Сәлима. Сен бүйтіп іше берсең, қарттыққа жете алмассың.
Қайрат. Біліп қойыңдар, ертеден қара кешке дейін коньяк қылқытып, сигара түтіндеткен Черчиль 83 жасында өткен бұл дүниеден. Аузынан қорқоры, қолынан грузин шарабы түспеген Сталин одан он-ақ жыл аз жасаған. Мен де сөйтемін, сексен-тоқсанға келмей, өлмеймін.
Фатима.Маған десең, мың жаса, арағыңды қойшы бірақ.
Қайрат (Фатимаға). Не деп қоямын? Қатыннан қаймығып, бастықтан қорқып қоямын ба? Қатын қорқытып, бастық басынатын заман өткен. Қазір бәрін ақша шешеді. (Сәлимаға). Ақша – сен айтып отырған ар, мен ішетін арақ. Ақша – қызық та ұзақ өмір. Тек оны таба біл, іш, же. Қой, менде сендермен салғыласып жататын уақыт жоқ. Уақыт – ақша. Кеттім мен ақша табуға.
Қайрат кетеді.
Сәлима.Фатима, жұмысыңа жинал. Мен де тұрайын, Сәлімге барып қайтайын.
Фатима. Сөйтіңізші, маматай! Сәлім ағай сіздің тіліңізді алады.
Сәлима. Өйтіп дегбірің қаша бермесін. «Кеше түк бітірмепсің» деп кінәлап отырсың ғой сен мені. Түсінген адамға көп нәрсе әлдеқашан біткен. Сәлім ешуақытта менің баламды ұстап бере алмайды.