Әуезовтің айтыс жанры туралы сүбелі еңбегінің бірі - 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдық мерейтойында жасаған «Жамбылдың айтыстағы өнері» дейтін баяндамасы («ҚазКСР ғылым академиясының хабарлары. Әдебиет сериясы», 1948, N2 55). Бұл еңбегінде автор ақындар айтысының үш халықта - қазақ, қырғыз, қарақалпақтарда бар екенін айтады. Ақындар айтысына ұқсас жанрдың көшпелі араб тайпаларында бар екеніне (мұғалақат) тоқталып, қазір ірі жанр ретінде жоқ болғанмен, ертерек уақыттарда Еуропа халықтарында да айтысқа ұқсас жанрлар болғанын атап көрсетеді. Айтыскер ақынға тән қасиеттер ретінде алғыр импровизаторлық қасиет, дүниетанымның кеңдігі, тапқырлық, батылдық тағы басқа қасиеттерді санамалап айтқан. Жамбыл айтыскерлігін мысалға ала отырып, айтыстағы демократиялық үрдістің дамуын және жыршылық дәстүрдің айтыс ішіне кіру ерекшеліктерін талдаған. Айтыс жанры - 19 ғасырда Ш. Уәлиханов, В. Радловтардан басталған үлкен ғылыми-зерттеу тарихы бар жанр. Әуезовтің әсіресе 50-жылдардағы зерттеулері бұл саланы жаңа сапалық биікке көтерді. Қазақ КСР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 1960, 1964 жылдары шығарған «Қазақ әдебиеті тарихында» (1-том, 1,2-кітаптар) дәстүрлі айтысқа және кеңес дәуіріндегі айтыстарға арналған тарауларында айтыс жанрының зерттелуі туралы салиқалы ойлар келтірілген. Ондағы «Айтыс» тарауын, 60-жылдарда шыққан 3 томдық «Айтыс» жинағының алғы сөздерін Әуезов жазып, айтыс поэтикасы туралы озық ойлар, тартымды тұжырымдар айтқан. Айтыстың жиналуына, зерттелуіне қал-қадерінше еңбек сіңірген алғашқы ғалымдар Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Ә. Диваевтардың еңбектеріне тоқталған. Әуезовтің «Ақындар айтысы - көпшілік алдында, тындаушы, сыншы журттың көз алдында туып, орындалады. Әнмен не әр ақынның арнаулы сарынымен: қобыз- ға, домбыраға, гармонға қосылып айтылады.Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады» деген пікірлерін айтыс поэтикасының негізі, әліппесі деу керек. Тыңдаушы орта жайындағы пікірлері де әлі күнге дейін өте маңызды. «Оның үстіне, көбінесе, тыңдаушы жұрт екі жақ болып, екі ақынның туысы, тілеулесі, жақын ортасы болады. Сондықтан тартыс, талас тек екі ақын арасында ғана емес, бәсеке тілеулестік екі жарылған жиында да болады» деген қағидалар усынады. «Осы айтылған ерекшеліктердің барлығы, ақындар айтысын, тыңдаушы көпшілік үшін әр кезде театрлық, драмалық аса қызу әсері бар, өнер түріне айналдырады» деп, айтыста драматизм элементтері, театрлық белгілер бар екеніне ден қояды. Әуезов ақындар айтысы салт айтысының дамуы негізінде шыққанын, 16-18 ғасырлардағы ақындар айтысының бізге жетпегенін айтады. Арабтардағы «мұғаллақат», Үндістан, Иран елдерінде «мұшайра» жанрлары талданған Еуропа халықтарындағы импровизация белгілері бар әдеби фактілер келтірілген. Ақындар айтысы (қазіргідей, бірден жазып алынбаған)дәл айтылған қалпында сақталмайды, айтушылар ақынның өзі, одан ұғып алған басқа ақындар,шәкірттері негізін сақтай отыра жырлайды, бірақ бәрібір өзгеріске үшырап, редакцияланады. Жеңу мен жеңілу мәселесіне талдау жасалып, құр шешендіктен, төкпеліктен гөрі логикалық қарым негізгі себеп екенін дәлелдеген. Айтыстың тақырыбы мен идеясына келгенде, таптың, халықтың мәселелерін қарап, ақынның идеялық көзқарастарынан барып туындайтын айтыскерлік бітім, шығармашылық ерекшеліктері талданады. Әуезов айтысты негізінде - әдет-салт айтысы және ақындар айтысы - деп екі түрге жіктеген. Ақындар айтысын -түре айтыс және сүре айтысқа бөлді. Ғалымның айтыс түрлеріне берген анықтамалары әлі күнге айтыс түрлерін ажыратудағы негізгі пікір болыпмкеледі. Түре айтыстың бір шумақ өлеңін екі түрге ажыратқан. Бірі - қайым өлең, екіншісі - қара өлең. Әдет-салт айтыстары «аса ескісі, жекелеген айтыс емес, топ-топ болып айтысқан, салттан туған, ескілікті наным әдеттерден туған айтыс» деп, бұл айтыстарды діни салт айтыстарына (бәдік), үйлену салт айтыстарына (жар-жар) жіктеген. «... әдет-салт айтыстарында «жеңу», «жеңілу» сияқты қорытындылар болмайды» дейді. Ақындар айтысына тусуші ақындардың өзіндік стилі, ерекшеліктері болғанымен, көп ақындарға тән тақырыптар, мотивтер болатынын айта келіп, ең алдымен көп жағдайда ақындар алдымен өздерін мадақтайтынын,белгілі бір ру, тайпаның мүддесін көздейтіндігін,белгілі бір әлеуметтік топтың жоқшысы болатындығын айтады. Бір топ ақындар ауқатты үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, екінші бір топ ақындардың жалпы халық мүддесіне жақын тұратынын мысалдармен дәлелдеген. Бұл еңбекте Жамбыл, Құлмамбет, Майкөт, Сүйінбай, Біржан-Сара айтыстарына баға беріліп талданған. Тараудың соңында діни айтыстардың табиғатына тоқталады.«Қазақ әдебиеті тарихының» 1-томының 2-кітабындағы «Айтыс» тарауында кеңес дәуіріндегі айтыстар қаралады. Бул дәуірдегі айтыстың дәстүрлі айтыспен қарым-қатынасы, ұқсайтын, ұқсамайтын жақтары қарастырылып, осы ерекшеліктерді тудыратын себептер айтылған. Қоғамдағы ірі өзгерістерге, белгілі оқиғаларға байланысты жаңа тақырыптардың тууы, ақындардың өзіне баға берудегі өзгешеліктер, жаңа жағдай туғызған ақындық этика нормалары, шаруашылық мәселелерін тақырып ету, белгілі оқиға, тақырыпқа бейімдеп айтысу, жазып айтысу тағы басқа айтыс проблемаларын Әуезовтің зерттеулерінен көреміз. Кеңес өкіметі кезіндегі ақындар айтысы туралы ойларын сол кездегі идеологиялық талаптарға сәйкес талдаған жерлері де бар. Иса Байзақов, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймуратов, Көшен Елеуов, Нартай Бекежанов тағы басқа ақындардың айтыскерлік ерекшеліктеріне жан-жақты баға берілген. Әуезов 1943 жылы Алматыда өткен 1-республикалық ақындар айтысына ғылыми қорытынды жасап, баға берді. 1961 жылы өткен халық ақындарының республикалық мәслихатын да басқарады. Осы күнге дейін Әуезовтің айтыс жанры туралы, әсіресе айтыс поэтикасы туралы зерттеулері қазақ әдебиеттану ғылымындағы ең озық еңбектер болып саналады.
"Айтыс аяқталды, жұмыс жалғасуда" мақала
«Литературная газетада» 1959 жылы 24 ақпанда жарияланған. Мәскеудегі Орталық әдебиетшілер үйінде өзбек әдебиетін талқылау туралы жиында Әуезов бұл туысынан әдебиеттің сол кездегі жағдайы мен дамуы жөнінде келелі пікір қозғап, салиқалы ойлар айтқан. Орыс әдебиет сыншысы А. Караваева сынаған П. Қадыровтың «Үш тамыр» романына өзінің жылы пікірін білдірген. Сондай-ақ Әуезов бүкіл өзбек әдебиетінің жай-күйіне де әділ баға беріп, оның алдағы уақытта даму процесі туралы нақты ұсыныстарын ортаға салған. КСРО кезінде ұлттық әдебиеттің одақтас республикалар әдебиеті мен өнерінің он күндігін өткізіп туру дәстүрі ұлттық әдебиетті дамытуға игі ықпалын тигізген еді. Ол ұлттық әдебиеттің жетістік-кемшіліктерін кеңінен талдауға мүмкіндік берді. Сөйтіп жазушы немесе ақын өз шығармасына назар аударылғанын бірден сезінді. Сондықтан Әуезовтің бұл мақаласы бауырлас өзбек қаламгерлеріне шабыт беріп, жаңа шығармаларын терең құлшыныспен жазуға жетелегені анық.