Туған жердің батырларына мың тағзым!
Шалқар ауданы, «Тоғыз жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
Әлібекова Сезім Әнуарбекқызы
9-сынып оқушысы
Жетекшісі: Мамбетрзаева Г.Н.
«Соғыс-халықтың күш-қуатын, ерлік-жігерін сынайтын ұлы емтихан»
Б.Момышұлы
Соғыс...Қандай қатігез сөз. Бар болғаны бес әріптен құралған. Ал мағынасы жан түршіктірер. Атауы құлаққа жағымсыз, тіршілікті қан жылататын, қайғы-қасіретке толы қаралы сөз. Әйел мен ананы зар еңіреткен, қауқарлы азаматтардың жанын жалмаған күйретуші күш. Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтқан сұрапыл соғыс бір кездері қазақ халқының басынан өтті.
Ұлы Отан соғысы... ... Жалпы, «Ұлы Отан соғысы» ұғымы 1941 жылғы шілденің 3-інде Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін пайда болады. Сталин өз сөзінде «ұлы» және «отан» деген сөздерді бөлек-бөлек, бір-бірімен байланыстырмай айтады. Осыдан «Ұлы Отан соғысы» деген тіркес пайда болады. Шабуыл жасаспау туралы келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді. Гитлердің КСРО-ны басып кіруге құрылған «Барборосса жоспарын» Кеңес адамдарының патриоттық сезімі күл талқан етті. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жазыла бастады. Бұл сол кездегі қазақ халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн.
Ұлы отан соғысының нәтижесі КСРО-ның жеңісі болды. Бірақ қандай бағамен?! Гитлер 2-3 аптаға созылады деп жариялаған соғыс 4 жыл бойы үздіксіз болып отырды. Қандай ауыр күндер десеңші... Ұйқысынан айырылған елеңдеулі ана, арқасүйер азаматынан айырылған әйел, балалық шағын соғыс ұрлаған бейкүнә сәби. Қан майданда жеңіске жету оңай емес, әрине. КСРО-ның экономикасы құлдырап қалды. 32 мың өнеркәсіп орны, 100 мың ауыл шаруашылық орындары шығынға батып, кейіннен жабылып та қалды. Адам шығыны туралы бұл бәрімізге түсінікті. Жаудың қолынан қаза тапқан жауынгерлерге қанша мадақ айтсақ та аздық етеді. Қасық қандары қалғанша, кеуделерінен шыбын жандары шыққанша елім, жерім, болашақ ұрпақтарым деп өтті. Мына біз үшін, біздің бейбіт өміріміз үшін жан алып, жан берісті. Жер, ел жолында құрбан болды. Қаншама жалындаған жастың өмірі қыршын кетті, төгілген қан менен тердің есебі болмады. Міне, биыл Ұлы Отан соғысының жеңісіне 75 жыл толып отыр. Арайлап атқан таңды бейбіт күнде көру, жеңістің дәмін тату оңайға соқпады. Дегенмен, Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды.
Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді.
Қазақтың әрбір үйінің қазынасы қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын қадап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл – Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы.
Менің туған жерім – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Кішіқұм өңірі. Кіндік қаным тамған жерімнің әр тасы мен топырағының өзі мен үшін қымбат. Жігіттері – арыстандай айбатты, батыл, қыздары-үлкенге де, кішіге де иіліп тұратын ибалы. Топырағы киелі, текті жер. Ел басына қиын-қыстау күн түскен сәтте бұл өңірден талай азаматтары қасық қандары қалғанынша елдерін қорғауға бекінеді. Жалындап тұрған жастық шақтарында Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанады. Кешегі күннің батыры, қазір ұрпақтарына үлгі, мақтаныш болған соғыс ардагері - Жаңаберген Сейталыұлы.Соғыс ардегерінің Отан алдындағы борышын өтеуі 1942 жылы 17 жасында Калтуба қаласындағы химиялық оқу жұмыстарынан басталады. Оқуды бітіргеннен кейін 1943 жылы мамыр айында 81-ші химбатальонға шприттен уланған жерді тазалауға барады. Соғыс болған соң ауыртпашылық болмай тұрмайды. Бұл кездегі ең қиын жағдай күннің ыссы, суығына қарамай резеңке киіп, противогазбен жер қазу болған екен. Соғыс ардагері Жаңаберген ата көзі тірісінде берген өз сұхбатында: «Үстіміздегі резеңке киімдерді шешкенде, комбинизонның бойынан аққан тер шелек-шелек болып етігімізге құйылатын. Осындай қиындықтарға бой бермей көптеген жерлерді тазаладық» деп азапқа толы күндерін еске алады. Еңбекте де, майданда да ер атанған еңбек және соғыс ардагері Ұлы Жеңісті Берлинде қан майданның төрінде қарсы алады.
Ауылымдағы тағы бір соғыс ардагері – Бекчурин Оразғали ата. Қарапайым кедей шаруаның отбасында дүниеге келген ол 1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысына қатысып,елін жерін қорғап, ел алдындағы борышын өтейді. Оразғали Бекчурин 1942-1943 жылдары Чкалов қаласындағы атқыштар полкінің қатардағы жауынгері, кейін әскери саяси училищенің курсанты болады. 1943-1946 жылдар аралығында ол ішкі істер қызметінде болды. 1947-1949 жылдары Шалқар аудандық жер бөлімінің учаскелік зоотехнигі, ал 1949-50 жылдары Коммунизм жолы колхозының председателі қызметтерін атқарды. Соғыстан кейінгі жылдарда да жұмыс жасауын тоқтатқан емес, еңбек жолын әрі қарай жалғастыра берді. Отан алдындағы еңбегі үшін Ленин орденімен, бірнеше медальдармен награтталды. Оған қазақ ССР-нің еңбегі сіңген зоотехнигі деген құрметті атақ берілді. Іскер коммунист Оразғали Бекчурин сыйлы қалпында замандастарының да, ұрпақтарының да жүрегінде мәңгі сақталып, біз үшін үлкен мақтаныш, зор үлгі болып қалыптасады.
Қорыта келе, мен өзімнің туған өлкем Шілікті ауылынан шыққан батыр аталарыммен мақтанамын. Халықтың басына осындай ауыр күндер түскенде Отан алдындағы борыштарын адал атқарған батыр аталарыма мың мадақ, мың тағзым. Ел үшін отқа да, суға да түскен, қанша қиындық көрсе де мойымай, керісінше, текетіресіп қарсы алған аталарымыздың рухына тағзым етеміз.
Әрине, маңдай тердің, еңбектің өтемі болады. Арқадан түскен ауыр жүктің сыйлар сезімі де ерекше болмақ. Жан алып, жан беріскен сұрапыл сұмдық соғыста жеңіске жетіп, тарихта мәңгі өшпестей із қалдырды. Бұл жеңіс қан майданда болған әр жауынгердің ерлігі, жеңісі. Ал қазіргі ұрпақ, яғни біздің - мақтанышымыз. Өткен азапты жолдың ауыр сағаттарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауырлығы біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Қаншама қыршын жастың құрбан болуымен келген бұл бейбіт күндерді, ата-бабамыздың қалдырған асыл қазынасы кең байтақ жерімізді сақтау, қадірлеп, қастерлеу – біздің міндетіміз. Кешегі күннің батырларына өз алғысымды айта отырып, эссемді тәмәмдәймін. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес!
Достарыңызбен бөлісу: |