14.3. Қозғалыс. Кеңістік. Уақыт. Санның сапаға, соңғының санға өтуі қозғалыс арқылы жүреді, ал оның өзі кеңістік пен уақытты талап етеді. Олай болса, қозғалыс – бүкіл болмыстағы дүниенің өмір сүру тәсілі болып шығады да, кеңістік пен уақыт - қозғалыстағы дүниенің формасы ретінде қаралуы тиіс.
Жалпы түрде қозғалысқа қысқаша анықтама беруге болады – ол Дүниедегі қайсыбір өзгеріс, байланыс, іс-әрекет. Әрине, мұндай анықтаманың мазмұн жағынан тұрпайы екенін де жасыруға болмайды. Бүкіл философия тарихындағы ізденістер оның аса қиындығын көрсетеді.
Қарапайым тәжірибенің нәтижесінде сонау көне заманда- ақ ойшылдар Дүниенің ағым екенін, бір нәрсе дүниеге келіп, екіншісі кетіп жатқанын байқаған. Тіпті ұлы Гераклит қозғалыстың астарында қарама-қарсылықтың күресі жатыр деп меңзеген. Сонымен қатар, Парменид пен Зенон оған қарсы шығып, қозғалыстың ішкі сырын ашуға мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысқан. Мысал ретінде Зенонның "Садақтан атылған оқ қозғалмайды",- деген апориясын (aporіa,- грек сөзі,- қиындық, шешімі жоқ,- деген мағна береді) келтіруге болады. Зенонның ойынша, атылған оқ әрбір сәтте кеңістіктің бір бөлігінде тұрақтайды, келесі сәтте – келесі орында, оны әрі қарай шексіз жалғастыра беруге болады. Ал тұрақтауға тұрақтауды қосқанда қозғалыс шықпайды, яғни, ол - жоқ.
Мұндай көзқарасты уақытында Аристотель сынға алған болатын. Қателік - уақытты бөлек-бөлек "сәттен" тұрады деп есептеуде,- дейді ұлы ойшыл. Әрине, мұндай пікірмен келісуге болады. Осы ойшыл қозғалысты талдауға аса үлкен үлес қосқан болатын. Болмысты талдаудағы ең қиыны, Дүниенің өтпелілігі, бір нәрсенің туып, екіншінің өтуі. Оны Аристотель екі жаңа категория кіргізіп талдайды. Олар шындық пен мүмкіндік (грекше,- energeіa, -шындық, dynamіs,- мүмкіндік, латынша, - actus,- шындық, potentіa,- мүмкіндік). Қозғалыс - заттың ішіндегі мүмкіндіктің шындықта іске асуы, ал оның қайнар көзі - форманың белсенді әрекетінде жатыр. Мысалы, қайсыбір дүниеге келген тіршіліктің ішінде оның болашақ өлімінің ұрығы жатыр, ол оны өмірдің шеңберінен тыс шығармай қоймайды. Кірпіштің үйге айналу мүмкіндігі бар, сонымен қатар ол саз, я болмаса, құмның шындығы т.с.с. Ұлы ойшыл қозғалыстың біршама түрлерін ерекше алып зерттейді. Олар: үлкею, кішірею, пайда болу, жоғалу, сапалық өзгеру, кеңістіктегі орын алмастыру.
Орта ғасырдағы ойшылдар қозғалыстың қайнар көзін Құдайдың іс-әрекетінен іздейді (Өзі қозғалмайтын, бірақ, басқаның барлығын қозғалысқа түсірген - Құдай).
Жаңа дәуірдегі ойшылдардың ішінде Ф.Бэкон қозғалысты материяның ішкі табиғатынан шығатын белсенділік ретінде түсінеді.
Гегельдің түсінігінше, қозғалыс "өміршеңдік", "әрекеттік", "ешқашанда бітпейтін үрдіс", ол ішкі-қажеттіктен туып, "өзіндік қозғалыс" ретінде қаралуы керек.
Маркстік философияда қозғалыс категориясы егжей-тегжей талданады. Қозғалысты материяның ішкі қайшылығынан шығатын өмір сүру тәсілі ретінде түсініп, Ф.Энгельс өзінің "Табиғат диалектикасы",- деген көлемді еңбегінде оның 5 түрін ашады. Олар: механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік қозғалыс формалары.
Әрине, қазіргі ғылым бұл түсініктерді әрі қарай дамытып байытты. Қозғалыстың ең қарапайым түрі ретінде механикалық, яғни кеңістікте орын ауыстыру үрдістері жатады.
Бүгінгі ядролық физикада ерекше қозғалыс формасы ретінде элементарлық бөлшектердің бір-біріне өтуін, электромагниттік, гравитациялық, нейтрондық өрістер, атом өзегінің ішіндегі күшті және әлсіз тартыстарды т.с.с. жатқызады.
Атомдар мен молекулалардың қозғалысы мен өзара бір-біріне өтуі химиялық қозғалыс формасын құрайды.
Заттар мен құбылыстар құрылымының өзгеруі, қысым, жылу, дыбыс пен жарықтың тарауын т.с.с. физикалық қозғалыс формасына жатқызуға болады.
Мегагалактикадағы ғарыштық үрдістерді, жұлдыздардың пайда болуы, сөнуін астрофизика зерттейді.
Жер бетінде тарихи пайда болған тіршілік әлемі – ерекше ғажап биологиялық қозғалыс формасына жатады. Оған тірі организмдегі үрдістер, жағалай ортамен зат пен энергия аумасуына түсуі, өзгеру мен тұқым қуу, ассимиляция мен диссимиляция, өз-өзін ретке келтіру т.с.с. жатады.
Ғалымдар жер бетіндегі тіршілік пайда болғаннан бергі (3,5 млрд.ж.) өзгерістерді ерекше геологиялық қозғалыс формасына жатқызу керек деген пікір айтады. Өйткені, осы уақыттың шеңберінде жер бетінде био-физика-химия-механикалық байланыстардың нәтижесінде әр-түрлі бірінің үстінде бірі орналасқан страталар (қабықтар) пайда болды. Бұл пікірмен келісуге болады.
Бүгінгі таңдағы белгілі ең соңғы қозғалыс формасы – ол әлеуметтік Оның ерекшелігі – аамдардың саналы өмірінде, олар өз алдына неше-түрлі мақсат қойып, бір-бірімен бірігіп, жағалай ортаны өз ойына сай етіп өзгертуінде.
Тарихи, қозғалыстың жоғары формалары төмендегілердің негізінде пайда болады. Химиялық жер бетіндегі үрдістер физикалық қозғалыстың негізінде пайда болды. Ол дами келе тіршіліктің дүниеге келуіне себеп болды. Әлеуметтік қозғалыс формасының дүниеге келуі жер бетіндегі басқа тіршіліксіз мүмкін емес еді.
Сонымен қатар, жоғары қозғалыс формасын төменгі арқылы түсінуге мүмкін емес – ол өз заңдылықтарының негізінде өмір сүреді. Бірақ, төменгі формалар оның ішінде бағынышты түрде сақталып қала береді. Оны көрсететін ең айқын мысалдардың бірі – адам өмірі. Көркемдеп айтсақ, адам - қоғамның атомы. Ол саналы түрде өмір сүреді, оның жан-дүниесі, руханияты бар. Ол өзінің алдына неше-түрлі мақсаттар қойып, оларға жетуге тырысады, ішкі табиғи дарындарын сыртқа шығарып, талантқа айналдырады.
Сонымен қатар, ол – биологиялық пәнде, оның басқа тіршіліктер сияқты дене қажеттіктері бар. Оның бауырында өте күрделі химиялық үрдістер үне бойы жүріп жатады, адам басқа заттар мен құбылыстар сияқты кеңістікте орын ауыстырады, оның денесінен неше-түрлі физикалық өрістер өтуде т.с.с. Бірақ, бұл үрдістердің бәрі де әлеуметтік қозғалыс формасына тәуелді болып өмір сүреді. Егер де біз адамды оның биологиялық табиғатына теңесек, онда нәсілшілдік, әлеуметтік дарвинизм, ломброзиандық т.с.с. сияқты кертартпа көзқарастарға тап болар едік.