Байланысты: аза стан республикасы ылым ж не білім министрлігі леуметтік п
Пенитенциарлық мекеме жағдайындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттары, құралдары, әдістері мен формалары
Жалпы педагогикада азаматтық тәрбие педагогикалық іс-әрекеттің негізгі бағыттары мен міндеттері болып табылады. Пенитенциарлық педагогикада ол тұтас және кешенді тұрғыда қайта тәрбиелеудің мақсатына айналады.
Пенитенциарлық мекемелердегі тәрбие жұмысының мынадай негізгі бағыттарын атап көрсетуге болады.
Сотталған адамдардың құқықтық тәрбиесі. Бұл құқық ұстанымдары мен нормалары білімдерін қамтитын дұрыс сананы және олардың ұстануға қажетті сенімді, сондай-ақ дұрыс, жауапкершілікті және әлеуметтік белсенді мінез-құлықты қалыптастыру процесі болып табылады. Осы бағыт түзетушілік мекеме жағдайында ерекше орынды иеленеді. Оның міндеттері болып сотталған адамдардың мемлекеттің негізгі заңдары білімдерін жете меңгеруіне қол жеткізу, және соның негізінде оларда да жоғары деңгейдегі құқықтық сананы қалыптастыру табылады. Мұндай көзқарас қоғамға құқыққа бағынатын (заңды тыңдайтын) адамдарды белгілі бір дәрежеде қайтаруға мүмкіндік береді.
Сотталған адамдардың адамгершілік тәрбиесі. Бұл сотталған адамдардың қоғамға жат моральдық сапалар мен сенімдерінен арылтуға мақсатты бағытталған процесс. Тәрбие жұмысының қорытындысы болып адамгершілік сезімдер, сана мен адамгершілік құлықты қалыптастыру табылады.
Сотталған адамдардың еңбек тәрбиесі. Оның мақсаты болып сотталған адамдардың бойында еңбек іскерліктері мен дағдыларын, еңбекке психологиялық даярлығын, еңбек ету қажеттілігін түсіну нәтижесінде оған адамгершілік қатынасты қалыптастыру, бекіту табылады. Бұл бағыт аса маңызды саналады. Өйткені еңбек, еңбек ету іс-әрекеті – сотталған адамдарды түзету және қайта тәрбиелеудегі негізгі құралдардың бірі. Еңбек – адамгершілік тәрбиесінің негізі.
Сотталған адамдардың дене және санитарлық-гигиеналық тәрбиесі. Пенитенциарлық мекеменің осы бағыттағы жағдайының өзі сотталған адамдармен жұмыс жүргізуде аса маңызға ие болады. Ол сотталған адам тұлғасын талқылауға жол бермей оның адамгершілік намысын сақтауына мүмкіндік жасайды. Мұндағы жағдай олардың дене қабілеттерінің дамуына, денсаулығын сақтауына, моральдық-еріктік сапаларын қалыптастыруға бағытталған.
Сотталған адамдардың өзін-өзі тәрбиелеуін белсендіру басты маңызға ие. Бұл бағыт сотталғандармен тәрбие жұмыстарын жүргізудің барлық жүйесінде жетекші рөлді атқарады. Оның басты міндеті болып сотталған адамдардың өзін-өзі тәрбиелеу іс-әрекетіне қосылуы, олардың тұлғалық кертартпа қасиеттерінен арылу қажеттілігін түсінуі табылады. Ол тәрбие объектісін өзін-өзі тәрбиелеу субъектісіне айналдыруға бағытталған. Түзетушілік мекемесі жағдайында барлық тәрбиелеу (қайта тәрбиелеу) жұмыстарының мәні осында жатыр.
Сотталған адамдарды түзету және қайта тәрбиелеудің әр түрлі құралдары бар. Педагогикалық процесс құралдарын педагогикалық іс-әрекет құралдарынан ажырата білу керек.
Педагогикалық процесс құралдары – қайта тәрбиелеудің құрамдас бөлігі болып табылады және сотталған адамдарды түзету қызығушылықтарында оның болуын қамтамасыздандырады. Оларға мыналар жатады: еңбек, тәртіп, мәдени-демалыс іс-әрекеттері, қоғамдық жұмыстар және т.б.
Педагогикалық іс-әрекет құралдары – бұларды тәрбиеші тәрбие жұмыстары процесінде тәрбиеленушіге ықпал ету үшін қолданады. Оларға сөз, іс-әрекет, үлгі, кітап, техникалық құралдар және т.б. жатады.
Педагогикалық процесстің негізгі құралдары:
Еңбек сотталған адамдарды қайта тәрбиелеу негізі. Басты атқаратын қызметі – оған тәрбиелік сипат беру. Ол үшін:
еңбектің қоғамдық пайдалы сипатын қамтамасыздандыру;
жеке қажеттіліктерін дамыту құралы тұрғысынан индивидтің сұранысын қанағаттандыру үшін еңбекті пайдалану;
еңбек іс-әрекеті процесінде адамның дене және адамгершілік тұрғыдан дамуына ықпал ету. Еңбектің қоғамдық сипаты адамгершілік тәрбиесіне ықпал етеді;
еңбекті ұйымдастыру және мәдениетінің жоғары деңгейін қамтамасыздандыру;
еңбек процесінде жарысқа түсуге, жалпы нәтижеге қол жеткізуде адамдардың бірігуіне ықпал ету.
Тәртіп сотталған адамдарды қайта тәрбиелеу құралы тұрғысынан.
Тәртіп негізінен тұлғаның ішкі мінез-құлқын ұйымдастырады. Ол сотталған адамдардың бар өмір сүруін қамтитын талаптар, ережелер, шектеулер, тыйымдар, олардың еңбегі мен тұрмысын, әкімшілікпен, ішкі дүниесімен, еңбек ұжымдарымен қарым-қатынас кешенін білдіреді. Еңбек, тұрмыс, тамақтану аясына, мәдени қолданысқа арналған заттарды пайдалануға, туыстарымен және таныстарымен қарым-қатынасына, бостандыққа жүруіне және т.б. шектеулер қойылады. Ендірілген шектеулер және өмір сүруінің ерекше тәртібі бір жағынан – жазалау арқылы ықпал ету қажеттілігінен, екінші жағынан – арнайы ұйымдастырылған тәрбие процесінің керектігінен туындайды.
Тәрбиелік ықпал ету тәртібі мыналарды қарастырады:
- адамды қылмысқа итермелейтін жағымсыз көзқарастарға, мақсаттар мен әдеттерге негізделген бұрынғы міндеттерді, позицияларды, бағдарларды жағымды жағына өзгерту;
- бұрынғы мінез-құлық стереотипін және қарым-қатынасты өзгерту;
- тұлғаның кемшіліктерінің орнын басатын адамгершілік мінез-құлық әдеттері мен дағдыларын қалыптастыру.
Сонымен бірге адамның өмірі мен іс-әрекетіне қолданылатын қатаң тәртіптің артық пайдаланылуы оның бойында масыл болушылық, жігерсіздік, көнгішттік қасиеттерінің қалыптасуына әкеліп соғуы мүмкін.
Тәрбиелік мақсатта адамның түзелу деңгейіне байланысты тәртіптік талаптарды азайта түсу қарастырылады.
Сотталған адамдарды қайта тәрбиелеу тұрғысынан оларға жалпы білім беру.
Тәжірибе сотталған адамдарды оқытудың олардың түзелу жағдайына ықпал ету құралы болатындығын дәлелдеп отыр. Оқушылар-сотталғандар жазасын өтеу тәртібін сирек бұзады, олардың ортасында жағымды моральдық-психологиялық жағдай орнайды, олар жақсы жұмыс істейді.
