Қайрат. Аршыл екен, қорғай білсін. Қорғай алмай ма, жатсын ауруханада, жазылсын.
Фатима. Енді не істедік? Қой, онда мен өзім барайын, жалынып-жалбарынайын. Қайрат үшін мен отқа да, суға да түсуге әзірмін.
Қайрат. Міне, біздің махаббатымыз қандай! Бұл – ең бастысы. Қалғанының бәрі – пендешілік. Әлі-ақ Фатиманың қызметі өседі. Мен арақты қоямын. Қатыны бастық еркек – сорлы, оның теңі – қара су. Полковниктің қолы жазылады, жезде болады. Қазір кешірім сұрап керегі не, сол кезде құлағынан тартып ойнайтын боламын мен онымен.
Сәлима(шарасыз). Апырай, не десе болады енді мына күйдіргіге! Ар-ұятты мүлдем ұмытқан екенсің сен!
Қайрат. Ар-ұят қартайғанда керек адамға. Ал, жастар аяқ-қолын кеңірек сермесін. Сен де жасыңда ештеңені елемейтінсің, қартайдың, аршыл болдың.