Қауашақ – Куколь – Agrostemma githago L. Сабағы сирек тармақталған, түкті, биіктігі 30-60 см-дей болатын бір жылдық өсімдік. Жапырақтары үшкір, қарама-қарсы орналасқан. Басында ұзын гүлсабағы бар ірі, шымқай қызыл түсті гүлі бар. Сыртында ұсақ бүртіктері бар, дөңгелек, сыртында қара түсті қабығы бар тұқымы ерекшеленеді. Барлық жерде, әсіресе егіндіктің арасында кездесетін арам шөп. Улы заты – сапонин гитагин және агростемм қышқылы. Олар өсімдіктің барлық бөліктерінде де кездеседі, әсіресе тұқымында көбірек болады. Қауашақтың уының қан түйіршіктерін ыдыратып, ерітетін қасиеті бар.
Уланған малдың қанында эритроциттер мен лейкоциттердің үштен бір бөлігіне дейінгі мөлшерінің азаятындығы байқалады. Кілегей қабықтардың нерв талшықтарын тікелей тітіркендіреді және қан арқылы жалпы организмге әсер етеді. Сапонин жарақаттанған кілегей қабық арқылы және ауру малдардың организмінде жылдам тарайды. Қалыпты жағдайда мал қауашақтың тамырын жемейді. Улану малдарды қауашақтың тұқымы аралас жеммен азықтандырғанда кездеседі. Жылқы, ірі қара, шошқа, құстар жиі уланады. Ал қойлар үшін онша қауіті емес.
Қауашақ тұқымының малдардың 1 кг салмағына есептегенде 5 г бұзауды, 2 г шошқаны, ал 2,5 г құстарды өлтіретін көрінеді. Ал малдар оны аздап ұзақ уақыт қабылдағанда улану байқалмайды. Өсімдіктің улылығы метеорологиялық жағдайға, топырақтың құрамына, сақтау технологиясына, малдың ас қорыту жүйесінің кілегей қабығының жағдайына тікелей байланысты болады. Әрбір малдың сезімталдығы да әртүрлі болып келеді.
Өлексені сойып тексергенде өңештің және кеуденің тұсында тері асты шелі қанталаған. Өңештің кілегей қабығы ісінген, қанталаған. Құстардың жемсауының кілегей қабығы құрғақ, кей жерлері өлі еттенген, күлді-сұрғылт түсті; етті қарны мен ішектерінің кілегей қабықтары ісінген, қанталаған. Жүрек еті болбыр, бауыр жұмсақ, балшық түстес. Қан ұйымаған, алқызыл түсті.
Мал қатты уланғанда клиникалық белгілері 1-2 сағаттан кейін, ал былайда 3-4 күннен кейін ғана біліне бастайды. Бастапқыда ауыз қуысынан сілекей аққаннан басқа көп белгілері білінбейді. Артынан барып ас қорыту жүйесінің кілегей қабығының қабынуының белгілері біліне бастайды: сілекей ағады, іші өтеді, шаншу құбылысы байқалады, малдың жұтынуы қиындайды, шошқалар құсады.
Жалпы белгілеріне жүректің қызметінің нашарлауы, тамырдың жиі және әлсіз соғуы, дем алысының жиілеуі, бүйектердің тұстарында ауырсынғандықтың байқалуы, уланған малдың әлсіреуін жатқызуға болады. Удың орталық жүйке жүйесіне әсерінен уланған мал жабырқаңқы, ұйқылы-ояу, бұлшық еттері дірілдеген, малдың қозғалысы мен сезімталдық реакциялары нашарлаған, бұлшық еттері тартылып, салданған.
Қатты уланған жағдайда мал көбінесе жата береді. Сыртқы ортаның әсеріне реакциясы төмендейді, азық қабылдамайды, тәлтіректеп әрең қозғалады, жиі-жиі қызыл түсті зәр бөледі. Көзге көрінетін кілегей қабықтары бастапқыда қызарады, артынан сарғаяды. Жүрек түрткісі күшті білінеді, тамыр соғысы әлсіз. Дене қызуы көтеріледі. Уланудың жіті түрінде уланған мал 1-3 күннің ішінде өліп кетуі мүмкін. Ал уланудың созылмалы түрі өте жай жазылады.
Құстардың кілегей қабықтары, терісі сарғайған. Мойнын созып, басын шайқай береді. Өңештің тұсында ауырсынғандық байқалады. Сілекей ағады, кейде құлайды немесе қимылсыз бір орнында отыра береді. Ас қорыту ағзаларының қабыну белгілері анықталады.
Емі. Ас қорыту жүйесін жуу әдісін қолданады. Құстыратын, іш өткізетін дәрілік заттарды береді. Сіңіргіш кілегейлі тұнбаларды қолдануға болады. Жүректің жұмысын жақсартатын препараттарды қолданады. Венаға 40 %-ды глюкоза ерітіндісін жібереді. Уланудың клиникалық белгілеріне қарсы күресу керек.
Сақтандыру шаралары. Қауашақтың жалпы малдың азығына араласпауын қатты қадағалау керек. Егер ондай жағдай бола қалса, онда азықты 50 градусқа дейін қыздырғанда қауашақтың улылығының жойылатынын ескерген дұрыс. Қауашақпен көп ластанған жемді тұз қышқылының әлсіз ерітіндісімен ылғалдау керек. Тұз қышқылы сапонинді ыдырататын қасиеті бар. Олай болса осы әдіс арқылы жемді усыздандыруға болады. Мысалы, ылғалданған жемнің 20 сағатта улылығы 70 %-ға азаятын көрінеді.