ізбасарларының көп жағдайда оның ілімін экономикалық детерминизм рухында өрескел бұрмалайтындарын көріп: «Егер бұл марксизм болса, онда мен марксист емеспін», – деп қынжылған-ды.
Әлбетте, Маркс пен Энгельс өз заманының аса көрнекті ойшылда- ры болды. Алайда әлемдік тарих үдерісіне үлкен ықпал еткен терең көріпкелдіктерімен қатар, олар қателіктерден де ада болған жоқ, өйткені, Маркстің өзі атап өткендей, «адамға тән нәрсенің барлығы оларға да жат болмаған». Егер олардың еңбектерін объективтік көзқарас тұрғысынан қарасақ, оларда терістен гөрі, оң басым.
Маркстік философия – адам табиғаттың дүлей күштерінен үстем тұр және оларды тұлғаның жан-жақты дамуы, өз жоспарларын іске асыруы үшін түрлендіруге, өзгертуге болады дейтін қағидалары бар еуропалық рационализмнің қисынды аяқталуы іспетті. Алайда кейіннен еуропалық философияда рационалдық дискурстан (пайым- даудан) түңілу орын алды. Соның нәтижесінде, философиялаудың жаңа, яғни алдыңғы классикалық философиядан алшақтаған форма- лары пайда болды.
Бірақ марксизмді ұмытуға әзірше ерте. Бір нәрсе айқын: марксизм – адамзат тарихында үлкен рөл атқарған ұлы ілім. Алайда бұл ілім әлі аяқталған жоқ. Платон мен Аристотельдің, Әл-Фараби мен Канттың және басқаларының ілімі сияқты, Маркс пен Энгельстің іліміне адам- зат әлі көптеген жүзжылдықтар бойы жүгінетін болады.
7-тарау. классикалыҚ емес ФилОсОФиЯ. иРРаЦиОнализм
неміс классикалық философиясынан – қазіргі заманға дейін.
Рационализм қағидаларын басқаша ойлау. иррационализм
Сонымен, алдыңғы тарауларда көрсетуге әрекет еткеніміздей, XVIII ғасырдан бастап, батысеуропалық философияда рациона- лизм шығар шыңына жетіп, Жаңа заман философиясының шынайы іргетасына айналды. Материализм мен идеализм арасындағы маңызды айырмашылықтарға қарамастан, бұл бағыттар өздерінің адамның ақыл-парасатына, адамзаттың сәулелі болашағына сенімі бойынша бір пікірде болды. Сол ғана барлық білімдерге қолайлы әдісті бере ала- ды, мораль, саясат, еркіндік негізін құрады деп саналды. Ақыл-парасат ұстанымдарында жетілген мемлекет құруға болады, тіпті тарихты да ақылдылық тұрғысынан түсінген абзал. Алайда XIX ғасырдың ортасындағы буржуазиялық қоғамдық қатынастар бұл жүктелген сенімдерді ақтамады. Ұлы француз революциясы сол заманғы қоғамның өмірінде түбегейлі төңкеріс жасап қана қойған жоқ, соны- мен бірге адам айтқысыз зорлық-зомбылыққа және қантөгіске жеткізді. 1848-49 жж. революциялар да соған ұқсас аяқталды, ал 1871 жылғы Париж коммунасының жеңілісі марксизмде пролетариат диктатурасын орнату қажеттігін туғызып, сол кездегі зиялы қауымның айтарлықтай бөлігінің революциялық ниет-райынан қайтып, ілгерілеуге сенуден айнып, қоғамдық өмірді ақыл-пайыммен құру мүмкіндігіне бет бұруға
келтірді.
Жоғарыда көрсетілген және басқа да себептер сол кездің зиялы қауымының белгілі бір топтары арасында рационализмге, классикалық философияға, дискурсивтік ойлауға (лат. – discursus – пайымды, қисынды негізделген пікірлер) қарсы көзқарас туғызды. Рациона- лизмге: танымда, мінез-құлық әрекеттерінде, дүниетанымда, сондай- ақ тарихи үдерістерде шешуші фактор – ақыл күштері емес, ақылға, парасатқа, даналыққа кереғар рухани бастаудың қиық-кескіндері (мы- салы, түйсік, ішкі сезім, соқыр сенім, сүйіспеншілік сезімдері және т.б.) болып табылатын иррационализм (лат. – irrationalis – пайымсыз) қарсы қойылды. Философиямен айналысудың жаңа формаларын қарқынды іздестіру басталды. Бұл қозғалыстың басында неміс филосо-
фы а.Шопенгауэр және дат діни ойшылы с.кьёркегор тұрды. Бәрінен бұрын олар Г.Гегельдің философиясын сынауды бастады.
Гегельдің рационализмін сынауды бірінші бастаған неміс филосо- фы Артур Шопенгауэр (1788-1860) болды. Өз ойларын ол «ерік және көрініс іспетті әлем» деген іргелі еңбегінде баян етті.
Бірақ Шопенгауэр философиясының негіздерін түсіну үшін, Фихтенің: «Адам қандай болса, оның философиясы да сондай», – де- ген сөздерін еске алып, ойшылдың өмірбаянының кейбір деректеріне қысқаша болса да тоқталып өткеніміз жөн.
Артурдың ата-анасының терең ішкі қайшылықтар күйіне түсуі баланың жан дүниесі мен көңіл күйіне ауыр салмақ болды. Әйелімен ажырасқаннан кейін екі жыл өткенде, 1805 ж. әкесі өз өмірін өзі қиды. Артурдың анасы Иоганна Шопенгауэр заманында талантты және та- нымал жазушы болғандықтан, өмірін тапшылықты елең қылмайтын, алаңсыз (богемдік) ортада өткізді. Гете, Шлегель сияқты даналар оған қамқорлық көрсеткендіктен, анасы Артурды ең бір талантты адамдардың қатарына енгізді. Алайда баласы анасын жек көретін, сөйтіп, ол 1814 жылы одан біржола қол үзді.
Шопенгауэрдің ашуланшақ, кекшіл мінезі, сондай-ақ әйелдерге деген жеккөрініш сезімі дәл осы отбасында қалыптасты («Әйелдер туралы» эссе). Ол жалғыздығы үшін барлығына да ызалы еді. Оған Гегельдің атағы маза бермеді. Қалайда оны бір «тұқыртып» қалу үшін, Артур Гегель дәріс оқитын Берлин университетінде дәріс оқуға кірісті. Бірақ студенттер Гегель дәрісханасын тастап шығады деген үміті ақталмады: Шопенгауэрдің дәрісіне оннан аспайтын адам ғана қатысты. Бұл оны одан сайын ызаландырды. Кітаптарын ешкім сатып алмады, ал оған Гегельді кінәлады...
Бірақ Шопенгауэрдің ерік-жігері мен жұмысқа қабілеті ерекше еді.
Ол жаңа еңбектер жаза-жаза, ақырында, даңққа жетті.
Оның пікірінше, әлемдік үдерістің негізінде соқыр, санасыз күштің – өмірге деген ерік-құштарлықтың күші жатыр. Бұл күш те өмірдің өзіндей мағынасыз, ал адамның өмірі тіпті мағынасыз. Оның мағынасыз болатын себебі – әрбір адамды өлім күтіп тұрса, көпшілік адамдар қорғансыз қарттықты, ауру-сырқаулықты бастан кешеді, қайғы-қасіретке тап болады. Бірақ өмірге деген құштарлық бізді ал- дамшы елес тұзағына түсіріп, жат, бөтен әлемге жетелейді. Олардың алғашқысы – жыныстық құштарлық, ұрпақ жалғастыру түйсігі.
Алайда бәрі үшін ақы төлеу керек қой. Сөйтіп, біз өмір бойы әлдебір уақытта әкеміз құмарлыққа батып жүріп «қол қойған вексель бойын-
ша» ақы төлеп келеміз. «Оптимизм, – деп қорытады ойшыл, – адам- затты қорлаудың ең бір аяусыз және жексұрын түрі». Бірақ адамның таңдауы бар. Бұл – өмірге деген құштарлықты өлтіру, яғни ертедегі индустар көре білген шындықты қабылдау (бұдда дінінің нирвана – жұмақ туралы ілімі).
Санадан тыс Әлемдік ерік енді көп ұзамай өзінің өмірге деген шексіз ұмтылысымен әлем негізіне жатады екен, онда алдыңғы фило- софия ұсынған: материя, сана, рух, атом, монада және басқа санаттар жарамсыз деп жарияланады, өйткені әлем басынан-ақ ақылға сыймай- тын, қисынсыз болды емес пе. Сөйтіп, Әлемдік ерік философияның негізгі санаты деп танылды.
«Ерік» санаты алдыңғы өткен философияда қаралмады деп сендіру, әрине, қателік болар еді. Ертеде «сана» және «ерік» санаттары әлі бір- бірінен ажырамаған-ды. Сократ адамның жаман қылықтарын оның білместігінің нәтижесі деп санайды. Егер ол оның жаман екенін білсе, олай істемеген болар еді. Алайда Орта ғасырларда Августин ондай көзқарасты толық жоққа шығарды. «Мен бұның жаман екенін білемін, бірақ мені соған тартып тұрады, сондықтан мен соны істеймін де,
«күнәға» батамын». «ақыл біледі, бірақ ерік таңдайды» – осы қолдан жасағандай формулада Августин соңғы сөздің ерікке тиесілі екенін мойындайды. Діни ойшыл адамның күнәһарлығының негізгі себебін дәл осы адам еркінің бастапқы Құдай жолынан ауытқығанынан көреді. Жаңа дәуірде Кант нақты, іс жүзіндегі ақылдың басымдығын көрсете келе, оның «ерік бостандығын» негіздеді. Бұл идеяны ары қарай дамытып, Фихте Әлемнің пайда болуының өзін еркін еріктің үлкен «МЕНінің» әрекетінен көрді. Алайда, қалай болғанда да, Шо- пенгауэрге дейін бұл санатты ешкім де философияның негізгі түсінігі
деңгейіне көтере алған жоқ.
Шопенгауэр бойынша, біртұтас әлемдік ерік әлемнің негізінде жатыр және ол өзінің шексіз формаларында көрінеді. Ерік – әлемнің танылмаған күштеріне теңестірілген, өздігінен жетілген бастау, өйткені бар нәрсенің бәріне ерік құлшынысы тән. Өзінің мәңгі санадан тыс қалыптасуында, өмірге мақсатсыз құштарлығында ол күйзелістерді тудырады. Оған қандай да бір заңдылықтар жат, сондықтан ол үнемі қанағаттанбаушылық сезініп, заттарды бөледі, қағыстырады, мәңгі ізденіс, өз-өзімен күресуді жалғастырып, қайтадан сындырады, күйретеді. Әлемнің алғашқы себебі ретінде Ерік тойымсыз алапат құштарлықты, қараңғы, соқыр құлшынысты білдіреді. Ол әлсіреген
ызақорлықпен өткір тырнақтарымен өз-өзін жарақаттайтын құтырған аңға ұқсайды.
Жансыз табиғатта Ерік өзін тартылыс және кері тебу күштерінде, химиялық қоспалар мен іріп-шірулерде т.б. көрсетсе, ал тірі, жанды табиғатта өмірге ұмтылыста және тіршілік ету үшін өзара күресте, ұрпақ жалғастыру мақсатындағы жыныстық сезімде көрінеді. Парасат және адамгершілік тұрғысынан адам неғұрлым жетілген болса, басына соғұрлым көп қарама-қарсылықтар мен күйзелістер түседі. Әлеуметтік өмір – ол іштарлық, жалғандық, надандық және екіжүзділіктің сах- насы. Өмірге келетін жаңа ұрпақ алдыңғы ұрпақтың сол қателіктері мен адасушылықтарын қайталайды, қоғамды адамгершіліксіз адамдар басқарады, ал ғылыми жетістіктер жамандықты жүзеге асыру үшін пайдаланылады.
Моральдық саланы айтсақ, онда соңғы жүзжылдықтарда онда ешқандай да алға жылжу болмады: бұрынғыша қан төгіліп, алдау, зорлық-зомбылық, қанау және басқалары болып жатыр, азаюдың орны- на, олар өршіп барады. Үнемі үрейлену және сенімсіздік жағдайында өмір сүру – адам өмірінің нормасына айналды.
Сонымен, А.Шопенгауэр бойынша, әлем жамандыққа толы және оның басты кінәлісі – Әлемдік еріктің өзі. Ол саналы болмауы себепті жолында басқа жаңа қылмыстарды жасай отырып, өзінің іс-әрекеттері үшін жауапкершілік көтермейді. Бұл жерде дүниеге адамның келуіне, оның санасына байланысты жалғыз ғана үміт пайда болады. Адам ғана осы Әлемдік ерікке қарсы тұрып, тарихтың қасіретті жолына тосқауыл бола алады. Бірақ ол үшін адам философиялық деңгейде Әлемдік еріктің терең мәніне жетуге, содан кейін екі кезеңнен: эстетикалық пайыммен қарау және моральдық жетілуден өтуге тиіс.
Эстетикалық пайыммен қарауға қатысты айтар болсақ, И.Канттың артынан ол пайымның риясыз сипатын мойындайды, өйткені онда өз-өзін сүю және қандай да бір пайдакүнемдік жоқ. Өнер адамды өз- өзін сүюге ұмтылудан пайда болған күйзелістерден азат ете отырып, оның жанына тыныштық береді. Оның пікірінше, мүсін өнері мен көркемсурет кеңістікте өмір сүрсе, ал поэзия мен музыка уақытта өмір сүреді. Өнердің қай түрі болса да, Әлемдік ерікті өзінше білдіреді, бірақ бәрінен тереңірек музыка ұғындырады, өйткені онда музыканы шығарушы, орындаушы және тыңдаушы арасындағы айырмашылық барынша азайған. Өзінің ең жоғарғы көріністерінде музыка Әлемдік ерікті біздің санамызға дейін жеткізеді, ал оны ұтымды жолмен беру мүмкін емес. Шопенгауэрдің бұл көзқарастары Шеллинг көзқарасымен
астасып жатыр, өйткені ол да симфониялық музыка Даралыққа жеткізетін жол ашады деп санайды. Шопенгауэр әлемнің қасіретін, адамның күйзелістерін толық ашып көрсететін қайғылы музыка, атап айтқанда, реквием екеніне сендіреді.
Екінші сатыда адам моральдық жетілу жолына түсуге тиіс, бірақ ол үшін өзінің өмірге деген ерік-жігерін жоюы керек. Осы мақсатта Шо- пенгауэр: «Қалағаныңның бәрінен бас тарт және қаламайтыныңды істе» деген үзілді-кесілді тұжырымын алға тартты. Бір қарағанда, бұл ақылға қонымсыз сандырақ болып көрінеді. Бірақ қорытынды жасауға асықпайық, өйткені оның талабының мәні – адамды өзін еліктіретін, тартатын нәрселерден айыру. Бірақ ол үшін адам өз жан дүниесінде өзін жақсы көру, басқалардың қасіреттерін бөлісіп, жанашырлықпен қарау сезімін тұншықтырып, тақуалық өмір салтын ұстану жолына түсуі керек. Ойшылдың бұл идеясының ертедегі үнділіктердің «нир- вана» және гректердің «атараксия» ғұрыптарына жақын екенін аңғару қиын емес.
Әрине, Шопенгауэрдің «ғаламдық пессимизмімен» және оның философиясының негізін құрайтын ережелерімен толық және сөзсіз келісуге болмайды. Шындығында, егер Әлем санадан шықпайтын Әлемдік еріктің туындысы болса, онда неге Ғаламда әлдебір тәртіп, үйлесім, заңдылықтар бар? Әлемдік ерікке байланысты, адамды әлемдік мұхитқа тамған бір тамшымен салыстыруға болады. Бірақ бір тамшы қалайша тұтас мұхиттың суын шашып жібере алады? Осыған ұқсас сұрақтар ойшылдың бастапқы ұстанымдарының осалдығын көрсетеді.
Рас, әлем қарама-қайшылықтардан өрілген және ол қайшылықтар адамның жүрегі арқылы өтеді. Адам өзінің тым қысқа өмірінде қайырымды істер істейді, бірақ кейде жамандық тұзағына да түсіп қалады. Көпшілік жағдайларда, өкінішке қарай, өмірінде ол бақытты сәттерден гөрі, күйзелістерді басынан көбірек өткереді. Бірақ осыған бола, Шопенгауэр ұсынғандай, өмірден бас тартуға бола ма? Әлбетте, жоқ. Әрбір саналы ойлайтын адам өмірдің адамға берілген баға жетпес сый екенін түсінеді.
Шопенгауэрдің пікірінше, таным екі формада болады:
тікелей, түйсіктік (ақыл-ес танымы);
дерексіз, рефлекстік (парасат-пайым танымы).
Түйсік танымын ол басты деп санайды, ал рефлекстік таным соның үстінде жатыр. Ғылымды ол ерікке қызмет ететін іс-әрекет деп қана
қарайды. Ғылымның мақсаты – еріктің іс жүзіндегі нақты мүдделерін қанағаттандыру.
Ерік Шопенгауэрдің бар философиясының шеткі бұрышын тіреп тұрған тас ретінде болғандықтан, ол волюнтаризм деп дұрыс аталған. Шамасы, ол еріктің рөлін асыра бағалап, өзін зорлық-зомбылық көрсететін полицейлер мемлекетін жақтаушы етіп жариялаған.
Шопенгауэрдің пессимистік философиясы оның көзі тірісінде табысқа жете қоймады, бірақ XIX ғасырдың екінші жартысында ол философиялық өмір қалыптастырудың қайнар көзі болды. Сол уақытта пессимизм мен скептицизм философиялық сәнге ұласып, ал Шопенга- уэр иррационализмге, интуитивизм мен прагматизмге жол салушыға, әрі ой әміршісіне айналды.
Иррационализмнің негізін қалаушылардың бірі, дат философы және теологы, сол заманғы экзистенциализмнің алдыңғы буыны, ізашары сёрен кьёркегорды (1813-1855) да замандастары «Анти-Гегель» деп атап кеткен. Оған қоса, замандастары оған «уайымшыл дат» деген лақап ат берген.
Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы – өлім және күйзеліс. Ол ажалмен бетпе-бет келген, сылбыр да азапты өлім халінде жатқан адамның ішкі терең әлемін зерттейді.
Әрине, өлім мен күйзеліс тақырыбы XIX ғасыр философиясында басталған жоқ, ол да, өмір тақырыбы сияқты, – мәңгі. Бірақ дат ойшы- лы оған ерекше үндестілік және айқындық береді. Оның аты шыққан еңбегінің атауы да өзгеше – «Үрей және қалтырау» (1843).
Кьёркегор Гегельдің жайбарақат «объективизмін», шешімдері түсіндірілуі мүлдем басқа тәсілді және тілді қажет ететін ғылымилығын қабылдай алмады. Ол үшін, мысалы, Гегельдің дінді де ұтымды ету- ге тырысқан әрекеті көңілге қонымсыз. Оның ойынша, Құдай ойдың нысана-тақырыбы емес, – күйзеліс тақырыбы.
Басынан-ақ Кьёркегор болмысты жүйенің «қалыбына»1 сыйдыруға болмайды деп санап (өйткені ол өне бойы өзгерісте болады), қандай да бір философиялық жүйелер құрудан бас тартады. Соған байланыс- ты ол, бәрінен бұрын, Гегельдің болмыс пен ойлауды теңдестіруі қағидасын сынға алады, өйткені, оның ойынша, адамның рухы – ол жай ғана ұтымды ойлауға қарағанда, әлдебір үлкен бірдеңе.
1 Бұл жерде: «прокрустово ложе» – бір патшаның екі төсек жасатып, кішісіне жатқандардың төсекке сыймаған дене мүшелерін шапқызып, ал үлкен төсектегілердің аяқ-қолдарын созғызып, қалыпқа салғандай жасағаны туралы айтылады. Жалпы, «барлығын теңдей ету- ге тырысу» дегенді білдіреді.
Кьёркегор Гегельдің объективті диалектикасына өзінің тұжы- рымын, яғни адамның өмір сүруінің субъективтік диалектика- сын қарсы қояды. Оның пікірінше, дүниеге көзқарастың жараты- лыстану жетістіктеріне негізделген кез келгені – ол жамандықтың белгісі, өйткені жаратылыс ғылымы, ақыр соңында, адамзаттың өз- өзін құртып-жоюына әкеліп соқтырады. Кьёркегор адамның тіршілік етуі мәселесін, оның ішкі әлемін, сана-сезімін, құштарлықтарын философияның негізгі мәселесіне айналдырады. Егер Сократ дүниені танып білу үшін, алдымен «өз-өзін тануға» үндесе, ал Кьёркегор тұлғаның ішкі дүниесін зерттеуді қанағат тұтып, тіпті сыртқы әлемді танып білуден бас тартады. Болмыс – ол ішкі дүние (innerlichkeit),
«меннің» өз «меніне» қатынасы. Адамның ішкі жан дүниесі заттардың ішіндегі зат сияқты нысан бола алмайтындықтан, ол ұтымды (рационалистік) жолмен танылмайды. Адамның болмысы орнықсыз, адам өзінің келешектегі өліміне қарай жылжып келе жатқанын сезінеді. Оны тек сезіммен түйсінуге, бастан өткеруге болады. Осыған байла- нысты ойшыл философияға: қорқыныш, қас-қағым сәт, қалшыл, секіріс, түңілу, үміт сияқты санаттарды енгізеді. Кьёркегор бойынша, осы санат-экзистенциалдардың көмегімен адамның ішкі, қайталанбас жан дүниесі әлемін көз алдыңызға елестете аласыз.
Өмір сүру – ол адамның күйзелістерінің, қайғы-қасіреттерінің және соның шектерінен шығу үшін жасайтын іс-әрекеттерінің әлемі. Бұл – өзіндік қайталанбас болмысын іске асыру мақсатындағы көп мүмкіндіктердің бірін еркін таңдау, өзін тобырдан бөлектеу, ешкімге ұқсамау. Бұл – өмір сүрудің шектілігі мен шексіздігінің арасындағы таңдау және соған байланысты қорқыныш, батылдық және бейтаныс дүниеге секіріс. Кьёркегор бойынша, батылдық қандай да бір сыртқы жағдайларға байланысты емес. Ол қашанда – адамның еркін таңдауы. Ал секіріс те ешқандай факторларға жанаспайды, өйткені ол – қашанда ұтымды ойлау шектерінен асып жататын рухтың іс-әрекеті. Көріп отырғанымыздай, ойшыл классикалық философияның қағидаларынан алыстап кеткен.
Кьёркегорша, адам өз өмірінде үш: эстетикалық, этикалық және діни сатыдан өтеді. Кант рухындағы эстетиканы С.Кьёркегор сезімдік қабылдау және ләззат деп қарайды. «Немесе-немесе» (1843) атты шығармасында ол: адам денесінің сымбатына қызығу (эротика), алғашқы кездесудің әсерімен кездейсоқ жыныстық қатынастарға түсу, қоғамда үлгіге (сәнге) айналғанның барлығына жетуге ұмтылу, өтіп жатқан өмірдің әр сағатынан, әр күнінен ләззат алып қалуға жанталасу
сияқты әрекеттерден көрінетін эстетикалық өмірдің данқын шығарды. Өмірге эстетикалық көзқарастың ұраны: «Carpe diem, carpe horam!» –
«Әр сағаттан, әр күннен ләззат ал!» – болды. Бұндай өмір салты адам- ды өз сезімдерінің, құмарлықтары мен құлшыныстарының құлына ай- налдырады.
Дамудың эстетикалық сатысында адам уақытты өзінше бағалайды. Ләззаттың әр мезеті үшін ол бәрін беруге әзір, алайда келесі мезет одан да нәзік, одан да тәтті болуға тиіс. Бірсарынды және қайталана беретін сезімдер – эстетикалық өмірдің бітіспес жауы. Өмірге он- дай көзқарастың классикалық үлгілері ретінде Кьёркегор барынша көп сұлу әйелдерді бағындыруға ұмтылған Дон-Жуанның, әр жолы жаңа, нәзік, өткір сезімдерден ләззат алуға жанталасатын Иоанның бейнесін келтіреді. Бірақ күндер, жылдар өтеді, эстетикалық кезең сарқыла бастайды. Қайталанбайтын нәрсе қайталанады, өткір сезімдер мұқалады, ләззат қуудың жалғандығы айқын сезіледі, адамды зерігу мен жалғыздық, өмірге құлықсыздық, тіпті одан түңілу сезімі билейді. Ал сол кезде оның алдында екінің бірін: өзінің мағынасын жоғалтып үлгірген бұрынғы эстетикалық өмір шектерінде қалу керек пе, әлде жаңаша өмір сүруге бет бұру қажет пе дегенді таңдау қажеттігі пайда болады. Нәтижесінде, адам өзінің өмір сүруінің келесі – этикалық са- тысына кез болады.
Бұл сатыда ол ізгілік жолына түсуге әрекет жасайды. Егер эстетикалық кезеңде адам сезімдік ләззаттар алуға ұмтылса, енді этикалық сатыда оның қоғам алдындағы борышын өтегісі келетін ниетін көреміз. Бұнда адамның өмір сүруінде маңызды қарама- қайшылық туады. Егер сезімдер оны бір жаққа – өз-өзін сүюге, ләззат алуға тартса, ал этикалық нормалар оның қоғам алдындағы борышын өтеуін талап етеді. Моральдық нормалардың талаптарына бағынуға тырысып және өзінің сезімдерін тұншықтыра отырып, адам жан- сыз машинаға ұқсап кетеді. Бұл айтарлықтай күйзелістерге түсіреді, өйткені моральдық нормалардың уақыттан тыс талаптарын адамның өтпелі сезімдік құштарлықтарына негіздеуге болмайды. Адамгершілік тұрғысынан ол өз күшімен жетілген тіршілік иесі бола алмайды. Ав- густин құсап, Кьёркегор оның себебін адамзаттың бастапқы тегіндегі күнәсінен көреді.
Бұл жерде «немесе – немесе» қағидасы жарамайды, өйткені екі сатының да үлкен кемшіліктері бар. Сол себепті өмірлік диалекти- ка тұлғаны: «мынау да емес, анау да емес» дейтіндерді терістеуге келтіреді. Сонда адамда енді өмір сүруінің үшінші сатысына өткісі
келетін және соған қатерге толы секіріс жасағысы келетін ниет пайда болады. Бұл саты – діни саты.
Соған орай Кьёркегор ғылыми танымның күшіне сеніп, тұлғаның ішкі жан дүниесін – күйзелістер, рухани шарықтау және құлдырау әлемін ұмытып кеткен замандастарын жазғырады. Дін сатысына өтіп қана адам оларды өз өмірінің негізгі мәселесіне айналдыра ала- ды. Бастапқыдан күнәһар тіршілік иесі ретінде ол өз кінәсін мойын- дап және Құдаймен байланысқа түсіп қана өз-өзін таба алады. Ал бұл күйзелістерді бастан кешкенде ғана мүмкін болады.
Аталған сатыны көрсету үшін, Кьёркегор Библиядағы Ибраһим (Авраам) бейнесіне жүгінеді. Ол Құдайға деген сенімі жолында жал- ғыз сүйікті ұлын да құрбандыққа шалуға әзір-тін. Ойшыл адамның өмір сүруінің этикалық және діни сатылары арасында пайда бола- тын қарама-қайшылықтарға егжей-тегжейлі талдау жасайды. Шын мәнінде, этикалық көзқарас тұрғысынан алғанда, Ибраһимның іс- әрекеті адамға жат және қылмыстық әрекет болып табылады. Бұдан Сократ пен Ибраһим арасындағы шексіз алшақтықты көреміз. Сок- рат моральдық борышы жолында өз өмірін қиса, ол кезде Ибраһим Құдай еркін орындау үшін жалғыз ұлын бауыздап, жауапкершілік жүгін және күнәсін өзі арқалауға әзір. Осындай ерекше күшті қарама- қайшылықтар адамның өмір сүруіне деген тосын пікірлерді (пара- докс) туғызады.
Сөйтіп, «парадокс» түсінігі Кьёркегор философиясының өзегіне айналады. парадокс – адамның өмір сүруінің қайшылықтарынан келіп шығатын күйзелістер. Егер эстетикалық өмір салтының негізгі қағидасы – ләззат, этикалық өмір салтында басты ұстаным – борыш болса, ал діни өмір салтындағы негізгісі – күйзеліс. Адам – күйзелу үшін жаралған тіршілік иесі. Өмір күйзелістерге толы. Өмір сүру – өмірді күйзеліспен, зардап шегумен өткізу деген сөз. Бірақ бұл мәселе, белгілі болғандай, философияның бүкіл тарихын тізіп өтеді. Сон- да Кьёркегор қойған сұрақ несімен ерекше? Оның ойынша, күйзеліс адамның өмір сүруі барысындағы қиындықтардан ғана шықпайды – ол керек және қалаулы. Егер біз күйзелістің бар екенін ғана мойын- дап қоймай, сонымен бірге оны сүйетін болсақ, онда бақытсыздықтан құтылып, тіпті бақытты күй кешуден де асып кетеміз. Олай бол- са, адам өз өмірін жеңілдетуге, күйзелістерден қашуға ұмтылмай, керісінше, қиындықтарды көбейте түсіп, соларды аңсап тұруға тиіс. Сонда ғана бақытсыздық пен бақыт арасындағы қайшылықтарды жеңуге болады. Ойшыл осының бәрін де өзінің ащы тағдырында басы- нан өткергендіктен, растай алады.
Кьёркегордың бұл идеяларының бұл дүниедегі барлық бақытсыз- дықтар, азап-күйзелістер мен әділетсіздіктер адамның бастапқыда Құдай көрсеткен жолдан ауытқуына байланысты болады деп санай- тын христиан дінінің қағидаларына қарама-қайшылығы айқын сезілді. Құдай үйлесімді, ғажап және мүлтіксіз жетілген әлемді құрды. Ал Кьёркегор бойынша, әлем жамандық пен азаптарға, күйзелістерге толы. Алайда адам Құдайды сынаудан аулақ болуға тиіс. Құдайға деген сенім күмәндануды қажет етпейді. Сенім – парадокс. Бұл адамның жеке таңдауы, ерік шешімі, секіріс, ғажаптық, сандырақ. Шығармашылығында ойшыл Тертуллианның ізімен жүреді: «Credo quia absurdum est» («Сандырақ болғасын сенемін»). Үйлену тойы қарсаңында сүйікті қалыңдығы Регина Ольсеннен бас тартқан ол азап- күйзелістерге толы бар өмірін өз ұстанымдарын іске асыруға арнады.
|