Киношылар мен театршылардың қазақты оңдырмаған тағы бір қылығы әлсін-әлсін ойыма орала береді.
Ертеде қазақтың ер-азаматтары шаш қоймаған. Мұны өнердің маңайында жүргендер жақсы білген. Оларды сахнаға шашсыз шығару керек. Ал, әртістердің шаш қоймайтыны жоқ. Міне, осы жерде өнер иелері бұрынғының адамдарын «тақыр бас» қылудың амалын оп-оңай ойлап таба қойған. Оларша тақыр бас пен шашты адамның арасы – жарты-ақ кез ақ мата. Ақ матамен шаш басып тұрған басты мықтап бір таңып, сыртынан тымақ, қалпақ, тақияны баса киіп ал да тарта бер – қазақсың.
«Көркемөнер құрбандықты талап етеді» деген бір аталы сөз бар. Мұны ұстанатын біз емес, тағы да шетелдіктер. Олар тақыр бастың рөлін ойнайтын болса, шашын қырғызып тастайды, бұйра басты сомдайды екен, жасанды шаш киеді. Біздің тірлігіміз – ауырдың үсті, жеңілдің асты. Қандай да өнердің нендей де шыншыл, шынайы туындысы жан аяудан емес, жанпидадан туады.
Осыны білсек, қане!