбаев ұстазы проф. М. Балақаевтың жетекшілігімен 1967 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім мен сан есімнің етістікпен тіркесі» деген тақырыпта алдымен кандидаттық диссертациясын, 1984 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерінің құрамдық-семантикалық типтері» атты докторлық диссертациясын қорғап шықты. Сөйтіп ұстазы проф. М. Балақаев негізін салған сөз тіркесі синтаксисін тереңдете түсті. Нәтижесінде 230 ғылыми мақаласы мен он шақты монография мен оқу құралдары және көптеген қосымша авторлармен шыққан оқу құралдары, әдістемелік құралдары мен сөздіктер жарық көрді.

Профессордың қаламынан сөз тіркесі, сөйлем мүшелері, кейінгі жылдары шәкірті ф.ғ.д., проф. Б.Сағындықұлымен бірге шыққан еңбектерінде құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты зерттеу жүргізгенін байқаймыз. Осылардың ішінде ерекше ден қойып зерттеген тақырыбы сөз тіркесі синтаксисі болатын.

Қазақ тіл білімінде сөз тіркесі синтаксистің дербес саласы болып қарастырылуы ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Оған дейін сөз тіркесі сөйлем синтаксисінің құрамында қарастырылған болатын. М. Балақаев 1954 жылы шыққан академиялық грамматикада «Жай сөйлемдегі сөз тіркестері» деген тараумен алғаш рет өз алдына бөлек сала ретінде қарастырастырды[1, 376-409 бб.]. Осыдан бастап сөз тіркесі мәселелері өз алдына жеке қарастырылуы қазақ тіл білімінде, тіпті түркітануда үлкен жаңалық әкелді. Сөз тіркесі мәселелері енді сөйлем мүшелерінен ара жігі ажырап, синтаксистің бір саласы ретінде қарқынды зерттеле бастады.

Содан бері сөз тіркесінің нысандары: сөз тіркесінің байланысу формалары мен тәсілдері, синтаксистік қатынастары мен түрлері, тіркесу қабілеті, олардың әрқайсысының қалыптасу тарихы С. Исаев, Ә.Аблақов, Е. Ағманов, М. Серғалиев, Т. Сайрамбаев және т.б. сияқты ғалым-шәкірттері тарапынантарапынан жан-жақты зерттелді.

Осы шәкірттерінің ішінде сөз тіркесін тереңдетіп зерттеп, көп еңбек берген ғалым Т. Сайрамбаев болды. Соның ішінде 1981 жылы Мектеп баспасынан шыққан «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері»атты еңбегінің сөз тіркесі теориясының дамуына қосқан үлесі ерекше.

Автордың: «Сөз тіркесіне қатысты мәселенің бірі – оның құрылысы. Сөз тіркестерінің құрылысы орыс тіл білімінің өзінде де арнайы зерттеу нысаны болған емес. Жалпы осы уақытқа дейін күрделі сөз тіркесі деп нені айтамыз дейтін мәселенің өзі де ойландырады», – деуінің өзі күрделі сөз тіркестерінің сол кезде қазақ тіл білімінде ғана емес, тіпті орыс тіл білімінде де өзекті мәселе болғандығынан хабар береді [2, 11 б.].

Ғалым сөз тіркестерінің күрделенуінде: 1) әрбір сөз табының күрделі түрі; 2) көмекші етістік; 3) көмекші есім, 4) модаль сөздер; 5) шылаулар; 6) нумеративті сөздер; 7) түрлі қосымшалар; 8) фразеологиялық тізбектердің қатыстылығын айта келе, бұлардың негізгі сөзге түйдектеліп, күрделі сөз тіркестерін құрайтынын және олардың семантикалық топтарына терең талдау жасайды [2].

Сөйлем – адам ойын жеткізудің басты формасы, синтаксистің негізгі объектісі. Сөйлем жеке сөзден де (сөз табы) сөздер тіркесінен де, тіпті тұрақты тіркестерден де құрала береді. Қазақ тіл білімінің атасы А. Байтұрсынұлының айтуынша: «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой. Сөйлегенде, жазғанда кім де болса ойын айтады. Ойын айтуға тиісті сөздерді алады да, олардың басын құрап, біріне бірінің қырын келтіріп, қиындастырады» [3, 263 б.]. Бұл пікірмен профессор Қ. Жұбановтың ойы бір жерден шығады: «Сөйлемде бір сөз болмай, бірнеше сөз болса, бұл сөздер бір-бірімен қиындасып тұру керек. Қиынын келтірмей құрастырған сөйлем, не тіпті сөз болмай шығады да немесе айтайын деген сөзің болмай, басқа бірдеме болып шығады»

[4, 158 б.].

Кез-келген сөздердің «басын құрап» сөйлем жасай салмаймыз. Ол үшін мағыналық жақтан үйлесетін сөздердің тұлғалық жағынан байланысқа түсуі керек. «Біріне бірінің қырын келтіріп», синтаксистік қатынасқа түскен сөздер ғана сөз тіркесін, ал сөз бен сөз тіркесі сөйлемді жасай алады. Сөз бен сөз тіркесін сөйлемнің материалы дейтініміз содан. Сөз тіркесінің өзі сөз таптарынан жасалады.Оны проф. М. Балақаев былайша анықтайды: «Сабақтаса байланысқан тізбекті тіркестің құрамындағы сөздер әртүрлі синтаксистік тәсілдер мен формалар арқылы біріне-бірі бағынып тұрып, әрқайсысы сөйлемнің бір-бір мүшесі болады.

Ондай сөз тіркесінің құрамында жеке мүше болып қызмет атқаратын сөздер зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу және еліктеуіш сөздер» [1, 378 б.]. Ғалымның бұл пікірін шәкірті Т. Сайрамбаев дамыта түседі: «Сөз тіркестерінің негізі – сөз таптары. Сөз таптарының бір-бірімен сөз тіркесін құрауының басты тірегі тіркесімділік» [5, 15 б.]. Демек, сөз таптары да – синтаксистің негізгі құрам бөлігі. Себебі сөз тіркесі де, тіпті сөйлем де сөз таптары негізінде жасалады. Ал сөз таптарының лексикалық мағынасын нақтылауда тіркесімділіктің де маңызы зор. Сондықтан мағыналық жақтан сәйкес келмейтін сөздер сөз тіркесінің де, сөйлемнің де құраушы элементі бола алмайды.

Мысалы кесу етістігін алайық, аталған етістіктің мағынасы «кімнің немесе ненің кесетіні» – мысалы: бала, станок жәнет.б. және «нені кесетіні» – мысалы: ірімшік, нан, қияр, етт.б. және «немен кесетіні» – мысалы: пышақ, қайшы, ұстара т.б. сөздердің мағыналарымен байланысты бола алады. Мысалы: Бала етті пышақпен кесті. Осындағы сөйлемнің әрбір сыңары кесті етістігімен мағыналық байланыста бола алады. Мысалы: бала кесті, етті кесті, пышақпен кесті. Ал керісінше, мағыналық байланыстың бұзылуы сөйлем мағынасының дұрыс құрылмауына әкеледі. Мысалы: Теңдеу қапырықты қармен кесті [6, 101 б.].

«Әрбір сөзді жан жақты тануда оның лексикалық, морфологиялық және синтаксистік қызметтері негізгі белгі болумен қатар, оның синтаксистік қызметі, оның ішінде де тіркесу қабілеті, оны басқа сөздерден (немесе оның сөз табынан) ерекшеленетін белгілерінің бірі болып қаралуға тиіс» [6, 17 б.]. Себебі «сөз табының бірыңғай топқа бөлініп, іріктелетін жері, мағынаның да, тұлғаның да қырланып шығатын жері – синтаксис» [8, 12 б.]. Сондықтан грамматиканың қос саласы морфология мен синтаксисті бірлікте, бір бірімен сабақтастыра қарастырған жөн. Ол туралы проф. М. Балақаев: «Тілде керекті құрылыс материалы болып табылатын сөздер (сөздік құрам) тілдің грамматикасының қарамағына түсіп, синтаксистік қызмет атқарулары үшін өзара байланыста болулары керек. Олай болмағанда, сөйлемдегі сөздердің басы бір жерге құралмас еді де, айтайын деген ойымыз түсініксіз болар еді»,–деп тұжырымдайды [1, 376 б.]. Сөз таптары өзіне тән мағынасы мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай белгілі грамматикалық формаларға ие болады. Бұл формалар морфологияда әр сөз табының өзіне тән тұлғасы ретінде қаралса, сөйлемде сөздердің синтаксистік ерекшелігі мен қызметі болып танылады. Проф. Т. Сайрамбаев ол туралы былай дейді: «...әрбір сөзді белгілі сөз табына жатқызуда оның синтаксистік қызметімен қатар олардың өзара тіркесімділік қасиеті де негізгі бір белгісі ретінде алына бастады. Олай болса, әрбір сөз табы белгілі бір сөйлем мүшесінде жұмсалып қоймай, олардың өзара тіркесімділігінің арқасында енді бір сөз табы тағы да басқа басқа да сөйлем мүшелеріне ауысу процесі орын алған. Тек қана бір зат есімнің өзі қазіргі кезде барлық сөйлем мүшесі қызметіне ие болып отыр» [8, 4 б.]. Сөйлемде сөздер бір бірімен синтаксистік қатынасқа түсіп, бірі анықтаушы, екіншісі анықталушы қызметінде жұмсалып, бинарлы қасиетке ие болады. Cинтаксистік қатынастар мен байланысу формалары арқылы байланысқан сөздер сөйлем мүшелері болады. Жоғарыда проф. Т. Сайрамбаев бір ғана зат есімнің барлық сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалуын сөз етсе, енді басқа сөз таптарының да тіркесімділік қабілетінің артуына байланысты олардың да зат есімдер сияқты барлық сөйлем мүшелері болу мүмкіндігінің артқанын байқаймыз. Сөйлем мүшелері заттық (атауыштық) және грамматикалық мәнге ие. Сондықтан да атауыштық мәні жоқ көмекші сөздер жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайды. Сөйлем мүшелерінің грамматикалық мәні оның атауыш сөздер мен көмекші сөздер, сондай ақ орын тәртібі мен интонацияның көмегі арқылы басқа мүшелермен байланысынан көрінеді.

Қазақ тіл білімінде М. Балақаев негізін салған сөз тіркесі синтаксисі бүгінде іргелі ғылым саласына айналды. Сөз тіркесі мәселелеріне байланысты қыруар зерттеулер жазылды, қаншама диссертациялар қорғалды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, оның ізін жалғастырып, ғалым идеяларын әрі қарай дамытқан шәкірттерінің ішінде проф. Т. Сайрамбаевтың орны ерекше.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – дейді дана халқымыз. Бүгінде өзі болмағанымен, артында қалдырған мұралары арқылы ұстазымыздың есімі алтын әріптермен жазылды. Өзі баулып, дайындаған 38 ғылым кандидаты мен 3 ғылым докторы ұстаз есімін ұлықтайтыны шүбәсіз.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1954. – 562 б.

  2. Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі. – Алматы: Арыс баспасы, 2010. – 640 б.

  3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 444 б.

  4. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – өңд., 3-бас. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010. – 608 б.

  5. Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Рауан, 1991. – 176 б.

  6. Крысин Л.П. Современный русский язык. Лексическая семантика. Лексикология. Фразеология. Лексикография. – 2 е изд., стер. – М.: Изд. центр «Академия», 2009. – 240 c.

  7. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2008. – 472 б.

  8. Сайрамбаев Т. Жақ категориясының функционалдық көрінісі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 58 б.

Жеңіс Сәдуақасұлы филология ғылымдарының докторы,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры,

Қызылорда, Қазақстан

САРДАРЫ СИНТАКСИСТІҢ – САЙРАМБАЕВ


Қазақ тіл білімінің синтаксис саласын ғылыми тұрғыда дамыту мен қалыптастырудың көшбасшылары А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов тәрізді ғұламалардың синтаксиске байланысты идеяларын жалғастырып, өткен ғасырдың орта тұсында осы саланың сардары дәрежесіне жеткен ғалым М.Балақаевтың да ізін басқан, сол сардардың сарбаздарына айналған көптеген шәкірттерінің бірі филология ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сайрамбайұлы екенін исі қазақ біледі. Сондай-ақ, әсіресе, кешегі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бергі кезеңде М.Балақаевтай ғалымның «шекпенінен шыққанын» мақтан тұтатын талай шәкірттің бірі ғана емес, бірегейі бола отырып, оның ғылыми ой-пікірлерін дамыту жолында әлемге танымал Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде өмірінің соңғы минуттарына дейін талмай еңбек еткен, соңына синтаксис саласына қатысты көптеген монографиялар, оқу құралдары мен мақалалар қалдырған, талай шәкіртсарбаздар тәрбиелеп ғылым жолына аттандырған, сөйтіп өзі де «синтаксистің сардары» атанған Талғат Сайрамбайұлын алыс-жақын шетел ғылымы білмейді деуге де ауыз бармайды.

Сонымен, өздерін Талғат ағайдың шәкірті санайтын, бүгінде ұстазының 80 жылдығын өзінің қатысуынсыз атап өтуге жиналып отырған біз сияқты «синтаксистің ұяластары» үшін Тәкең несімен қымбат, несімен ардақты? Бұл сұраққа жауапты екі бағытта беруге тура келіп отыр.

1-бағыт – ұстаздығы жайында. Мен – Қызылорда қаласындағы бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) 1971 жылғы түлегімін, Талғат ағайдың алғашқы шәкірттерінің бірімін. Осы институттың Филология факультетіне үш жылдық ұстаздық еңбек өтілімен 1967 жылы оқуға түстім. Оқуға түскен бойда күріш оруға баратын болдық. Шақырған күні таңертең жиналып тұрған бізді деканымыз Н.Е.Жүнісов екі кісімен таныстырды. Бірі − Әбжаппар Аблақов, екіншісі − Талғат Сайрамбаев, екеуі де ғылым кандидаттары көрінеді. Біздің байқағанымыз – кафедрадағы оқытушылардың ең жасы да осы кісілер сияқты. Әбжаппар ағай жоғарғы курстарға, Талғат ағай біздерге жетекшілік жасайтын болды. Менің Талғат ағаймен таныстығым осылай басталған еді.

Ағайдың 1965 жылы біз атын естігенмен, көзіміз көрмеген атақты професор М.Балақаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғағанын да, үйленбеген, бойдақ жігіт екенін де, осы институтқа екі жыл бұрын арнайы жолдамамен келгенін де осы күріш орағы кезінде біліп алдық. Алғашқы курстарда Талғат ағай бізге сабақ берген жоқ. Өйткені ол кісі дәріс оқитын синтаксис пәні кейінгі курстарда жүреді екен. Дегенмен, факультеттегі түрлі жұмыстар барысында араласып, ағалы-інілідей болып жүрдік. Сол тұстарда студентке артылатын қоғамдық жұмыстар да көп болатын және ондай жұмыстарды орындауда студенттердің белсенділігі де өте жоғары, жауапкершілік те басым еді. Мерекелерде өткізілетін факультетішілік, институтішілік, тіпті қалалық деңгейдегі ісшараларды ұйымдастыру және студенттерге басшылық жасау жас ұстаздардың жетекшілігімен біз сияқты ересек, белсенді студенттерге тапсырылады екен. Осындай жұмыстардың басы-қасында ортамызда ақжарқын, қалжыңқой ағайымыз Тәкең жүреді.

3-курсқа келгенде Талғат ағай синтаксистен сабақ бере бастады. Бұл кезде ағамыз бізден үш жыл бұрын бітірген Күлзада деген қызға үйленіп те алғанын білетінбіз. Осы кезде бір-екі жылға болса да есейіп қалған біздер ағайымыздың қаншалықты білімді екенін де тани бастадық. Әсіресе, сөз тіркесіне байланысты тақырыптарды өткен кезде құлшына сөйлеп кететіні сондай, 90 минуттік сабақтың қалай өткенін де байқамай қалатынбыз. Жастық жігермен, ашық та айқын дикциямен жеткізілген ғылыми фактілерге толы дәрістері білсем деген студенттің санасына еріксіз сіңіп жатқандай көрінеді. Ондай кезде кей оқытушыларды сөзге тартып, әңгіме арнасын қысыр сөзге бұрып жіберетін студенттер де қозғала алмай қалатын. Дәріс соңынан қойылған қорытынды сұрақтарға жауап бермей қалған студент болмайтын. Осыған риза болған ағайымыз екі қолы немесе костюмінің жеңі мен шалғайы, кейде бет-ауызы да бор-бор болған күйінде, әлде өз сабағының сәтті өтуінен, әлде студенттердің жауабынан ләззат алғандай күлімсіреп шығып бара жататын. Шынында әр сабақта ағайдың өзі ғана емес, біз де сол ләззаттың дәмін татқандай болатынбыз. Дәріс дәл осындай шабытпен оқылуының реті де бар, себебі қазақ тілінің осы курсына тән тақырыптар өзі кеше ғана ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған ғылыми жұмысымен байланысты екен. Осы кездерде біз профессор Мәулен Балақаев, оның еңбектері жайында да мол мәліметтер алдық.

Тәкең соңғы курста бізге куратор болып тағайындалды. Бұл тұста оның тек ұстаздық қана емес, ағамыздай қамқорлығын да көп көрдік. Әсіресе, қашық ауылдан, тіпті басқа облыстардан келіп оқып жатқан студенттер стипендияға жете алмай қиналған кездерде оларға ақшалай көмек бергеніне талай куә болғаным бар. Топ басшысы ретіндегі мені және кезекші мұғалімді ертіп алып жатақхананы жиі аралайтын, онда жатқан студенттердің жағдайымен танысып, үнемі солардың ортасында жүретін. Әсіресе, ер балалардың арасында көбірек болып, тәрбиелік мәні бар әңгімелерді жиі айтатын еді.

Сонымен, төрт жыл оқыған институтты да бітірдік, диплом алдық. Сол жылы жазда Тәкеңнің Алматыға көшетінін білдік те, бірнеше бала қоштасуға келдік. Біраз отырып әңгіме-дүкен құрдық, өткен-кеткенді еске түсірдік. Ағай ендігі біздің мұғалімдік жолымызда жетістіктерге жетуімізге тілектестік білдірді. Сөйтіп, 1971 жылғы жазда ол кісіні Алматыға шығарып салдық.

Бұдан соң арада біраз жылдар өтті. Мен мектептен институтқа ауысып, ғылыми жұмыспен айналыса бастаған 80-жылдардың бас кезінде Тәкеңмен тағы кездестім. Арада өткен оншақты жыл бұрынғы ағалы-інілік қатынасымызға көлеңке түсіре алмапты. Тағы да бұрынғыша шүйіркелесе қауыштық. Бұдан кейінгі Алматыға жол түскен қандай да бір сапарымда әл-Фараби атындағы ҚҰУ-індегі жұмысына соғып, сәлем беріп кететін болдым. Ара-тұра әңгімені менің ғылыми жұмысыма қарай бұрып, бағытымды бағдарлап қоятын. Талғат ағайдың ғылыми жұмыстарымен менің терең танысуым да осы кезден басталған. Өйткені менің кандидаттық жұмысымның тақырыбы да, кейінгі докторлық жұмысымның тақырыбы да қазақ тілінің синтаксис саласымен байланысты болды да, Тәкеңнің бұл бағыттағы маған берген ақыл-кеңестерінің септігі көп тиді. Мен кандидаттық қорғаған кезде ол арнайы келіп, кеңес алдында өзінің оң пікірін білдірсе, кейін докторлық диссертацияма сарапшылардың бірі болды.

2-бағыт – ғылымы туралы. Талғат Сайрамбайұлының еңбектерімен таныса келе байқағаным – өзі таңдаған тақырыпты барынша терең, жан-жақты, бүге-шігесіне дейін қалдырмай талдап зерттейтіні. Оның айғағы бір ғана «Сөз тіркесі» тақырыбына, мақалаларын есептемегенде, бірнеше монографиялық еңбек арнауы болып табылады. Соның біреуіне ғана қысқаша талдау жасап көрейік.

1981 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері» атты еңбегі институт оқытушысы ретінде ғылымға бет бұра бастаған кезімізде қолға тиді де, біз тәрізді жас ұстаздардың да, студенттердің де сөз тіркесі жайындағы бұрынғы білімдерін кеңейте, толықтыра түсетін құнды оқу құралына айналды.

Монографияның «Сөз тіркесінің ерекшеліктері» аталатын кіріспе бөлімінде осы мәселенің орыс, түркі және қазақ тіл білімінде зерттелу жайына шолу жасау үстінде әр түрлі тілдердің өкілдері болып табылатын көптеген зерттеуші ғалымдардың пікірлерінде кездесетін ұқсастықтар мен қайшылықтырды салыстырмалы түрде дәлелдей көрсетіп, мынадай тұжырымға келеді: «Көптеген ғалымдар сөз тіркестерін түсіндіруде сөз тіркесі мен тіркес сөздерді бір-біріне шатастырып келеді. Олардың еңбектерінен не сөз тіркесі, не тіркес сөз екенін анықтау қиын. Әрине, сөз тіркесі мен тіркес сөздердің бір-бірінен айырмашылықтары бар. Сөз тіркесі ойдың кішкене бір бөлшегі бола отырып, олар толық мағыналы екі не одан да көп сөздерден құралады. Оның әрбір мүшесі белгілі бір сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалса, ал тіркес сөздерде ондай қасиет жоқ. Олар сол тобымен жинақталып сөйлемнің бір-ақ мүшесі қызметін атақарады» [1, 22-б.]. Осы тұжырым кітаптың келесі тарауларының бағдаршамына айналады.

«Сөз тіркесінің синтаксистік құрылысы» тарауында сөз тіркесінің басқа тілдік бірліктермен қатынасы жайында айта келіп, күрделі сөзден айырмашылықтарының жеті түрін салыстыра отырып атап көрсетеді де, одан әрі сөздердің күрделену әдіс-тәсілдерін түрлі ғалымдардың пікірлерін негіз ете отырып терең талдап көрсетеді. Мұнда, автор сонау бір ертерек кездерде С.Аманжолов тілге тиек еткен «сөздердің тізбектелуі» мәселесін (Ғалым сөздердің «...қатарласып, бірнеше сөз бір мағынаға ие болып жүруін тіл ғылымы сөз тізбегі деп атайды», – дей келіп, оларды 1) лексикалық тізбектер және 2) синтаксистік тізбектер деп бөледі де, қысқаша ғана мәлімет береді) [2, 65-66 бб.] және өткен ғасырдың орта тұсында М.Балақаев көрсеткен «түйдекті тіркес» мәселесін (Ғалым 1954 жылғы «Қазіргі қазақ тілі» академиялық грамматикасында сөз тіркестерін 1) тізбекті тіркес және 2) түйдекті тіркес деп бөледі де, олардың жасалу жолдарына қысқаша ғана сипаттамалар берумен шектеледі) [3, 377-385 бб.] нысанаға ала отырып, одан әрі тереңдете, жан-жақты зерттеу нысанына айналдырады. Сөйтіп, өзі мақсат еткен күрделі сөз тіркестері, олардың құрылымдық түрлері мәселесін түбегейлі қопара зерттеуге жол ашады. Еңбектің «Күрделі сөз тіркестерінің құрылымдық түрлері» деп аталатын негізгі бөлімі осыған арналған.

Бұл тарауды автор әуелі 1) Есімді күрделі сөз тіркестері және 2) Етістікті күрделі сөз тіркестері деп бөліп алады да, сөз таптарының күрделенуін негізге ала отырып, сөздердің байланысу түрлері ыңғайында әрқайсысын жеке-жеке (мысалы: қабыса байланысқан есімді күрделі сөз тіркестері, меңгеріле байланысқан есімді күрделі сөз тіркестері, т.б.) талдап қарастырады.

Талдаудың ерекшелігі мынадай: әуелі белгілі бір сөз табын құрайтын дербес мағыналы сөздердің, содан соң көмекші есім, етістік сөздердің, шылаулардың, модаль сөздердің, фразеологиялық тіркестердің т.б. тілдік бірліктердің күрделі тіркестерді құраудағы қызметтері мен мағыналық ерекшеліктері толығымен айқындалады және әрқайсысына жекелей қорытынды тұжырымдар жасалып отырады. Мысалы, көмекші сөздер жайындағы бір қорытынды тұжырым былай беріледі: «Қорыта айтқанда, сөз тіркестердің аясын кеңейтудегі көмекші сөздердің қызметі олардың мынадай ерекшеліктеріне байланысты:



  1. белгілі мағынасы жоқ, сондықтан әрдайым белгілі сөз таптарына қатысты;

  2. өзіндік синтаксистік қызметі жоқ, бірақ басқа сөздермен тіркескенде ондайқызмет айқын байқалады;

  3. морфологиялық өзгеріс кейде болады, кейде болмайды;

  4. бағыныңқы-басыңқы қызметте жұмсалмайды;

  5. басқа сөздерге тіркескен кезде оны грамматикалық жағынан өзіне бағындырады;

  6. толық мағыналы сөздердің мағыналық мәнерін айқындауда басты тұлғағаайналады» [1, 53 б.]. Осындай 10 түрлі қорытынды тұжырым модаль сөздердің қызметі жайында да беріледі.

Күрделі сөздердің құрылымдық түрлерін айқындауда ғалым жеке сөз таптарының өзіндік тұлғалық түрлену ерекшеліктерінің де орны бар екендігіне оқырманның көзін жеткізу үшін әр тұлғаның қызметіне тоқталып мысалдармен тиянақтап отырады. Мәселен сын есімнің тіркес құраудағы рөлін айту үстінде «...кейбір жұрнақты түрлерінің күрделеніп, сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарында жұмсалуын арнайы сөз етіп отырмыз», дей келіп, -лық (-лік), -лы (-лі), -ғы (-гі) т.б. жұрнақтармен жасалған сын есімдердің қызметі мен мағыналық ерекшеліктерін даралап көрсетеді [1, 103-113 бб.].

Сонымен, осы бір бірегей еңбектің жалпы мазмұнына қысқаша шолу жасай отырып, «бұл еңбек несімен құнды, еңбектің өзіндік ерекшелігі неде, ғылымға не берді?» деген тәрізді сұрақтарға жауап бермей кетсек, автордың еңбегін бағалай алмағандығымыздың белгісі болар еді.

Біріншіден, автор әрбір тақырып бойынша алға қойған мақсатын орындауда нақтылыққа, дәлдікке жүгінеді. Сол үшін де әрбір айтылмақ ой-пікірін өзінен бұрынғы орыс, түркі, қазақ ғалымдарының ойларымен, көзқарас, тұжырымдарымен тұздықтап, дәлелдеп отырады. Сонымен бірге, олардағы қайшылықтарды дәл тауып, өзіндік уәж, тұжырым айтады. Оған сенбеске амал қалдырмайды. Әрине, бұл жерде ғалым қолданған барлық авторларды тізіп беру қажет те, мүмкін де емес. Тек, бір ғана 22 беттік кіріспе бөлімде 37 әдебиетке сілтеме жасалса, 60 беттік 1-тарауда 99 әдебиетке сілтеме жасалғанын айтсақ та жеткілікті болар деп ойлаймыз.

Екіншіден, жоғарыда көрсеткеніміздей, өзінен бұрынғы осы тақырыпты сөз еткен ғалымдардың ешқайсысының еңбектерінде күрделі сөз тіркесі деген атау да, дәл осындай терең де жан-жақты талдау да болған емес. Бұрынғы «тізбекті тіркес» аталып келген осы мәселе жаңаша «күрделі сөз тіркестері» деген атаумен аталады. Яғни, автор терминді жаңартады және осы күрделі сөздер бір сыңары болып келетін сөз тіркестеріндегі олардың мағыналық қолданыстары айқындалады. Мысалы, ғалымның көрсетуінше, тек «екі зат есімнің тіркесуінен ғана құралған күрделі сөз тіркестері мынадай мағыналық қатынаста жұмсалады:



  1. Заттың неден, қандай заттан жасалғанын білдіреді.

  2. Бір затты басқа затқа арнау мағынасында қолданылады.

  3. Салыстыру, теңеу мағынасында жұмсалады.

  4. Бір зат екінші затты мекеніне қарай анықтайды.

  5. Заттың өлшемдік мағынасын білдіреді.

  6. Кәсіп-дәрежені білдіреді.

  7. Адамның жынысын білдіреді.

  8. Даралау мағынасында жұмсалады» [1, 84 б.]. Ал, тіркескен сөз саны көбейгенсайын олардың мағынасында да өзгешеліктер болатыны сөзсіз. Бұл жерде Т.Сайрамбайұлы өзінің ұстазы М.Балақаевтың бір кезде айтқан: «Көп құрамды сөйлемдердегі сөз тіркестерінің әр компоненті, кейде бір сөз тіркесі түгелімен басқа сөз тіркесінің құрамына еніп, олардың саны да, мағынасы да түрлене береді» [3, 377 б.] деген сөзін басшылыққа алып, оны практикалық тұрғыда дәлелдегенін аңғарамыз.

Үшіншіден, бұл кітап – ғылыми еңбек қана емес, мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының ұстаздары үшін таптырмас көмекші құрал. Өйткені, оқу орындарында сөз тіркесі тақырыбын оқыту кезіндегі сөйлемді сөз тіркесіне талдауда көптеген қиындықтар кездесіп жатады. Мәселен, күрделі сөздерді сөз тіркесінен айыра алмағандықтан, олардың құрамындағы әр сөзді жеке бір мүше ретінде талдау, күрделі сөз құрамындағы көмекші модаль сөздерді, мағыналы модаль сөздерден айыра алмау сияқты қателіктер мұғалімдердің өздерінде де жиі кездесіп қалып отырады. Сол қиындықтарды шешудің жолдарын ұстаздар осы кітаптан таба алады.

Төртіншіден, кітапта әрбір айтылған ой, тұжырымдар қазақ ақын- жазушыларының шығармаларынан, баспасөз материалдарынан іріктеліп алынған мысал-сөйлемдермен тиянақталып отырылады. Мұны кітап соңында көрсетілген 59 автор мен 9 баспасөз атауларынан айқын аңғарамыз.

Бесіншіден, бір ғана тақырыпты ізденіс нысаны ете отырып, алған мақсатқа жету жолында ондаған ғалымдардың еңбектерін оқып оларға талдау жасау, көптеген көркем шығармаларды оқып одан керекті мысалдарды іріктеп ала білу сияқты жүйкені жұқартатын іспен жалықпай айналысу – бұл ғылымды сүйген, ғылымдағы өз жолын айқындап алған нағыз ғалымның ғана қолынан келетін іс. Ал, мұндай іспен Талғат Сайрамбайұлы – өмірінің ақырына дейін айналысқан ғалым. Бұған оның өзінің жеке авторлығымен шығарған 12 монографиясы, қосалқы авторлармен шығарған оқу құралдары, сөздіктері, әдістемелік құралдары (ұзын саны 30 шақты) және 230-ға тарта мақалалары куә бола алады. Міне, сондықтан да, Талғат Сайрамбайұлын синтаксистің сарбаздығынан «сардары» дәрежесіне жеткен, Қазақ тіл білімінің қалыптасу тарихында өзіндік өшпес із қалдырған ғалым десек жарасады.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. – Алматы: «Мектеп», 1981. – 198 б.

  2. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: «Санат», 1994. – 320 б.

  3. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1954. – 563 б.

Дәулетбекова Жанат


Пед.ғыл. докторы, профессор,

ҚазҰПУ, Алматы, Қазақстан

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ХАС ШЕБЕРІ


Мектепте, жоғары оқу орнында оқыған кез келген адамның өмірінде із қалдыратын айрықша ұстаздар болады. Оларды еске алғанда, бірінің терең білімділігі, екіншісінің оқыту шеберлігі, үшіншісінің тілеулес көңілі алдымен ойға оралады. Ал кейбірі ұстаздық ұлағатымен біртұтас тұлға қалпында есіңде мәңгі қалады екен. Осындай аяулы тұлға болып менің санамда қалған санаулы жандардың арасында Талғат ағайымның, ұлағатты ұстазым Талғат Сайрамбаевтың жанына жақын тартып, ағалық пейілін танытқан туысымның, өмір жолымдағы шешуші бір сәттерде қолын созып, қамқорлық көрсеткен асыл ағамның жөні бөлек еді...

Әлі есімде, университетке түскеннен кейін үшінші жылы Талғат аға бізге «Синтаксистен» сабақ берді. Алғаш кіріп келгенде-ақ ағаның айналасы түгел нұрланып сала бергендей әсер қалдырып еді. Жоғары оқу орнының кез келген оқытушысына үлгі болар деген оймен мен Талғат ағаның ұстаз ретіндегі мынадай ерекшеліктерін атап айтқым келеді.

Біріншіден, ол кісі сабақтың бір минутын да ысырап етпейтін. Кейбір дәріскерлер секілді сабақтың жартысын «студенттерді түгелдеумен» немесе сабаққа ешбір қатысы жоқ қылжақ сөздермен уақыт оздыру ол кісінің табиғатына жат еді.

Екіншіден, әрбір тақырыпты жан тәнімен беріліп түсіндіретін. Қағаздан қарап оқу атымен болмайтын. Даусы саңқылдап, биікке қонақтаған қырандай, студенттерді бірден өзіне қаратып алатын. Сол биігі мен мақамын сабақтың соңына дейін бәсеңдетпейтін. Барынша жинақы, барынша тапқыр, барынша сергек ұстаз тыңдаушыларын да сондай қылапта болуға ұмтылдыратын. Тақырыптық тұрғыда күрделілеу мәселелерге айрықша мән бере, бір-екі рет қайталап, оның әр қырынан ашуға тырысатын. Түсіндірдім болды, қабылдасаң да, қабылдамасаң да өзің біл деген немқұрайдылық жоқ еді. Өзінің айтқанының студентке жеткені ол кісі үшін аса маңызды болатыны соншалық, дәріс үстінде де бірнеше сұрақтар қойып, оның шын қабылдағанына әбден көзі жеткен соң ғана келесі мәселелеге көшетін.

Үшіншіден, барлық сабағы «жанды» өтетін. Талғат ағаның дәрістері елдің еңсесін езіп жіберетіндей монотонды болмайтын. Сабақты бір кітапты, я өзінің «алуан түрлі жазбаларын» жайып тастап, содан бас алмай, түгелдей дерлік жаджазу дәрістерден тым бөлек болатын.

Төртіншіден, ол кісіден «мені тыңдаңдар» деген астам көңіл байқалмайтын. Үлкен болсын, кіші болсын, әр адамның сөзіне ден қойып, ықыласпен тыңдау қабілеті айрықша еді. Дәрістерінің арасында не сабақтың соңына қарай құрылымы ерекше сөйлемдерді тақтаға жазып жіберіп, «ал осыған синтаксистік талдау жасай қойыңдар» дейтін. Студенттерге не бастауышы, не баяндауышы көрінбейтін осы «қызық» сөйлемдерден жаңа теориялар шығартатын. Біздің айтқан уәждерімізге бар ынтасын салып, тыңдай қалатын. Дұрыс айтпасаң, жетектеме сұрақтар қойып, өзіңе өзіңнің шатасқан жеріңді тапқызатын, ал дұрыс айтсаң, одан әрі тереңдете түсіп, ойлануға мәжбүрлейтін. Қарап отырсам, қазір жерден жеті қоян тапқандай шуласып, жаңа әдіс деп аузымыз айтқанымен, қолымыздан келмей жүрген талай әдістерді Талғат аға үнемі қолданып жүрген екен. Мәселен, жоғарыдағыдай сабақтарды өткізуі студенттердің шығармашылық бетсенділігін арттыратын өте тиімді әдіс – интерактивті әдісті Талғат ағаның сол кезде-ақ жүзеге асырғанын көрсетеді.

Бесіншіден, өзімшілдіктен ада ұстазымыз сабақ үстінде де студенттердің

бір-біріне көмектесуіне, өзара жақындасуына мүдделілік тудырып отыратын. Өйткені топтық жұмыстың да «қызықтары» Талғат ағаның сабақтарында айқын байқалатын. Ол кісі өз әдісін «бригадалық әдіс» деп атайтын. Сол топтың ішінен бір ғана студенттен сұрайтын да, ол қандай бағаға лайық жауап берсе, сол бағаны «бригаданың» қалған мүшелеріне де қоятын. Ешқашан «екі», «үш» деген баға алып көрмеген озаттар үшін бұл бір сұмдық оқиғадай болатын. Балалық екен ғой, сол бағалар үшін талайымыз жылап, ертең емтихандағы бағамыз қалай болар екен деп шошып жүруші едік. Сөйтсек, осы әдістің ар жағында бүгінде білім философиясы ат қойып, айдар тағып берген рефлексия да, өзара қатынас та, өзара тәрбие де жатыр екен.

Алтыншыдан, ол кісі тәртіпті өте жақсы көретін. Өзінен кейін келген студентке аудиторияға кіруге рұқсат етпейтін. Бірақ дәрістері соншама еркін, барынша жайлы, бейбіт атмосферада өтетін. Арасында әзіл-қалжыңын да ұмытпайтын. Тосын да, қызықты бұл қалжыңдар студенттердің дәл сол сәттегі көңіл-\күйіне сай келіп, әрекетіне дөп тиетіні соншалық, «босңсыған», я «манаураған» дәулер тез есін жия қоятын-ды.

Жетіншіден, Талғат аға еш нәрсеге немқұрайды қарай алмайтын елгезек жан еді. Студенттердің арасында кей-кейде сабаққа зейін қоймау немесе айтылған ескертуден қорытынды жасай алмау секілді кемшіліктер көрсе, кейбір оқытушылар секілді кемшіліктер көрсе, кейбір оқытушылар секілді дөрекі сөз айтуды білмейтін. Қанша ашуланса да өзін өте сабырлы қалыпта ұстайтын.

Сегізіншіден, Талғат аға, емтихан кезінде нағыз тілекшіңе айналып кететін. Ол кісіде студенттерді емтиханмен, бағамен қорқытатын ұсақтық қасиет жоқ еді. Емтихан алдында одырая қарап, осқырына мінез көрсететін оспадарлық та болмайтын. Керісінше, қорытынды сынақ кезінде күнделікті сабақтағы «бағаға сараң» ұстазымызды танымай қалатынбыз. Сенің дұрыс айтқан жауабыңа балаша мәз болатын. Егер тіпті ұтқыр бір жауап тапсаң, сол сұрақты одан әрі тәптіштеп отырмайтын. Айтарыңды алғашқы жауабыңнан-ақ аңғаратын да, өзіңді аспанға көтере мақтап, мадақтап, соншалықты риясыз көңілмен алғыс айтып, жоғары бағаны сынақ кітапшаңа қондырып беретін.

Тоғызыншыдан, ол кісі барынша демократшыл еді, студенттерге биіктен қарап, кеуде керіп, менсінбеушілік деген атымен жоқ қасиет болатын. Сонымен бірге ешкімді басындырмайтын да. Жағдаятқа қарай тіл табысуға, жастарды түсінуге, кешіруге даяр тұратын. Олармен соншама жылы, әрі өзімсіне сөйлесетін. Сабақ түсіндіргенде де, ескерту айтқанда да, аңқылдаған ниеті көзег ұрып тұратын. Жарқылдаған күлкісі, сабақты «санаңа құйып бергендей» түсіндіруі де 75 студентті бірден баурап әкететіні соншалық, бір жарым сағаттың қалай өтіп кеткені де байқалмайтын.

Оныншыдан, студенттердің бәрін десем артықтау болар, бірақ алдынан өткен басым көпшілігін есінде өте жақсы сақтайтын. Жинала қалсақ, өзі үміт артқан курстастарымызды сұрастырып, жақсысына қуанып, тілектестігін білдіріп, сәлім айтып қоятын.

Міне, осы қасиеттер ол кісінің болмысынан ұстаз, тумысынан оқытушы екендігін дәлелдесе керек. Талғат ағаның оқытушы ретіндегі орны тым дара тұруына осындай жаратылысы сбеп болғаны хақ.

Талғат аға қаны бір жақыным болмаса да, бір топырақтан жаралған, жекжаттық жолы түйіскен жан еді. Бірақ жан шуағы елдің бәріне бірдей жетіп жататын ас та төк ниетімен, өзінің адам жатырқамайтын, кімге болса да, көмектескісі келіп тұратын айрықша ашық жарқын көңілімен ол менің туған ағамдай болып еді. Алғаш көргеннен-ақ мені қара қыз деп атап кетті. Көрген сайын «менің қара қызым, қарындасым» деп еркелетіп қоятын. Мен де ағаның алғаусыз ашық көңіліне марқайып, үнемі жанынан табыла бермесек те (күнделікті күйбең тіршілік пен қанға сіңген жайбасарлықтың салдары ғой), алыстан айбар көріп, арқа сүйеп жүруші едім. Ол кісінің өзі де осы күйімді бірден аңғаратындай: «Қандай проблема бар, қара қыз?»- дейтін аңқылдай күліп. Мен ағаның көңілін жайландырып: «Аға, Сізге тартсам, қандай проблема болуы мүмкін. Бәрі жақсы!», - деймін.

Ағамның қазақтың сөзге тоқтар ата дәстүрін сақтаған асыл қасиетін танытар мына бір жайтты айту қажет деп санаймын. 2000 жылдардан кейін жалпы білім беретін орта мектептерге арналған жаңа буын оқулықтары енді ғана шығып, педагог жұртшылықтың арасында едәуір қозғалыс, әрқилы пікірлер туып жатқан уақыттыра еді. Бір күні мен де жаңа буын оқулығының авторы, әрі осы оқулықтарды шығаруға жауапты мекеме Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім академиясының қызметкері ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиеті ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияға шақырды. Қызық болғанда, менен басқа ешбір автор бұл конференцияға келмепті. Академияның Президенті пленарлық мәжілісте баяндамасын жасады да, кетіп қалды. Конференция аса тартысты өтті. Әсіресе, атақ даңқы бар тілші ғалымдар тарапынан жаңа буын оқулықтарына көп сын айтылды. Осы істен біз неге тысқары қалдық деген өкпеназдар да болмай қалған жоқ. Енді бірі «менің ашқан «жаңалықтарым» неге жаңа буын оқулығына енбеген?» деген сауалдарын да жаудырып жатты. Мұғалімдердің көпшілігі әлі жаңа дүниенің сыры мен қырын толық танып үлгермеген. Көбі кімнің даусы қаттырақ шықса, соның ыңғайына қарай «бейімделіп», «әліптің артын бағып отыр». Сондай бір тұста Талғат аға: «Бұл салада бізге де оқулық жазуға болар еді, өйткені алдымызға келетін мектеп оқушыларын қай бағытта оқытудың жолдарын ұсынар едік», - деді сөз арасында. Кейбірі әділ болғанмен, кейбірі тисе терекке, тимесе бұтаққа деген оймен де жан-жақтан төпелеген түрлі «сынға» ширығып тұрған мен: «Аға, оқулық ешкімнің жеке меншік дүниесі емес, сондықтан оған ғалымның әрқайсысына сауын айтып, арнап шақыруға ешкім де міндетті емес. Бұл оқулықтарға арнайы конкурс жарияланды. Ол БАҚ құралдарында берілді. Неге сол кезде өздеріңіз атсалыспадыңыздар?!» - дедім. Талғат аға маған жалт қарады да: «Ә, солай ма еді? Онда өзімізге обал жоқ»,- деп қарқылдап күліп, жеп-жеңіл жеңіле салғаны. Ал енді өзім ұялайын. Бөтен емес, өз ағама қалайша осылай айттым деп қарадай қысылдым. Ал Талғат ағам түк болмағандай, қайта өзін кіналап қояды. Тіпті, керісінше, дәл осы конференция соңында мені бірталай мадақтап, менің сын айтқандарға ұсынған уәждерім мен берген жауаптарыма ризалығын білдіріп еді. Бұл да жақсылығын сатусыз жасайтын, жаны жайсаң, табиғаты жомарт, кісілігін кішілігімен дәлелдейтін дархан тұлғаға ғана жарасар мәрт мінез екен.

Туыс-жегжат ретінде де Талғат ағаның үйін ақжайлау санап, қонаққа барған, ретіне қарай қонаққа да шақырысқан күндер болды. Сондағы бір байқағаным, ешуақытта шақырылған жеріне кешігу дегенді білмейтін. Сосын ең сыйлы орын өзінікі бола тұра жасы кіші болса да біреулерге «алыстан келдің ғой» деп, біреулерге «жолың үлкен екен» деп кішіктік көрсететін мінезі бар еді. Қандай ортаға да тез сіңіп, айналасындағылармен емен-жарқын араласып, жөн сұрасып, кез келген тақырыпта сөйлесіп отыратын. Дастархан басында да өзін ғылыми атағым бар, мансабым бар деп өзгеден оқшаулану, сырбазсынып, қоқилана қалу да жат еді. Бірде Талғат ағам мен Гүлзада жеңешемді үйге соғымбасына шақырдық. Алдына бас тартып, омыртқа қойдық. Аға бәрін ретіне қарай жөн-жолымен үлестіріп, отырғандарға ауыз тигізді. Мен ырымдап өзімнің кенжетайым Сәбитті және екі кішкентай жиенімізді ертіп келіп: «Аталарыңның қолынан дәм татыңдар, ағамның жолы жұғысты болсын», - дедім. Сол кезде Талғат аға: «Қайрат-ау, алдыма ас қоясыңдар да, бірақ барлығын өздерің жейтін сияқтысыңдар ғой!» - деп әдемі әзілдеді. Қасына шауып келген әр баланың атын сұрап, оларға да қалжыңын айтып, мәз қылып күлдіріп алды. Сосын ғана жеке-жеке баталы тілегін айтып, ауыздарына ет асатқаны да кеше ғана сияқты.

Біздің, Қайрат екеуміздің де, кандидаттық, докторлық жұмыстарымыздың қорғалуына да бар ниетімен тілектес болды. Қызығымызға қатты қуанды. Сол сәттерде мен де атамның артқан сенімін ақтағандай, жасаған жақсылықтарын осы қорғауымыз арқылы қайтарғандай сезімде болып едім. Өйткені ол кісі: «Міне, үмітті ақтады деген осы», деп көтермелеп қоятын.

Ол кісінің арқасына батқан жүктің салмағын ешкімге білдіре бермейтін хас жақсыға лайық тағы бір қасиетіне тәнтІ болдым. Біз үлкен қызымыз Перизаттың ұзатылу тойына Талғат ағам мен Гүлзада жеңешемді арнап шақырдық. Тойда ардақты екі жан керемет тілектерін айтты. Көпшілікпен емен-жарқын сөйлесіп отырды. Бірақ, тойдың соңына қарамай, ертерек қайтуға рұқсат сұрады. Қимай шығарып салдық. Соңынан бір-ақ білдік: бұл шетелде емделіп жатқан ұлы Дәуреннің денсаулығы көңілдерін қатты алаңдатып тұрған күндері екен. Соны да тойдағы көңілдерін бұзбайық деп бізге білдірмепті. Өзінен бұрын өзгенің қамын жеп жүретін қайран аға, өмірінің соңғы сәтінде де енді қорғауға шығайын деп жүрген шәкіртінің құжаттарына қол қойып, шығарып салады. Үйге кіре бергенде өмір серігінің атын бір рет атап, бақиға жүре бергенін естігенде ет жүрегім езілді. Асыл аға, ғұмырыңыздың соңғы сәтінде де адамдарға жақсылық жасаудан танбаған сол адал көңіліңізбен Сізді білетін барша елге тағы бір адамдық үлгі көрсетіпсіз-ау.

Ағаны аяулы жары бастаған балалары, ұрпағы, ағайын-туысы, құда-жегжаты, досжараны, ұжымы мәңгі сапарына арулап шығарып салды. Дәл осы сәттің өзі де өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайтынын маған тағы бір мойындатқандай болы: Ағаның асы «аАтын адам» мейрамханасында берілді. Шын мәніндегі Алтын адам екенін Ол өз ортасына тағы бір дәлелдеп, соңғы сапарына алаңдамай кетіп бара жатқандай болып еді...

Келешекте ізденушілер мен студенттердің игілігіне жарасын деп ғылымға қадам басқан күніңізден жинаған қомақты ғылыми кітапханаңызды отбасыңыз ҚазҰУ-дың кітапханасына тапсырды және өзіңіздің авторлығыңызбен шыққан мұраларыңызды біріктіріп, үлкен жинақ етіп ғылыми ортаға ұсынбақшы.

Осынау шексіз ғаламда Сіз секілді Адаммен жолығып сабақ алғанымыз тағдырдың сыйы екен. Санаға шындап түйгеніміз: Жақсы адамның ізгі ісі өшпейді. Сізден алған өнеге мен тағылымды бойымызға дарыту бізге де үлкен сын екен.



А. Б. Салқынбай

Ф.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан

Т. САЙРАМБАЕВ – СӨЗ ТІРКЕСІН ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМ

Филология ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сайрамбаевтың ғылымипедагогикалық жолы ХХ ғасырдың 60-жылдарынан басталады. Бұл Коммунистік партияның ХХ съезінен кейін біршама уақыт өтіп, ел есін жиған, ХХІІ съезде елде кемелденген социализм орнады деген қорытынды жасалып, партияның үшінші бағдарламасы қабылданған уақыт еді. Елде коммунизм орнату үшін коммунизмнің материалдық базасын жасау; жаңа адамды тәрбиелеу; коммунистік қоғамдық қатынастарды жетілдіру сындымәселелерді шешу күн тәртібіне қойылған-ды. Бұл кезең Кеңестік тіл білімінде құрылымдық бағыттың орнығып, ғылым мен білім жүйесінде біршама іргелі ғылыми зерттеулер жазылып, Кирилл жазуы мен оның емлесінің орныққан тұсы болатын. Осы кезеңде ғылымға келген Талғат Сайрамбаев профессор Мәулен Балақаевтың жетекшілігінде ғылыми қызметке араласады.

60-жылдардағы қазақ тіл білімінің жетекші идеясы мен басты базалық бағытын анықтаған 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбек еді. Кітап авторлары М. Балақаев (сан есім, шылау сөздер, көмекші есімдер, жай сөйлем синтаксисі) А. Исқақов (морфологияның жалпы бөлімі, зат есім, сын есім, есімдік, үстеу, одағай, еліктеуіш сөздер, көмекші есімдер), Ғ. Мұсабаев (лексика), Н.Т. Сауранбаев (етістіктер мен құрмалас сөйлем синтаксисі) болады. Бұл еңбектің басты ерекшелігі - сол кезеңде қалыптасқан идеологиялық жүйеге сәйкестендірілгені, тілдік бірліктер негізінен формальдық бағытта қарастырылғаны болатын. Кітаптың алғысөзінде былайша атап көрсетілген: «Қазақ тілін зерттеуге арналған едәуір еңбектерде бір жағынан грамматика, семасиология, лексикология мәселелері шексіз мыйластырылса, екінші жағынан тілдің грамматикасынан гөрі семасиологиясын асыра бағалауға көңіл бөлініп, морфологиядан гөрі синтаксиске айрықша мән берілді. ... Ал ол жұмыстарды мазмұн жағынан алсақ, сол асыра дәріптелген синтаксистің өзіне грамматикалық тұрғыдан сипаттама беруден гөрі, семасиологиялық, логикалық тұрғыдан сипаттама беру әдеті әлдеқайда күшті болды. Қазақ тілінің синтаксистік құрылысында белгілі бір қалыптасқан орнықты сөз тіркестерінің, сөйлем құрылыстарының заңдары болмаған сияқты көрсетілді де, әрбір сөз тіркесінің түрі, әрбір сөйлемнің тұрпаты семантиканың талабына сай құбылып, өзгеріп отыратын көріністер ретінде суреттелді.. » [1. 6]. Сөйтіп, 1954 жылға дейін жасалған ғылыми тұжырымдардың көпшілігі теріске шығарылып, кеңестік кеңістіктегі басты идеяларды негізге ала отырып, қазақ тілінің басты тұлғалық ерекшеліктері мен құрылымдық сипаты талданған-ды. Осы ғылыми тұжырымдар қазақ тіл білімінің оқулықтары мен оқу құралдарында, мектеп оқулықтарында күні бүгінге дейін сақталып отырғанын да ерекше атап өту керек, «Формадан мағынаға» принципіне сүйенген бұл бағыт қазақ тіл білімінде 80-90-жылдарға дейін негізгі зерттеу әдісі ретінде қолданыс тапты.

Т. Сайрамбаевтың 1967-жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім мен сан есімнің етістікпен тіркесі»атты кандидаттық диссертациясы осы қағида бойынша жазылады. Ғалым сөз тіркесі тақырыбына бойлап еніп, оның теориялықнегізін тереңдетіп, жан-жақты зерделеді. Осы тақырыпты кейін жүйелі қарастыра отырып, «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерінің құрылымдық-семантикалық типтері» деген докторлық диссертация деңгейіне дейін жеткізіп, сөз тіркесін енді тек формальдық бағытта ғана емес, оның семантикасын қарастырып, құрылымдық бағытта егжей-тегжейлі зерделейді. Сөз тіркесінің «зерттеу нысаны кейінгі кездің жемісі» екенін ескерте отырып, автор «Сөз тіркесіне қатысты мәселенің бірі - оның құрылысы. Сөз тіркестерінің құрылысы орыс тіл білімінің өзінде де арнайы зерттеудің объектісі болған емес, жалпы осы уақытқа дейін күрделі сөз тіркесі деп нені айтамыз дейтін мәселенің өзі де ойландырады» - деп жазады [2. 11]. Яғни, бұдан аңғаратын жайт: біріншіден, сол кездегі басты зерттеу бағыты – сөз тіркесінің құрылысы; екіншіден күрделі сөз тіркесінің құрылысы туралы ғылыми мәселе енді ғана көтеріліп, ғылыми деңгейде қарастырылып отыр. Ғалым өз бағытын нақты анықтайды, айқындайды. Т. Сайрамбаев қазақ тіл білімінде алғаш рет күрделі сөз тіркестерінің құрылымдық түрлерін зерттеп, зерделеп, есімді күрделі сөз тіркестері мен етістікті күрделі сөз тіркестерінің басты ерекшеліктерін анықтады.

Біз ғалым ұстанған ғылыми этиканы ерекше атап өткіміз келеді. Ол сөз тіркесіне қатысты өзіне дейін жазылған түркітанудағы және қазақ тіл біліміндегі жеке мақаладан бастап, оқулықтар мен оқу құралдарындағы пікірлер мен ғылыми тұжырымдардың бірін қалдырмайды. Тіпті мектеп грамматикасында жазылған пікірлерді де саралап, оған баға беріп, қажетті теорияларын өз еңбегіне қисынына қарай қолдана білді. Бұл мәселеге ерекше мән беріп отырғанымыздың өзіндік себебі де жоқ емес, өзіне дейінгі ғылыми еңбектерді толықтай атап көрсету де ғылымдағы біліктілікті танытса керек. Талғат Сайрамбайұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі 10.01.01 - қазақ тілі мамандығы бойынша диссертациялық кеңес төрағасы болған жылдарда ізденушілерге қоятын басты талаптарының бірі - қорғалатын тақырып бойынша жазылған ғылыми зерттеулерден бастап, мақалаға дейін авторларды қалдырмай толық көрсету болған еді. Қазіргі кездегі ғалымдарға үлгі аларлық-ақ іс.

Т. Сайрамбаев зерттеулеріне дейін сөз тіркесінің байланысу формалары түркі тілдерінде де, қазақ тіл білімінде де бір қалыпқа түспеген болатын. Ғалым осы мәселеге терең мән бере отырып, байланысу формалары ретінде мыналарды көрсетеді: меңгеру, матасу, қабысу, қиысу. Кейінгі зерттеулерде (С. Исаев) қиысу да сөз тіркесінен гөрі құрылысы мен мағынасы жағынан жай сөйлемге көбірек жақындайтыны талданып, таразыланып, дәлелденіп берілсе де, қазіргі кездегі мектеп оқулықтарында байланысу формалары ретінде қиысу, матасу, меңгеру, қабысу жанасу болып беске бөлініп беріліп жүргенін түсіну қиын-ақ. Бұл тек оқушылардың сөз тіркесінің табиғатын түсінуін қиындатудан басқа түк емес. Мектептегі оқу бағдарламасының қазақ тіл білімінде қалыптасқан теориядан алшақтағанын қалай түсінуге болады. Қазақ тіл біліміндегі сөз тіркесінің білгір мамандарының жасаған теориясы жаңалық ретінде мектеп оқулықтарынан орын алатын уақыт келді.

Ғалым зерттеулерінің басты ғылыми жаңалығы – сөз тіркесін құрылысы жағынан жай және күрделі деп бөліп алып, күрделі сөз тіркестерінің тілдік табиғатын айқындағаны дер едік. Сөз тіркесі сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы ақпарат алмасудағы ойды білдірудің басты сегменттік бөлшегі бола отырып, сөйлемдегі басқа сегменттік бөлшектерден өзіндік ерекшелігі мен айырмашылығы бар. Мұндай теориялық мәселе, әрине, Т. Сайрамбаевтың назарынан тыс қала алмайды: «... күрделі сөз тіркестерінің жасалу ерекшелігін анықтау күрделі сөздердің жасалу жолдарын айқындауды қажет етеді», - дей келіп, М. Балақаев, Ы. Маманов, К. Аханов сынды ғалымдар еңбегіндегі басты тұжырымдарға сүйене отырып, күрделі сөз бен күрделі сөз тіркесінің басты белгілері мен айырмашылықтарын анықтап, електен өткізеді [2.25-29]. Ұстаз-ғалым жасаған күрделі сөздер мен күрделі сөз тіркесінің айырмасы мен ұқсастығы туралы ғылыми тұжырымдар 90-жылдары қалыптасып дамыған қазақ тілінің сөзжасамын зерттеуде де ғылыми қолданысқа ие болды. Әсіресе, күрделі туынды сөздердің жасалу жолдарын белгілеуде, күрделі сөз тіркесінің нәтижесінде жасалған термин сөздердің табиғатын танытуда аспиранттар мен жас ғалымдар профессор М. Сайрамбаев еңбектеріндегі теориялық тұжырымдарға соқпай кете алмағаны шындық.

Сөз тіркесінің күрделенуінің бұрыннан айтылып келе жатқан жолдарынан бөлек, көзге көп түспей, зерттеу нысанына айнала қоймаған – көмекші есімді сөз тіркесі, етістіктердің күрделі сөз тіркесін құраудағы рөлі, шылаулы сөз тіркестері, модаль сөзді сөз тіркестері – ғалым қаламы арқылы ғылыми айналымға түсті десек қателеспейміз. Талғат ағайдың қолында үнемі карточкалар жасауға арналған парақшалар жүруші еді. Күнделікті лебізде қолданған, болмаса, бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін күрделі сөзге қатысты мысалдарды жинап, жазып алып, талдап, студенттер арасында талқылап, тілдік деректерді мұқият жинап жүргенін талай көзіміз көрді. Тілге деген жанашырлығын, сөз құдіретін тануын, осындай тірнектеп мысал жинау арқылы өзінен кейінгі жастарға үлгі көрсеткенін қазір бағалаймыз, түсінеміз. Ғалым еңбектерін қайта қарап, барлай парақтағанда, осы ізденістердің нақты нәтижесі анық аңғарылады. Зерттеу жұмыстарында, ғылыми мақалаларында кез келген қисынды, қағиданы нақты тілдік деректермен көрсетіп дәлелдеу - ғалымның таңдаған басты әдіс-тәсілі екенін түсінеміз.

Т. Сайрамбаев күрделі сөз тіркестерінің түрлерін сол кезеңде қалыптасқан құрылымдық теория негізінде саралайды. Ғалым күрделі сөз тіркестерін тек зат есімнен не етістіктен жасалған деп, морфологиялық сипаттама беріп қана өтпеген, әрбір түрінің семантикалық ерекшелігін анықтап, мағыналық топтарын көрсеткен. Бізге ғалымның түйдекті тіркестер туралы айтқан ойларының маңызы ерекше болып көрінеді. Сөз тіркесінің дами келе атау жасауға қабілетті болатыны Т. Сайрамбаев еңбектерінде аталып өтіледі. Кейін ғалым өзінің жақсы шәкірті Б. Рысбайға қазақ тіліндегі шектеулі тіркестер туралы ғылыми жұмыс жазғызып, қорғатқанын еске алсақ, аналитикалық жолмен жасалатын атаулардың сөзжасамдық табиғатын терең танығанын аңғарамыз. Тілдегі атаулар бір күнде жасалатын нәрсе емес, олар тілдік дамудың өн бойында танымдық әрекеттер негізінде дамиды. Күрделі сөз тіркесі ретінде жасалып, бірте-бірте атау ретінде қалыптасқан мектеп реформасы, мектеп оқушысы, электрлендіру заманы, есептегіш машина т.б. сияқты сөздердің жасалу табиғатын сөз тіркесі теориясы негізінде зерделей отырып, «тіліміздегі жаңа тіркестер лексикамызда бұрыннан бар сөздердің және жаңадан енген сөздердің бір-бірімен тіркесі нәтижесінде жасалынады» деп тұжырым жасайды [2. 183].

Ғалымның негізгі ғылыми зерттеулері сөз тіркесінің теориялық және қолданыстық сипатын анықтауға арналған. Ал сөз тіркесінің сөйлемдегі сегменттік ерекшелігі құрылымдық грамматика қағидасы бойынша сөйлем мүшесі ретіндегі қызметімен тікелей байланысты талданатыны белгілі. Атаудың сөз тіркесін құру қабілеттілігі мен тіркесімділігінің басты шарты жеке сөйлем мүшесі болуымен тікелей байланысты. Осы ретте Т. Сайрамбаевтың «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін» талдауы, сөйлем мүшелерінің басты ерекшеліктерін зерделеуі автордың ғылыми тұрғыдан сөз тіркесінің табиғатын кешенді қарастыруының көрінісі деп пайымдаймыз.

А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Х. Басымов, І. Бәйтенов, Ә. Ермеков, М. Балақаев, М. Серғалиев сынды ғалымдардың зерттеу еңбектерін атап көрсетіп, бүгінгі ғылымның биігінде «сөйлем мүшелері туралы ережелердің әрқайсысының жетістіктері мен кемістіктеріне өзіндік талдау қажет» деп санайды [2. 261]. Ғалым «сөйлемнің ішінде жұмсалатын дербес мағынасы бар сөздердің өзін де екшеп, қайсысы сөйлем мүшесі бола алады, қайсысы сөйлем мүшесі бола алмайды деп топтау да сөйлемнің өзіндік қасиетін жан-жақты айқындауда басты шарт болуы керек» деп жазады. Сөйлем ішіндегі көмекші сөздердің сөйлем жасаудағы мәнін анықтап, олардың қалыптасқан қағидаларға сәйкес келе бермейтін жақтарын нақты тілдік деректермен талдай отырып, өзіндік байламдар жасайды.

Т. Сайрамбаев аталған зерттеуінде «Сөздердің сөйлем элементі болуының өзін үлкен екі топқа бөліп қарастыру керек. Біріншіден, сөздер сөйлемге енгенде морфологиялық жағынан түрліше өзгеріп барып жұмсалады. ... сын есім, сан есім, есімше, үстеу, еліктеу сөздер морфологиялық өзгеріске көп ұшырамай-ақ, көбіне таза күйінде жұмсалады. Бұған қарағанда сөйлемге элемент болатын сөз таптары әрі меңгеріле, әрі матаса байланысуға бейім болса, екінші сөз таптары көбіне қабыса байланысқан сөз тіркесі ретінде ғана жұмсалатындығын көруге болады», - деп жазады[2. 279]. Сөз тіркесінің теориясы мен қолданыссырын терең барлайтын ғалым сөйлем мүшелерін құрылымдық бағытта талдауда ғылыми тереңдікке жетеді. «Қандай сөз болсын немесе тұрақты тіркес болсын, сөйлемге элемент болуда өзіндік заңдылықтарға сүйенеді» дей келіп, тұрақты тіркестердің сөйлемде келу жолдарына нақтылай тоқталып, олардың тұлғалық сипатын айқындайды.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында жазылған ғылыми зерттеулерінде Т. Сайрамбаев енді Ақымет Байтұрсынұлының еңбектеріне ден қойып, әсіресе, сөз тіркесі мен сөйлем мүшелеріне қатысты жазған ғылыми пікірлерін талдайды. А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов еңбектеріндегі басты ерекшеліктер мен ғылыми айтыстарды саралап, өзіндік ғылыми бағасын береді.

Т. Сайрамбаевтың тілдік деректермен көп жұмыс істегеніне, өзге тілдердің тіл білімінен аударып алған теорияға тілдік бірліктерді тықпаламай, ана тіліміздің өн бойынан тілдік бірліктерді тауып, танып, бағалап, пайымдап, зерделеп, соған сәйкес теория жасауына, сөйтіп, ана тіліміздің нағыз болмысын тануға қызмететкеніне, зерттеу еңбектерін оқып отырып тәнті болмасқа лажыңыз жоқ.

Қорыта айтқанда, Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев қазақ тіліндегі сөз тіркесі туралы мәселені зерттеуде оқшау тұр. Ұстазы академик Мәулен Балақаев нұсқаған ғылыми бағытпен жүріп, ғалым сөз тіркесінің көптеген қыры мен сырын ашты. Бұрын көзге шалынбаған қырларын анықтап, зерделеп, қазақ тілінің тілдік деректерін әдемі сөйлете білді. Ғалым қаламынан туған ғылыми зерттеулердің қазіргі уақытта шоқтығы биіктей түсуде, өйткені мұнда айқын қағида, нақты тілдік дерек, ойлы тұжырым бар.

Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1954.

  2. Сайрамбаев Т. Қазақ тіл ілімінің мәселелері. Сөз тіркесі. - Алматы, «Арыс» баспасы, 2010. -640 б.

Сағындықұлы Бекен


филология ғылымының докторы, профессор,

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты,

Қазақстан

СИНТАКСИСТІҢ САРДАРЫ – САЙРАМБАЕВ

Бүгінгі жиынды ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіре отыра, конференция тақырыбының Талғат Сайрамбаевтың шын мәніндегі ғылыми-әдістемелік еңбектерін таразылағандығын жеткізгім келеді. Туған жерінің ғана емес, елдің абзал ақсақалы болған ағамыздың рухы жоғарылай берсін! Қазақ ғылымын баба буын бағалап, ата буын ардақтаған. Ал аға буын өкілдері дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. Аға буынның бірі мен бірегейі – Талғат Сайрамбаев деген жөн. Туған жері мен өскен ортасы Сіздердің елдімекендеріңіз (Бәйдібек ауданының Жиенқұм аулы). Оқығаны мен тоқығаны да осы жер (Шымкент педагогикалық институты). Оқытушылық қадамы да осы жерден алыс емес (Қызылорда пединституты). Ал ғылым мен қоғамдық жұмыстарын атақты Қазақ ұлттық университетімен ұштастырды. Суығы мен ыстығы, қызығы мен шыжығы осы университет қабырғасында өтті. Кей жылдары профессорлықтан оқытушылыққа дейін төмендетіліп, тіпті басқа оқу орнына ауыстырылды. Бар кінәсы – сол ызғарлы Желтоқсанда қазақ жастарына дұрыс бағыт бермепті-міс.



Талғат ағамыздың өмірбаянында 1986-87 жылдардағы филология факультеті сырттай оқу бөлімінің деканы қызметі көрсетіледі. Онан кейін бірер жыл шамасы имплициттенеді. Әдебилеп, әдемілеп айтсақ, «қуғынға» ұшыраған уақыт сол орта. Тек сол тұстағы КазГУ ректоры, қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбековтің орайлы сөзі Талғат ағамды қайта жаңғыртқандай болған екен. Ол уақыт сындарлы бір кезең, күн сайын жиналыс, үлкен ұлттың өкілдері (егер солай деп айтуға татыса) өзеуреп тұрған уақыт. Көп жиылыстың бірінде Өмірбек Арсыланұлының «Талғат Сайрамбаевты неге қызметте пайдаланбаймыз. Ердің жасы елуге толды. Деген қызмет істейтін уақыты» дегенге саятын уәж айтып, үзіле жаздаған ғылыми-педагогикалық қабілетіне еркіндік, басшы-ұйымдастырушылық қызметіне жол ашқан екен. Осыдан кейін көп жылдар ағамыз (1989-2002) қазақ тілі кафедрасының және қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Жоғарыдағы жайтты осыдан он жыл бұрын шамасында «Мұны біреу білер, біреу білмес, бірақ оны айтып жатқан тағы ешкім жоқ. Жалпы, ғалым адамды қуғындап, Сібір асырып жіберуге болады. Ол солай болған да. Оған төзіп отыру бәрінің қолынан келмеді десем де, көптеген ғалымдардың басынан өткендігі рас. Ал өз еңбегіңмен танылып, бар абыройыңды жылдап жинап, аяқ асты төмендеуге сол кездегі жүйе бар әдісін пайдаланды. Жүйенің жүйкені тоздыруы түк емес-ау, өзің бірге жүрген ұжым мүшелерінің танымастай өзгеріп кетуі жанға батады-ақ екен. Бірақ Талғат аға сынбады. Тағдыр тауқыметін уақыт талабына танды. Танды да жеңді» - деп жазған едік. Расы сол болатын.

Біз әкеден ерте айырылағандықтан ба екен, ғылымға келгенде әке іздегендей боп келдік. Кандидат болып көз тіккенде, Қайырболат Есенов жөн-жосық сілтеп, ғылымның қамытын кигізіп еді. Қарымын қайтарар сәт туғанда, ғылымның доғасын тіктеген Талғат Сайрамбаев болды. Талғат ағам да ұстазы М.Балақаевтан әкесін көріпті, әкелік ілтипатына бас иіпті. Мен де солай болдым. Кейде ағам екеуміздің өмірімізден жақындық іздейтін сияқты болам. Оның өзі тағдырдың ащы тұстарымен сәйкесетін сияқты. Талғат ағам әкесінен айырылғанда, он төртті толтырыпты. Мен әкемді бақилыққа бергенде, он төртті толтырыппын. Тіпті, мына бір сұмдық сәйкестікті қараңызшы: Менің туған әкем Сағындық та, менің ғылыми әкем Сайрамбаев та жетпіс үш жасқа қараған шағында дүниеден өтіпті.

Ғалым әкесінен (М.Балақаев) тәлім алып, тағылым терген Талғат ағам ұлағатты ұстазының жолын ұялмайтындай қылып өткерді. Қазақ синтаксисінің сөз тіркесі М.Балақаев арқылы бүкіл түркіге танылып еді. Т.Сайрамбаев арқылы сөз тіркесі даму шегіне жетті. Талғат ағамның қай еңбегін алсаң да, тек сөз тіркесі болып сөйлейді. Біз немен жауап беріп жүрміз? Аға артқан арда жүкті арқалай алып жүрміз бе?

Асылы, «Қоғамды өзгертуге қауқарлы екі-ақ адам бар: бірі – патша, екіншісі – ұстаз». Пайғамбар хадисы осы. Біріншісінің қайдам, соңғысының соңғы уақытта қауқары кете бастады ма, қалай? - деп көңіліңді күптілік жайлайтын да уақыт болады. Бірақ ондайда алдыңғы толқын ағалар көз алдыңа келіп, қайта қомданасың. Қомданғаның қамданғаның, қамданғаның қанат бітіреді. Қайтадан осы бір ұстаздық ұлағатқа басыңды иесің! Басыңды игенің алдыңғы ұстазыңа деген ілтипатың. Ұстаздық дегенде Талғат ағамның бейнесі ерекшелене түседі. Кейде алдымда сол ағамның, қолы борға боялған ағамның, сабағын түсіндіргендегі тұлғасы тұрады.

Синтаксист-ғалым М.Балақаев: «Мен 42 аспирантымның кандидаттық диссертация қорғауының куәсы болып қуандым. Солардың алтауы кейін докторлық диссертация қорғап, үлкен ғылымның даңғыл жолына түсті. Олар – Шора Сарыбаев, Мырзатай Серғалиев, Аққал Қалыбаева, Талғат Сайрамбаев, Мархабат Томанов, Рақыш Әміровтер. Бұларға ғылымның алты қанат ақ үйлері тігілді. Берекелі еңбектер жазуға жол ашылды. Қазір олардың өздері де өзгелерге жетекшілік етеді» - депті (Балақаев М. Зерде баспалдақтары. – Алматы, 1992). «Шәкіртсіз ұстаз тұл» десек, ағамның бойы сұңғақтана беретініне сөз жоқ. Себебі 38 ғылым кандидаты мен 3 ғылым докторын ғылым көкжиегіне шығару әр ғалымның көкейінде жатқан ой болса керек. Ұстаздан шәкірт озса, өз ұстазыңның мерейі өсетіндігі тағы рас. Қазіргі күні М.Балақаевтың 42 шәкірті бар десек, соның бірегейі Т.Сайрамбаев шәкірт дайындауда өз ұстазына жақындаған екен.

Маңдайына жазылған шәкірттердің үшеуі – ғылым докторы. Тағдырдың тап басқанын қараңызшы! Үшеуі Қазақстанның үш өңірінен. Ұлы жүзде ағамды ұлықтап жүрген – Елікбайдан Бауыржан. Орта жүзде жүгірген біз бейбақ. Бар қолдан келгені «Есімнен есімін іздеген» // Қазақстанның ғылымы мен жоғары мектебі. – Алматы: – № 15, 2005; «Синтаксистің сүлейі – Сайрамбаев» // Ертіс дидары. – Павлодар: – № 22-23, 2007 сынды публицистикалық мақаламызды жариялап, студенттің ізденіс жұмысына Талғат ағамның талғамдарын ғана қоса алдық. Үшіншісі – Кіші жүздің оғланы Отарәлі Бүркітов. Талғат ағамның есімін алғаш шыңға шығарған осы азамат еді. Тағдыр оған да көп ғұмыр қимапты.

Тәңірі Талғат ағама татымды да тартымды тағдыр сыйлады. Ғалым тіл білімінің қай саласының болмасын болмысына барынша бойлаған жан еді. Бәрімізге мәлім, жыл жаңарып, егемен ел атанған тұста, тіл білімінің грамматика саласының салалануында өзгеріс болды. 1989 жылдан бастап, «Қазақ тіл білімінің сөзжасам жүйесі» деген атпен жаңа сала сараланды. Неге екенін қайдам, кейінірек Талғат ағам осы бір жайтқа елеусіз болса да қарсылық білдіріп еді. Морфологиядан күрделі сөздерді, лексикологиядан семантикалық өзгерісті «жымқырған» сөзжасамға «Енесінен айырған қозы құсатып қойдық» деп бейнелеп еді. Сол 1989 жылдары шыққан еңбектің теориялық тұғыры татымсыз болғаны шындық. Сенбесеңіз қарап көріңізші, сөзжасам саласы сөз таптарындағы жұрнақ пен күрделіліктің (күрделі сөз түрлері деп ұғыңыз) жасалуынан әріге бармаған. Есімдік пен үстеу тақырыбынан сөзжасамдық белгі іздеген Қайырболат ағам да ақ тер, көк терге түсіп, әбден қиналғаны сол тұс болатын. Тапсырыспен жазылған жарым жаңалық «жалғыздың үнін шығартпады».

Синтаксис саласы да жаңа жаңалықтарға толығып отырды. Жантас Жақыпов ағамыз да мәтіннің мәнін (функционалдылық) келтірді. Жантас қорғауынан кейінгі бір отырыста Талғат ағам өз әріптестеріне «Мына қорғаудан кейін біз жұмыссыз қалатын болдық» - деп қауқарсыз қарсылығын білдіріпті. Сондағы қауқарсыз деп отырған қарсылық Жантастың «Сөйлем тиянақты ойды білдірмейді» дегеніне саяды. Енді өздеріңіз ойлап көріңіздер. Бәлен жылдар бойы «Сөйлем – қарым-қатынасты білдіретін категория», «Сөйлем – тиянақты ойды білдіреді» деп келеміз де, бір күннің ішінде одан безіп шығарлық ұсыныс айтамыз. Талғат ағам «Сөйлемнің көп қырлығын жоғалтып аламыз ба, тіпті сол сөйлемнен айырылып қаламыз ба» деген күдігін жеткізгендей көрінеді де тұрады маған. Бұл, меніңше, сол уақытта кез келген тіл теориясын күйттеген пенденің ойы болатын. Шын мәнінде, синтаксистің шығу, қалыптасу, даму тарихына көз жүгіртсеңіз, қай тілдің болмасын бастауында сөйлемнің синтаксис төрінен орын алғанын байқайсыз. Біз осы бағыттағы мақаламызды бүгінгі конференция жинағына ұсындық.

Қазіргі танымал құрал Ватсап желісінде балшыққа батып бара жатқан тұлпардың жанай өткен табын жылқының табан дүрсілінен бар күшін салып қарғып шыққанының куәсі боласыз. Халық ақыны Мұхтар Шаханов поэзиясының бірінде (Барселона әуежайындағы сұңқарлар) көкті торлаған көп құстың (шымшық, торғай, қарғалар) арашасы болған сұңқар құстың әрекетін естеріңізге салайын, болмаса Қабдеш Жұмділовтің «Сырттан» әңгімесін оқыған боларсыздар! Тұлпар, сұңқар, сырттан.

Жылқының жүйірігі тұлпар. Құстың құдіреттісі сұңқар. Жеті қазынаның бірі иттің төресі – сырттан емес пе? Мен Талғат ағамды осыларға баладым. Ақиқаты сол, Талғат ағам тұлпардай тыпыршып, бір орнында тұрмайтын. Дұрысы, ағамның тыпыршығаны – шәкіртін бәйгеге қосқаны. Жоғарыда айтқан қырық шәкірттің қайсысы шапса да бірге шабатын. Шаба жүріп, қайта жаралатын. Келесі бәйгесінің қамын қамдайтын, күйін күйттейтін. Ө.Айтбаұлының сөзімен айтсақ, «Диссертанттың ғылымға қосар жаңалығына көзі жетпейінше тынымсыз жұмыс жүргізетін. Ал олардың қорғау сәтінде де қиналыссыз болмайтын. Балапанын қорғаған құс секілді қиындықтарды бастан кешіретін. Қашан қорғалған жұмыс бекіп келгенінше, көңілі орнына түспейтін ұстаз болды». Мен сұқтанған сұңқарлық Өмірзақ ағамның тілімен жеткен екен. Ал сырттан – жалпы қазаққа жақын. Ол өзінің көнтерлігімен жақын. Ит төресі мойнына жабысқан сәбиді сілкімейді. Үйіне келген қонағын иесіндей қарсы алады. Бірақ даланың ит-құсына ешқашан мойынсұнбайды. Қазақы ағамның қазақы мінезі бүгінгідей көз алдымда. Ел аралаған тұста (Біздің өңірде болғанында, Кереку-Баян атыраптарын бірге аралау бақыты бұйырған-тын), дастарқаны жайылған дала адамының мінезін тауып отыратын. Ол үйдің кішісі де, үлкені де ағамды, ағам оларды жатырқамайтын. Қайта, бауырына басатын. Көңілден шығар лепес айтып, отырыстың сәнін келтіретін. Ағам емтихан алғанда (біздің өңірде біраз жыл мемемтихан алғаны бар), аяғы ауыр келіншектердің жолы болатын. Сәл тыныстағанда-ақ, айы-күні жетіп отырған келіншектерді қолынан жетектеп әкеп, бесін қойдыратын. «Сен осы қызметіңмен-ақ алғысқа лайық жансың» - дейтін. Дәл осындай кесек мінезді, пәк көңілді, «шәйі орамал кебетіндей» уақытқа бара-бар ашу бар ағамды араларыңа әкелдім. Дұрысын асырып, бұрысын жасырарсыздар, ағайын!

Сөз соңын аяқтай келе, шырайлы да шұрайлы Шымкент елінен, киелі де қастерлі Түркістан жерінен қасиет дарыған қазақы орта қай уақытта да қазақы ғылымына теріс қарамаған. Басқаша айтсақ, барша қазақ баласы басына небір зұлмат күндер туса да, тілін жоғалтпаған. Қайта, бесіктегі бөпесінің кұлағына құйған, қаз-қаз тұрғызып, тәй-тәй жүргізген. Сөйтіп, ғылым тіліне жеткізген. Қазақ тілі А.Байтұрсыновпен бекіп,

Қ.Жұбанов, С.Аманжоловпен қанаты қатайған. Н.Сауранбаев, I.Кеңесбаев, М.Балақаев,

А.Ысқақов ізденістері бүгінгі белестердің алғашқы көкжиегі болатын. Кешегі С.Исаев,

Қ.Есенов, Т.Қордабаев, бүгінгі аға буын ғалымдарымыздың бүкіл түркологтар үшін ашылып-ашылмаған академик екендігі даусыз. Солардың бірі біз базыналаған – филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Сайрамбаев. Талғат ағам атақ іздемепті. Бірақ Кеңестер Одағы берген «Отличник высшей школы СССР» деген зор марапаты мен егемен елі берген «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» деген шағын марапатына көңілі толыпты. Жалпы, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейтін халықтанбыз ғой. Менің білуімше, Сіздердің облыстық әкімдеріңіз Жансейіт Түймебаев Т.Сайрамбаевтан тәлім алған. Жақсы араласып, жақын сыйластықта да болған. Айтайын дегенім танымайды емес, таниды. Ұстаздың ұлағатты істерін бағалай да алады деп білеміз. Ағам арысы облыстың, берісі ауданның Құрметті азаматы деп әспеттеліп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Тыңдағандарыңызға рахмет!



Жылқыбай Г.Қ.

ф.ғ.к., доцент,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,

Түркістан, Қазақстан


ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ ӘЛЕМІ


Қай халықтың да өсіп өркендеген ғылымы мен ілім-білімінің көш басында сол халықтың ғылымына, әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси өміріне еңбек сіңірген, оның іргелі теориялық тұжырымдарына елеулі үлес қосқан ардақты есімдердің тұрары сөзсіз. Көз көрген замандас тұрғыластары, тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін алған ізбасар шәкірттері сол белгілі тұлғаның халық үшін істеген ізгі істеріне, атқарған қызметіне, артында қалған мұрасының салмағына қарап, оның қоғамдағы, тарихтағы немесе ғылымдағы алар орнын тарихи тұрғыдан таразылап, баға береді. Ғылымға, өнер-білімге таласы бар келер ұрпақ сол ғалым қалдырған баға жетпес өлшеусіз еңбектерден іздеген жоғын тауып, өз керегіне жаратады, оны әрі қарай дамытады.

Халықтың биік рухының, бай руханиятының негізі мен өзегі болып табылатын оның тілінің өркендеп дамуына бар саналы ғұмырын арнаған, қайрат-жігерін аямаған сондай тұлғалардың қатарында Балақаев Мәулен Балақайұлы мен Сайрамбаев Талғат Сайрамбайұлының есімдерін мақтанышпен еске аламыз.

Қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы жайлы сөз еткенде маңыздылығы мен мәнділігі аса жоғары зерттеулерімен тұлғасы биіктеп тұратын ҚОС ҒАЛЫМ, білімге құмар талапты жастарды тәрбиелеудегі қырларын сөз еткенде ҚОС ҰСТАЗ, аға буынның орта буынға ұсынар өмірлік өнегесін, ұстаздық ұлағатын сөз еткенде бірі – ҰСТАЗ, бірі – ШӘКІРТ.

Талғат Сайрамбаевтың ғылым жолына түсу сапары М.Балақаевқа шәкірт болудан басталады. Ол 1961 жыл болатын. 1961-1964 жылдары Т.Сайрамбаев Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспиранты болады. Осы жылдардан бастап Т.Сайрамбаев М.Балақаевтан ұстаздық тағылым ғана емес, әкелік қамқорлық та көрді десек артық болмас.

Ғалым М.Балақаевтың шығармашылық қарымы жан-жақты, сан салалы. Ол грамматика, орфография, тіл мәдениеті, стилистика, көркем әдебиет тілі, әдеби тіл проблемалары жөнінде жиырмаға жуық кітап, ұзын саны жүзден асатын ғылыми еңбек жариялады.

Ғалым шығармашылығында баса айтылуға тиісті ең шоқтығы биік тұсы - жай сөйлем синтаксисі. Оның бұл бағыттағы грамматикалық зерттеулерінің орны бөлек. М.Балақаев бұл салада «Жай сөйлем типтері», «Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис» тәрізді бірнеше іргелі монографиялық жұмыстар жариялады. Бұл зерттеулерде тек қазақ тіл біліміне емес, бүкіл түркология үшін маңызы бар бірқатар тың шешімді тұжырымдар жасайды. Ол сөз тіркесі проблемаларын бүкіл түркология көлемінде алғаш зерттеген ғалымдардың бірі. Түpкi тiлдepiндeгi cөз тipкecтepi жөнiндeгi eң aлғaшқы тaзa тeopиялық туынды пpoфeccop М.Бaлaқaeвтың eңбeгiнeн бacтaлғaн бoлaтын. Oлaй дeуiмiздiң ceбeбi, ғaлымның 1954 жылы шыққaн «Қaзipгi қaзaқ тiлi» дeгeн кiтaпқa eнгeн «Cөз тipкeci» бөлiмiндeгi мaқaлacы мeн 1957 жылы жapық көpгeн «Ocнoвныe типы cлoвocoчeтaний в кaзaхcкoм языкe» eңбeгiнe дeйiнгi зepттeулepдiң «тeк мeктeп гpaммaтикaлapының көлeмiндe aйтылып кeлгeндiгiн», «oндa дa cөз тipкeciнe тoлық aнықтaмa бepiп, oның түpлi жaқтapын eгжeй-тeгжeйiнe дeйiн зepттeгeн eшкiм бoлмaғaндығын» oның iзбacap шәкipтi Т.Caйpaмбaeв өз eңбeгiндe aтaп өтeдi.

Жалпы қазақ тіл біліміндегі дербес сөз тіркесі синтаксисі мен тіл мәдениеті бағыттары тікелей М.Балақаев есімімен тікелей байланысты. Ол қазақ лингвистикасының осы екі саласында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. «Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің негізгі типтері» атты монография - ғалымның осы мәселеге байланысты көп жылғы ғылыми ізденулерінің нәтижесі еді. Сөз тіркесінің түрлі теориялық мәселелеріне арналған оннан астам монография жазылды. М.Балақаев қазақ тіл білімінің осы аталған саласында лайықты бас тұлға болып саналады. Бұл тақырыпта оның көптеген шәкірттері де зерттеулер жүргізді. Сол шәкірттерінің бірі Т.Сайрамбаев болатын.

Ғылым, мәдeниeт, өнep қaйpaткepлepiнiң твopчecтвoлық мұpacы caнымeн нeмece көлeмiмeн өлшeнбeйдi, мән-мaңызымeн, бeлгiлi caлaдa aтқapғaн тapихи қызмeтiмeн, жaлпы дaмуғa тигiзгeн әcep ықпaлымeн өлшeнeдi, бaғaлaнaды дeceк, ғaлымдapдың екеуінің де кeз-кeлгeн eңбeгiнiң өзiндiк мaңыздылығы, мәнi бap.

Aйтaйын дeгeнiмiз, пpoфeccop Т.Caйpaмбaeвтың қaлaмынaн туындaғaн тiл бiлiмiнiң caлaлapынa apнaлғaн 200-дeн acтaм ғылыми мaқaлaлapының, көп жылдap бoйы жoғapы oқу opындapындa дәpic oқудағы cтудeнттepгe apнaлғaн әдicтeмeлiк құpaлдap мeн мoнoгpaфиялық eңбeктepiнің, oқулықтapының ғылымғa ciңipгeн әcepi caнымeн eмec құндылығы apқылы бaғaлaнғaн дeугe бoлaды.

Aлғaшқы ғылыми жұмыcтapын 60 жылдapы бacтaп, жapты ғacыp бoйы қуaт-жiгepiн ғылымғa apнaғaн Т.Caйpaмбaeвтың өтe көп үңiлгeнi гpaммaтикaның cинтaкcиc пeн cөз тipкeci caлacы бoлaтын. Өтe aуқымды caнaлaтын бұл caлa бoйыншa ұстазы ғaлым

М.Бaлaқaeвтың зepттeулepiнeн нәp aлғaн oл түpкi тiлдepiн зepттeгeн қaзaқ (Қ.Жұбaнoв, C.Aмaнжoлoв, A.Әбiлқaeв, Н.Ұйықбaeв, P.Әмip, O.Төлeгeнoв т.б.) жәнe opыc ғaлымдapдың (E.И.Убpятoва, Н.К.Дмитpиeв, Н.К.Бacкaкoв, П.М.Мeлиopaнcкий т.б.) eңбeктepiн caлыcтыpa oтыpып cәттi oйлapынa қocылaтындығын бiлдipce, шaлыc opныққaн тұжыpымдap мeн қaтe көзқapacтapынa қapcылығын нaқты дәлeлдepмeн көpceтeдi жәнe eшкiм cөз eтe қoймaғaн көптeгeн мәceлeлepi төңipeгiндe дe тaлaй caнaлы зepттeулepiн opнықтыpып, бeлгiлi жүйeгe кeлтipeдi.

Eң aлғaшқы ғылымғa қaдaмын cөз тipкecтepiнe бaйлaныcты ғылыми мaқaлacымeн бacтaп, тiл бiлiмiнiң cинтaкcиc caлacынa жapты ғacыpлық ғұмыpын apнaғaн ф.ғ.д., пpoфeccop Т.Caйpaмбaeвтың eлeулi eңбeктepiнiң мoл бөлiгiнiң жeтeкшici М.Бaлaқaeв қaғидaлapынaн бacтaу aлaтындығымeн қoca, үндec eкeндiгiн бaйқaу қиын eмec. Мәceлeн, дoктopлық тaқыpыбы peтiндe 1981 жылы «Қaзipгi қaзaқ тiлiндeгi күpдeлi cөз тipкecтepi» aтты мoнoгpaфияcын нeгiзгe aлcaқ бoлaды.

Т.Caйpaмбaeв cинтaкcиc caлacының өзeктi мәceлeлepiнiң бipi caнaлaтын cөз тipкecтepiн қaзaқ тiлiндeгi кeз кeлгeн құбылыcқa бaйлaныcтыpып зepттeп көpiп қaтыcты, қaтыccыз дәpeжeлepiн, ұқcac тұлғaлapдың aйыpмaшылықтapы мeн ұқcacтық бeлгiлepiн aйқындaп, бұpынғы ғaлымдap қaлыптacтыpғaн қaғидaлapмeн ғaнa шeктeлмeй, eлeуciз қaлғaн көптeгeн құбылыcтapдың бeтiн aшты. Яғни, жaй жәнe күpдeлi бoлып құpылыcынa қapaй бөлiнeтiн cөз тipкecтepiнiң түpлepiнe бaйлaныcты aуқымды eкi бipдeй еңбегі, aтaп aйтқaндa, «Қaзipгi қaзaқ тiлiндeгi күpдeлi cөз тipкecтepi», «Cөз тipкeci жәнe жaй cөйлeм cинтaкcиci» мoнoгpaфиялapы тiл бiлiмiнiң cинтaкcиc caлacындaғы күpдeлi мәceлeлepдiң бipтaлaйының шeшiмiн тaуып бepe aлды.

Cөз тipкeci, cөйлeм мүшeлepiнiң қacиeттepiн aшу мaқcaтындa дa, apнaйы ныcaнa apқылы дa, мopфoлoгиялық кeйбip құpылымдapдың қызмeттepінe дe көп көңiл бөлiп жәнe тыныc бeлгiлepiнe бaйлaныcты шapтты epeжeлepдiң бip iзгe түcуiнe жeткiлiктi eңбeк eттi. Мeктeп жәнe жоғары оқу орындарындағы қaзaқ тiлiн oқыту мeн opыc тiлдi жacтapғa қaзaқ тiлiн мeңгepту жoлдapы туpacындaғы шығapмaлapы бүгiнгi күнгe тиiмдi әдicтeмeлiк құpaлдap қaтapындa caнaлaды.

М.Балақаев пен Т.Сайрамбаев үндестігі ғылыммен ғана шектелмейді, ол үндестік кез-келген адамдар арасында бола бермейтін ерекшелігімен құнды. Кім кімге ұстаз болмады, кім кімге шәкірт болмады? Бірақ ұстазын қадірлеп, қасиет тұтқан, шәкіртін баласындай мәпелеген адамдар сирек. Ол үшін үлкен жүрек қажет. Тағдыр табыстырған алғашқы жылдардан бастап Талғат Сайрамбайұлы өмірінің соңғы жылдарына дейін ұстазын ғылым жолында болсын, сыйластық қарым-қатынаста болсын, ұстаз рухын қастерлеуде болсын ең биік адамгершілік деңгейде құрмет тұтты. Бұл ісіне шәкірті Т.Сайрамбаевтың «Мәулен Балақаев» атты жеке монографиясы, әрбір жылдарда жазған естелік мақалалары және ғылыми ортада айтылып жүрген жарасымды әңгімелері айғақ. М.Балақаевты өзіміз көрмесек те, Талғат ағайымыздың ұстазы туралы айта берер әңгімелерінен ол кісіні жақсы танып алдық. Ұстаз бен шәкірттің жылдар бойғы қарымқатынастарындағы шынайылыққа, бір-біріне деген құрметке ризалықпен сүйсінуші едік.

Ұстаз бен шәкірт жайлы ой қозғағанда ойыңа көп жайлар оралады екен. Біз де студент болғанбыз. Өзім 1984 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ол кезде қазіргідей емес, Алматыдағы жалғыз университет болатын. Университетте қазақтың маңдайалды ғалымдарынан дәріс алдық, тәлімін көрдік. Қазақтың ғылымы мен білімінің көгінде жүрген көрнекті ғалымдар З.Қабдолов, Қ.Мырзалиев, М.Томанов, А.Аманжолов,

Ы.Маманов, Х.Сүйіншәлиев, С.Мырзабеков, О.Төлегенов, Р.Нұрғалиев, А.Қыраубаева, Т.Кәкішев, Т.Сайрамбаев, С.Садырбаев секілді мықты ұстаздардың алдын көрдік. Олардың жүрген жеріндегі сыпайы сыйластықты, қарапайымдылықты, өнегені таныдық. Шынында, біздің ұрпақ нағыз жаны жайсаң, жүрегі ізгі, айналасына тек кемелдікті көрсетіп, болмысындағы бар кеңдікті паш етіп жүрген азаматтардың қасында тәрбие алғанына риза. Біздің уақытымызда ұстазға деген құрмет сезімі ерекше болатын.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті ашылғанда «Қазақ тілі» кафедрасының алғашқы меңгерушісі Мейірбек Ержанов ағайымыз еді.

Кафедра құрамын жасақтағаннан кейінгі алдыда тұрған мәселе біреу-ақ болды, ол – Қазақстанның білікті мамандарын шақыру. «Ауылдық жерде оқығандардың жазығы не, олар да ғалымдарды көрсін, дәрісін тыңдасын» деген Мейірбек ағайдың идеясымен әрі басшылығымен А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және Қазақ Мемлекеттік ұлттық университеті ғалымдарымен байланыс жолға қойылды. Жаңадан ашылған кафедра оқытушыларына ғылыми бағыт-бағдар беру меңгерушіміздің басты мақсаты болды. Соның арқасында университетке академиктер Ә.Қайдаров, Р.Сыздық, Ө.Айтбаев, филология ғылымдарының докторлары Б.Әбілқасымов, Ә.Жүнісбеков, Т.Сайрамбаев, Ж.Манкеева, Ә.Құрышжанұлы, А.Аманжолов, Р.Әмір, доценттер Ә.Керімов, А.Тасымов т.б. ғалымдар арнайы шақырумен келіп, ғылыми-әдістемелік көмектерін берді, кафедра оқытушыларына ғылыми жетекшілік жасап ғылым кандидаттарын дайындады, ең бастысы кафедраның ғылыми потенциалының артуына жағдай жасады, мүмкіндігінше ғылыми орта қалыптастырды. Университеттің, оның ішінде кафедраның дамуына зор үлес қосты. Университеттің дамуында ол кісілердің де ерекше орындары бар. Осындай қыруар шаруаның басы-қасында тұңғыш кафедра меңгерушіміз Ержанов Мейірбек ағай жүрді. Кафедрадағы қорғаған оқытушылардың барлығы ғылыми жетекші іздеп қиналмадық, ағайымыздың арқасында Түркістаннан таптық. Университет бойынша айтпай-ақ қояйын, кафедраның өзінде Ә.Қайдаровтың 2, Т.Сайрамбаевтың 3, Ә.Жүнісбектің 2 шәкірті бар. Ұстаздарымызға деген алғысымыз шексіз, сондай жандармен жолықтырып, өмірлік бағытымызды өзгертуге жағдай тудырған Мейірбек Ержанов ағайымыз кафедра оқытушыларының барлығының бас ұстазы екені анық. Солай болып қала бермек.

Университеттің алғашқы түлектері бітірерде мемлекеттік комиссия төрағалығына шақырылған ф.ғ.д., профессор Ә.Жүнісбек ағамыз сол келгеннен 15 жыл бойы студенттерге дәріс берді. Қандай керемет! Ғалымдық тағылымдарын алдық, өмірден түйген ойларын ұқтық, қарапайымдылық үлгілерін көрдік.

Бірде мынадай жағдай болды. «Қазақ тілі» кафедрасының жанынан «Қазақ тілі және инновациялық технологиялар» кабинеті ашылатын болды. Кабинетке кімнің есімін беру жайлы ойландық. Әріптесім әрі студент шақтағы «группаласым» Қошанова Нағимамен ақылдасып, осы өңірдің тумасы, өзіміздің КазГУ-дегі ұстазымыз, екеуіміздің де ғылыми жетекшіміз Талғат Сайрамбаев ағайдың есімін беруді жөн көрдік. Ағайдың өзіне бір ауыз айтайық деп қоңырау шалдық. Ағайымыз: «Мені сыйлағандарыңа рахмет. Бірақ менің емес, менің ұстазым Мәулен Балақаевтың есімімен атағандарың дұрыс, солай болсын»,- деді. Біз де: «Ағай, сіз өз ағайыңызды құрметтеп жатырсыз, біз де өз ағайымызды құрметтейік те»,- деп жатырмыз. Ағай көнбеді. Ұстазы М.Балақаевқа деген құрметті өзіне деген құрмет деп ұқты. Осылайша М.Балақаев атындағы кабинет пайда болды. Осылайша шәкіртінің ұстазына деген құрметіне тағы да куә болдық.

Ғалым ағаларымыздағы кемелдік пен кеңдіктің, адамгершілік пен қарапайымдылықтың белгісін жүрген жерден іздеп жүреміз. Кейбір жас әріптес замандастарымыз сәлемге де жарамай, шірене, сыздана өтіп бара жатқанда, ыңғайсызданып қалады екенсің. Егер мүмкіндік болса, университеттен де жоғары деңгейдегі жұмысқа өздерін лайық санап бара жатқандарына қарап таңғаласың. Сәл көтерілсе, адам танымайды. Білімімен, іскерлігімен көтерілсе бір жөн ғой, тамыртаныстықпен жолындағысын жайпап келе жатқан біреулер де бар. Жұрттың пікірімен санасуды қажет деп таппайды. Өйткені олардың жан дүниесін менмендіктің вирусы жайлап алған. Өңмендеген кейбір жастардың әдебі мен мен мәдениетінің таяздығынан зардап шегіп жатқан қоғамда әдепті де тәрбиелі адамдардың тасада қалып кетіп жатқандығы өтірік емес. Көргені аз, тәрбиесі кемшін, ғылыми орта көрмеген адамдарға ренжуге де болмас, өйткені олардың өз деңгейінде ойлауы заңдылық боп қалыптасқан. Осындай сәттерде ұстаздарымыз еске түседі. Күндердің күнінде сол аяулы жандармен бірге кісілік қасиет, үлкендік өнеге деген ұғымдар да бірге кетіп қалатындай қорқыныш бар.

Уақыт сырғып өтіп жатыр, алдыңғы толқын ағалар жүрген жолдармен кейінгілер де іздерін басып келе жатыр. Ғылымның көкжиегін кеңейтіп, ғылыми үндестікпен ұстаз бен шәкірт бола білген, өмірдің белестерінде әке мен баладай жарасым тауып, адами абзал қасиеттерді пір тұтқан, ғалымдық пен адамдықты жоғары деңгейде қатар алып шыққан ғажайып жандардың өмірі – өнеге. Жастар өнеге алсын дедім.

Әдебиеттер:



  1. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998

  2. Т.Сайрамбаев. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі. Алматы: «Арыс» баспасы, 2010



Қошанова Н.Д.

ф.ғ.к., доцент,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,

Түркістан, Қазақстан


Т.САЙРАМБАЕВ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР СИНТАКСИСІ


Т.Сайрамбаев - мен үшін әрі ұстаз, әрі жақын туыс ағам. Ғылымдағы ұстаздығымен бірге ҚазҰУ-да қазіргі қазақ тілінің синтаксисі пәніне сабақ берген ұстазым, әрі тобымыздың кураторы болды. Ағайдың әрбір сабағы пікірталаспен, қызу сөйлем талдаумен өтетін. Студенттермен жеке де жұмыс жүргізетін, топтап та, жұптап та өткен сабақтарының қалай бітіп қалғанын білмей қалатынбыз. Синтаксистік талдаудың түртүрін – сөз тіркесіне талдаудың өзі кешенді болатын: байланысу тәсіліне, түріне құрылымдық, құрамдық түрлеріне ажыратқызатын. Ал сөйлем мүшесіне қарай талдауда да өзіндік талабы бар-тын. Сөйлемдегі сөйлем мүшелерінің бір-бірімен байланысуына, жасалуы мен мағыналық, құрылымдық түрлеріне қарай талдау жүргізетін. Мықтымын деген студенттің өзі әйтеуір бір тұста мүдірсе, қасындағы жауапты етіп қойған көршіңнен сол сұрақты сұрайтын, ол білмей қалса, жаман бағаны екеуіңе де қоямын деп қорқытатын. Бірақ Ағайымыз ешқашан олай жасамайды, қашан білгенше, соңыңа түсіп алатын. Бірбіріне үйретемін деп жүріп, көршілер үйленіп тынатын. Сондай қызықты өтіп жатқан сабақ үстінде түнде туған күнде болып ұйықтамай есінеген студентке: «Ей, есінеген дәу» деп қатты ренжитін. Қазір өзіміз де оқытушымыз, алдымызда отырған студенттің есінегені қалай әсер ететінін көріп жүрміз. Ал Ағайдың кураторлық тәлімі өзінше бір төбе. Біздің Ағай үшін тобының әрбір студенті өзінің құрдасындай, досындай, тіпті кейде баласы, қызындай. Тәлімгерлік қамқорын аямайтын. Тобы емтихан тапсырған күні таңертең ерте тұрып өзі емтихан тапсыратындай университетке жететін. Емтихан алушы оқытушының қасына отырып алып емтихан алысатын, әрбір студенттің жауабын «айтты ғой», «айтайын деп отыр ғой», «жақсы біледі екен», «оқып алады» деп отырып, өте жақсы тапсыртатын. Ой, менің жаны жайсаң, мейірімді, көңілі кең Ағам-ай!!! Сол кездегі заманның да кеңшілігі-ай!!! Барлығы да Біздің Ағаймен бірге кеткендей.

Жоо-да сабақ берген соң, қорғау керек, ғылыммен айналысу керек деп салып Ағайға бардым. Ағай - қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерін егжей-тегжейлі зерттеген ғалым, ұстазы М.Балақаев түйдекті тіркестерден күрделі сөз тіркесі жасалады деп ары қарай зерттеуді Т.Сайрамбаевқа ұсынса, менің ұстазым маған күрделі сөз тіркесінің жасалуының бір жолы – тұрақты тіркестердің сөйлем мүшелік қызметін зерттеуді ұсынды.

Сөз тіркесі мен сөйлем мүшесі де - тарихи категория. Шығуы, қалыптасуы жағынан сөйлем мүшесі алғашқы орынға ие болады. Сөйлем мүшесі категориясының даму үдерісінің де өзіндік өзгерістері, біріне-бірі ұқсамайтын жайттары баршылық. Сол сияқты сөз тіркестері сөз таптарының тіркесі болғандықтан, олардың тіркесу қабілеті бірінші орында тұрады. Осы тұрғыда Т.Сайрамбаев: «Сол жеке-жеке сөз таптарындағы әрі лексикалық, әрі грамматикалық құбылыстар олардың өзара тіркесу аясының дамуына немесе тарылуына әкеліп соғады. Бір ғана зат есімнің септелу аясының өзіндегі өзгерістер немесе оның әрбір жұрнақтарының көнеленуі, түптеп келгенде, ол сөздердің тіркесу аясының тарылғанын, енді ондай тіркестердің болмайтынын айқын көрсетсе, екіншіден, кейбір зат есімдердің архаизмге айналып, қолданудан шығуының өзі, тіпті, енді ол сөздердің тіркесі жоққа шығуымен бірдей. Бұған қарағанда әрбір сөз табындағы болатын архаизм, тарихи мәселелері сөздердің тіркесу қабілетіне үлкен әсер етуі айқын. Керісінше, сөз тіркестерінің аясының кеңеюіне өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Сонда бұрын бір ғана сөздермен тіркесуге тиісті сөздер, енді, басқа сөздермен тіркесе алатын дәрежеге ие болады. Бұл жөнінде мына жайттарды да ескерген жөн. Әрбір сөз табының қазіргі ережелері өз бойындағы қасиетті толық сақтай алмаса керек. Сын есім ережесінің мәні олардың затқа қатысты деп, ал үстеу тек қимылға қатысты деп қана айтылатын болса, олар қазіргі кезде сол ережелердегі қағидалардан әрі ауытқып, сын есім, сан есімдер енді етістіктермен де, ал үстеу есімдерімен де тіркесе алатын дәрежеге ие болды. Сонымен, сөз таптарындағы ішкі, сыртқы даму процесі олардың тіркесу аясының не тарылу, не кеңею процесіне әкеліп соғады екен [1,24].

Ғалым Т.Сайрамбаев еңбектерінде жалпы сөйлемде айқындалатын сөйлем мүшелері мен сөз тіркестерінің қасиеттерін саралауда олардың жеке-жеке обьектілерін танытты. Ғалымның айтуынша, сөз тіркесінің негізгі мәні дербес мағынасы бар сөз табы мен сөз табының тіркесінің негізінде құрылады да, ол сөз тіркестерін жеке алып өз алдына құрауға болады. Бір ғана қалаға кетті деген сөз тіркесінен сөз тіркесінің байланысу формасы мен тәсілі, түрлері мен синтаксистік қатынастарын айқындауға болады. Бұл жағынан сөз тіркестерін сөйлемнен жеке алып өз алдына қарауға болатын синтаксистік категория деп білеміз [1, 26].

Қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерін зерттеуші ғалым Т.Сайрамбаев фразеологизмдерді лексикалық түйдекті тіркес ретінде танып, сөз тіркесін күрделендірудің бірден-бір жолы деп біледі. Фразеологиялық единицалар да, еркін сөз тіркестері де номинативті құралдардың қатарына енгенімен, бұлардың номинативті сипаты бірдей емес. Еркін сөз тіркестерінің номинативті қызметінен фразеологиялық единицалардың номинативті қызметі анағұрлым басым. Еркін сөз тіркесінің сыңарларының бірі екіншісіне тәуелді болғанымен, әрқайсысы дербестік қасиетін сақтайды. Ал фразеологиялық единицаның құрамындағы сыңарлар еркін сөз тіркесін құрастырушы сыңарлар сияқты емес, мағыналық дербестіктен де, грамматикалық дербестіктен де айрылады, біртұтас, бір бүтін мағынаға ие болады, мағыналық жақтан жеке сөздің эквиваленті ретінде ұғынылады. Осының бәрі, еркін сөз тіркесімен салыстырғанда, фразеологиялық единицаның номинация тұтастығы әлдеқайда басым екендігін көрсетеді. Ал еркін сөз тіркесінің құрамының оңай ажыратылуы, сыңарларының сөйлемнің өз алдына мүшелері бола алуы оны құрастырушы сыңарлардың дербестілігін сақтай алатындығымен байланысты [2,182] екені анық. К.Аханов сөздердің бір-бірімен грамматикалық тұрғыдан тіркесу қабілеті мол болғанмен, олар лексикалық тұрғыдан тіркесу мүмкіндігі болған жағдайда ғана, бірбірімен тіркесіп, сөз тіркесін жасай алатынын айта келіп, синтаксистік сөз тіркесі мен фразеологиялық единицалардың арасында түбірлі айырмашылық бар екендігін байқайды. Синтаксистік сөз тіркесі үшін сөздердің лексикалық тіркесімділігі міндетті шарт болса, фразеологиялық единицалар үшін олардың сыңарларының лексикалық тіркесімділігі міндетті емес. Фразеологиялық единицалар үшін оларды құрастырушы олардың құрастырушы сөздердің лексикалық тіркесімділігі қажетті шарт бола алмайтындығы мұртын балта шаппау, жүрек жалғау, көз байланғанда, аузымен орақ ору, су жүрек, жүрек жұтқан және т.б. осылар тәріздес фразеологиялық единицалардан және олардың құрамындағы сыңарлардың (сөздердің) тіркесуінен ашық айқын аңғарылады. Ал синтаксистік сөз тіркесін құрастырушы сыңарлар сөздердің лексикалық тіркесімділігіне бағынбай, өзінше тіркесе бермейді. Синтаксистік сөз тіркесі дегеніміз еркін сөз тіркесі, бірақ оның еркіндігі сөздердің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының өзін құрастырушы сыңарлардың мағыналарынан туатындығынан, осыған орай, оған (синтаксистік сөз тіркесіне) лексикалық және грамматикалық идиоматизмдердің (грамматикалық идиоматизм деген термин бұл жерде сөз тіркесінің синтаксистік жақтан бөлшектенбеуі деген мағынаны білдіреді) тән емес екендігінен көрінеді.

Проф. Т. Сайрамбаев фразалық тіркестерді, сөйлемнің бір-ақ мүшесі қызметін атқаратын біріккен сөздер, қысқарған сөздер, шылаулар мен тағы басқалармен ұқсас сөйлемде түйдекті күйінде жұмсалатындығын айтады. Ғалымның айтқан мына сөзіне сүйенсек: сөз тіркесі мен тіркес сөздердің өздерінің бір-бірінен айырмашылықтары бар. Сөз тіркесі ойдың кішкене бір бөлшегі бола отырып, олар толық мағыналы екі не одан да көп сөздерден құралады. Оның әрбір мүшесі белгілі бір сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалса, ал тіркес сөздерде ондай қасиет жоқ. Олар сол тобымен жинақталып сөйлемнің бір-ақ мүшесі қызметін атқарады. Әрине, бұл заңдылықтары. Негізінде олардың әлі де болса көптеген заңдылықтарының, оның үстіне әрбір байланысу формалары мен амалдарының ішкі жүйелері, ол кездегі әрбір сыңарларының тіркесу аясы, дамып жетілуі немесе олар туралы басқа да зерттеу жұмыстары жалпы сөз тіркесінің синтаксисін толықтыра түсетіні белгілі [3, 22]. Сонымен бірге, осы сөз тіркестеріне байланысты ғалымдар арасында әр түрлі талас-пікірлердің бар екендігін айта келіп, мысалдар арқылы өз көзқарасын көрсетеді: «Сөз тіркесі кемінде толық мағыналы екі сөзден құралып, синтаксистік топ жасайды дедік. Дәл осы негізде кейбір сөйлем мүшелері күрделі түрде бір сұрауға жауап беріп жұмсалады. Сонда осы күрделі мүшелер яғни күрделі мүшелер яғни күрделі анықтауыш, күрделі толықтауыш немесе күрделі пысықтауыштар өзара сөз тіркесін құрай алады ма? Осының төңірегінде әр түрлі талас пікірлер бар. Мысалға мына сөйлемді талдап көрелік: Асқар орыс тіліне жетік. Сөз тапқанға қолқа жоқ (мақал). Міне осы мысалдарда орыс тіліне деген екі сөз н е г е? деген сұрауға жауап беріп, ол да толықтауыш қызметін атқарған. Осы орыс тіліне және сөз тапқанға деген топтарды кейбір тілшілер сөз тіркесіне талдаудың қажеті жоқ деп табады. Бұл дұрыс емес. Өйткені олардың өз алдына байланысу формасы, амалы т.с. заңдылықтары, фғни сөз тіркесіне тән өзіндік белгілері бар екендігі айқын. Орыс тіліне дегенде орыс тілі, қазақ тілі т.б. деп те орын алмастырып еркін тіркесте айта береміз. Олар қатып қалған, яғни фразалық тіркес құрай алмайды. Орыс тіліне дегенде қабыса байланысқан анықтауыштық қатынастағы есімді сөз тіркесін құрап тұрғандығы белгілі» [3,19].

Сөз тіркесі синтаксисінің үлкен мәселесінің бірі – күрделі сөздер мен сөз тіркесінің айырмашылығы, -дейтін Т.Сайрамбаев, бұл мәселе тіл-тілдердің барлығында да арнайы зерттеліп жүргендігін айтады. Мұның өзі күрделі сөз бен сөз тіркесінің құрылымы жағынан өте ұқсастығынан туғандығы белгілі. Жалпы бұған дейін күрделі сөз бен сөз тіркесі Н.Н.Прокопович, Н.И.Филечева, Ю.Сеидов, А.Хаджиева, М.Балақаев, А.Ысқақов, К.Ахановтардың еңбектерінде арнайы сөз болған. Бұған байланысты ойларын да ғалым басқа да тілдерді зерттеуші осындай ғалымдардың ұстанымдарын негізге ала отырып, мысалдармен дәлелдейді. Мысалы: Екі басында екі пұттық гирдей домалақ темірі бар сом тұтқасын айналдырып тұрған жалпақ бетті, қошқар мұрынды, қалың ерінді зор қара жігіт Матвей Степановичтің әніне қосылмақ болды (Ә.С.). Сұлулық жерден өніп, көктен жауған, Тапқан ол тыныштықты таза ауадан (І.Ж.). Осы сөйлемдердегі қошқар мұрынды, жалпақ бетті, қалың ерінді күрделі сын есімдері, жерден өну, көктен жауу, тыныштықты табу – сөз тіркестері. Алайда сөз тіркесінің құрылымында айырмашылық бар. Мысалы: тыныштықты табу, жерден өну, көктен жауу деген сөздер бірі басыңқы, бірі бағыныңқы қызметте жұмсалып, меңгеріле байланысқан сөз тіркесін құрап тұр. Ал жалпақ бетті, қошқар мұрынды, қалың ерінді деген күрделі сын есімдер осы қалпында сөз тіркесі бола алмайды, өйткені олардың әрқайсысы біріне-бірі басынқы-бағыныңқы қызметте жұмсалмай, екеуі бірігіп басқа бір сөзді анықтап, бағыныңқы қызметте жұмсалып тұр. Бұлардың бағыныңқы қызметте жұмсалып, күрделі сөз жасауына –ды/-ді жұрнағының да тікелей әсері бар. Жалпақ бетті, қошқар мұрынды, қалың ерінді сөздерін жалпақ бет, қалың ерін қошқар мұрын деп, -ды/-ді жұрнағын қоспай айтсақ, бұл сөздер бірі бағыныңқы, бірі басыңқы қызметте жұмсалған жай сөз тіркесі болар еді. Сонда өз алдына жай сөз тіркестері енді -ды/-ді жұрнақтарының әсерінен күрделі сөзге айналғандығын аңғару қиын емес. Бұндай құбылыс туралы басқа да ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. Проф. Р.Әмірдің осыған ұқсас мынадай пікірін көруге болады: «Сөз тудыру, сөз грамматикалық мағынасын құбылту үшін пайда болған тіркестер сөз тіркесі қатарына жатпайды: қызыл балық, ақ боз, ақ баттауық, көк ала. Мысал ретінде келтірілген сөздер – күрделі сөздер. Бұлардың компоненттері бастапқыда синтаксиске тән тәсілдер арқылы қосылғанмен, қазір бір ұғымды атайтын сөз қалпына енген. Көп жағдай да осылай құралған тіркестер жүре келе бірігіп, біріккен сөздерге айналып кетеді» [4, 11].

Яғни зерттеуші еңбегінде қазіргі таңда күрделі сөздер деп танылып жүрген сөздердің әуелгі сипаты еркін сөз тіркестері болатындығын айтып отыр. Демек, ғалым өте дұрыс пайымдаулар жасаған. Шынында, сөздердің атау ретінде қалыптасуының ең негізгі көздерінің бірі осындай еркін сөз тіркесі. Олар – атаудың пайда болуының ең белсенді де өнімді тәсілінің бірі.

Сөйтіп, құрылымы жағынан күрделі сөздер сөз тіркестеріне ұқсас, ал мағыналық жағынан олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Айталық, күрделі сын есімдер қаншалықты екі сөзден құралғанымен, бір ғана мағынада заттың сынын білдіреді, яғни, күрделі сөз бен сөз тіркестерінің ұқсастығы олардың жасалу жолында емес, сөз санының көлемінде деген сөз. Саны жағынан екеуі де екі немесе оданда көп сөздерден құралады. Ал сыңарларының өзіндік ерекшеліктері тұрғысынан оларда ұқсастық жоқ. Өйткені сөз тіркесінің әрбір сыңары толық мағыналы, синтаксистік қызметі бар, біріне-бірі бағыныңқы-басыңқы қызметте жұмсалуға тиісті сөздер болса, күрделі сөздердің сыңарлары кейде толық мағыналы, кейде дербес мағынасы жоқ сөздер де болады, олардың арасында сөз тіркесіндегідей толық грамматикалық байланыс жоқ. Сол тобымен бір-ақ сөз қызметінде жұмсалады.

Сонымен, сөз тіркесімен кейбір тұлғалардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары және сөз тіркестерінің құрылысының айналасында бірталай сөз қозғаған ғалым Т.Сайрамбаевтың пікіріне қорытынды жасасақ, сөйлемде сөз тіркесіне ұқсас жұмсалатын біріккен сөздер де, қысқарған сөздер де, қосарланған сөздер де, фразеологиялық тіркестер де, күрделі сөздер де тұтастай бір сөйлем мүшесінің қызметін атқарады, сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалады. Осыған сәйкес ғалым Т.Сайрамбаев өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектеріндегі ұстанымдар мен пікірлерді бағалай, саралай отырып, әрі сөз тіркесіне ұқсас, сөйлемде бірнеше компонентті құрап бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқаратын біріккен сөздер, қысқарған сөздер, қосарланған (қос) сөздер, күрделі сөздер, тұрақты тіркестер, салалас сөздер т.б. салыстыра келе олардың сөз тіркесінен басқа құрылымдар екендігін айқындады. Шындығында сөз тіркесі секілді сөйлемде бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқаратын мұндай тұлғалар жөнінде бұған дейін профессор М.Балақаев еңбектерінде атап өткен болатын. Тіпті, М.Балақаев мұндай жағдайдың барлығын түйдекті тіркес деп дәлелдейді [3, 21].

Түйдекті тіркестер лексикалық және грамматикалық болып екіге бөлінетіндігін көрсетеді.

Лексикалық түйдекті тіркес дегеніміз – екі не одан да көп сөздің тіркесіп, белгілі бір заттың, сапаның, санның, қимылдың әр түрлі белгілерін білдіретін атау. Мысалы: темір жол, қара көк, Арал теңізі; зар илеу, қырғи қабақ болу, еңірегенде етегі жасқа толу, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, дедек қағу (тұрақты тіркестер) т.б. Лексикалық түйдекті тіркестер түйдегімен сөз тіркесінің бағыныңқы немесе басыңқы сыңары қызметінде жұмсалады.

Грамматикалық түйдекті тіркес дегеніміз екі немесе одан да көп сөздердің тіркесуі нәтижесінде сөздің бұрынғы грамматикалық мағыналарының түрленуі, құрамындағы сөздің мағынасы өз мағынасынан алшақтайды. Ол үшін құрамындағы толық мағыналы сөздердің шылауында көмекші сөздер қолданылады.

Сөз тіркестерінің күрделенуі үнемі түйдекті тіркестер арқылы жүзеге асады. Қазіргі шақта күрделену мен сөз тіркесінің аясын кеңейтуде шешуші орын алатын факторлар:

а) әрбір сөз табының күрделі түрі;

ә) көмекші етістік;

б) көмекші есім;

в) модаль сөздер;

г) шылаулар;

ғ) нумеративті сөздер;

д) фразеологиялық тізбектер т.б. десек, бұл ғалым Т.Сайрамбаев тарапынан

жинақталып, қасиеті ашыла түскен құрылымдар.

Т.Сайрамбаев жалпы фразеология туралы шыққан еңбектерге шолу жасай келіп, «біріншіден, ол еңбектер өте көп, екіншіден, олардың 99% таза фразеологиялық аспектіде жазылған, үшіншіден, синтаксистік өзгешеліктері жоқтың қасы, төртіншілен, синтаксистік бағытта жазылған еңбектерде көбіне тек сөйлем мүшелері тұрғысынан баяндау басым деп тұжырым жасайды.

Т.Сайрамбаев сөйлем мүшелерінің жасалуын төмендегіше топтастырады:



  1. Негізгі сөз таптары арқылы.

  2. Негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесуі арқылы.

  3. Тұрақты тіркестер арқылы.

  4. Сөйлемнің сөйлем мүшесі болуы.

  5. Бір сөздің қайталануы арқылы сөйлем мүшелерінің болуы.

  6. Қысқарған сөзді сөйлем мүшелері.

  7. Жеке дыбысты сөйлем мүшелері.

Сөйлем мүшелерінің жасалу жолдарын сығымдай түссек, үлкен үш топқа топтастыруға болар еді деп көрсетеді:

  1. Дербес мағыналы сөздер арқылы.

  2. Дербес мағыналы сөз + көмекші сөз арқылы.

  3. Тұрақты тіркестер арқылы [1,114].

Осы топтаманың ішінен негізге алынып отырған мәселе – сөйлем мүшелерінің тұрақты тіркестерден жасалуы. Тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері мен жеке сөз, күрделі сөздерден болған сөйлем мүшелерінің арасындағы негізгі айырмашылық – структурасы мен семантикалық тұтастық пен тұрақтылығында ғана емес, сонымен бірге тұрақты тіркестердің экспрессивтік-эмоционалдық мәнінде, сөйте тұра сөйлем ішінде жеке сөздер сияқты әрбір сөйлем мүшелерінің грамматикалық көрсеткіштері арқылы синтаксистік қатынастарға түсетінінде.

Әдебиеттер:

  1. Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Алматы, 1991.

  2. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. Алматы, 1972.

  3. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. Алматы, 1981 4 Әміров Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 2003.

Исаева Жазира Исақызы


Ф.ғ.к.,Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті,

Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі,

Мәулен Балақаев мектебінің үздік түлегі,

Түркістан, Қазақстан

ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ


Ислам дініндегі хадистерде «Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артына дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам», – деп, ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған...

Осы орайда біз де өзімізге артында жалғасын тауып жатқан, тау суындай таусылмас үйретер ілімі бар, ғылым жолында артына өшпес іс салдырған ардақты, синтаксистің сардары атанған Мәулен Балақаевтың 107 жылдық және қазақ тіл білімі мен оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз ф.ғ.д., профессор Талғат Сайрамбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай мерейтойы қарсаңында сағынышпен еске алып, өзімізге етене таныс естеліктерін (Университеттегі қазақ тілі кафедрасының жанынан ашылған М.Балақаев кабинетінің және М.Балақаев мектебінің аталу тарихы туралы) санамызда қайта жаңғыртуға тырыстық.

Осы тұста өзімнің оқыған мектебімнің аты – синтаксис ғылымының білікті маманы ұлы тұлға, ғалым Мәулен Балақаев есімімен аталғанына қуанышымда шек жоқ. Біріншіден, анам Махамбетова Жұмакүлдің және халықтың көптен күткен үміті ақталса, екіншіден ұлы тұлға Мәулен Балақаевтың аруағы қолдап, филология саласына жол салып, ғылым кандидаты атандым. Сол жылдары мектепте директорлық қызмет атқарып жүрген анам бір күні: «Осы мектепке қашан тұрақты бір ат берілер екен деп армандап, күрсінген болатын. Ойлап қарасам, сол күрсіністің астында үлкен мән-мағына жатыр екен. Неге десеңіз, бір жылдары (ҚЛКЖО-ның 50 жылдығы ескі атаумен аталған) мектеп Ғ.Мұратбаев болып та аз уақыт аталды. Содан, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбіш Байтанаев есімі берілетін болды деп бірталай құжат жинап жүрген анамның қуанышы су сепкендей басылып, одан кейін осы өңірдегі кішкентай Ақсары ауылы бар болатын, сол Ақсары атауын мектепке алатын болдық деген сенімі де жоғалды. Ақырында табандылықпен осы Мәулен Балақаев есімі алынды.

Сол кездегі мектепке ат беру ісіндегі анамның сын сағатта тұрған ерен еңбегін атап өтуді және ұрпақтар санасында қайта жаңғыртуды перзенттік парызым деп есептедім. Сонымен қатар, университеттегі профессор Мәулен Балақаев кабинетінің шығу тарихына келсек:

Тәуелсіздіктен соң киелі Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылғаны белгілі. Сол оқу ордада Мәулен Балақаевтың шәкірті Талғат Сайрамбаев ұзақ жылдары студенттерге дәріс жүргізіп, лекция оқып жүрді. Оның еңбегі «Қазақ тілі» кафедрасына айтарлықтай сіңіп, кафедраның ғылыми-потенциалын көтеруіне жағдай жасап, бірнеше шәкірттерді ғылымға баулып, ғылым кандидаты атануына зор ықпал жасаған болатын. Осы еңбегін бағалаған Талғат Сайрамбаевтың шәкірттері филология ғылымдарының кандидаттары Гүлімжан Жылқыбай мен Нағима Қошановалар ұстазына телефон шалып:


  • Талғат аға, кафедра жанынан «Қазақ тілі» кабинетін ұйымдастырып, оны сіздіңесіміңізбен атауды ұйғарып отырмыз, -деді. Аз ғана үнсіздіктен соң Талғат Сайрамбаев:

  • Маған деген көңілдеріңізге дән ризамын. Сол кабинетті ұстазым МәуленБалақаевтың атымен атасаңдар, қуана келісімімді берер едім.

  • Ағай, сіз өз ұстазыңызды аз құрметтеп жүрген жоқсыз. Тіл ғылымында сіздің дееңбегіңіз орасан зор. Енді біз де өз ұстазымызды құрметтесек асылық болмас, -дейді шәкірттері.

  • Жоқ, шырақтарым, Мәулен Балақаев есімін қойғандарың жөн –деп, кесіп айтты.Міне кабинет солай аталды.

Ғалымның өмірден озар соңғы өмір дерегі туралы тағы бір естелік: Синтаксис ғылымының білікті маманы атақты профессор Мәулен Балақев өмірден озғанда Түркістандық немере інісі Сәдуақас Алтайұлы Балақаев елден келген М.Балақаевтың өзіне жақын шәкірті профессор Талғат Сайрамбаевты оңаша шығарып: – Тәке, ағамның маған айтқан үлкен аманаты бар еді. «Егер, олай-бұлай бола қалсам, туған жерім Түркістанға алып барып қоярсың» деген. Мына балалары Ерік пен Ләйлә қанша айтсам да: «Әкемізді осы жерге қоямыз», – деп көнбей отыр. Сіз түсіндірмесеңіз, мені тыңдар емес, – деді. Тәкең Ерік пен Ләйләға әкенің соңғы аманатын орындау парыз екенін шым-шымдап түсіндірді. Алғашқыда балалары онша ырық бермегенімен, кейін мақұл көрген. Сөйтіп, Мәулен Балақаевты Алматыдан Түркістанға ғалым-шәкірттері Көбей Құсайынов, Өмірзақ Айтбаев және Талғат Сайрамбаев, әйгілі тіл маманы Мәулен Балақаевты өзі қалаған мәңгілік мекеніне жайғастырып қайтқан.

Қорыта айтқанда, ғалымның өмір деректерінен өзінің қалаған, туған өлкесінде «Балақаев оқулары» атты ғылыми-практикалық дәстүрлі конференциясында және «Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы ғылым мен білімнің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы жылда жалғасын тауып, ұлы ұстаздарымыздың аңыздай болған естеліктерін айтып, ұстаздың игі істерін шәкірттері үлгі тұтып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақстандағы орта білім беруге және ЖОО-ға негізделген білімгерлерді дарын ыңғайында даярлау жүйесін көздейтін негізгі нысанын түсініп, бәсекеге қабілетті шәкірт даярлау жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан білім ордасындағы жиналған барша зиялы қауымды осы бағытта кеңірек жұмыс жасауға шақырамыз! Қазақта: «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» немесе «Өлі риза болмай тірі байымас» деген тамаша нақыл сөздер жеткізер, айтар ойымызды одан әрі толықтыра түсері сөзсіз.

Сонымен Мәулен Балақаев – тек қазақ тіл білімінде ғана емес, бүкіл түркологияда сөз тіркесі синтаксисінің алғашқы әрі дара көшбасшысы болып қала береді.



ТІЛТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ Т.САЙРАМБАЕВ СЕКЦИЯСЫ

DİL BİLİMİ MESELELERİ VE T. SAYRAMBAYEV PANELİ


Өмірзақ Айтбайұлы филология ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі,

Алматы, Қазақстан

ТАЛҒАТ САЙРАМБАЙҰЛЫ САЙРАМБАЕВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ


Талғат Сайрамбайұлы 1937 жылы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жиенқұм ауылында дүниеге келген. Әкесі Қонысұлы Сайрамбай ақсақал өз ортасының беделді кісісі болған. Ал анасы – Қарашаш көрікті әрі сабырлы кісі болады. Анасынан ерте айырылған Талғат Ұлпа атты аса мейірімді екінші анасының тәрбиесінде өседі. Он төртке келгенде әкесі дүниеден өтіп, алдағы арман – дүниеге Талғат Сайрамбайұлының өз еңбегімен, өз қабілетімен, өз жолымен сапар шегуіне тура келеді. Онжылдықты Арыс қаласындағы мектеп-интернатта бітіріп, бір жылдан соң М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының филология факультетіне түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай бітіреді. Ғылым жолына түсу сапары Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспиранты, профессор Мәулен Балақаевқа шәкірт болуынан басталады. Талғат Сайрамбайұлының ғылыми-педагогикалық еңбек жолы Қызылорда қаласындағы (1965-1971) қазіргі Қорқыт Ата университетінде басталды. Содан кейінгі қызметі негізінен Қазақ ұлттық университетінде (1971-2009) өтті. Алматыда өз алдына шаңырақ көтерген «Қайнар» университетінде де (2002-2009) қосымша профессорлық лауазымда қызмет атқарды. Талғат Сайрамбайұлының шығармашылық жолына келсек, ең басты еңбектері 1967 жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім мен сан есімнің етістікпен тіркесі» атты кандидаттық диссертациясы мен 1984 жылы қорғаған «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерінің құрамдық-семантикалық типтері» атты докторлық диссертациясы. Талғат Сайрамбай ұлы не жазса да сол нысаналы тақырыбы – сөз тіркесі мәселесі туралы жазды.

Сондай-ақ сөз тіркесі жайлы жазылған еңбектерді талдап, авторлық көзқарастарын қолдап, қалайда осы тақырыптың көкжиегін кеңейтуге ерекше ниетті ғалым болды. Өзінің жетекшілігімен қорғаған 38 ғылым кандидаты мен 3ғылым докторының да зерттеу жұмыстарының басым бөлігі осы сөз тіркесі мәселесі болатын.

Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев қазақ тіл білімі синтаксис саласының ішіндегі сөз тіркесі мәселесімен түбегейлі айналысты. Осы мәселеге өзінің барлық шығармашылық еңбегін, кандидаттық, докторлық диссертацияларын, 15-ке тарта монографиялық зерттеулерін, 230-ға тарта ғылыми мақалаларын арнады. Жұмыстарының ішінде жеке өзінің авторлығымен шығарғаны 12 еңбек (монографиялар, оқу құралдары), 7-8 еңбек қосымша авторлықпен шыққан оқу құралдары, 5-6 еңбек қосымша авторлықпен шыққан сөздіктер, қазақ тілі тілашарлары, 14-і әдістемелік құралдар (әдістемелік нұсқаулар, пәндік бағдарламалар). Одан басқалары ғылыми мақалалар болып табылады. Қазақ тіл білімі тарихында сөз тіркесі мәселесі – соңғы 50-60 жыл көлемінде ғана зерттеле бастаған жаңа бағыт. Бұл мәселеге синтаксис мамандарының көпшілігі арнайы бет бұрған жоқ еді. Ал тіл білімімен айналысқан әрбір ғалым халық танымына жақын мәселелерді бұл ілімнің барлық саласы бойынша жан-жақты зерттеді, тереңдетті, толықтырды, тілдің біртұтас заңдылығын қалыптастырды. Келешекке мұра етіп қалдырды.

Сөз тіркесі мәселесіне синтаксисте бір ғалым ғана білек сыбана кіріскен болатын. Ол әйгілі ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақаев еді. Ол кісінің шәкірті Т.Сайрамбаевтың да шығармашылық жұмысының дені – сөз тіркесі мәселелері. Атап айтқанда, «Күрделі сөз тіркестерінің кейбір мәселелері» (1976), «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері» (1981), «Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі» (1991), «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» (1996), «Синтаксис туралы ойлар» (1996), «Синтаксистің кейбір мәселелері» (2004), «Жақ категориясының функционалдық көрінісі» (2005), т.б. оқу құралдары мен «Мәулен Балақаев» атты зерттеу-эсселік монографиясы (2007) жарық көрді.

Талғат Сайрамбайұлының «Мәулен Балақаев» атты монографиялық еңбегі профессор М.Балақаевтың 1939-1992 жылдар аралығында шыққан еңбектеріндегі сөз тіркесі мәселесін талдап, жинақтап, бүгінгі күнмен үйлесімді етіп жалғастырған. Сөз тіркесі мәселесі – М.Балақаевтың кандидаттық та, докторлық та жұмыс тақырыбы емес, ғалымның қазақ тіл білімін дамытудағы жаңа көзқарасы. Сөз тіркесі мәселесі зерттеуді күтіп тұрған тілдік құбылыс екенін, бұл мәселені М.Балақаев дөп басып қолға алғанын, оны ерінбей зерттеп, жалықпай жазғандығын тарихи жылдар бойынша Т.Сайрамбаев аталған еңбегінде жан-жақты ашып көрсеткен.

Талғат Сайрамбайұлы – осы ұстаздың шәкірті. Ол ұстаз ілімін жалғастыра, дамыта, жетілдіре жүріп, өмірінің соңына дейін осы идеяны насихаттады, өз шәкірттері арқылы тереңдете түсті. Профессор Т.Сайрамбаев қоғамдық жұмыстарды да бір кісідей әділ де шебер атқарған қайраткер болды. ҚазҰУ-де қызмет атқарған 38 жылының бір бөлшегі жалпы университеттің дайындық бөлімінің деканы және орынбасары болып істеген 6 жылында ауыл жастарын, білімнен қол үзіп қалған жастарды жоғары білімге тартуда көп еңбек етті. Әрбір талапкердің өндірістегі ерен еңбегін, армия қатарындағы айбынды істерін бағалап, бір де бірін кейін қайтармай, олардың университет студенті болуына барлық көмегін жасағанын дайындық бөлімінде оқып, кейін лауазымды қызметте жүрген тұлғалар жыр қылып айтып жүргенін талай естідік. Бірнеше жыл өзі қызмет ететін филология факультетінің партия ұйымының хатшысы, өзі ашып, өзі топтастырған қазақ тілі кафедрасының 10 жыл меңгерушісі болып қызмет атқара жүріп, көптеген шәкірттерді ғылымға баулыды. Әрбір талапкерді ғалым етіп шығару оңай шаруа емес. Әркімнің қабілетіне орай тақырып таңдау, оның ғылыми жоба-жоспарын жасау, сол мәселе бойынша ауқымды кеңес беру, сол тақырыпқа қызығушылығын ояту да Талғат Сайрамбайұлының кезекті шаруасы болатын. Одан соң жазылған жұмыстың жарияланымын, оның сауаттылығын бақылап, әрбірінің дер кезінде қорғауын мұқият қадағалап отыратын. Ең бастысы, диссертанттың ғылымға қосар жаңалығына көзі жетпейінше тынымсыз жұмыс жүргізетін. Ал олардың қорғау сәтінде де қиналыс аз болмайтын. Балапанын қорғаған құс секілді қиындықтарды бастан кешіретін. Қашан қорғалған жұмыс Жоғары аттестациялық кеңестен бекіп келгенше көңілі орнына түспейтін ұстаз болды. Т.Сайрамбайұлының әрбір шәкіртінің қорғаған ғылыми жұмыстарының қай-қайсысында да ұстаздың пікірі өшпестей өріліп жатады. Ол шәкірттер ойымен өрбіп, жалғасып кете береді...

Профессор Талғат Сайрамбайұлы өзінің 44 жыл оқытушылық жұмысындағы ең сүйікті ісі – студенттерге дәріс беру, түрлі формадағы сабақтар өткізу жұмысы еді. Ұстаздың терең мәнді, мазмұнды лекциялары, тартысты сабақтары әрбір студенттің біліміне білім қосып, сол ғылымды қабылдауға деген танымдық белсенділігін арттырып отыратын. Көбіне студенттерді шығармашылық жұмысқа баулитын. Бүгінгі ғылым кандидаты болып жүрген шәкірттерінің көпшілігі – өзінің сабақ берген бұрынғы студенттері.

Бүгінгі студенттер, магистранттар және кең байтақ Қазақстанның жер-жерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген мұғалімдер мен жас ғалымдар білім берудегі сүйікті ұстаздары Талғат ағайларының есте қаларлық үлгілі сабақтарын және ұстаздың өз білгенін жастарға үйретуге құштарлығын, тіл ғылымының тылсым сырын, бай қазынасын жастарға үлестіруге, бөліп беруге асыққан ағартушылық ынтасын шәкірттері әзір ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да.

Мәскеуден берілген «Отличник высшей школы СССР» (1986 жылдың мамыр айында) және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009 жылдың сәуір айында) деп аталатын атақтары ол кісінің еңбегінің жемісі. Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев – ғылымда да, өмірде де үлкен мұра қалдырған, адалдықпен, пәктікпен, тынымсыз еңбекпен отбасына да, еңбек еткен ортасына да, әрбір шәкіртіне де сарқыла тағылым берген, әрбір дос-жаранына қимастай тұлға бола білген ардақты әке, асыл ата, жақсы жар, адал дос және ғалым-ұстаз. Аяулы ұстаз, көрнекті ғалым, жастарға жақсы аға, жаны жайсаң қадірлі дос Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев 2009 жылдың 20 қарашасында 73 жасында дүниеден өтті. Оның есімі әріптестері мен шәкірттерінің, туғантуыстарының есінен шықпайтыны хақ.

А. Б. Салқынбай


Ф.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Алматы, Қазақстан


Т. САЙРАМБАЕВТЫҢ СИНТАКСИСТІК ҰСТАНЫМДАРЫ


Қазақ ғылымының көсегесін көгертіп, ғылым көкжиегін кеңейткен ХХ ғасыр екенінде дау болмаса керек. А. Байтұрсынұлы зерттеулерінен бастау алатын қазақ тіл білімі осы кезеңде сала-салаға бөлініп зерттеле бастады. Қазақ тілін ана тілі ретінде терең білетін (тілді білмей-ақ, сыртынан тон пішіп зерттеушілердің еңбегін де бағалап жүрміз ғой) ғалымдар шоғыры кемел тіліміздің грамматикалық құрылымына терең бойлай, тіл ғылымының жан-жақты өркендеуіне барынша өз үлестерін қосып жатты. Қазақ тіл білімін зерттеушілердің осылайша буын-буыны өсіп жетілді. ХХ ғасыр – кеңестік кезең – қазақ тіл білімінің дамуында маңызды рөл атқарды деп нық сеніммен айтуға болар еді. Бұл кезеңде, негізінен, тұлғаның формалық сипатын негізге алатын құрылымдық грамматика дамыды, лексикологияның барлық салалары бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жазылып, қазақ тілінің басты бағыттары мен тіл дамуының негізгі заңдылықтары анықталды, жүйеленді, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері сараланды.

Ғылымға 60-жылдары келген үлкен бір толқынның ішінде Шымкенттің Бәйдібек топырағынан шыққан Талғат Сайрамбайұлы да бар еді. Т.Сайрамбаев қазақ тіліндегі сөз тіркесінің теориялық мәселелерін алғаш рет айшықты түрде зерделеп, ұстазы М. Балақаевтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық және докторлық диссертациясын осы тақырып аясында жазды. Сөйлеу тілінде белсенді әрі жиі жұмсалатын күрделі сөз тіркестерінің негізгі ерекшеліктерін анықтап, оның аясын кеңейтетін негізгі факторларды көрсету арқылы тіл дамуындағы синтаксистік жолдың маңызын көрсетті. Өркениет пен мәдениеттің жетілуіне сәйкес тіл дамуының маңызды сипаты әрі негізгі белгісі аналитикалық жол екені жалпы тіл білімінде негізделген, дәлелденген көзқарас.

Сөз тіркестері сөйлемдегі ойды айқындаудың, пікір білдірудің негізгі кірпіштері деп танысақ, ойлау жүйесінің дамуына сай, олардың да тұлғалық және мағыналық тұрғыдан күрделенуінің тіл дамуы үшін ғана емес, герменевтика, психолингвистика, когнитивті тіл білімі үшін де маңыздылығы арта түспек. Ғалым зерттеп, дәлелдегендей, сөз тіркесінің аясы әрбір сөз табының күрделі түрлерінің, көмекші етістіктің, көмекші есімнің, модаль сөздердің, шылаулардың, нумеративті сөздердің, түрлі қосымшалар мен фразеологиялық тізбектердің негізінде күрделе түсті. Сөйлеу тілінің күрделенуі ойлау жүйесінің, айтылар пікірдің күрделенуі деп түсінген абзал. Демек, халық тілінің кемелдене түсуі – сөз тіркестерінің күрделенуінен де анық аңғарылады.

Сөз тіркестерінің сөзбен, фразеологизмдермен арақатынасын анықтаған Т.С. Сайрамбаев “Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері” атты монографиялық зерттеуінде соңғы кезде (ХХ ғасырдың 80-жылдары) сөз тіркестері туралы еңбектерде оның зерттеу нысандары туралы теориялық таластың көбейе түскенін айта келіп, сөз бен күрделі сөз, сөз бен сөз тіркесі арасындағы арақатынасты ашып көрсетудің маңызы бар екенін тілге тиек етеді.

Сөз жеке ұғымды ғана білдіретін болса, сөз тіркестерінің көлемі жағынан да, мағыналық ерекшеліктері жағынан да күрделірек қасиеті бар екені аталады. Автордың пайымдауынша, “сөз бен сөз тіркесінің бір-біріне ұқсастығы - олардың екеуі де бір сөйлемнің құрамында қолданылады, кейде сөйлемнің қызметін атқара алады. Ал кейде сөйлеу процесінен бөліп алғанда екеуі де белгілі бір ұғымды білдіргенімен, ол жайындағы көзқарасты, хабарды субъектінің ол ұғымға қатысын білдіре алмайды”. Т. Сайрамбаев күрделі сөздер мен сөз тіркесін ажырату үшін мынадай мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін де анықтады:


  1. әрбір сөз табының күрделі түрі, оның жасалу жолдары;

  2. жалпы күрделі сөздер, олардың түрлері, бір-бірінен айырмашылығы;

  3. күрделі сөздердің сөз тіркестерінің жеке сыңарларынан және бүтіндей жай сөзтіркесінен айырмашылығы;

  4. олардың мағыналық ерекшелігі [1. 29].

Түркі тіл білімі мен қазақ тіл біліміндегі айтылған ойларға шолу жасап, ондағы түйінді ойларға тоқтала отырып, ғалым күрделі сөз бен сөз тіркесінің айырмашылығы ретінде жеті түрлі белгіні анықтайды. Онда күрделі сөз – сөз жасаудың бір түрі ретінде анықталады. Күрделі сөз бен сөз тіркесінің арасындағы айырмашылықтарға ғылыми талдау жасайды.

Күрделі сөздің әрбір сыңары бір-бірімен тығыз мағыналық байланыста айтылатыны, күрделі сөздің әрбір сыңарында жеке-жеке мағына болуы да, болмауы да мүмкіндігі, күрделі сөздің әрбір сыңарына жеке-жеке сұрақ қойылмайтыны, әрбір сыңарының орны тұрақты болатыны, тұтасымен барып басқа сөзбен синтаксистік байланысқа түсетіні т.б. тәптіштеп жазылады. Мұндағы айтылған күрделі сөздердің табиғаты мен сөз тіркесінің дамуы арқылы жасалған күрделі сөздердің мағыналық құрылымы мен олардың сөз тіркесінен өзгешелігі бірдей деп түсінеміз.



Сөз тіркестерінің синтаксис теориясындағы маңызы олардың басқа тілдік бірліктерге (сөйлем мен сөзге) қатысымен айқындалады. Сондықтан бұл мәселенің зерттелуі сөз тіркесінің жалпы тұжырымдамасымен байланысты болады. Батыс ғылымында Ф. де Соссюр синтагма түсінігін синтаксиске де, морфологияға да ортақ деп қарастыруы оның жалпы лингвистикалық тұжырымдарынан туындайды. Қатар келген кез келген тілдік элементті (олардың бірі анықталушы, екіншісі анықтаушы қатынастарын белгілейді) синтагмаға жатқызып, “синтагма всегда состоит из двух или нескольких последовательных единиц” – деген анықтама береді [2 ,121]. Синтагма түсінігінде туынды сөздің морфемасы да, септеу формалары да, сөз тіркестері де, бастауыш пен бастауыштың қосылуы да, тіпті күрделі сөйлемнің бөліктері де еніп кетеді. Екінші қырынан алғанда, синтагманың анықтамасында сөз тіркесінің міндетті түрде екі мүшеден құралатыны туралы айтылмай, синтагманың ең аз көлемі – екі элемент, екі мүше туралы мәлімет беріледі.

Бүгінде бұл түсінік әрі қарай ғылыми-теориялық тұрғыдан дамытылуда. Өйткені Соссюр ұсынған абстрактілі терминнің көлеңкесінде басқа, синтагматикаға қатысы бар терминдер көрінбей қалғандай еді. Сөз тіркесі (Соссюрдің түсінігі бойынша синтагманың бір түрі) мен сөздің арасында номинативті бірліктер ретінде белгілі бір жақындық бар, бірақ бұл екеуі біріне бірі пара-пар емес. Сөз бөліктері (морфемалар) мен сөз тіркесі мүшелерінің арасындағы айырмашылықты ескере отырып, С. Карцевский синтагмалардың екі түрін бөліп қарастырады. Олар: “ішкі” синтагма (яғни морфемалар) және “сыртқы” (яғни сөз тіркестерге жақын синтаксикалық бірліктер). Бұл теория тұрғысынан да қазақ ғалымы Т. Сайрамбаев жасаған ғылыми негіздің жүйелі екені анықталады. Сөз тіркестерін құрылымдық-сандық тұрғыдан: жай сөз тіркестері (екі мүшелі, екі толық мағыналы сөзден тұратын) және күрделі сөз тіркестері (үш, төрт не одан да көп сөзден құралған) деп бөліп қарастырды; сөз тіркесінің көлемін оның құрамындағы ең аз деген бөліктері арқылы зерделеп: сөз тіркесі кем дегенде екі толық мағыналы сөзден құралады, өйткені жай екі мүшелі сөз тіркесі барлық күрделі сөз тіркестерінің негізінде жатады деп тұжырымдады. Сөз тіркесінің ең аз көлемін анықтау арқылы сөз тіркесін сөйлемнен бөлек қарастырып, олардың басты ерекшеліктері мен байланысын саралады. Сөз тіркесінің анықтамасын және күрделі сөз тіркестерінің ең үлкен көлемін де дұрыс талдады; сөз тіркесінің көлемін оның грамматикалық табиғаты анықтап тұратынын дәлелдеді. Сөз тіркесінің көлемі және күрделену шегі оның сөйлеммен салыстырғандағы сапалық айырмашылықтарымен байланысты болатынын ғылыми-теориялық негізде талдады. Сөздің өзі жалпы, абстракциялық ұғымды атайды да, синтаксистік сөз тіркесі дәлдік, нақтылықты, айқындалған ұғымды көрсетеді. Тіл-тілдің қайсысында болмасын зат есім – зат есім тіркесінен тұратын атаулардың номинациялануы күшті қарқынға ие. Оның мәнісі зат есімнің ішкі мағыналық құрылымымен байланысты болса керек. Яғни зат есім өз бойына сандық та, сындық та, тіпті кей уақыттарда қимылдық та қасиеттерді жалпылай сыйғыза алады. Зат есімді сөздердің дені референтті атаулар болып табылады. Олардың семантикалық қорында архисеманың негізінде сақталған өзексема мен арнайы сема тұрақты түрде өмір сүреді. Мұның өзі, түптеп келгенде, түбірлердің синкретизмімен байланысты құбылыс деп бағалауға болар еді. Тілдік жүйенің осы заңдылығы сөз тіркестері негізінде жаңа атау жасаудың басты тәсілін де қалыптастырғаны белгілі. Сөз тіркестерінің лексикалануы арқылы аналитикалық тәсіл бойынша жаңа туынды сөздер жасалады деген пікірді қаузап, өзімізге дейін біраз ғылыми талас тудырып келген мәселе бойынша ізденушілерімізге тақырып беріп, матаса және қабыса байланысқан сөз тіркестерінің лексикалануы мәселесін ғылыми айналысқа шығарғанда, біз, ең алдымен, профессор Т. Сайрамбаевтың қолдауын сезіндік. Тілдік деректерді мол талдап, кең қорытатын ұстаз-ғалым, тілімізде жасалып жатқан атаулардан мысалдар тауып, оның ғылыми негізділігін дәлелдеуде көп пікір қосып, кеңес бергенін әсте ұмытармыз ба, кейінгі аспиранттарымыз ұмытар ма?!

Жеке сөздер тәрізді сөз тіркестері де предикативтілік категория мен интонация арқылы коммуникативті қызмет атқарады (қатал қыс және қыс қатал, қыс қатал болды және т.б.). Сөз тіркестері жайылма сөйлемдерді құрауға жиі қолданылады. Сонымен, сөйлем арқылы коммуникативті қызмет атқару барысында, сөз тіркестері сөйлем мүшесі ретінде танылады. Сөйлем құрамындағы сөз тіркесі сөйлем түріне, сөйлемнің басқа элементтерінің ықпалымен немесе сөйлем мақсатына, болмаса интонациялық-мағыналық ерекшеліктеріне және т.б. жағдайларға байланысты түрлі өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Нәтижесінде сөйлем түріне қарай тіркестердің жаңа құрылымдық типтері жасалады. Сөйлемнің құрамына енген сөздер мен сөз тіркестерінің құрылымдық өзгеру процестері саны көп және олар әртүрлі болады. Бұл мәселе де Т. Сайрамбаев еңбектерінде едәуір орын алып, өзіндік зерттеу нысаны болғаны белгілі. Ғалым зерттеулерінің бір ерекшелігі көп ғалымдар талдай қоймаған, аңғарылып, атала бермейтін тілдік деректерді ғылыми айналысқа шығарып, қалтарыста қалған көмекші бірліктердің сөйлемдегі мағынасы мен мазмұндық мәнін ерекше атап көрсету дер едік. Мәселен, сөйлем мүшесі ретінде талдана бермейтін көмекші сөздердің бағы Т. Сайрамбаев зерттеулерінде жақсы ашылады. Сөздер сөйлем мүшесі болуы үшін бір сұраққа жауап беруі қажет деген түсінікке ғылыми нақтылық беруді ұсынған ғалым, көмекші сөздердің негізгі сөздерсіз қолданыла алмайтынын ескеріп, сөйлемде олардың грамматикалық сипаты көмекшілер арқылы көрінетінін тілдік деректерді келтіре дәлелдейді.

Сөйлем мүшесі болуда сөздер бір-бірімен синтаксистік қатынаста келеді, сондықтан оның грамматикалық мағынасы да осы қатынас негізінде анықталуы қажет деген тұжырым айтады. Тілдің табиғаты тізбекті болса да, синтаксисте сөз тіркестерінің негізгі және тәуелді компоненттері арасындағы байланыс тек түйісу орнымен немесе қатар келуімен ғана анықталмайды. Оны басқа да құралдар анықтай арқылы, мәселен: мағыналық байланыс, әртүрлі орын тәртібі, интонация және т.с.с. Сөйлемнің мағынасына, мақсатына, стиліне, эмоциялық реңіне қарай сөздер мен тіркестердің орын тәртібі әртүрлі болуы мүмкін. Осы жағдаяттарды анықтай келе, профессор Т. Сайрамбаев сөйлем мүшелерінің жасалуындағы мынадай топтарды анықтайды: “негізгі сөз таптарының сөйлем мүшесі болуы, негізгі сөздер мен көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы сөйлем мүшесі болуы, негізгі сөздер шартты райлы болып, етістікті тіркес арқылы сөйлем мүшесі болуы, тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері, бір сөздің қайталануы арқылы сөйлем мүшесі болуы, сөйлемнің де сөйлем мүшесі болуы (кейін ғалым “Сөз-сөйлем” теориясын жасап, ізденушісіне кандидаттық диссертация қорғатты), қысқарған сөзді сөйлем мүшелері, жеке дыбысты сөйлем мүшелері” [1.278]. Бұл пікірмен де қосылуға тура келеді. Өйткені сөйлеуде жұмсалатын әрбір тілдік бірліктің сөйлем жүйесінде өзіндік мағынасы, мәні, ой мазмұнын бекітуде рөлі бар. Сөйлемнің бір“элементі болып табылатын сөз де, сөз бен көмекші сөздің тіркесі және тұрақты тіркестер де сөйлемге енгенде қалай да белгілі бір заңдылықтар негізінде жүзеге асады” [1.283].

Қазіргі әдеби тілде синтагмалық бөліктері бір-бірімен салаласа байланысатын көп мүшелі сөз тіркестерінің мүшеленуі де жиі кездеседі. Синтаксистік алмасулар бір сөз тіркесінің аумағынан алшақтамауы да мүмкін, бірақ негізгі шарт орындалуы қажет, яғни сөз тіркесі көп мүшелі (кем дегенде үш мүшесі бар) болуы тиіс. Сөз тіркестері бөліктерінің арасындағы қатынастар, мағыналық байланыстар өзгергенде, жаңа модель (үлгілер) пайда болады. Ондай үлгілер адъективті және субстантативті болуы мүмкін. Бұл құбылыстың негізінде тіліміздегі есімдердің мағыналық құрылымының кеңеюімен байланысты.

Т. Сайрамбаев сөз тіркесінде – тіркесімділік, ал сөйлем мүшелерінде – байланыс маңызды, сөз тіркесі сөйлем мүшелеріне қарағанда қалыптасуы жағынан кеш пайда болған деп есептейді [1.271]. Грамматика саласының даму процесіне назар аударған ғалым сөйлеу тіліндегі синтаксистің мәніне ерекше көңіл бөледі. Бала тілінің синтаксисіне, алғашқы сөйлеу жүйесіндегі ойдың, пікірдің берілуіндегі синтаксистің маңызына тоқталады. Егер белгілі интонацияға ие болса, жеке сөздердің сөйлем болуы мүмкін деген ой айтады. Мұндай ғылыми пікірлер қазақ синтаксисінің болашақта дамуына қатысты айтылған бастамалар деуге толық негіз бар.

Қорыта айтқанда, қазақ синтаксисінің зерттелуіне профессор Т. Сайрамбаев өзіндік үлкен үлес қосқан ғалым. Оның еңбектерін қайталай оқығанда, қазақ тіліндегі сөз тіркесін зерттеуде қандай ғылыми тұжырымға қол жеткізілді, болашақта қандай бағытта ізденуге болар еді деген сұрақтардың біразына жауап ала аласыз. Жастардан көмегін аямайтын, сол жасаған көмегін «өзгелердей» сатпайтын жақсы аға биыл 75-ке шығар еді... Артына өлмес мұра қалдырған профессор Т. Сайрамбаев есімі әлі талай ғылыми еңбектерде жазыларына, айтыларына сенім кәміл.

________________

1. Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі. Алматы, 2010. 29-бет 2. Соссюр Ф. Де. Курс общей лингвистики. М., 1933.


Гүлдархан Смағұлова


Ф.ғ.д., профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Алматы, Қазақстан

КЕМЕЛДІК ПЕН КЕҢДІКТІҢ ИЕСІ


Зымыраған уақыттың жылдамдығы кейде қиялдан бетер жүйрік пе деп қаласың. Қайталана беретін қиялдың ауылына сан мәрте барып қайтасың... Ал уақыт шіркін қанатын бір сермеген соң ұстатпайды-ау!.. Күні кеше ғана Тәкең – Талғат Сайрамбайұлының мерейтойы өткен сияқты еді. Міне, 80 жылдығы да келіп қалыпты. Бірақ ғалым Ағаның өзінсіз, тек бірге еңбек еткен әріптестері және соңына қалдырған ізі іспеттес шәкірттері, аяулы жақындарының еске алуымен туған күні атап өтілмекші. Шүкір, қазақы дархан көңілмен, ізгі адамгершілік пейілмен осы күнді күтіп жүрдік. Уақыт өте береді, алайда шынайы көңіл түкпірінен шыққан абзал лебізді әлгі айтқан уақыт шаңы баса алмайды. Төмендегі АҒА туралы айтқан ой толғаныс жолдарын қайталап ұсынғанда жөн көрдік.

Профессор Талғат Сайрамбайұлымен Ұлттық университеттің қабырғасында, филология факультетінде әріптес әрі ағалы-қарындас болып еңбек еткенімізге 40 жылға жуық уақыт өтіпті.

Қазақ тіл білімінің дамуына үлес қосқан, әсіресе, синтаксис саласында өнімді зерттеулер жүргізген және Қазақстан ғылымына көптеген шәкірт ғалымдарды дайындаған ғалым Аға туралы 75 жас мерейтойы күні өз жадымызда қалған ғибратты сәттерді бөліскеніміз жөн болар.

Әр кезеңде ұрпақ ауысқан сайын алдыңғы толқын ағалардың ғұмыр мен ғылымдағы іздері, айтқан ақыл-нұсқалары кейінгілерге үлгі, өнеге болып жаңғырып отырады. Мәселе - оны жеткізушілер мен тыңдаушылардың арасындағы өзара ықпалдастықтың болуы және әсерлі әңгіменің нәтижеге бағытталуы.

Біздің де білім іздеген тұстағы шәкірттік жылдарымызда, жас ұстаз ретінде дәрісхана есігін имене ашып, алғашқы сабақтарды бастағанымызда демеу беретін, жебеп жіберетін әріптес ағаларымыз болды. Жастықтың ерекшелігі ғой, кейде бір нәрсені артығырақ біліп, бұрынырақ айтып қалсақ, соған астамсып, шікірейіп қалатынбыз. Сонда Тәкең сияқты ағаларымыз шын пейілдерімен, риза кейіппен, «е, сөйткендерің дұрыс, сендер жассыңдар ғой, сендер білмегенде кім біледі» деп тіпті желпіндіріп жібереді. Ол кезде олардың өздері соншалықты қартайып отырған жоқ, керісінше кітапханаға бізден бұрын барып, бізден бұрын тіл біліміндегі «жаңа дүниелерді» игеріп жүретін.

Ұлттық университеттің филология факультетінде өзіміз дәріс алған ғылымдағы заңғар тау ағалар бейнелері алыстаған сайын, биіктеп барады. «Ағалар» деп әр ойымызды бекер тұздықтап отырған жоқпыз.

Қазақ филологиясы кафедрасында бізге дәріс оқыған Мархабат Томанұлы, Хасан Кәрімұлы, Мырзатай Серғалиұлынан бастап, күні кешеге дейін әріптес болған Ағалар – Айтбай Айғабылұлы, Сапархан Мырзабек, Талғат Сайрамбайұлы ғылыми ұжымның ұйытқысы мен берекесі болған жандар. Олардың жүрген жерінде сыпайы салмақ пен сенімді сыйластық қатар жүретін. Тіпті әлденеге көңілдері толмай ашуланған сәттерін жеңіл және жұмсақ әзілге орай салатын. Әсіресе, Тәкеңнің әзілдерінің астарында өкпе де, кісіні аяқ астынан жұмсап жіберу де, әлдебір өтінішін астарлап, қыстыра салу да айналасына еш зілсіз қабылдана беретін. Бір-бірімен әзілі жарасқан Ағалар сол қазақы қалжыңның құдіретін өзерімен бірге ала кеткендей ме қалай, қазір солардың ізін басып келе жатқан, жұмыстан мұрындарынан шаншылған жастардың не қолдары тимейді, не әзілдеуді білмейді. Әйтеуір, екінің бірі.

Шынында біздің ұрпақ нағыз жаны жайсаң, жүрегі ізгі, кісіге деген жақсы ниеттерінде ешбір несиелік байқалмайтын, айналасына тек кемелдікті көрсетіп, болмысындағы бар кеңдікті паш етіп жүретін азаматтардың қасында жүріп тәрбие алғанына риза. Бір қызығы сол Ағалар жасы кішілермен бірінші амандасып, сәлем беретін. Сірә, «сөз анасы – сәлем» қағидасы олар үшін адамгершілік заңының басты бабы болу керек. Кейде осы күні қызы болсын, ұлы болсын небір «мүйізі қарағайдай» әріптес замандастарымыз шірене, сыздана өтіп бара жатады. Сен де амалсыз бет пердеңді алғың келмейді. Неге? Өйткені бәріміздің жан дүниемізді іштарлық пен менмендік вирусы жайлап алған...

Осы күні шәкіртке тән елгезектік пен сыпайылық формулада ғана қалып, қызметтері ауысып кеткен сияқты. Бүгінгілердей емес, өйткені Тәкең сияқты ұстаздар кезінде өз ұстаздарын қатты қадірлеп, биікке қоятыны соншалық, ғылымдағы жетекшісі Мәулен Балақаев сынды ғалымның бейнесін талай жылғы әңгімелерінде әр қырынан танытып отыруға бейіл еді. Бұл да ғылымдағы ұстазы алдындағы игілік парызын өтеудің бір қыры...

Адамдық пен ғалымдықтың қалыптасуына ықпалы мол ғылымдағы жанашыр ұстаз еңбегін осылай танытып отыруы - Тәкеңнің жақсылықтың қарымын қай кезде болса қайтаруға тиіс міндетім деп ұғуы. Оған дәлел ұстазы М.Балақаев идеяларын дамытты, қырықтан астам кандидаттық пен екі докторлық жұмыстың диссертациялық кеңесте тұсауын синтаксистің ала жібімен байлап кескені, үлкен ғылым жолына қадамдарын нық бастыртып жібергені де шәкірттеріне деген алданбайтын үміті мен сенімі еді.

Қазақ тілі синтаксисінің мамандары Қазақстан ЖОО-ларында әлі де саусақпен санарлықтай. Алайда сол аз топтың ішінде Талғат Сайрамбайұлынан қорғаған филология ғылымдарының кандидаттары мен докторлары синтаксис деңгейін тереңдетіп, оқу үдерісінде пән өрісін кеңейтіп жүруі ұстаз жаққан шырақтың сөнбес алауға айналуы. Осы ретте ғалым-ұстаздан асқан бақытты жан жоқ, сірә! Себебі, ол жазған ғылыми-зерттеу еңбектері, сол еңбектерге сүйеніп, ойы мен идеясын дәйектеген ізденушілер, қала берді жылдан жылға көбейе беретін сан мыңдаған филолог студенттер қолынан өтетін оқулық кітаптардағы ғалым-ұстаз ұсынған сарқылмас білім бұлағы... Талғат Сайрамбайұлының соңында қалдырған ғылыми мұрасының ерекшелігі міне, осында жатыр.

«Кемелдік» деген адам болмысының ерекше қасиеті. Бұл - адамның қай жағынан болса да, толық жетіліп, арман-мақсаттарына жету жолындағы өзіне деген сенімділігі. Талғат Сайрамбайұлының өмірбаянындағы өзі айтып отыратын «жетімдік» осы «кемелдікке» әбден дайындап, пісіріп жеткізген. Өйткені жас кезінен көрген қиындық келешектегі игілікті жасау үшін өз күшіне үлкен сеніммен қарауға баулиды. Кейін қызығын көру, қызықтау дегендеріңіз біреулерге пайда бола салған, сый етіп бере салған дүниедей көрінуі мүмкін. Алайда ғылым жолындағы ғалымдардың істеген еңбектерін салмақтау таразыға тән емес. Ғылыми жұмыстың салмағын ғылыми ортадағы қажеттілік пен жылдарға жылыстаған уақыт қана екшеп өлшейді. Бұл әсіресе, тіл білімінде қиынның қиыны.

Қазақ тіліне қатысты зерттеу еңбектері өз топырағында ғана тамырланып, жеміс береді. Өз топырағы дегеніміз - сол тілде сөйлейтін қазақ ұлты. Қазақ тілші ғалымдарының тіл біліміне сіңірген ұшан теңіз еңбектері алдымен Қазақстан ғылымына тиесілі. Олай болса ғалымға құрмет ең бірінші өз әріптестерінің қолдауынан, мойындауынан көрінеді. Бұл ретте Талғат Сайрамбайұлының ғылымдағы іздері ескерусіз, назардан тыс қалған жоқ. Оның іздеушілері де, сұраушылары да, жоқтаушылары да өзінің бауыр басқан ғылыми ортасындағы әріптестері мен қара орман шәкірттері.

Жалпы түркі тілдері бойынша «күрделі сөз тіркестерінің синтаксисін» ұстазы М.Балақаев жеке нысан етіп қарастырған. Осы нысанды әрі қарай тереңдетіп, 1981 жылы ғылыми ізденістермен тілдік деректермен жан-жақты байытып, профессор Т.Сайрамбайұлы докторлық диссертациясын «Қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері» деген еңбекпен монографиялық зерттеуі арқылы ғылыми көпшіліктің алдында сәтті қорғап шықты. Ұстаз сенімін осындай нәтижемен мерейін өсірді. Сөйтіп, «Қазіргі қазақ тілі синтаксисінің» ғылыми теориялық ауқымы кеңейіп, ғалымның жай сөйлемге қатысты жаңа ой-пікірімен әрі қарай тереңдетіліп, «дербес мағынасы бар сөздер, яғни сөз таптары, сөз тіркесінің негізгі құрамды элементі деп қаралуға тиіс» деген нақты тұжырым ұсынылды.

Талғат Сайрамбайұлы өзінің ұзақ ұстаздық қызметінде ғылым әлемінен бір сәт алыстамаған. Түрлі ғылыми-теориялық конференцияларда жасаған баяндамалары қазақ тілі синтаксисінің проблемаларынан туындайтын. Тіпті студенттер дәрісханаларында сөйлем мүшелерін талдатудың әдіс-тәсілдерінде тек профессор Т.Сайрамбаевқа ғана тән әдістемеде өзіндік ерекшелік бар екендігін кезінде тәлім алған шәкірттері айтып отырады.

Ғылымда теория жасау үшін алдымен соған қатысты практиканың небір қиындықтарынан өту керек екендігі белгілі. Оқыту процесінде дәріс мазмұны екеуінің – ғылым мен тәжірибенің ұштасуынан – кең, әрі мағыналы, идеялы, деректі, сондай-ақ, болашақта жазылатын ғылыми еңбектің негізі қалануы тиіс. Т.Сайрамбайұлының зерттеулерінде сөйлем мүшелері категориясы осындай арнайы ізденістің жемісімен тереңдетілді. Соның нәтижесінде «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» атты монографиясы 1991 жылы жарыққа шықты. Бұл еңбегінде сөйлем мүшелері болатын негізгі белгілерді нақтылап көрсете келе, теориялық анықтама ұсынған.

Әр жылдары ғалымның баспадан жарық көрген еңбектерінің өз іздеушісін табуы оның уақыт өте келе ғылыми кемелдікке келгенін мойындататыны даусыз. Біз бұл ойымызды Талғат Сайрамбайұлының 2007 жылы 70 жылдық мерейтойында құрастырылған биобиблиографиялық көрсеткішін сараптай келе бекіте түстік. Мұнда тек ғалымның жеке авторлығымен шыққан 10 оқулық пен оқу құралдары, басқа да ғылыми еңбектері хронологиялық тәртіппен тізімделген.

Тілдің жанды құбылыс екенін тек тілші ғалымдар ғана, «түстеп, тани алады». Тілді тұтынушылар қатынас құралы екендігін ғана шамалайды. Әдетте тілдік деңгейлердің ішінде ең өзгермелі сала - лексикология. Ал тілдік формулаға салынған сияқты синтаксис ерекшеліктерін ұзақ жылдардағы бақылау, байқау, фактілерді жинау, оны сараптау арқылы анықтауға болады. Бұл ретте Талғат Сайрамбайұлының қағаздарының арасында, тіпті қалтасында әр жерден жазылып алынған, немесе газет қиындыларынан қатталған мысалдар «бұрқырап» жүретін. Тілде кездесетін синтаксистік бірегей фактілерді дәйек пен дерекке негіздеу үшін жалықпай жинастырып, кейде аспиранттар мен ізденушілеріне үлестіріп отыратын.

Қазақ тілі синтаксисін функционалдық бағытта зерттеудің алғашқы үлгілерін ғылымға баулыған шәкірттерінің диссертациялық жұмыстарының тақырыптарынан да көруге болады. Ал оларға берілген ғылыми бағыт-бағдары өзінің 2004 жылы жарыққа шығарған «Тіркесімділік дистрибуциясы» және «Жақ категориясының функционалдық көрінісі» 2005 жылы басылған еңбектері және басқа да мақалаларынан бастау алады.

Мінезге бай Тәкеңнің қашанда айналасын өзіне тән жайма-шуақ қалпымен жүрген ортасын әзіл-қалжыңымен байытып, үлкенмен де кішімен де тіл табысып кететін қасиеті шынында үлгі еді. Бастық болса да, көпшілдігі және ақ көңілдігімен «өзімде ғана болса екен» деген пиғылдан аулақ жүретін. Кафедрадағы әріптестерінің профессоры бар, доценті бар, қатардағы оқытушысы бар барлық мүшелеріне үлестіретін көңіл сыйы мен меңгерушілік билігін де біркелкі, еш алаламай әркімнің ғылымдағы, ұжымдағы орнына қарай тең бөлетін. Мұндай қасиет қазіргі айтып жүрген корпоративтік рухты қалыптастыратын аса қажет тәсілдердің бірі.

Талғат Сайрамбайұлының өмірбаянын қарасаңыз негізгінен «ат үстінде» жүрген азаматты танисыз. Демек, адамдармен жұмыс істеудің, адамдармен қарым-қатынас жасаудың небір қилы да қиын тәсілдерін меңгерген жан. Ең басты қағидасы кішіпейіл мен қарапайымдылық арқылы ғана өзін сыйлата білген.

Адам жасы ұлғая келе, алдыңғы толқындағы әріптестерін жиі еске алады. Өнеге-өсиеттерін жадында жаңғыртады. Ағалар жүрген жолдармен, олар сүрлеген соқпақтармен кейінгілер де іздерін басып келе жатыр. Ғалым Ағалардағы кемелдік пен кеңдіктің өлшемі кейінгілерде қандай деңгейде байқалады екен деген ойлардың болуы заңды. Өйткені кемелдік пен кеңдік ғылымда - із қалдырған көрнекілік, ал әріптестердің өз арасында - адами бомыстың үлгісі.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет