3.Химиялық қасиеттеріне қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар.
Судың химиялық көрсеткіштері оған санитарлық-гигиеналық баға берген кезде өте маңызды роль атқарады.
Ауыз судың сапалылығын сипаттайтын негізгі көрсеткіштеріне мыналар жатады: реакциясы (РН), құрғақ қалдық, тотыққыштығы, оттегінің мөлшері, оттегіні биохимиялық пайдалануы (БПК), аммиак, нитриттар, нитраттар, хлоридтар, сульфаттар, күкіртті сутегі, кермектілігі, микроэлементтерінің мөлшері, зиянды, улы және радиактивті заттар
2.1. Реакциясы (РН) – табиғи суда 6,0-9,0 аралығында болады. Ең қышқылдығы жоғары гуминді заттары бар батпақты жердің сулары, ал сілтілі реакция бикорбанаттармен бай жер асты сулары болып саналады. Әдетте, органикалық қоспалармен ластанған сулардың (олардың шіріктері мен) реакциясы сілтілі болса, өндіріс орындарының лай жиын сулары мен қосылса қышқыл орта болады. Сапалы су сәл сілтілі немесе нейтралды (бейтарап) реакциялы болуы қажет (РН = 6,0 – 9,0). Егер судың реакциясы 9,0-дан жоғары немесе 6,0-дан төмен болса, онда оның органикалық қоспалары бар, таза емес лай қалдықты сулармен ластанғандықтың белгісі болады.
2.2. Құрғақ қалдық - судағы минерализациялау процесстерінің жүру дәрежесін көрсетеді. Ол 1 л судағы миллиграммен алғандағы қалдықтың мөлшері. Құрғақ қалдықтың өте көп мөлшері судың ластанғандығының белгісі болады. Бірақ судағы құрғақ қалдықтың мөлшерімен оның ластануының арасында тікелей байланыс болмайды. Себебі, ондағы құрғақ қалдық судың минерализациялануының нәтижесінен болады. Судың сапасы жоғары болса, оның құрғақ қалдығының түсі ашық-сұр немесе ақ болуы керек. Су органикалық заттардың ыдырауынан немесе әртүрлі темір, марганец, фтор т.б. элементтердің қоспаларымен ластанса, құрғақ қалдық сарғыш-қоңырдан қара-қоңыр түске боялады. Сапалы суда жалпы құрғақ қалдықтың мөлшері әр литріне шаққанда 1000 мг-нен аспауы керек.
2.3. Тотыққыштығы - судың органикалық заттармен ластануының шамасын білдіретін көрсеткіш болып саналады. Судың органикалық қоспалармен ластануын тікелей анықтау техникалық жолмен қыйын болғандықтан қосымша әдіс-тотыққыштығы арқылы бағаланады. Яғни, судың тотыққыштығы – оның 1 литріндегі органикалық қоспаларды тотықтыруға кететін миллиграммен алғандағы оттегінің мөлшері болады. Сондықтан, судағы органикалық заттарды тотықтыруға неғұрлым көп оттегі шығындалса, яғни неғұрлым көп ластанса, солғұрлым судың тотыққыштығы жоғары болады. Мысалы, терең жер асты суларының (артезиан, құдық, бұлақ) тотыққыштығы 1-2 мг/л болса (1 л судағы заттардың тотығуына 1-2 мг оттегі шығындалады), өзен және көл суларында 4-8 –ден жоғары, ал ластанған және батпақты су көздерінің тотыққыштығы 20 мг, одан да жоғары болады. Таза ауыз судың тотыққыштығы 2-5 мг/л –ден жоғары болмауы керек.
2.4. Еріген оттегі – бұл да судағы органикалық заттардың мөлшерінің қосымша көрсеткіші болып саналады. Неғұрлым су таза болса, соғұрлым, онда бос оттегі көп болады. Ашық жер үсті су көздеріндегі оттегі ылғи органикалық қоспаларды тотықтыруға кетеді де, оларда бос оттегі көбінесе кездеспейді. Сондықтан, суға санитарлық-гигиеналық баға берген кезде, ондағы тазалығының көрсеткіші еріген оттегінің мөлшерін анықтаудың өте зор маңызы болады. Судың оттегі мен қанығуы атмосфера ауасынан оны сіңіріп алып және өсімдіктердің фотосинтезінен бөлінген оттегіні қабылдауынан болады. Ашық су көздерінің суларында оттегінің мөлшері әр литрінде 5-тен 14 мг-га дейін болса, жабық жер асты суларында еріген бос оттегі жоқ болады да, бірақ атмосфера ауасымен қосылғанда оттегімен қанығып алады. Гигиеналық зерттеу жүргізілген кезде, судың оттегіні биохимиялық пайдалануы (БПК) деген көрсеткішін анықтайды, яғни 18-20 градус температурада 5 тәулік бойы сақталған 1 л судағы органикалық заттармен сіңірілген оттегінің миллиграммен алынған мөлшері. Неғұрлым бұл сынамада тез тотығатын заттар көп болса, соғұрлым онда еріген оттегінің концентрациясы төмен болады. Таза ауыз суында оттегінің биохимиялық пайдалану коэффициенті (БПК) – 1-3 мг/л болса, орташа сапалы суда – 5 мг/л, ал ластанған суда – 10 мг/л, одан да көп болады.
2.5. Аммиак – суда аммоний тұздары түрінде минералды және органикалық болып кездесуі мүмкін. Өте қауіпті болып, нәжіс, көң, лайлы жиын сулардың ыдырауынан пайда болған, органикалық аммиак саналады, ал минералды аммиак судың ластануының көрсеткіші бола алмайды. Органикалық аммиак судың таяуда ластанғандығын білдіреді, сондықтан, таза суда альбуминоидты аммиак болмауға тиіс.
2.6. Нитриттер – азотты қышқылының тұздыры органикалық қоспалардың тотығуының нәтижесінде нитрификациялану процессінің ортаңғы шығымы есебінде туындайды. Сонымен қоса, олар жер асты және батпақты сулардың ішіндегі нитраттардың қайта қалпына келуінен түзіледі. Мұндай жағдайда нитриттер аса қауіпті болмағандықтан, су көздерінің органикалық қоспалармен ластанғанының көрсеткішіне жатпайды. Бірақ нитриттер уландыру қаупін тудыратындықтан, мұндай жағдайдың өзінде де ауыз суда рұқсат етілмейді. Судағы нитриттердің әр литрге шаққандағы мөлшері 0,002 мг-нан асса су көзінің органикалық қоспалармен ластанғанының көрсеткіші болып есептеледі.
2.7. Нитраттар – азот қышқылының тұздары ауыз суда жиі кездеседі. Олар суға топырақтан, атмосферадағы ауаның тотығуынан, минералды тыңайтқыштардан т.б. түседі. Нитраттар суға түскен органикалық қоспалардың тотығуының соңғы продуктасы (түсімі) болғандықтан ондағы ыдырау процесстерінің аяқталып қалғанын білдіреді де, аммоний тұздарының басқа түрлері (аммиак, нитриттер) жоқ болса, судың ластануының соңы деп білуге болады. Бірақ нитраттардың судағы өте жоғарғы мөлшері қандағы метагемоглобиннің шамасын асырып, мал организмін ұландырады. Сондықтан, суда нитраттардың мөлшері әр литрінде 45 миллиграммнан аспауы керек.
2.8. Хлоридттер – шыққан жеріне байланысты минералдық және органикалық болып екіге бөлінеді. Кейбір жерлерде олардың жоғарғы мөлшері (100-300 мг/л) топырақтың хлорлы қоспалары көп болып, тұздылығымен байланысты болады. Мұндай минералды хлоридттер бар сулар санитарлық тұрғыдан қарағанда айтарлықтай қауіп төндірмейтін болғандықтан, малдарды суаруға және тұрмыстық жағдайларда толықтай пайдалануға болады. Ауыз судағы органикалық хлоридтердің мөлшері 1 л суға шаққанда 20-30 мг-нан аспауы керек. Бірақ суда басқа ластанудың белгілері болмай, тек минералды хлоридтер ғана болса, әр литр суға шаққанда олардың 350 мг-ға дейін мөлшері рұқсат етіледі. Егер суда хлоридтердің мөлшері 500 мг/л жоғары болса, судың тұзды дәмі болып, малдың ас қорыту мүшелерінің қызметінің секрециясын төмендетеді. Судағы хлоридтердің мөлшері 500 мг/л артық болса, асқазандағы сөлдің және қышқылдың концентрациясы азайып, астың жүруі жылдамдап, толық сіңірілмей, асқазанның жұмыстары бұзылады. Ұзақ уақыт хлоридттердің мөлшері өте жоғары (1-2,5 г/л) сумен суғарған малдардың тұз бен су алмасу процесстерінде өзгерістер туып, қанның арттериалдық қысымы жоғарлап және ас алмасу жүйесінің жұмысы бұзылып, ауруға шалдығады.
2.9. Сульфаттар – күкірт қышқылының тұздары суда екі түрде органикалық және минералдық болып кездеседі. Органикалық сульфаттардың суда кездесуі ластануының көрсеткіші болып саналады. Минералдық сульфаттар, кейбір аймақтағы су көздерінде өте көп мөлшерде (2000-3000 мг/л кездеседі). Олар судың дәмін өзгертіп (ащы) және асқазанға әсер етіп, оның бұлшық еттері әлсіреп, іш өтіп, қызметі бұзылады. Сульфаттардың судағы қалыпты мөлшері 50 мг/л, бірақ басқа қоспалар мен ластанған белгілері жоқ болып, тек минералды сульфаттар ғана болса 500 мг/л дейін рұқсат етіледі.
2.10. Кермектілігі – судағы жердің сілтілік металдарының, әсіресе кальций (карбонаттар, бикарбонаттар) және магний (күкірт қышқылы магний) тұздарынан туады. Керметілігі жоғары су, әсіресе құрамында сульфат магниі бар, малдардың ішін бұзып, тышқақ ауруына ұшыратады. Мұнымен қоса, өте кермекті су малдардың бүйрек жолдарында тас түзілуіне апарып соғады. Өте жұмсақ суда малдар организміне зиянды әсер етеді. Себебі ондай су мал организмін қажетті минералдармен қамтамасыз ете алмайды да денедегі минералдық зат алмасу процесстерінің бұзылуына апарып соғады. Ауыз судың кермектілігінің үш түрі болады: жалпы, жойылғыш немесе карбонатты және тұрақты. Жалпы кермектілік судағы барлық сілтілік металдардың, онымен қоса кальций және магний тұздарының жиынтығынан тұрады. Карбонатты кермектілік судағы бикорбанаттар тұздарынан тұрады да, бір сағаттық қайнатудан соң ерімейтін карбонат тұздарына айналып, тұнба болып қалады, яғни кермектілігі жойылады. Тұрақты кермектілік суды қайнатқанға жойылмайды. Ол көбінесе кальции және магнидің сульфатты, хлорлы тұздарынан тұрады (екі көмірқышқылынан басқа). Судың кермектілігі (1 литр) милиграмм – эквивалент (мг/экв) немесе градус өлшемімен өлшенеді. Бір градус кермектілік судағы 10 мг кальций тотығына (СаО) пара-пар болады. Ал 1 мг/эквивалент 2,8 градус кермектілікке тең. Ауыз судың жалпы кермектілігі 7 мг/экв болуы керек.
2.11. Микроэлементтер – кейбір аймақтардың су көздерінде жетімсіз немесе өте көп мөлшерде кездеседі. Судағы темірдің артық мөлшері, оның түсі және мөлдірлілігіне әсер етіп, жағымсыз уылдыратын дәм беріп, май қорытатын өндірістерде ондай су пайдалануға жарамсыз болып қалады. Марганец қосындыларының суда болуы, оның органолептикалық көрсеткіштерін өзгертумен бірге май және қаймақ өнімдерінде қара тақтар туғызады. Судағы фтордың жоғарғы концентрациясы тіс сыртында сары тақтар шығарып, эмалін бұзып, флюороза ауруын туғызып және сүйек-сіңірлерді ыдыратады. Иодтың суда жетіспеушілігі малдарда энзоотикалық алқым асты бездерінің ауруын тудырады. Ауыз судағы мыс пен цинктің артық мөлшерде болуы малдардың улануына (токсикоз) апарып соғады. Пайдаланатын суда темірдің мөлшері – 0,3 мг/л, фтор – 0,7-1,5 мг/л, мыс – 1 мг/л, цинк – 5 мг/л, марганец – 0,1 мг/л артық болмауы керек.
2.12. Зиянды және улы заттар – суға әртүрлі лай, ағын сулармен түседі. Ағып келіп қосылатын өнеркәсіп орындарының сулары кейбір су көздерін қорғасын, күшәла, сынап, барий тағы басқа заттардың тұздарымен ластандырып, малдарды уландырады. Суға қосылған минералдың тынайтқыштар және егіннің зиянкестері мен өсімдіктердің арам шөптеріне қарсы күресу үшін пайдаланатын әртүрлі пестицидтар да үлкен қауіп туғызады. Пестицидтар мен тыңайтқыштар қар және жаңбыр суларымен ағып, ашық су көздеріне түсіп, сол сияқты жер астындағы қабаттарына сіңіп, оларды ластандырады. Сондықтан әртүрлі су көздерін пайдалану кезінде мезгіл-мезгіл олардағы зиянды заттардың барлығына бақылау жасап отыру қажет.
Ірі өндіріс орындары, ең алды мен жылу элетростанциялары және металдар өндіріп, қортатын зауыттар ауаға миллиондаған тонна азотты тотықтары мен күкіртті сутегі газдарын бөліп, шығарып ластайды. Олар ауада су булары мен тез қосылып және жаңбыр тамшыларымен бірге еріген күкірт және азот қышқылдары түрінде жерге түседі. Аспаннан қышқыл жауынының байқалуы биосфераның ең қауіпті ауруы болып танылады. Олар өзендерді, көлдерді және басқа су көздерін «өлі» қоймаларға айналдырып, ондағы тіршілік өмірді балықтардан бастап, микроорганизмдермен өсімдікке дейін жойып жібереді. Су көздерін жасанды радиактивті заттар, атмосфера қалдықтары мен жауындары қар суларымен қосылып және радиактивті изотоптарды қолданатын радиохимиялық өндірістер мен мекемелерден түсіп ластандыруы мүмкін. Сондықтан су сынамаларын алып, мезгіл-мезгіл радиохимиялық ізденіс зерттеулерін жүргізіп отыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |