Ғазали ғибыраттары (Еркiн пайымдаулар)



бет14/26
Дата15.12.2016
өлшемі15,47 Mb.
#3874
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26

Көне Станбол көріністері: мына самауырдың ішінде «қою, қызыл, ыстық, бірақ сатулы шай екі иығынан демін алып тұр.

Азиялық Станболға мәрмәр теңізінің бұғазы арқылы пароммен өттік. Осы екі жағалауды теңіз асты арқылы жалғастыратын жол салынып жатыр екен. Бұрын шаһарды араласам да дәл Рамазан таныстырғандай оның тынысын сезінбеппін. Арасын өзен емес – теңіз бөлген, екі құрылықтағы сәулеті екі түрлі әсер ететін Жаңашаһар – азиялық Станбол Басыбиік, Тазтөбе, Тастөбе, Малтөбе... боп түріктеніп кете береді. Бірінің қолтығын, бірінің белін, бірінің басын шалып, шатқал қуалап, құлдилай өрлеп Мәрмәр теңізінің жағалауындағы биік қияға орналасқан Малтөбе университетіне мөлшерлі уақытта жеттік. Азан-қазаннан оңаша, алшынды, шыршалы, қарағайлы, үйеңкелі, оқудан басқаға алаңдатпайтын аңғарлы тешеге орналасқан университеттің тұрған жері бізге қатты ұнады. Заманның заманында пәленбей миллиондық шаһардың мал базары болған сияқты. Алғашқы жарты сағатқа дейін Станбол туралы ойдан арыла алмадым. Бүкіл Қазақстан – бір қала. Онда сенің туыстарың да тұрады. Антика ... Зевс... Геракль ... Троя... Бизан... Византия... Скиф ... Атей патша... Анақарыс... Күріш... Есекендір Зұлқарнайын... Санжар... Османлы... Бейбарыс... Қарамандар ... Ақсақ Темір... Мамай... Есенбұға... Құнанбай... Шәкерім... Мұстафа... Міне, енді біз. Айтпақшы, құба қыпшақтар ауған орта ғасыр, Мамайдың қосыны қосылған тұс... Еділдің елшілігін билеген түріктер... Ноғай ауған кейінгі ғасыр оқиғалары бар. Шіркін, ойың өстіп ашылып тұрғанда дәл қазір отыра қалып қағазға түсіріп, сол оқиғалар өткен кезеңді Османлы мұрағатына барып іздестірер ме еді! Ондай ерікті кім берсін бізге?

Міне, бізге бейтаныс Гүлжанат Құрманғалиева қарындасымыз да келді. Ілтипатты, іскер, биязыдан өжет, өжеттен биязы мінезді, әр кімді орнына қоя білетін ибалы қарындас екен. Жиырма алты елден келген ғалымдардың ішіндегі көзге ыстығы да, жанашырымыз да Гүлжанат болды. Түріктің келіні екен. Әйтеуір Малтөбе университетінің башқандарына өзі де, сөзі де өтімді көрінді. Ғылыми конференция он минуттан кейін Станбол залында басталды. Еріксіз сергіп, бұл күннің үшінші ырыздығын көруге бет алдым.


Суретте: Малтөбе университетінің ұйымдастырушы ғалымы Гүлжанат Құрманғалиева және...
Малтөбе университетінің Жапон университеттерімен бірігіп өткізген, Америка, Франция, Бельгия, Россия, Болгария, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Израйыл, Иран, Индия, Ауғанстан, Жапония қатарлы 24 елдің ғалымдарының басы қосылған «Орталық Азияның зерттелу мәселелері: өткені, бүгіні, ертеңі» атты халықаралық ғылыми конференциядағы баяндамалар ағылшын, түрік тілдерінде жасалды. Бағдарлама бойынша мәжіліс екі күнге созылмақ. Менің кезегім ертең екінтіде екен. Енді қатысатын секцияларды таңдадым. Мен тақырыбы өзіме таныс әрі ғылыми мүддеміз ортақ қырғыз, өзбек, татар, Ресей ғалымдары баяндама жасайтын секцияларға кезектесіп баруды жоспарладым. Қазақтардан тарих институтының директоры Саттар Мәжитов, тарихшы Клара Мақашева, содан кейін Еуразия университетінен тарихшылар Мара Ғұбайдуллина, Тайса Мармонтова және адамға жұғымсыздау бір сыйдам магистрант болды. Олардың тақырыбы қазіргі саясат екен... Саясатта тұрақты ғылыми тұжырым болмайтындықтан да, құбылмалы қитұрқыны қаламайтын ем. Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы, профессор Асқар ағамыз өзінің әкесі туралы баяндама жасау үшін келіпті. Танысып, ағаласып-бауырласып кеттік. Ағамызды әлпештей күтетін Әлмира жеңгеміз бізді де қамқорлығында алып, екі күн қатарынан «ыстық, қызыл, қою шәй» мәселесіне алаңдатқызбады. Күлкілі көрінгенімен, «ыстық, қою, қызыл шәй» Қазақстаннан басқа шет елдің бәрінде басты зәрулік болып есептеледі. Түрікшеден ағылшыншаға, ағылшыншадан түрікшеге аударылып-қотарылған және бәрі де акцентпен сөйлеген баяндаманы түсіну үшін жиырылып-жазылып он сағат отырғаннан кейін әңкі-тәңкісі шыққан миыңыздың құрыс-тырысын «қызыл, қою, ыстық шай» ғана жаза алады, шөліңді де басады. Демек... күлетін түгі де жоқ. Оны Асқар ағамыз да білген... Ол шәй болмаса осыншама ұзақ сөздер күнделікке де түспес еді. Студентті – өренжі – өркен, компьютерді – білгісаяр деп біз де қолдансақ жарасып-ақ кететін түрі бар екен.

Ғылыми конференцияның бірінші күнгі мәжілісінен (жиыны 74 баяндама) түйгенім: көтерілген мәселердің барлығы бізге де мәлім түйткілдер. Тек Кавказ жұрты, соның ішінде грузиндердің сөзі қышқылтым да, қызуы жоғары, мысқылы аралас шықты. В.Кикнадзе: «Мені орыс тілінде сөйлеп тұр деп есептемеулеріңді өтінемін», – деп сөзін бастайды екен. Ол түсінікті де. Ресейдің бодандығына еріксіз мойынсалық байқалады. Соған қарағанда Қап тауы ешқашанда аюдың тырнағынан босамайтын шығар. Жапон ғалымы Комацу ислам діні туралы сөйледі. Орталық Азияның ішкі-сыртқы қауіпсіздігі, ислам ықпалы сондай биязылықпен баяндалды. Неге мұны таңдады? Сөйтсек, исламдық қозғалыстар әлемді заманақырға жетелей ме деген алаңы бар екен. Бұрынғы кеңестік мұсылман мемлекеттерінде жүргізілген орыстандыру саясаты және тіл мәселесі жөнінде баяндама жасаған Израйылдан келген профессор Якуп Ландау үнемі алаңдап, әркімге бір сыбырласып жүрді. Сөйтсек қарт оқымысты бәрінен: «Мен яһудимін. Изырайылдан келдім. Маған ешкім тиіспей ме?», – деп сұрайды екен. Лифтінің ішінде бұл сұрақ бізге де қойылды. Түсініп тұрсам да: «Нәу инглишен» – деп құтылдым. Аңғал оқымысты шынымен алаңдап жүр ме, жоқ, жорта сынағаны ма? Мен соңғысы ма деп дүдәмалданып қалдым. Өйткені жаңағы сұрақты қойғанда екі көзі менің өңменімнен өтіп кетті. Бұл дегеніңіз 24 мемлекеттің, яғни, ұлттың қас-қабағын білу. Ал саясаткер оқымысты үшін бұдан артық қоғамдық барлау жүргізудің оңтайлы әдісі болмаса керек. Әйтеуір жымиып-жылмиған сүйкімді шал. Станбол – яхуди түгіл Бен Ладеннің өзі келсе де сіңіп кететін, адам жатсынатын шаһар емес. Өйткені ол мыңдаған жылдан бергі дүние қақпасы. Ал түріктерді сыртқы қауіп емес, өз ішіндегі дөлмалар қатты алаңдататын сияқты.

Бұл конференцияда профессор Әнуарбек Мөкеев бастаған қырғыздарың еңсесі биік жүрді, алымды да шалымды, емін-еркін сөйледі. Фильм көрсетті. Орталық Азия хандықтарының Османлы империясымен байланысы туралы Бұқара, Самарқанд, Хиуа кітапханаларындағы қолжазба деректерге сүйенген өзбек ғалымдары Зумырад Рахманқұлованың, Гүлшаһра Сұлтанованың, Санобар Шадманованың, Баһадүр Расиловтің, Қаһарман Ражабовтың ағылшын, түрік тіліндегі баяндамаларының мазмұны басым көрінді. Шетелге шыққан өзбек ағайындар қазақтарды кірдің суымен «тазалап кететін әдеті» бар еді. Шамсиддин Камолиддин акамыз: «Тарихшы Vasilos Vattatzis картасындағы Орталық Азия» деген баяндамасында: «Мұнда Өзбекстанды картаға түсіріпті. Өзге мемлекеттер жоқ», – дегені. Мен шақырылған қонақ болғандықтан да ұйымдастыру мәселесінен сырттап жүрдім. Шіркін, тұлғаның керектігі осындайда екен-ау! 1730 жылы Жоңғар шапқынылығы тұсында сызылған ол карта бізге де таныс еді. Шыдамсызданып: «Қазақстан картаға түспеп пе екен?», – деген сұрағымызға: «Ондай дерек жоқ. Мүмкін Қарақалпақстанның ішінде шығар», – дегені. Мұндай мақаупес маңғаздыққа не дерсің? Дауыстап: «Ака! Аққалпақтың (қырғыздардың) ішіне де, Қарақалпақтың ішіне де, ала тақияның ішіне де тымақ симайды. Ислам аканың емес, исламның жолымен жүрген дұрыс шығар», – деп дауыстадым. Ол үндемеді. Түріктер күлді. Жүргізуші қырғыз профессоры Әнуарбек Мөкеев түсінді, түсіне тұрып елеусіз қалдырды. Үзілісте; «Тайке! «Манастың» тең жартысы қазақ туралы. Сол қазақты тақияның ішіне емес, ең болмаса ақ қалпақтың ішіне сиғызбадыңыз ба?», – деп емеуіріндете әзілдедім. Қалыптасқан қалмақы күлкімен: «Шолай! Шолай!», – дей берді. Өзбек ағайындардың қазіргі санасы әсіреираншылдықпен, сартшылықпен уланған. Оларға түркі дүниесі мен тарихы жат. Христиан, иууда, кейін мұсылман дінінен қашып қоныс аударған, отқа табынушы маздақтар – көшпелі яһудилердің тұқымы, хазар қағанатын құлатқандарды қазақтар – сарт деп атаған. Ал тегі түркілер ғана таза өзбектер. Оларда міндетті түрде руы болуы керек. Сондықтан да аталған өзбек ғалымдарына: «Сіз өзбексіз бе, жоқ сартсыз ба?», – деп мәймөңкелемей ашық сұрадым. Мысырда, Иранда алдымызды орап, «сыбаға тартып кеткен» өзбек ағайынымыздан көрген құқайымыз жалғыз бұл емес болатын. Бәрі де өз руларын айтты. Тіпті Санобар Өкіреш атамыздың тұқымы, оның «қырық» деген тарауынан екен. Зумырад қана: «Руымды білемін. Бірақ айтпаймын. Бізде бөлінбейді», – деді. Жақсы ғалым, өзі қыз бала. Е, үкіметтік қысыммен бөліп тұрып, бөлінбеймін деген Ислам акамның саясаты өтіп кеткен екен! Әлде сыбыршыдан қорқа ма? – деген оймен қазбаламадым. Сол руы құрғырға мен де қарсымын. Тек өз ұлтын өзінен жиіркендіріп жатқан саясатқа ызам келеді. Жақсы күннің жанға батқан бір тікені осы болды.

Бұл саясаттың көрінісі исі түркі жұртының өнер иелері жиналып қойған наурыз кешінде де байқалды. Өзбекстан мен Түркменстаннан өнерпаздар келмепті. Бір тәуліктің ішіндегі төртінші құбылыс және жолды ұзартқан жоралғы осында басталды. Ақшамға қарай жоғарыдағыдай көңіл-күйде қонақүйдің дәлізінде ошарылып тұрғанымда қазақтың оюлы киімдерін киген қыздар көзіме оттай басылды. Жігіттер де көрінді. Іле таңдайымызға көк бауырдай жабысқан орыс тілінде сөйлеген неше түрлі ұлттың өнерпаздары үйіріле қалды. Олардың кім екенін сұрамай-ақ, татар, гагагуыз, әзірбайжан, алтайлық, хахас, тоба екенін бірден аңғардық. Бұларды кім бастап жүр дейсіз бе? Әрине, жетпісінші жылғы әлем оркестрінің бас скрипкашысы, дүние тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған, бұрынғы мәдениет министрі, қазіргі «Түрксойдың» бас директоры өзіміздің Дүйсен Қасейінов! Көріскенде құшағымыз айқаса кетуші еді. Сол дәстүрмен төс қағыстырдық: «Мен сен бар дегенде қуанып қалдым. Жұмысым бар. Көріспегелі көп болды, бірге болайық! Бар тілегіңді орындаймын», – деді де бұрылып жүре берді. Концерт бұрынғы кеңес өкіметі тұсындағы өнер онкүндігін еске түсірді. Бірақ мазмұны да, түрі де ұлттық, иә, иә, түркілік! Хакакс-алтайлықтардың:«Ұмай, Ұмай, алтын қубай (бесік). Жіберме тасқынға, ұрпақты ойлай!» – деген әуені ойымды билеп алды. Татарлар әнші әкелмегеніне таң қалдым. Ал қырымшақтардың биі, әсіресе, аққудың көгілдіріне ұқсаған қыздың саусақтары сөйлеп-ақ тұр. Қанша айтқанмен Бақшасарайда гарем ұстаған ел емес пе. Олардың биінің мазмұны мен ишаратынан әйели бегімдік танылады. Қырғыз «Манасымен», қазақ домбырасымен және «Аққу» биімен қатысты. Дені би. Кеш – бимен ашылып, бимен жалғасып, бимен жабылды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет