§ 2. Педагогикалық іс-әрекет стилі Педагогикалық іс-әрекет стилінің жалпы сипаттамасы Педагогикалық стиль сипаттамасы, оның өзгешелігін бейнелей отырып, басқару стилін де, өзін-өзі реттеу стилін де, қарым-қатынас стилін де және мұғалімнің когнитивті стилін де қамтиды. Педагогикалық іс-әрекет стилі кем дегенде үш факторлардың әсер етуін айқындайды: а) осы іс-әрекет субъекті – мұғалімнің (оқытушының) даралық-психологиялық ерекшеліктері, ол даралық-типологиялық, тұлғалық, мінез-құлықтық ерекшеліктерді қамтиды; б) іс-әрекеттің өзінің ерекшеліктері және в) оқушылардың ерекшеліктері (жасы, жынысы, мәртебесі, білім деңгейі және т.б.). Оқушылардың нақты оқу жағдайын ұйымдастыру және олардың оқу іс-әрекеттерін басқаруда субъект-субъекттік өзара әрекеттесумен сипатталатын педагогикалық іс-әрекетте бұл факторлар: а) өзара әрекеттесу сипатымен; б) іс-әрекетті ұйымдастыру сипатымен; в) мұғалімнің пәндік-кәсіби құзырлығымен; г) қарым-қатынас сипатымен де байланыстырылады. Бұл жерде В.А. Кан-Каликке сәйкес, қарым-қатынас стилі деп педагог пеноқушының әлеуметтік–психологиялық өзара әрекетесуінің даралық-типологиялық ерекшеліктері түсініледі.
Педагогикалық іс-әрекет стильдерінің түрлері Педагогикалық іс-әрекет стильдері ең алдымен, жоғарыда қарастырылған жалпы үш түрге бөлінеді: өктемшілдік, демократиялық және либералды-бетімен жіберу, сонымен қатар ол өзіндік «педагогикалық» мазмұнмен толтырылып отырылды. Олардың А.К. Маркова берген сипаттамаларын келтірейік [129, 30-34 б.].
Өктемшілдік стиль. Оқушы тең құқықты серіктес емес, педагогикалық әсер ету обьекті ретінде қарастырылады. Мұғалім бір жақты шешім қабылдайды, шешеді, өзі қойған талаптардың орындалуына қатаң бақылау орнатады, қалыптасқан жағдайлар мен шәкірттердің пікірлерін есепке алмай өз құқықтарын пайдаланады, шәкірттерінің алдында өз әрекеттерін негіздемейді. Осының салдарынан шәкірттер белсенділіктерінен айырылады немесе оны тек мұғалімнің жетекші рөлі барысында ғана жүзеге асырады, өзін-өзі төмен бағалайды, бойларында агрессиялылық пайда болады. Өктемшілдік стиль барысында оқушылардың күші білімдер игеру мен өзін-өзі дамытуға емес, психологиялық өзін-өзі қорғауға бағытталған. Мұндай мұғалімнің әсер етуінің негізгі әдісі бұйрық, ақыл айту болып табылады. Мұғалімге өз кәсібіне қанағаттанудың төмендігі және кәсіби тиянақсыздық тән. Жетекшілік етудің осындай стилін ұстанған мұғалімдер басты назарды әдістемелік мәдениетке аударады, педагогикалық ұжымда көбінесе лидер болып келеді.