Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жапбаров А. Оқушылардың сөздік қорын байыта оқытудың ғылыми – әдістемелік негіздері. «Арыс», Алматы – 2007
2. Балақаев М. Қазақ тіл мәдениетінің мәселелері. А.Қазақстан,1972 .152 б.
3. Оморокова М.И. Углубленное изучение русского языка в национальной школе. Л:Просвещение,1989.С 237.
4. Рахметова С. Бастауыш класс оқушыларының тілін дамытудың ғылыми–әдістемелік негіздері . Пед.ғыл.канд.дисс. А.,1994
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУДЕГІ КОМПЬЮТЕРДІҢ ОРНЫ
М.Кәлім, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2-курс студенті
Ғылыми жетекшісі, ф.ғ.к., доцент Б.Рысбай
Егемендік алып, еңсесі биік ел болғанымызға да жиырма жылдың жүзі болыпты. Осы жиырма жылда еліміздің саяси тәуелсіздігін нығайтуда, әлеуметтік экономикасын дамытуда, рухани мәдениетін жетілдіруде жеткен жетістігі мен көтерілген биігі, алған асулары мен жасампаздығы таңғалдырады. Тәуелсіздіктің тірегі болған мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңіп, тынысының ашылуы қуанарлық жайт. Десекте, нарықтық экономика мен ақпараттық технологияның дамуы, жаһандық өзгерістер және интернет жүйесін қолдану тілге де әсерін тигізбей қоймады. Бұл деген мемлекеттік тілдің қоғамдағы қатысымдық қызметінің деңгейін көтеру деген сөз. Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда, оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. Бүгінгі білім алушы жас буын – ертеңгі маман. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің тілін жоғары деңгейде білуімен де терең сабақтасады. Тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ол кәсіби қарым-қатынас құралы да. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік тілді мамандыққа сай меңгеру, өндірісте қолдану – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында компьютерлік техникасыз мамандықты игеру де, елестету де мүмкін емес. Жаңа ақпараттық құралдардың көмегімен қазіргі кезде «Промт», «Stylus», «Magic Goody», «Socrat», тағы сол сияқты аудармашы бағдарламалар кез келген жоғарғы талапты қанағаттандыратындай деңгейге жетті. Бірақ бұл бағдарламалар құрамында қазақ тілі ескерілмеген. Американдық Ectaco фирмасы жасап шығарып, дүние жүзіне таратып жатқан көптілді Ectaco-Partner қалта компьютерлерлік жүйесі сегіз әлемдік тілдермен қоса тағы отыз тілді қамтыса да, біздің қазақ тілі олардың қатарында жоқ.
Енді осы мемлекеттік тілді математика, ақпараттық жүйе мамандықтарына қатысты меңгерудің тиімділігін айтпастан бұрын, ұлы ғалымдардың математика тілінің әмбебаптығын зерттеген еңбектеріне тоқтала кетуді жөн көрдік.
Эллиндік ғұлама математик Евклид (Эуклид) өзінің 13 трактаттан тұратын «Математика негіздері» атты еңбегін жазғанда негізінен Мысыр перғауындары мен әлемнің жеті ғажабынан саналатын ұлы пирамидалар тізбегін тұрғызған ежелгі құрылысшылар, жер өлшеушілер, су арналары мен арықтарын өлшеп-текшеушілер, бір сөзбен айтқанда сол заманның абыздары, т.т. қолданған математикалық нәтижелерге сүйенгенін мойындайды. Мысалы, Птолемейдің математикалық нәтижелерге, кестелерге толы астрономиялық еңбектерін Аристотель зерттеулерінен байқауға болады. Әсіресе Птолемейдің «Алмагест» деген еңбегінің кейінгілерге танымал шығарма болуына гректердің өңдеулері ерекше үлес болып қосылғаны анықталып отыр
Пифагор, Архимедтер грек математикасын кейінгі ұрпақтары мен Эллиндік өркениеттің ізін ала дами бастаған басқа да өркениет ошақтарына үлгі болатындай етіп дамытты.
Келесі ғасырларда мұсылман математикасының дамуында жарық жұлдыз боп IX ғасырда Орта Азиядан шыққан Мұхаммед әл-Хорезми есімі жарқырады. Әл-Хорезмидің ғылыми дәстүрін және оның мектебін Таяу және Орта Шығыс елдерінің ірі ғалымдары Сәбит Ибн Корра (836-901), Әбу Кәмил (Каир), Әбу-л-Вафа, Ибн әл-Хайсам (965-1039), әл-Беруни (973-1048), Әбуәли Ибн Сина (980-1037), әл-Қараджи (1030 ж. шамасында қайтыс болған), Омар Хайям (1048-1131), Нәсір (Насыр) ад-Дин ат-Туси (1201-1274), әл-Кәши (1430 ж. шамасында қайтыс болған), Аббас әл-Жаухари (Гауһартөбе, қазіргі ОҚО) және басқалары лайықты жалғастырған болатын. Осы ғалымдардың шоқ-жұлдызында көрнекті орынды Әбунәсір әл-Фараби (870-950) алады. Мінеки, осы математиктер өмір сүріп, математиканы әрі қарай дамытқан кезде грек тілі еш кедергі болмаған. Фарабидің энциклопедиясында математика ғылымдарына көп орын берілген. Ол математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлеген. Арифметика, яғни сан туралы ғылым. Математиканың бұл тарауы жөнінде Фараби былай дейді: «Арифметика екі ғылымды біріктіреді: біріншісі – практикалық арифметика; екіншісі – теориялық арифметика». Фараби, сөйтіп, арифметиканы практикалық және теориялық арифметика деп екіге бөлген. Ол, әсіресе, теориялық арифметикаға ерекше мән береді. Арифметиканың негізгі ұғымы - сан. Фарабидің түсіндіруі бойынша, сан объективті ақиқат нәрселердің сезіп-түйсінуге болатын, яғни «көзбен көріп, қолмен ұстауға» болатын жақтарын елеусіз қалдырып, тек саналуға, есептелуге тиісті қырларын бейнелейді. Бұл өте дұрыс материалистік түсінік. Фарабидің айтуынша, теориялық арифметика үш тарауды қамтиды: 1) сандардың бір-біріне қатыссыз жеке-дара қасиеттерін қарастыратын тарау (жұп және тақ сандар, кемел, жазық, т.б. сандар теориясы); 2) сандардың бір-біріне қатысты қасиеттерін қарастыратын тарау (теңдігі, теңсіздігі, қатынасы, пропорция, өзара жай сандар, еселі сандар, т.б.); 3) сандарға амалдар қолдану.
Әл-Фараби математикалық шығармашылығына қосымша ғылымдардың тағы да оншақтысымен тікелей айналысқан. Гректердің бай ғылыми мұрасын емін-еркін араб тіліне аударып, өзі де осы тілде ғұлама еңбектерін жарыққа шығарған. Аристотельден кейін әл-Фараби ғылымдар сыныбын жасақтап, өзінің «Ғылымдар тізбесі» атты еңбегін жазып, Аристотель «Адамзаттың Бірінші Ұстазы» болса, әл-Фараби «Адамзаттың Екінші Ұстазы» деген мәртебелі атаққа ие болған.
Осылайша, ұлы бабамыздың жатпай-тұрмай еңбектенуі арқасында Эллиндік өркениет жәдігерлері мұсылман өркениеті мұралары арқылы енді-енді оянып келе жатқан Еуропа өркениеті игілігіне айналды. Содан, мысалға, К.Ф. Гаусс, Я. Бояи және Н.И. Лобачевский Жаңа заманда грек математигі Евклидтің бесінші постулатын нәтижелі жаңғырма шешімдерге жеткізіп, олардың есімдері математика тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Осы Жаңа заманда Ежелгі Мысыр математикалық жәдігерлеріне бергісіз Ежелгі Қытай және Ежелгі Үнді математикасы өз кезектерінде заманауи дамығанына адамзат қанық болды, яки математика тілінің адамдар қатынасы тілдеріне қарағанда әмбебаптығы жоғары екендігі осылайша, толық мойындалып, «Математика – барша ғылымның падишасы!» деген тұжырым етек ала бастады...
Математика ғылымы қоғамның барлық саласымен байланысты десек, әсіресе ақпараттық технологиялармен байланыстылығы қазіргі таңда қатты сезіледі. Қазіргі кезде мемлекеттік тілде IT-технологияларды игерген мамандарға сұраныс жоғары. Орысшадан қазақшаға «Izet» фирмасы және басқа да фирмалар жасаған компьютерде аудармашы бағдарламалар баршылық. Елбасымыздың елдегі үш тілділікке қатысты қойған міндет-мақсаттарын қолдай отырып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің бір-біріне аударылуын жоғарғы сапада жүзеге асыратын жаңа технологияларды жасақтауды қолға алу қажет. Осы мәртебелі межеден көріну мақсатында арнайы курстар ұйымдастырып, соларда қажет пәндерді оқытуды қарастырған жөн, мысалы «тілтанудың тіларалық мәселелері», «кибернетикалық лингвистика», «мәшинелік аударма», «Windows-қолданбалар жасақтау», «Web-дизайнерлік» және де т.б.
Кейінгі кездері «ECTACO BILIMPAZ ASTANA» ЖШС секілді ұжымдар құрылып, көптілді қалта компьютерлерін таратумен шұғылдануда. Бүгіндері осы серіктестік таратып жүрген ықшам қалта лингвистикалық құралдардың мынадай артықшылықтары бар:
әмбебаптығы: дыбыстаудың керемет тартымды үлгісі жүзеге асырылған мультимедиялық ағылшын-орыс, орыс-ағылшын Language Teacher тіл оқып-үйрену жүйесі; бір-біріне көрнекі сурет арқылы тәржімаланып отыратын 38 тілді қамтитын сөздіктер жүйесі, өкініштісі онда әзірше қазақ тілі жоқ; шет елдерге тіл білмей-ақ бара беретін жолаушыларға арналған тілашар-жол сілтегіш, оның көмегімен халықаралық қарым-қатынас тілі болып табылатын ағылшын тілін жолшыбай дыбыстап үйрететін iTRAVL тәржімалағышы; Video Player бейнеплеері; Audio Player музыкалық қондырғысы; Voice Recorder дыбыс жазғышы; Crossword лингвистикалық сөзқұрағышы; калькулятор; Help көмекшісі; ойнай жүріп, тілге үйренетін FlashCards – флешкарталар және т.б. құралдар; әлемдік уақыттың белдеулік көрсеткіші; әлемдік өлшемдер мен салмақ көрсеткіші; jetBook Reader электронды оқулықтар браузері, оған қалағаныңызша кітаптар енгізіп, пайдалануыңызға болады; SAT-200 тіл үйренгенін тестілеуге арналған 200 кең тараған сөзді қамтитын сөздік және де соның SAT-5000 кеңейтілген нұсқасы; U-learn автокөлікте келе жатып, немесе басқа да ыңғайлы жағдайда тіл ұстартқыш;
пайдалануға оңтайлығы, қарапайымдылығы: арнайы Learn English Fast and Easy екі деңгейлі оқу құралын пайдаланатын Ectaco-Partner P900 қалта құралы, немесе автономды бөлек құрастырылған нұсқалары да бар jetBook, iTRAVL қалта құралдарының қайсысын алсаңыз да, еш алдын ала дайындықсыз-ақ кәдеңізге жарата аласыз;
қол жетімдігі: «ECTACO BILIMPAZ ASTANA» ЖШС көмегіне жүгініп, сұраным түсіру арқылы осы құралдардың кез-келгенін алуға болады;
функционалдығы: осы жүйеге енген қалта құралдарының баршасында кәдімгі компьютердегі функциялар жүзеге асырылған, сондықтан оларды игеру қиынға соқпайды.
Тағы бір Ectaco-Partner қалта-компьютерлік жүйесінің ерекшелігі – оның қазақ тілі үшін зор болашағының бар болуы: әлемдік тілдер делініп жүрген ағылшын, француз, неміс, испан, португал, қытай, орыс, араб және тағы да отыз тіл өздерінің кең таралуы үшін осынау қалта құралдарына басыбайлы болып отырса, онда заңды мемлекеттік мәртебесіне ие бола алмай отырған төл тіліміз бұл құралға аса зәрулі екені айдан анық. IT қазақша жүрдек болуы үшін қазақ-латын техникалық әліпбиі нұсқасын стандарттап алу да қажет, бұл мәселе де көп күттірмей шешімін табады деп ойлаймын.
Сонымен, әлемдік ғылым білім кеңістігіндегі озық технологияларды, ғылым мен техниканың жетістіктерін игеру және пайдаға асыра білу кәсіби маманның біліктілігі мен құзыреттілігін қалыптастыруға, елдің мемлекеттілігін көрсететін маңызды белгілерінің бірі - тілді жоғарғы деңгейде меңгеруге жасаған қадам болып табылады.
Бастауыш сыныптарда географиялық ұғымдар берудің тарихы мен оқытылу жайы
А.Кекелбаева, ҚазМемҚызПУ 3- курс студенті
Ғылыми жетекшісі п.ғ.к., Ш.Н. Альдибекова
Жаратылыстану ғылымдарының құрамдас бөлігі болып есептелетін географиялық, химиялық білімнің бастауыш сыныптарда оқытылу жағдайы мазмұндық, құрылымдық , көлемдік жағынан біршама кезеңді бастан кешірді.
Жаратылыстану тарихында бастауыш білім беру құрамына қандай географиялық және химиялық білім мазмұнының ұсынылғандығын, оларды оқуға бөлінген уақыт пен мазмұнды таңдау ұстанымдары зерделенді.
Оқушыларға білім беруді ұйымдастыру жұмысының толық жолға қойылмаған, мектептердің дамымаған кезінің өзінде де балалардың өзін қоршаған табиғаттан, оның жеке заттарынан ешбір хабары мен түсінігі болмады деп айта алмаймыз. Себебі, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының балалары үнемі өзінің жүрген жолында кездескен өсімдіктерді, жануарларды, өзен, көлді тағы басқа сол сияқты табиғат нысандарына көңіл аудармай, алаңдап, таңырқамай өтуі мүмкін емес. Өзін қоршаған орта яғни табиғатқа алаңдамайтын, оны білгісі, түсінгісі келмейтін бірде бір бала болмайтыны анық. Бірақ олардың көріп, байқап меңгерген білімдері мен біліктері әрине ғылыми негізде деп айтуға болмайды. Олар үнемі нысанның көзге бірден шалынатын жақтарын, неғұрлым ерекше байқалатын тұстарын аңғарып қалатыны белгілі. Қазақ балаларының табиғатты білуіне әсір еткен ата-аналарының өмір тәжірибелерінен үйрену және олардың көкжиек тұстарын анықтай білудің тіршілік өмірде керектігінен туындады. Түрлі жергілікті белгілерге және жұлдыздарға қарап тұстарды анықтау күнделікті тіршлікте өте қажет болатын. Осы туралы педагог ғалым Ә.Сытдықов былай дейді «Казахский мальчик, юноша не имел научных познаний об окружающей, но он знал много фактов о явлениях окружающей его природы, имел хорошую оринтировку в просторах степи, с ранных лет, развивал зоркость глаза, чуткость уха». Мектеп оқушыларына табиғат жайында, әсіресе географиялық білімді беру мәсеесін жүзеге асыруды ең алғаш негіздеген орыс әдіскер ғалымдары болды.
Ғылыми білім берудің ең бірінші қадамы 18 ғасырдың аяғында басталды. 1786 жылы академик В.Ф.Зуев дайындаған халықтың училищелерге арналған «Жаратылыс тарихи кескіні» оқулығы жарық көрді. Осы оқулық бойынша географиялық білім берудің мазмұны анықталды. Ол оқулық мынадай тараулардан тұрды: «Кендер дүниесі», «Қайтқан денелер дүниесі», «Жануарлар дүниесі». Кендерді З.Ф.Зуев жеті топқа бөледі: жер, тастар, тұздар, жанғыш заттар, жартылай металдар, металдар мен тасқа айналғандар. Автор оқулықта таулар түрлерін де атап көрсеткен: алғаш пайда болған таулар, жанар таулар мен шөгінді құм жыныстары, тақта тастар мен ізбесті тастардан құралған таулар туралы мәліметтерді ендіруді ұсынды. Сонымен қатар, бұл ұсыныстың тағы бір құндылығы автор оқулықтың кіріспе бөлімінде мұғалімдерге арналған әдісиемелік нұсқауды ұсынып, онда бұл ұғымдарды қалай оқытуға болатынын көрсетті Сөйтіп, ең алғаш жарық көрген оқулықтың өзінде-ақ оқушыларға географиялық және химиялық мәліметтер туралы білім беру назарда болған. Сонымен қатар, З.Ф.Зуев «әр заттың пайда боллуын, жетіліп, кемеліне келу жолдарын бейнелеу» қажеттігін атап көрсетеді.
Х1Х ғасырдың атақты педагогы А.Я.Герд З.Ф.Зуевтың пікірін адан әрі жалғастырды. Ол барлық бейорганикалық дүниені жеті тақырыпқа бөлді: 1) топырақ, 2) жердің орны, 3) ауа, 4) су, 5) тау жыныстарының бұзылуы, 6)металдар мен рудалар, 7) жердің формасы мен қозғалысы. Сонымен қатар табиғатқа байланысты материалдардың бастауыш буыннан бастап оқытылуының мәнін ашып берді. Ал кез-келген тақырып өз кезегінде бірнеше сабақтарға бөлінді, бұл сабақтардың барлығы «заттық» түрде өткізілуі керек деп есептелінді. Яғни, сабақтарда оқушылар мұғалімнің басшылығымен табиғатта бар, ақиқат, нақты заттармен танысуға тиісті. Сол туралы оқып, оның түрі-түсімен, қасиетімен, пайдасымен танысуға тиісті деп есептелді. Мәселен, «Топырақ» тақырыбы бойынша төрт сабақ бойы оның түрі-түсінен бастап, табиғатта қандай қалыпта кездесетінін ашып көрсетіп, әрбір түрінің қасиетіне жеке тоқталудың керектігі айтылды: 1) балшық, 2) құм, 3) қарашірік, 4) саз. Осыларды тәжірибе арқылы талдау (тәжірибелік-практикалық сабақ) сол бойынша олардың құрамын анықтау жүктелді.
А.Я.Гердтің пікірі бойынша, төменгі мектеп оқушыларының ақыл-ой қабілеттілігін алдымен шындық дүниедегі заттарды оқуға бағыттапу керек, ал одан кейін біртіндеп сабақтың мазмұнына жай құбылыстарды енгізу қажет. Сонда ғана оқушылардың ойы нақтылы ұғымдарды меңгеруге бағытталады, ал ұғымдардың жинақталуы өте күрделі заттар мен құбылыстарды оқуға негіз болады.
А.Я. Гердтің тұсында география бойынша бастауыш сыныптарға арналған жеке оқулықтар пайда бола бастайды. Соның бірі - О.Д.Семеновтың «География сабақтары». Оның мазмұны мына мәселелерді қамтыды: Петербург маңайына топсаяхаттан басталып, аспан денесі ретінде Жер қарастырылып, көкжиек, көкжиек жақтары мен Күн бойынша көкжиек жақтарын анықтау, полюс, экватор, жер қыртысы, тасқа айналғандар, тас көмір туралы түсініктер. Үшінші тарау карта мен ғаламшарға (ғаламшар, карта, өлшем, батыс және шығыс жарты шар, мұхиттар, жер шары бөліктері, меридиан мен материкке арналған, ал келесі тарауда құрлық бейнеленгендіктен, тау, жанартау, жазықтық, тегістік сияқты түсініктер енген. Екі соңғы тарауларды бастау, өзен, көл, бұлақ, батпақ, аралдар (аралдар типі) түсініктері енген.
Оқушыларға географиядан берілетін білім олардың тұрған жерлерін бейнелеуден басталып, біртіндеп географиялық білім көлемін кеңейтуді көздеген.
Сол кездегі Н.И. Раевскийдің жазған география курсы да мазмұн жағынан осыған ұқсас болды. Сонымен қатар ол Д.Д. Семеновқа қарағанада, өз курсына қоршаған кеңістік туралы білімді қосты. Ол карта түсінігіне ерекше назар аударған: «оқушы кітапсыз картаны оқып мемлекеттің пішіні туралы, оның орналасуы, көлемі, беті, өзендері, оның ұзындығы туралы білім алады». Оқушыға географиялық элементтер арасындағы ішкі байланыс анық болуы керек, мысалы, тау мен оның бөліктері (етегі, шыңы, баурайы), немесе тау жотасы, аңғары т.б. Жалпы, оның ойынша, география курсы оқушыларда карта туралы, яғни кеңістіктің орналасуы мен оның жазықтықта бейнеленуі туралы білімдерді қалыптастыруға араналуға тиіс.
Жоғарыда келтірілген деректерден ХІХ ғасырда бастауыш сыныптарда географияны оқытудың қандай мазмұнды қамтығандығын байқаймыз. Мұнан ең алғашқы кезден бастап, географияны оқуды оқушылардың өзін қоршаған жақын жерден бастап, оны бақылауға мүмкіндік беретіндей, картаны тануға онымен жұмыс жасауға жаттықтыратындай мағлұматтарды ендірудің керектігін атап көрсеткендікті көреміз. Осыдан кейін ғана өз Отанын, оның шалғай аудандарын таныстыруға көшу мүмкіндігінің туатындығы да байқалады.
ХІХ ғасырдың аяғында бастауыш география туралы географиялық атаулармен таныстыратын табиғат құбылыстары, оның өзара байланыстары туралы оқушыларға білім мен тәрбие беруде және оларды дамытуда үлкен рөл атқаратын оқу пәні ретінде арнайы пікір қалыптасты. Ресей әдіскерлерінің бұл пікірлері мен оқулықтарының қазақ даласына да пайдасы тимей қойған жақ. Қазақтың жаңа ғана қанат жайып келе жатқан мектептерінде орыс тілінде шыққан еңбектерді аудару және соларға еліктей отырып оқулықтар жазу ісі басталды.
Кеңес мектебінің алғашқы кезеңінде бағдарламалар мазмұнының үздіксіз ауытқып тұруына байланысты және ғылыми кадрлардың жетіспеушілігінен қазақ мектептеріне арналған географиялық оқулықтар болған жоқ.Қазақ мектебіне берілген аударма оқулық 1931 жылы «Бастауыш геграфия және аймақтану» деген атпен аударма түрінде жарық көрді. Бұл оқулықта географиялық материалдар оның ішінде өлі табиғат нысандары туралы географиялық ұғым қамтылды. Оқулыққа енген әрбір географиялық ұғымды жергілікті жердің шаруашылығымен байланыстыру мақсаттары көрсетілді. Мәселен, план және масштаб тақырыбынан кейін берілген тапсырмаларда: Колхоздың мал тұратын қорасының жоспарын сызыңдар; Шөп мал тұратын қорадан қанша қашықтықта үйілгендігі; Қораға қанша мал сияды т.б. сол сияқты мәселелер қамтылған. Бұған қарап оқулықтың кешенді бағдарлама талаптарына сай берілгендігін білуге болады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың көрнекті педагогі Ы.Алтынсарин балаларға өзін қоршаған табиғаттан білім берудің құндылығын атап көрсетті. Оқушылардың жан-жақты дамуында табиғаттың атқаратын орынын дәлелдей білді. Ол «Мектеп балаларға көрнекі түрде, практика жүзінде , зат туралы, айналадағы тіршілік және табиғат туралы білім беріп, тек кітап сөзін ғана пайдаланып қоймай, түрлі көрнекі құралдарды, коллекцияларды көрсетіп, демонстрация жасап отыруы қажет»- деп ұсынды.
1932-1933 жылдардың өзінде бастауыш сыныптарда оқылатын әрбір пәннен жеке оқу бағдарламалары жарық көріп, оның ішінде географияны бастауыш сыныпта оқытудың мазмұны мына тақырыптарды қамтыды: Төңіректі болжай білу; Жер бетіндегі және жер астындағы сулар; Жер бетінің формалары; Картамен алғаш рет танысу; Ауа райы және климат; Су; Табиғаттағы электр құбылысы ). тақырыптары қамтылған.
ХХ-ғасырда табиғатты зерттеуге байланысты бірнеше бағыттар қалыптасты, олар мектеп қабырғасында берілетін географиялық білім мазмұны мен көлемінің анықталуына үлкен ықпал етті.
Осы бағыттардың бірі-бастауыш мектепте табиғат туралы берілетін білімді жеке пән ретінде қарастырмай-ақ, басқа пәндермен кіріктіре отырып оқытуға болады деген пікірді ұсынды. Яғни, оқушылардың өздерін қоршаған табиғат туралы мәліметтерді оларға ана тілі сабағын оқыту барысында сол мәтін мазмұны жағынан табиғи көріністерді сипаттауға сәйкес келетіндерін талдау барысында жүзеге асыруға болады деп есептеді.
Педагогикалық технология: мәні, маңызы
Г. Керуенбаева, ҚазМемҚызПУ 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: Ж.Н.Сүлейменова
Энциклопедиялық сөздікте "Технология дегеніміз- өнімді өндіру процесінде шикізаттың немесе материалдың формасын, қасиетін, күйін өзгертетін, оларды өңдеу мен дайындаудың әдістерінің жиынтығы", -деп көрсетілген [1].
Анықтамалық әдебиеттерде: "Технология-techne-өнер, шеберлік және logos-ғылым, заң", яғни технология дегеніміз-шеберлік (өнер) туралы ғылым деп берілген. Білім беру саласындағы "технология" ұғымы өндірістік процестердегі технология ұғымының басты қасиеттерін осы саланы жетілдіру үшін пайдалану ұмтылысынан туындағаны анық. Адамзат ХХI ғасырға аяқ басып отырған кезде ЮНЕСКО дамыған, өркениетті елдерге "нәтиже беруге бағытталған мектеп" моделін енгізуді ұсынып отыр. Демек, мектептерге дәстүрлі оқытудың әдістері мен тәсілдерінен гөрі тиімділігі жоғары, жаңа сападағы дидактикалық құрал қажет. Дүние жүзі педагог-ғалымдарының пайымдауынша, мұндай құрал болып оқытудың педагогикалық технологиясы табылады. Педагогикалық технологияның кәдуілігі әдістемеден басты айырмашлығы- оқу процесінің нәтижелі болуына кепілдік беруі. Оқыту процесін технологияландыру туралы пікір осыдан 400 жыл бұрын Я.А.Коменский айтқан, яғни оның пікірінше, оқыту "технологиялық" болуы қажет. Оның мағынасы-нені үйретсе де, нені оқытса да оқу процесі табыссыз болмауы керек. Мұндай оқыту механизмін Я.А.Коменский "дидактикалық машина" деп атады. Технологияға мақсат қою, осы мақсатқа жетудің құралдардың іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін табу маңызды болды. Соған байланысты, мақсат-құрал- оның қолдану ережелері- нәтиже алу заңдылықтары іздестіріледі. Мұндай ережелерді тауып, пайдалану кез келген технологияның басты мақсаты болып табылады.
АҚШ-та үстіміздегі ғасырдың 30-шы жылдарында техникалық құралдарды пайдаланып оқыта бастағанда "білім берудегі технология" термині пайда болды. Бұл оқу процесінде оқытудың техникалық құралдарын пайдалануға байланысты туындады.
60-шы жылдарда Америка болсын, Европалық білім беру жүйесі болсын, "оқу процесінде мәжеленген білім нәтижесіне жету" мақсатын көздейтін педагогикалық технология термині пайда болды. Мұның педагогикадағы өзекті мәселелері ХХ ғасырдың орта шенінде зерттеле бастады. Педагогикалық технология мәні, жалпы алғанда, ақпаратты өңдеу, сақтау, беру әдістері мен құралдарының тиімділігіне байланысты дамудың барлық мүмкіндіктеріне ие бола алатын әлеуметтік технологияның маңызды компоненті болып табылады.
Пеагогикалық технология ұғымының қалыптасуы мен дамуының барысында педагогикалық технология ұғымының мәні түрліше қарастырылады. Педагогикалық технология- педагогтің білім мен тәрбие беру мақсатына жетудегі әрекетінің жүйесі, педагогикалық жүйенің практикада іске асырылатын жобасы. Педагогикалық технология- кепілді нәтиже беретін ғылыми жоба. Демек, бұл ұғымның оқыту технологиясы ұғымынан аясы кең. "Технология" ұғымының негізгі мағынасы өнімді өндіру үрдісінде шикізаттың қалпын, күйін өзгерту, жаңарту әдістерінің жиынтығы, шеберлікпен өнім алу дегенді білдіреді. Яңни технология- адамның басқаруымен техникалық құралдарды пайдалану арқылы өнім алу. Мұндағы ең маңызды нәрсе- техникалық құралдар. Енді осы мағынадағы ұғымды жоғары мектеп педагогикасына аударсақ, онда адамның басқаруымен ең негізгі қызметті оқыту құралы атқаратын оқытудың тәсілі болып шығады. Мұнда басты рөлді оқытудың материалдық құралдары атқарады да, оқытушы білім алушыларды ынталандыру, оқу әрекетін үйлестіру, ұйымдастыру қызметін атқарады [2,21]. Бұл-педагогикалық технология туралы бастапқы түсініктердің бірі.
Қазіргі пайдаланып жүрген мағынадағыдай педагогикалық технология ұғымы 1960 жылдардан бастап бихевиористік, необихевиористік тұжырымдардан бастау алатын, "толық меңгерту" теориясына негізделген, жоғарыда атап өткендей, нәтиже алуға бағытталған АҚШ және батыс Европа елдерінде практикаға ене бастаған меңгеру технологияларына байланысты пайда болды. Осы жылдары шетелдерде біршама қолға алынған оқытудың техникалық құралдарын пайдалану, бағдарлы оқыту мәселесі де педагогикалық технологиялар теориясының қалыптасып, дамуына үлкен ықпал етті. Жалпы оқытудың педагогикалық технологиялары ұғымы педагогика ғылымына жүйелі түрде 1970 жылдардан бастап ене бастады. Кейбір әдебиеттерде оқыту процесін технологияландыруды оған ақпараттық технологиялық құралдарды пайдаланумен байланыстыратын көзқарастар да айтылады.
Кеңес Одағында педагогикалық технологиялар жөнінде алғаш зерттеушілер В.П.Беспалько, И.В. Кларин, В.М. Монахов, Г.К. Селевко, Т.И.Шамова, Т.И.Давыденко т.б. болды. Соның ішінде В.П.Беспальконың 1989 жылы жарық көрген «Слагаемые педагогической технологий" еңбегін ерекше айтуға болады.
1990 жылдардың орта шенінен жоғары оқу орындарында оқылатын ғылыми курстар мазмұнына ене бастады.
Педагогикалық технология мәселесіне арналған П.Я.Гальперин, В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.М. Кларин т.б. ғалымдардың еңбектерінде оқыту технологиясын техникалық құралдардың көмегімен оқыту деген ұғынудан бастап, педагогикалық технологияны ғылыми тұрғыдан ұғынуға дейін түрліше пікірлер айтылған.Мысалы, В.П.Беспалько, М.В.Кларин, Б.С.Блум т.б.ғалымдар оны оқыту, білім беру үрдісіне қатысты педагогикалық аспектіге қарастырып, мынадай анықтамалар береді: "оқытудың арнайы формаларын, әдістері мен тәсілдерін айқындайтын педагогика-психологиялық нұсқаулардың жиынтығы, педагогикалық үрдісті ұйымдастырудың әдістемелік аспабы, оқу үрдісін іске асырудың мазмұндық техникасы", "практика жүзінде іске асыратын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы","оқыту үрдісінде жоспарлы нәтижеге жетудің сипаттамасы","оқушы мен оқытушыға қолайлы жағдай жасау мақсатында оқу үрдісін жоспарлаудың, өткізудің ойластырылған моделі, үлгісі" [2,22 бет]
Б.Т.Лихачев педагогикалық технологияға мынадай анықтама береді: "Педагогикалық технология дегеніміз оқыту әдістері-психологиялық-педагогикалық тәсілдер мен құралдардың жиынтығы. Ол педагогикалық процесті тиімді ұйымдастыру құралы», В.М.Монахов педагогикалық технологияны мынадай анықтама береді: "Педагогикалық технология дегеніміз- мұғалім мен оқушыға ыңғайлы жағдай жасай отыра, оқу процесін жобалау, ұйымдастыру мен қткізуге арналған біріккен, жан-жанқы ойластырылған педагогикалық қызметтің моделі", -дейді.
Педагогикалық әдебиеттерде педагогикалық технология ұғымы үш деңгейде қолданылады.
Жалпы педагогикалық деңгей. Мұнда педагогикалық технология бір тұтас педагогикалық жүйенің жобасы ретінде қарастырылады. Бұл дағдайда оған оқытудың мақсаты, мазмұны, құралдары мен әдістерінің жиынтығы, тіпті процестегі субьектілер мен обьектілердің іс-ірекеттерінің алгоритмі кіреді.
Жеке пәндік-әдістемелік деңгей. Бұл жерде педагогикалық технология көздеген мақсатқа жеткізетін жеке пән әдістемесі ретінде қолданылады. Мұнда ол бір пән, бір сынып, бір мұғалім шеңберінде оқыту мен тәрбиелеудің белгілі бір мазмұнын жүзеге асыру үшін қолданылатын әдістер мен құралдардың жиынтығы, тәрбиеші жұмысының әдістемесі ретінде қарастырылады.
Элементтік модульдік деңгей. Мұнда оқу-тәрбие процесінің жекеленген бөлігнің технологиясы қарастырылады жеке іс-әрекет түрлерінің технологиясы, қалыптастыру технологиясы, жеке тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеу технологиясы, өз бетімен жұмыс технологиясы.
Бұл көзқарастарды талдай келе, педагогикалық технология ұғымының өзегі болып берілген білімді толық игеруге, жалпы білім сапасын көтеруге кепілдік беретін, ғылыми негізделген алгоритмдер, әдістер мен құралдардың жүйесі табылатынын көруге болады. Әрине, мұндағы нәтиже-білім сапасы, оны өз бетімен игерген оқушы болса, алгоритмнің басты бөлігі болып оқушының өз бетімен меңгеруіне бағытталған білім мазмұны қарастырылуы қажет [3,180].
Педагогикалық технологияның нысаны- кез-келген әрекетте оқушы мен оқытушының бірлігі. Осы бірліктің нәтижесінде білім, дағды, іскерлікті қалыптастыруға мүмкіндік болады. Демек, педагогикалық технология жалпы жоба болса, сол жобаны нақты іске асыратын оқыту технологиясы.
Педагогикалық технологияның басты міндеті: әрекет ету, соның нәтижесінде алынған білім, дағды, іскерлікті бекіту, білім алушылардың ойлау, әрекет ету қабілетін жетілдіру, өз әрекетін жоспарлау, өз бетімен білім алу жолдарын таңдай білу, оқыту технологияларының түрлерін, олардың құрылымын игерту және оны өз тәжірибесінде пайдалана білу іскерлігін қалыптастыру.
Жалпы алғанда, белгілі дидакт ғалымдарымыздың ұсынған анықтамаларын зерделей келе, педагогикалық әрекетті-әлеуметтік тәжірибе мен мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін әрекеттің дербес түрі деп, ал педагогикалық технологияны-педагогикалық мақсаттарға жетуге кепілдік беретін, алдын-ала жобаланған оқу-тәрбие үрдісі бірізді жүзеге асатын жүйе деп түсінгеніміз жөн деген қорытынды жасауға болады [4,22-24].
Достарыңызбен бөлісу: |