Клиникалық көрінісі Бірқатар жағдайларда клиникалық белгілері анықталмауы мүмкін, тек кездейсоқ гликемия деңгейін рутинді анықтау барысында ғана анықталады. Әдетте сырқат 40 жастан асқан кезде манифестацияланады, оған қоса науқастардың басым көпшілігінде семіздік және метаболикалық синдромның басқа да компоненттері анықталады (11.2 бөлімді қараңыз). Науқастар еңбекке қабілетінің төмендеуіне, оған басқа себептер болмаса шағымданбайды. Шөлдеу мен полиурия сияқты шағымдар да аса айқын болмайды. Науқастарды жиі терінің немесе қынаптың қышуы мазалайды, сондықтан мұндай науқастар гинекологтар пен дерматологтардың көмегіне жиі жүгінеді. ҚД-2-нің манифестациясынан нақты диагноз қойылғанға дейінгі аралықта көптеген жылдар өтетіндіктен (шамамен 7 жыл), науқастардың көбінде ауру алғаш анықталғанда ҚД кеш асқынуларының симптомдары мен көріністерібасым болады. Бұған қоса, науқастар жиі дәрігерге кеш симптомдарының көрініс беруіне байланысты шағымданып келеді. Науқастар аяқтың ойық жаралық зақымдануына байланысты (диабеттік табан синдромы) хирургиялық стационарларда, көру қабілетінің үдемелі төмендеуіне байланысты (диабеттік ретинопатия) офтальмологтарда, инфарктар, инсульттар, аяқ қантамырлардың облитерациялаушы зақымдануына байланысты қаралған мекемелерде гипергликемия алғаш анықталады.
Диагностикасы Барлық ҚД ортақ диагностикалау қағидалары 7.3. бөлімде көрсетілген. ҚД-2 диагнозы басым жағдайда типті клиникалы көріністері дамыған науқастарда гипергликемия анықталуына (семіздік, 40–45 жастан жоғары жас шамасы, ҚД-2-ге оң отбасылық анамнез, метаболикалық синдромның басқа компоненттері), инсулиннің абсолютті тапшылығын дәлелдейтін клиникалық және зертханалық белгілердің болмауына (айқын дене салмағының төмендеуі, кетоз) негізделіп қойылады. ҚД-2 халық арасында кең таралуына, ұзақ уақыт симптомсыз дамуына, ерте диагностикалау нәтижесінде кеш асқынулардың алдын алуға болатынына орай, клиникалық белгілері көрініс бермеген науқастарда ҚД-2 дамуын жоққа шығару мақсатында скринингті зерттеу жүргізу қажет. Басты сынама, жоғарыда көрсетілгендей ашқарынға гликемияны анықтау болып табылады. Ол келесі жағдайларда тағайындалады:
1. Артық дене массасы (ИМТ 25 кг/м2 астам) бар 45 жастан асқан барлық ересек адамдарға 3 жылда бір рет.
2. Артық дене массасы (ИМТ 25 кг/м2 астам) бар және төмендегідей қосымша түрткілері бар жас адамдар:
— аз қозғалыстағы өмір сүру салты;
— жақын туыстарындағы ҚД-2;
— ҚД-2 даму қаупі жоғары ұлттар арасында (афроамерикандықтар, латиноамерикандықтар, жергілікті американдықтар және т.б.);
— дене салмағы 4 кг артық нәресте босанған және/немесе анамнезінде гестациялы диабет көрініс берген әйелдер;
— артериялық гипертензия (140/90 мм Hg);
— ТЖЛП > 0,9 ммоль/л және/немесе триглицеридтер > 2,8 ммоль/л;
— аналық бездің поликистозды синдромы;
— ГТБ және АГБ;
— жүрек-қантамыр аурулары.
ҚД-2-нің жас балалар арасында жиі таралуы жоғарғы қауіп-қатер тобындағы жас балалар мен жасөспірімдер арасында гликемия деңгейін скринингті анықтауды қажет етеді (10 жастан бастап 2 жыл интервалмен немесе пубертаттың басталуымен егер одан ерте жаста дамыса), бұларға дене массасы жоғары (ИМТ және/немесе жасына сәйкес дене массасы >85 перцентиль, қалыпты дене салмағымен салыстырғанда 120% жоғары дене массасы) және төменде көрсетілген түрткілерге қатысты балалар мен жасөспірімдер жатады:
• бірінші немесе екінші қатардағы туыстар арасында ҚД-2 болуы;
• жоғарғы қауіптегі ұлтқа жату;
• инсулинрезистенттілікпен ассоцирленген клиникалық көріністер (acanthosis nigricans, артериальды гипертензия, дислипидемия);