Екінші кітап



бет30/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31
27. СӨЗ ЗЕРГЕРІ
(Ф.Оңғарсынова)

Фариза Оңғарсынованың «Лениншіл жастың» Батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болғандығын ресми таныстыру газеттің 1969 жылғы 17-қаңтардағы санында берілген. Мұнда, сонымен бірге, «Халық театры – ауыл ажары» айдарымен «Аққыстаудағы бір күн» деп аталатын республикалық газеттегі алғашқы очеркі жарияланған. Онда Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Чапаев атындағы совхоз орталығындағы халық театрының өзіндік тұрмыс – тіршілігі бейнеленеді.


«Таңертеңгі шымыр аяздан бойым тітіркенген мен жолшы машинанының кабинасына отырғанда бейне бір арқамды ыстық пешке тақағандай рахаттанып қалдым»,-деп басталған очеркі мұнан әрі қарай шофер жігіттің жол бойында айтатын әңгімесінен жалғанады. Ол әңгімесінде өз ауылындағы халық театрының хал-күйін, қызықты істерін баяндайды. Ал-осы театрдың өмірін жазуға бара жатқан тілші үшін шофер жігіттің мына әңгімесі таптырмайтын дерек еді. Сөйтсе шофер жігіт жай ғана шофер емес – халық театрының артисі екен! Міне, болашақ очеркінің негізі осылайша қаланады. Иә, бұл тілші қауымы үшін көзге жылы ұшырайтын көрініс. Егер біз очерктің басталуына оқырман көзімен қарайтын болсақ, «таңертеңгі шымыр аязда» жолшы машинаның кабинасына тілші емес, өздері мінгендей әсер алары сөзсіз. Өйткені, тілші суреттеген бір ғана көріністе алыстағы ауыл өмірінің шынашақтай ғана шындығы жатыр.
Ф.Оңғарсынованың очерк жазудағы өзіндік қолтаңбасын қай қырынан қарасақ та пирамида секілді шеберлік нүктесінде тоғысып жатады. Оның очерктеріндегі кейіпкер бейнесі табиғи түрде, сонымен қатар оқырманын бей-жай қалдырмайтын өткір суреттермен беріледі. «Ол тасыр-тұсыр дыбыстан шошып оянды. Вагонның есігі ашылып кеткен екен. Жел аузынан, аяқ жақтағы стол үстінен кітап қағаздар ұшып жатыр. Жалма-жан жастығының астынан сіріңкесін тауып алды...[113]» Міне, көркем очеркте оқырманын елеңдеріп, өзімен бірге еліктіріп отыратын эмоциялы көріністер қосу Ф.Оңғарсынованың публицист ретіндегі өзіндік ереше үні. Онымен қатар, публицистің жоғарыдағы сенімді нақыш бояуы қаныққан эпизод бояуларын оқыған сайын онда артық ауыз сөздің жоқ екендігін аңғарасыз. Яғни, сәтті эпизод дегеніміз бірнеше мәрте ой сүзгісінен өткеннен кейін ғана туса керек.
Публицист Ф.Оңғарсынованың қаламына тән тағы бір ерекшелік ол – очерктегі оқиғалардың кесте өрнегіндей толыққанды өз жүйесімен дамып отырады. Мәселен, «Мұнаралар алыстан көрінеді» очеркіндегі оқиғалар жүйесі осындай. Очерктің басталуындағы күздің салқын суреті, сонымен бірге сабақтас келетін бала жігіттің ішкі дүниесін оқығанда көңіліңізді аяныш сезімі билейді. Себебі, әкесі қайтыс болған балаң жігіттің ендігі тағдыры не болмақ? «Қазір ғой ол қаладағы бұрғышының көмекшісін дайындайтын училищеден қайтіп келеді. Ал, әке қазасына байланысты балаң жігіт алғалы тұрған мамандығын тастап кетер ме екен?» деп ойлайсыз бір сәт іштей. Бірақ, өз тағдырын игере білген балаң жігіттің араға жылдар салып есейгенін, бұрғышы көмекшісінен учаске бастығына дейін көтеріліп отырғанын көргенде шын көңілмен сүйсінесіз.
Жалпы, Фариза Оңғарсынованың өзіндік үнін аңғартатын алғашқы очерктері «Лениншіл жас» газетінде алпысыншы, жетпісінші жылдары көптеп жарияланған. Мысалы, «Сенім», «Жер астындағы теңіз», «Жапандағы жанартаулар» секілді жоғарыдағы сөзіміздің айғағы іспеттес. Олардың әрқайсысын оқыған сайын публицистиканың – ақындыққа барар жолдағы алтын көпір болғандығын байқайсыз. Бұл жайлы ақын өз естеліктерінде айтып та жүреді. Олай болса, көрнекті ақын Ф.Оңғарсынованың біз білсек те аңғара бермейтін өзіндік ерекшеліктері де бар екен.
...Фариза, Фаризажан, Фариза қыз
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз,- (114)
деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай Ф.Оңғарсынованың қазіргі бейнесі сол бір өлең жолдарымен бірге келешек ұрпақ үшін аңызға айналып бара жатыр. Ал, жетпісінші жылдары «Лениншіл жас» газетінің тілшісі ретінде ол аңыздар әлеміне де көп қалам тартқан журналист. Бұл орайда оның «Құдық хикаясы және атом қондырғысы» деп аталатын сериялы очеркіндегі – «Мерет аңызы». Жалпы, бұл жерде ел аузындағы аңыздарды көркем әдебиет пен көркем очерктерде пайдалану осы жетпісінші жылдары кеңінен жанданғанын айта кету керек. Мысалы, Ә.Кекілбаевтың «Дала балладалары», А.Сейдімбековтың «Күмбір-күмбір күмбездер» секілді тағы басқа да аңыздарды арқау еткен шығармалар сол жылдардың жемісі. Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында әсем мұнара жайында аңыздардың төңірегінде жазушының философиялық ой-толғамдары берілсе, ал Ф.Оңғарсынова жазған көркем очерктеріндегі аңыздар өміріндегі нақты құбылыстармен байланыстыра қолданылады. Жоғарыдағы «Мерет аңызын» оқып отырған жанның көз алдына әдепкіде бағзы замандардағы ата-бабаларымыздың ауыр тұрмысы елестейді...Тау бөктерлеп үдере көшкен ауыл кешегі қырғын төбелестің азасынан әлі арыла алмай, көңілсіз баяу жылжып барады. Қызылды-жасылды алаша кілемдер жабылған көш тізбегінен көрінім жер алда бір топ ауыл ақсақалдары, одан кейінгі қыз-келіншектер тобы көптен көп ұзамай жәй аяңдап келеді. Әшейінде әзіл-күлкі, бір-біріне өлеңмен іліп-қағып айтысып, әсіресе мұндай қысқы қоныстан жазғы жайлауға бет алған көш-қон сапарында бой жазып, бір жас жасап қалатын жастар тобы да көңілсіздеу. Орта тұста қаз мойын қаракөк ат үстіндегі Мерет сұлудың аққұба өңі жүдеу тартып, мойыл көздерінде мұң тұнып қалғандай жабырқаулы».
Осылай қайғылы көрініспен басталатын аңызды оқығанда көңіліңіз құлазиды. Бірақ, бұл аңызбен очерк арасында қандай байланыс бар деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Мұндағы ортақ байланыс-су мәселесі. Аңызда суреттелген көш осы су дауынан кейін басқа жерден су іздеп келе жатады. Бір кезде биік құздың арасынан ағып жатқан бұлаққа кездеседі. Өкінішке орай, бұлаққа баратын жол жоқ екен. Себебі құз басынан құлаған су етекке жете алмай,шатқал тастар арасындағы құмға сіңіп жатыр. Құз етегіне кідірген көш бір сәт тығыраққа тірелгендей болып еді. Осы кезде Мерет сұлу ақыл тауып кетеді: «Ақылдылығы мен әдемілігі » адай еліне түгел тарап,талайды тамсандырған,алыс-жақынынан ат сабылтқан бозбалаларды месінбей келген Мерет сұлу еліне жар салуға бұйырады:

  • Бұлаққа жол салған адам кім болса да менің жарым болады!

Талай жігіт мерт кетеді. Ақыры Мерет өзі бастап қалың елді жабады. Шомбал тастарды ұзын арқан байлап түйемен аудартады, әр адамға бір қадам жер бөліп беріп, қашатады. Көп күнгі бейнетпен көлікті адам жүріп өтетіндей жол салынады. Шатқалға жол салдырғанда өліп кеткен екен. Шатқал әлі күнге дейін «Мерет сайы» деп су көзі басталған басталған жылымшы бұлақ «Мерет бұлағы »деп аталады. Бұл аңыз жалпы очерктің айнасы іспеттес. Мысалы аңыздан басталатын очеркті оқи бастағаннан – ақ бұдан ары қарайғы оқиғаның да су төңірегінде болатындығын анық білеміз. Міне шағын ғана аңыздың құндылығы да осында жатыр. Аңызда құз-шатқал арасындағы бұлаққа жету қандай қиын болса,осыған парарллель түрде очеркте суреттелетін «Сауысқан су» көпшілігіндегі жағдай да осымен пара-пар ... Қазір 24 су сорғыш скважина құмын сүзіліп шыққан суды «Сауысқан» өзен құбырымен Өзен қаласына айдайды. 130 метр тереңдіктен су соратын скважиналардың әрқайсысы сағатына 10 текше метр,ал барлығын қосқанда 200 текше метр су өндіреді. Өзен қаласына тәулік сайын 5 мың текше метр «Сауысқан» суын алып отыр. Очерктің негізігі өзегінде жатқан осы мәліметтерді оқи отырып «Сауысқан» су көпшлігінің қиындықтарды жеңіп,өз мақсатына жетіп отырғандығын байқаймыз. Ал, аңыздағы бұлаққа жету үшін Мереттің өлімге бас тіккендігі осы орайда ойға оралады.Өмірде де, аңызда тіршілік үшін күрес жолдары жатыр. Ал, автордың айтпақ болған ойы да осыған келіп саяды. Мерет сұлу қанша қиындықты жеңіп,бір ауылды шөл жұтынан аман алып қалды. Өзі өлгенмен сол бұлақ осы уақытқа дейін шөлдегі халыққа қызмет етіп келеді. Ал, жетпісінші жылдары бұлақ қызметін «Сауысқан» су көпшілігі атом қондырғысы алмастырады. Бір кездегеі жылымшы суы бар бұлақ бұл күнде алып атом қондырғысына айналды.
Мерет сұлу бар адамдарын шөлден аман алып қалса,ал атом қондырғысы бүкіл үстірттің халқына өмір сыйлап отыр. Олай болса,очерктегі «Мерет аңызы» адамзат тіршілігінің қайнар көзі. Очерктің мәнділігі осында.
Республикамыздың демократиялық даму жолына қарай бағыт ұстағанына санаулы ғана жылдар өтіпті. Әйтсе де,осы санаулы жылдар қазақ халқы үшін күтпеген иірімдер мен тұңғиықтарға толы болды. Бірақ осыған қарамастан халқымыз өзінің бүгіні мен ертеңі үшін күресе білді. Бұл орайда, халықтың алдыңғы санында жүретін зиялылар қауымы да демократияның мән-жайын дұрыс түсініп,оны ел пайдасына асыру жолында көптеген істер жасады. Солардың бірі өзінің публицистикалық мақалаларымен халыққы дем беріп, елді біліктілкке шақырған ақын-Фариза Оңғарсынова.
Ақынның публицистика саласындағы өткір ойлы мақалалары негізінен тоқсаныншы жылдары жазылған. Олардың желісі ел мен жер тағдырын,халқымыздың сан ғасырлық салт-санасын қайта тірілту секілді толғағы жеткен мәселелерді қорғайды. Осы ретте публицистің «Қайтып халық боп қаламыз?!» деген көлемді мақаласын айтқан жөн. Мақала атының өзі оқырман үшін біраз жайды аңғартып тұр. Шынында,осы кезге дейін «Қазақстан жүз ұлттың мекені» деп даурығыса айтып, оны ерекше мақтан тұтып келдік. Сөйтсек интернационалист боламыз деп жүріп,өзіміздің ата-баба салтынан, әдет-ғұрпымыздан айырылып қалуға сәл-ақ қалыппыз.Бірақ,адам табиғаты қашаннан қызық қой,халыққа демократия тыныс берілуі мұң екен-енді бар жақсылықты бір-ақ күнде орната салғысы келеді.Бұл туралы Ф.Оңғарсынованың мақаласында былайша айтылады: «бірыңғай халықтың сөзін сөйлеуге» сыңаржақ кетіп, қызмет орнымнан түсіп қалармын деп ел тағдырын шешуші әкімдер қорқақтайды. Ұлттық республикалардың бәрі дерлік алдымен туған тіл мәселесін шешіп алып жатқанда, кіндік кескен ұлан-байтақ топырағымызда отырып біз неге бүгежектейміз?»,- деп қарапайым еңбекқор халық алабұртады. (115)
Бұл жерде халықтың тілегін орынды ұсыныс ретінде қабылдауға әбден болады. Бірақ, ақын орынды айтып отырғандай кейбір басшылардың қорқақтығынан тіл тағдырына дер кезінде батыл бетбұрыс жасалмады. Себебі,бәрімізге белгілі тіл туралы заңдар ең алдымен бұрынғы КСРО құрамына енген Эстония,Латвия,Литва секілді елдерде қабылданды. Осыдан кейін ғана басқа республикалар ана тілдеріне алаңдаушылық білдіре бастады. Ал,Ф.Оңғарсынова өзінің «Қайтіп халық болып қаламыз» атты мақаласында халық болып жер бетінде қалу үшін ең бірінші шарт тіліміздің қалайда дамып, шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналу керектілігін айтады. Мысалы,мынадай үзіндіден публицистің туған тілге деген жүрек соғысын естігендей боласыз: «Ең алдымен біздің елімізде буын-буынына сіңіп қалған «орыс тілін білмеген адам-адам болмайды» деген жылдар бойы қағидадай қалыптасқан пікір жойылмай тұрғанда,қазақ тілін оқы, үйрен деген жалаң үгіттен ештеңе шықпайды. Қазақ тілінен басқа тілді білмейтін адам он екі мүшесінің біреуі жоқ мүгедектей кібіртіктеп, өз-өзінен қорсынып, шет елде жүргендей тілін тістеп жүретін жағдай барда, қазақтар бәрібір аборигендер секілді күй кеше бермек.
Өйткені, біз жұртқа жағынумен, өзіміз өлімсіреп жатсақ та біреудің бабын табуға тырысумен келе жатқан елміз. Ал, өзін сыйлата алмағанды ешкім де сыйлап жарытпайды. Қазақ тілі туралы қалалардың, кейбір көшелердің аттарын өзгерту жайлы сөз болғанда өзге жұрттың әкесінің құны қалғандай бұлқан-талқан болуы да сондықтан. (116)». Міне, бұл ащы болса да шындық екендігін мойындау керек. Бұған қосымша Шыңғыс Айтматовтың: «Тіл-халықтың авторитеті. Әр тіл өз орнында ұлы, әр тіл бүкіл адамзат қазынасының ортақ политрасындағы өз өрнегімен қымбат» (117),-деп айтқанын еске түсірсек, онда біздің тілімізге қарап, өзіміздің кім екендігімізді кез келген шет елдік қонақтар біле қояды. Бұған керағар көрініс әлемдегі өркениетті елдерге қазақстандықтар сапарға шығатын болса аудармашылар іздеп әуреге, әлекке түседі. Өйткені, өркениетті елдер «алдымен тілімізді, содан кейін өзімізді сыйла» деген қағиданы берік ұстанады. Сондықтан, тіліміздің мәртебесін көтеру әрбір жанның азаматтық борышы болуға тиіс. Ал, осы жерден мынадай сұрақ туындайды: «Тілімізді көгерту үшін қандай жұмыстар істеуіміз керек?». Бұған жауап ретінде Фариза Оңғарсынованың жоғарыда аталған мақаласынан мынадай үзінді келтіруге болады: «Алдымен, қазақ тілін дамытудың жайын жүйелі, жоспарлы түрде жүргізіп отыратын бір орталық болуы керек. Ол балабақшадан бастап жоғары оқу орындарының оқулықтарына дейін түгел ой елегінен өткізіп, жүйелі, бүгінгі күннің ғана емес болашақ ұрпаққа да лайықталған жұмыстарда жүргізгені жөн. Ол үшін мектептер мен арнаулы жоғары оқу орындарының оқулықтары мәселесімен шұғылданатын халыққа білім беру министрлігінің бас басқармасы, медициналық училищелер мен институттардың оқу құралдарын жүйелейтін денсаулық сақтау министрлігінің орталығы болып бөлшектелген мекемелерді жинақтап не қазақ тілі қоғамына, не халыққа білім беру министрлігіне қаратқан жөн секілді. Ауру адамды қарағанда біздің дәрігерлер біреу қолын, біреу құлағын, біреу жүрегін қарақ әуре-сарсаңға салатыны секілді қазақ тілінің төңірегінде де пышырап-шашырап жүргеннен нәтижелі іс болмайды.
Республика (ауыл, аудан, облыс, мекеме, ұйым) көлеміндегі басшыларды, олардың көмекшілерін іріктеуде екі тілді жетік білуі қажеттігін іскерлік, көрегендік, ұйымдастырғыштық қабілеттері секілді шарт етіп қойған дұрыс секілді.
Жергілікті, ауылдық кеңестерден бастап республика парламентінің депутаттарын сайлағанда жергілікті халық өкілдерінің жартысынан кем болмауы заңдастырылмаса, баяғы жоқ қалпымызбен жүре беретініміз сөзсіз.
Облыстар мен Республика басшылары қазақша сөйлемесе, тілімізді мемлекеттік тіл етеміз деуіміз әшейін қызыл сөз болып шығады» (118). Бұл үзіндіні оқып отырып, тілімізді дамыту жөнінде бірнеше тың идеялар аламыз. Мысалы, тілді дамыту үшін арнайы орталықтың керек екендігі көпшілікті, сонымен қатар үкімет басындағы қызметкерлерді ойлантып жатса қандай ғанибет. Сөз реті келгенде айта кеткен жөн, тіл туралы мәселе бұдан сексен жыл бұрын да көтерілген. Мысалы, 1919 жылы көрнекті қайраткер Сұлтанбек Қожанов Мәскеуде болған В.И.Ленин одан мемлекеттік істің қай тілде жүргізілетіндігін сұрайды. Сонда С.Қожанов «Осы сөйлеп тұрған тілде жүргізіледі» (119),-деп жауап береді. Бұған В.И.Ленин өкініш білдіріп, Қазақстандағы мемлекеттік істің жергілікті халық тілінде жүргізілу керектігін айтады. Ал, содан бері қаншама жылдкар өтті. Бірақ, қазақ тілі сол ауылдық жерден ұзап шыға алмады.
Ф.Оңғарсынова өз мақаласында қазақ тілінде сөйлеуге қорқатын басшылардың бар екендігін айтады. Осы орайда, ойға Б.Момышұлының сонау қиын-қыстау 1944 жылы бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы А.Әбдіхалықовқа қазақ тілі туралы пікірін айтып хат жазғандығы оралады. Онда даңқты батыр өз ана тілінің бірте-бірте қолданыстан шығып бара жатқандығына қатты алаңдаушылық білдіреді: «Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды...Қазақ халқы еш уақытта өзімен көршілес халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?!» (120)-деп жазған.
Б.Момышұлы тіл мәселесінің сонау басшы орындарда ескерілмей отырғандығын айтып, көптеген мысалдар келтіреді. Сонымен қатар тілді қалпына келтіру үшін бірқатар шаралардың қажет екендігін айтады.
Міне, қазақ тілін дамыту саласындағы күреске көз салатын болсақ олардың қатарынан ылғи да елім, жерім деген азаматтардың есімін кездестіреміз. Бір кездегі А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтардың тілді көркейтеміз деген арман-тілегін бұл күндері жалғастырып жүрген жан – Фариза Оңғарсынова. Иә, тілді көркейтеміз дегелі бері қаншама жылдар өтті. Бірақ, халықтың арман-тілегі - өз жерінде орындалмай келеді. Оған не себеп? Міне, Ф.Оңғарсынова мақаласында осы сауалға жауап іздейді. «Өз топырағында өгей бала» атты мақаласынан соған біршама жауап тапқандай боламыз. «Менің көз алдыма ылғи бір сурет келетін болды: жиырмасыншы, отызыншы ылғи ел бастаған ер-азаматты, өнеге берер өрелі жандарды бір жұтты, одан 1937 жылдың зобалаңы, қала берді бар жақсы мен жайсаңды отқа салған 1941-1945 жылдардағы дүрбелең. Бір сүттің бетіндегі қаймақты қайта-қайта қалқып ала берсе, ақыр аяғында сүттің сарысуы қалады. Оны сүт деп те, су деп те айту қиын, себебі онда әлгі екеуінің де қасиеті қалмайды. Біздің ойсыз, парықсыз болып бара жатқанымыз, халқымыздың бар қасиетінен ада болып жүргеніміз әлгі сүт – шалаптай ұрпақтан өскеніміз емес пе деген ой жүйкеңді еріксіз кеміреді». (121)
Міне, бұл публицист Фариза Оңғарсынованың халықтың тілі үшін шырылдаған үні! Публицист дегеніміз қашанда өзі өмір сүрген дәуірдегі құбылыстарға жалынды да ойлы мақалаларымен үн қосып отыруды өзінің борышы санайды. Бұл орайда Ф.Оңғарсынова халқымыздың тіл мәселесімен қоса ел тағдырын да қозғайтын мақалалар жазады. Соның бірі Арал теңізінің экологиялық ауыр жағдайына арналған. «Ел мен жердің тағдырын өрелі жұрт ерте ойлар» деп аталатын мақаласы. Мұнда Арал теңізімен қоса - ол аймақтағы халықтың аянышты хал-күйі де публицист қаламынан тыс қалмайды. «Сулы жер – нулы жер» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Әйтпесе, бір кездері толқыны шалқып жатқан теңізге қарау қандай ғанибет еді. Ал, енді не болды, сол теңіз қас пен көздің арасында қайда жоғалып кетті? Публицист мақаласында осыдан бес жыл бұрын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Сең» романын жазғанда ондағы Арал мен адам тағдырын қатар суреттеуінің кездейсоқ емес екендігін айта келіп, бірақ сол романды кейбір жандардың дұрыс қабылдамағандығын айтады. Мұнан шығатын қорытынды, Арал теңізі адамдардың өз қолымен, ай мен күннің аманында жоғалды.
Иә, теңіз де адам секілді. Мақаладағы осындай философиялық түйін оқырманды бей-жай қалдыра алмаса керек: «Барлық қадір-қасиеті Аралдай тартылу үстіндегі Адамның да бет-бедері қалмай, жөн-жосықты білу, көргенділік – көсемдік, кесек мінез, ертеңді ойлау дегеннің бәрінен ада болып бара жатқаны аласапыран заманның таңбасындай көрінеді маған» (122). Бұдан біз Аралдың апатты тағдырын ғана емес, адамның да рухани азып бара жатқан бет-бейнесін көреміз.
Осы тұста Ф.Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» атты кітабынан мынандай үзінді келтіре кеткен жөн: «Мен суға тапшы, өзені мен көлі, орманы мен тауы жоқ далалық жерде өстім. Қыс қыстауымызды әдетте «теңіз» деп атайтын да, жазғы мекенімізді халық қыр десетін. «Теңіз дейтіні құба дала – бір кезде теңіздің суы жатқан төбелі, сайлы, сораң мен алабота өскен жазық. Одан әрі жағалауы ішін тартып, қашып бара жатқан Каспий теңізі» (123). Олай болса, Арал трагедиясы публицист үшін таныс тақырып. Бүгінгі тартылған Аралдың кебін ертең Каспийдің кимейтініне кім кепіл. Сондықтан да , Арал жайлы айтылған, жазылған сөздерді Балқашқа да, Зайсанға да, Ертіске де қатысты деп ұғу қажет. Өйткені, қазіргідей заманда жер-судың тағдыры ортақ. Арал жайында қаншама жиындар мен конференциялар өткізілді. Бірақ – Арал суға толмады.
Қаншама елден ғалымдар мамандар келді көмекке. Бірақ...
Қаншама адам Аралға деп қолынан келгенше қаржы аударды.
Бірақ...
Бірақ, публицист тілімен айтқанда «Аралдың бүгінгі – қазақ даласын жайлаған қиямет – қайым құзырының бір көрініс ғана» болып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет