1920-1940 жж. Ересектер арасында сауатсыздықты жою бойынша жүргізілген іс –шаралар.
Саржан Қасымұлы бастаған ұлт -азаттық күрестің болған аудандарын карта бойынша түсіріңіз, маңызын түсіндіріңіз.
Жауабы: 1. Савромат, дай тайпалары.
Сарматтар– көне дәуірде Қазақстанның батыс өлкелерін, Оңтүстік Орал алқаптарын мекендеген, үлкен тобы Еділден батысқа қарай өтіп, Солт. Қаратау өңірлерін жайлаған тайпалардың шартты атауы. “Сарматтар” , “Сарматия” сияқты атаулар антик дәуірінің жазба деректерінен келген және көптеген тайпалар иен олардың одақтарына таңылатын жалпылама ұғым болып табылады.
Сарматтар туралы деректер өте аз. Бұл тайпаның аты б.з.б. ІІІ ғ. Бастап тарихқа кірген. Сармат тайпалар одағы Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген. Б.з.б. ІІІ ғ.- б.з-дың IV ғасыры аралығында Тобыл мен Дунай аралығын мекендеген тайпалар. Олар алғашында б.з.б. VIII ғасырда «савроматтар» деп аталған. Олар алғашында б.з.б. II ғасырдан бастап Оңтүстік Оралды, Еділ бойын, Қазақстанның батыс аумағын қоныстанған.
Мәдениеті: Сарматтар мәдениеті үш кезеңді қамтиды: ерте сарматтар мәдениеті (прохор), орта сарматтар (суслов), кейінгі сарматтар мәдениеті.
Сарматтар қыш ыдыстар, сақина, білезік сияқты әшекей заттар жасаған. Б.з. ІІ-IV ғғ. Сарматтардың аса ірі археологиялық ескерткіші-- жерлеу орындары (Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында) табылған. Олар кейінгі сарматтар мәдениетіне жатады. Қабірдің қасында әшекей заттары бар әйел жерленген. Көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы өмір сүріп егіншілікпен айналысты. Сармат тайпалары Еуразияның саяси экономикалық және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған одақтар мен мемлекеттер құрамына кірді. Грек деректерінде б.з.б. IV ғасырдан, яғни олардың Батыс Қазақстан мен Оңт. Орал өлкелерін батысқа қарай жылжуы басталған кезден бастап кездеседі.
Грек тарихшысы Геродот қалдырағн мәлімет бойынша:
савроматтар скиф тілінде өте жақсы сөйлеген;
қауымдағы ерлер мен әйелдер тең саналған;
савроматтар дай, массагеттермен, исседондармен туыстас болып келген.
2. 1920-1940 жж. Ересектер арасында сауатсыздықты жою бойынша жүргізілген іс –шаралар
Сауатсыздықты жою—КСРО-дағы сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей сіндетті сауат ашу. Кеңес билік құрған алғашқы онжылдықтарда КСРО дағы сияқты Қазақстанда да бұқараның мәдени деңгейін арттыру саласында қомақты жетістіктерге қол жеткізілді. Бұрынғы артта қалған халықтардың ілгері кеткен Орталық Ресейді қуып жетуі үшін халықтардың ана тілінде мектеп, баспасөз, театр, клуб ісін дамыту, халық шаруашылығының барлық салалары үшін білікті кадрлар даярлау, ол шараларды іске асыруға арнаоған мектептер мен курстар желісін кең өрістету міндеті алға қойылды. Отар аймақтардың қатарындағы Қазақстанда да зиялылар аз болатын. Олардың алаш қозғалысына қосылған бірқатары революция барысында жазаға ұшырады. Өлкеде мәдени құрылысты өрістетудің материалдық техникалық базасы болмады. Сондықтан сауатсыздықты жою үдерісі баяу ілгеріледі. 1924 жылы «Сауатсыздықты жою қоғамы» ұйымдастырылды. Ол еңбекшілердің қолдауымен ерікті мүшелік негізінде жұмыс жүргізді. 1931 жылғы желтоқсанда республиканың 15 жастан 50 жасқа дейінгі сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей міндетті сауат ашу енгізілді. Қазақстанның халыққа білім беруге бөлінген қаражат мөлшері өсті. Ұлы Отан соғысы басталар алдында еңбекке жарамды тұрғындар арасында сауатсыздықты жою аяқталды. Халық бұқарасын жаппай сауаттандыру Қазақстандағы мәдени өзгерістердің маңызды қорытындыларының бірі болды.
3.Саржан Қасымұлы бастаған ұлт -азаттық күрестің болған аудандарын карта бойынша түсіріңіз, маңызын түсіндіріңіз.
Саржан сұлтанның көтерілісі (1825 — 36) — Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Хандықбиліктің жойылуына байланысты окр. және шекаралық ресейлік басқару мекемелері ашылып, әскери бекіністер салына бастады. Көтерілістің шығуына Солт.Қазақстандағы суы мен жайылымы мол Есіл өз-нің бойындағы жерлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі де қатты әсер етті. Саржанның Қытайдағы Цинь үкіметімен қарым-қатынас орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Ол інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарында халықты ашық бас көтеруге үгіттеп, 1825 ж. Қарқаралы окр-не қарасты Қарпық болыстығы қазақтарының көтеріліске шығуына ұйытқы болды. Қарулы жасақтар Саржан сұлтанның басшылығымен окр. приказдарға, керуен жолдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, жергілікті билік орындарын әбігерге түсірді. Жасақтар қатарында Саржанның інісі Кенесары да болды. 1826 ж. 31 қаңтарда Бат. Сібір ген.-губернаторы П.М. Капцевичтің бұйрығына сәйкес жіберілген 200 казактан жасақталған жазалаушы жасақпен Саржан бастаған көтерілісшілер арасында шайқас болып, көтерілісшілер жеңіліс тапты. Бірқатар көтерілісшілер тұтқынға түсті. Қудалаудан құтылу үшін Саржан өз қол астындағы көптеген ауылдармен Орынбор шебіне қарай көшіп, Кішіжүз қазақтарын өз жағына тарту бағытында жұмыстар жүргізді. Соған орай Орынбор ген.-губернаторы Саржан сұлтанды Кіші жүздегі “барлық мазасыздыққа басты кінәлі” деп бағалап, оның мұндай әрекетіне тосқауыл қоюға әрекеттенді. Бұған қарамастан көтерілісшілер қатарына Кіші жүз қазақтарымен қоса қашқын орыс, татар, башқұрттар да қосылды. Саржан Қоқан, Хиуа хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатты. Саржан жасақтары барған сайын жаңа көтерілісшілермен толығып отырды. Оның жасақтарының бірін басқарған сұлтан АбылайҒаббасов Қарқаралы окр-не жорықтар ұйымдастырды.Көкшетау окр-нде сұлтан Сартай Шыңғысов Саржанға қолдау білдіретіндігін танытып, ондағы халық көтерілісіне басшылық жасады. Отаршылдық әкімш-ке жағымпаздануымен ерекшеленген Қарқаралы окр-нің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерілісшілердің талқандалуына ынталылық танытып, патша әскеріне көмектесті.
Саржан 1832 ж. Қоқан хандығының Ташкент құсбегімен патша өкіметіне қарсы бірлесе күресу жөнінде келісім жасап, Ұлытауға, Сарысу өз. бойына келіп қоныстанды. Қоқандықтардың қолдауымен бірнеше рет Орта жүз жеріне жорық жасады. Ол Ташкент құсбегіне бағынышты Ұлы жүз қазақтарын да өз жағына тартуға тырысты. Бұл өз кезегінде Саржанның қоқандықтармен жанжалына негіз болды. Ташкент құсбегі 1836 ж. жазда Саржанды және оның інілері Ержан мен Есенгелдіні, сондай-ақ оны қолдаған бірқатар белгілі батырларды Ташкентке алдап шақырып зұлымдықпен өлтіртті. Саржанның өлімінен кейін Ресейдің отарлық саясатына қарсы күрес оның інісі Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына ұласты.