Өзің-өзі бақылау сұрақтары:
1.Бүгінгі білім берудегі жаңа бетбұрыс , негізгі талаптар қандай?
2.Мектепте білім мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы мұғалімнің рөлі.
3.Оқу пәндерінің құрамында қазақ тілі пәнінің алатын орны, оқытудың негізгі бағыттары
4.Қазақ тілі пәнін оқыту әдістемесінің өзіне тән ерекшелігі, қарастыратын мәселелері.
№ 2 дәріс тақырыбы. Қазіргі сабақ және технология талаптары.
Мақсаты: Қазіргі сабақ және технология талаптары жайында түсінік.
Негізгі сұрақтар:
1. Оқыту әдістемесінің өзіне тән ерекшелігі, қарастыратын мәселелері
2. Қазіргі сабақ және технология талаптары.
Қысқаша мазмұны: 1.«Сабақ беру-үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол-жаңадан- жаңаны табатын өнер». Жүсіпбек Аймауытов
Бүгінгі таңда егемен еліміздің оқу-тәрбие ісіне, жалпы білім беру саласының жұмысына байланысты ресми құжаттарында (Білім туралы заң, мектеп түрлеріне, пән негіздеріне арналған әр түрлі құжаттар, оқу жоспарлары мен пәндік оқу бағдарламалары, т.б.) білім жүйесін жетілдірудің сан-салалы жолдары көрсетіліп жүр.
Бұл әсіресе жалпы білім беретін мектеп жұмысын өркендетуге орай жүргізіліп жатқан іс-шараларда ерекше ескеріліп, алда тұрған айқын міндеттер белгіленіп келеді. Оқушыларға білім беруде күнделікті сабақтың орны айрықша. Сондықтан да сабақ оқу ісін ұйымдастырудың негізгі түрі болып есептеледі. Оның өзіне тән сипаты ұстаздың өз оқушысының танымдық, білімдік қабілетін қалыптастыруға тікелей ықпал етуімен анықталады. Сыныптан тыс, мектептен тыс оқу-тәрбие жұмыстарындағы жас жеткіншектердің танымдық қызметі күнделікті сабақта алатын теориялық білім-білігінің, практикалық дағдысының негізінде тығыз логикалық байланыста өрбиді. Одан оқушы өзіне бағыт-бағдар алады.
Сабақ үстінде оқушылардың ой-өрісін, ақыл-парасатын дамыту тұрғысында көптеген оқу материалдары, өмірлік өнегелер пайдаланылады. Шәкірт өзінің күнделікті тұрмыста байқаған мағлұматтарын, түсінік-тұжырымдарын сабақ барысында белгілі бір жүйеге келтіріп, оны рет-ретімен өзінің ой-санасында бекітеді. Оларды өмірлік тәжірибесінде пайдаланатындай дағды қалыптастырады, бойындағы қабілетін жан-жақты дамытады. Міне, сол себептен де, сабақты оқушының оқу еңбегін ұйымдастырудағы оқу-тәрбие жұмысының негізгі түрі деп танимыз.
Сабақ ұстаздың оқушылар дербестігін, белсенділігін қалыптастыратын, оларды ұжымдық еңбекке жұмылдыратын алуан түрлі әдістемелік әдіс-тәсілдерді қолдануы арқылы жүзеге асады. Бұл ретте, орыстың белгілі әдіскер ғалымы, профессор М.А.Рыбникованың "Әдістеме ғылыми сабақ жүйесіне қызмет ететін мұғалімге қажетті материалдардың, мектеп жағдайы туралы білімнің жан-жақты жиынтығы" деген пікірін ескерте кеткен абзал. Оқыту барысында мұғалім өз шәкірттерін зерттеп байқайды, олардың білім, білік, дағдыларын тексеріп бағалайды. Сондықтан да әрбір ұстаз сабақты шын мәніндегі нағыз шығармашылық еңбек деп түсініп, өзінің педагогикалық шеберлігін, білім-білігін күн сайын арттыра түсуі, озат тәжірибелерді өз дәрістеріне сарқа пайдалануы тиіс. Әр тақырыпты өткенде мұғалімнің қай әдісті тиімді деп таңдайтыны — өзінің еркі. Өйткені, ұстаз үшін ең тиімді әдіс — оның өзі жақсы меңгерген, жетік білген әдісі. Әрине, бұдан мұғалім тек бір әдісті ғана меңгеріп, басқасына көңіл қоймасын деген ұғым тумаса керек. Өйткені, біздің дәуіріміздің мұғалімі өз әріптестерінің озат тәжірибесінен тек хабардар болып қана қоймай, оны өз жұмысында шығармашылықпен пайдалануы да қажет. Себебі, бүгінгі таңдағы жаңалығымыз ертең үшін жаңалық болудан қалатыны айдан анық. Бұл орайда: "Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі — бір ғана әдісті білу, шеберліктің белгісі — түрлі әдісті білу; керек орында жоқ әдісті табу да қолынан келу. Мұғалім әдісті көп білуге тырысуы керек; оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек", — дейді қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов "Қай әдіс жақсы?" атты еңбегінде. Бұл — әлі құнын жоймаған ақиқат шындық.
Белгілі бір тақырыпты әр мұғалім әрқалай жеткізеді. Бұл — табиғи нәрсе. Мұнда әр ұстаздың өзіндік әдіскерлік шеберлік икемі, ғылым негізінен алған білімі, талғам-тұшымы байқалады. Кез келген мұғалім өз шама-шарқынша алдына қойған мақсатын орындауға әрекеттенеді. Соған орай, жазушының стилі, актердің орындау мәнері, суретшінің бейнелеу машығы деген секілді ұстаздардың да әрқайсысының өзіне тән педагогикалық шеберлік өрнегі болады. Айталық, белгілі бір ұстаздың белгілі бір тақырыптағы сабағы екінші бір мұғалімнің дәл сол тақырыптағы сабағына сырттай ұқсас сияқты болғанымен, оларда бірін-бірі қайталамайтындай озіндік ерекшеліктер кездесуі заңды. Оның әрқайсысында қайсыбір мәселелердің қамтылмай қалуы мүмкін не қамтылған күнде де екеуінде бірдей әсерлі болуы екіталай. Қайталанбас, таңдай қағарлықтай сәттер сабақтан кейін ұстаз көкейінде қалуы да ықтимал.
Мұғалімнің сабақты жоғары дәрежеде жургізуі үшін еркін қалыпты жағдай, орнықты көңіл күй болғаны абзал. Бұл айтылғандардың өзі сабақтың құрылысы толығымен, кішігірім мәселелерге дейін жан-жақты ойластырғанда ғана жүзеге аспақ. Ол жайттар сабақтың құрылымдық бөлім-дерінен тиісті орын алғаны мақұл. Ал әрбір сыныптық сабақ, негізінен, мынадай бөлімдерден құралады:
1. Өтілген оқу материалын оқу, оны пысықтау.
2. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
3. Өтілген жаңа материалдарды бекіту.
4. Үйге тапсырма беру.
Сабақтың құрылымын жоспарлағанда, ұстаз мына мәселелерге назар аударуы тиіс:
1. Сабақтың мақсаты.
2. Сабақты ұйымдастыру және оны жабдықтау (көрнекілік, дидактикалық материалдар).
3. Сабақтың мазмұны. Сабақта ескеретін мәселенің ғылыми негіздегі делелдемесі. Оқу бағдарламасына сәйкестігі.
4. Сабақтың құрылысы. Жаңа сабақты түсіндіру, бекіту әдістері.
5. Оқушылардың өздігінен орындайтын және жаттығу жұмыстары.
6. Сабақтың күнделікті өмірмен, басқа оқу пәндерімен байланысы, онда ескерілетін мәселелердің өмірлік-тәжірибелік мәні.
7. Дәрістің тәрбиелік астарлары.
8. Сабақтың барлық кезеңдерінде шәкірттердің білімі мен білігін айқындау, дағдысын қалыптастыруға назар аудару, үй тапсырмасын тексеру.
Оқыту үрдісіне, көркем шығарманы талдауға негіздей отырып, сабақтың мынадай түрлерін атайды:
кіріспе сабақ;
жаңа оқу материалынан білім беру сабақтары;
бағдарлы әңгіме сабақтары;
синтетикалық сабақтар;
көркем шығарманы, оның мәтінін талдау сабақтары;
қосымша материалдарды, сын-зерттеу мақалаларды, оқулықты оқып-үйрену сабақтары;
қорытынды сабақтар.
Кез келген сабақ төмендегі дидактикалық талаптарға сәйкес жүргізілгені дұрыс:
оқу-тәрбие ісінің ғылымилық сипаты;
оның күнделікті өмірімен байланысы;
шәкірттерді оқыта отырып тәрбиелеу;
берілген білімді саналы түрде меңгеру;
сабақта көрнекілік қолдану мәселесі;
сабақтың жүйелілігі.
Сабақтың сыныпта өтілетін түрін сыныптық сабақ дейміз. Ол: кіріспе, әңгіме, баяндау, лекциялық, оқушылардың өз бетімен жұмыс жүргізу сабақтары, бақылау, семинар, пікір-сайыс, рефераттық, сынақ, шолу, конференциялық, монолог сабақтар болып бірнеше түрге бөлінеді.
Сондай-ақ сабақ жүргізілу формасына қарай: концерт-сабақ, кино-сабақ, теле-сабақ, саяхат-сабақ; көркем шығарманың жанрына, тегі мен түріне қарай: оқып-үйрену сабақтары, лириканы, драманы, эпосты оқып-үйрену сабақтары, т.б. болып тарамдалады.
Қазіргі өзгермелі қоғамда әлемде болып жатқан білім саласындағы өзгерістер, өркениетті елдер қатарынан орын алу, біздің еліміздің де білім саласына жаңашылдықты енгізуді қажет етуде. Бүгінгі таңда озық ойымен, өзіндік пікірімен елді елең еткізетін шәкірттер саны көбейіп келеді. Олардың білімін, қабілетін кішкентай кезінен танып, орамды ой айтқызып, өзіндік пікірін қалыптастыратын, сауаттылыққа, шешендікке жетелеу-әрбір ұстаздың міндеті.
Мұғалімдердің республикалық ІІІ съезінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгі жастарымыз-еліміздің болашағы. Оларды қазірден бастап жан-жақты толысқан адам ретінде тәрбиелеу міндеті тұр»,-деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан ұстаздардың алдында болашақ заманның жан-жақты дамыған, тәрбиелі, ұлтжанды, білімді азаматын даярлау міндеті тұр.
Оқушыларға сапалы білім беруге, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеуге дәстүрлі технологияның деңгейі жетіспейді. Сол үшін оның орнына жаңа педагогикалық технологиялар қолданылуда. Оқушы білімді сапалы, жүйелі қабылдауы үшін, ұстаздар оқу-тәрбие үрдісінде әр оқушыны жеке тұлға ретінде қарауы керек. Сабақ үстінде білімдерін, дарындарын дамыта отырып, ойларын өз беттерімен саралауға, түйіндеп бір қорытындыға жетуге, шығармашылық қабілетін дамытуына ықпал жасаған жөн.
Ж. Аймауытовтың: «Бала ынтасын ояту үшін оқытатын нәрседе бір жаңалық болу керек» - деген қағидасын ұстанып, сондықтан ұстаздар өз сабақтарында әр түрлі технологияларды икемдей, үйлестіре пайдалануы қажет. Олар: модульдік оқыту технологиясы (М.М.Жанпейісова), тілдік материалдарды деңгейлеп саралай оқыту, бейіндік оқыту, сын тұрғысынан ойлау, интерактивті оқыту, инновациялық дамыта оқыту, ойын элементтерін пайдалана оқыту және т.б.
Сабақ беру – оқыту үрдісіндегі ең негізгі ой құраушы элементтердің бірі. Оқыту үрдісі мынандай жағдайларда іске асады:
мұғалім оқу ақпараттарын жүйелеуде;
сабақ құрылымын жасауда;
ақпараттарды педагогикалық іс-әрекет арқылы ұсынуда;
ақпараттарды қабылдауда;
танып игеруде;
оқушылармен жұмыс істеу әдісінде.
Оқу үрдісі әрбір оқушының іс-әрекетіндегі жүйелі білім және оларды оқу тәжірибе жұмыстарында қолдану әдістеріне, игеруіне қарай тиімді, нақты міндеттерін ұйымдастырумен басталады.
Оқушының оқуға деген қызығушылығы оянып, оқу бала үшін мәнді, мағыналы болып көрінген жағдайда ғана оқу белсенді бола алады. Оқушының ауызша, жазбаша жұмыстарында, пікірталастарда, шығармашылықпен жұмыс істеуде, талдауда оқушы барлық жұмыстарына өзі сыни тұрғыдан ойлауды енгізу қажет. Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз – зерттеу әдісін пайдалану. Алдына мақсат қойып, оған жоспарлы жауап іздестіру. 12 жылдық білімге арналған тұжырымдамада: «Жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің негізінде еркін бағдарлай білуге, өз ойын іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» - әр сабақта басты назарда ұстайтын ұстаным делінген.
Интеграциялық сабақтың тиімділігі – оқушының шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал жасайды. Интеграциялық сабақта оқушыға өзі өмір сүріп отырған әлем туралы, құбылыс пен заттардың арасындағы өзара байланыс туралы ,көркемдік мәдениет әлемінің сан-салалары туралы кең және нақты түсінік беріледі.
Интеграциялық сабақтың ерекшелігі – үйренуге мүмкіндік туғызады, танымдық көзқарастарын қалыптастырады, құбылысты бірнеше жағынан қарастырады.
Оқушылардың сөйлеу қабілеті жетіледі, ойлауын, салыстыруын, қорытынды жасауын қалыптастырады. Пән туралы танымын тереңдетіп қана қоймай, ой-өрісін кеңейтеді, жеке басының дамуын қалыптастырады. Интеграциялық сабақтар екі немесе бірнеше сабақтар үшін маңызды проблемаларды ашатын сабақ түрінде және пәнаралық байланыс арқылы да жүргізіледі.
Оқытудың тағы бірі-саралап-деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты – өздігінен білім алып, дамуға ұмтылатын жеке тұлғаның қалыптасуына жағдай жасау. Сондықтан оның өзіндік іс-әрекеті белгілі-бір дәрежеде белсенді жүреді. Бұл әдіс білім беру принциптерін ізгілендіру мен демократияландыру жағдайында қабілеті әр түрлі оқушылардың өздігімен дамуына жағдай жасайды. Саралап-деңгейлеп оқыту технологиясының артықшылығы:
1. тақырып бойынша модуль құру;
2. әр модульдің соңғы сабағында қорытынды, өзіндік жұмыс, бақылау жұмысы және қатемен жұмыс, мұғалім мен оқушының шеберлігін ұштайды.
Сабақтың әр кезеңінде, мұғалім өз іс-тәжірибесінде түрлі әдіс-тәсілдер пайдаланады.
- оқушының өз білімін өзі бағалауға, күнделікті еңбегінің нәтижесін көруге мүмкіндігі бар;
- оқушы өзінің мүмкіндігі мен қабілеттеріне қарай жұмыс істей алады;
- дарынды оқушылар стандартпен бекітілген міндетті деңгейді меңгеріп қана қоймай, одан әрі қабілеттеріне қарай деңгейлік тапсырмалар орындайды.
І деңгей- тақырып бойынша алынған ақпаратты қолданып, жеткізе білу.
ІІ деңгей – тақырып бойынша ақпаратты талдай білу керек.
ІІІ деңгей – сұрақтары шығармашылық сипаттағы тапсырмалардан тұрады, мұнда оқушылар ақпаратты бағалап, ол туралы өз пікірін білдіріп, оны негіздеп, дәлелдей білуі керек.
Сабақты қорытындылауда әр топқа өз көзқарастарын дұрысқа шығарады деген мақал-мәтел, афоризмдер, нақыл сөздер топтамасы ұсынылып талданады.
Әрбір мұғалім өз жұмыс формасы мен әдіс-тәсілдерін, оқытудың озық технологияларын таңдай отырып, оқушылардың білімін жетілдіру мақсатында еңбек етуі керек. Мынандай бір қанатты сөз бар: «Мұғалім-өз тауарын өткізе білетін сатушы тәрізді болуы тиіс. Ол тауарын әдемілеп көрсете білуі керек». Сабақ өткізу дегеніміз-мұғалімнің шығармашылық ізденісі, педагогикалық әдіс-тәсілдер жиынтығы. Оқытудың ең тиімді әдіс-тәсілдерін икемдеп пайдалану – оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дамытып, пәнге қызығуы мен құлшынысын арттырады. Әрі тіл байлықтарын молайтып, сөйлеу шеберліктерін қалыптастырып, ұстаз бен шәкірттің шығармашылық ынтымақтастығы шыңдала түседі. Оқушылардың оқу еңбегін, білім алу жолындағы өздігінен атқаратын жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың тың мүмкіндіктері ашылады.
Американдық гуманитарлық психология қауымдастығының өкілі К. Роджерс жасаған әдістеменің төмендегідей бағыттары жаңа педагогикалық технологияда көрініс тапқан. Яғни олар:1. Оқушының дайындық деңгейін бақылай алу; 2. Оқу материалын сұрыптап ұсына алу; 3. Оқу әрекетін ұйымдастыра алу; 4. Диалог жүргізе алу; 5. Сабақ барысында жағымды эмоция сезімдерімен қанықтыра алу; 6. Мақсаттың нәтижеге ұласуын жоспарлау, жүзеге асыра алу. Қазіргі кезде қазақ тілін оқытуға жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы білім беру. Олардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіре отырып, оны танымдық күшін қалыптастыруға жағдай жасау, оқытушының жеке басының интелектісін, оқу әрекетін, өтетін тақырып мазмұнын аша білу. Білім негізінен пән арқылы берілгендіктен, әр пәнді заман талабына сай өз деңгейінде игерту, қай кезде болмасын, ең маңызды мәселе болып келгені даусыз. Әрине терең білім де, материалдың игеруге қолайлығы да, оқулық деңгейімен шектелу де мүлде нәтижесіз болды деп айта алмаймын. Ұстаз үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |