Қазыбек би КЕлдібекұлы
Қаз дауысты Қазыбек би– қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүздің арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген және 1755 жылы қайтыс болған. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек — есімдері елге белгілі әділ билер болған.
Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болған. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.
Бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен.
Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – «Жеті жарғыны» жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Сөйтіп, ұлы үш бидің көмегімен ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т.б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
Ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың ара-сын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған.
Дереккөздер: Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010; Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006.; Даланың дара ділмарлары. -Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 б.
Достарыңызбен бөлісу: |