Инклюзивті кіріктірілген білім беруді ұйымдастыруда кездесетін
кедергілер мен оны шешудің жолдары
Кумекбаева С.Е, Оржанова Р.Т
№264 мектеп- лицей, Қызылорда қ. mektep_2010_264@mail.ru
Пікір беруші –Козбахова А.Қ, аға оқытушы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ҚОБ ПҚ БАИ,Қызылорда қ.
Бүгінгі таңда күллі әлемді күрделі идеялармен таң қалдырып келе жатқан адамзат табиғатында түрлі ауытқушылықтар мен әр түрлі деңгейдегі кемістік мәселелері көптеп кездесіп отыр. Ғасырлар бойы өмір сүріп, атадан балаға баға жетпес мұра арнаған адамзат баласының бойындағы ауытқу, кемтарлық – бұл заман дерті. Оған әрине көз жұмып қарауға болмас.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз- белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар...»- деген болатын.[3]. Ұлт болашағы өскелең ұрпақтың қолында болғандықтан , жас ұрпақтың отбасында толыққанды тәрбие алуы, мектепте сапалы білім алуы және денсаулығының мықты болуы еліміз үшін аса маңызды.Осы мақсатта Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі жолға қойылды. Инклюзивті білім- бұл мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың жалпы білім беру үдерісіне қосылуына, яғни кедергілердің жойылуына және олардың сапалы білім алуына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік бейімделуіне бағытталған білім беру үдерісі.[2]
Сондықтан да, ереше білім алуды қажет ететін балалар үшін Үкімет арнайы мекемелер мен жалпы білім беретін мекемелерден инклюзивті білім беруді ұйымдастыруды міндеттейді. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының өңірлерінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға кедергісіз білім беру үшін инклюзивті кіріктірілген немесе арнайы түзету сыныптары ашылып та кетті.
Дегенмен, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін арнайы түзету мекемелеріне қарағанда, жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті кіріктірілген сыныптарда кедергісіз білім беру барысында түрлі қиыншылықтарға тап боларыңыз анық.
Санамалап айтар болсақ:
Біріншіден, баланың отбасы жағдайындағы хал- ахуал. Бұл ретте ата- ананың инклюзив туралы түсінігінің алуан түрлілігі немесе баланың кемшілігіне көз жұма қарауы және баланың денсаулығындағы түрлі ауытқулар мен кемшілігін мойындамауынан қиыншылықтар туындайды. Себебі, ата- ана жалпы білім беретін мекемелерден тек сапалы білім сұрайтындықтан, инклюзивті кіріктірілген сыныптарға отырғызылған балаларының ұстаздарынан және түзету сабақтарын жүргізетін мамандардан( әлеуметтік педагог,логопед, дефектолог, психолог, невропотолог т.б) тек сабақ үлгерімін талап етеді. Көпшілік ата- ананың ұғымында бірінші орында баланың білім деңгейі тұрады. Сондықтан барлық мамандар бірлесіп тек күнделікті баланың сабағына қарап, үй тапсырмасын орындатып жіберуі тиіс деген қарапайым ұғымнан әрі аса алмайды. Біздің тәжірибемізде, ең алдымен, инклюзивті сыныптарға білім беретін ұстаздар мен мамандарға ата-ананың оң түсінігі мен көмегі көптеп қажет болады деп есептейміз. Бұл жағдайда отбасындағы татулық үлкен рөл атқарады. Ата- анасының ауызбіршілігі мол болса, онсыз да өзін қоғамнан,қоршаған ортадан кемдеу санайтын баласына теріс эмоциялық әсер бермеуі тиіс. Ол үшін мамандармен бірлесіп, ата- анаға психологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу қажет. Яғни, ата-ана инклюзивті білім туралы кең көлемде мағлұмат ала отырып, жіберілген кемістіктердің орнын толтыруға толыққанды атсалыса алады. Ата- ана мен мектеп педагогтары, арнайы мамандар бірлесе, жұмыла отырып даму мүмкіндігі шектеулі бала үшін қызмет жасағанда ғана, өмірге деген қызығушылығы мен құлшынысы арта түсетіні анық. Осындай кедергілерді жойғаннан кейін барып, баладан сапалы білім сұрауға болады.
Екіншіден, дамуында әр түрлі өзгерістері бар балалардың психологиясын білмей, педагогикалық білім беруді толыққанды деп айтуға болмайды.Инклюзивті білім алатын әрбір баланың психологиясына, яғни жан дүниесіне үңілу, жан күйзелісін түсіну керек. Дер кезінде психологиялық көмектің жетіспеушілігінен келесі қиындықтар туындайды. Алғаш рет дені сау баламен бір сыныпқа отырғызылған даму мүмкіндігінде ақауы бар баланың эмоциясы, ішкі әсерлену жағдайы қандай болмақ? Бұл әр баланың сезімталдығына байланысты.
Сондықтан бала өзін басқалардан кем санамауына, сау баламен тең екендігіне көзін жеткізіп, өзін ортада еркін ұстауы үшін бұл жерде арнайы психология ғылымынан және психокоррекциялық әдістемелерден толық хабары бар психолог мамандар жұмыс жасауы керек. Баланың бойын үрей билеу, өзіне деген сенімсіздіктің орын алуы алғашқы және туынды кемістіктердің орнын толтыруға кедергісін тигізеді.
Ол үшін кіріктірілген жүйеде оқитын мектептердегі мамандар денсаулығында ақауы бар баланың психологиялық дамуының динамикасын зерттейді, олардың әртүрлі жағдайларға бейімделу ерекшеліктерін байқау арқылы жүйелі жұмыс жасап, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізе алады.
Үшіншіден, педагогтар тарапынан жіберілетін кемшіліктерден туындайтын кедергілер. Инклюзивті кіріктірілген білім жүйесін педагог ең әуелі өзі түсінуі тиіс. Сан жылдар бойы ұстаздардың түсінігінде жақсы және нашар деген ұғым қалыптасқан. Яғни, жақсы оқитын оқушы және нашар оқитын оқушы. Әрине, рухани және денсаулығында белгілі бір деңгейде(ми құрылысы зақымданған, тіл кемістігі, ойлау қабілетінің кенжелеу дамуы т.б) кемшілігі бар баланың сабаққа деген қызығушылығы зор бола бермейді. Сондықтан үлгерім деңгейінің нашар болуы да заңды. Сол себепті нашар оқитын оқушы деп есептеп, назардан тыс қалдырулар көптеп кездеседі. Ал, инклюзивті білім бере отырып,кедергісіз орта ұйымдастыруда ұстаз өз көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс. Ұстаздың ұғымында «Баланың бәрі бірдей» деген сөз реті қалыптасуы керек. Дені сау балаға қарағанда мұндай балаға көптеп көңіл бөліп, сыныпта ол бала үшін қолайлы орта қалыптастыра алуы қажет. Барынша мейірім шуағын төге отырып, білім беру жүйесін деңгейлеуі керек. Көбінесе бұндай сыныптарға сабақ жүргізетін ұстаздар деңгейлік тапсырмаларға жүгінеді. Күнделікті сабақты түрлендіріп, топпен, жұппен жұмыстар жасай алған, сынып ішінде көңілді ахуал жүргізе алған мұғалім ғана кедергісіз білім бере алады. Мұғалімдер мен ата-аналардың бірігіп жұмыс жүргізу сәтін төмендегіше суреттерден көруге болады. (1,2,3,4-суреттер)
1-суретте, кіріктірілген сыныпта оқитын оқушылардың танымдық тапсырмалармен жұмыс жасау сәті
2-суретте, «Ертегілер еліне саяхат» сабағынан көрініс
3-суретте, сөйлеу тілінде
тұтықпасы бар оқушы Нұрланбаев Мирастың көркемсөз оқу шеберлері сайысына қатысу сәтінен
4-суретте, ата-аналардың балалар дәрігері Н.Жұмабековамен
пікірлесуі
Төртіншіден, сынып жетекшісінің ұйымдастырушылық қабілетінің төмендігінен (немесе әлсіздігінен) туындайтын қиыншылықтар. Сынып оқушыларының пікірлері мен ол балаларға деген көзқарастарының да өзіндік орны бар деп есептеймін. Олар орталарына келген даму мүмкіндігі шектеулі балаларды дұрыс қабылдап,түрлі келеңсіздіктерге жол бермеулері керек. Яғни, мазақтау немесе кемсіту сияқты. Балалар арасындағы ахуалдың дұрыс болуына осы ретте сынып жетекшісінің көмегі мен қолдауы қажет болады. Денсаулығында түрлі деңгейлі ақауы бар балалардың онсыз да жан –дүниесі нәзік болады. Сондықтан сынып жетекшілері екінші аналары деп түсінетін бұл балаларға шебер, көпжылдық тәжірибесі бар сынып жетекшісі керек.
Дені сау бала мен даму мүмкіндігі шектеулі балаға қатар білім беру мен тәрбиелеу,олардың екі түрлі таным әлемін бір арнаға тоғыстыру көп еңбекті қажет етеді. Сол себепті де инклюзивті білім беруде жалпы білім беретін мекемелердің педагогикалық ұжымы бастапқы түсінікті жүйелі жүргізіп, аталған балалармен сау балаларды қатар, кедергісіз оқытуда тиянақты жоспар құрып, моральдық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болуы керек. Сол кезде ғана жоғарыда айтылған кедергілер мен түрлі қиыншылықтарға тап болмайсыз деп есептеймін. Инклюзивті білім беруге рухани дайын емес ұжым даму мүмкіндігі шектеулі балаға сапалы білім бере алмасы анық, ал өз баласының бойындағы түрлі олқылықтарға мән бермейтін,жан күйзелісін түсіне алмайтын ата-анадан шынайы демеу күте алмасымыз да анық. Сондықтан да, білікті маман, мейірімді ата-ана,қолайлы орта туындаған кезде ғана қоғамда өз орнының бар екендігін түсіне алатын дені сау, білімді бала тәрбиелеп өсіре аламыз.
Қорыта келе, қандай бала болмасын ол- адамзаттың бір бөлшегі. Ал адамзат -қоғамдағы ең құды факторы. Әрбір бала бақытты өмір сүруге хақылы. Сондықтан өз ұрпағымыздың бақытты өмір сүруіне бірлесе отырып қызмет қылған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |