Мосқал кісі Мақұлбек (кеудесін көтеріп). Әй, Көбен, не білдің, не көрдің?
Көбен (лып етіп). Мұны білгенше білмегенім, көргенше көзім шыққаны жақсы еді, Мақұлбек көке.
Мақұлбек. Е, не боп қалды сонша?
Көбен. Бәрі болды. Ақбөпе келініңіз ар-ұятты жиып қойып, Сауытбек сал деген біреумен айтысып, әдеп ғашықпын, өлдім-талдым, деп талмаусырап отыр.
Мақұлбек (зілді). Сол да бола ма екен? Бұл тойда күні ертең келін болып түсетін елінің адамдары, байы болатын Тантайдың отырғанын білмей ме, ол қыз?
Көбен. Біледі. Ғашықта, оның үстіне ол ақын болса, ес болмайды. Айта берсеңіз Ақбөпе: «Мен қалың малға сатылатын болдым. Құтқарып ал», - деп соғып отыр Сауытбекке.
Мақұлбек. Сонда қалай, ол бейбақтың қазақтың қатынды қалың мал беріп алатынын білмегені ме? Онда оның несі ақын?
Көбен (кергіп). Қайдағы ақын, шашы ұзын, ақылы қысқа қатын ол. (Елеңдеп отырған жігіттерге). Жүріңдер, жігіттер, барып, ойран-топанын шығарайық.
Мақұлбек (зекіп). Тәйт әрі! Бұл анау-мынау емес, осы Аша елінің болысы Тілеуқабылдың тойы. Ноқаңның пәрменінсіз ешқандай ағат іске бара алмаймыз біз.
Көбен. Солай екен ғой. (Қуланып). Алдымен сұрайықшы өзінен, Тантай, сен айтшы, Ақбөпені аламысың өзің әуелі?
Достарыңызбен бөлісу: |