Әлеуметтік педагогика


ХҮІІ - ТАРАУ. ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТІ ЖӘНЕ ТҰЛҒАНЫҢ ӨЗГЕРУІ



бет58/90
Дата25.09.2022
өлшемі1,49 Mb.
#150614
түріОқулық
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   90
Байланысты:
аза стан республикасы ылым ж не білім министрлігі леуметтік п

ХҮІІ - ТАРАУ. ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТІ ЖӘНЕ ТҰЛҒАНЫҢ ӨЗГЕРУІ
Кәсіби іс-әрекет адам өмірінде басты орын алады. Ол адамның әлеуметтік қалыптасуына, оның өмір сүру дағдысы мен мінез-құлқына зор ықпал етеді. Кейде оның әсері тек жағымды сипатта ғана емес, сонымен бірге орындаушының тұлғасына қатысты жағымсыз, тіпті күйретушілік мазмұнда болуы да мүмкін.
Бұл тақырып келесі өзекті мәселелерді терең талдауды қарастырады:

  1. Тұлғаның кәсіби өзгеруі: ұғымы, мәні және мазмұны;

  2. Тұлғаға және оның дамуына әсер ететін кәсіби іс-әрекет факторлары;

  3. Әлеуметтік қызметкер тұлғасының кәсіби өзгеруіінің типті көріністері;

  4. Әлеуметтік қызметкердің кәсіби жағымсыз өзгеруінің алдын-алу және жою жолдары.




    1. Тұлғаның кәсіби өзгеруі: ұғымы, мәні және мазмұны

Тұлғаның дамуына кәсіби іс-әрекеттің әсерін талдау оның тек жағымды немесе тек жағымсыз болмайтынын анықтап берді. Тәжірибеде кез келген іс-әрекет, оның ішінде кәсіби іс-әрекет, әдетте, кейде жағымды, кейде жағымсыз сипатта болатыны анық, яғни адам бір нәрсені қабылдайды, бірақ сонымен бір мезгілде бір нәрсені жоғалтады, кейде белгілі бір дүниелер нығайып, жетілдірілсе, ал кейбір нәрселер бірте-бірте жойылады немесе оның болашақ өміріне кері әсер ететін жағдайға дейін бұзылуы мүмкін.


Заманауи арнайы әдебиеттерде маманның тұлғасына кәсіби іс-әрекеттің ықпалын және оның көріністерін сипаттау үшін «тұлға өзгеруі», «кәсіби бұзылу» терминдері қолданылады.
Тұлғаның өзгеруі - адам өмірі үшін аса маңзыды факторлардың әсерінен тұлғаның қасиеттері мен сапасының (құндылық бағдарлардың, мінез-құлық, қарым-қатынас тәсілдерінің) бұзылуы.
Кәсіби бұзылуы - кәсіби іс-әрекеттерді орындау нәтижесінде маман қасиеттері мен сапасының өзгеруі.



    1. Тұлғаға және оның көріністеріне мәнді әсер ететін кәсіби іс-әрекет факторлары

«Кәсіби өзгеру» ұғымы әлеуметтік қызметкердің іс-әрекетіне қатысты қолданылады. Оның тұлғасына кәсіби іс-әрекеттің өзіндік ерекше факторлары ықпал етеді. Әлеуметтік қызметкердің тұлғасына әсер ететін маңызды факторларға: мамандықтың, кәсіби іс-әрекеттің және ондағы әлеуметтік жұмыс субьектісінің әлеуметтік мәртебесі; кәсіби іс-әрекеттің өзі және оның мазмұны; ерекше күтімді қажет ететін адамдар санатына, тобына жататын әлеуметтік мұқтажы бар адаммен жұмыс; маманның әлеуметтік- іс –әрекеттегі эмоциялық- ерік көріністерінің ұзақтығы мен деңгейі және т.б жатады.


Мамандықтың және кәсіби іс-әрекеттің әлеуметтік мәртебесі. Кез келген мамандық қоғамда белгілі бір мәртебеге ие, ол жалпымемлекеттік және ортақ болуы мүмкін. Жалпымемлекеттік мәртебе бұл мамандықтың ел өмірінде алатын орнымен анықталады. Ол мемлекеттің нормативті құжаттарында бейнеленеді. Мамандықтың мемлекеттік мәртебесі факторы оның әлеуметтік мәнін бейнелейтін маман еңбегіне ақы төлеу деңгейімен (материалдық мәртебе) анықталады. Осы айтылғандарды ескере отырып, қоғамда мамандық, оның қоғамдық мәні мен маңызы туралы пікір қалыптасады. Қоғамдық мәртебе мемлекеттік мәртебеге кейде сәйкес келеді, кейде олар қабыспай жатады. Сонымен қатар әрбір аймақта жергілікті жердің ықпалымен мамандық пен кәсіби іс-әрекеттің ортақ мәртебесі қалыптасатынын да ұмытпау керек.
Қоғамдық және орта мәртебе әсерімен маманның субьектілік мәртебесі (кәсіби іс-әрекет субьектісінің әлеуметтік мәртебесі) қалыптасады.
Субьектінің (әлеуметтік қызметкердің) және кәсіби іс-әрекеттің (әлеуметтік жұмыстың) әлеуметтік мәртебесі. Бұл аталған факторға қоғамдағы әлеуметтік жұмыс қызметкерінің қалыптасқан мәртебесі мен әлеуметтік қызметкердің субьектілі мәртебесі енеді.
Қоғамдағы маманның қалыптасқан мәртебесі осы мамандықты таңдаған тұлғаның мамандыққа деген нақты көзқарасын және осы кәсіпті игеруге деген құлшынысын қалыптастырады.
Қазіргі таңда әлеуметтік жұмыс Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарында анықталған. Арнайы әдебиеттерде осы бағыттағы маманның атауы беріледі: әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі қоғамның басқа мүшелерінің осы мамандық иесіне деген қарым-қатынасын негіздейді. Мәртебенің әлеуметтік - педагогикалық ролі мазмұнына байланысты тұлғасын биіктетіп, оның бойында жауапкершілік, маңыздылық, кейде керісінше салғырттықтың, ұнатпаушылықтың пайда болуына соқтырып жатады.
Субьектілік мәртебе - маманың бойында қалыптасқан кәсіби бейне. Ол мамандықты таңдаған адам бойында кәсіби бағдар, тәрбие жұмысы нәтижесінде дамиды; кәсіби білім ұйымы түлегінің бойында оның кәсіби дайындығы қорытындысы бойынша қалыптасады; ал маман бойында оның кәсіби ортасы, жеке ерекшелігі және жинаған тәжірибесіне сәйкес оның кәсіби өзіндік жетілуі немесе кәсіби өзгеруі нәтижесінде пайда болады. Субьектілік мәртебе ортақ мәртебемен сәйкес келуі немесе одан төмен болуы, кейде керісінше жоғары болуы мүмкін. Оның өзгешелігі жекелік сипаттағы факторларға тәуелді болып, бірде жоғары, бірде төмен, жағымды немесе жағымсыз қалыпта көрінеді. Субьектілі әлеуметтік мәртебенің деңгейі мен бағыттылығы тұлғаның кәсіби өзіндік жетілуі мен бұзылу нәтижесіне байланысты. Сондықтан субьектілік мәртебе көп жағдайда маманның уәжділігін анықтап отырады.
Жоғары жағымды кәсіби субьектілік мәртебесі бар мамандар өз жұмысын ерекше ұнататын адамдар болып табылады. Бұл көп жағдайда әлеуметтік орта өкілдерінде кездеседі. Олар кәсіби іс-әрекетте өзін-өзі жүзеге асыру үшін және әлеуметтік жұмыс обьектісінде жағымды динамикаға және жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі сынақтарды бастан кешіріп, қаржылық қиындықтарға төзіп, көп нәрседен бас тартуға дайын болады.
