Формирование профессиональных умений и навыков


ӘОК 687.18 Ғасырлар бойы жалғасқан қолөнер, болашақта да өз құндылығын жоғалтпайды



бет12/38
Дата05.02.2022
өлшемі2,66 Mb.
#321
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   38
ӘОК 687.18
Ғасырлар бойы жалғасқан қолөнер, болашақта да өз құндылығын жоғалтпайды

Абдраманқызы К. – оқытушы (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)


Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сүрінбей өтіп, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халқымыздың мәдениетінің айнасы. Ол талай ғасырлар елегінен өтіп, түрленіп, жаңарып, атадан-балаға қалған мұра ретінде бізге тап-таза күйінде жеткен дәстүрлі де қастерлі өнер.


Қолөнер адамның әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сол салада табиғатты өзінше таңбалап, бедерлеп, сұлулықтың қабілетін арттырады. Ол арқылы біз зор эстетикалық рухани тәрбие алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағамыз. “Өнер жемісі - өмірге азық” демекші, жас ұрпаққа қолөнер арқылы жан-жақты берілген тәлім-тәрбие олардың өмір азығы болатынына күмән жоқ. Өйткені, қолөнер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі болған, ғасырлар асылы өз қадір-қасиетін жоғалтпай жалғасын тауып келе жатқан асыл мұралар.
Ұлттық бағалы тұрмыстық бұйымдарымыздың бірі саналатын үй жасауы – кілем дейді халық, кілем – жайсаң төсеніш, ілсең сәнді бұйым. Осындай ел аузына ілінген асыл қасиетін ол әлі де сақтап келе жатқан бағалы зат. Кілем бетіндегі сан қилы сәнді өрнектерге қарап отырсаңыз, тұнып тұрған халық шежіресін көргендей боласыз. Бір кезде өмір сүрген халықтардың тұрмысы, көшпелі елдің ағаш үйі, мал қорасы, ескі қорғандар, жүзім баулары – осының бәрі кілем бетінде бейнеленген. Кілемдегі суреттер қаншама шартты бейнеленгенімен ондағы өрнектерден өмір шындығын аңғару қиын емес.
Қазақ халқының қолөнерінің арнасы өте кең, түрі саналуан. Бұған мысал ретінде Қазақстанда қазан төңкерісіне дейін сүйекпен мүйіз ұқсату, тері ұқсату мен етікшілік, тас өңдеу, ағаш ұқсату, тоқымашылық т.б. сияқты салаларының дамып жетілгенін атасақ та жеткілікті.
Осы өнер түрлерінің қай-қайсысында болмасын, яғни қазақ халықын айнала қоршаған бұйым, зат, құбылыстардың кез-келгенінің де жасалу болмысында ою-өрнек өнері қатысып, оларды әсем де сәнді көрсетіп, мазмұнды да әсерлі етіп отырған. Осылайша оюмен ғана ойы толық, мазмұны анық көрінетін қолөнері – қазақ халқының байырғы кәсіпшілігі болғаны белгілі. Олар осы кәсіпшіліктің арқасында өздерінің материалдық-рухани қажеттілігін өтеп қана қоймай дер кезінде балаларына оның қыр-сырын түсіндіріп, жасалу жолдарын көрсетіп отырған.
Осындай қиын да қызықты өнер сан мың жылдар бұрын, қарапайым өнерпаздарының ой қазынасынан шығып, шебер қолдарымен тоқылатын. Қазақстанның көптеген облыстарында кездесетін кілем түрлері де, атаулары да көп. Көне заман деректерінде де олар тап осы күнгі аттарымен аталады. Мысалы, бұқар кілем, жол кілем, жолақ кілем, жібек кілем, масаты кілем, мақта кілем, қалы кілем, қара кілем, құлпырма кілем, тақыр кілем, түкті кілем, ақ сирақ кілем, алаша кілем, андіжан кілемі, түркімен кілемі, адай кілемі сияқты көптеген атаулардың өзі-ақ қазақ халқының кілем тоқуы әр жерде өзіндік мәнерде жасалғандығын аңғартады.
Өнеркәсіп өркендеп дамыған кездің өзінде-ақ қолөнер туындыларына сұраныс азайған жоқ. Фабрикалық кілем, алаша т.б. жүннен жасалған бұйымдар әлі күнге тұрмыс сәні. Соның бірі кілем тоқу өнері.
Соңғы жылдары кілем тоқу үлкен фабрикаларда өндірілетін, өндірістік кәсіпке айналып отыр. Онда кілем, алаша, басқұр, құр, қоржын, сондай-ақ жолақ кілемдердің жаңа түрлерін көптеп шығарып жатыр.
Кілем өрмегін «аспалы өрмек» немесе «кілем өрмегі» деп атайды. Соған қарай кілемнің бой жіптеріде жоғарыдан төмен қарай кейде үш, кейде төрт бет болып тізіледі. Оның арқауы түйе жүні аралас (кейде шуда аралас) мақтадан, жіптен әрі мықты, әрі жуандау етіп иіріледі. Бой жіптер мен қатарлас тұратын түк және өрнек жасаушы жіптер қойдың биязы жүнінен, түйенің жүнінен өзге жіптерден гөрі бостау иіріледі. Кейде бұл жіптер бой жіптердің үстіне арнаулы күзеулерде бос тұрады. Оны кілем тоқушы шебер өз керегіне қарай сұрыптап отырып түр жасайды. Кілемге теріліп тоқылатын жіптер көп түсті бояумен боялады. Кілем өрнегінде, әсіресе, қызыл фонға қара, көк, сары және ақ түсті өрнектер көбірек жүргізіледі, тіпті негізі бір түстің бір-біріне жақын бірнеше түрлері де қолданылады. Мәселен, қызыл, алқызыл, қызыл күрең т.б. түстер. Ботаның, түйенің ноқталарын, тоқыма белдеу мен тең жапқыштарды ауыл шеберлері жай өрмекпен де, аспалы өрмекпенде тоқыған.
Кілем өрнектерінің ішінде жануарлар, жәндіктер бейнесін немесе олардың жеке мүшелерін суреттейтін оюлар да көп. Мәселен, «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз», «иттабан», «көбелек» және т.б. Мұнымен бірге геометриялық өрнектер де кездеседі.
Қазақтың терме өрмегінің тәсілімен тоқылатын заттар қатарына кілем, тақыр кілем, құр, таңғыш, желбау, басбау, есіктің тастамасы, қоржын, сандыққап сияқты қолдан тоқылатын кілем тоқыма станоктарында өндірілгендіктен өте берік келеді, күтіп ұстағанда ондаған жылдар бойы, кейде жүз жылдан астам уақыт пайдалануға болады. Қолдан тоқылған түкті кілемді тоқуға жүн мата, жібек, зығыр, кендір жіптері пайдаланылады. Қолмен тоқылатын кілемнің түгі әртүрлі бояулы жіптерді әрбір екі өріс жібіне шалу арқылы жасалады. Ұсақ өрнек қажет болғанда бір ғана өріс жібіне түйіледі. Олар көбіне қос шалымды, кейде бір жарым шалымды тұзақша түрінде болады да, ұшы бетіне шығарылып, қырқылып тасталады. Бірыңғай қатар жатқан тұзақшалардан кейін арқау жібін жүргізіп, алдыңғыларына қарай тарақпен нығыздай қағып отырады. Түк үшін жүннен иірілген жіп, ал өріс және арқау үшін мақта жіппен алмастырылады. Тек кілем тоқудың әдістерінен басқада, аты аталған тоқылатын бұйымдардың да оның түр-түстерінде, қандай рөлдер атқаратынын түсіндіруіміз қажет.
Машинамен тоқылатын кілемдер негізінде табиғи жіптермен қатар синтетикалық жасанды талшықтар, жүн тәріздес жіптер, химиялық пленка жіптер де пайдаланылады. Жүннен жасалатын бұйымдар өте көп мал шаруашылықпен айналысатын халықтар үй жабдығынан бастап киім-кешек арқан жібіне шейін төрт түлік малдың жүнінен керегіне жаратқан. Олар мыналар: жылқының жалынан арқан еседі, құйрығынан шылбыр еседі бұны қыл арқан, қыл шылбыр деп атайды. Ешкінің жүнінен киіз үйдің таңғыш жіптерін, үзік туырлық жиектерін еседі. Түйенің жүнінен иіріп шекпен тоқиды, шуда жүнінен кілемше, алаша, басқұрлардың арқау төсек жіптерін иіріп тоқиды. Қойдың күзем жүнінен үзік туырлық, текемет, сырмақтар басады. Көктемгі жүнінен көрпе киім-кешек жасайды. Үй жабдықтарының бауларын иіріп тоқиды. Мысалы: кілем, алаша т.б. заттар жасайды.
Қазіргі таңда шағын кәсіпорындар даяр мәнерленген жүннен кішкене текеметше, жұқа көрпелер, қабырғаға ілінетін көркем көріністер, сәнді, бағалы киімдер түрлерін, аяқ киімдер жасайтын болды. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан осы өнерімізді келешек ұрпаққа танытып, оған керекті материалдарды қайдан пайдаланғандығын түсіндіріп, жаңа технология бойынша үйрету біздің міндетіміз. Жастарды өнерге деген сүйіспеншілікке баулу, қолөнер туындыларын дайындауға алғашқы дағдысын қалыптастыру және одан әрі жетілдіру жолдарына бағыт бере отырып, іс-әрекет барысында жүзеге асыру қажет.
Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің гүлдене түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығымен мәдениеттілігін, еркін ойлау қаблетімен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді.
Осыған орай Қазақстан Республикасының білім беру мен тәрбиелеу саласының түбегейлі жаңару жағдайы – бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнерін жинақтап, зерделеудің, оның айналасындағы тәлім-тәрбие, мол тәжірибе негізінде жасөспірімдерді тәрбиелеу қажеттілігін тудырды.
Өнерге деген құштарлық баланы ерте есейтеді. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, баланы ыңғайына, бейімі мен қабілетіне, дарынына, талап-тілегіне қарай өнерге баулуға бағыт алу қажет. Сонымен қатар қолөнерді игерудің қыр-сырын молынан үйренген бала, өнер шыңына шығу үшін маңдайтер мен табандылық керек екенін сезінеді. Оны қолөнерді үйренудің заңдылығы деуге болады. Шыдамдылық, қызығушылық танытпаған бала өзінің өнер туындысының әсемдік жағын ашып көрсете алмайды. Баланың бойына мұндай қасиеттерді қалыптастыруда мұғалім жекелеген жұмыстар жүргізу арқылы ынта-ықыласын дамытуға жағдай жасау қажет.
Елбасымыздың 2007 жылғы жолдауындағы жаңа ғасыр жаңа Қазақстан шағын касіпкерлікті дамыту үшін, бүгінгі озық ғылым-техника жетістіктеріне сүйене отырып, ұлттық қолөнеріміздің бағалы құндылықтарын, жаңа үлгідегі техниканың көмегі мен бүгінгі базар бәсекесіне төтеп беретін, сапа деңгейіне көтеру үшін зерттеуші ғалымдармен музей қорларымызды ұрпақтарымызға қажымай-талмай үйретуіміз қажет деп білейік.
әдебиеттер
1. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. – 57 – 60б. А.,1995.
2. Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедиясы. – 94 – 98б. А., 1989.
3. Әбдіғапбарова Ұ.М. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. А., 1999.

Түйіндеме


Мақалада қазақ халқының қолөнерінің тарихын ұрпаққа таныта отырып, жүннен жасалған бұйымдар, кілем тоқу әдістері арқылы жаңа технологияны меңгерту мәселелері қаралды.

Резюме
В статье рассматривается история рукодельного искусства казахского народа, проблемы освоения новых технологий с использованием методов изготовления изделий из шерсти и ткания ковров.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет