Ғылыми жұмыс


Зерттеудің әдіс-тәсілдері



бет5/11
Дата07.02.2022
өлшемі50,49 Kb.
#82524
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Немат Келімбетов

Зерттеудің әдіс-тәсілдері:
Зерттеу барысында талдау,жүйелеу,жинақтау,салыстыру әдістерін қолдандық.
Зерттеу жұмысының құрылымы:
Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі тарау және қорытынды бөлімінен тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.

Бірінші тарау
«Үміт үзгім келмейді» шығармасының жанрлық сипаты және тақырыбы .
«Үміт үзгім келмейді» хикаят – монологі повесть жанрында жазылған эпикалық шығарма. «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы бір адамның сөйлеуі, сыр шертуі жағынан баяндалады.
«...Сонау ауылдан анаңыз өмірден өтті деген хабар келгенде мен жұлын-омыртқама аса күрделі нейро-хирургиялық операция жасатып, төсекте шалажансар болып жатыр едім. Екі аяғым бірдей жансызданып, сал болып, екі қолымның саусақтары дірілдеп, әрең қимылдайтын, өмірден әлі дәмем болса да, қозғалуға дәрменім жоқ. Алыстағы ауыл түгілі, мені дәл мына күйімде осы қала ішіндегі ауруханаға «жедел жәрдем» машинасымен жеткізудің өзі қиямет еді. Алайда қазақ өлікті көп түнетпейді. Міне сол үшін мен анама дәл бүгін жетуім керек деген тас түйін шешімге келдім.
Ақыры мен шалқамнан жатқан күйімде «жедел жәрдем» машинасының зембіліне салып алып әуежайға жеткізді. Не керек сондағы жол азабы маған көр азабынан кем болған жоқ. Ақыры өлдім-талдым дегенде ауылға да жеттік. Анам марқұм табытта жатыр екен. Бетін жауып қойыпты. Туыстарым маған аранайы бөлме дайындаған екен. Алайда мен анамның жанына жатқызуды өтіндім. Сонан анамды жерлеуге алып кеткенше жанында болдым. Бала кезімде осылайша анамның жанында жатуды ұнатушы едім. Ал қазір біріміз табытта, біріміз табыт секілді зембілде жатырмыз. Арадағы бар айырмашылық мен сөйлеймін, анам үнсіз ұйықтап жатқан сияқты. Сол жылы мен анаммен емес, өмірімнің оралмас тұтас бір кезеңімен қоштасқандай болып қайттым. Тағдырыммен егескендей күйге түстім. Енді анам үшін де, өзім үшін де өмір сүргім келді. Өмір үшін, тіршілік үшін, бала-шағаны асырау үшін іштей тістеніп алып, қасірет кітабын жазуға кірістім. Менің «Үміт үзгім келмейді» монологым осылайша өмірге келген еді».
Әдебиет атты киелі әлемге жазушының араласқан кезеңі әр түрлі аталғанымен, ол - өз заманының перзенті, яғни ол өзі өмір сүріп отырған мезгіл мен мекендегі қандай құбылысқа болсын енжар, бейтарап қарай алмайды. Оны бәрі тебірентеді, ол бәріне араласады. Ендеше оның қаламынан туған шығармалар да бір емес, бірнеше тақырыпқа жазылады, бір емес бірнеше проблемаға құрылады.
Тақырыптың үлкен-кішісі, жақсы не жаманы жоқ деп жатамыз. Дегенмен әр дәуірдің өз көркем шындығы бар. Жаңа заманға тән өзіндік эстетикалық идеалы болатыны тағы бар. Мәселен, кешегі Кеңес үкіметінің тұсындағы, тіпті, бүгінге дейін де, алдыңғы қатарда тұрған келелі мәселенің бірі де, осы тақырып болғаны мәлім. Жұмысшы табы, коллективтендіру, тың игеру, өндіріс т.б. күн тәртібінде тұрған тақырыптар туралы жазылса, сол мықты шығарма ең қажет керекті туынды деген көзқарас қалыпасты. Алайда, сол тақырыптың тасасында талай тағдырлар көмескі тартып, көрінсе де екінші орынға ығыстырылды емес пе?
Десек те қарама-қайшылықсыз өмір жоқ. Ендеше сол қарама-қайшылықтан туындап жатқан өмірлік тартыстар, тіпті жеке адам психологиясында болып жатқан ала сапыран, сезімдік күйлер, көре білер, сезе білер суреткерге дайын тақырып емес пе. Олай болса, мәселе тек тақырыпта ғана емес екен. Сол тақырыпты талғай білер талантта бір сөзбен айтқанда сол өмірлік шындықты шығармашылықпен игерудегі жазушы танымында, ұсынар идеялық мұратында екен. Ендеше Н.Келімбетовтің әдеби шығармашылығының ерекшелігі неде? «Н.Келімбетовті өзге әріптестерінен даралап тұрған қандай қасиет, танымы ең жоғарғы сатысы болып табылатын интеллекті, қабілет-қарымы қандай?» деген заңды сұрақ туады.
Ендеше Н.Келімбетов туындыларының ішінде ерекше тоқталуды қажет ететін бітім болмысы бөлек дүниесі «Үміт үзгім келмейді» хикаят – монологына көз жүгіртейік. Біріншіден, «Үміт үзгім келмейді» Немат Келімбетовті талантты жазушы ретінде танытып, атағын шығарса, екіншіден «Үміт үзгім келмейді» хикаят – монологын мақтауға да, мақтануға да тұратын кесек дүние. Асыра мадақтап, қызыл сөздің көрігін қыздырудан аулақпыз. Десек те, мұндай шығармалар қазақ прозасында саусақпен санарлық екені анық. Оның себебі, біздің ойымызша Н.Келімбетов басынан өткен қиыншылықты тақырып тосындығы болса, соған орай көркемдік ізденістің авторлық таныммен шебер қиюласуында жатса керек. Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты хикаят-монологының тақырыбы ауыр науқасқа шалдығып, төсекке таңылғанына қарамастан, өмірге деген махаббатын жоғалтпаған жан – Ержанның ой-толғаныстары. Шығармада әдеби тіл нормалары қатаң сақталғандықтан, оны жазбаша формада жазылған деп тұжырымдауға болады. Шығарма әңгімелеу мәтіні түрінде жазылған, себебі мұнда оқиғалар ретімен баяндалады және сөйлемдер тізбектеле байланысып, хикаяттың соңына қарай негізгі ой айтылған. Жалпы, «Үміт үзгім келмейді» өмір шындығын мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін терең ашып, жан-жақты танытатын күрделі жанр – эпикалық жанрға, оның ішінде хикаятқа жатады. Шығарма мазмұнында өмір шындығы баяндалады, нақтырақ айтар болсақ, науқас адамның сын сағаттағы өмір-өзен жайындағы сан қилы ой-толғаныстары сөз етіледі. Жұлынына күрделі операция жасатқан соң, екі аяғы бірдей жүрмей қалған Ержан тағдыр тауқыметіне тауы шағылмай, ары қарай өмір сүруді жалғастырады. Жүре-жүре ол өмірінде сан түрлі адамдарды кездестіреді, маңдайына жазылған қиын тағдыр оған кімнің кім екенін көрсетеді, осы уақыт ішінде әрдайым оның жанынан табылып, қолдау көрсете білген жан жары Гаухар болды, сондықтан да оның Гаухарға деген алғысы шексіз еді, жұбайының кіршіксіз махаббатының арқасында Ержанның биік рухы мен қайсарлығы жеңіп шығады. Бұл хикаяттың мақсаты - ойда жоқта сырқаттанып қалған кейіпкер бейнесін пайдалана отырып, мүлдем ауырып көрмеген, он екі мүшесі сау адамдарға өмір дейтін бір рет қана берілетін үлкен сыйды бағалай білуге, сондай-ақ денің сауда лайықты өмір сүруге шабыттандыру, яғни оқырман сезіміне әсер ету. Оның үстіне бұл оқиғаның шын өмірде болғанын және автор оны өз басынан кешіргенін ескеретін болсақ,онда автордың мақсаты өз оқырмандарын ешқандай қиындыққа мойынсынбауға , биікке талпынуға шақыру екені анық. Бұл туындының көзделген аудиториясы кең шеңберлі, яғни оқырмандары жан-жақты болуы ықтимал, себебі бұл шығарма қайтпас қайсар адамдардың өміріне қызығушылық танытатындарға, ауыр науқасқа шалдыққан адамдарға немесе өмірде адасып жүрген адамдарға т.б. арналуы мүмкін. Оқиға көркем әдебиет стилінде жазылған, себебі мұнда кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөзі, мінезі, келбеті қатысып баяндалады, бұдан бөлек оқиғаның адамның сезімін оятып, көркемдік тәрбие беріп, сөз мәдениетін ұштайтынын тілге тиек ете кеткен жөн.
Көркем шығарма арқылы адам жанының небір тылсым сырлары шертіледі, өмір құпиялары ақтарылады. Шығармада суреттелініп отырған замандағы тірлік пен күреске, қарым қатынас пен күрделі қайшылықтарға, әлеуметтік өмірдің өзіне сырттай болса да араласып, соған куә боласың. Себебі, «адам - әдебиеттің жүрегі, адам өмірлік бейнелеуі - әдебиеттің түбегейлі мақсаты...»
«Үміт үзгім келмейді» хикая – монологында шымырлық пен шеберлік сияқты жанр талабына тән қасиеттер бірден көзге шалынады. Автор бас кейіпкері – Ержан арқылы адам санасындағы үздіксіз жүріп жатқан процесті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен кестелей білген. Шіркін-ай, адамның қасында басы аман, бауыры бүтін боп, ауырмай-сырқамай айдарынан жел есіп жүргеніне не жетсін! Алайда, ғұмырында бір рет те қатты ауырып көрмеген ойда жоқта оқ жыландай орап алған науқас қыспағынан жаны жарға таянбаған, үрейлі ажалдың өзімен бетпе-бет кездеспеген адам өміріндегі көп жәйттерді терең түсіне де, сезіне де алмайтын шығар. Ондай жандар мына аз күндік өмірдің шынайы қадір-қасиетін, шексіз құндылығын, баға жетпес ләззатын ешқашан пайымдай алмайтыны хақ. Жазушы бұл хикаяттың басты қаһарманы Ержан жұлын-омыртқасына жасалған аса күрледі нейрохирургиялық операциядан кейін ақырет азабын шегіп, күні-түні ажалмен арпалысып жатқан күйінде бейнелеген. Жазушы Ержан мен Гауһарды монологты түрде сөйлетіп, Ержанның сырқаты қауіпті сырқат екенін көрсетеді
«...Өмірлік материалды көп білу, көрген білгенін көңілге тоқып, өмір құбылыстарын зерделеп ұғып, жадында сақтап, оны көркем шындыққа, өнер туындысына, көркем шығармаға суреткерлікпен айналдыра білу – жазушы бақыты...»



    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет