«Гуманитарлық білім» факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет5/13
Дата10.11.2019
өлшемі364,26 Kb.
#51493
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
хал ау ад прак 2018

Айтыс өлеңдері


«Айтыс өлеңдері», жазушының зерттеу еңбегі. 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихына» (1-том, 237-267-беттер) арнап жазған. Кейін Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» атты (1959, 318-359-беттер), 12 томдық (11-том, 1969, 421-471-беттер), 20 томдық (17-том, 1985, 279-336-беттер) шығармалар жинағына енген. Ал 1960жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихына (1-том, 1-кітап, 671-714-беттер) енген нұсқасында айтыс өлендерінің жиналып, зерттелуі жайлы және басқа аздаған толықтырулар қосылған. 1948 жылы нұсқадағы «Совет ақындарының айтысы» атты тарауы «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1-том, 2-кітабына (1964, 194-240-беттер«Айтыс» деген атаумен еніп, оны О. Нұрмағамбетова жалғастырып, толықтырған. Айтыс өлеңдері туралы Әуезов алғаш рет 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» кітабында және 1939-1940 жылдары Л. Соболевпен бірге жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» («Эпос и фольклор казахского народа») атты еңбегінде қысқаша тоқталған. Әуезов кейінгі зерттеуінде айтыс өлеңдерінің жиналып, зерттелу тарихына және басқа халықтардың ауыз әдебиетінде кездесетін кейбір ұқсас жанрларына қысқаша шолу жасап, қазақ айтыс өлеңдерінің өзіндік әр алуан ерекшелік, өзгешеліктерін ашып айқындайды.Айтыс өлеңдері ауыз әдебиетінің сонау ескі замандардан келе жатқан ең көне әрі кең тараған мол түрі болумен қатар, онда халық театр өнерінің де «анық, дәл үрығы бар деуге болады» деген пікір айтады. Айтыс өлендерін автор әдет-салт айтысы және ақындар айтысы деп, үлкен екі түрге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдаулар жасайды. Әдет-салт айтысын өте ескіден келе жатқан түрлі наным, салттан туған, топ-топ болып айтысатын «бәдік айтыс» және «жар-жар» деп екі түрге бөліп қарастырады. Ақындар айтысын сыртқы көлеміне, түр ерекшелігіне қарай «түре айтыс» және «сүре айтыс» деп екі топқа бөліп, түре айтыстың өзін «қайым өлең», «қара өлең» деп екі үлгіге жіктейді. Мұнда жазушы айтыс өнерінің жүйрігі ретінде аты шыққан Біржан, Сара, Майкөт, Сүйінбай, Құлмамбет, Шөже, Жамбыл, Әсет, Ырысжан,Кемпірбай, Шәдітәре, Манат қыз, Түбек тағы басқа ақындар айтысының кейбір үлгілеріне тоқталған.[4]

2.Қазіргі халық ақындарының шығармашылығы

Тәуелсіздік кезінде қазақ әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып, бүгінгі күннің рухына, талаптарына сай келетін көп томдық әдебиет тарихын жасау міндеті күн тәртібінен түспеді. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары қолға алған бұл аса ауқымды да маңызды жұмысты екі мыңыншы жылдары жарық көрген он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атқарып шықты.

Кеңестік кезеңде шыққан үш томдық алты кітаптан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихы»  (1960-1967) академиялық басылым болғанымен, коммунистік идеологияның қалпымен жазылғандықтан да әдебиет тарихын түгел қамтуға мүмкіндіктері шектеулі болғандығы белгілі. Ал жаңадан шыққан он томдықтың басты құндылығы – мұнда қазақ халқының ғасырлар бойғы рухани дамуында жинақтаған әдеби мұрасының тұңғыш рет тұтастай ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, ұлттық мүдде, көзқарас тұрғысынан саралануы болды.

Он томдықтың біріншісі қазақ фольклорына арналған. «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының сыртқы мұқабасына «фольклорлық кезеңі» деген анықтамалық беріліп, титульды бетінде «Қазақ фольклорының тарихы» деп көрсетілген. Жалпы редакциясын С. Қасқабасов басқарған ауыз әдебиетіне арналған кітапта біраз жаңалықтар байқалады. Соның ең бастысы бұрынғы зерттеулерде қазақ ауыз әдебиеті негізінен жанрлық жүйе бойынша зерттелініп келсе, мұнда алғаш рет қазақ фольклоры хронологиялық принциппен даму үстінде тарихи тұрғыдан қарастырылады. Ауыз әдебиеті ескі замандарда адамдардың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімдері барысында пайда болып, даму барысында формалық, мазмұндық жағынан жетіле түсіп, ұлт руханиятының асыл қазынасына айналған жолдары көрініс тапқан.



3. Жыршылық-жыраулық дәстүр

Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халык жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді. Жырауларды халык, қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келғен кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды. Жырау деген атау "жыр" сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған. Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау. Жыраулар поэзиясының біраз үлгілері осы тарауда ұсынылып отыр. Соларды оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарына қанығасыңдар, халқымыздың басынан кешірген тарихи кезеңдермен таныс боласыңдар, оның қадір-қасиетін білесіңдер, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енесіңдер. Әдебиет тарихы ел тарихы, халық тарихы екеніне көз жеткізесіңдер. Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы.Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? "Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, –дейді М.Әуезов, –ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария –Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады". Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған. Халқымыздың осы зергерлік сөз тұнығына әрі ақын, әрі ғұлама Шәкәрім де ден қойған. Ол "Ескі ақындық" деген өлеңінде халық мұрасын, ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын аса жоғары бағалаған: Тақпақ пен мақал тағы артық, Суырып салма жағы артық, Айтады олар ойланбай, Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабай Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландай. Шәкәрім ескі ақындар поэзиясында "терең сыр" барын таниды. Олардың жырында "қыран құстың ұшқаны", "ақбөкеннің жүрісі", "жайдақ желдің желісі", "мөлдір қудың аққаны", "жел жетпейтін құландар жүйріктігі", "адам жанының жайма шуақ кезеңі" –бар-баршасы, көшпелі қазақ өмірінің бүкіл әлеуметтік, рухани тіршілігі бейнеленген деп керемет ой түйген. Жыраулар поэзиясын айтулы сөз зергері Мағжан Жұмабаев та "Батыр Баян" поэмасында: Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда Толқынды тұңғиық боп төгілді жыр,– деп аса қадірлеген. Демек, жыраулар поэзиясы –халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз. Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарынжырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол. Жыраулардың өз толғауларында көтерген негізгі тақырыбы қандай? Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы — туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан қайғының: "Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер" – деген ақылгөй сөзі –сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да "қайран менің Еділім" – деп еңірепөткен. "Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап" – деп Доспамбет жырау армандаған, "ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым... он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым", – деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған. Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық батырларының ерліктерін жырлаған. Мысалы, Тәтіқара ақын: Бөкейді айт, Сағыр менен Дулаттағы, Деріпсәлі, Мандайды айт Қыпшақтағы. Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы. Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт, Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт, Найзасының ұшына жау мінгізген Еменәлі Керейде, ер Жабайды айт, – деп дәріптеген. Жыраулар өмір жайлы, достық жайлы, адамгершілік, ерлік жайлы, тіршілік жайлы жыр шерткен. Олар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын ("мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған"– Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық. Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жыраулар поэзиясында синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық. Жыраулар өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Оған бірнеше мысал келтірейік: Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер. Жатып қалған бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер. (Қазтуған) Жырау "ж" дыбысын тамаша сөйлете білген. Дауысты дыбыстарды да шебер қолдана отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын күшейткен. Шын көркемдік тәсіл арқылы олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, эмоциялық әсерін үстей түскен. Мысалы, Жиембет жырау: Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені есірткен, Есіл менің кеңесім, Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін, – деп тәж-тағына есірген Есім ханның қылығын ашу үшін "е" дыбысынан өрнек жасап сөйлеткен. Ақтамберді жырау сұрай арнау сияқты көркемдік тәсілді ұтымды пайдаланған. Оның "Күмбір-күмбір кісінетіп" толғауынан: Күмбір-күмбір кісінетіп , Күреңді мінер ме екенбіз... Күдеріден бау тағып, Кіреуке тон киер ме екенбіз?! Төтелеп жүріп жол салып, Қолды бір бастар ма екенбіз?! – деген жолдар арқылы өлеңнің әсерлілік қуатын күшейткен, әрі "к" дыбысын қайталай қолдану нәтижесінде өлеңнің саздылығын үдеткен. Жыраулар психологиялық синтаксистік параллелизмді де шеберлікпен қолданған. Мысалы: Уа, қарт Бөгембай! Құяр жалын аспаннан Қара бұлт торласа, Пәлекет елде көбейер Жігітті жігіт қорласа. Ақбөкен келіп жығылар, Алдын қазып орласа, Пеңденің бағы ашылмас, Маңдайы қалың сорласа... – (Ақтамберді)– деп, табиғат пен адам тағдырын жарыстыра, салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын терендеткен, әсерлі еткен. Мұнан жыраулар поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғаруға болады. Әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, ел басына қиын қатер төнген шақта, екіталай кезеңде – XVIII ғ. бірінші жартысында жаңа, соны ой-толғанысымен, көркемдік сөз өрнегімен әрі қарай дамытқан Бұқар жырау. Оның жыр-толғаулары – сол тарихи дәуірдің көркемдік көрінісі. XVIII ғ. әдебиетінен соның ірі өкілі Бұқар жырау поэзиясы монографиялық түрде арнайы өтіледі.
Студенттің орындайтын тапсырмалары

Әдебиеттер тізімі:

1.Әуезов М. Әдебиет тарихы. – А., 1991

2.Садырбаев С. Фольклор және эстетика. – А., 1976

3.Бабалар сөзі 100 томдығы. – А., 2014

4.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – А., 1974

5.Садырбаев С. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Хрестоматия. - А.,1977

6.Қазақ әдебиетінің тарихы 1-т, 1,2-кітаптар. – А., 1960,1964

7.Қазақ фольклористикасының тарихы. – А., 2009

8.Қазақ фольклорының тарихылығы. – А., 1993

9.Сейітжанұлы З. Қазақ халық әдебиеті. – А., 2013

10.Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – А., 1985

11.Тұрсынов Е. Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. – А., 1976




8.тақырып: Тұрмыс-салт жырлары

Жоспар:

1. Халық өлеңдерінің зерттелу тарихы мен классификациясы

2.Ш.Уәлиханов пен В.Радловтың халық өлеңдерңн жіктеуі

3.Тұрмыс-салт жырларын қазіргі зерттеудің жайы



Сабақтың мазмұны

1. Үйлену салтына байланысты туған өлеңдер. Қай халықты алсақ та, оның ертеден келе жатқан әдет-салты, ырым-кәдесі бар. Соның бірі қыз ұзату, келін түсіру, жастарды үйлендіруге байланысты туған. Мұндай салт қазақта да бар және ол әріден келе жатыр. Қазақтың қыз ұзату, келін түсіру, жастарды үйлендіру салтына байланысты туған ауыз әдебиетінің ұсақ түрлерін талдамастан бұрын сол салт туралы аздаған деректер бере кеткен жөн. Қазақтың қыз ұзату, келін түсіру, жастарды үйлендіру салтына байланысты туған және соларды елестететін өлеңдердің бірнеше ұсақ түрлері бар. Олардың қайсысы болса да әр кездің жағдайына қарай өзгеріп дамып отырған. Той бастар, жар - жар, сыңсу, жұбату, бет ашар.

Діни ұғымға байланысты. Қазақ халқының ертеден келе жатқан діни ұғымдары ескі-наным сенімі болған. Мұндай ұғымдар қазақ арасында өте ертеде Шоқанның айтуынша Шамандық дәуірде көп құдайға сиынған кезде туған. Жаратылыс сыран түсіне алмаған ой - өрісі, дүние - танымы шама шарқы төменгі сатыда тұрған ертедегі адамдар жаратылыста болатын әрбір құбылыстарды ғажайып күш деп ұғынған. Сондықтан сол күштерге мысалы: ай мен күнге, от пен суға табынып, сыйынған. Жаратушы, жарылқаушы деп түсінген, мұнымен бірге М. Горькийдің айтуына қарағанда ертедегі адамдар тұрмыс - тіршілігі, күн-көрісі жолында кездескен қиыншылықтарды жұмыстың ауыртпалығын әр түрлі ырымдар жасап, жеңілдетпек болған. Олар өздері сыйынатын жаратылыстың алуан-құбылыстарына жалбарынып тіл қатқан, тілек тілеген, көмек, жәрдем сұраған. Ертедегі адамдардың әр түрлі жағдайда жасаған әрекеттері олардың ауыз әдебиетінен орын алған. Діни ұғымдарға байланысты туған шығармаларды сөз еткенде біз оларды ертеде қараңғылық жағдайда болған адамдардың ой-өрісі, дүние-тану дәрежесі қандай екенін ауыз әдебиетінде қалай суреттелгенін көреміз. Бәдік, арбау, жалбарыну өлеңдері, бақсы сарыны, жарапазан.

Діни ұғымға байланысты. Қазақ халқының ертедегі тұрмыс - салтына байланысты шығарған шығармаларының енді бір түрі – адамның көңіл-күйін, қуанышы мен қайғысын, іштей тартар мұң-шерін, ауыр қазаға душар болғандағы күйініш-күйіктерін білдіруге арналған лирикалық өлең-жырлар. Бұл өлең-жырлары арқылы өткендегі адамдар ауыр қаза күйігін серпіп тастауды, оны жеңілдетуді көздеген.

Адамның тұрмыс-тіршілігінде, өмірінде шаттық, қуаныш, ойын-күлкі қандай елеулі болса, қайғы мұң-шер де сондай елеулі орын алған. Бұл екеуін де халық өзінің әдебиетіне қосып бейнелеген. Бірінші шаттық, қуаныш жырын төксе; екіншісінде қайғы - қасірет, күйініш шерін шерткен. Абайды :

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең, -

дейтіні осы жағдайды көргендіктен айтылған.

Адам баласы қайғы-қасірет, мұң-шер, күйініш-күйік т. б тудыратын жайларға әр түрлі жағдайда душар болған. Біреу баласынан, не жан сүйер жарынан, жар күйер жақынынан мезгілсіз айырылса, болмаса ата мекен қонысынан, кіндігін кесіп, кірін жуған жерінен еріксіз ауса, мұның бәрі адам көңіліне ауыр қайғы түсірген. Бұл аталғандар халықтың ауыз әдебиетінен орын алған, әр түрлі өлең-жырлар тудырған. Қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау.

Қазақ  әндерінің жанрлық  құрылымы   патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастар   жағдайы   мәжбүрленген   мәдени-тарихи   дәстүрлерге байланысты.    Қазақтардың    феодалдық   қарым-қатынастары    көптеген патриархалдық-рулық қалдықтармен астасып жатқан. Ал бұдан ертедегі әдет-ғұрыптардың, ырымдардың және сенімдердің жанды байланыстарын айқын көреміз. Патриархалдық тұрмыс-салт өзінің әдетке айналған заңдастырылған   ережелерімен   және   ғұрыптарымен   халық   шығармашылығының   бейнелі-айшықты   ерекшеліктерінің   қалыптасуына   барынша ықпал еткен. Шындығында әдет-ғұрып, тұрмыс-салт фольклорын қазақ халқының рухани-өндірістік,  малшы өмірінің күнделікті ауыр өмірінің барлық саласынан көруге болады.

Қандай оқиға немесе жағдай бола қалса да соған арнап екі-үш, төрт жолдық ұйқасы бар өлең шығарылған, оның міндетті түрде рефрені немесе созылыңқы әуезі, бекітілген қайырмасы болған. Олар әр түрлі мақсаттарға арналған және орындалып отырған. Н.Смирнованың айтуынша, әдет-ғұрып және дидактикалық жанрларының алуан түрлі болуы, олардың рулық-тайпалық шекте қолданылуы (мысалы, өлгендерді жоқтау бір ғана жан-ұясының ісі емес, рудың ісі болған), өсиет жырлардың, мақалдардың, жұмбақтардың патриархалдық болуы, мазмұндарының патриархалдық болуы формаларындағы көне элементтер нағыз рулық-тайпалық тұрмыс-салт пен санаға берілген құн.

Қазақ әндеріндегі жанрлар әлеуметтік-экономикалық жағдайға, тарихқа, -тұрмыс-салтқа, моральдық-этикалық ережелердің заңдарына, халықтың еңбек нормаларына байланысты туған.

Қазақтың әдет-ғұрып әндері өзінің құрылымы мен образдық құрылысына қарай тұрмыстық, өндірістік болып бөлінеді. Оларда халықтың қоғамдық-еңбек әрекеттері бейнеленген.

Қолданбалы сипаты бар көне әдет-ғұрып әндері жинақтың «кален-дарлық әндер» дейтін тарауында келтірілген. Еңбек жылындағы айтулы сәттерді атап өтетін «Наурыз әндері» жаңа жылды қарсы алатын күндері (мұсылман күн тізбегі бойынша 22 наурызда) орындалған. Әдет-ғұрыптар арқылы халық өзінің табиғатқа, айнала  қоршаған дүниеге деген көзқарасын, қарым-қатынасын білдіріп отырған. Әнмен, ойынмен, бимен, көңілді мейрамдармен қат-қабат жүретін алуфн түрлі күн тізбелік әдеттер мен ғұрыптар және соларға байланысты сенімдер өте көне заманда, адам баласы аңшылықтан қарабайыр жер  өңдеушілікке және мал өсірумен айналыса   бастаған   кезде   яғни   біздің  дәуірімізге  дейінгі   V-IV   мыңжылдықтарда,  кейбір жерлерде одан да кейін  ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда пайда болған.

Фольклорист-ғалымдар жыл маусымдарына  байланысты  әндср  бастапқыда   тек  табиғатқа   еліктеу,   табиғатты   сол   байқаған   құбылысты қайталауға   мәжбүр   ету   үшін   ғана   еліктеу   болған   деп   есептейді.

Табиғаттағы айтулы кезенді атап өтетін әндердің бірі — «Наурыз әндері» дедік. Бұл әндерде көктемгі мал төлдетуге құттықтаулар болған, жерден өніп шығатын өнімдердің мол болуына, өрістегі шөптің жайқала шығуына тілектестік білдірген. Жаңа жылдық әндердін ішінде біреуінде табысқа жетуге, бақытты болуға және т.б. дәстүрлі тілектер айтылады. Сонымен бірге оларда еңбек процесінің элементтері айқын көрінеді.

Жыл маусымын айқын көрсететін әндердің бірі «Жыл өлеңі» бола алады. Бұл әнде тышқан жылы туған адамның қу да тапқыр болатыны өсиет түрінде айтылған».



ЖЫЛ ӨЛЕҢІ

Туғандар, қысына тышқан жылдың қамсыз болма,

Азабын ол кемулі болсын ірге.

Туғандар тышқан жылғы қу келеді,

Талайды бойға сенген сүріндірген-ай.

Қазақтың әдет-ғұрып мәдениетінде жарапазан, жарамазан тәрізді өзгеше құттықтау әндерінің өздеріне назар аудартады, тындаушының ынта-ықыласын тудырары хақ. Бұл әндер көне заманнан бері Орта Азия халықтары арасында орындалып келген, сонан кейін жарапазан мұсылман мерекесі — Рамазан уақытында орындалатын болған. Бір топ жас жарапазан айтып үй-үйді аралаған, үй иелерін құттықтаған, олардан сыйлық алған. Әнді орындаушылар жарапазаншылар, жарамазаншылар деп аталған. «Жарапазан» әндерінде үй иелеріне аман-саулық, оты мол, жайылымы, мал-жанның көп болуы және т.б. тіленген.



АЙТАМЫН ЖАРАПАЗАН ЕЛІҢІЗГЕ

Айтамын жарапазан еліңізге

Байлаңдар бір орамал белімізге.

Байласаң бір орамал белімізге,

Барамыз мақтап, мақтап елімізге.

Қайырмасы:

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан,

Әсіре мазан, сайра мазан,

Оразаң қабыл болсын ұстаған жан.

Сонымен бірге Рамазан айында (мұсылмандар ораза тұтатын кезде) айтылатын жарапазан деп аталатын әдет-ғұрып әңдерінде бәрінен бұрын діни нанымдар бой көрсетіп қалады. Оларда ислам дінінің тақырыбы болғанымен халықтың көне дөуірдегі (VІІ-VІІІ ғ.ғ.) әдеттерінің, ғұрыптарының іздері айқын керінеді. Жарапазан әндерінде отбасына аман-саулық, мал-жанның көбеюі туралы көптеген жалпылама тілектермен қатар тұрақты рефрендер түріндегі пайғамбардың қырық серіктерінің біріне сиынуды, Құраннан келтірілетін «лә Илахи ил Алла» — «Алладан басқа төңір жоқ» деген сөздерді де үнемі кездестіруге болады.

Бұл тұрғыдан алғанда қазақ музыкасын зерттеген ірі ғұлама этнограф АВ.Затаевичтің жазғандары аса құнды, мысалы, бір жинақта келтірілген «Мұхамедия» әнін этнограф еркектің аты ғана деп түсіндіреді. Шын мәнінде бұл исланың негізін қалаушы Мұхамедтің аты. «Мұхамедия» әні қазақтың көшпелі тұрмысына бейімделіп, жаңа түрге, мазмұнға ие болған. Құран сөзіне жазылған түбірі арабтан шыққан ән әуені.

Малшылардың бәдік тәрізді, әдет-ғұрып әндерінде де алуан түрлі тақырыптар бар. Солардың бірі – бәдік деп аталатын әндер. Қазіргі кезде қазақ халқының тұрмыс-салтынан мұндай әндерді кездестіру қиын. Арбау-байлау әндерінің ішінде «Бәдік», «Күләпсан» сияқты әндер кездеседі. «Бәдік» малдан ауру-сырқатты қашыру үшін айтылатын болған. «Күләпсан» дейтін ән арбау-байлау әндерінің, емдеу әндерінің қатарына жатады. Бұл әндерді айту арқылы яғни арбау, үшкіру жолымен, қазіргіше айтсақ, магиялық-сиқырлық жолмен мал мен адам денесінен ауруды, сырқатты, кінәратты қууға болады, жазуға болады деп сенген халық. Қазақ халқы өлеңмен, әнмен, арбау, бәдік айту, жырлау жолымен табиғаттың дүлей күшін бағындыруға, сиқырлауға болады, құрғақшылық кезінде күн жаудыруға, апаттан құтылуға болады деп сенген.

Төменде мысал үшін келтіріліп отырған «Бәдік» атты өлеңде бейнелі түрде малдая пышаққа көшуі, жұрттан аулақ кетуі керектігі айтылған.



БӘДІК

Пышаққа көш, ағатай, пышаққа көш,

Қойдан қойға жүгірсін тұсаққа көш-ай.

Жайыңды одан көшер мен айтайын,

Отырған әріптесті құшақтай кеш-ай.

Бұрма, бәдік тағы да, бұрма, бәдік,

Босағада бұрылып тұрма, бәдік.

Бұрылып босағада тұрсаң, бәдік,

Көңіліне иесінің келер кәдік-ай.

Арбау-байлау әндеріне жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Күләпсан» дейтін ән мысал бола алады. «Күләпсан» — желшешек сияқты балаларда кездесетін сырқаттың аты. Мұндай әндер әдетте өздерінің атқаратын қызметтері жағынан емшілік, арбау-байлау әлеңдері сияқты дәрігерлік-төуіптік әндер қатарына жатады. Қазақтардың тұрмыс-салттарында жылан шағуға қарсы арбау, бақсы-шамандардың арбау-үшкіру-бақсы сарыны дейтін болған. Тұрмыста сүйекпен бал ашу (әдетте жауырынмен бал ашу) қолданылған. Сүйекпен бал ашушыларды қазақ халқы арасында «жауырыншылар» деп атаған. Зерттеушілердің атап көрсеткеніндей, арбау ән-өлеңдсрі халық медениетінің өте көне түрі болып табылады, ескі әдет-ғұрыптар қатарына жатады, бұл өзі алғашқы мағынасында да, тура мағынасында да фольклор болып табылады. Арбаулар әдеттс утилитарлы яғни пайда келуін көздейді, олар тұрмыс-салтпен байланысты, көп жағдайда белгілі бір практикалық мақсатқа жетудің құралы болып табылады. Арбау — әнінің ықпалды, әсер ететін күші оның сөздік формуласында яғни дүғалық сөзінде, қазақ халқының тұрмыс-салт мәдениетінде, соның ішінде бәдікте, сол сияқты «Күлөпсан» өлеңінде әдет-ғүрыптың сиқырлы-магиялық мән-мазмұны тұрақты түрде қайталанатын «кеш», «көш» сөзіне жинақталған. Халық, өлеңді айтушы осы сөзді қайталау арқылы ауруды басқа жерге көшіруге болатынына сенген сияқты, мұны «Күләпсан» ән-өлеңінен айқын көруге болады.



КҮЛӘПСАН

Күләпсан кешкелі отыр,

Арқаға кеш жаралган!

Қарағайдан жаңқаға көш!

Таппасаң жайлауыңды,

Және айтайын жүгірген

Қойдан қойға марқаға көш!

Көш, кош, көш!

Көптеген халықтардың арбау өлеңдеріңде сөздерінің функциялары жағынан типологиялық ұқсастық бар. Орыстың әдет-ғұрыпындағы түп-тамырлары іздестіре келіп ғалымдар, мысалы, «…арбаулар дегеніміз белгілі әдет-ғұрыпқа қосақталған немесе өз алдына жеке тілек болып табылады, соның өзінде орындалуға тиіс тілек» қазақтың «бәдік», «күләпсан» деп аталатын арбауы әндері мен басқа да әдет-ғұрып өлең-жырларында, мысалы, «Айдаһар жыландардың арбауы» дейтін өлеңде де халықтың, жеке адамның арбауы арқылы (сөзбен және сиқырмен) жануардың, малдың денесінен ауруды қууға болатындығы, адамды сырқаттан емдеп жазуға болатындығы жөніндегі сенімі айқын көрініп тұр.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, табиғат құбылыстарын арбау әндері де образды символиканың жалғасы болып табылады. Осындай ән-өлендерді айту арқылы халық еңбегіне сәттілік туғызуға, мысалы, құрғақшылық жылдары жаңбыр жауғызуға тырысқан.

А.Затаевичтің жазбаларынан «Бозала таң» деп аталатын өте қызық әнді кездестіруге болады. Александр Викторивич Затаевичтің өз жазбаларында атап өткендей, осы өлеңді айту арқылы қазақтар кең далада ататын арайлы танды, шығатын күнді қарсы алған.

Қазақстанның филолог ғалымдары халықтың поэтикалык ауыз әдебиетінің ерекшеліктерін зерттей келіп, өн-өлендердің арасында — аңшылық өлеңдердің бар екенін көрсетеді. Бұл әндерде көне дөуірдегі адамдардың тұрмыс-салты мен еңбегі бейнеленген. Аңшылық өлендерінде осыған ұқсас өлеңдердегі сияқты адамдардың өздерін қоршаған табиғат күштеріне көзқарасы, көне дөуірдегі аңшылык тұрмыс-салттан бастау алатын сенімдер мен әдеттердің, ғұрып-дағдылардың іздері байқалады . Бұл әндердің кейбіреулері жануар мен құстардың қимыл-әрекетгтріне және дауыстарына еліктеуден шыққан, сөйтіп олардың сырт көріністерін бейнелеуге арналған. Көне түріктің «Кодекс куманикус» деп аталатын, 1303 жылы жазылған жазбаша ескерткіштерінде малды бейнелеп былай суреттеген:

Қошқар мүйізі қойырмақ

Қойырмақтан қойырмақ.

Теке мүйізі түйірмек,

Түйірмектен түйірмек.

Қазақтардың тұрмысында құспен аң аулау болған. Аңшы құстарды баптаушылар — құсбегілер деп атаған. Бұл да халықтың әншілік-жыршылық өнерінен, өз орнын тапқан. Аңшылық сәттерді бейнелейтін поэтикалық текстер орта ғасырда өмір сүрген түрік филологі Махмуд Қашқаридің шығармаларында, сондай-ақ VIII ғасырдагы орхон-енисей эпитафиясының Тоньюкук жазуында кездеседі. Көріп отырғанымыздай мұндай мысалдар аңшылық ән дәстүрінің өте ертеден келе жатқандығын дәлелдейді. Аңшылық өлең-жырларының қазақ халқына, ғана емес, сонымен бірге көптеген түрік халықтарының фольклорына да тән екенін айта кеткен жөн. Келе-келе көне әндер жаңа жанрлық түрге ауысқан сияқты, ал интонациялық құрылымның элементтері кейін қабаттаса жалғасқан жырлардың әуеніне табиғи түрде жымдасып кеткенге ұқсайды. Бұған қазақтардың әдетте құстар мен жануарлардың бейнелерін тұрмыс-салт жырларында, лирикалық әндерде кеңінен асқақтай, әлпештей, мақтап-мадақтай көрсетулері әбден дәлел бола алады.

Қазақтардың мал бағу мен өсіруге байланысты тұрмыс-тіршілігі малды қастерлеуге, құрметтеуге байланысты көптеген әдет-ғұрыптар, салт-дағдылар, ырымдар туғызған. Жануарлар бейнесі қазақтың ертедегі әншілік-жыршылық өнерлерінен де көрініс тапқан. Жануарлардың, әсіресе малдың бай да алуан түрлі дүниесі «Төрт түлік туралы өлеңдерде»жақсы бейнеленіп, жақсы көрініс тапқан. Өйткені төрт түлік — түйе, жылқы, сиыр, қой — қазақ халқының жесе — еті, ішсе сүті мен қымызы, кисе — киімі. Түп тамыры көне шамандық жануарларға табынуда жатқан әндердің осы түрі қазақ әдебиетінде зерттелген. Кейбір жағдайларда эпикалық түрде кеңге құлаш сермейтін төрт түлік мал жөніндегі өлеңде үй жануарларын аса тартымды бояулармен суреттеп көрсетеді. Мысалы «…сиырдың мүйізі айдай жарқырайды, тұяқтары болаттай сыртылдайды. Желге желбіреген аттың жалы жібектей, жүні мамықтай қалың. Түйенің өркеші көк тірейді. Бәрі аман, бәрі тоқ, бәрінің бойында өмірдің күші ойнап тұр».

Халық   мәдениетінің   құбылысы   ретінде   малды   бұлай   асқақтату тегіннен    тегін    емес.     Баяғы    бағзы    заманнан    қазақ    үшін    малшаруашылықтың, отбасының аман-саулығының нышаны болған. Уақыт өте келе «Төрт түлік туралы өлеңдер» кейін шыққан ән-жырларға ауысты, сөйтіп мал өсіретін халықтың малшылық поэзиясына өзінің колоритті бояуы қанық құрылымымен, бейнелілігімен спецификалық (өзіне ғана тән)  элемент қосты.   Аңшылық  өлеңдеріндегідей  «Төрт  түлік  туралы өлеңдердің»   мазмұнына  да   адамға  тән   іс-әрекеттерді,   мінез-құлықты табиғат   құбылысына   (бүл   арада – малта)   телу   тән.   Жануарлардың бейнелерінде адам  сезімдері берілген.   Бұл тектес  әндерге  импровизациялық,  әуезділік  негізінде     өңдету  —  речитативтік түрде  айтылатын, оларға мүмкін болатын буындық әндетулер қосылып отырады. Малшы малмен     еңгімелеседі,   аңдар   бір-бірімен  сөйлеседі.   Мұндай   қызықты жайларды жануарлар айтысынан да көруге болады. Сөз жоқ, өте ерте шыққан   бұл   өлендерде   көшпелі   малшылардың   жыртқыш   аңдармен жүргізілген күресін ашып көрсетіп отыр. Бұл өлең-жырларды филолог-ғалымдар    өз    тараптарынан    арнайы    зерттеп,    олардың    халықтық поэтикалық ауыз әдебиетіндегі шұрайлы да шырайлы тұстарын барынша аша түскен. Қазақстанның музыка зерттеу ғылымы саласында жаңадан жазып  алулар,  жаңадан  жарияланулар   нетижесінде   біз  атап  сөз  етіп отырған «төрт түлік туралы өлендер» аз да болса музыкалық фольклордың үлгісі ретінде жұртшылыққа таныстырылып келеді. Осының арқасында қазақ әңдерінің жанрлық түрі туралы ой-өрісіміз кеңейе түсті. Жануарлар мен құстардың символдық, музыкалық бейнелері өлеңдерде ғана емес, қазақтың аспаптық музыкасында  да  бар  екенін  аңғардық.   Оның өзі (жануарлар мен құстар туралы аспаптық музыкалар) халық музыкасының өз алдына жеке,  қайталанбас қабаты болып табылады, сонымен бірге мұндай өлеңдер  көне  эпикалық дәстүрлермен тығыз да  қоян-қолтық жымдаса, астаса келіп, қазақ эпосына «жекелеген эпизодтар» болып та кіреді.

Қазақ халқының тұрмыс-салт жырларының ішіндегі қалың да шұрайлы қабаттардың тағы бірі — той және өлік шығару, жоқтау, көңіл айту, естірту өлеңдері. Бұл өлеңдер белгілі бір жүйемен топтасқан. Олардағы әрбір «ұя» әдет-ғұрып, дәстүр, дағды ережелері мен зандарының тұтас комплексін байланыстырушы буын ретінде бой көрсетіп тұрады. Той бастар, жар-жар, сыңсу, қоштасу-көрісу, сияқты той өлендері барынша икемді де әсерлі көріністерге ие. Қоштасу мен көрісу, сыңсу әніне ұқсас, тек бұл өлеңді калындықтың жақын туыстары ғана айтқан. Қыз ұзату тойы әндерінің бірнеше мақсаты болған. Біріншіден ол қыздың өз туыстарымен қоштасу кезіндегі зарын білдірсе, екіншіден сарын тойдағы импровизациялық ән қайым бейнесінде жырланған. Қайым туралы Ш.Уөлиханов қыз ұзату тойы әндерінің бір жанры деп жазған. Жоқтау, жылау сияқты өлеңдер жақын, туыс адамға қайтыс болғанда айтылған. Жоқтау-жылау өлеңдері жүрек толқытарлық сезімдер мен көңіл күйдің тұтас та терең дүниесі деуге болады. Жылау өлеңдерінің қатарына естірту, көңіл айту өлеңдері жатады. Мысалы:

Аққу ұшып көлге кетті,

Сұңқар ұшып шөлге кетті.

Ол адасып кеткен жоқ,

Әркім барар жерге кетті.

Арғымақтың тұяғы,

Тасты басса кетілер,

Сазды басса жетілер.

Екі арыс аман болсын,

Жетпесті қума,

Келмеске жылама.



Жылау өлеңдерінің қатарына мағына-мазмұндары жағынан жақын, туыстас әдет-ғұрып өлеңдерінің зар, зар-мұң, қайғы-қасірет, куйініш әндері сияқты бір топ түрлерін де жатқызуға болады.

Қазақтың ән мәдениетінен жанрлар шегі мен сүлбесін (контурын) үнемі айқын ажырата беру мүмкін емес. Оның басқа музыкалық-поэтикалық дәстүрлерден (мысалы, орыстың музыкалық-поэтикалық дәстүрінен) айырмашылығы да осында. Бұл тұрғыдан алғанда зар, зар-мұң, куйініш, қайғы-қасірет әндері таза әдет-ғұрып әндерінің шегінен шығып, әлдеқайда кеңейіп кетеді. Сөз болып отырған бұл әндер өлген адамды жерлеу, қою ғұрыптары кезінде ғана емес, сонымен бірге ұзақ уақыт бойына, өлген адамның жылын, асын бергенге дейін орындалған. Қайғы-қасірет, мұң-зар әндерінің тақырыптары да алуан түрлі екенін айта кеткен жөн. Бүл арада олар көп жағдайда тұрмыс-салт әндеріне барынша жақындай түседі, тіпті олармен астасып жатады. Оларда туған жерінен, сүйген адамынан алыстап кетудің, малдың жұтап, өлімге ұшырауының, сүйікті ел, ғашық жаннан ажыраған қайғы-қасіреті, күйініші, мұң-зары ерекше айқын сезіледі, ерекше көрініс береді.

Қазақ халқының әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндерінде сан-салалы өсиет, насихат әндері мол орын алған. Оларда халықтың өмірі туралы орнықты пікірлері, мал бағумен, өсірумсн айналысатын көшпелі халықтың тұтас бір моральдық, адамгершілік кодексі бейнеленген. Мысалы, сондай әндер қатарына «Он үш жаман» дейтін өлеңді жатқызуға болар еді.

Тұрмыс-салт өлең-әндерінің ішінде қазақ халқының бесік жырлары, балалар ермегі дейтін ән-жырлар ерекше тартымды дер едік. Бұл әндер ерекше өмір қуанышына толып, қайталанбас образдарға толы, жарқын да ойнақы.

Қазақ халқының тұрмыс-салт әндерінің ішіндегі тақырыбы жағынан сан-салаларының тағы бірі — шытырман оқиғалы сюжеті бар, бояуы қанық бейнелі ән-ертегілер, сондай-ақ ойнақы, көңіл сергітетін, ойды ербітетін «Жұмбақ өлең», «Жіптер өлең» сияқты ойын-сауық ән-жырлары.

Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ән-жырлары көптеген әдет-ғұрыптармен, салт-дәстүрлермен шектеліп-тұжырымдалған, реттелген, сөйтіп ұлттық-образды   әрі   музыкалық  ойлауда   көрініс  тапқан   иерархиялық өзара қарым-қатынастардың тұтас бір дүниесін бейнелеп көрсетеді.

Күрделі де сан-салалы образды-поэтикалық мазмұнға бай, түрмыс-салтпен, еңбек процесімен, әдет-ғұрыппен байланысты қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрып әндері көне дөуірлердегі дүниеге келген, сөйтіп, сапасы жағынан жаңа бір фольклорлық құбылысқа ауысқан, сол себептен бұл ән-жырлар қазақтың ұлттық медениетінің бірегей көркем көріністерінің бірі болып табылады.

«Қазақтың   әдет-ғұрып,   тұрмыс-салт   әндері»   атты   оқу   құралы мынадай жанрлық-тақырыптық бөлімдерден тұрады:

— Әдет-ғұрып әндері. Бүл бөлімде жыл мезгіл туралы калеңдарлық -әдет-ғұрып әндері — «Наурыз-жарапазан» жаңа жылдық құттықтау әндері, ораза кезінде айтылатын жарапазан-жарамазан әндері;

—   Отбасылық әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері, олар: жоқтау, жылау, естірту әндері.

Жинақта әдет-ғұрыптан тыс орындалатын, көптеген жағдайларда тақырыптары жағынан қайғы-қасірет, күйініш, зар, мұң әндері де берілген. Әдет-ғұрып әндерінің қатарына жататын қыз ұзату, үйлену тойындағы әндер де кеңінен әрі сан-салалы келтірілген. Олар той бастар, жар-жар, аужар түрінде топтастырылған. Сондай-ақ сипаты жағынан жар-жарға, түрі жағынан үйлену тойындағы айтыс өлең-жырларына ұқсас қайым әндеріне де кең орын берілген; қыз сыңсуы, той үстіндегі айтыс өндері, сарын, көрісу, қоштасу яғни қалыңдықтың ұзатыларда ата-анасымен, туған туыстарымен қоштасу әндері де бар, бұл әндерді қалыңдықтың өзі ғана емес, туған, туыстары да орындайтын болған.

Қыз ұзату, үйлену тойларында айтылатын жар-жарға біраз тоқтала кетелік. Қыз-қалыңдық үйінен ұзатылып шығарда былай деп жырлайтын болған:

Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар,

Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар.

Қайын атасы бар дейді көп жігіттер, жар-жар,

Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар.

«Жар-жарды» жеке-жеке айтқаннан кейін жастар оны көңілді де ойнақы әуезбен кезек-кезек — біресе жігіт, біресе қыз айтқан, ал «жар-жардың» қайырмасын бәрі бірігіп шырқаған. Ән айтысқа ұласқан. Жігіт әзіліне қыз да тапқырлықпен жауап қайырған. Жиналған қонақтарды одан әрі көңілдендіріп, күлдіре түсу мақсатымен ділмар жігіттердін, бірі әйелше киініп алған, немесе басына орамал байлап алатын болған. Ол әнші жігіт пен қызға күйеу жігіттің туған-туыстары туралы көңілге онша ауыр тимейтін өлең текстерін сыбырлап айтып тұрған. Кейде бұл айтыс күйеу жігіт пен қалындық арасындағы әзіл-оспақ диалогқа да айналып кететін болған. Қазақстанның әртүрлі аймақтарында «Жар-жардың» рефрені ретінде «жар-жар» ғана емес, сонымсн бірге «үкі-ау», «сылқым-ау» (әйелдер айтқанда) деген сөздср айтылған.

Қалыңдықтың ата-анасымен, туған-туысқандарымен, ел-жұртымен қоштасу әндері де көңіл аударарлық. Дәстүрлі қыз ұзату тойының ырым-жырымдарына сәйкес қыз-қалындық күйеуінің ауылына ұзатылып шығар алдында ән салып ата-анасымен қоштасқан, құрбы қыздарын ертіп ауылындағы ел-жұртын, бала кезінен өзі ойнап өскен жерлерді аралап қоштасатын болған. Бұл дәстүр басқа да шығыс халықтарына тән. Мысалы, көне түрік халықтарында үйлену тойын, соның ішіңде қыз ұзатуға байланысты алуан түрлі ырымдар болған. Мысалы, С.Ш.Гаджиева былай деп жазады: Тойды көбінесе күзде немесе көктемде өткізген. Үйлену тойын өткізетін күнді белгілемей тұрып ноғайлар әдетте, өздерінің астрологгарының пікірін тыңдап алған. Олар Сапар Жұлдыз атты планетаның орналасуына байланысты некелесуге болатын күнді айқындап берген. Қалыңдық үйінен ұзатылған кезде Сапар Жұлдыз туған жаққа қарап емес, оған қарама-қарсы жаққа қарай аттануга тиіс деп есептелінген. Қалыңдық күйеу жігіттің ауылына аттанғанда жұлдыз қалыңдық арбасының алдыңғы жағында болса, отбасары — бақытсыз болады деп жорыған. Мұндай жағдайда қыз ұзату тойы жұлдыз соңынан туғанға дейін кейінге қалдырылған.

Қазақтың «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» деп айтылатын эпостарында «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын соңыңнан» дейтін поэтикалық жолдар бар. Міне, бұл тілек-жолдар жоғарыда аталған ырымдардан туындаған болуы керек.

Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері дейтін бұл жинақта бесік жырларына, дәстүрлі ескі бесік жырына, балалармен ермек әндеріне, балалардың ән, ойын, ән-өлеңдеріне де елеулі де маңызды орын беріліп отыр.

Бұл оқу құралдағы ескертулерде қысқаша ғана түрде әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ән-жырларына барынша қысқаша тоқталып, жалпы ән мәдениетінің кейбір стильдік ерекшеліктері атап көрсетілді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет