8-тарау. БIЛIМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ 54-бап. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мақсаты мен нысандары 1. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк реттеу бiлiм алуға конституциялық құқықтарды iске асыруды қамтамасыз ететiн жағдайларды жасауға және бiлiм беру ұйымдары ұсынатын бiлiм беру қызметтерiн көрсетудiң жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк реттеу құқықтық қамтамасыз ету, бiлiм сапасын басқару, стандарттау, бақылау жүргiзу арқылы жүзеге асырылады.
55-бап. Бiлiм беру сапасын басқару 1. Бiлiм беру сапасын басқару бiлiм беру саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруға бағытталған және бiлiм сапасын бағалаудың бiрыңғай ұлттық жүйесiн құрайтын мемлекеттiк және институционалдық құрылымдарын, бiлiм берудi қаржыландыруға бөлiнетiн қаражатты пайдалану ұтымдылығын және бiлiм беру жүйесi жұмыс iстеуiнiң тұтастай тиiмдiлiгiн қамтиды.
2. Бiлiм беру сапасын басқару бiлiм беру мониторингiнiң нәтижелерi, негiзiнде барлық деңгейлерде басқарушылық шешiмдердi қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
3. Бiлiм беру мониторингi бiлiм сапасын сырттай және iшкi бағалау әдiстерi арқылы өткiзiледi.
Бiлiм беру сапасын сырттай бағалау бiлiм беру ұйымдарын лицензиялаудың, мемлекеттiк аттестаттаудың, бiлiм беру ұйымдарын аккредиттеудiң рәсiмдерiн, ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң, мемлекеттiк аралық бақылаудың, сондай-ақ барлық үлгiдегi және түрдегi бiлiм беру ұйымдарын саралау мен техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi ұйымдарда бiлiм алушыларға бiлiктiлiк берудiң рәсiмдерiн қамтиды.
Бiлiм беру сапасын iшкi бағалау сапа менеджментi жүйесiн, бiлiм беру; ұйымдары қызметiнiң барлық түрлерiнiң өзiн-өзi бағалауының әртүрлi рәсiмдерiн, үлгерiмдi ағымдағы бақылауды, бiлiм алушылардың бiлiм алу-жетiстiктерiн бағалауды қамтиды.
Жоғары оқу орындарының қызметiн бағалау осы оқу орнындағы оқыту сапасы туралы студенттердiң пiкiрiн қамтиды.
56-бап. Бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттары 1. Қазақстан Республикасында әрбiр бiлiм беру деңгейi бойынша:
1) бiлiмнiң мазмұнына;
2) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң оқу жүктемесiнiң ең көп көлемiне;
3) бiлiм алушылардың даярлық деңгейiне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыда мiндеттi стандарттары белгiленедi.
2. Тиiстi бiлiм беру деңгейлерiнiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттары, меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан, барлық бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндеттi.
57-бап. Бiлiм беру қызметiн лицензиялау 1. Заңды тұлғалардың (бұдан әрi - лицензиат) бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары, жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың қызметiн олар үшiн жаңа кәсiптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда
лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негiздерде жүргiзiледi.
3. Лицензиар лицензияны беру, оның қолданысын тоқтата тұру мәселелерiн алқалы және жария қарау үшiн консультациялық-кеңесшi орган құрады.
4. Лицензиардың бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқық беретiн лицензияның қолданысын алты ай мерзiмге дейiн Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртiппен тоқтата тұруға құқығы бар.
5. Бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқық беретiн лицензиядан айыруды Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртiппен сот жүзеге асырады.
58-бап. Бiлiм беру ұйымдарын аккредиттеу 1. Аккредиттеудi бiлiм беру ұйымдарының өтiнiшi негiзiнде, олардың ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысандарына қарамастан, аккредиттеу органы бес жыл мерзiмге жүзеге асырады.
Аккредиттеу институционалдық және мамандандырылған түрде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдiк бiлiм беру ұйымдары немесе олардың филиалдары аккредиттеуден Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдары сияқты шарттармен және тәртiппен өткiзiледi.
3. Бiлiм беру ұйымдарын аккредиттеу бiлiм беру ұйымдарының өз қаражаттары есебiнен өткiзiледi.
4. Жоғары оқу орындары халықаралық дәрежеде танылған шетел агенттiгi жүзеге асыратын халықаралық аккредиттеуден өтуге құқылы.