Лекция 10 Тақырыбы: Ас қорыту жүйесіне басымырақ әсер ететін улы өсімдіктер
Кекіре – Горчак – Polygonum persicaria L., Қалың жапырақты сабағының биіктігі 30-50 см-дей болатын көп жылдық өсімдік. Сабағының және оның бұтақтарының жұмыртқа тәрізді басы бар. Гүлдері қызғылт түсті, шеткілері жыныссыз, ал ортасындағылары қосжынысты болып келеді.
Жайылымда, шабындықта кездесетін өте зиянды арам шөп. Әсіресе бүршіктенген, гүлденген кезінде; құрғақшылық жылдары улылығы күштірек болады. Шөпті кептіргенде де улылығы азаймайды. Бір ерекшелігі ірі қара малы уланбайды, ал жылқылар үшін өте қауіпті. Олар ол шөпті жайылымда жемейді, көбінесе қолда 21 сурет Кекіре тұрғанда рационның құрамында кекіре 3-5 %болса улану пайда болады.
У лы заты анықталмаған. Қалай болғанда да ол зат жүйке жүйесіне, ас қорыту жүйесінің кілегей қабықтарына әсер етеді. Жүйке жүйесінің вегетативті бөлігіне әсер еткенде бастапқыда ішектердің жирылуы күшейеді, артынан әлсірейді. Тамыр соғысы жиілеп, оның ырғақтығы бұзылады. Көздің қарашығы ұлғаяды, зәр сирек бөлінеді.
Өлексені тексергенде терінің шелі қатпарланған, сарғыш түсті. Асқазанның, ішектердің кілегей қабықтары ісінген, қанталаған. Паренхиматозды ағзаларда да сондай өзгерістер байқалады. Бауырдың, бүйректердің лимфа бездері ылғалды, көлемдері ұлғайған. Өкпелерде аспирациялық қабынудың белгілері. Қан тамырлары қанға толған. Бас мида қанның шоғырланғаны байқалады.
Алғашқы клиникалық белгілері кекірені жегеннен кейін 3-4 күннен кейін ғана біліне бастайды. Мал тынышсызданады, қозады. Бұлшық еттері дірілдеп-қалшылдап, өзін-өзі тістелейді, тоқтаусыз алға қарай ұмтылады. Дене қызуы аздап көтеріледі. Кілегей қабықтары сарғаяды, кей жерлеріне қан құйылады. Жүректің қызметі бұзылады, дем алысы қиындайды. Ішектердің жирылуы үдей түседі. Мойынның, алдыңғы аяяқтардың бұлшық еттері тартылып, қатты жирылады. Кейде уланған малдың басы ісіп кетеді. Бұлшық еттердің клоникалық тартылуы барлық денеге тарайды. Малдың су ішуі, азықты шайнауы қиындайды. Уланудың 5-күні ішектердің жирылуы тоқтайды, аяқтары ісінеді. Ісік суық, басқанда ауырсынғандық білінеді.
Несеп сарғыш-жасыл түсті, мөлдір; құрамында билирубин, уробилин, индикан анықталады. Шайқағанда сары түсті көпіршік пайда болады. Қанның сары суында да билирубин анықталады. Жылқылардың астыңғы ерні салбылап, жиі-жиі тартыла береді. Үнемі жартылай ашық тұратын ауыз қуысынан созылмалы сілекей ағып тұрады.
Ауру кейде 10-14 күнге дейін созылады. Уланған малға уақытында дұрыс көмек көрсетілмегенде олардың 75-90 %-ы өлім-жітімге ұшырайды.
Улануды анықтау үшін малдың рационының құрамына ботаникалық анализ жасайды және уланудың негізгі клиникалық белгілеріне сүйенеді.
Саралау. Улануды індетті энцефаломиелит және ревматикалық пододерматит ауруларынан ажырата білу керек. Бұл жерде анамнез үлкен роль атқарады.
Емі. Уланған малға суды ішкенінше береді. Ашықтыру диетасын тағайындайды. Асқазанды 3 % -ды соданың ерітіндісімен жуады. 2 %-ды ихтиол ерітіндісімен мол етіп клизма қояды. Ауыз қуысы арқылы көп мөлшерде сүт, 500 г магний сульфатын, 10 г ихтиол ерітінділерін береді. Бастапқыда 0,05 % бромды ареколин ерітіндісін терінің астына жіберуге болады. Венаның ішіне глюкоза, гексаметилентетрамин ерітінділерін жібереді. Жүректің қызметін жақсартатын дәрілік заттарды қолданады. Уланған жылқыға жаңа сауылған сиыр сүтін 2-4 л мөлшерінде береді де, оны терлетіп, артынан жылылап орап тастайды.
Сақтандыру шараларына егіндікті, жайылымды, шөпті кекіреден тазарту; жалпы арам шөпке қарсы жоспарлы жұмысты ұйымдастыру мәселелері жатады. Мүмкіншілігінше құрамында кекіресі бар шөпті жылқыға бермеген дұрыс.