Туған жердің батырларына мың тағзым!
Ырғыз ауданы, Ө.Қанахин атындағы ЖББОМ
5-класс оқушысы
Сақтаған Гүлерке Жанболатқызы
Жетекшісі: Мизанбаева Ақерке Ерғалиқызы
«Бiздiң жүрегiмiз темiр емес. Бiрақ бiздiң кек отымыз қандай темiрдi болса да ерiтiп, күйдiрiп жiбере алады. Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар, ол– Отанға деген сүйiспеншiк.»-деп Бауыржан атамыз айтқандай міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 75 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия,Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде - бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай - ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміздің бірі – Бауыржан Момышұлы еді.
Ұзын бойлы, қара сұр Момыштың ұлы Бауыржан сол кезде отыздың үстіндегі жас жігіт еді.«Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам»,- деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
«Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды»,- дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында Бауыржанның еңбегi ерекше. «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Бауыржан ата бiр естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын»,- дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де, ұлтын сүйгендiгiнен шығар. Бауыржан Момышұлының тұлғасы маған қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейді.
1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316 - атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлiгiмен аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанды.
Жеңiстiң 65 жылдық мерейтойы қарсаңында 2010 жылы қаһармандық пен өшпес ерлiгі үшін Мәскеу халқы құрметтеп, үлкен сый жасады. Мәскеу қаласынан ұлан - ғайыр, ұзын көше, зәулiм мектепке батыр атамыздың есiмi бердi. Бұл Бауыржан ерлiгiн мойындау және бүкiл қазақ халқына деген құрмет едi.
Аспан мен Жер арасын
Өрт қаптады жалыны жалаңдаған,
Көңірсіді құйқадай адал далам.
Бір – бірінің қанынан ұрттамаса,
Тыншымастай сұстанды Адамға Адам.
Түндер келді жарыңның құшағында
Рахаттың орнына алаңдаған.
Жас орнына мөлдіреп жанарда қан
Тамайын деп тамбаған, тама алмаған.
Алмасты лез күрсіну, күңіренумен
Жүректерден шарықтап таралған ән.
Түнде соғар дүлейін жасырғандай,
Күліп –атып қылымсып таң алдаған.
Бейнетімен бақ құшқан кең далаға
Қанды өзендер құйғандай сан арнадан.
Мазасыз әм қысқа бұл тіршілікте
Болар кейде мейірімді адамнан аң.
Сәби көңіл жандардың жанын улап
Бітіспес кек, ызамен арамдаған.
Дөңбекшіді сонда Жер қанға бөгіп:
«Не кінең бар, Адамдар, тағар маған?!»
Иә, қара Жерді дөңбекшітіп, жазықсыз жандардың жанын жазылмас жарамен қан жылатқан, көп ұлтты совет халқының ер жүректілігі мен қанға сіңген қаһармандығын әлем алдында тағы да әйгі еткен екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталғанына отыз жыл толып отыр. Ерліктің салтанатты жеңісіне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, соғыс қантөгісін басынан кешірген совет адамдары соғыс салған азап пен қасіретті күні бүгінге дейін ұмытқан емес және бұл еш уақытта да көмескіленуі мүмкін емес.
Жеңіс күні соғыстан оралмай қалған ерлеріміздің рухына бас иіп, арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне құрметпен қарап, олардың қайсарлықтары мен ерліктеріне тағзым ететін күн емес пе?! Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бұл – қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін»деп, құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы» деп атап өткен болатын. Табан ет, маңдай термен келген осы Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан, аты аңызға айналған қаһарман жазушыларымыздың бірі де, бірегейі - Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы ұрпақтан - ұрпаққа өнеге болады деп санаймын.
Бізге осындай бейбіт күн, алаңсыз балалық шақ пен жарқын болашақ сыйлаған, қыршын ғұмырын Отан үшін отқа салған ержүрек батыр бабаларымызға мың тағзым!
Достарыңызбен бөлісу: |