Сотталған балаларға арналған әрбір мектеп сабағы мұғалімдердің олардың тәрбиесіне қосымша ықпал етуге мүмкіндіктер береді. Қазіргі уақытта сотталған адамдар арасында білім деңгейі төмендер саны өсіп отырғанға сәйкес оларды оқыту қажеттілігі арта түседі.
Сотталған адамдарды тәрбиелеу құралы тұрғысынан оларға кәсіптік білім беру.
Осы құрал сотталған адамдардың кәсіп үйренуіне және кәсібін көтеруіне септігін тигізеді. Бұл дерек жазасын өтеу кезеңінде адамды қайта тәрбиелеу процесіне жағымды көрініс табады, сондай-ақ оларға кейінірек бостандыққа шыққан кезінде де жұмысқа орналасуына және өзін-өзі жүзеге асыруына көмектеседі.
Сотталған адамдарға кәсіптік білім беруді ұйымдастыру формалары болып мыналар табылады:
- сотталған адамдарды жеке оқыту. Бұл аз мерзімді жазасын өтеушілерге, білікті мамандар арасынан шыққан тәлімгер арқылы жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты болып – сотталған адамды еңбек іс-әрекетіне жылдам баулу табылады;
- бригадалық оқыту тәжірибелі маман – инструктордың жетекшілігімен 10 адамға дейін құрылған топтарда жүргізіледі. Оның міндеті болып жұмысшы бұқаралық кәсіптерінің көп бөлігін даярлау табылады;
- курстық оқыту – курстар 10 адамнан 70 адамға дейінгі аралықта жиналады. Бұл курстарда теория беріледі және практикалық сабақтар жүргізіледі. Олардың міндеттеріне біліктіліктерін көтеру, жаңа жабдықтарды және жаңа технологияларды үйрену, еңбектің озық әдістерін, сондай –ақ екінші және аралас мамандықтарға оқыту кіреді;
- озық тәжірибелі мектептер сотталған адамдарды өндірістен үзбей еңбектің озық әдістерімен таныстыру мақсатында құрылады;
- шеберлер сыныбы колония мекемелерін білікті мамандармен қамтамасыздандыру үшін жүзеге асырылады. Олар 25-30 адамды қамтиды. Олардың мақсаты болып бір немесе бірнеше мамандықтарды үйрету табылады.
Мәдени-демалыс іс-әрекеті – бұл да қайта тәрбиелеу құралы саналады. Сотталған адамдармен жүргізілетін тәрбие жұмысы барысында олардың бос уақытын қоғамдық жұмысқа, демалысқа арнап ұйымдастыру үлкен маңызға ие болады. Мұны жүзеге асыру үшін тәрбие жұмысына өзін-өзі басқару элементтерін, өнерпаздар, халық шығармашылығы үйірмелерін, кітаптарды оқу және талдау, телебағдарламаларды, кинофильмдерді көру және т.б. ендіріледі.
Педагогикалық іс-әрекет құралдары жалпы педагогикада сипатталған. Осы құралдар арнайы жағдайлардағы пенитенциарлық мекемелерде олардың ерекшеліктеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сотталған адамдарды тәрбиелеудің негізгі әдістерін қарастырайық.
Әдістер (грек сөзі methodos – зерттеу әдісі, теория, оқу) – бұл белгілі бір мақсатқа, қойылған міндеттерге қол жеткізу әдісі. Тәрбие әдісі – тәрбиелеудің, түзеудің, қайта тәрбиелеудің белгілі бір мақсатына қол жеткізуге бағытталған тәрбиелік ықпал етудің амал-әдістерінің жиынтығы. Сотталған адамдарды тәрбиелеу әдістері – бұл тәрбие жүйесінде бар, қолданылып жүрген әдістер, бірақ осы әдістердің түзету мекемелері жағдайында спецификалық объектке қолданылады.
Оларға мыналар жатады:
- тәрбиеленушінің жағымды сұраныстарын, мотивтерін, сезімдері мен мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал ететін әдістер, бұлар сенімдер, үлгі, іс-әрекетті ұйымдастыру және т.б.;
- түзету әдістері жеке тұлғаны тікелей қалыптастырмайды, бірақ осы процестің дамуын жылдамдата немесе, керісінше қажет етілмейтін мінез-құлықтың алдын ала, болмауға тиісті қасиеттері мен сапалардың туындауын кешеуілдете отырып, оның түзелуіне белсенді ықпал етеді. Бұл жағымды белсенділікті ынталандыру әдісі (мадақтау, жарыстыру), болашақ міндеттерін, параллельді іс-әрекеттерін, жағымсыз белсенділігін кешеуілдетуді ұйымдастыру (талап ету), сынау әдісі.
Тәрбие әдістері, олардың мәні және практикалық қолданысы бойынша нұсқаулар жалпы педагогикада сипатталған.
Сотталған адамдарды қайта тәрбиелеуді, түзеуді жүзеге асыру формалары.
Форма (латын сөзі forma) – бір нәрсенің сыртқы түрі, сыртқы сипаты; құрылысы, құрылымы, ұйымдастыру жүйесі. Мынадай формаларды ажырата білу ұсынылады: түзетушілік, педагогикалық (түзетушілік-педагогикалық) процесс, педагогикалық өзара байланыс, педагогикалық ықпал ету жүйесі.
Түзетушілік жүйе формалары колониялардағы және құқық бұзушыларды түзету, қайта тәрбиелеу міндеттерін шешуге арналған арнайы білім беру мекемелеріндегі ұйымдастырылған жүйені білдіреді. Олар ашық, жартылай режимдегі, режимдегі болып бөлінеді.
Педагогикалық (түзетушілік-педагогикалық) процесс формалары – бұл колониядағы, түзетушілік мекемелеріндегі педагогикалық процеске себеп болатын мазмұндық-ұйымдастырушылық негіздер: еңбек, оқу-еңбек лагерлері, арнайы мектептер және т.б.
Педагогикалық өзара ықпал ету формасы - бұл кеңістікке және уақытқа қарай нақты педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастыру тәсілі. Сотталған адамдарды қайта тәрбиелеу процесінде де жалпы педагогикада қалыптасқан өзара ықпал ету тәсілдері қолданылады. Тек қана олар түзетушілік мекемелеріндегі жағдайларға тән ерекшеленеді: бірігіп еңбек ету, серіктестік, ақыл-кеңес беру, талқылау және т.б.
Педагогикалық ықпал ету формалары былайша топтастырылады: объектіне қарай (жеке, топтық, бұқаралық), субъектіне қарай (тәрбиеші, тәрбиешілер тобы, сотталғандар тобы, сотталғандар ұжымы); тәрбие іс-шараларын өткізу орнына қарай (аудиториялық, клубтық, спорттық және т.б.); тәрбиенің артықшылық әдістерінің қолданылуына қарай (дәрістер, әңгімелесулер, жаттығулар, жарыстар және т.б.);
Жоғарыда аталған формалардың барлығы бір-бірімен байланысты және тәрбиелік іс-әрекетте бірін-бірі толықтырады.
Сотталған адамдардың әрбір категориясы қайта тәрбиелеу қызығушылығында оның ерекшеліктерін есепке алуды талап етеді. Сотталған адамдардың қайсыбір категориясын қайта тәрбиелеудегі ерекшеліктер қандай?
Кәмелет жасына толмаған сотталғандарды қайта тәрбиелеу ерекшеліктері.
Кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыстың өсуі осы категориядағы сотталған адамдарға баса назар аударуды талап етеді.
Кәмелет жасына толмаған сотталушы тұлғасының және тобының сипаттамасы мынадай:
жеткіншектер жасының ерекшеліктері; организмінің дене тұрғыда жылдам, тасқынды дамуы; энергиясы, бастамашылдығы, белсенділігі, ашушаңдығының артуы, салмақсыздығы, көңілге алушылығы, өзіне жеткілікті деңгейде сын көзбен қарамауы, шынайы өмірді дұрыс бағалай алмауы;
адамгершілік тұрғыда тұрақсыздығы, «жеңіл, әдемі өмірге» ұмтылысы, бұқаралық ақпарат құралдарын жарнамалау белсенділігі;
мәдени деңгейінің төмендігі;
өзіне өзі тым жоғары немесе тым төмен баға беруі;
бос уақытын топтарда, көпшілікпен өткізуге бейімділігі (қылмыс көп уақыттарда топтық сипатқа ие болады);
бос уақытының көп болуы және оны ұйымдастыра алмауы;
туысқандық байланыстарды үзуге, оқуға немесе жұмысқа қызығушылығының жоғалуына әкеп соқтыратын ішімдікке, есірткіге әуес болуы, жыныстық қатынасқа ерте түсуі;
отбасындағы жайсыз жағдайдың немесе отбасы тәрбиесінде қателік жіберілуі салдарынан, сондай- ақ жеткіншектерді өз іс-әрекеттеріне итермелейтін бөлек бір қылмыстық топтың ықпалымен қиын тәрбиеленуі немесе педагогикалық тұрғыдан қолға алынбауы;
Жеткіншектерді түзету жұмыстарында мыналар қолданылады:
- оларды қоғамдық пайдалы еңбекке баулуда кәсіптік білімнің мүмкіндіктері;
- ұжымның пайдалы істеріне жеткіншектерді қызықтыру;
- педагогикалық такт, шыдамдылық, адамгершілікке үйретуде үгіттеуден қашу, сенімділік;
- бос уақытты ұйымдастыру, оны тәрбиеленушілердің жағымды қызығушылығын, мәдениетін дамытуда белсенді қолдану;
- сотталған адамдар ұжымын қайта тәрбиелеу барысында жағымды мүмкіндіктерді белсенді қолдану және т.б.
Сотталған әйел-қыздарды қайта тәрбиелеудің ерекшеліктері:
Сотталған әйел-қыздардың әлеуметтік-демографиялық сипаты:
а) кәмелет-жасына толмаған әйел-қыздардың санының көбеюі, оның басым бөлігін 19 жастан 30 жасқа дейінгі әйелдердің құрауы;
б) олардың бір бөлігі отбасын құрғандар немесе некеде тұратындар (сотталған әйелдің некесін сақтап қалуы екі талай), олардың арасында:
- отбасы сақталған сотталған әйелдер;
- отбасынан ажырасқан сотталған әйелдер;
- некеде тұрмаған, бірақ балалы сотталған әйелдер;
- ата-аналық құқығынан айырылғандар;
- бостандығынан айырылған кезеңінде туған әйелдер;
- жазасын өтеу мерзімінде некеге тұрған әйелдер;
в) тұрақты тұратын тұрағы жоқ сотталған әйелдердің санының көбеюі;
г) қоғамдық пайдалы еңбекпен айналыспайтындардың көптігі және т.б.
Қылмыстық-құқықтық сипаттамасы: құқық бұзушылықтың кең көлемділігі - кісі тонау, өлтіруден бастап арамзалыққа дейін және т.б.
Сотталған әйелдер тұлғасының күйреуі олардың жеке ерекшеліктерінен бостандығынан айырылған кезеңде болған орындарының, түзету мекемесінің және айналасындағы сотталған адамдардың ықпалынан талап етіледі.
Сотталған әйел-қыздарды қайта тәрбиелеу қызметінде олардың барлық өзгешеліктер кешені есепке алынуы тиіс: физиологиялық, әлеуметтік-демографиялық, қылмыстық-құқықтық факторлар, сондай-ақ жазасын өтеу барысындағы ықпалдар. Мұнда оның жасы, отбасының, туыстарының бар екендігі, және олардың сотталған әйелге қарым-қатынасы, қылмысының сипаты, жазаға, тәрбиешіге қатынасының да рөлі үлкен. Сотталған кезеңде өткізген өмірі оның адамгершілік намысының жоғалуына немесе сақталуына және т.б. әкеліп соғады.
Психикасы бұзылған адамдарды қайта тәрбиелеу ерекшеліктері.
Психикасында ауытқуы бар адамдар – бұл сотталған адамдардың айрықша категориясы.
Оларға мынадай адамдар жатады:
бас миы жарақаттанудан зақым алған адамдар;
долылық және психиопатиялық құбылыстармен байланысты психикасында ауытқуы бар адамдар;
өз құқықтарын білетіндер және өзгеретіндер, әлеуметтік байланыстарын сақтайтындар және көп жағдайларда еңбекке қабілеттілер. Сотталған адамдардың психикалық ауытқуы шеттету, оқшаулау (изоляция) жағдайларында күшейіп, олардың агрессиялығын асқындыруы мүмкін:
қайсыбір іс-әрекеттерде шектеушілігі барлар;
басқа сотталғандар тарапынан жағымсыз, күлкілі қатынастарды, кей жағдайларда таптаушылықты басынан кешіретін бөлек бір психологиялық оқушауларда болатындар.
Психикалық ауытқушылығы бар сотталған адамдармен тәрбие жұмысын жүргізуде мыналар маңызды:
- адамның психикалық ауытқуының сипатын және осыған байланысты онымен туындайтын әлеуметтік проблемаларды, онымен жұмыс жүргізудегі медициналық нұсқауларды;
оны басқа сотталған адамдардың жағымсыз ықпалдарынан оқшаулау;
оны өзінің қолынан келетін, колония жағдайларында жүзеге асыруға мүмкін болатын істерге баулу;
уақтылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыздандыру, қажет жағдайларда арнайы емдеу.
Кейбір жағдайларда сотталғандар арасында сау адамдардың сотталу ісінің қайта қаралуын туындату немесе жеңілдік алу мақсатында өзін есі дұрыс емес тұрғыда көрсетуге тырысады. Осындай адамдарды анықтау – медициналық органдар қызметкерлері мен жұмыскерлерінің міндеті болып табылады.
Дін жолындағыларды қайта тәрбиелеу ерекшеліктері.
Бостандығынан айырылғандардың белгілі бір тобын дінге берілген адамдар құрайды. Оның ішінде экстремизмге, терроризмге ұшыраған адамдар аз емес. Екінші жағынан кейбір жазасын өтеушілер осындағы дінге берілген адамдармен қарым-қатынас барысында, олардың ықпалымен дінге бет бұруы мүмкін. Әсіресе мұндай жағдай олардың орналасқан жерлерінде әр түрлі діни топтармен байланысы бар бірқатар түзетушілік колонияларына тән болып келеді.
Мұндай категориялы адамдармен жұмыс барысында әдетті діни (ислам, христиандық) әдет-ғұрыптарды сақтауға арналған жағдайлар жасауға болады. Мұнда азаматтың жеке құқығы көрініс табады. Діни қызмет көрсету, діни қызметкерлермен сөйлесу мүмкіндіктерін белсенді қолдану сотталған адамдарды қайта тәрбиелеу проблемаларының шешімін табуына ықпал етуі мүмкін. Бірақ, осы кезде адамның дүниетанымын кеңейту, патриоттық сезімін өсіру, адамгершілікке тәрбиелеу арқылы әртүрлі секталардың, конфессиялардың идеяларына жол бермеу керек.
Сонымен жоғарыда айтылып өткендерді пенитенциарлық мекеменің әкімшілік қызметкерлері мен тәрбиешілері сотталған адамдардың білім беру-тәрбиелеу мәселелерін шешу барысында есепке алуы аса қажет.