СабырбаеваР.Қ. қазақ әдебиеті кафедрасының доцент м а., ф.ғ. к



бет34/62
Дата22.12.2021
өлшемі2,2 Mb.
#980
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   62
Дәрістің жоспары:

  1. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаяны.

  2. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары.

  3. Шәкәрім шығармаларының тағылымдық, тәрбиелік мәні.

  4. Шәкәрім әндері.

  5. Шәкәрім құдайбердіұлы философиялық көзқарасы.

Шәкәрім – қазақ әдебиетінің класигі, ұлы гуманист, кеменгер, ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі. Туған жері  қазіргі Шығыс Қазақстан облысының, Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11жұлдызында дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күңкеден туған. Абай екеуінің әкесі бір, шешелері бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді. 

Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсірді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім“ деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез есін жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытты.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алды, «молда сабағынан» басқа орысша үйренді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер  етті . Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсті. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

Шәкәрім 1905-1906 жылдары хажыға сапар жасап оралады. Бұл сапарды ол көптен ойлап жүрген мақсаттарының бірі – Стамбул кітапханалардағы асыл мұраларды оқуға, тарих тереңіне үңілуге пайдаланған. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, табиғатқа, сан-сала құбылыс-көріністерге, дінге көзқарасында кейбір қайшылықтар, жеке үстірттіктер, түсінбеушіліктер кездескенмен, ол ешқашан дінге берілген фанатик, өмір қуаныш-рахатынан аулақ болуды уағыздаған тақуа, бәрін жоққа шығаратын нигилист, торығатын спектик, көзқараста идеалист, өмір бағытынта реакционер болған емес. Оның көптеген шығармаларының мазмұны айқындағандай, дүниеге көзқарасында Шәкәрім көбіне рационализмге, денизмге бейім. Бұл философиялық бағыт бойынша дүниені жаратушы бір күш бар дегенді мойындаушылық, оның дәлелі – табиғатың, жаратылыстың келісті жарасымдылығы, жүйелі тынысы мен үнемі қозғалысы: өмірде ақиқат, шындық, білім-ғылым, ақыл мен сезім дамуы арқылы іске асады да дүние ісіне құдай араласпайды, адамның болмысты танып білу мен адам өзін-өзі жетілдіру мүмкіншіліктерінде шек жоқ. Қазақтың ағартушы – демократтары  да көбіне осы дүниетанымды, көзқарастарды жақтағаны белгілі. Шәкәрім де солардың ізінде болды.

Шәкәрім-пәлсапалық өлең-поэмаларымен елге танымал болды. Ол өленді өнер деп танып, оған биік талап, талғаммен қараған. «Арман», «Жастарға», «Қазақ айнасы», және т.б өлеңдерінде, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-кебек», «Нартай лақ пен Айсулу» поэмаларында, «Бәйшешек бақшасы», «Өзімшілдік» сынды прозалық туындыларында адамның өмірімен, еңбегі, тағдыры, талап, тілектері терең танылады.

Ол Абай дәуірінен бастау алатын ХХ ғасырдың басында кең арнаға түсіп, дамыған демократиялық идеяларды, халықтың азаттығын ту ғып ұстап, ғылым мен техника жетістіктерін игеріп еркін дамуын ансаған қоғамдық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі. Шәкәрімнің гуманистік, адамгершілік идеяларын-адал еңбекті, әділеттілікті, мейірімділікті жақтауы, зорлық-зомбылықты, қиянатшылдықты әшкерелеуі прогресшіл, жаңашыл қоғамдық күштердің озат ой-санасының жарқын көрінісі болғаны және халықтың түпкі түбегейлі арман-мүделерін терең түсінуден туғаны анық. Шәкәрімнің дүниетанымы, қоғамдық ой-пікірлері, философиялық, эстетиялық көз қарастары Х1Х ғасырдың екінші жартысында негізінен қалыптасты. ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетпен мәдениет қайраткерлері ішінде Шәкәрім ойшыл, ақын-жазушы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылған, Абай заманына өзгелерден бір табан жақын тұрған, екі ғасыр арасын жалғастырушы ірі тұлға болды.

Шәкәрімнің қайталанбас өзіндік ақындық тұлғасын танытатын сипат-қасиеттер лирикасына тән нақыл насихатшылдық, фәлсапашылдық, поэмаларындағы дастаншылдық дәстүр, шығыс ақындарының көркемдік үлгі өрнектерін қызықтауы, орыс әдебиетінің сюжеттеріне бой ұруда, шежірешілдегі-бәрі де өз заманың тілек–талаптарына сәйкес қалыптасқан. Шәкәрімнің ақындық әлемі бай, көп қырлы, тақырыбы, жанрлық түрлері жағынан да сан алуан. Ақынның «Еңлік-кебек», «Қалкаман-Мамыр» сияқты дастандарынан халық өмірін терең білетін, сан ғасырлық халық поэзиясының, сөз өнерінің бай дәстүрлерін, бейнелеу тәсілдерін еркін игергенін айқын аңғарсақ, фәлсапалық лирикасына өте күрделі философиялық ойларды әсерлі жеткізудегі ақындық шеберлігін, жаңашылдығын сезініп тәнті боламыз. Шәкәрімнің өлендеріне шығарған әндерінен, үздік композиторлық дарынынан да анық танылады. Бұл жағынаналғанда Шәкәрім қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзі әдебиетінде өте сирек құбылыс дей аламыз. «Жастарға» атты 1879 жылы жазылған өлеңінде:

 

         Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,



    Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

    Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

  Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді олай болса, кімді алалық,

     Қазақта қай жақсы бар, көз саларлық.

        Шын іздесек – табармыз шыны ғылым!

Жалыналық Абайға, жүр, баралық.

Шәкәрім жастардың өмірлік мақсаты тұралы айта отырып, өзінің өнерпаздық бағытында айқындайды «Қазақта қай жақсы бар сөз саларлық?» деген сауал қойып, кім болса да үлгі аларлық «білімді, данышпан», шынайы ғылым Абай дейді. Өлеңнің негізгі идеясы-жастарды Абайдың жолымен жүруге шақыру. Абайдың арман-мұратын білім, ғылым үйренуді, адал еңбек етуді, адамгершілікті, әділдікті ту етіп көтеру, надандыққа, ала ауыздыққ қарап күресу.

Шәкәрім өзіне Абайдың шыншыл сөздері қатты әсер еткенін тебірене атады. Абайдың салған ізімен жүру бірден-бір дұрыс деген шешімге келеді.

Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көніл күйі, ішкі сезім әсерлері, махабббат тақырыбы да елеулі орын алған. Алайда, Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сары күшті.Шәкәрімнің ойшылдығының, ақылдығына тән фәлсапашылдығының сыры неде десек, бұл алдымен, әрине оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы-жыраулармен қатар арғы-бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және батыс ақындарының шығармаларының өте жақсы білген.

Тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түріктану салаларындағы түрік тілдегі, орыс тілдегі, араб тіліндегі ғылым еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, жан-жақты, энциклопедиялық білімі бар ғұлама оқымысты дана адам болған.

Шәкәрім қазақ поэмасында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық тапты. Ойшыл ақын адамның ақыл парасатына  айрықша зор мән береді.Ол адамның сезу, сезіну, дүние болмысты, өмір құбылыстарын сезім арқылы қабылдау, жерленгіштік қабілеті мен не нәрсенің болсың ішкі сырын, көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін нәрселердін арасын ажыратып,болмыстын, дүниетану мен моральдың негізі ақыл деп санайды. Ақыл, парасатты, ақыл қандай да нәрсені, құбылысты дүрыс түсініп бағалауға, ақ-қараны айыра білуге мүмкіндік береді, сондықтан «ақылмен сыналмаған іс бұлдырлау» деп түсіндейді.

«Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр». Деген өленінде Шәкәрім сол нұрды, ақылдың керемет күш-қуатын адам жақсы іске ғана емес, сонымен қатар күн көріс үшін, пайда үшін зұлындық пен айла жасауға да жұмсап түр дейді. Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім бар жерде ғана таза ақыл болады яғни адал ниетпен ақылға билетіп, ешкімге қиянат қылмай істелген іс адамды мұратқа жеткізеді деген ой-түйеді.

Дүниетанымның,ғылымның да негізгі тірегі–ақыл-ой, ойлау қабілетінің қуаттылығы, ой-тұжырымдарының логикалық қисындылығы деп санайды. Бар ғылымның түп атасы-таза ақыл мен ойлау.

Шәкәрім ойлау, ойлану деген ұғымға үлкен мән береді, оны өмір- болмыстын, дүниенің ғажап сырларына терең бойлау, не нәрсені болсын  ақылмен  сынап, ұғып-түсіну мағынасында алып қарайды.

Шәкәрімнің дүниенің, жаратылыстың қозғаушы күші, адам өмірінің, тіршіліктін мәні мен сыры, жан мен тән секілді мәселерді ғылыми ұғым-түсініктермен ұштастыра толғайтын философиялық өлендерді өз алдына бір тақыырыптық арна болып қлыптасты.

Акынның діншілдігі, жаратушы Аллаға сенімі оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік- біртұтастықты танытады.Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім  жаратса –Тәнірі сол» дейді.

Тәніріні іздеу, жаратқан Аллаға сену-ақиқатты іздеу, адалдыққа ақылмен жету деп түсінеді.

Ақынның ойшылдығың оның дүние-болмыстың терең сырларын тауып-білуге құмарлығын, мысалы, дүние қалай жаралған деген мәселеге айрықша көніл қойып, тиянақты жауап іздеп, сол арқылы «ен түпкі жаратушы-мінсіз Ие» деп  түйіндеуінен айқын аңғара аламыз.

«Тау бойындағы ой» деген өлеңінде дөнгеленген жердің күнді айналып жүретіні көзбен көру арқылы емес, ойлау, топшылау арқылы анықталған дегені айтады:

Шыққаным Шыңғыстағы бір биік тау,

Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау!

Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,

Күн кеткен соң, түн келді қараңғылау!

 «Ей, жастар, қалай дейсің бұл дұние ?»   деген басқа да өлеңінде Шәкәрім дүниеде  таңғаларлық нәрсе өте көп, алайда бәрінде де заңдылық , қисын бар деген пікір айта келіп, «себебі толымдының ісі толық» дейді. Яғни, бұдан дүниенің кереметтігі шексіз болса, жаратушының кұдіреті де шексіз деген мағына туады:

Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?

Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?

Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,

Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?

  Шәкәрімнің философиялық өлендері ой терендегі, пікір соңылығымен танымдық және моральдық адамгершілік мәселелерін ұштастыра білумен оқымысты ақынның өнерпаздық тұлғасыңа сай интеллектуалдық сипат алған.

Адамдардың қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын, жеке адамның  мінезін, іс-әрекетін бағалағанда да Шәкәрім ақыл-ой талабын, ақыл- парасаттылықты қаңдай да іс-әрекетті ақылмен сынауды басты принцип етіп қояды. Ол әр адамның ісіне өзі сын көзімен қарап, биік талап қоя білуі, қиыншылыққа төзіп, табандылық, қажырлылық танытуы қажет екенін баса айтады.

Өмірдің өкініші аз болмайтынын айта отырып, ақыл- парасаттылық,ой тазалығы адамның уайым-қайғыға бой алдырмай, саналы қылық қылуына басшы болады деп  пайымдайды ақын.

«Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл»,- дей отырып, әр адам өз қабілетін дұрыс бағалай біліп, өзінің қолынан келетін істі атқаруға ұмтылуы қажет екенін, өмірдегі нақтылы жағдайды, мүмкіндікті айқын түсіне біліп, соған орай әрекет қылғанда ғана адам сәтсіздікке ұшырамайтынын мейлінше дәлелді етіп көрсетеді.Адам өзіне сыншы болып, өмірге саналы көзбен қарауға үйренсе, әр нәрсенің себеп- салдарын анық танып, біле алады, сонда ол өз ісінің сәтсіздігін өзгеден көрмей, нақтылы жағдайды дүрыс бағалап, содан өзіне сабақ алады деген үлкен ғибараттылық  мәні бар түйінді ой қорытады.

Қазақ қоғамындағы, жағдайды, әлеуметтік ортаны, әр түрлі топты өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін жан-жақты барлап, терең түсінген шығармаларында шынайы бейнелеп берген Шәкәрім халықты ескілік шырмауынан шығарып, өркениетке бастайтын бірден-бір өнімді сара жол өнер-білімге қол жеткізу, ғылым үйренуді керемет уағыздап, ғұлама ғалымдарды, ойшылдарды қастерлейді.

Ақын елді өнер-білім мен ғылымға жұмылдыруға кедергі болып отырған араздық, берекесіз талас-тартысты, керенаулықты сынға алады. Өнеріңді, ғылымды елге жай,«пайдалансын өзгелер», «сусағанның сусыны бол», өнер, білім, ғылымның жетістіктерін ел игілігіне жүмсауды талап етеді.

Өнер – білім, ғылым үйрену мәселесін ойшыл ақын халықтың мүддесімен, биік адамгершілік, әділеттілік, махаббат, адал еңбек ете білу, талаптылық, жігерлілік секілді қасиеттерді үлгі тұтады. Бұл қасиеттер мейірімділік, имандылық арқылы толысып, жетілетінін атап айтады.

Адамдық борышың

Халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

деген  сөздері Шәкәрімнің жоғарыда келтірген пікірлерімен тікелей жалғас, солардың қорытынды-түйіні деуге лайық.

Шәкәрімнің асқан ақындық шеберлігі оның өлең өрнегін түрлендіру өнегесінен айқын байқалады. Абай «Сегіз аяқ»  атты өлеңінде қазақ поэзиясына тыңнан қосқан өрнегі Шәкәрімнің назарынан тыс қалған жоқ. «Жастық туралы» өлеңінде Шәкәрім бұл өлең өрнегін  жеңіл, ойнақы ырғақпен айтуға лайықты келтірген.

Өлең сөздің қадыр-қасиетін, қоғам өміріндегі маңызын терең түсінген Шәкәрім ақындардың алдына қойылатын міндет қаншалықты зор екенін тебірене айтады. «Ескі ақындық» атты өлеңінде Шәкәрім бұрынғы жырау, жыршылардың, суырып салма ақындардың шеберлігін, өнерпаздық өнегесін аса жоғары бағалайды.

Шәкәрімнің адамгершілік идеялары, арман-мұраттары алуан түрлі адамдардың тағдырын бейнелейтін сюжетті дастандардынан мейлінше толық танылады. Қазақ өмірінен алынған нақтылы оқиғалар негізінде нағыз реалистік сипаттағы «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» секілді поэма жазуы-ақынның ұлттық әдебиетімізге қосқан үлкен үлесі екені даусыз. Осы поэмаларда баяндалып тұрған оқиғалар бір-екі ғасыр бұрын болса да, ақынның заманындағы қазақ өмірінде әлі де кеңінен орын алған типтік жай- жағдайлар болатын. Еңдеше, ақыңның «Еңлік-Кебек» поэмасы хақыңда бүл «ертегі емес, ертеде болған іс» деп атап көрсетуінің үлкен мәні бар. Шәкәрімнің суреткерлік шеберлігі сан-қилы кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекетін, көңіл-күйін, әсерлі бейнелеумен қатар, сол арқылы халықтың салт-санасын, әдет- ғұрпын, түрлі топ өкілдерінің психологиясын терен ашып көрсетуінен айқын аңғарылады. «Еңлік-Кебек», әсіресе, «Нартайлақ пен Айсулу» дастанынан бұларға қоса ақыннын елдің ертедегі тарихынан мол мағлұматы бар шежірешілдігін де байқаймыз.

«Еңлік-Кебек»-қазақ елінің қоғамдық өмірін, салт-санасын, әдет- ғұрпын, әр топтың өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін нақтылы сурет бейнелер арқылы шынайы, шебер баяндаған нағыз реалистік туынды. Ақын ескі әдет-ғұрыпты берік ұстаған ру намысын қорғаушылардың сүйіскен екі жастың адал махаббаттық сезімін аяққа басып, оларды аяусыз жазаға қиған қаталдығын толғана баяндай отырып, сол замандағы қоғамдық өмірдің шиеленіскен қайшылығын ашып көрсеткен.

Поэма тұңғыш рет 1912 жылы Семейде «Жәрдем» баспасында жарияланады. Шәкәрім поэмаға қысқаша кіріспе жазды. Қазақ даласында тайпалар мен ру басшыларының қақтығыстарының   қоғамға, әсіресе, жастарға зияны туралы  Шәкәрім   көп толғанғанда, сол қоғамдық кеселді, сұмдықты болдырмау жолын іздеген,тарих тағылымы арқылы ондай озбырлықтың қайталанбауын ел есіне салуды ойлады. Сөйтіп, ол адам тағдыры, адал махаббат жолындағы күрес, билеуші таптың  әділетсіз әрекетіне наразылық, бірін-бірі ұнатқан жастардың қайғылы өмірі туралы «Еңлік-Кебек» поэмасын жазды. Ескілік, рушылдық, әділетсіздік жайлаған  замаңның құрбаны болған екі жастын  қайғылы тағдырын баяндайтын «Еңлік-Кебек» поэмасы бұрын да бірнеше  рет жарияланған болатын. Алғашқы ңұсқасы «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз »  деген атпен «Дала уалаяты» газетінің  1892 жылғы 31-39  сандарында, 1900 ж. «Қазақтың тұрмысынан хикая» деген атпен  қайта басылады.

Кейбір адам, жер-су аттары ғана өзгеріске ұшырағаны болмаса, поэманың бүрынғы мазмұны, сюжеттік желісі сақталған.

Өмір шындығына өзінше айландыру мақсатында тыңнан табылған пішін, шындық арқауында шиеленісе  шиыршық атқан табиғи тартыс, осыларды көркем жинақтаудан туған ер идея, өршіл пафос, мінездері мінсіз жасалған дара, мүсіндері тастан қашалған кесек       кейіпкерлер Нысан, Абыз, Еңлік, Кебек, Есен, Еспембет, Жапал, т.б. осылардың  әрқайсысының кеудесінде ұшқын атып, жалын шашып тұрған шекспирлік құштарлық пен өшпенділік, бәрін қаусырып жатқан кемел парасат пен  кенен философия, осылардың өзін саф таза өнер биігіне көтеріп тұрған кенеулі ой мен келісті тіл.

Шәкәрім шығыс, орыс классиктерінің шығармаларын қазақша тәржімалауға көп қөңіл бөлді. Бұл тұста аударма деген сөзді кейбір шығармаларыңда шартты  мағынада қолдануға болатынын айтуға тиіспіз. Мысалы, «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны бүгінгі қалыптасқан мағынада аударма емес, Шығыс әдебиеттерінде кеңінен тараған нәзира дәстүрлі негізінде белгілі сюжетті өзінше баяндаған шығарма. Нәресте кезінен бір-біріне өліп-өшіп ғашық болған Ләйлә мен  Мәжнүннің махаббаты барған сайын күшейе түсіп, екі қыршын жастың мезгілсіз өмірмен  қоштасқанын баяндап шыққаннан соң поэманың соңында өз  көңіл күйін Мәжнүннің тағдырмен салыстыра бейнелеуі де назар аударарлық.

Шәкәрімнің қарасөз түріндегі шығармаларына келсек, ол қазақ әдебиетінде реалистік психологиялық прозаны қалыптастырып, дамытуға аянбай күш жұмсағанын атап айтуымыз қажет. Мұны «Әділ-Мария»  атты автор өзі «қайғылы роман»деп сипаттаған шығармасынан, сондағы сан түрлі адамдардың іс-әрекеттерін, көңіл қүйін, мінезін бейнелеуінен, сондай-ақ табиғатты, мысалы, Шыңғыстауды кеіптеу тәсілмен жан бітіргендей етіп суреттеуінен анық байқаймыз.

Шәкәрім Абайдың ақындық дәстүрлерін қоғамдық өмірдің ең маңызды мәселелерін қозғау жағынан, әсіресе, өнер-білімді, ғылымды уағыздау, надандықты, топастықты, әділетсіздік пен зұлымдықты әшкерлеу, шығыс, орыс әдебиетінінің таңдаулы нұсқаларын насихаттау жағынан ілгері дамытты. Сонымен қатар ол ақындығы, прозашылдығы, ойшылдығы-философиясы, дінге көзқарасы, суреткерлігі, көркемдік ойлау жүйесі, стилі, тіл бейнелілігі, өлен өрнектерін өзгеше түрлендіруі-қай жағынан алсақ та, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі бірден-бір жаңашыл ірі тұлға болды.

Шәкәрімнің атын атауға тыйым салынып, шығармалары көп жылдар бойы жабулы жатқаны, ақын туралы сол кезде айтылса, тек оғаш, кате пікірлер ғана айтылып келгені белгілі. Сонда да  Шәкәрімнің өлен-жырларын, дастандардын жаттап, жадында сақтап, айтып жүрген адамдар аз болған жоқ. Ал, Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылық мұралары, өлендері мен дастандары, көркем прозасы бірнеше зерттеу еңбектерде, диссертацияларда әр қырынан танылып, баяндалып, бағаланып келеді.

Қазіргі кезде бүгінге жазылған, жарияланған мақалдар мен зерттеулерді негізге ала отырып, ұлы ойшыл-ақынның мұрасын алдағы уақытта жан-жақты талдап, терендеп тексерудің зәрулігі талассыз. Қай ғылым саласы болсын, ізденіс, зерделеуге ынта- ықылас қүшейген сайын, мағлумат-деректер жинақталып, ой-пікірлер, түйін-тұжырымдар қорланып, ұғым-түсініктер, пайымдаулар терендей түскен сайын жана проблемалар туындайтыны, шешімін табуды тілейтін мәселелер көбейе түсетіні зандылық.

Ұлы ақынның туғанына 150 жыл толуына 4-5-ақ жылдай уақыт   қалғанын еске алсақ, шәкәрімтану саласының дәл осы тұста тың зерттеулер арқылы жаңа бір белеске көтерілуі қоғамдық сұраныска жауап болары күмәнсіз. Осы тұрғыдан қарасақ, алдағы зерттеулердің бағыт-бағдары қандай болмақ, қай мәселелерге көбірек назар аудару орынды және мәселені қай  қырынан тексеру ұтымды дегенді ойласу қажет. Шәкәрімнің шығармалары тарихи-әдеби процеспен,  қазақ қоғамындағы рухани өзгерістермен, ізденістермен, ұлттық ой-сананың өркендеуімен неғұрлым тығыз  байланыста қарастырылса, оның ақындық, ойшылдық тұлғасы соғұрлым ірілене түспек. Шәкәрім шығармаларының халықтық, ұлттық сипаты да, танымдық,  көркемдік  мәні де мейлінше айқын ашылмақ. Шәкәрімнің дүниетанымы, ойшылдығы, діни көзқарастары көбіне-көп әр еңбекте әр қырынан қарастырылатыны байқалады. Әдебиеттанушылар мен тарихшылар, философтар мен дінтану, педагогика   секілді ғылым салаларының мамандары бірігіп, авторлар тобы құралып, бірлесе зерттесе, ақын, ойшыл, гуманист Шәкәрімнің тұлғасын толық сипаттайтын біртұтас концепция — көзқарас жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік туар еді.

Ал, Шәкәрімнің ақындық әлемін зерттегенде поэтика, әдебиет теориясы  тұрғысынан қарастыру да маңызды болары талассыз. Бұл жағы әлі де жетімсіз. Сондай-ақ Шәкәрім шығармаларын эстетика, этика категориялары тұрғысынан пайымдау да ұтымды болмақ. Айталық, Шәкәрім творчествосы эстетиқалық идеал деген тақырыпты арнайы зерттеу арқылы ақын тұлғасын жаңа бір  қырынан кеңінен ашып көрсетуге мүмкіндік берер еді, Сондай-ақ, Шәкәрім шығармаларының тағылымдық, тәрбиелік мәнін зерделеу педагогика мамандарының үлесінде.

Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық азамат Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 1919 - 1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданды. Соның нәтижесінде, 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында, Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса, қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылды. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көрді. Бірақ, екі әннің де өлеңінің астына нота жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі, А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек - бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні,А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында, «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбердин - Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, - деп жазған.

Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық дүниетанымын, оның тарихи санасының қалыптасуы мен шығармашылық жолын зерттеу барысында, жан–жақты талдау қажет ететін бірнеше мәселелерді кездестіреміз. Солардың бірі рухани жолда өзіне ұстаз тұтқан орыс халқының ұлы ойшылы Л.Н. Толстой мен Шәкәрімнің арасындағы рухани жақындық туралы мәселе.

Сөз жоқ егер біз бұл ойшылдардың арасындағы рухани жақындық туралы ой қозғасақ ең алдымен оларға ортақ рухани жол, ілім ислам дінінің болғандығы шындық. Л.Н.Толстой мен Шәкәрімнің де адамгершілік қағидаларына ислам дінінің гуманистік идеялары ерекше әсерін тигізген. Оны ойшылдардың өздері талай айтып, жазып та кеткен.Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Бұл жерде әлем ойшылдарының арасында ислам дінін мойындап, оған ерекше құрметпен қараған ойшылдарды шығыс халықтарының арасынан іздемегеннің өзінде, батыста Гете, орыс халқында Пушкиннің ислам мәдениетіне деген көзқарасы қаншалықты болғаны белгілі. Бірақ Шәкәрім сияқты ойшыл дәл осылардың ішінде неге Толстойды өзіне ұстаз тұтып, оның көзқарастарын жоғары бағалады деген заңды сұрақ туындайды.Жалпы Толстой өз заманында қазақ ойшылдарына біршама әсер етіп, оның әңгімелерін Әлихан Бөкейханов («Бір уыс бидай»), т.б. жазушылар да аударып, ХХ ғасырдың басында "Қазақ” және басқада газеттерде жариялаған болатын."Адамның арына ең ауыр тиетін не нәрсе? Ірі шығармалар жазуға бет алдым, бұған қандай кеңес бересіз? Жазушы өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап түзеуге болады”– деген сұрақтарды Толстойға хат арқылы жіберген Шәкәрім оларға жауап та алған.Толстой: "Адам көпшілікке, жалпы қоғамға зиян келтіретін ақиқат істі біліп, соны үш нәрседен қорғанып, айтпай қалса, сол арға ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып, сол ақиқатты айтсаң байлығыңа зиян келсе, екінші, сен мансап иесі болып, сол ақиқатты айтсаң мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші сол ақиқатты айтсаң басың жазаланатын болса. Міне осы үш түрлі зардаптан қорғанып, көпке зиян келетін ақиқаты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы”– деп жауап қайырады.Екінші сұраққа, "Сенің жазған шығармаларың өзің сол оқиғаға қатысқандай шынайы болуы қажет”. Үшінші сұраққа, "Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді..."...Егер адам өз істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімі ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қортындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқаның мінін де көре алады. Сондықтан әділ сыншы – ақ жүрегің”– дейді .Толстойдан философиялық мәні терең осындай тағылым алған Шәкәрім өз шығармашылығында бұл қағидаларды берік ұстана білді. Оны игілікті ар жолында іске асырды. Үнемі терең тағылымнан қуат алып отырды. Шәкәрімді Толстойға жақындастыра түскен себептің бірі осы рухани қуат еді.Шәкәрімнің философиялық көзқарастарының ерекшелігі сонда, ол адамның ішкі рухани дүниесіне ерекше көңіл бөліп, қоғамдық процестерді адамдандыруға тырысты. Қоғамдық қатынастардан адамды іздеуге тырысты.




Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет