Туған жердің батырларына мың тағзым!
Ырғыз ауданы, Б.Алманов атындағы ЖББОМ
Жағыпарова Кәусар Алмасқызы
7-сынып оқушысы
Жетекшісі: Мұхтарова Ғазиза Әбдіхайдарқызы
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...»
Қасым Аманжолов
Бар адамзаттың тұла бойын тітіретіп, жан дүниесін дүр сілкіндіретін «СОҒЫС» сөзі тоқтағалы 75 жыл өтті. Тарих қойнауына жіберген осынау сұрапылды енді қайтып келмесі үшін бар адамзат тілек етеді. Халық 75 жыл өтсе де, соғыстың күркілі әлі естілетіндей езіле еске алады. Біз соғысты көрген жоқпыз. Көрсетпесін де! Соғыс туралы қандай да шығарма болсын, фильм болсын, тіпті қасымызда қалған санаулы ақсақал аталар мен ақ жаулықты әжелеріміздің әңгімелерінен бұл зұлматтың қанша отбасының шамын сөндіріп, түтінін өшіріп, қанша тірек болар отағасынан, бауыр еті баласынан, сүйеніші ағасынан айырғанын кішкентай жүрегімізбен сеземіз...
1941 жылы опасыздықпен тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистік Германияның қанқұйлы әрекеті өлшеусіз обалға қалып, қаншама сәбилердің көз жасын ағызды десеңші? Сол кездегі алпауыт мемлекет Кеңес Одағын құлатып, жарты әлемді билемек болған Гитлердің арманын жазықсыз шырылдаған адамның көз жасы мен ту сыртынан пышақ ұрған опасыздық киесі орындатпады.
Мен туған Құрылыс ауылының ортасында өткеннің белгісіндей болып, Ұлы Отан соғысына барып, елге оралмай қалған боздақтардың есімі жазылған «Орал оралмады» ескерткіші қалқайып тұр. Әр жылдың Жеңіс күні басына барып, Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойып, тағзым етеміз. Әжемнің айтуынша, сол ескерткіште менің Жағыпар атамның екі немере ағасының есімі бар: Әбсаттар және Әбдіғали Шүйінішалиндер. Аталарым соғысқа кетіп, із-түссіз майдан даласында көз жұмған. Артында қалған тұяқ та жоқ, шырқыраған сол кездегі ананың ғана рухымен тілдекен болар бәлкім?! Дүниенің қадірі-ай! Басына түспеген соң, бәрі де айтуға оңай ғой. Қос құлынын өз қолмен майданға аттандырған Ананың дұғасы ең болмаса біреуін жаралы болса да, елге оралтпады-ау деп қатты налисың. Бір ошақтың оты сөнгені осы да...
Туған жердің майданға аттанған әрбір азаматының әрекеті мен үшін үлкен Ерлікпен пара- пар! Майданға Жеңісті өз қолымен орнататындай жігермен аттанып, артында қалған жоқтаушысына бір ауыз сөзін де арнай алмай кеткен боздақтардың сезімінің өзі қайталанбас Ерліктей сезіледі маған!
Соғыс өрті талай жерді шарпып, талай елді өртеді. Сан ғасыр соғыс зардабын көрген қазақ халқы ұлан-байтақ жерін найзысының ұшымен, білегінің күшімен қорғап келген қайсарлығымен бұны да жеңді! Біздің Ақтөбе өңірінен де Кеңес Одағының Батыры атанған Әлия Молдағұлова, Қожабай Жазықов, Бөкенбаев Малкеждар сынды батырлардың ерлігі ұрпаққа аңыз боп қалды. Кеңес Одағы Батыры атағын алған 497 жауынгердің ішінен қарсы бой көтерген жауының көзін құртып, майдан даласына Жеңіс күнін жақындатуға ерлігімен үлес қосқан жерлес батырлар туралы біз білуге тиіспіз! Ақтөбе қаласының қақ ортасынан кесіп өтіп жатқан 312 атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің құрметін үшін үлкен даңғылға сол дивизияның есімі берілген. Өткен күнге тағзым мен құрметі үшін бұндай істер саналы ұрпақтың санасын жаңғыртып, тағзым еткізері сөзсіз!
Ұмытар ем соғыс атын,
Ел оны,
Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп.
Және соғысты ұмыттырмай келеді,
Жауынгер жайлы естелік,-
деп Жұмекен ақын жырлағандай, Ерліктің символы болған жауынгер бейнесі ешқашан ұмытылмайды!
Ұлы тарих парақтарына қанмен жазылған хронологиясында осынау Ұлы Отан соғысының көнекөз жәдігеріндей болып қалған ардагерлердің соңы да санаулы жыл бұрын өмірден озды. Біз көрген көненің көзі ардагер Қоңқанов Ерғали, Болыскеев Дүзелбай аталардың әңгімесін естідік.
«Қып-қызыл оттың ішінде мақтаны да сақтайды» демекші, сонау 1940 жылы басталған Фин соғысына аттанған Дүзелбай атамыз Ұлы Отан соғысынан 1945 жылы Жеңіспен бір-ақ оралған. Қанша жыл ұшқан оқтың ішінде жүріп, Алланың құдіретімен кейінгі ұрпағын жалғастыру үшін өмір сыйлағандай. Атамыз ұзақ жыл жасап, ауылдың гүлденуіне өз еңбегін қосқан адал жан болыпты. Сондай-ақ Қоңқанов Ерғали атамыз соғыстан бір аяғынан айрылып, еліне жаралы оралған екен. Ұрыс даласының төсін шұрқ-тесік қып, аямай бомбалап жүрген жау ұшағының оғынан бір аяғын жұлғызып, елге оралған Ерғали атамыз күні кешеге дейін біз үшін ерліктің дастанындай болды. Ол кісі айтқан әңгімеден түйгеніміз: « Бүгіннің қадірін біліңдер! Өткенге ешқашан оралтпасын, бейбіт күннен артық байлық жоқ! Балалар мен Аналарды жылатпасын! Қорғансыз қалдыра көрмесін! Аштық пен жоқшылық қысқан заманда қолынан келгенді майдан даласына жіберген жетім-жесірлердің еңбегі де елеусіз қалмасын! Бәрі де елдің келешегі үшін аянбады ғой. Соны ұмытпауымыз керек!»-деп айтушы еді. Айтса айтқандай-ақ, бейбітшілік пен ынтымақ орнаған елдің берекесі кетпесе екен.
Кейде ойлап отырып, қайран қалам, сол зұлматтың қайғысын сезінбейтін, ерлікке тағзым етпейтін адамдар көбейіп бара ма деп... Алдында ішер асы бар, отбасы аман адамдар тыныш өмір сүргенін де өзгеге міндет қылатындай. Елдегі орнап тұрған Тәуелсіздіктің өзі аспандағы Айға қол жеткізгендей емес пе?! Басына кішкене ауырлық түссе, байбалам салып, мемлекетке қол жайып, көмек сұрайтын адамдар өз несібесін өздерінің маңдай терінен сұрауы керек қой. «Болат қайнауда шынығады» дейді. Адамдарды майданда шынықтырмасын, өз еңбегінің қайнауында шынықтырса екен!!!
Достарыңызбен бөлісу: |