Қорытынды
ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи дәуір қазақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани өмір тынысына елеулі ізін қалдырды. Бұл әрине, осы дәуірде өмір сүрген Абай мен Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп шығармашылықтарына да қатты әсер етті. Олардың осы кезеңдегі тұтынған заттары мен алған рухани білімдері де ортақ еді. Сондықтан да, Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының тілін Дулат Абай мен Шәкәрім тілінен тыс зерттей алмаймыз. Абай мен Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерінде аталатын ескіліктер қолданылуы мен мақсаты жағынан әр тарап және әр түрлі болып келеді. Абайды аға деп, Шәкәрімді түйдей құрдасым деген М-Ж. Көпеев олармен әр уақытта шығармашылық байланыс жасап, өлеңдерін, қисса-дастандарын оқып, тың ойлар, өзгеше жаңалықтары болса үйреніп отырғандығы байқалады. Сондықтан да, бұл төртеуінің шығармаларының идеясы бір ыңғайда, бір бағытта дамығандығы көрініп тұрады. Бұл – олардың алған білім көздерінің бастау бұлақтары да бір екендігін көрсетеді. Бұл туралы диссертацияда айтылды да. Біздің байқағанымыз, қазақтың заттық, рухани, халық метрологиясына байланысты аталымдар, мифологиялық лексикалар төртеуінде де бір қарағанда ұқсас келгенімен өз ішінде, мазмұны мен мәні, бірлігі мен құрылымы жағынан әр түрге бөлініп жатады.
Қазақтың этномәдени сөздерін шығармаларында өте ұтымды қолданғандарын анық байқауға болады. Олар әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге байланысты болып келеді. Атап айтсақ, қазақтың тұтынған ескіліктерінің бірі – ұмыт болған киім-кешек атаулары, ұлттық өнеріне қатысты бұйымдар: ат-әбзелдері, зергерлік заттары, киіз үйдің сүйектері, үй жабдықтары: ыдыс-аяқтары, ас сақтайтын ыдыстары, тағам атаулары, қару-жарақ түрлері т.б. толып жатқан этномәдени лексикасы жан-жақты сөз болады. Осы тұрғыдан келгенде, рухани байлығы болып табылатын: жас баланың дүниеге келуі шілдехана, сүндет тойы, ашамайға отыруы, тоқым қағары, үйленуі; отбасылық мейрам мен халықтық мейрамы, ең соңында өлік жөнелтуіне қатысты терминдер мен, жекелей аталымдардың этимологиясы, этнографиялық жағы, түркі тілінде бар сөздермен салыстырыла, ішкі құрылымы (фонетикалық, морфологиялық) түзілісі де сарапқа, таразыға салынып, шыққан негізі осы болар-ау деген болжамның ең ықтимал варианты беріліп, жете зерттелді деп айта аламыз. Төртеуін де қазақ халқының ауыр халі бей-жай қалтыра алмаған. Абай Құнанбаев «Ескілік киімі» – деген өлеңінде қазақтың байырғы киімдерін бас-басына атап, қазақтың үстіне шекпен жауып, ұлттық идеяны қолдайды. Абай бай мен кедейдің ауыр тұрмысын жырлаған сияқты болғанымен қазақтың жоғалып бара жатқан ұлттық тұрмыс-салтына жаны ашиды, соны қолдайды. Мұндай өлеңдер Шәкәрім мен Мәшһүр-Жүсіп шығармаларында ұшырасады. Абай мен Шәкәрім орыс оқуын жақтап, қазақ халқын тығырықтан алып шығатын оқу, ғылым, білім деп насихаттайды. Мәшһүр-Жүсіп шығармалырында да орыс халқымен тату-тәтті өмір сүру идеясы айтылады. Бірақ, М-Ж. Көпеев 1905 жылғы «қанды жексенбіден» кейінгі оқиғадан жаны түршігеді. Орыс империясының манифесі кезекті арандату екендігін қатты сынайды. М-Ж. Көпеев пен Шәкәрім бір дәуірді Абай сынды ғұламамен бастап, екінші ғасырды төңкеріспен бастайды. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп ауыз әдебиетінен мейлінше сусындап, шығармаларына арқау етеді. Оларға Шығыс, Батыс мәдениеті де үлкен ықпал етіп, жан-жақты білім алуларына жол ашады. Мәшһүр-Жүсіптің толысып, жан-жақты өсуіне: 1. Ауыз әдебиеті; 2. Ислам дәуір әдебиеті; 3. Шығыстың классикалық әдебиеті; 4. Қазақтың тарихи көркем әдебиетін жетілдіріп, жаңа поэзия үлгісін көтерген мазмұны мен мәні жағынан сапалы қасиетке ие болған ақын-жыраулар мұралары; 5. Орыс (еуропа) мәдениет үлгісі зор әсер еткендігі анықталды. Мәдениет әрқашан да тіл арқылы көрінетіні белгілі. Олай болса, Мәшһүр-Жүсіп шығармаларында сол дәуірдің тілін қамтыған заттық айғақ боларлықтай тұрмыстық, әдет-ғұрыптық сөздер тобы толып жатыр. Олардың өзі әр тарап болып келеді. Бірі – адамның өмірге келген дүниесін (шілдехана, бесік той, сүндет той), екіншісі – қыз ұзату, қалың мал, жасау, сеп, жыртыс, сәукеле кигізу, қынаменде, қыз ойнақ, бастанғы т.б. үшінші – өлік жөнелту: қара тігу, хан талапай, тұл, ту қандау, ас, қырқы, т.б. төртінші – тұрмысқа байланысты мәдениет: ерулік, ереу, көкпар, құн, тоғыз, қарабауыр, күндебау т.б. осы айтылғандардың этнографиялық көріністері ғана талданып қоймай, этимологиясы да зерттеліп, сол сөздердің ту бастағы түбір тұлғасы, о бастағы мағынасы қалыпқа келтірілді. Айталық, тұл > тұлып > тұлым > талақ > жетім > олжа > тұл бойы > тал бойы > тұлға т.б. Көк > көң > көй > көнек > көйлек. Құн > қан. Өр > орау > жөргек > жөргем. Жар >жам > ям > ямшик > жәмшік > жәшік. Көкпар > көкбөрі. Бөлтірік > бөрі. Тәңір > таң + іңір. А > ұм > ұма > ұмай. Ауыз > ауыздық. Өм > ем > өм > омырау> өмілдірік. Көз > көзілдірік. Иек > жүген. Тізе > тізгін. Үзеңгі > үзік. Кісен > кісе > кісі. Шілде > қырық > хана (шілдехана) т.б. Календарлық мейрамдар, халық метрологиясы халықтың өз ішінде бар сөздермен салыстырылып о бастағы семантикалық мағыналары ашылды. Ұлттық киімдер: бас киім атаулары, сыртқы киім атаулары, аяқ киім атаулары толып жатқан сөздер өзінің бастапқы мағынасына ие болды. Киіз үй жабдықтары, үй – тұрмыстық атаулар , зергерлік бұйымдар, қару-жарақ атаулары зерттеліп, этимологиясы ашылды. Мәшһүр-Жүсіп шығармалары арқылы қазақ елінің бір ғасырдағы тіпті, одан да арғы мәдениеті зерттеліп, сол кездегі тілдік құбылыстардың даму тенденциясын салыстыра зерттеу, алғашқы рет кешенді түрде қолға алынды. Әрине, күллі этномәдени лексиканы бір монографияның көлемінде алып зерттеу мүмкін еместігі байқалды. Сондықтан да, біз анағұрлым ұтқыр, анағұрлым қызықты тілдік материалдарды іріктеп, сұрыптап, бір жүйеге түсіріп беріп, ұсынуды жөн көрдік.
Достарыңызбен бөлісу: |