Одан кейінгі социалистік заман тұсындағы қазақ халқының тарихын бейнелейтін төрт романды жаңа жүйеге көшемін.
Өмір құбылыстарының, адамдардың тағдырының кеңінен қамтылуы жағынан «Абаймен» үндесіп жатады. Бірінші кітапта байдың қойын бағып жүрген жалшы бала төртінші кітапта аса ірі ғылым қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Жас жұмысшы-шахтер, аса ірі инженер-құрылысшы, академик атанады.
Бұл кейіпкерлердің тағдырлары арқылы қазақ социалистік ұлтының, қазақ халқының тарихи жолының қалыптасуына көсемдеріміз Ленин-Сталиннің сызып берген жолымен азиаттық орта ғасырдан коммунизмнің табалдырығын аттаған, бір ұрпақтың жарты ғасырлық немесе қырық жылдық өмірі қамтылады. Өз халқының ұлы ақыны, дана перзенті нақты көрінбегенімен, бірақ оның халқының ортасындағы өмірі өзі армандаған сөзі арқылы үнемі бірге жүреді. Кеңес дәуірін бейнелейтін төрт романның ішінде Абай дәуірінің біздің заманымыздағы тірі куәсі болып бұл күндері шау тартқан, бір кезде жаны жас бір кездегі Абайдың ең сүйікті жас досы, еркелетіп өсірген, тәрбие берген Дәрмен қатысады. Абай өлген кезде оның өлеңдерін аманатқа алған ол бұл жырды революцияға дейінгі қараңғылықтан алып шығып, кеңес халқына жеткізеді. Оның бейнесі бірте бірте романнан романға ауысып, Сталиндік заманның даңқы мен жеңісінің ұлы жыршысына айналады.
Сонымен Ұлы Отан соғысынан кейінгі одақтас туысқан халықтардың бақыты мен айнымас достығын жыр еткен тоқсан жастағы Дәрмен образымен қазақ халқының жүз жылдық тарихын қамтитын соңғы романның соңғы сәттері аяқталады.
Абайдың әкесінің бұйрығымен түйенің өркешіне дарға асып өлтірген Қодардың өлімімен басталған өткен дәуір туралы романдар жүйесі Абайдың ақындық дәстүрін Дәрменнің аманатқа алуымен аяқталады (Кінәсіз дарға асылған Қодардың немересі). Ал романдардың екінші жүйесі барлық туысқан халықтардың өткен дәуірден ұмытылмай келген данышпан ұлдарының өлмес мұрасы сияқты Абай жырлаған мұқым халықтың бақыты туралы әнмен аяқталады, бұл жүз жылдық мерзімді қамтитын романдар жүйесі – халықтың аңсаған асыл мұратын туғызған және соның салтанатын жырлаған әні туралы болмақ.
Қазір романдардың бірінші жүйесінен екіншісіне өтетін көпір іспетті «Абай жолының» екінші кітабын жазу барысында мен болашақ романымның кейіпкерлеріне айналатын революцияның алғашқы күндерінен бастап біздің заманымызға дейінгі аралықта өмір сүретін үлкен тарихи жолды жүріп өткен, патриархалды-феодалдық дәстүрдегі даланың тағылығынан босанып шығып партия қайраткеріне, ғалым дәрежесіне жетіп, дәл бүгінгі біздің дәуіріміздегі тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдықты әшкерелейтін қазақ әйелінің образын дайындап жатырмын. Әрине, оның тағдыры Қазақстандағы аса ірі кезеңдік оқиғалармен қоса өрілетіні өзінен өзі белгілі. Біздің революциялық тарихымыздың қаһармандарының эпикалық шежіресіне шолу, творчестволық барлау ретінде әзірше тек қана осы әйелдің бейнесіне тоқталамын. Ал романның келесі жүйесінде бұл әйел образы өзге де әр түрлі жастағы кейіпкерлер мен әлеуметтік орталардағы оқиғаларға араласып отырады.