Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет242/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   238   239   240   241   242   243   244   245   ...   271
«Мақалада бұдан кейін: «Біз, керісінше, үнемі феодалдар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды көреміз»,– делінген. Бұл тұжырым мақаладағы: «М.Әуезов өзінің басты кейіпкері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында»,– дегенді дәлелдеу үшін келтірілген. Мақала бұл жерде де шындықты өрескел бұрмалаған. Абайдың жастық шағынан бастап есейгенге дейінгі өмірдегі жақын достарының барлығы, «Абай» романының екі кітабында және «Абай жолының» бірінші кітабында көрсетілгеніндей, Ербол, Баймағамбет, Базаралы, Дәркембай, Дәрмен және өзінің сүйікті әйелі, халықтан шыққан талантты әнші Айгерім де кедей отбасынан шыққандар».

«Казправда» (жалғасы): «Абайдың ұстазы әрі шабыттандырушысы ретінде, Абайдың өзі сынаған, реакцияшыл Дулат ақын суреттеледі. Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшыл-ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсы атты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі».

М.Әуезов (жалғасы): «Келесі абзацта, өзінің жосықсыздығы жөнінен сондай үрейлі, бірақ авторға қаратыла тағылған саяси айыптауы сондай қорқынышты: «Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшыл-ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсыатты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі,– деген жала жабады.

Осында келтірілгендердің ішіндегі жалғыз «жағымды кейіпкер» осы Тұраш. Иә, оның аты «Абай» романының екінші кітабінің 519 және 597-беттерінде (Қазмемкөркембаспасы, 1948) Айгерімнің емшектегі баласы ретінде аталып өткен. Сөзбе сөз алғанда: «Оңаша үйде ала көлеңке қоңыр кеш. Өзіне тиген жалғыздықты ырзалық рахатпен қабыл көрген Әйгерім сонша бір жақсы ән айтып жатыр. Әннің сылтауы бауырындағы кішкене баласы (Тұраш – бұл есім кейінгі басылымдарда сызылып қалған – Т.Ж.)» (519-бет) және 597-беттегі: «Абай Айгерімді алған жылдарда Ербол да өзінің Дәмелісімен үйленген болатын. Оның да (Тұрашпен жасты – деген сөз де кейінгі басылымда қысқартылған – Т.Ж.) Ысмағұлдай жас жеткіншек баласы бар»,– деп жазылған.

Әрине, тіпті бала да болса оның атын атамау керек еді, бірақ осыны негізге алып: «Халық жауы Тұрашты сүйсіне суреттейді»,– деп, екі жасар сәбидің аталып қана өтуі – тек Айгерімнің көңіл-күйін беруге байланысты алынған өмірбаяндық дерек қана екенін ескермей, авторға қарата шектен тыс, әділетсіз, жалған айып тағуға бола ма? «Казахстанская правда» газетіндегі мақала шықпай тұрып автор «Абай» романының екінші кітабынан Тұраштың атын сызып тастаған болатын».

«Казправда» (жалғасы): «М.Әуезов 20-жылдары «Абайдың ақындық мектебі» атты тұжырымдама ұсынған болатын, ал кейінгі жылдары оны негіздеуге барынша ынталана кірісті. Тарихи шындыққа қарсы келетін бұл концепция арқылы Абайдың ықпалын оның өзімен тікелей байланысы жоқ, халық мойындамаған ақындармен ғана шектеп қойған, олардың ішіне ұлтшыл буржуазия өкілдерін де қосқан, сөйтіп, Абайдың қазақ әдебиетінің тарихынан алатын орынын бұрмалаған. «Ақын аға» атты үшінші кітап осы тұжырымды қорытындалуға арналмақ екен».

М.Әуезов (жалғасы): «Бұдан кейін мақалада «Абайдың жалған ақындық мектебі» жөнінде Әуезовті айыптай келіп: «Ақын аға» атты үшінші кітап осы тұжырымды қорытындылауға арналмақ екен»,– деп дәлелдегенсиді. Бұл арада да «Казахстанская правда»: реакцияшыл, керітартпа Шұбар мен Көкбай сияқты ақындарды Абайдың өзі және оның халық арасынан шыққан достары сынаған «Абай жолы» романының бар екенін айтпайды. Сол романда Шұбар буржуазияшыл ұлтшыл, панисламист ретінде, ал Көкбай панисламист және орыс халқының дұшпаны ретінде әшкереленеді. Бұл мақалада: Абай мен қазақ халқының өсу жолына байланысты Әуезовтің олардың дұшпандық әрекеттерін бірте-бірте байыппен әшкерелегені туралы айтылмайды, сол үнсіздік арқылы автордың күрделі әрі байсалды көркем пайымдаулармен дамытыла суреттелген еңбегіне қара бояу жағып, бұрмалап, көлемді шығармасын байыппен аяқтауға бет алған жазушыны алдын-ала қасақана қаралауды, масқаралауды көздеген. Осы да жазушыға көрсетілген көмек пе? Кеңес әдебиетінің алдындағы, партияның әдебиет жөніндегі саясатының алдындағы жауапкершілігін аз да болса сезінетін адам мен баспасөз мекемесі осылай істей ме екен? Жоқ, кеңестік сынның міндеттерін ойлайтын сыншылар мен газеттер бұлай істемейді. Оның есесіне, бақас сыншы мен, өкінішке орай айтпаса болмайды, «Қазақ академиясының хабаршысындағы» және «Казахстанская правдадағы» (қазіргі жағдайға байланысты) сияқты көрсоқыр редакторлар ғана: қазіргі кездің өзінде кеңес одағының және кеңестен тыс елдердің жиырма екі тіліне аударылған және аударылып жатқан, сондай-ақ осы тілдердің барлығына Абайды – өзінің еңбекші халқының адал ұлы, әділет күрескері, орыс халқының досы, мәдениеттің жанашыры ретінде көрсеткен бірден-бір шығарманың шекесінен шертіп, авторын қорлауды мақсат еткендіктен де осылай істеп отыр».

«Казправда» (жалғасы): «М.Әуезов Абай араласқан озық ойлы орыс адамдарын бейнелеуде ашық бояуды аяп қалған. Олар сұрықсыз, ұлы орыс халқының үздік бейнесін бере алмаған. Жанды бейнелердің орынына үстірт, қауқарсыз сүлдердің иелері ғана суреттелген, олардың ауызына жалпылама ұрандар ғана салынған. Абайдың «орыс ғылымын» игерудегі алғашқы ұстаздары – Михайлов та сондай, Андреев те сондай.



Абайдың қоғамдық қайраткерлігі мен саяси шығармашылығы Ресейді Қазақстанға экономикалық және мәдени ықпалы қауырт және жемісті әсер еткен кезеңде қанатын қатайтты. Тарихи тұрғыдан алғанда заңды өркениетшіл мұндай үрдісті қазақ халқының сатқындары – мұсылманшыл шығысқа бет бұрған реакцияшыл байлар мен феодалдық элементтер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Олар Абайды өздерінің жағына шығаруға барынша ұмтылды, сөйтіп, оның беделін өздерінің арам ойларын жүзеге асыруға пайдаланбақ болды. Қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы оларға үзілді-кесілді қарсы тұрды. Өкінішке орай, романда оны қазақ қоғамының озық ойлы өкілі ретінде көрсететін Абайдың осы қыры ашылмаған. Сонымен қатар автор пантүркизм мен панисламизмнің реакциялық әрекетін әшкерелеуден бойын аулақ салған.

«Казправда» (жалғасы): «М.Әуезов тарихи жағдайларды суреттеуде дұрыс ұстаным таныта бермейді. Соның салдарынан феодалдық-рулық ескілікті әспеттеп, революцияға дейінгі қазақ ауылындағы таптық қайшылықтың тігісін жатқызып жібереді».

М.Әуезов (жалғасы): «Бұдан кейін мақалада: «Дала жыртқышының бірін – жігітек руының биі Бөжейді автор халық қамқоршысы ретінде бейнелейді»,– деп Бөжей үшін авторды кінәлайды. Дұрыс емес, мүлдем теріс тұжырым. Бөжей – шартты түрде, уақытша, қырдағы ең үлкен зорлық иесі Құнанбайдың өзіне қарсы күресіп жүрген кезінде – жағымды жағынан суреттеледі, ал Камшат қыздың өліміне себеп болған кезде, ол даладағы оқиғалар мен романдағы кейіпкерлердің іс-әрекетінің барлығы көз алдында өтіп жатқан жас Абайдың түсінігі арқылы әшкереленеді. Құнанбайдың бейнесіне жинақталған дала феодалының тағылық сыпаты соның дүниетанымы арқылы суреттеледі. Соған қарамастан, Әуезовті феодализмді әспеттегені үшін айыптаған мақалада, Абайдан кейінгі екінші басты кейіпкер болып табылатын Құнанбай туралы бір сөз айтпайды. Тарихи процесті диалектикалық негізде ашып берген романдағы терең шындықты айтудан жалтарып, талдаудан бас тартады. Ескі мен жаңаның арасындағы күресті диалектикалық танымның негізі етіп алып, феодализмді әшкерелеген романның маңызын танығысы келмейді. Жаңа заман – Абай, ескі заман – Құнанбай. Романның осындай әділетті әлеуметтік астарын, социалистік реализм әдісімен бейнеленген оның тарихи және көркемдік шындығын бұрмалауға мақаланың қандай қақысы бар еді?»

«Казправда» (жалғасы):«Абай» романының бірінші кітабына назар аударайық. Мұнда, қазақ ауылы –қатыгездікпен қаналған және бас еркі жоқ еңбекші халықтың ауылы кеңінен суреттелмеген. Оның есесіне ақсүйектер ашық бейнеленген. Автор олардың байлығы мен әшекейін, қыр қожайындарының тұрмысын бейнелей баяндауда бояуды барынша жұмсаған. Романдағы өткеннің көрікті көрінісін суреттеген мысалдың бірі мынадай:



«Абайға тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ. Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде барлық он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да, көлденең елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді. Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарын тегіс жібек орамалмен байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар тізіле жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды».

М.Әуезов (жалғасы): «Жас Абайдың Құнанбайға қарсылығының алғашқы көрінісін көрсету үшін Бөжейдің асы Абайға да, авторға да қажет болды. Мұндағы оқиғалардың барлығы Бөжей үшін емес, өзінің ойлаған ойын ересектердің ісінде жүзеге асыруы барысындағы Абайдың талабы мен мақсатты ұмтылысын көрсету үшін қажет болды. Сондықтан да астың өзін, даланың ауқатты адамдарының ермегіне айналған бәйгені, күресті, басқа да көңіл көтеретін қызықтарды суреттемей, оның орынына мешкей қонақтарды күткен әбігерінің бейнеленуін түсіну де қиын ба?».

«Казправда» (жалғасы): «Ескі ауылды суреттеген тұстарда феодалдық-байшыл ескілікті мұңая сағынған уайым сезімі билейді. Халықтың қарғысына ұшыраған заманды автор ашық уайыммен бейнелейді. Мұны дәлелдейтін суреттерді романның көптеген беттерінен кездестіруге болады. Міне, соның біреуі:

«... Кең өлкенің бойы жыпырлаған ауылдар. Қораларының отарларында, үйірім-үйірім көбіктей боп, қалың-қалың қойлар жатыр. Оттар өшкен, елсіз, жайын аралда қатар-қатар тізілген қаз, үйректің ұяларында ағарып, дөңгеленіп жататын жұмыртқадай боп, ай астында маңқиып, түңліктері жабық боз үйлер тұр. Алты-жеті үй – бір ұя. Он-он бір үй – бір ұя», немесе:

«Ойынға жиылған жастар қалың көрінді. Кәмшат бөрік, мақпал шапан, жібек шапан киген қыздар көп. Араларында қынай бел, әсем камзол ғана киген қыздар да жүр. Шолпылары тоқтаусыз шылдырлап, көп үнге салады».

М.Әуезов (жалғасы): «Екінші кітапта автордың бүйрегі ақсүйек жастарға ерекше бұрады дей келіп, мақалада авторды феодалдық-патриархалдық ескілікті әспеттеді деп айып тағады. Керісінше, халық өнерін қадірлеген барлық жастар бұл романда өздерінің трагедиялық тағдыры үшін де күйінеді. Керімбала – Оралбайдың, Үмітей – Әмірдің тағдыры да тауқыметті, Біржанның, Базаралының, Балбаланың тағдыры да мұңлы, ең соңында, сол оқиғаларға араласқан әнші Айгерім мен Абайдың да өмірлері тартысқа толы, көңілсіз. Сонда өткенді дәріптеу қай жерден көрінеді? Керісінше, дала жастарының осы бір талантты өкілдері еркін сезім бостандығы үшін күресу арқылы, олардың ащы тағдыры арқылы феодалдық құрылымның тағылық ұстаныммен тұншықтырған сақара қасіреті романда кеңінен ашылады».

«Казправда» (жалғасы): «Кітапта феодалдық-патрархалдық дәстүр мен салт ерекше бір қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен жазылған. Қазақтың феодал-рубасылары өздерінің кедей «руластарын» бұрынғыдан бетер қанай түсу үшін руаралық араздықты үнемі қоздырып, сол жанжалды өз мүдделеріне пайдаланып отырғаны белгілі. Осы феодал-рубасыларының халыққа жат әрекеттерін әшкерелеудің орынына М.Әуезов олардың өкілдерін даңқ тұғырына көтеріп, халық бұқарасының мүддесін қорғаушы етіп көрсетуге дәс қалады. Дала жыртқышының бірін – жігітек руының биі Бөжейді автор халық қамқоршысы ретінде бейнелейді. Ол өзінің бойындағы барлық көркемдік қуатын Бөжейге берілген үш күндік асты суреттеуге сарқа жұмсайды. Осы көріністе рулы елдің отбасыларының – шексіз байлық иелерінің де, сол байлықты қан мен тері арқылы тапқандардың да «орыны толмас қайғысын» баяндалады. Осында таңғажайып көріністі таңдана баяндай келіп: «Ұлы дүбір, үлкен астың осындай боп, уақыт өлшеуін айналып кететіні анық. Бірер буынға шейін ұмытылмастай есте қалатыны бар»,– деп тұжырым жасайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   238   239   240   241   242   243   244   245   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет