Аннотация
В статье рассматривается один из аспектов истории советско-польских отношений – возникновение и Катынской проблемы и раскрытие тайны массового убийства в Катынском лесу. Источниковой базой для нашего исследования послужили материалы германских и польских архивов, а также опубликованные в странах Европы сборники документов и материалов. Первыми испытавшими на себе последствия непризнания Советским Союзом международных конвенций о правилах содержания военнопленных были польские пленные офицеры. Польские офицеры находились в лагерях для военнопленных, польские официальные инстанции поддерживали с ними связи до апреля 1940 года, а потом они пропали без вести. Польские офицеры были расстреляны в Катынском лесу близ Смоленска. Путь к раскрытию правды о Катыни был долгим.
В апреле 1990 года во время официального визита В .Ярузельского в Москву президент СССР сделал официальное заявление об ответственности НКВД за катынский расстрел. 14 апреля 1990 года было опубликовано официальное заявление ТАСС. Президент СССР передал В. Ярузельскому списки убитых польских офицеров и другие документы, свидетельствующие о преступлении, совершенном органами безопасности СССР в Катынском лесу. Тем самым была заполнена одна из трагических страниц в истории советско-польских отношений. Катынская трагедия и многолетнее умолчание о ней явились следствием преступной политики тоталитарного режима в СССР, совершенно игнорировавшего нормы международного права, морали и гуманизма.
Мазмұны
Кеңес Одағындағы поляк офицерлерінің қайғылы тағдыры кеңестік тарих ғылымында зерттелмек түгілі, мүлде аталмай келген мәселе. Шетелдердегі поляк зерттеушілерінің бұл мәселеге қатысты еңбектерінің соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда-ақ шыға бастағанына қарамастан кеңестік ресми тарихнама бұл мәселені елемеуге тырысты. Ал 90-жылдарда Ресей зерттеушілері Катынь оқиғасына айрықша назар аударды, соның ішінде, әрине, Н.С. Лебедеваның еңбектері ерекше орын алады [1]. Сол кезден бастап зерттеулер мен құжаттар жинақтарының жарияланымдары әжептәуір көбейді және бірқатар құжаттар жинақтары шығарылды [2].
Ұсынылып отырған зерттеу жұмысымыздың деректік негізін Еуропа елдерінің мұрағаттарынан жинақталған материалдар мен құжаттар, сондай-ақ жарияланған деректер жинақтары құрайды. Германияның Әскери мұрағатындағы, Федералдық мұрағатындағы және Сыртқы істер министрлігінің Саяси мұрағатындағы Катыньда тексеру жұмыстарын жүргізу туралы Қызыл Крест қоғамының Халықаралық Комитетімен жазысқан хаттары, 1943 жылғы кеңес-поляк қатынастары туралы материалдар, Польшаның мұрағаттық комиссиясы Ресей мұрағаттарынан жинаған құжаттар зерттелді. Сондай-ақ Катынь мәселесіне байланысты кейбір деректер Будапештегі Ашық қоғам институтының мұрағатынан алынды.
Екінші дүниежүзілік соғыста соғысушы елдердің барлығы тұтқындар мәселесінде 1929 жылғы «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» Женева конвенциясын негізге алды. Бұл конвенция бойынша, соғыс тұтқындары оны тұтқынға алған әскери бөлімнің немесе жеке адамның емес, тұтқындаушы мемлекеттің үкіметінің билігінде болады. Бұл принцип, біріншіден, соғыс тұтқынын жеке әскери топтар мен адамдардың жәбірлеуіне жол бермейді, екіншіден, соғысушы мемлекеттер үкіметтерінің алдына тұтқындарды қорғаудың белгілі бір халықаралық-құқықтық міндеттерін қояды, үшіншіден, соғысушы елдердің үкіметтеріне соғыс тұтқындарын қорғау ережелерін бұзғандығы туралы бір-біріне айып тағуға мүмкіншілік береді. Конвенцияда әскери адамдардың тұтқынға түскен сәттен бастап репатриацияға дейінгі кезеңдегі барлық құқықтары көрсетілді, тұтқындаушы мемлекеттер үкіметтерінің міндеттері толық түрде белгіленді. Конвенция бойынша: тұтқындар тiркеуге алынып, тiзiмдерi протектор-мемлекетке (Швейцарияға) берiлiп отырады; тұтқын лагерьлерiн Қызыл Крест өкiлдерi тексерiп тұрады; тұтқындарға берiлетiн тамақ мөлшерi тұтқындаушы елдiң тылдағы әскери бөлiмдерiне берiлетiн мөлшерде болуға тиiстi; тұтқындардың өз елiнен сәлемдеме алуға және Қызыл Крестен азық-түлiк, витамин, дәрi-дәрмек алуға, лагерьдегi ауыр жағдай туралы арыз айтуға құқығы бар. Конвенция бойынша соғысушы елдер тұтқындарының құқықтарының сақталуын бейтарап елдер үкіметтері бақылауға тиісті. Конвенцияда көрсетілмеген жағдайларда соғысушы елдердің бейбіт тұрғындары мен тұтқынға түскен әскерлері өркениетті халықтардың арасында қалыптасқан адамшылық салты мен заңына негізделген халықаралық құқық ережелерінің қорғауында болуға тиісті [3, 305 б.]. 47 мемлекет мақұлдаған бұл келiсiмге Кеңес Одағы қосылған жоқ. Кеңес үкіметінің соғыс тұтқындарының халықаралық-құқықтық статусын белгілейтін Женева конвенциясын мойындамауының зардабы 1939 жылы қолға түскен поляк соғыс тұтқындарының тағдырынан айқын көрінді.
Кеңес өкіметі Қызыл әскер бөлімдерін Польша жеріне енгізгенде оны «соғыс» деп емес, Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядағы «қандастарды» қорғау деп түсіндірді. Алайда соған қарамастан қызыл әскерлер Польша шекарасынан өткен бойда соғыс тұтқындарына қатысты бұйрықтар шығарыла бастады. 1939 жылы 19-қыркүйекте КСРО Қорғаныс халық комиссары К.Е. Ворошилов барлық соғыс тұтқындарын Ішкі істер халық комиссариатының Ерекше бөліміне жіберу туралы бұйрық берді. Бұйрық бойынша, соғыс тұтқындарына арналған Осташков, Юхнов, Козельск, Путивль, Козельшанск, Старобельск, Южск, Оранск лагерлері құрылды. Халықаралық конвенция бойынша соғыс тұтқыны тұтқындаушы елдің үкіметінің немесе басқа бір саяси топтарының жауы болып саналмайды, соғыс тұтқынының оны тұтқындаған елдің ішкі саясатына мүлде қатысы болуға тиісті емес, сондықтан басқа елдерде соғыс тұтқындарымен әскери мекемелер айналысты, ал Кеңес Одағында соғыс тұтқындары Ішкі істер халық комиссариатының қарауына берілді.
1939 жылдың 29-желтоқсанындағы «Соғыс тұтқындарын қабылдау орындарының жұмысы туралы» нұсқауда офицерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді, полиция жандармдарын және «контрреволюциялық ұйымдардың мүшелерін» жеке лагерьлерге орналастыру бұйырылды. Офицерлердің негізгі бөлігі Старобельск, Осташков, Козельск лагерьлерінде орналастырылды. 1939 жылдың қараша айында Козельск лагерінде 4727 тұтқын болды, оның ішінде 1 адмирал – Ксаверий Чернецкий, 4 генерал (Б. Богатеревич, Х. Минкевич, М. Сморавиньский, Е. Волковицкий), 24 полковник, 79 подполковник, 258 майор, 654 капитан, 17 әскери теңіз флоты капитаны, 3420 басқа құрамдағы офицерлер, 7 капеллан болды. Бұлардың ішінде соғыс қарсаңында армия қатарына шақырылған 21 жоғарғы оқу орындарының қызметкерлері, 300 дәрігер, инженерлер, құқық қорғау орындарының қызметкерлері, мұғалімдер, 200 ұшқыш офицерлер бар еді. Старобельскіде 8 генерал (Л. Биллевич, С. Галлер, А. Ковалевский, К. Луковский, Ф. Сикорский, К. Плисовский, Л. Скерский, П. Скуратович), 600 ұшқыш офицерлер, көптеген капелландар, 10-нан астам жоғары оқу орындарының қызметкерлері, жүздеген инженерлер мен мұғалімдер бар еді. Осы екі лагерьдегі генералдардың жартысына жуығы жасына байланысты әскери қызметтен кеткендер болатын. Осташков лагерінде 5963 тұтқын қамалды, оның ішінде 5033 полиция қызметкерлері (оның 300-і полиция офицері, 40 жандарм шеніндегілер), 41 адам шекара күзетінен болды [4].
Старобельск лагерінде 8 генерал, 55 полковник, 127 подполковник, 316 майор, 846 капитан, 2529 басқа құрамдағы офицерлер, 18 капеллан, 1 полиция полковнигі, 1 әскери оқу орнының қызметкері болды. Лагерьге 15-наурызда тұтқындардың ішінде 1305 әскери кадрлар, 352 әскер қызметі жасынан асып, демалысқа шыққандар бар болып шықты. Старобельск лагерінде соғыс кезінде офицер болған жоғары оқу орындарының профессорлары, дәрігерлер, инжинерлер, оқытушылар, әскери ұшқыштар, көптеген қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер мен журналистер бар еді [5, 10, 20-21 б.].
1940 жылдың наурыз айында Л. Берияның И. Сталинге жазған хатында аталған лагерьлердегі поляк офицерлерінің саны жөнінде мынадай мәліметтер берілді:
1) соғыс тұтқындарының лагерьлерінде 14 736 поляк әскери адамдары қамауда, олардың ішінде генералдар, полковниктер мен подполковниктер –295, майорлар мен капитандар – 2 080, поручиктер, подпоручиктер және хорунжийлер – 6 049, полицияның, шекара күзетінің және жандармерияның офицерлері мен кіші қолбасшылары – 1 030, қатардағы полиция қызметкерлері, жандармдар, түрме қызметшілері және барлаушылар – 5 138, чиновниктер, ксендз және осадниктер – 144;
2) Украина мен Белоруссияның батыс облыстарының түрмелерінде 18 632 тұтқындар отыр, олардың ішінде бұрынғы офицерлер – 1 207, бұрынғы полиция барлаушылары мен жандармдары – 5 141, тыңшылар мен бүлдіргіштер – 347, бұрынғы помещиктер, фабриканттар және чиновниктер – 465, әртүрлі контрреволюциялық және көтерілісші ұйымдардың мүшелері – 5 345, қашқандар – 6 127.
Осыларды атай келіп, Берия НКВД оларды кеңес өкіметінің «ымырасыз, түзелмейтін жауы» деп санап, оларға ең ауыр жаза – өлім жазасын беру туралы мәселені айрықша қарауға ниеттенеді деп Сталинге хабарлады [6, 34-40]. 1940 жылдың 5-наурызында КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросы осы аталған бірінші топтан – 14 700, екінші топтан – 11 000 поляк соғыс тұтқындарын өлім жазасына кесу туралы шешім қабылдады [6, 34-40 б.].
1941 жылы Польшаның эмиграциядағы үкіметі мен Кеңес Одағы арасындағы дипломатиялық қатынастар қалпына келтірілген соң, кеңес өкіметі КСРО жеріндегі лагерьлер мен түрмелерде отырған поляк соғыс тұтқындары мен еркінен айырылған азаматтарына кешірім жариялады. Кешірім алып, босап шыққандардың қатарында Козельск, Старобельск және Осташковтағы офицерлер де болуға тиісті еді. Алайда аталған үш лагерьде болғандардан тек қана Лубянкада тексерістен өтіп, жазаға кесіліп, лагерьге жіберілген аз ғана адам, 1940 жылдың сәуір айында Грязовецк лагеріне ауыстырылған 400 тұтқын босап келді. Басқа мыңдаған офицерлер қайтпай қалды. Кеңес Одағы жерінде Поляк әскерін құру ісінде екі жақтың арасындағы байланысты іске асыруға тағайындалған кеңес офицерлері аталған үш лагерьдегі поляк тұтқындары 1940 жылы қамаудан босатылып Польшаға қайтып кеткен деген алып-қашты сөз таратты. Лондондағы поляк үкіметінің нұсқауымен Польшадағы астыртын күрес топтары кеңес жерінде тұтқында болған офицерлерді іздестіріп, олардың Польшада да, неміс лагерьлерінде де жоқ екендігін, олардың отбасыларымен байланыстары 1940 жылдың сәуір-мамыр айларында үзіліп қалғандығын анықтады. Кеңес жерінде жасақталып жатқан Поляк әскерінің Бас қолбасшысы генерал Владыслав Андерс Старобельск лагерінде болғандардың қатарынан аман қалған 79 тұтқынның бірі, Грязовецк лагерінен босап келген ротмистр Юзеф Чапскийге аталған лагерьлерде хабарсыз кеткен офицерлер туралы мәліметтер жинауға тапсырма берді. Сонымен қатар генерал Андерс пен Кеңес Одағындағы поляк елшісі Станислав Кот кеңес басшыларымен кездесулерде поляк офицерлерінің тағдырын анықтауға тырысты. 1941 жылдың 14-қарашасында С. Кот И.В. Сталиннің қабылдауында болғанында, Кеңес Одағының басшысы поляк азаматтарының барлығы қамаудан толық босатылды деді. Лондондағы Польша үкіметі де кеңес үкіметінен үнемі поляк офицерлерінің тағдыры туралы сұрап отырды. 1942 жылдың 27-шілдесінде Польша үкіметі кеңес үкіметіне 8 000 офицерді іздестіру туралы нота тапсырды. Бұл тізімдер Козельск, Старобельск және Осташковта болып, одан Грязовецке ауыстыру нәтижесінде аман қалып, кейін босатылған соң Андерстің әскеріне кірген офицерлердің және Кеңес Одағының басқа лагерьлері мен түрмелерінде қамауда болған поляк соғыс тұтқындарының мәліметтеріне сүйеніп жасалған еді. Ұзақ кешіктіріліп берілген кеңес үкіметінің жауабында поляк соғыс тұтқындары отанында немесе шетелдерде жасырынып жүруі, жол-жөнекей қаза табуы мүмкін деген бұлыңғыр желеу айтылды. Осылайша кеңес өкіметі үнемі тура жауап беруден бұлтарып кететін. 1942 жылдың 18-наурызында И.Сталин генерал Андерсті қабылдағанда да поляк офицерлерінің тағдыр туралы сөз болды, Сталин оларды немістер ұстап алған болар деді, өйткені бұл кезде аталған үш лагерь тұрған аудандарды немістер басып алған болатын.
1942 жылдың жазында поляк офицерлерінің мүрделері Смоленскіден 14 шақырым жерде Катынь орманында табылды. 1943 жылдың ақпан-наурыз айларында немістер бұл жерде қазба жұмыстарын жүргізіп, поляк офицерлерін топ-тобымен көмген жерлерді тауып алды. 11-сәуірде жергілікті поляктардың өкілдері қазба орнына келіп, отандастарының мүрделерін өз көзімен көрді [7, 5 б.]. 14-сәуірде нацистік Германияның Насихат министрлігі Смоленск қаласына жақын жерде кеңес қауіпсіздік күштері өлтірген 12 мың поляк офицерлерінің мүрделері табылды деп баспасөзге хабарлады. Хабарламада Кеңес Одағы Шығыс Польшаны жаулап алған кезде Поляк Әскерінің 12 мың офицері мен 300 мың жауынгері тұтқынға түскен болатын, поляк офицерлері соғыс тұтқындарының лагерьлерінде 1940 жылдың сәуіріне дейін болған, одан кейін олар із-түзсіз жоғалып кетті, жергілікті халық пен теміржолшылардың айтуынша, оларды Смоленск маңындағы орманға топ-тобымен әкеліп, атып тастаған деген сөздер болды [8, 143 б.]. Мәскеу радиосы поляк офицерлерін жаппай қырған немістердің өздері деп айыптаған хабар берді. Бұл мәселеге шетелдердің назарын аудару үшін немістер Еуропа елдерінде эмиграцияда жүрген поляктардың өкілдерін әкеліп, қабірлерді көрсетуге бел буды. 19-сәуірде Будапешт пен Женевадағы неміс елшіліктеріне эмигрант поляктарды Смоленскіге шақыру туралы жеделхат жіберілді [8, 166-167 б.]. Қазу жұмыстарына Поляк Қызыл Крест қоғамы, поляк ғалымдары, жазушылары, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлері қатыстырылды. Олар мүрделермен бірге табылған ордендер, құжаттар, офицерлік шендердің айырым белгілерін көріп, мүрделер поляк офицерлерінікі деп таныды.
Алайда Кеңес Одағының одақтастарының баспасөзі мен ақпарат агенттіктері бұл хабарларға күдікпен қарады. «Рейтер» агенттігі былай деп жазды: «Одақтастар арасына от жағу мүмкіндігін аңдып отыратын неміс үгіт-насихаты Смоленск маңында поляк офицерлерін көмген шұңқырлар табылды-мыс деген хабарды таратып отыр. Немістердің айтуынша, бұл офицерлер орыстардың қолына 1939-1940 жж. олар Польшаға кірген кезде түскен және ГПУ бұйрығымен 1940 жылдың наурыз-сәуір айларында атылған. Смоленскіні осыдан екі жыл бұрын басып алған немістер бұл оқиғаны енді ғана хабарлап отырғанының себебі түсінікті сияқты. Лондондағы поляк үкіметі орыстардың қолына түскен бірнеше мың поляк офицерлері хабарсыз кеткен, кеңес үкіметі олар баяғыда босатылған деп отырса да, күні бүгінге дейін Мәскеуге жіберілген дипломатиялық өтініштер жолымен іздеу нәтиже берген жоқ деп мәлімдеді. Поляк газеті «Dziennik Polski»: «Бұл сұмдық айыптау, әлбетте, неміс үгіт-насихатының поляк-орыс қатынастарын бұзуға бағытталған тағы да бір өтірігі болар. Екінші жағынан алғанда, Козельск және Старобельск соғыс тұтқындары лагерьлерінде болған поляк офицерлерінің тағдыры әлі күнге белгісіз және ол поляк қауымында үлкен мазасыздық туғызып отыр», – деп жазды [7, 2-3 б.]. 7-сәуірде Поляк үкіметі поляк офицерлерінің қайғылы тағдырын Германияның үгіт-насихат мақсатына пайдалануына қарсы наразылық білдірген ашық мәлімдеме жасады.
1943 жылдың 15-сәуірінде Неміс Қызыл Крест қоғамы Қызыл Крестің Халықаралық Комитетіне (ҚКХК) поляк офицерлерінің жаппай өлтірілген жерін қазуға қатысуды өтінген жеделхат жіберді. ҚКХК төрағасы М.Губер қабірлерді ашу (эксгумация) жүргізілгенде Халықаралық Қызыл Крест өкілдері осы іске қатысы бар барлық жақтар шақырса ғана қатыса алады деді. Осы сәтте эмиграциядағы Поляк үкіметі де М. Губерге осындай өтініш жіберді. 16-сәуірде Германияның Денсаулық сақтау министрлігі Еуропа елдерінің халықаралық ауқымда белгілі профессорларының – соттық медицина және криминалистика мамандарының тізімін жасады [9, 164-165 б.]. Бұл кезде Қызыл Крестің Халықаралық Комитеті Кеңес Одағындағы соғыс тұтқындарының жағдайы туралы кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізуге әрекет жасап жатқан болатын. Сондықтан ол Неміс Қызыл Крест қоғамының өтінішін қабылдаса Кеңес Одағы келіссөздерден мүлдем бас тартуы мүмкін деп қауіптенді. Сондықтан М. Губер Қызыл Крестің соғыс тұтқындарының жағдайы туралы өтінішіне Кеңес үкіметінің жауабын күте тұруды ұсынды. Сонымен қатар Қызыл Крестің Халықаралық Комитеті Кеңес үкіметі жауапты әдейі ұзақ созуы мүмкін екенін де түсінді [8, 170-171 б.]. Алайда 1939 жылдың 12-қыркүйегінде соғысушы елдердің Қызыл Крест қоғамдарына жіберген меморандумы бойынша, Қызыл Крестің Халықаралық Комитеті поляк офицерлерінің қабірлерін ашу (эксгумация) ісіне қатыса алмайтын еді, өйткені осы іске қатысы бар Кеңес Одағы үкіметінен немесе Кеңес Қызыл Крест қоғамынан өтініш түскен жоқ еді. Кеңес Одағы 1929 жылғы «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» Женева келісіміне қол қойған жоқ, бірақ Кеңес Қызыл Крест қоғамы 1934 жылы Қызыл Крест қоғамдарының Халықаралық Лигасына кірген болатын. Сондықтан Қызыл Крестің Халықаралық Комитеті Катынь мәселесін бейтарап елдердің сарапшыларының қатысуымен тексеру жұмысының ұйымдастырылуы мүмкін деген ресми коммюнике жариялауды ұйғарды [7, 8 б.].
Әрине, Ұлыбритания және АҚШ үкіметтері антигитлерлік одақты сақтау үшін кеңес-поляк қатынастарының шиеленіспегенін қалады. Ұлыбритания сыртқы істер министрі А. Иден В. Сикорскимен кездесіп, кеңес-поляк қатынастарын ұшықтырмау жөнінде сөйлесті. В. Сикорски Халықаралық Қызыл Крестің Катынь мәселесін тексеруі туралы табанды талап қоймауға уәде берді. 25-сәуірде У.Черчилль Сталинге хат жазды, онда В. Сикорскимен болған әңгімені хабарлай келіп, герман насихатының мақсаты одақтастардың арасына от салу екендігін ескертті және Польшамен қатынастарды үзбеуді сұрады [9, 122-123 б.]. Алайда кеңес басшыларының бұған тоқтайын деген ниеті жоқ еді. 1943 жылдың 25-сәуірінде КСРО Сыртқы істер халық комиссары В.М. Молотов Польшаның елшісіне кеңес үкіметінің нотасын тапсырды. Нотада Катынь мәселесіне қатысты болып жатқан оқиғалардың барлығын Кеңес Одағына қарсы бағытталған жалған жала деп бағалады, Польша үкіметіне Германиямен ымыраласты, өйткені осы жалған жамандау науқаны арқылы ол Кеңестік Украина, Кеңестік Белоруссия және Кеңестік Литваның мүдделері есебінен жер беруге кеңес үкіметін мәжбүр еткісі келеді деген айып тақты. Нотаның соңында Кеңес Одағы Польшамен дипломатиялық қатынастарын үзетіні айтылды [10, 301-303 б.]. Кеңес нотасы туралы хабар нацистік Германия басшыларының айрықша қуанышын туғызды [9, 196-198 б.]. Польшаның басшылары жауынгер одақтасымен қайшылықты ұшықтырмауға тырысты. Поляк үкіметінің 29-сәуірдегі жауабы соншалықты байсалды да сыпайы түрде болды. Жауап мәлімдемеде поляк үкіметінің саясаты Польша мен КСРО арасындағы достық түсінушілікті дамытуға, Поляк республикасының тұтастығы мен толық егеменділігін қолдауға бағытталғандығы айтылды. Кеңес әскерлерінің Польша республикасының жеріне енгізілуінің қайғылы зардаптарына қарамастан, поляк үкіметі Кеңес Одағымен одақтастық келісімшарт жасады және келісім бойынша өзіне алған міндеттерін ыждағаттылықпен орындады. Поляк үкіметі поляк әскери қызметкерлерінің Кеңес Одағында тұрып жатқан отбасылары мен балаларына адамшылықпен қарауды, сондай-ақ поляк азаматтарын кеңестік қамаудан босатуды талап етті. Поляк үкіметі 1943 жылдың 25-ақпанындағы мәлімдемесінде кеңес жерлеріне қатысты талаптар қойған емес, қазір де қойып отырған жоқ [7, 17-18 б.; 8, 200-203 б.]. Польша үкіметінің бұл мәлімдемесіне берген түсініктемесінде «Рейтер» агенттігі кеңес үкіметі бұрынғы поляк әскери қызметкерлерінің отбасылары мен балаларын Кеңес Одағынан алып кету туралы мәселені талқылауға келіскен жағдайда поляк үкіметі офицерлердің өліміне қатысты саяси мәселеден бас тартуы мүмкін деген болжам жасады. Еуропа елдерінң баспасөзі поляк-кеңес қатынастары туралы мәселені қызу талқылап жатты. «Дейли мейл» газеті Черчилль мен Рузвельт поляк-кеңес қатынастарын реттеу ісіне араласу туралы Сталинге тікелей өтініш жасай алар еді деген идея тастады. Баспасөз құралдары ағылшын сыртқы істер министрі поляк-кеңес алауыздықтарын реттеуде делдал болады деген жорамалдар айтып жатты [7, 26 б.; 8, 256 б.]. 26-қыркүйекте АҚШ президенті Ф. Рузвельт И. Сталинге хат жазып, онда болған оқиғаны поляк-кеңес қатынастарының мүлдем үзілгені деп емес, эмиграциядағы поляк үкіметімен келіссөздердің уақытша тоқтатылғаны дегенді көрсететін мүмкіншілік таба аласыз ба деп сұрады. Президент хатында В. Сикорски кеңес үкіметінің сыртынан немістермен ауыз жаласты дегенге сенбейтінін, сонымен қатар ағылшын премьер-министрінің поляк үкіметін алдағы уақытта бұл мәселеде неғұрлым өлшемді қадамдар жасауға көндіретінін айтты [11, 123 б.].
1943 жылдың 28-30-қыркүйегінде Халықаралық комиссия поляк офицерлерінің мүрдесін ашу жұмысын (эксгумация) жүргізді. Комиссия жұмысының нәтижесінде поляк офицерлері 1940 жылы атылған деген қорытынды жасалды [12].
Смоленск азат етілгеннен кейін кеңес үкіметі Катынь мәселесін тексеру ге академик Н.Н. Бурденко басқарған арнаулы комиссия құрды. Комиссия тексеру жұмысын офицерлердің мүрделері табылған «Козья гора» деп аталған ауданның жабық белдеу болмағанын көрсететін дәлелдер іздеуден бастады. Өйткені поляк офицерлерін кеңес қауіпсіздік күштерінің атқанын жоққа шығару үшін аталған жерде адамдарды жаппай атудың болмағанын, оның болуы мүмкін емес екенін дәлелдеу және жергілікті тұрғындардың куәлігін пайдалану қажет болды. Комиссияның анықтамасында 95 адам сұралды, Төтенше комиссияға берілген 17 өтініш тексерілді, іске қатысты әртүрлі құжаттар зерттелді, керекті сараптау жүргізілді деп көрсетілді [13, 63 б.]. Комиссия Смоленскіні немістер басып алғаннан кейін поляк офицерлерін көрген адамдардың куәліктерін жинады. Ақыры комиссия поляк офицерлерін 1941 жылдың күзінде немістер өлтірді деген қорытынды жасады [13, 63-70 б.].
1944 жылдың 26-қаңтарында орталық кеңес баспасөзінде арнаулы комиссияның хабарламасы басылды. Комиссияның хабарламасында Смоленск бургомистрінің орынбасары Б.В. Базилевскийдің 1941 жылдың қыркүйек айында оған бургомистр Б.Г. Меньшагин «поляктарды құрттық, әскери комендант фон Шветц оларды Смоленскіге таяу жерде атып тасталды дейді» деп айтқан сөздерін еске түсіргені куәлікке тартылды. Бұл хабарламада Базилевскийдің куәлігі айрықша маңызды деп көрсетілді [14].
1945 жылдың қазан айында Нюрнберг сотында КСРО, АҚШ және Ұлыбританияның соғыс қылмыскерлерін айыптау мәліметтерінің қатарына поляк офицерлерінің жаппай өлтірілу фактісі енгізілді. 1946 жылдың шілде айында халықаралық сотта Катыньдағы қылмысқа жауаптылардың ісі тыңдалды. Б.В. Базилевскийді Нюрнбергке алып келді, ол сотта арнаулы кеңес комиссиясының хабарламасында айтылған сөздерді қайталады. Адвокат О. Штаммердің «Меньшагиннің тағдыры қалай болғанын білесіз бе?» деген сұрағына Базилевский: «Меньшагин немістер шегінгенде, солармен бірге кетті, оның арғы тағдырын білмеймін», – деп жауап берді. Шындығында Меньшагин кеңес түрмесінде отырған болатын. Нюрнберг соты бұл дәлелдерді жеткіліксіз деп тапты да, немістердің Катынь қылмысына қатысы дәлелденбей қалды [4]. Сондықтан халықаралық сот үкімінің мәтініне бұл мәселе кіргізілген жоқ [15, 322].
Соғыстан кейін поляк соғыс тұтқындарының атылған жерінде «Мұнда 1941 жылдың күзінде неміс-фашист басқыншыларының қолынан азап көріп, қаза тапқан поляк тұтқын офицерлері жерленген» деген жазуы бар ескерткіш қойылды [6, 78 б.; 4]. Батыстағы поляк эмигранттары Катыньдағы оқиғаның кеңестік нұсқасына сенген жоқ, сондықтан бірден-ақ, 40-жылдардың екінші жартысында осы мәселе туралы алғашқы еңбектер пайда болды. 1951 жылы АҚШ конгресі Катынь мәселесінің анық-қанығын тексеретін комиссия құрды. 1952 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті кеңес елшісіне кеңес үкіметінен Катынь орманында поляк офицерлерінің өлтірілуіне қатысты дәлелдер алуға бола ма деген өтінішпен хат жазды. Кеңес елшілігі АҚШ Мемлекеттік департаментіне берген нотасында бұл хатты халықаралық құқық қалыптарын бұзу деп бағалап, кезінде Катынь мәселесі туралы арнаулы комиссияның қорытындысы шыққанда АҚШ бұған қарсы болған жоқ еді, енді сегіз жыл өткен соң бұл мәселені қайта көтеру Кеңес Одағына жала жабу және гитлерлік қылмыстыларды ақтауға тырысу деп наразылық білдірді [16].
1972 жылы шілде айында Би-Би-Си радиосы Ұлыбритания үкіметінің қолында Катынь қылмысына фашистік Германия емес, Кеңес Одағы айыпты екенін көрсететін құжаттар бар деп хабарлады. Сол жылы Лондонның Кенсингтон-Челси ауданында Катынь құрбандарына ескерткіш қоюға қажетті қаржы жинау басталды. Кеңес үкіметі өзінің наразылығын Мәскеудегі ағылшын елшісіне ауызша ескертуге ұйғарды. Алайда Батыс елдерінде Катынь мәселесін үнемі көтеріп отырды. 1975 жылы британ парламентінде баспасөз конференциясы өткізіліп, оған қатысқандар Гаагадағы Халықаралық сотты бұл мәселені тексеруге шақырды. Сол жылы поляк эмигранттарының бастамасымен Стокгольмде Катынь құрбандарына ескерткіш қойылды. КОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросы Катынь оқиғасына туралы пікірталастар туып кетпес үшін бұл оқиғаларға қатысты ресми мәлімдеме жасамау қажет деп тапты. Сондай-ақ Мемлекеттік Қорғаныс Комитетіне өзінің ресми емес байланыс жолдары арқылы батыс елдерінің үкіметтеріне жақын топтарға бұл әрекеттерді Кеңес Одағы халықаралық қатынастарды шиеленістіруге бағытталған арандатушылық деп санайды деген ойды жеткізу міндеті жүктелді [6, 70-72].
Сталиннің жеке басына табынушылықтың әшкереленуі де, Н.С. Хрущев билігі кезіндегі «жылымық» та Катынь құпиясын ашуға әсер еткен жоқ. 1965 жылдың 9-наурызында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бастығы А. Шелепин Н.С. Хрущевқа былай деп хабарлады: «КСРО министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде 1940 жылдан бері сол жылы атылған бұрынғы буржуазиялық Польшада тұтқындалған және еркінен айрылған поляк офицерлерінің, жандармдардың, полиция қызметкерлерінің, осадниктердің, помещиктердің, т.б. тіркеу құжаттары мен басқа да материалдары сақталынуда. КСРО НКВД арнаулы үштігінің шешімімен барлығы 21 857 адам, соның ішінде Катынь орманында (Смоленск облысы) – 4 421 адам, Харьковқа жақын жердегі Старобельск лагерінде – 3 820 адам, Осташков лагерінде (Калинин облысы) – 6 311 адам және Батыс украина мен Батыс Белоруссияның басқа лагерьлері мен түрмелерінде 7 305 адам атылған. Аталған адамдардың көзін жоюға қатысты бүкіл операция КОКП ОК 1940 жылдың 5-наурызындағы Қаулысы негізінде жүргізілген. Олардың барлығы 1939 жылы соғыс тұтқындары мен еркінен айрылғандар ретінде ашылған тіркеу істері негізінде ең ауыр жазаға кесілген. Аталған операцияны жүргізген сәттен, яғни, 1940 жылдан бері 21 857 іс-құжаты берік бекітілген бөлмеде сақталуда және бұл істер бойынша ешкімге анықтама берілген емес. Кеңес мекемелері үшін бұл істердің ешқандай іскерлік те, тарихи да маңызы жоқ. Керісінше әлдебір күтпеген кездейсоқтық өткізілген операцияның құпиялылығын бұзуға әкелуі мүмкін, мұның өзі біздің мемлекетіміз үшін қажет емес. Оның үстіне Катынь орманында атылғандар туралы ресми түсіндірме бар, ол кеңес мекемелерінің бастамасымен 1944 жылы «Катынь орманында неміс-фашистік басқыншылардың тұтқын поляк офицерлерін атып өлтіргенін анықтау және тексеру бойынша арнаулы комиссия» деп аталған комиссияның тексерулерінің нәтижесінде бекітілген. Бұл комиссияның қорытындысына сәйкес сол жерде жойылған поляктардың барлығын неміс басқыншылары өлтірді деп саналады. Сол кезде тексеру материалдары кеңес және шетелдік баспасөзде кеңінен жарияланды. Комиссияның қорытындылары халықаралық қоғамдық пікірде берік орнықты. Осы айтылғандардың негізінде 1940 жылы жоғарыда аталған операцияның кезінде атылған адамдардың барлық тіркеу құжаттарын жойып жіберу дұрыс сияқты. КОКП ОК және Кеңес үкіметі тарапынан болуы мүмкін сұраныстар үшін аталған адамдарды ату жазасына кескен КСРО Ішкі істер халық комиссариаты үштіктерінің мәжіліс хаттамаларын және үштіктердің шешімінің орындалғаны туралы актілерді қалдыруға болады. Көлемі жағынан бұл құжаттар аса үлкен емес, оларды ерекше папкаларда сақтауға болады» [6, 42-45]. Осы іс бойынша айрықша маңызды құжаттар №1 папкаға салынып, ерекше сақтауға берілді. Мемлекет пен партияның әрбір жаңа басшысы осы құжаттармен танысқаннан кейін оларды желімделген пакетке салып, жауапты адамның қолын қойғызып, тығып қоятын. 1991 жылдың 24-желтоқсанынан бастап бұл құжаттар «ерекше папка» деген айдармен, «КСРО Президенті Аппаратының рұқсатынсыз ашылмасын. Анықтамалар берілмесін» деген жазумен сақталды [6, 16-24 б.]. Демек, КСРО басшылары ауысқан сайын, әрбір жаңа басшы Катынь құпиясын біліп отырды.
Катынь қайғылы оқиғасының құпиясы ұзақ уақыт сақталды. Батыс елдеріндегі поляк эмигранттары Катынь мәселесін ешуақытта ұмытпады. 1987 жылы 14-шілдеде Швейцариядағы бірнеше поляк ұйымы поляк диаспорасының атынан М.С. Горбачевқа Катынь орманында қаза тапқан поляк офицерлерінің тағдырын анықтаудың қажеттілігі туралы хат жазды [17]. 1985 жылы Варшава Шарты Ұйымының Кеңесшілік комитетінің отырысынан кейін В. Ярузельский мен М.С. Горбачевтің кездесуі өткізілді. В. Ярузельский кеңес-поляк қатынастарын «біздің халықтарымыздың арасындағы өзара сенім мен шынайы достық қатынастарға кедергі болатынның» барлығынан тазарту қажет дей келіп, маңызды мәселелердің қатарында Катынь қайғылы оқиғасын атады. Кеңес-поляк қатынастарының кілтипан буындарын анықтау үшін КСРО мен Польша Ғалымдарының комиссиясы құрылды. Алайда біржарым жыл бойына комиссия Катынь мәселесі бойынша екі жақ арасында келісілген ұстанымды жасай алмады, өйткені кеңес тарихшыларының 1944 жылы айтылған ресми пікірді жоққа шығаруға өкілеттілігі де, сондай-ақ мұрағаттық материалдарды алуға да мүмкіндіктері болған жоқ. Ал Комиссияның поляктар жағы 1944 жылғы Н. Бурденконың Арнаулы комиссиясы жасаған қорытындының негізсіздігін айғақтайтын дәлелдерді көрсетті. 1988 жылы Комиссияға мүше кеңес ғалымдарына профессорлар Я. Мацишевский, Ч. Мадайчик, Р. Назаревич және М. Войцеховский дайындаған, поляк офицерлерін КСРО Ішкі істер халық комиссариатының қызметкерлері өлтіргенін дәлелдейтін құжат тапсырылды. Бұл құжат 1989 жылы Польшада жарық көрді. Енді Кеңес жағының Катынь мәселесіне қатысты ұстанымын қайта қарау қажеттігі туды. 1989 жылдың 22-наурызында Э. Шеварднадзе, В. Фалин және В. Крючков КОКП Орталық комитетіне Катынь мәселесі туралы құпия хат дайындады. Хаттың авторлары Катынь құпиясын ашпау Польшаның назарын басқа да мыңдаған поляк офицерлерінің, Харьков және Бологое ауданында хабарсыз кеткен топтарының тағдырына аударуы мүмкін деген қауіптерін айтты [6, 102-106]. 1989 жылдың 31-наурызында КОКП Орталық комитеті саяси бюросының отырысында КСРО Прокуратурасына, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне, Сыртқы істер министрлігіне, тағы басқа мекемелерге Катынь мәселесі бойынша кеңес ұстанымын жасауға тапсырма берілді [6, 100]. Ақыры Катыньдағы поляк офицерлерін ату қылмысын жасаған Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) және Берия мен Меркулов деп айтуға ұйғарды [6, 122].
1990 жылдың сәуір айында В. Ярузельскийдің Мәскеуге ресми сапарында КСРО президенті М.С. Горбачев Катыньдағы атуды ұйымдастыруда Ішкі істер халық комиссариаты жауапты деген мәлімдеме жасады. КСРО Президенті атылған поляк офицерлерінің тізімін және басқа құжаттарды В. Ярузельскийдің қолына тапсырды. 1990 жылдың 14-сәуірінде кеңес үкіметінің Катынь мәселесіне қатысты ұстанымы КОТА (ТАСС) ресми мәлімдемесінде жарияланды.
1990 жылдан бастап Катынь мәселесін зерттеу тереңдей түсті. Зерттеушілердің қолына мұрағат материалдары берілді. Харьков ауданы мен Тверь облысының Медное ауылындағы поляк соғыс тұтқындарының бейіттері табылды. Бүгінгі таңда кеңес лагерьлерінде 21 857 поляк соғыс тұтқындарының өлтірілгені белгілі. Катынь орманында өлтірілген поляк офицерлерінің ішінде әскери міндетін өтеген соң бейбіт өмірде дәрігер, инженер, мұғалім, ақын-жазушы болып жүргендер де баршылық еді. Егер олар тірі болса, онда олардың білімі, ақыл-ойы, дарыны соғыс біткен соң қаншама құнды туындылар берер еді. Катыньда өмірі қиылған поляктардың артында жанұялары, ұрпақтары қалды. 2000 жылы Катынь орманында Ресей мен Польша бірлесіп «Катынь» мұражайлық кешенін жасады. Поляк офицерлерін сонау алыс 1940 жылы атқан жерде поляк әскери зираты бар. Катынь қайғылы оқиғасы және ұзақ жылдар бойы оны құпияландыру, жалған ақпар беру халықаралық құқықтың, мораль мен адамшылықтың қағидаларымен мүлде санаспайтын Кеңес Одағындағы тоталитарлық режимнің қылмысты саясатының нәтижесі болатын. Халықаралық құқық қағидаларын бұзу кеңес өкіметінің басқа соғысушы елдердің ғана емес, Қызыл Әскердің тұтқынға түскен офицерлері мен жауынгерлерін «сатқындар» деп айыптауынан да көрінеді. Посткеңестік мемлекеттерде демократиялық үдеріс тереңдеген сайын кеңестік тоталитаризмнің барлық жағымсыз әрекеттерін ашу, сөйтіп, тарихтың «ақтаңдақтарын» толтыру мүмкіндігі көбейе бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |