Жаңылтпаш ойыны. Бұл ойынды әуелде тілінің мүкісі бар, әр әріпті, дыбысты дұрыс айта алмайтын балалар үшін пайдаланған халық педагогикасының бір саласы. Кішкене кезінде ‘р’-дың орнына ‘и’-ді ауыстырып айтуға байланысты халық үні, әуені әдемі өлеңделіп:
Дегенде, ей, Тайқарбай, әй, Тайқарбай,
Қойыңды мол жусанға жай, Тайқарбай,
Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр,
Әй, Тайқарбай, дагенің қай Тайқарбай?
деп балаларға әр дыбысты өз орындарында айтуға дағдыландыру арқылы тіл мүкісін түзетуге көмектескен ойын түрі.
Бала тәрбиесінде халықтық педагогиканы қолдану – жан-жақты дамытушы фактор болғандықтан, әлеуметтендіру процесі де жүзеге асады.
Жаңылтпаш, ауызша поэзия және тағы басқа халық ауыз әдебиетінің түрлері баланы моральдық құндылықтарға баулып қана қоймай, кішкене кезінде тіл мүкісін болдырмауға қолданылатын құрал.
Халықтық педагогика ғасырлар бойы қалыптасып, шыңдалған сенімді де құнды құрал болып қала бермек. Бұл тәрбие әдісі өз күшін бүгінгі таңда да
Студенттердің білімдерін бақылауға арналған сұрақтар: 1.Тұқышқуалаушылық, орта, тәрбиеге деген халықтық көзқарасмағынасын ашыңыз.
2.Табиғат, қарым-қатынас, тұрмыс терминдерінің мағынасын түсіндіріңіз.
3. Халықтық ойындардың қандай түрлерін білесіз.
4. Табиғи ықпалдың алатын орны;
5. Бала қалыптасуына бастайтын маңызды әрекет – ойын. Ойыншықтар.
Әдебиеттері: Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Алматы, «Сана», 1995
Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақтың халық педагогикасының тарихынан. Алматы, «Кітап», 1992
Қалиев С. Халық педагогикасының тағылымдары. //Бастауыш мектеп-1991-№5 – 26 б.
Қалиев С., Базилов Ж. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы, РБК, 1993
Мырзатаева Б.Халықтық салт-дәстүрлердің бала дамуына ықпалы. Ұлағат – 2002 №5 37 б.
4-дәріс. Халық идеалындағы «жетілген тұлға» және оны тәрбиелеудің тәжірибесі.
Жоспар: Халық ұғымындағы тұлға. Балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі халық ауыз әдебиеті және оның жанрлары, мақал-мәтелдер адамгершілік, имандылық тәрбиесінің құралы ретінде. Халық ертегілері. Этнос. Аңыздар. Балалар фольклоры.
Негізгі ұғымдар: Этнос, халық ертегілері, «жетілген тұлға», мақал-мәтелдер, халық ауыз, әдебиеті.
Мақсаты: Қазақ халқының тұрмыс - салты, әдет - ғұрпы жайлы мәлімет беру. Олардың бала тәрбиесіндегі алатын орны, маңыздылығын түсіндіру. Халық педагогикасының элементтерін шебер пайдалана білуге үйрету. Халқына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін ояту.
Жетілген адам тәрбиелеудің халықтық бағдарламасы көпқырлы және кең. Және оны жүзеге асыру құралдары да сан алуан.Жастардың тұлғалық бейнесін қалыптастыруға бүкіл халық өмірі ықпал етті: бәрі тәрбиелейді, барлығы тәрбиеледі, бәрін тәрбиеледі.
Адамды жетілдіруді халық мейлінше нақты және анық түсінді: сөзі жетілген адамның синтездік бейнесі ғана емес, сондай ақ нақты жетілулер еңбекте, ақыл – ой адамгершілік – құлық, әсемдікке жетілуді қалыптастыруды қамтамасыз ету жайында болды. Жетілген тұлғаның нақты сипаттары тек тілек – сөздер төңірегінде болған жоқ, олар тәрбие тәжірибесімен тығыз байланысты алға шықты, яғни сөз бен істің бірлігі халық педагогикасының қуатты тұстарының бірі болып табылады.
Халықтық педагогикалық көзқарастарын жүзеге асыру жұмысын мақсатқа сай қамтамасыз ету мен тәрбие дәстүрлерін бекіту, оларды нақтылау, толықтыру және жетілдіруге көмегін тигізген жеке сынақ әдісі ел арасында кеңінен мәлім болды.
Халыққа сөзбен әсер етудің сан түрлі тәсілдері белгілі, сезім мен санаға ықпал ету шараларының көптеген түрлнрі бар. Дәстүрлі бата – тілектер әсерлі ықпал етуді көздеді. Балалар достарына, есейе келе өзіне, үлкен ағаларына, ата- аналарына, ауылдастарына ант берді. Балалар ортасындағы серттер сөзге, борышқа, достыққа берік болу міндеті сипатында болды. Халықтық пікір анттарға байыпты қарым – қатынасты ұдайы қолдап отырды.
Балалар мен жастар ортасының аса тиімді құралдарының бірі – ойындар. Халық педагогикасы олардың бала өсуі, дамуы мен қалыптасуы факторын көреді. Оның «Бала өсірген ата- ана бала болып ойнайды, бала оқытқан ұстаздар бала болып ойлайды» деді осыдан.
Ойындар тек жұбаныш пен уақыт оздыру, сауық – сайран мен балалар үшін қуаныш қана емес. Көптеген балалар ойындарының ден күштерін дамыту, көркемдікке және адамгершілікке баулуда маңызды мәне бар.
Халықтық тәрбие түрлері халықтың әлеуметтік өмірінің бүкіл өзге салаларымен, сенім – нанымдарымен дәстүрлерімен, салттары және әдет – ғұрыптарымен,шаруашылық кәсібі түрлерімен, қоғамдық тәртіп қалыптарымен ажырамыс бірлікте алға шығады. Бұл қалыптар орнықты әлеуметтік қатынастар жиынтығымен бірге ең ақырында, қоғам мүшелерінің әдеттері мен тәртіптерін белгілейді, белгілі өмірі тәжірибесі сондай – ақ ішкі мақсат пен дағдыланған әрекеттер тудырып, жеткеншек тұлғасының дамуы мен қалыптасуын жобалайды және бағыттайды. Қазақ халқының өмірінде ойынсыз тірлік бітпеген тіпті көшіп қонуда да жастар аяғын ойынға айналдырып отырған. «Бұл елдің ескі бір салты бойынша, көші – қон кезінде жастар әуелі үлкендердің үйін тігісіп береді. Одан соң жетім қалған үйлерді де тігіседі. Ең соңында отау үйлерді қалдырып, аяғын ойын – сауыққа айналдырып әкетеді » - деп жазған екне Ғабит Мүсірепов. «Ұлпан повесінде».
Өркениетті, мәдениетті елдердегідей мектеп, халық ағарту жүйесі, институт, университет, баспасөз маңдайына бұйырмаған ата – бабаларымыз жас ұрпаққа ұсыеар тағылымын бір буыннан екінші буынға толқындай ауыстырып мирас еткен аса бай ауыз әдебиетіне шоғырландырған. Түз далада не жүйрік – тіл жүйрік! Тілдің әсерлі, ықпалды құдіретіне сенген. Сол себептен де «Ұлы сөзден ұлағат», демекші, халық педагогикасының нәрімен суарылып, өзінің тәрбиелік нәрін күні бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан бірден – бір киелі мұра – фольклор. Халық поэзиясын көпшіліктің өзі тудырғандықтан, ол елдің тұрмыс – тіршілігімен тығыз байланыста болған. Әр ел өз басынан өткерген оқиғаларды құмарта жырлайды. Сол жырларға қарап, елдің әдет – ғұрпын, ой – санасы мен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады. Сонымен қатар фольклор шығармаларынан халық тағдыры, оның өмірден көрген қайғы – қасіреті мен мұң- зары, келешектен күткен арман- тілектері айқын көрініс тапқан. Әрбір айтушы – импровизатор өз тыңдаушысына ұстаздық жасап, олардың түйсік сезімін келелі ой – ниеттерге бастап отырған.
Ғылымда халық поэзиясын «Фольклор», ал оны зерттейтін ғылым саласын «Фольклористика» деп атайды. Неміс ғалымы И.Ф. Кнафльдің анықтауынша фольклор халық даналығы деген ұғымды білдіреді.
Фольклор шығармаларының ерекшелігі тәрбиелік қасиеті – ол қоғам дамуының әр түрлі сатысында, негізінде еңбек процесінде жасалатын болғандықтан, пессимизм дегенді білмейді. Оның бас кейіпкері көбіне мұрат – мақсаттарына жетіп отырады. Мұны фольклорға тән оптимизм дейміз.
Қазақ фольклорында бала бағу, бала асырау, қыз ұзату, жаназалау бақсылық нанымға, діни әдет – ғұрыпқа байланысты туған салт өлеңдерді тұрмыс – салт жырлары деп атаймыз. Мұны мазмұны мен тақырыбына қарай бірнеше түрге бөлуге бөлуге болады.
а) Төрт түлік мал туралы
ә) Діни әдет – ғұрып тудырған жырлар
б) Үйлену жырлары
в) Ұлыс жырлары
г) Бөбек жырлары
д) Жаназалау жырлары
ж) Шешендіксөздер, мақал – мәтел, жұмбақтар.
Тәрбие процесіндегі жас ерекшелікті ескере отыра ұл мен қызды адамгершілік инабаттылыққа, еңбекке, әсемдікке тәрбиелеуде, ұлтымыздың ұлттық мәдениетіне, тіліне, дініне баулуда фольклор материалдарының ролін есепсіз деп айта аламыз.
Қазақ баласының басының көп болғанын тілеген халық неғұрлым көп болса, солғұрлым, байлықтың көзі, бақыттың өзі деп түсінген. Оған халқымыздың аялы перзенті Еркенекті Саршуаш бидің пікірін айтсақ жеткілікті. Әрбір баласы бардың бір ру елде малы бар. Екі баласы бардың екі рулы елде малы бар. Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар. Төрт баласы бардың төбеден салған жолы бар. Бес баласы бардың дес бермейтін күші бар. Алты баласы бардыңалладан басқа несі бар» дегенінен балажанды халық екенімізді көруге болады.
Халқым баурында өсірген балапанының бойынан мінез – құлқында, ақыл – парасатынан, жүріс – тұрысынан ең арғысы тілінен бір мүкіс болиас үшін ойын түрін ойлап тапқан халық – ондай ойынның бірін жаңылтпаш дейді.
Қазақтың жаңылтпаш қазіргі педагогикалық оқу орындарындағы «Дефектология» факультетінің қызметін атқарады. Бұл факультеттердегі арнайы білімі бар ұстаздардың еңбек түрін, әдіс – айналасын біздің қазақтың кез келген жанұясында, ойын – сауығында «жаңылпаш» арқылы баланың тілінің мүкіс болмасын ескерген.
Қазақтың салты бойынша ойын – сауыққа жиналған жастар ән салып, өлең айтуға тиіс. Егер айта алмаса онда жаңылтпаш айту керек. Ойын басқарушы алдымен өзі мәніне келтіріп айтады, сонан соң оны ол қайталайтын болған.
Баланы айналасындағы қоршаған әлеммен таныстырудың тағы бір құралы ол – жұмбақ. Жұмбақ деген ол баланың күнделікті өмірде көріп жүрген жаннды - жансыз заттарына ұқсас нәрселерді сипаттай отырып, сол нәрселерді сипаттай отырып, сол нәрсенің негізгі қасиетін бүгіп айтпай, баланың зейінін ұштау ойлату, әрбір нәрсенің негізгі белгілері қандай, ол немен салыстыруға болады деген ой елегін көз алдына елестете отыра, қоршаған дүниені бақылап, бағалауға баулитын тәрбиелік қасиеті ерекше.
Мысалы: арбаны жұмбақ қылғанда, оны адамға тәріздеп ұқсатып былай сипаттайды.
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының
Тимейді үші жерге таяғының
Қолдарын хайуанға арта тастап,
Салады әуезіне баяғының
Қазақ халқының жұмбақтарының күрделі бір тобы – төрт түлік малға, хайуанаттар арналған – ол жұмбақтарды жастарға айтқанда әрбір малдың өзіндік мінез – құлқы, қасиеті, түр сипаты, өзіндік жасайтын қызметі суреттеледі. Жұмбақ баланың дүние тану әлемін, ой өрісін, білімін тереңдететін, әр бір заттың өзіндік атқаратын қызметін, ерекшелігін неден істелгенін, не жұмысқа арналғанын, жан – жансыз нәрсенің адамның ойына келе бермейтін қасиетін баланың жас кезінен бастап тәрбиелеу керек екенін халық педагогикасы білген, сол жолда халқым баласын ұқыптылыққа әр нәрсенің өзіндік ерекшелігін ескеруге, бақылауға, байқауға көңіл бөлгендігін ғылыми педагогика жоққа шығармайды.