Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары


ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНА ОРЫС ГРАФИКАСЫН ЕНГІЗУ ТАРИХЫНАН



Pdf көрінісі
бет159/165
Дата14.12.2021
өлшемі4,15 Mb.
#126269
1   ...   155   156   157   158   159   160   161   162   ...   165
Байланысты:
1064, 196178, 230835, 425883
ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНА ОРЫС ГРАФИКАСЫН ЕНГІЗУ ТАРИХЫНАН 
Г.М.Адамбаева
Ш.Есенов атындағы КМТИУ доценті, ф. ғ. к. 
Тарих беттерінен орыстан өзге халықтар жазуына орыс графикасын енгізу де үлкен 
мемлекеттік саясат ретінде бірнеше рет қолға алынғаны мәлім. Православиелік орыс 
шіркеуі  бұратана  халықтарды  христиан  дініне  енгізу  жолында  аянбай  еңбектенгені 
белгілі.  Қазақтар  үшін  орыс  жазуын  қабылдау  идеясы  орыстар  тарапынан  бұдан 
көп бұрын айтылған болатын. Тұңғыш рет қазақ тілін танып біліп, орысша-қазақша 
сөздік жасау әрекетін жасаған Ресей үкіметі мен академиясының екінші академиялық 
экспедициясыболатын.Осы  экспедицияның  нәтижесінде  1770-1780  жылдарда  жа-
сақ талған  сөздіктер  үшін  біраз  материалдар  жинақталып,  1787  жылғы  «Барлық 
тілдер мен сөйленістердің салыстырмалы сөздігі» (мұның ішінде қазақ тілі де бар) 
құрастырылған. Бакмейстерге жан-жақтан деректер жіберіліп тұрған. Ғалымдардың 
көрсетуінше  Бакмейстерге  Өскемен  қамалынан  қазақ  тіліне  қатысты  материалдар-
ды беріп тұрғандардың бірі генерал-майор Скалон болды. Тұңғыш орысша-қазақша 
сөздіктердің бірінің құрастырушысы да осы кісі болатын. Осы сөздіктің кіріспесінде 
Скалон қазақтар үшін орыс графикасымен «азбука-әліппе тұрғызып, өзге де кітаптар 
жазуға болмас па екен»-деген пікірді 1774 жылы айтқан екен [1,74]


307
Бірақ Скалон айтқан идея бір ғасырдай уақыт өткен соң барып қолға алынды. Өйткені 
сол кезде Ресей империясы күшейе бастады, ол көршілес елдерге бұғау салып, оларды 
қол астында ұстау үшін отаршылдық саясатын жүргізуді де күшейтті. Ресей үкіметі 
көршілес елдердің тек қана жерін алып, байлығын пайдаланып қана қоймай, сондай-
ақ рухани жағынан да шырмап құлдыққа түсірудің неше түрлі жолдарын жасап бақты. 
Мұндай тиімді жолдардың бірі - христиан дініне шоқындыру арқылы орыстандыру 
саясатын жүргізу болды. Ол үшін қазақ халқын қайткен күнде де мұсылман дінінен 
ажыратып, яғни олардың тілінен, әдет-ғұрпынан, ділінен, жерінен айыру керек болды. 
Міне осы саясатты жүргізу барысында XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ жазуы 
үшін орыс графикасын қолдану әрекеті де басталды.
Орынбор  генерал-губернаторы  Н.А.Крыжановский  өзінің  1872  жылы  30  қыр-
күйекте  Оқу  министрінің  атына  жасырын  жолдаған  хатында  бұл  мәселенің  жүзеге 
асырылуына қарай қандай үміттер жүктеліп тұрғанын ашықтан-ашық мәлімдеді. Ал,                           
1876 жылы оқу министрі граф Д.А. Толстой қазақ даласына келгенде шұғылданған 
негізгі мәселелерінің бірі – орыс алфавитін қолдану жайы болған еді. Осы сапарында 
Орынборда арабша жазуды орыс графикасына көшіру үшін арнайы мәжіліс шақырып 
нақты нұсқаулар да берді [1, 18].
1876  жылы  патша  қазақтардың  қолдануындағы  арабша  жазуды  орыс  жазуы-
на  ауыстыру  туралы  жарлыққа  қол  қояды.  Дәл  осы  жылы  граф  Д.А.Толстой                                           
Ыбырай Алтынсаринге орыс алфавитін ешқандай өзгеріссіз сол қалпында қазақ жа-
зуында  қолдану  жайында  кеңесіп,  нұсқау  берген.  Осы  жағдай  туралы  белгілі  қазақ 
ағартушысы  Ы.Алтынсарин  «Қазақтың  болыстық  мектептері  туралы  записка»  атты 
мақаласында: «1876 жылы, бұрынғы халық ағарту министрі граф Д.А.Толстой Орын-
бор  оқу  округінің  оқу  орындарын  тексеру  үшін  Орынбор  қаласына  келген  кезде...
Орынбор өлкесінің қазақтарын оқыту мәселесі де талқыланған еді. Онда ең алдымен 
талқыға салынған мәселе – қазақ арасында орысша хат таныту жолдары мен бұл үшін 
қазақ тіліне орыс алфавитін қолдануға болатын-болмайтыны туралы мәселе қойылған 
еді.  Бұл  маслихаттарға  Орынбор  өлкесінің  бұрынғы  генерал-губернаторы  генерал-
адьютант  Н.А.Крыжановский,  Орынбор  оқу  округінің  попечителі  П.А.Лавровский, 
Қазандағы оқытушылар семинариясының директоры Н.И.Ильминский және Торғай, 
Орал  облыстарының  губернаторлары  қатынасты;  бұлардың  бәрі  де  орыс  алфавитін 
қазақ тіліне қолдануға әбден болады деген қорытындыға келген еді» − деп, өзінің сол 
оқиғаға куә болғандығын көрсетеді [2,133].
Аталған жағдайларды мұрағат құжаттары да айқындай түседі: «Во всех случаях, 
когда приходиться объявлять киргизам распоряжения правительственных мест на кир-
гизском языке, употребляется русский алфавит. Обучение изложению киргизской речи 
этим же алфавитом вводится, на точном основании предложения Вашего Высокопре-
восходительства от 4 мая за № 26, в киргизских интернатах. Будет время, когда русс-
кий алфавит в степи возьмет верх над арабским» − деп көрсетілген Семей генерал 
– губернаторының 1878 жылғы 26қыркүйекте  Батыс генерал – губернаторына жазған 
хатында [3, 4].
1878 жылдың басында Орынбор өлкесінің генерал–губернаторы Н.А.Крыжановский 
Оқу министріне тағы да хат жолдап, төмендегідей ұсыныстар береді.


308
1) Қазақтарға арнап алфавит жасау және сол алфавитпен әр түрлі ғылым салалары-
нан оқулықтар жазу үшін 1872 жылы Қазанда құрылған комиссия жұмысының созы-
лып кеткенін ескертіп, сол жұмысты жандандыруды сұрайды.
2) Діни кітаптарды қазақ тіліне аударып, орыс әрпімен қайта бастыруды ұсынады.
3) Өз балаларын оқыту үшін қазақтардың татар, башқұрларды шақыруына тыйым 
салуды қажет деп табады. 
4)  Бұдан  былай  болыстың  хатшылығына  орыс  әрпімен  оқып,  жаза  алатындарды 
тағайындауды дұрыс деп санайды.
5) Әзірге қазақ мектептері орысша сауатты адамдарды біртіндеп дайындап жатқан 
кезде, үкіметтің бұйрық-жарлықтарын орыс әрпімен қазақ тілінде таратуды жөн көрді.
6) Әзірге болыстар мен ауылдардағы татар тілмаштарын алмастыруға мүмкіндік 
жоқ екенін ескеріп, бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – мектеп ашу екенін, 
алайда, ол үшін мұғалімдердің жетіспейтіндігін айта келіп, мұғалімдер даярлайтын 
оқу орнын ашу мәселесін қояды.
Бұған  қайтарған  Оқу  министрінің  жауабында  орыс  әліппесін  өзгеріссіз  қолдана 
берудің қажеттілігі ескертіліп, қазақ тілінде басшылыққа алатын оқулықтардың бар 
екендігі,  тек  соны  көбейту  керектігі  айтылады.  Өз  пікіріне  қосымша  етіп  бұратана 
халықтар  үшін  алфавит  шығару  жөніндегі  Петербург  университеті  шығыс  тілдері 
факультетінің шешімінің көшірмесін жібереді.
1878 жылы Оқу министрлігінің тапсыруы бойынша Петербор университетінің шығыс 
тілдері факультетінің мүшелері орыс алфавитін Ресейдің орыстан өзге халықтарының 
тілдерінде қолдану жөнінде мәселе қарады. Олар бірнеше пікір алысулардан соң жер 
бетінде ешбір халықтың тілінің ерекшеліктерін толық қанағаттанарлықтай етіп бере 
алатын,  күнделікті  қарым-қатынаста  қолдануда  қиыншылық  тудырмайтын  бірде-
бір алфавит жоқ; Ресей империясына қарасты ұлттардың біразы қолданып отырған 
араб  алфавиті  олардың  тіліне  тіптен  жарамсыз;  орыс  алфавиті  ең  бай  алфавит 
болғандықтан,  өзге  тілдің  алфавиттеріндегі  дыбыстарды  белгілеп  беруге  қолайлы, 
ол тілдердің қажетін толықтай өтеп бере алады деген ортақ тұжырымға келеді. Фа-
культет мүшелері орыс алфавитін өзге тілдерде қолдануды дұрыс деп тауып, қандай 
формада  қолдану  керектігіне  келгенде  түрлі  көзқараста  болады.  Аталған  жиында 
кезінде Н.И.Ильминский, В.В.Радлов қолданған орыс алфавитінің қосымша енгізген 
түрі қабылданбайды. Қандай да болсын кітап шығарғанда орыс әліппесінің өзін ешбір 
өзгеріссіз, қосымшасыз қолдануды ұсынады. Олардың біразы орыс алфавитін басқа 
тілдерде қолданғанда ешбір өзгеріссіз қолдану керек деген пікірде болды, яғни орыс 
алфавиті орыс тілінде қандай түрде қолданылса, басқа тілдерде де сол күйінде қолдану 
керек деген көзқараста болды. Бұған қарсылар да болды. Аталған оқу орнының про-
фессоры барон Розен және бірнеше ғалымдар орыс алфавитінің өзге халықтар үшін 
араб әліпбиінен артық екендігін ескере отырып, ол тілдердің ерекшелігіне байланы-
сты өзгерістер жасау керектігіне тоқталды. Факультет мүшелерінің көпшілігі ғылыми 
жағынан  алғанда  бұл  көзқарастың  дұрыс  екенін  жақтай  отырып,  бірақ  алфавитке 
өзгеріс керек еместігін түсіндіруге тырысты. Себебі, орыстардың отар қылған ұлттары 
мен ұлыстары көп болғандықтан, ол ұлттардың әрқайсысының тіл ерекшелігіне қарай 
жаңа таңба енгізе берсе өзгеріс өте көбейіп кететінін айтып бақты. Қорытындысында 


309
орыс алфавитін өзге тілде қолдану керек, бірақ ешбір өзгеріссіз деген мәмілеге келіп, 
бұл пікірді 9 адам оң пікірмен, 3 адам қарсы дауыспен қабылдады.
Сөйтіп, Қазан университеті шығыстанушы ғалымдарының Петербор университеті 
ғалымдары пікіріне қарсы түркі тілдерінің дыбыстық ерекшеліктерін дәл көрсететіндей 
қосымша  белгілер  қосу  қажет  деген  пікірде  болғаны  байқалады.  Алайда  Петер-
бор  университеті  ғалымдарының  қорытындысын  ресми  әкімшілік  органдарының 
қолдауы себепті, бұдан кейінгі шыққан кітап, газеттерде, ресми іс-қағаздарында орыс 
әліппесінің көп өзгермеген түрі қолданылады.
Ал  Түркістан  өлкесінің  алғашқы  генерал-губернаторы  К.фон  Кауфманның  1880 
жылы 8 қараша күні халық ағарту министріне жолдаған хатында да қазақтарды ислам 
дінін терең қабылдаған көрші халықтардан бөлек ұстай отырып, орыс жазуы негізінде 
оқытылатын мектеп арқылы тезірек ассимиляциялау міндетін алға қояды. Бұл үшін 
қолданылатын саяси тәсіл ретінде қазақ жазуын орыс жазуымен ауыстыруды көздеп, 
алфавит қазақтарды мұсылман дінінің ықпалынан аулақ ұстауға қызмет етеді деп білді.
Бұл  шаралардың  үстіне  1883  жылғы  оқу  министрі  граф  Д.А.Толстойдың  қазақ 
даласындағы  әкімдерге  берген  нұсқауын  да  қоссақ,  патша  үкіметінің  бұл  іске 
қаншалықты  мән  бергенін  байқау  қиын  емес:  «Пресечь  мусульманской  пропаганде 
путь в среду киргизов и что для этого прежде всего необходимо безотлагательно за-
менить в местных управлениях переводчиков и письмоводителей из татар и башкир 
природными киргизами, воспитавшимися в русских учебных заведениях, а затем по-
степенно вводить в официальную переписку с местным начальством киргизский язык 
с русским алфавитом» [4, 12]. Міне, осы айтылған пікірлердің астарында үлкен сая-
сат, яғни аз ұлттар арасында оқу-ағарту жұмысын жүргізген болып, ол елдің ішінде 
христиан дінін тарату болды, сол дін арқылы ұсақ ұлттарды орыстандыру жатқанын 
аңғаруға болады.
Х1Х ғасырдың жетпісінші жылдарында қазақ жазбасына орыс графикасын енгізу 
мәселесі  қайта  көтеріледі.  1871  жылғы  Н.Ильминскийге  жазған  хатында  Ыбырай 
қазақ жазбасын орыс графикасына көшіру принципін қолдай отырып, бұл жұмысты 
халықтың сауаттану дәрежесіне сәйкестендіріп жүргізу керектігін, ол үшін, біріншіден, 
қазақ тілінде азаматтық кітаптарды молынан шығару керектігін айтады.
Араб жазуын орыс графикасына алмастыру мәселесі XIX ғасырдың II жартысында 
қызу көтерілгенімен де, өз шешімін таба алмай аяқталған болатын. Мұның себебін 
шығыстанушы  ғалым  Н.Яковлев:  «Орыс  графикасы  миссионерлер  мектебі  арқылы 
таратылғандықтан  кейбір  халықтардың  ұлттық  сезіміне  жағымсыз  әсер  етті.  Бұл 
орыстандыру  және  зорлықпен  ұлттық  ерекшеліктерді  жою  үшін  істелінген  іс  деп 
есептелінді» − деп көрсетті [5, 38].
Жоғарыда байқалғандай, араб графикасына негізделген қазақ жазуын орыс графика-
сына көшіру мәселесі XIX ғасырдан бастап көтерілген болатын. Сол кездегі баспасөз 
беттерінде  араб  жазуының  кемшін  тұстарын,  оның  түркі  тілдеріне  жарамсыздығын 
дәлелдеп көрсеткен мақалалар көп болды. Кейбір авторлар араб жазуының қазақ тілінің 
дыбыстық жүйесін дәл және толық бере алмайтындығын, сөйлемдерде бас әріптер мен 
тыныс  белгілерінің  сақталмағандығы  немесе  жоқтығы  оқуда  қиындық  туғызатынын 
көрсете келіп, қазақ жазуын жетілдіру керек немесе басқа жазуға ауыстыру керек деген 


310
пікірлер айтты. Ал қазақ ұлтынан шыққан Ы. Алтынсарин сияқты ағартушылар қазақтың 
ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере ала-
тын жаңа алфавит қабылдауды не болмаса бұрынғы жазуды біраз жетілдіру қажет деген 
пікірде болды. Ал қазақ оқығандары тарапынан мұндай оң көзқарасты байқаған орыс 
миссионерлері, соның ішінде Н.И.Ильминский сияқты өз ісіне берілгендері, оны қызу 
қуаттап, араб жазуының кемшіліктерін сынап, қазақ жазуын орыс графикасына көшіруді 
мықтап қолға алып, қазақ тілінде орыс әріптерімен жазылған түрлі оқулықтар, сөздіктер 
құрастырып, өздерінің көздеген шоқындыру мақсатына байланысты діни мазмұндағы 
кітаптарды да аударып, ел арасына көптеп таратты.
XIX ғасырдың II жартысындақазақтардың жазу тәжірибесінде екі түрлі: араб және 
орыс  графикалары  пайдаланылды.  Сол  кезде  қоғамдық  ой-пікірде  араб  графикасы-
на негізделген алфавиттің қазақ сөздерін дұрыс жазуға келе бермейтіндігі, сауат ашу 
ісінде  қиындық  туғызатыны  жөнінде  және  азаматтық  білім  беруде  орыс  графика-
сына көшу туралы кеңінен сөз болды. Сондықтан қазақ жазуына орыс графикасын 
енгізумемлекеттік дәрежеде жүргізілген, саяси мәні жоғары науқан болды. Халықты 
православие дініне кіргізуде жазудың ролі зор болды. Өйткені бұқара халық өзге дінді 
қабылдау үшін оның негізгі канондарын естіп қана қоймай, өз беттерімен сол діннің 
кітаптарын  да  оқи  алу  керек  болатын.  Ал  ол  кітаптар  халыққа  түсінікті  болу  үшін 
арнайы түрде аударылды.Ал орыс ғалымдарының көпшілігі қазақ тілінің ерекше ды-
быстарын беруде түрлі пікірде болды. Дейтұрғанмен, заман ағымына сәйкес дәл сол 
кезде орыс жазуын қолдану мүмкін болмады.
Әдебиеттер:
1. Ильминский Н. И. Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к 
инородческим языкам. − Казань:Тип. Имп.Унив.,1867. −47с.
2. Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. − Алматы: Жазушы, 1988. − 320 б.
3. ҚРОММ, 15-қор, 1-тізбе, 404-іс, 8-парақ.
4. Васильев А. Материалы к характеристике взаимных отношений татар и киргизов. 
Оренбург, 1989. – 63с.
5. Яковлев Н. Проблемы национальной письменности восточных народов СССР в 
советскую эпоху// В борьбе за новый тюркский алфавит.− Москва, 1926. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   155   156   157   158   159   160   161   162   ...   165




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет