Ішкі ағзалар туралы ілім спланхнология



бет14/39
Дата16.10.2023
өлшемі7,91 Mb.
#185855
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   39
Байланысты:
Ас қорыту Соңғы түрі20.08.21.

Төменгі жақсүйекасты безінің тамырлары мен нервтері. Безді бет артериясы қанмен қамтамасыздандырады. Веналық қан, бет венасы арқылы шығады. Лимфа тамырлары, төменгі жақсүйек астылық лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: сезімтал нервтенуі – тіл нерві; парасимпатикалық нервтенуі – бет нервісінің тармағы дабыл ішегінің құрамында төменгі жақсүйекасты түйініне келеді. Түйіннен парасимпатикалық түйіннен кейінгі тармақтар шығады да, безді нервтендіреді. Бездің симпатикалық нервтері - сыртқы ұйқы өрімі мен бет өрімінің құрамында келеді.


ЖҰТҚЫНШАҚ
Жұтқыншақ, pharynx, ауыз және мұрын қуыстарын өңеш және көмеймен қосады. Жұтқыншақ хоандар арқылы мұрын қуысымен және аңқа арқылы ауыз қуысымен қатынасады. Сондықтан жұтқыншақ ас қорыту және тыныс алу жүйелерінің бастапқы бөлігіне жатады. Жұтқыншақтың жоғарғы, артқы, алдыңғы және бүйір қабырғалары бар. Жоғарғы қабырғасы күмбезі, fornix pharуngis, деп аталады. Жұтқыншақтың күмбезі бассүйектің сыртқы негізіне бекиді. Жұтқыншақтың артқы қабырғасы омыртқа бағанасының мойындық бөлігінің алдында, мойын шандырының омыртқаалдылық табақшасына жанасып жатады. Осы жұтқыншақ артындағы кеңістікте, spatium retrophayngeum, лимфа түйіндері жатады. Жұтқыншақтың бүйір жағында мойынның өте маңызды қантамырлары мен нервтері: ішкі ұйқы артериясы, ішкі мойындырық венасы, кезбе нерв өтеді. Жұтқыншақтың алдыңғы қабырғасында хоаналар, аңқа және көмей кіреберісі орналасқан ( 222 – сурет ). .


222 – сурет. Жұтқыншақ қуысы, артқы көрінісі.
1 – жұтқыншақ күмбезі; 2 – мұрын қалқасы; 3 – хоаналар; 4 – түтік буылтығы; 5 – біз - жұтқыншақ бұлшықеті; 6 – жұтқыншақтың бүйір қабырғасы ; 7 – жұмсақ таңдайдың жоғарғы беті; 8 – таңдай тілшігі; 9 – таңдай-жұтқыншақ доғасы; 10 – тіл түбірі; 11 – көмей қақпашығы; 12 – ожау – көмей қақпашығы қатпары; 13 – көмей кірісі; 14 – алмұрттәрізді ұңғыл; 15 – қалқанша без; 16 – өңеш.

Жұтқыншақтың ұзындығы 13см - 15см., VІ - VІІ мойын омыртқалары деңгейінде жұтқыншақ өңешке жалғасады. Жұтқыншақты үш: мұрындық бөлікке, pars nasalis pharуngis, ауыздық бөлікке, pars oralis pharуngis, және көмейлік бөлікке, pars laryngea pharуngis, бөледі. Осы бөліктерін мұрындық - жұтқыншақ, ауыздық - жұтқыншақ және көмейлік - жұтқыншақ - деп те, атайды.


Жұтқыншақтың мұрындық бөлігі тек тыныс алу жолына, ауыздық бөлігі тыныс алу және асқорыту жолдарына жатады, себебі, бұл жерде ас қорыту және тыныс алу жолдары қиылысады, ал, көмейлік бөлігі таза асқорыту жолына жатады.
Жұтқыншақтың күмбезінде және жоғарғы қабырғасының артқы қабырғасына өтетін жерінде - лимфоидты тіннен түзіліп, иммундық жүйеге жататын жұтқыншақ (аденоидтық) бадамшасы, tonsilla pharyngealis, орналасады. Ол ең жоғарғы даму деңгейіне балалық шақта жетеді. Жұтқыншақтың бүйір қабырғасында жұтқыншақты ортаңғы құлақ қуысымен байланыстыратын есту түтігінің жұтқыншақтық тесігі, ostium pharуngeum tubae auditivae, орналасқан. Тесікті артқы және жоғарғы жағынан түтік буылтығы, torus tubarius, шектеп тұрады. Буылтықты есту түтігінің шеміршекті бөлігінің медиалды табақшасы түзеді. Есту (Евстахий) түтігі арқылы ауа ортаңғы құлаққа өтіп, ондағы қысымды сыртқы атмосфералық қысыммен теңестіріп тұрады. Есту түтігінің жұтқыншақтық тесігін – түтік бадамшасы, tonsilla tubaria, қоршап тұрады. Барлығы алты бадамша: жұтқыншақ және жұп түтік, жұп таңдай және тіл бадамшалары жұтқыншақтың лимфоэпителийлік ( Пирогов-Вальдейер ) сақинасын түзеді.
Жұту актісі кезінде жұтқыншақтың мұрындық бөлігі ауыздық бөліктен таңдай пердесімен бөлінеді, көмей қақпашығы көмей кірісін жабады, осының арқасында аc түйірі тек өңешке өтеді. Көмейлік бөліктің алдыңғы қабырғасының жоғарғы бөлігінде көмей кірісі, aditus laryngis, орналасады. Төменгі бөлігінде - көмей шодыры, prominentia laryngea, жұтқыншақтың қуысына еніп тұрады, оның екі бүйір жағында алмұрттәрізді ұңғылдар, recessus piliformes, жатады. Жұтқыншақ жүзіктәрізді шеміршектің төменгі жиегі деңгейінде өңешке жалғасады .


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет