Сұйық аммиакты тыңайтқыштарды қолдану. Сұйық азот тыңайтқыштарын арнаулы машиналармен ауыр топырақтарда 10-12 см, ал жеңіл топырақтарда 14-18 см тереңдіктерде жүргізу керек. Мұндай жолмен енгізілген тыңайтқыштар ұшып кетпейді. Аммиактың көп жоғалуы карбонатты топырақтарда байқалады. Сұйық азот тыңайтқыштарын топырақ бетіне енгізуге ешқашан да болмайды, өйткені аммиак тез ұшып кетеді.
Сұйық азот тыңайтқыштарын негізгі тыңайту ретінде барлық ауыл шаруашылығы дақылдарына қолданады. Оларды көктемде және күзде енгізуге болады. Бірақ жеңіл құм және құмдақ топырақтарға жоғары нормаларын күзде бергенде, аммиак көп жоғалады, өйткені оның бір бөлігі топырақта онша көп сіңірілмейді.
Сұйық азот тыңайтқыштарын үстеп қоректендіру үшін да отамалы дақылдарға қатараралықтарын өңдегенде қолдануға болады. Ол үшін тыңайтқыштарды қатараралықтарының ортасына немесе қатарларынан 15-20 см-ге аулақ енгізеді.