Фатима. Махаббатым мені саған күң ететін.
Қайрат. Рас айтасың. Бүкіл әлемді ұстап тұрған ұлы күш – махаббат. Махаббатсыз адам бір ысып, бір суымай өлексеге, бір жанып, бір өшпей қара тасқа айналар.
Фатима. Мені сүйетінің рас болса, бар, Сәлім ағайдан кешірім сұра!
Қайрат. Сені сүйетінім рас, бірақ кешірім сұрамаймын. Сенің қорқатының – менің сотталуым ғой. Ештеңе етпейді. Біліп қойыңдар, сотталған жақсы мына тар өмірде тарығып жүргенше. Сендер сотталған адамдар бізден бақытсыз деп ойлайсыңдар ғой, жоқ, өйтсеңдер, қателесесіңдер. Сотталғандардың еркіндігін алғанмен, ақылы, абыройы, ар-ожданы өзінде. Олар – адамдарды аздырып бара жатқан – баққұмарлықтан, дүниеқоңыздықтан азат. Әттең, тонның келтесі! Қолымда билік болса, мен түрме атаулының бәрінің есігін айқара ашып тастар едім. Енді түрмедегілердің саны өзі де азаяды. Қазір қылмыс жасайтындардың бәрі – қалталы, құқық қорғаушылар – парақор. Қылмыскерлер асата салады, заңгерлер қылқаның кетті демей, қылғыта береді. Нағыз бөрі тоқ, қой аман дейтін заман – бұл.
Сәлима. Фатима, айтшы, не сандырақтап тұр мынау? Құдайым-ау, сотталғандарды мақтаған адамды кім көрген?! Түрмеден өзіне орын дайындап қойғаннан сау емес шығар мынау, тегі.
Фатима. Мама, бұдан ештеңе шықпайды. Сәлім ағайға тағы барыңыз өзіңіз, жайды айтыңыз. Түсінер. Ұстап бермес. Арақ ішсе де аман жүргені жақсы Қайраттың. Жұмысқа жаңа орналасқанымда зиянын тигізе көрмеңізші мұның!
Сәлима. Екі оттың ортасында қалған, сорлы басым! Біреуіңе – арақ, екіншіңе – атақ керек екен ғой. Сонда Сәлімге не керек? Оның аяқ асты болған арын қайтпекпіз?
Достарыңызбен бөлісу: |