Төмен субьектілік кәсіби мәртебесі бар мамандар - өз кәсібінде өзін таппағандар, шығармашылықпен жұмыс істеуді ұнатпайтын, көбіне өз жұмысына, оның нәтижелеріне құлықсыз қарайтын мамандар. Мұндай жағымсыз кәсіби өзгерулердің салдарынан толық немесе ішінара қанағаттанбаушылық, кәсіби қызметте жоғары деңгейге қол жететіндігіне сенбеу, селқостық, жаңашылдықтан қорқу, кейде өзгелердің тиімді жұмысын қызғану және т.б. туып отырады.
Маманның жеке кәсіби мәртебесінің жағымсыз деңгейі оның кәсіби бұзылуының, кәсіби қызметтің нәтижесінің төмендігінен, өзінің қабілетіне және кәсібіне деген ынтаның жоқтығынан туындайды. Мұндай маман өз мамандығының әлеуметтік мәнін түсіне алмайды немесе көргісі келмейді. Таңдаған мамандыққа деген бұндай толық немесе ішінара көңіл толмаушылық маманның кәсіптегі, кейде өмірдегі проблемалары осы мамандықты таңдағаннан деген пікірдің тууына әкеп соғады.
Жоғары жағымды тұлғалық кәсіби мәртебе кейде төмен, тіпті жағымсыз сипатқа секірмелі түрде өзгеруі мүмкін. Бұл тұлғалық және орта сипатқа қатысты болады. Осындай мәртебелі маман өзінің кәсіби қызметінде сенімді, дербес, бастамашыл болады. Оның кәсіби іс-тәжірибесінде тұтқиылдан болған нәтиже ол үшін сондай соққы болуы мүмкін. Мысалы, болашағынан үміт күттіретін жас дәрігердің іс-тәжірибесінде кенеттен жағдайы жаман емес бір ауру қайтыс болады. Бұл жағдайда дәрігер өзінің кәсіби өсетіндігіне, білімді маман ретінде өзіне сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Субьектілік мәртебенің дереу төмендеуі маманның жеке тұлғасына қатысты бұзылушылықтардың пайда болуына әкеледі. Бұндай қиындықтарды кез келген маман жағымды түрде жеңе алмайды, жеңгеннің өзінде экономикалық, кәсіпті өзгерту, сыртқы бақылау және т.б ықпалы зор болады.
Кәсіби жоғары жағымды мәртебенің төмен жағымсыз мәртебеге кенеттен ауысуы кәсіби білім мекемесін «үздік» аяқтаған түлектерде жиі кездеседі. Түлек жеткілікті дәрежеде жоғары жағымды мәртебеге ие, ол жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үйренген. Ал кәсіби қызметтің шынайы іс-тәжірибесінде ол жағымсыз нәтиже көрсетуі әбден мүмкін. Бұл жағдай ол үшін мүлде күтпеген жағдай болғандықтан, ол алған білімі бойынша асығыс қорытындылар шығаруға ұмтылады. Бірақ өмір оқулықта жазылғандай бола бермейтіні белгілі, сондықтан оның тағы да жағымсыз нәтижеге ұрынатыны рас. Ал бұл оның кәсіби іс-әрекетіне теріс әсер етеді. Мұндай факторлар білім ұйымын үздік бітірген жас маманға жағымсыз әсер етеді. Ал керісінше, табысты іс-әрекет оның ізденімпаз, шығармашыл тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Әлеуметтік қызметкердің кәсіби іс-әрекеті және оның мазмұны маманның тұлғасына маңызды түрде әсер ететін факторлар қатарына жатады. Мазмұн кәсіби құзыреттіліктің, дүниетанымның қалыптасуына көмектеседі. Маманның кәсіби қалыптасуы үдерісінде арнайы кәсіби тілі – «сленг», кәсіби ойлау, қиял, жады пайда болады. Сондықтан да бір мамандықтағы адамдардың бір-бірін тез түсінетіндігі кездейсоқтық емес. Жекелеген сөздер, сөз тіркестері олар үшін терең кәсіби мағынаға ие. Оны меңгеру үдерісінде кәсіби іс-әрекеттің негізі- тәжірибе (білім, білік, дағды) қалыптасады.
Маманның кәсіби тілінің қалыптасуына кәсіби орта, социумның «субьектілік факторы» әсер етеді. Әрбір социум бір бірінен ерекшеленетін микроклимат, өзара көмек түрлерімен сипатталады.
Кәсіби іс-әрекеттің өзі тұлғаның дамуына әсер етеді. Оның барысында кәсіптік дағды мен білік пайда болып, тұлғаның кәсіби маңызды қасиеттері дамиды, тәжірибе жинақталады. Сондықтан кәсіби іс-әрекет маманның өзіндік жетілуіне, оның кәсіби өсуіне, тұлғаның жағымды өзгеруіне және кәсіби мәдениеттің пайда болуына септігін тигізеді. Қызметкердің өзіндік ерекшелігі мен оның кәсіби қызмет ортасына байланысты оның бойында кәсіби маңызды қасиеттер, кәсіби іс-әрекеттің дара стилі дамиды.
Тамаша орыс педагогы Сорока-Росинский әрбір педагог - бұл іс-әрекеттің анықталған типі мен стилі деп атап көрсеткен болатын. Ол педагогтарды былайша жіктеді: педагог-теоретиктер - теориялық бағдарға аса қызығушылық танытатын, бірақ практиканы ескермейтіндер; педагог-реалистер - адамдарды түсіне білетін, олардың көңіл-күйін сезіне алатын, әрбір адамның қуанышы мен қайғысын бөлісіп, қызығушылығын анықтай алатындар; педагог-утилитаристер - адамдарды білетін, әсіресе, олардың кемшілігін байқап, нәтижеге жұмыс істейтіндер, олар үшін ең маңыздысы- жаттығулар, безендірулер және т.б.; педагог- артистер - шабыт, көңіл-күй ықпалымен ғана жұмыс істейтіндер. Сорока-Росинский бұл аталған педагогтар түрі таза күйінде сирек кездесетінін, олар көбінесе аралас кездесіп отыратындығын байқады.
Сондай-ақ кез келген кәсіби іс-әрекет адамның өзіндік ерекше түрінің пайда болуына ықпал ететіндігі анықталды. Мысалы, мұғалімдік іс-әрекет адамды оқытуға бейім адамдарды; басқарушылық-команда беруге бейім, ыңғайлы, басқарушылық; ғылыми-зерттеуге құмар және т.б. адамдар типін қалыптастыратыны сөзсіз. Әлеуметтік қызметкер оның көмегіне зәру адаммен кездескенде оған көмектесуге деген ішкі құштарлықты сезіп отырады.
Әлеуметтік проблемасы бар, ерекше күтімді қажет ететін адаммен жұмыс.
Әлеуметтік жұмыскердің өз клиентімен өзара қарым-қатынасы үдерісінде мәдениеттің өзара байытылуы жүреді. Тек субьект (әлеуметтік жұмыскер) обьектіге өзінің мәдениетін беріп, кіріктіріп қана қоймайды, сонымен қатар оның мәдениетін де өзі бойына сіңіреді. Бұл үдеріс маманға өз қызметінің обьектісін дұрыс түсінуіне ықпал етеді. Сондықтан да кәсіби іс-әрекеттің субьектісі обьектінің мәдениетіне сіңіріліп, оның тасығышына айналып, күнделікті өмірде көрінісін беріп отыратыны белгілі.
Обьектінің жағымсыз мәдениетіне субьект өзінің жоғары мәдениеттілігімен, зайырлығымен және ұдайы байқалатын өзін-өзі бақылауы мен жеке жауапкершілігі нәтижесінде қарама - қарсы тұра алады.
Кәсіби іс-тәжирбенің үдерісінде маманның тұлғасына оның тікелей жетекшісі, барынша беделді әріптестер, кәсіби ортаның өзара қарым-қатынасының мәдениеті үлкен әсерін тигізеді. Әсіресе беделді көшбасшылардың еліктейтін жас мамандарға әсері мол. Тәжірибені жинақтау, еліктеу кейде тек әртүрлі жағымды қағидалармен бірге жағымсыз мінез-құлықтың бойға сіңуіне ықпал етіп жататын тұсы да кездесіп қалады. Бұл факт маман тұлғасының кәсіби өзгеруіне субьект пен обьектінің өзара мәдениетімен бірге кәсіби орта мәдениетінің әсері бар екені байқатады. Онда нақты субмәдениет қалыптасады.
Адаммен жұмыста әлеуметтік қызметкердің тарапынан және клиент тарапынан әсер ету үлкен орын алады. Бұл кезде әлеуметтік қызметкердің тұлғасына клиенттің эмоциялық жай-күйі, оның ерік күші әсер етеді. Әлеуметтік жұмыскер клиентпен бірге оның іс-әрекетін ұйымдастырады, оны беліглі бір қызметке ынталандырады және т.б. Бұл үдерісте маманның жеке тұлғалық қасиеттерінің және педагогикалық техникасының дамуы жүреді. Педагогикалық техника маманның беліглі бір адамдар тобымен жұмыс істеу дағдысындағы оның кәсіби мәдениетін анықтайды.
Әлеуметтік қызметкердің кәсіби тәжірибесі оның беделіне әсер етеді. Ол кәсіби іс-әрекетте қоғамдық және орта мәртебесімен анықталатын қызмет беделіне сүйене жұмыс істей бастайды. Қызмет беделі жеке тұлғаның беделімен, оның субьектілік мәртебесімен, кәсіби іс-әрекетте қарым- қатынасымен және нәтижелілігі арқасында күшейеді немесе әлсірейді.
Топпен өзара әрекетте қосымша фактор- ұжым психологиясы да өз ықпалын тигізеді. Ол кейде маманның топқа әсерін күшейтіп, оның тұлғасының дамуына оң әсерін тигізсе, кейде оның дамуына кері әсерін тигізіп, оған қарама-қарсы ықпал етеді.
Кәсіби іс-әрекетте маманның эмоционалды-еріктік көріністерінің дәрежесі.
Эмоционалды-еріктік көріністер кәсіби іс-әрекет кезінде типті эмоциялық фонда байқалады. Барлық қалған факторлар осының айналасында өрбіп, маманның эмоционалды жай-күйін күшейтіп немесе әлсіретіп отырады.
Әлеуметтік қызметкер адам ретінде өзінің кәсіби міндеттеріне немқұрайды қарай алмайды. Оның кәсіби іс-әрекеті эмоционалды және ерік көріністерінсіз мүмкін емес. Адамдармен өзара әрекеттесу кезінде және кейде ол байытушы, кейде өзгеруші роліндегі күрделі эмоционалды - ерікті көріністер байқалады. Әлеуметтік қызметкердің эмоционалды-еріктік көріністеріне әртүрлі факторлар әсер етеді. Оны ішінде: субьектілік (маманның типті эмоционалды көрінісі); іс-әрекет обьектісі және оның эмоционалды көрінісі; кәсіби іс-әрекеттің өзі және оның нәтижелілігі; сонымен бірге субектілік ерік және обьектілік ерік атап өту керек.
Субьектілік эмоциялық фактор - кәсіби іс-әрекеттегі маманның типті эмоционалды көрінісі. Эмоционалды көрініс- кәсіби тәжірибе кезінде маманның сезімдік толқынысы. Ол әлеуметтік қызметкердің кәсіби ісәрекетін негіздейтін жетекші факторлар ықпалымен пайда болады.
Кәсіби іс-әрекет факторы. Ол маманның өзін-өзі жүзеге асыруы кезінде селқостық, қанағаттанушылық сезімін және жайлылық немесе жайсыздық туғызуы мүмкін. Егер маман өз мамандығына қызығып, оны сүйетін болса, кәсіби іс-әрекет барысында жетістіктерге қол жеткізіп, рахаттану сезімін бастан кешірсе, онда жайлылық сезімі орын алды деген сөз.
Іс-әрекеті обьектісінің және оның эмоционалды ықпал ету факторы. Әлеуметтік жұмыс обьектісі - ерекше күтімді қажет ететін, сондай-ақ дағдарыс жағдайында жүрген адам. Ол қорғансыз, өмір сүру ортасында өзін- өзі жүзеге асыруда және бейімделуде қиыншылықтарға тап болған жан ретінде байқалады. Мұндай обьектімен жұмыс істеу барысында әлеуметтік қызметкер тарапынан ерекше жылы қарым-қатынас, жаны ашу сезімдер болғаны оңтайлы. Клиентпен эмоционалды көріністердің пайда болуы маманның жеке тұлғалық бұзылуына әкеп соғады.
Әлеуметтік жұмыс обьектісі тірі жан ретінде өзінің психикасы бар, эмоционалды өзгешелікке ие тіршілік иесі. Оның әлеуметтік қызметкермен өзара қарым-қатынасы олардың өзіндік ықпалдасуына әкеледі. Субьектінің эмоционалды жай-күйі обьектіге беріліп отырады. Адам эмоционалды болған сайын өзінің көңіл-күйін басқаларға беруге және оны психикалық тұрғыдан тасымалдауға қабілетті болады.
Эмоционалды өзара ықпалдасу әлеуметтік қызметкер тұлғасына жоғары талаптар қояды. Кез келген адамның бойынан бұндай қасиеттер табыла бермейді. Бұл фактіні жас адам мамандық таңдау барысында және оқу орнында кәсіби бағдарлану кезінде немесе әлеуметтік жұмыс орталықтарында кәсіби бағдарлану барысында ұмытпау керек. Маман тым «қатаң» немесе эмоционалды жұмсақ та болмау қажет. Клиентке жаны аши отырып, оның проблемаларын эмоционалды тұрғыдан өз басынан өткізеді. Бұндай терең толқыныстар маманның жеке тұлғасына үлкен әсерін тигізеді. Әлеуметтік қызметкердің ерекше күтімді қажет ететін, ауыр өмір соқпағынан өткен эмоционалды тұрақсыз адамдармен жұмыс істеуі одан барынша психикалық сезімдерді талап етеді. Пайда болған эмоционалды толқыныстарды жеңу үшін мол психикалық энергия қажет болады. Сондықтан маманның ішкі энергиясының орнын кейде клиенттің жағымсыз әсері толтырып отырады. Сол себепті осындай клиентпен жұмыстан соң әлеуметік маман қатты шаршап, оның өзіндік ішкі энергиясын жоғалтқандай күй кешіп жататыны кездейсоқтық емес. Жоғары эмоционалдық қуатты қажет ететін ұзақ мерзімді кәсіби іс-әрекет жеке тұлғаның кәсіптік жағымсыз бұзылуына әкеп соғады. Осының нәтижесінде маман клиенттің ішкі проблемаларына еті үйреніп немесе оған мән бермейтін жағдайға жетеді (бұл жағдайда маман «тастай болдым», «етім үйренді» сөздерін жиі қолданады) немесе субьект тұлғасының өзіндік өзгеріске ұшырағандығынан (жеке тұлға психопатологиясы) оның өзіне арнайы сауықтыру көмегі қажет болады. Әлеуметтік қызметкердің жоғары жағымсыз эмоционалдылығы өз кезегінде клиентке де жағымсыз әсер етіп, оның өзгеруіне де себепкер болады.
Кәсіби іс-әрекетті орындау ортасының факторы. Орта, жоғарыда айтып өткеніміздей, әлеуметтік жұмыс жүргізілетін микроклимат болып саналады. Ол эмоционалды-психологиялық күймен сипатталып, ол кәсіби іс-әрекеттің тиімділігін ынталандырады, осылайша маманның сапалық қасиеттерінің оңтайлы дамуына жағдай жасайды немесе жағымсыз кәсіптік өзгерулерге ұшыратады. Бір ортада маман өз іс-әрекетін рахат сезімімен қолдау, көмек алып жүзеге асырса, кей ортада оны ешкім қолдамай, тіпті қызғаныш, айыптауларға де кезігіп қалып жатады. Бұның бәрі әлеуметтік қызметкердің кәсіби іс-әрекетіне ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғасына да әсерін тигізеді.
Кәсіби іс-әрекет нәтижесі. Бұл фактор әлеуметтік қызметкер тұлғасына маңызды әсер ететін фактордың бірінен саналады. Жұмыстың жағымды нәтижесі маман бойында өзіне деген сенімділік, осы іс-әрекетті қайта орындауға деген құлшынысын арттырады. Ал жағымсыз нәтиже қанағаттанбаушылық, сенімсіздік және көңіл қалушылық сезімдерін күшейтеді. Жағымсыз нәтиже әсерінен тұлғаның жағымсыз өзгеруі де пайда болады. Әсіресе өзі ынталанған, қызығушылық танытқан жұмыстың нәтижесі қатты әсер етеді. Өз іс-әрекетінің нәтижелілігіне деген жоғары мүдделілік және табыстарға деген терең толқыныс сезімі маманның өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, барынша іс-әрекетке жұмылуға ынталандырса, алынған жағымсыз нәтиже тұлға үшін үлкен жағымсыз салдардың пайда болуына әкеп соғады.
Ерік - бұл әлеуметтік қызметкердің алға қойған мақсаттарын саналы түрде орындау кезінде кездескен қиындықтарды жеңу үшін іс-әрекеті мен мінез-құлқын өзіндік реттеуі. Бұл маманның жеке ерекшелігін, кәсіби іс-әрекеттегі өзіндік «Мен» еркінің көрінуі арқылы байқалады. Әлеуметтік жұмыста субьект еркі мен іс-әрекет обьектісі еркінің өзара әрекеттесуі жүреді.
Субьектілік ерік - кәсіби іс-әрекетте мейлінше оңтайлы мақсатты таңдауға және оны жүзеге асыру кезінде ішкі және сыртқы қиындықтарды, кедергілерді және дауларды шешуге мүмкіндік беретін әлеуметтік маманның еркі. Ерік- жігері күшті маман әртүрлі санаттағы адамдармен жұмыста өзінің кәсіби іс-әрекетінің табыстылығын көрсете алады. Бұндай кәсіптік тәжірибе көп жағдайда тұлғаның жағымды түрде өзгеруіне әкеледі, - яғни өзін-өзі жетілуін дамытады. Әлеуметтік маманның ерігінің күштілігі мен төмен кәсибілігі клиентпен жұмыста жағымсыз нәтижеге қол жеткізіп, клиент бойында іс-әрекеттің пайдасыздығы, тығырыққа тірелу сезімін күшейтіп, оның еркін жойып жіберуі мүмкін. Әлеуметтік маманның ұстанымына байланысты субьектілік еркі обьектімен қарым-қатынасқа түсе отырып, оның бағытталған өзіндік көрінісін ынталандырып қана қоймай, сонымен бірге оны бұзып, жоюы да мүмкін. Бұл жағдайда қызметкерден жоғары педагогикалық мәдениет, өз ісіне саналы баға беру, үстемдік етпеу талап етіледі.
Обьектілік ерік - бұл әлеуметтік қызметкер жұмыс істейтін адамның еркі. Ол кейде барынша күшті болып, қызметкердің еркінен асып та түсуі мүмкін. Әсіресе басқалардың пікіріне аса сенімсіздікпен қарайтын адамда бұндай жағдай кездессе, маманның оған ықпалы нәтижесіз болып жатады. Осылайша онымен жүргізілетін жұмыс тиімсіз болып, оны өзгерту мүмкіндігінше қиынға соғады. Бұндай клиентермен жұмыс істеу маманның тжеке басына жағымсыз әсер етеді. Фактілер дәлелдегендей, ол жекелеген тұлғалармен жұмыс істегенде дәрменсіз, әлсіз болып, кәсіби іс-әрекетте үлкен психологиялық қиындықтарға ұшырайды.
Клиенттің күшті жағымсыз еріктік ұстанымы әлеуметтік қызметкердің іс-әрекетінің өзгеруіне әкеледі. Ол жұмыс барысында клиенттің өз проблемаларын шешуге деген ынтасының жоқтығын байқайды. Клиенттің жағымды еріктік ұстанымы керісінше, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге деген еріктік күш –жігерді күшейтіп, жағымды нәтижеге деген сенімді ұлғайтады. Бұл әлеуметтік қызметкер жұмысын жеңілдетіп, әлеуметтік проблемаларды шешуде клиенттің көмекші әрі іс-әрекеттің белсенді қатысушы болғанын сезінуіне жағдай жасайды.
Әдетте әлеуметтік маман кәсіби дайындығы болғандықтан кез келген тұлғамен жұмыс істей алуы керек деген ұғым бар. Бірақ әлеуметтік қызметкердің ең алдымен нақты бір эмоционалды және еріктік өрісі бар адам екенін естен шығармағаны абзал. Маман кейде обьектіге қарағанда әлсіз болуы да мүмкін. Бұл жағдайда маманның кәсіби шеберлігі мен мәдениеті ғана тиімді болады. Бұл тиімсіз болған кезде обьектіні басқа маманға берген ыңғайлы. Бұл факторды ескермеу әлеуметтік қызметкердің тұлғалық өзгеруін тудырып, оның маман ретінде өз құнын жоғалтатыны анық.
Кәсіби іс-әрекетте әлеуметтік қызметкердің эмоционалды-еріктік көріністері.
Эмоция және ерік-бұл бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан маманның эмоционалды-еріктік мінездемесі туралы жиі айтылады. Табысты еріктік көріністер жағымды эмоциялармен бекіп отырады, керісінше, әлсіздік, сенімсіздік сәйкес эмоцияларды туғызады. Маманның жеке кәсіби өзгеруі бірінші кезекте, эмоционалды- еріктік өрісте байқалады. Оның бұзылуы маманның кәсіби жарамсыздығына әкеп соғады.
Осылайша, әлуеметтік қызметкердің кәсіби бұзылуына әсер ететін негізгі факторлар қарастырылды. Оларды талдау барысында жекешелік және орта факторлар атап өтілді. Жекелік- әлеуметтік қызметкерге тән әлеует және оның саналы түрдегі өзіндік белсенділігі. Кәсіби іс-әрекет кезінде ол даму бағытында болады. Ол қалай, қандай бағытта дамитындығы маман мен оның кәсіби іс-әрекеті жүзеге асатын ортаға байланысты болады. Әлеуметтік қызметкердің өзіндік белсенділігі оның өмірлік ұстанымын анықтайды, басқалай айтқанда таңдаған мамандығымен жұмыс істеу барысында өзін жүзеге асыратындығына тікелей байланысты. Кәсіби тәжірибеде шығармашылық, бастамашылдық, белсенділік және өзінің еркі мен сипатын көрсете отырып, әлеуметтік қызметкер өзін қалыптастырады.
Орта әлеуметтік қызметкердің кәсіби іс-әрекеті үдерісінде оның өзіндік дамуын жүзеге асыратын немесе тежейтін, болмаса ынталандыратын өріс болып табылады. Ол маманға бастапқы кезде барынша көрінетін қасиеттердің нақты жүзеге асуына мүмкіндік береді.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   90




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет