Ғазали ғибыраттары (Еркiн пайымдаулар)



бет20/26
Дата15.12.2016
өлшемі15,47 Mb.
#3874
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26

«Даналық ойдың ұйытқысы» Мәулана (Руми) және османлы ханымының суреттері.

Түркияның барлық үлкен шаһарлары сияқты Конияда да көлік кептелісі бар. Бірақ бүгін сайлау алдындағы жиналыстар көшеге шыққан күн екен. Ортада тұрған Аладдиннің сарайтөбесін төрт айналып, есік пен төрдей жердегі Мәулананың мавзолейіне әзер жеттік. Екі тұтам көшеге екі сағат уақыт кетті. Бекарыс пен Асқар бұрын көріпті. Жол бастады. Соның өзінде қақпаның алдына тоқтаған көліктен қақпаға жетіп үлгергенше үш адам сәлемдесіп, жөн сұрасты. Ноғайлардың алдыңғы көшімен келген қыпшақтар, ноғайлының екінші көшімен келгендер, кеңес тұсында көшкен ноғайлар... Бәрі де өздерінің ең жақын туысы қазақтар екенін біледі. Сол үшін де тоқтатып сәлем беріп, жөн сұрасып тұр. Сөздері де сондай түсінікті. Ауылына, үйіне шақырады. Домбыралары да бар көрінеді. «Түріктендік, бірақ ноғайлығымызды ұмытқамыз жоқ», – дейді. Міне, қаншыл деп ноғайларды айт! Сөйтсек, Конияда тұқымы жоқ түркі елі жоқ екен! Жә!.. Мәулана! Мәулана! Мәулана!

Мәулана – исі түркі дүниесінің көркем ойлау жүйесінің отаны. Ән, әуен, сөз, сурет, би, сәулет өнерінің ұйытқысы. Он сегіз мың ғаламның сырын білген «толық адамдардың» даналық ұясы. Барлық софылық ой тоғысқан тоғыз тарудың өрім басы. Қазақтың Абайға дейін де, Абайдан кейін де нәр алған тұнығы. Нақшбанди, Яссауилердің тассауыптарының тамыры. Жалаладдин Румидің тұсында Конияға жиналған софылар өзінің көркем ойлау жүйесін бүкіл түркі жұртына түркі тілінде таратқан. Сөздің әр һарпінен, музыканың әр тактісінен, әр саусақтың қимылынан, әр суреттің сызығынан мағына іздеу және мағыналандыру осы Мәулана деңгейіне көтерілген Румидің даналық мектебінен бастау алған. Ойға ұйыған кезінде бір орында екі сағат шыр айналып билеу олар үшін қалыпты көрініс. Өзгені былай қойғанда, сол көп софылардың бірі Қожанасырдың көркем ойлау жүйесін алыңызшы. Өзі теріс біткен бұтақты теріс отырып кесуі қандай қисынсыздық! Иә, ол сол арқылы мынау бетін теріс берген, жалғанын жарыққа қалдырып, ақиқатын ішіне сақтаған жалғанды мазақ қылып тұр емес пе? Ауласына кіріп, құран оқыдық. Ал ішіне кіргенде ... дымым шықпай қалды. Даналықтың мысы басып, өзіңді ойға жетелейді. Мәулананың өзінің қабірі оң қапталда, биік алып тас қабір. Қабір тасының барлығы ғұсни хатпен жазылған. Бас жағында үлкен екі сәлденің сүлбесі қойылған. Өзгелерінде бір-бірден. Ұзына бір сарын естіліп тұрады. Егер уақыт қыспаса мен осы күйі үш күн, үш түн тізерлеп тағзым етуге пейілді сияқты көріндім. «Яссауи» ән тобына арнап Светқали бауырым аударған Мәулананың «Мәңгілік өмір ағашы» туралы:

Ей, бақыттың иесі! Болсын сенің тілеуің,

Екі жол тұр алдыңда, таңда, қане, біреуін.

Бірі – фәни дүниеде жасыл желек жамылып,

Бар тіршілік жетеді жемісіңді сағынып!

Екіншіс – Жәннатта, дәмің тілді үйіріп,

Дарақ болып тұрасың, бұтақтарың иіліп!».

Ұстын сонда зар етті, мас қып шаттық шарабы:

«Болайын, – деп, – мәңгілік Ақыреттің дарағы!».

Ғафыл қалма, біл, таны, ей, адамның ұрпағы,

Кемсің бе осы ағаштан, айналаңнан сыр таны.

Жансыз ағаш зарлайды, көрсем деп ХаҺ дидарын,

Халифасы құдайдың, қайда сенің иманың?, –

деген өлең жолдарын еске түсірдім.

Мавзолейдің ішінде мауланалардың кітаптары, қолжазбалары, ғаламды түсіндірген сызбалары, би мақамын білдіретін саусақтардың сызбалары, ең соңында пайғамбардың бір тал сақалы сақталыпты. Алтын жалатқан кітаптарға біз түгілі еуропалықтардың өзі бас көтермей қарап қалыпты.

Асыққан Асқар сүйрегендей етіп шығарды. Ал Қожанасырдың ауылы: «Ақшаһар» деп аталады. Зираты қияға қойылып, еңіске қарай құлап бара жатқан қабырғасының жоғары жағынан сүйеу қойылған. Есекке теріс мініп тұрған мүсіні, «Өлген қазан», «Алтын құмалақтайтын есек» туралы тәмсілдер бейнеленген айкелдер бар. Жыл сайын мында дүние жүзіндегі қожанасыртануш ғалымдар келіп, ғылыми конференция өткізіп тұрады. Кония университетіндегі көне түркі ескерткіштерінің көшірмелерінің өзі де бір тарихи галерея, – дегенді естуіміз бар еді. Оған уақыт мұрша бермеді.

Осыдан кейінгі жол Станбол мен Анкараның арасын еске салды. Қайтадан үстіртке көтеріліп келеміз. Бір төбенің астынан – қар, келесі қойнауда – жаңбыр, үшінші асуды асқанда – бұршақ жауып, келесі тұмсық құп-құрғақ болып, алмасып отырды. Ойпат бітіп, асуға шыққан соң, алдымыздағы – теңіздің, артымыздан – шөлейттің ауасы аңғарда тоғысып, арпалысқан ауаның майданынан айналды. Қайшыалысқан ауа райымен осылай арпалысып әйгілі ақ мәрмәрдің отаны Афионнан өттік. Афионы да, мәрмәрі де Шығыс Рим мен ежелгі Бизан заманында аңызға айналған. Мәрмәр оймаларының шеберханаларын жол шетінен шолып келеміз. Әскери ұшқыштардың қосыны орналасқан Ұшар қаласының қызылды-жасылды оттары да қыр желкемізде қалды. Он екі сағат аяқ жазбай жүріп келеміз. Салихлыдағылар да тынышсызданып жатыр. Мен де жағаласып оларға тапсырма беріп жатырмын. Қойшы, асу-асу белдерден асып Салихлыға да түнгі сағат онда жеттік-ау! Менің меншікті «пәледием» Шүкірәли тосып алды. Бірден: «Тапсырма орындалды ма?», – дедім. «Салихлыдағы бар термосты жиып, ыстық, қызыл, қою және тегін шәй дайындап қойдым», – деді. Жеделдете құшақтаса танысып, табысып, дәмханаға кірдік. Аялдайтын несі бар, бірден төрге озып: «Ал, құй!..», – дедім. «Аққулардың» да таңдайлары қаңсып қалған екен. Меруеш пен Дәуренбек, Ғазиз: «Ағамыздың қасына өзіміз де бір отырайықшы», – деп жайғаса бастады. Дәуренбектің көзі қысылса, ар жағында не дейтінін білем, білем. Бес минуттың ішінде бес термостың да түбі көрініп шыға келді. Көпшілікті сусатқан самауырда арман не? Бізді тау ішіндегі арасанға орналастырды. Арасанның суы бойды балбыратып, буынды босатып, сыздаған балтырды тыныштандырып, ұжымақтың ұйқысының құшағын кіргізе берді. Бекарыс көкем қазір үрдің қыздарының ортасында жүрген болуы керек, рахаттана пысылдайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет