2. Мүсін жасауға үйрету Үйретудің міндеттері мен бағдарламасы. Балаларды саздан мүсін жасауға қызықтыра білу керек. Оларды саздың қасиеттерімен (жұмсақ, созылмалы, үзуге оңай, зат жасауға қолайлы) танысуға, дұрыс пайдалануға) сазды лақтырып тастамай, бейнені тақтайдың үстіне жасаура қарапайым техникалық әдістерге (үзу, дөңгелектеу, біріктіру); қарапайым заттарды (таяқша, доп) жасауға үйрету қажет.
Саздан мүсін жасау сабағы жас балалардың жетілуіне үлкен мүмкіндік жасайды. Балаларға сазбен жұмыс істеудің әр түрлі әдістері (созу, илеу, жабыстыру) қызықтырады. Балалардың әсер етуімен саздың өз формасын өзгертуі —оларға зор қуаныш әкеледі. Мысалы, дөңгелек сазды екі алақанның арасына салып қысатын болса, онда шелпек шығады, ал сазды ұзынынан дөңгелетсе, онда таяқша пайда болады. Балалардың саздың қасиетіне сәйкес пайда болатын қызығушылығын нақтылы заттарды бейнелеуге пайдаланған жөн. Себебі балаларда қызығушылық болмаса, олар сазды бей-берекет лақтырып, бекерге тақтайға жағып бүлдіреді.
Балалар саздан мүсін жасаудың ең қарапайым тәсілдерін үйренген соң, оларға оңай жасалынатын формаларды (таяқша, қарындаш т. б.) бейнелеу тапсырылады. Кіші мектеп жасындағы балалар өздерінің қимылдарын әлі де болса жете меңгере алмайды. Сондықтан олардың жасаған заттары әр қилы болады. Мысалы, олар жасаған таяқшаның ұзындығы мен қалыңдығы бірдей болады. Мұндай жағдай тәрбиешіні абыржытпауға тиіс, өйткені бұл кезеңдегі басты мақсат —бүлдіршіндерге цилиндр формалы заттардың мүсінін жасатып үйрету. Сонан кейін оларға шар формалы заттардың мүсінін жасауды тапсырған жөн (шарик, апельсин, доп т. б.) Цилиндр формалы заттарды бейнелеудегі сияқты шар тәріздес заттардың мүсінін жасағанда да қимылды дәл, анық жасауға үйрету қажет. Цилиндрлерді жасауға қарағанда шар тәрізді заттарды жасау қиынға түседі. Себебі мұнда қол қимылдарының үйлесімділігі мен көз мөлшермен қадағалау талап етіледі..
Шар мен цилиндрді саздан жасап үйренгеннен кейін балалар белгілі бір заттарды жасауға кіріседі. Мысалы, бірнеше таяқшалардан қоршау тұрғызады, таяқшаны иіп машинаның рулін жа¬сайды, бірнеше дөңгелектен мұнара тұрғызады, таяқшалар мен дөңгелектерден сылдырмақ ойыншық жасайды.
Мұғалім сабақтарын жүргізе отырып, тақырыптарды түрлендіруі тиіс. Бір программаның мазмұнына сәйкес түрлі тапсырмалар (қарындаш жасау, таяқшалардан қоршау тұрғызу) ұсынады. Осындай тақырыптарға бара отырып, балалар цилиндр тәрізді заттарды жасауды (екі алақанның көмегімен домалақтау арқылы) үйренеді. Қол қимылдары орнығады және мұғалімнің тапсыруы бойынша заттар жасауға қабілеті артады.
Әрбір сабақта бағдарламаға сәйкес тапсырмалардан басқа балаларға өз беттерінше жұмыс істеуге деген ықыласын арттыруды мақсат етіп қою керек. Қайталау сабақтары балаларды әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білуге, ойлау қабілеттерін жетілдіруге үйретеді.
Мұғалім мәні бар міндеттерді (мүсін жасардың алдында жеңді түруге, тақтайдың үстінде абайлап жұмыс істеуге, сабақтан соң қолды жууға үйрету) шешіп отыруы тиіс.
Бұл топта мүсін жасауға үйрету әр тоқсанға дәл әрі айқын жоспарланады және бұл жоспарлар сабақ үстінде тапсырмалар бойынша, сондай-ақ балалардың өздігінше жұмыс істеуі бойынша жүзеге асып отырады. Мұнда балалардың эстетикалық сезімдерін оята отырып мүсін жасатқызу, сонымен бірге жасалған мүсіндердің көлемін, санын, сапасын ажырата білу көзделеді.
I т о қ с а н. Бұл тоқсанда саз жентектерін екі алақанның ортасына салып дөңгелектеу, мүсін жасауға керек түрлі қимылдарды үйрену үшін балалар көптеген жаттығулар жасайды.
Бұл жаттығулардың негізгі мақсаты—балаларды екі қолмен бірдей, үйлесімді жұмыс істеуге, саз жентектерін түрлі формаға келтіруге ұйрету болып табылады. Балаларға әр қилы тапсырмалар (саздан бір немесе бірнеше бағана жасау, таяқшалар мен қарындаштар жасау) беріледі.
Бүлдіршіндерге шығыршықтың мүсінін жасау үшін көздің байқағыштығы аса қажет, шығыршықты дөнгелек формаға келтіру сонымен қатар ыждағаттылықты да талап етеді.
Балалар алақанмен жұмыс жасаудан енді белгілі бір заттық мүсінін жасау үшін саусақтарын жаттықтырады, өйткені бейнелі мүсін тек саусақтың араласуымен ғана жасалынады емес пе. Сонымен катар оларды мүсін жасауға үйрете отырып, мүсіндеудің ережелерімен де таныстыру қажет: столды ластамау, киімді былғамау, мүсінді тек тақтайдың үстінде жасау, мүсіндеуге кірісерден бұрын жеңді түру, жұмыстан соң қолды жуу.
Балалар саздан таяқшалар мен шығыршықтар жасап үйренген соң, оларды дөңгелек формалы заттар жасауға үйрете бастайды. Мұнда деңгелек форманы көздің байқағыштығы мен, кол үйлесімділігінің нәтижесінде алуға тырысқан жөн. Жаттығу кезінде тәрбиеші балаларға саздан шар, доп, алма, апельсин, алша жасауды ұсынады. Бір формалы әр түрлі заттардың мүсінін жасау балаларды мейілінше қызықтырады, олардың бейнелеу кабілетін арттырып, дөңгелек формалы заттардың ерекшелігін біртіндеп түсінуіне және оны өздері жасаған мүсіндерге пайдалана алуына мүмкіндік туғызады. 0лар бірде алманың мүсінін жасаса, енді бірде бірнеше шағын шарларды жасайды да, оларды ағаштың бұтағына жабыстырып, алшаның формасын жасайды. Балалар өздері жасаған фигуралардан әсер алуға әрі шар формалы заттарды қалай тез мүсіндеуге болатынына дағдылануы тиіс.
II т о қ с а н. Бұл тоқсанда балалар алдымен дөнгелек табақ тәріздес заттарды жасау әдістерін (шар формалы заттарды екі алақанның ортасына салып қысу арқылы) үйренеді, ал әр қилы тақырыптар бұл үйренгендерін баянды етуге жағдай жасайды. Балалар күлшені, пряникті, печеньені жасайды және оларды үстінен саусағымен шұқылап (немесе арнайы таяқшамен) өрнек салады. Бұлар әр түрлі формада болады. Әшекейлеуді балалардың жеке-жеке жасағаны жөн. Балалар алғашқыда өрнектерді ретсіз орналастырады. Сонан соң бірте-бірте үйретуге сәйкес өздері жасаған бұйымдарды бір қальшты әшекейлеуге көшеді. Осылайша олар көлемдік әшекейлерді де сала алатын болады. Осы әдіспен бүлдіршіндер ойыншықтарға торт_(үлкен шарларды ортасына, ал кішкентайларын шет-шетіне орналастыра отырып) жасайды.
Балалар тортты таяқшалармен әшекейлеуді оның ортасынан шетіне қарай (шашыраған күн сәулесі сияқты етіп, не болмаса торкөз жасай отырып) жүргізеді. Қорытар болсақ, балалар печеньені, тортты бейнелеуде мүсін жасаудың тек техникасын ғана меңгеріп қоймайды, заттың бейнесін өз ойлаулары бойынша жасауды да үйренеді.
III т о қ с а н. Балалар шарды, цилиндрді, табақшаларды жасап үйренгеннен соң олар бірнеше бөліктен тұратын заттарды бейнелеуге көшеді. Балалар самолет, аққала, кішкене шарлардан мұнара, табақша, аюдың, қуыршақтың, қоянның және құстың формаларын саздан жасай бастайды. Бұл топтың балалары үшін көп бөліктен тұратын заттарды жасау біршама қиындау бола¬ды, өйткені әрбір бөлікті керекті құрылымға сәйкес үйлесімді орналастыру қажет, сондықтан аққаланы тек екі шардан жа¬сау ғана (үлкен және бір кіші шардан), ал самолетті үш кесек саздан құрастыру ұсынылады. Осындай сырттай қарапайым заттарды бейнелеу балаларды ойландырады, олардан есептеуді, біршама мөлшерлеуді талап етеді. Мысалы: аққала жасау үшін алдымен оның құрылысын білу қажет, бұл үшін екі дөңгелек әзірлеу керек, оның бірі — үлкен, екіншісінің шағын болғаны жөн, үлкен дөңгелектін, үстіне кіші дөңгелекті орналастыру қажет. Аққала жасау — жығылмайтын қуыршақты жасауға әзірлік іспетті. Өйткені жығылмайтын қуыршақтың бөліктері де көп әрі оның қолдары да өте кішкене. Бұның өзі мүсіндеуді тым қиындатады. Оның үстіне жығылмайтын қонжық-қуыршақтың басын бейнелеп тұрған шардан балалар ақырын ,шымши отырып, құлақ шығара алуы қажет. Ал егер олар жығылмайтын қоянның бейнесін жасайтын болса, онда қоянның құлағын таяқшаларды жаншып, жымырып барып жасайды.
Саздан жасалған заттар белгілі бір бұйымның мүсіні болуғa тиіс. Ол мүсіндердің пропорциялары, формалары, өзіндік пішіні, ұсақ-түйек бөліктері де анық, әрі айқын болғаны жөн. Сондықтан да бұл топтағы балаларға мүсіннің айқын болуына баса назар аудартқызып отыру керек.
IV т о қ с а н. Жаз кезінде балалардың үш тоқсан бойында үйренгендерін баянды ету үшін түрлі жұмыстар жүргізіледі. Олар шиені (кішкентай шариктерді бір-бірімен қарағайдың инелерімен бекіту), саңырауқұлақты, кейбір жеміс-жидектерді саздан жасай алады. Саздан мүсін жасауға үйрету сабағы бейнені айқындап жасаудың техникасын және әдістерін жақсы үйренулерінен кұрылуы керек. 3—4 жастағы балалар екі жастан асқан балаларға қарағанда өз ойларынша жасауды жақсы үйренеді. Олардың тәжірибелері едәуір дәрежеде қалыптасады және олар белгілі тақырыпты және жабыстыру әдістерін саналы түрде пайдалана алады. Бірақ балалардың тақырып ойлаулары тұрақты болмайды. Көбінесе саздан мүсін жасау кезінде алғашқы тақырыптан ауытқып кетіп отырады. Бұлай болу себебі бейнелеу әдістерін білмегендіктен өздерінің ойларын ақырына дейін жеткізе алмайды. Кейде балалар белгілі бір зат жасағанда, олардың жасаған заттары басқа бір затқа ұқсап кетеді, сосын олар затқа басқа ат қояды. Мысалы, бала аққала жасауды ойлайды, бірақ жасаған дөңгелектері алмаға ұқсап кетеді. Нәтижесінде бала бірнеше шариктер жасайды да, оларды «алмалар» деп атайды.
Немесе бала сылдырмақ ойыншық жасаймын деп отырып, шар мен таяқшаны біріне-бірін жабыстырып жатқан кезде, қолы тайып кетіп байқамай шарды мыжып алады. Осылайша сылдырмақтың мүсінін шығарам деп отырып, бала саңырауқұлақ жасап алғанын өзі де білмей қалады. Тәрбиеші алғашқы сәттерде мұндай жұмыстарды мақұлдап, қабылдап алғанмен, бірте-бірте олардың әу баста ойлаған мүсіндерін жасауына көмектеседі.
Өз бетімен мүсін жасау балаларда біртіндеп тұрақты бола бастайды. Заттың мүсіні айқын болмаса да сабақ үстінде балалар өз ойларынша бір немесе екі заттың мүсінін жасайтын болады.
Үйретудің міндеттері. Мұғалім балаларды саздан мүсін жасау сабағына тыңғылықты түрде қызықтыра тәрбиелей отырып, олардың ойлау және елестету белсенділігін, қол кимылдарының үйлесімділігін арттыруды көздейді. Мүсіндеуді кол коспаларымен және барлық саусақтарымен жасауды үйретеді. Заттың түрі, олардың құрылысы, пропорциясы мен бөлшектері жөніндегі түсініктерін анықтап, бұл түсініктерін мүсін жасауда қалай пайдалануды үйретеді. (Мысалы, адамның басы дөңгелек, бетінде құлақ, ауыз, көз бар екенін, басына тымақ кигізуге болатындығын, куыршақтың кеудесінің сопақ болатынын, ал қолдары мен аяқтарының цилиндр тәрізді, басы кеудесіне карағанда кіші болатынын білу).
Бұл топта алдыңғы топтағыларға, қарағанда балалардың заттың түрлерінен эстетикалық түйсік алуы, ырғақты, симметрияны, пропорцияларды сезінуі артады.
Бұл топтың балаларына мүсін жасаудың кейбір әдістерін өздерінше қолданулары және сабақ үстінде өздерінің ойлары бойынша тақырып таңдаулары үшін үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Мүсін жасаудың техникасында үлкен жауапкершілік талап етіледі: балалар заттың сыртқы пішінін саусақтың ұшымен істеуді, әрбір бөлшектерді бірімен-бірін нығыз жабыстыруды, кейбір ұсақ-түйек кем-кетікті таяқшамен болмаса шымшу арқылы істей білулері керек.
Бағдарламаларды өту. I т о қ с а н. Бірінші сабақта тәрбиеші балалардан саздың бір кесегін алып, оны екі алақанының арасына салып жалпақтай білуді талап етеді. Қайталау сабақтары балалардың мүсін жасау әдісін тұрақтандыру әрі оқытушының тапсырмасын анық әрі айқын орындауы үшін жүргізіледі. Бұнда балаларды заттың күрделі бөліктерін (алақан арқылы емес) саусақпен жасауға үйретеді. Сонымен бірге бүлдіршіндерге күрделі заттардың мүсінін жасауды ұсынады. Бұл оларға біршама қиынға соғады. Бұл заттың сыртқы пішінін жақсы білуді, зат бейнесін нақты түрде ұғуды және қол қимылдарын _көз арқылы жете қадағалауды талап етеді. Қорыта айтқанда жылдың басынан бастап желтоқсан айына дейін балалар өздеріне таныс заттарды бейнелеуді, олардың сыртқы пішіндерін анықтауды, саздан мүсін жасаудың әдістерін жетілдіруді үйренеді.
II т о қ с а н. ІІ тоқсанда балаларға тұтас заттарды (жемістер), сондай-ақ бірнеше бөліктерден тұратын мүсіншелерді пішіндеп жасау ұсынылады. Олар қуыршақтың, ұзын тон киген қыздың, кроликтің, мысықтың, ойыншық қонжық пен қоянның мүсінін жасайды.
Бұлардың бөліктерін балалар бұрын да жасап үйренген, бірақ енді олардың пропорцияларын, заттың құрылыстарын, бөліктерді біріктіру тәсілдерін үйрену біршама қиынға соғады.
Балалар егер мүсін жасауды аққаладан бастаса, онда олар адам мүсінін жасауды тез арада түсінеді. Бірінші және екінші кішкентайлар тобында балалар аққаланы екі дөңгелек шардан жасаған болатын. Енді естиярлар тобында олар оны үш бөліктен жасайды. Бұл адам мүсінін жасаудағы негізгі пропорцияны білудің алғы шарты болады: төменгі бөлегі үлкен шар, ортасы одан кіші, ал жоғарғы бөлегі, кішкентай шардан тұрады. Балалар қолды және басқа да мүшелерді: тамақ, көз, ауыз, мұрынды бейнелейді. Осыдан кейін қуыршақты, ұзын тонды кыздың бейнесін саздан жасайды. Бұл екі бейнені тығыз біріктірілген жеке бөлшектерден жасауға болады.
Тапсырмалар біртіндеп киындай бастайды. Балалар енді жануарлардың мүсінін жасауға кіріседі. Мысалы, мысықтың мүсінін жасауда олар алдымен мысықтың алға шығыңқы кеудесін, сонан кейін басы мен құйрығын жасайды. Алдыңғы аяқтарды кеудені созу аркылы жасайды. Ал артқы аяқтарын жасамаса да болады, өйткені отырған мысықтың артқы аяқтары көріңбейді.
Мұғалім саздан мүсін жасау әдістерін жетілдіре отырып, балаларды саз таяқшаның ұшын саусақтармен үшкірлеуге, домалақтауға, неғұрлым толық және әдемі фopмa жасау үшін дөңгелек күлшелердің шет-шетін шымшып кысуға үйретеді.
Балалар осындай әдістерді пайдалана отырып енді сәбіздің, самсаның, печеньенің, тостақандардың мүсіндерін жасай алатын болады.
ІІІ тоқсан. Бұл тоқсанда балалардың жаңа міндеттерді шешуіне тура келеді. Бүлдіршіндер сазды созуға, ортасы қуыс заттар жасауға, түрлі ыдыстар жасауға, саздың щет-шетін кайтаруға, бөліктерді бір-бірімен нығыз біріктіруге, сылауга үйренеді. Балалар балапан, құстың, балықтың мүсінін жасағанда сазды созуға жаттығады. 3аттың сыртқы пішінін келтіруге олардың формасын, көлемін салыстыруға үйренеді. Мысалы, толық саз кесегінен балықтың мүсінін жасағанда алдымен балықтың денесін, сосын біршама созып басын, осыдан кейін екінші шетін едәуір созып және оның ұшын жымқыра қайтарып құйрығын жасайды. Қанаттарын сазды шымши суыра отырып жасайды, ал балықтың қабыршақтарын балалар өздерінің қалауы бойынша не таяқшамен, не басқа бір заттармен жасайды.
Балаларды саз кесектерін керекті, ұсақ бөліктерге бөлуге үйрету керек. Мысалы, балапанның мүсінін жасау үшін баланың жұдырығындай сазды екіге бөлу қажет оның бір бөлегінен құстың кеудесі, ал екінші бөлегінен басы және тұғыры жасалынады.
Үшінші тоқсанда балалар ыдыстарды жасауды үйренеді. Бұл үшін оларға екі әдіс көрсетіледі: сапты аяқ пен ста¬кан жасау үшін саздан саусақтың көмегімен дөңгелек және цилиндр тәрізді форма жасау және тостақ, тарелка жасау үшін жалпақ саз кесегінің шетін бүгіп дөңгелек жалпақ форма жасау. Тостақтың құлағын жасау үшін балалар саз кесегінен созып және шымшып оның мүсінін жасайды, сонымен қатар оны жаңа әдіспен — саздан жасалған ыдыстарға балшық біліктерді жабыстыру арқылы да жасауларына болады. Ыдыстарды, қуыршақтың киімін, құс отырған бағаналарды түрлі бедерлермен әсемдеуге болады. Мұның өзі неғұрлым жарқын образ жасауға және балалардың ырғақты, симметрияны сезінуін дамытуға, өз жұмысын әдемі және аяқталған етіп жасауға ұмтылуына жәрдемдеседі.
IV т о қ с а н. Жаз кезінде балалардың үйренгендерін толық меңгерулеріне барлық мүмкіндік туады. Балалар оку жылында өздері үйренген заттардың барлығын жасайды. Оның үстіне мұғалңм балаларға, өздерінің үйренгендеріне байланысты баска заттарды жасауды ұсынады. Мысалы, тышқанды, кірпіні, шошқаны, жеміс салған ыдысты, саңырауқұлақ салынған кәрзеңкені, ыдыстарды т. б.
Әрбір тоқсанда жүргізілетін сабақтардың бәрі пәндік сипатта болады. Сабақтың кейбір бөлімі мұғалімнің тапсырмасымен өтсе, кейбір бөлімі балалардың өз ойлары бойынша өтеді. Балалардың қалауы бойынша сабақ өту кезінде оларға көбінесе өздері үйренген заттарды қайтадан жасау тапсырылады. Мұндай сабақтардың негізгі мақсаты — балаларды саздан мүсін жасау үшін тақырып ойлап табуға, жұмысты аяғына дейін орындап шығуға, зат мүсінін анық жасауда қабілеттілік көрсетуге, кейбір бейненің кем-кетік тұстарьш толықтыруға, өздеріне таныс мүсін жасау әдістерін қолдануға үйретеді.
Үйретудің міндеттері. Балаларға мүсін жасауды үйреткенде олардың назары заттың өзіндік ерекшелігіне, құрылысына, ұсақ бөлшектердің құрылымына аударылады.
Балалар қандай бір болмасын аңның бейнесін жасағанда оның ерекшеліктерін (бас, тұмсық, құлақ) ескереді. Олардың көздерін және аузын қырғышпен жасайды.
Балалардың техникалық білімін арттырған жөн. Және де мүсінделген заттарды әсемдеуге көңіл бөлінеді. Толық саз кесегінен ыдыстар жасау ұсынылады және оларды әшекейлеу тапсырылады. Әдіс-тәсілдерге үйрету біртіндеп (мүсінделетін заттың бейнесі анық шыққанға дейін) жүргізіледі.
Бағдарламаларды өту. I т о қ с а н. Балалар жыл басында өздеріне бұрыннан таныс заттардың мүсінін саздан жасайды. Бұнда, әсіресе, саусақ қимылдарының жетілуіне көңіл аударған жөн. Балаларға көптеген бөліктен тұратын күрделі заттың мүсінін жасата отырып, оларды толық саз кесегінен созып мүсін шығаруға жаттықтырады. Балаларға жеміс-жидектердің мүсінін жасауды ұсынады. Балалар жемістің өзіндік ерекшелігін жақсы түсінулері үшін олар бір ғана емес, бірнеше жемістің мүсіндерін жасайды. Мысалы, балалар сәбіз бен қызылшаны жасағанда, олардың түрі балаларға таныс, сондықтан олардың барлық назарлары бейнелердің өзіндік ерекшеліктеріне бағытталады. Заттың жалпы түрін балалар екі қолымен бірдей, ал түрлерінің ерекшеліктерін саусақтарымен бейнелейді.
Балалар бірінші тоқсанда адам мен жануарлардың мүсінін толық саз кесегінен және жеке-жеке бөлшектерден жасайды. Саздың тұтас кесегінен көбінесе көпке танымал ойыншықтарды ысқырық-үйрек, қораз және қуыршақтарды жасайды. Оларды бейнелеу кезінде пропорциялары мен түрлерін анықтайды. Мысалы, қуыршақтың басы кеудесіне қарағанда кіші және шошақ, ал олардың қолдары таяқша тәрізді болып келеді. Көпке танымал ойыншықтарды жасау балаларды бейне түрлерін ықшамды жасауға, олардың сыртқы турлерін бедерлермен әсемдеуге, сонымен қатар жұмыстан қорытынды шығаруға үйретеді.
Қорыта айтқанда, бірінші тоқсанда ересектер тобындағы балалар бұрынғы топта оқып үйренгендерін жетілдіріп, сонымен қатар қызықты да мазмұнды мүсін жасау жұмыстарын дамыта түседі.
Мұғалім екінші тоқсанның желтоқсанынан бастап балаларды заттардың белгілерін мүсінде бере білуге үйретеді: ұзынды-қысқалығын, жуанды-жіңішкелігін, мүсінді тікесінен қою, бөліктердің көлемін салыстыру, олардың жалғасқан жерін сылау т.с.с. Балалар бірінші тоқсанда үйренгендерін тиянақтай отырып дымков қуыршақтары сияқты Аяз атаның, Қарша қыздың мүсіндерін жасай алады. Сонымен бірге бұл заттардың пропорцияларын анықтап, бөлшектерді нығыздап жабыстыруды үйреніп, мүсіндерді кең тығыршықтарға орнықтырып, олардың киімдерінің ерекшеліктерін көрсете алатын болады. Келесі кезең — балаларды аяғы бар мүсіндер жасауға үйрету бодады. Бұл мүсіндерді кең тығыршақтарға орнатуға қарағанда анағұрлым қиынырақ. Мұнда балалардың назарын аяқтарын толық және нығыз етіп жасауға аудару керек. Балалар қысқы киімдегі баланың не қыздың мүсіндерін жасауға кіріседі. Мұнда кеудесі мен басын толық балшық кесегінен жасаса, ал қолдары мен аяқтарын кеудеге жабыстыру арқылы бөлек-бөлек жасайды.
Осымен бірге балалардың назарын бөлшектердің жай жапсырылуына да аудару керек. Баланың басына тымақ кигізіп, тонға жаға және түймелер жасауды, қыздың мүсініне шашағы бар бөрік кигізіп ал тонын әшекейлеуді өз беттерінше жасайды. Мүсіндерді қозғалыс күйінде жасаса, оны мадақтау керек. Мүсінді шанаға отырғызу болмаса оған қар күрету де едәуір шеберлікті талап етеді. Тақырып басқалай да болуы мүмкін. Мысалы, «Балалар гимнастика жасап жатыр» болмаса «Балалар серуенде жүр».
Екінші тоқсан бағдарламасы жануарларды бейнелеп, оларды белгілі бір мазмұнға құруға үйретеді. Балалар алдымен бір мүсін, сосын үйренгендерін қолдана отырып, мысықты балаларымен, итті күшіктерімен бейнелейтін болады. Жасалған екі-үш затты қалындығы 1 —1,5 см болатын балшық тақтайшаға орналастырады.
Балаларды екінші тоқсанда жануарлардың кеудесін, басын, аяқтарын балшықтың тұтас кесегінен орнықты және нығыз жасауға үйретеді. Мұндай әдіс барлық жануарларды бейнелеуге (мысықтарды, иттерді, ешкілерді, қояндарды және тағы басқасын) жарайды. Бірақ бұл әдіс жануарлардың бөліктерін жеке-жеке жасап, сосын біріктіруге болатынын жоққа шығармайды.
Балалардан түр мен пропорцияларды анықтауды (тұмсығы бар бас) талап етуге болады. Сонымен бірге қозғалыстарды көрсететін жұмыстар да жүргізіледі.
Хайуанаттардың ұсақ-түйек бөліктері, негізгі денеден -кесектен созып шығару аркылы жасалады. Тап осылай, әтештің мүсінін жасағанда, оның иегін созып шығарып, ал айдарын, құйрық-қанаттарын жекелей жасап, сосын біріктіруге болады.
Екінші тоқсан бағдарламасы толық балшық кесегінен халықтың керамикалық бұйымдарын жасау тәсілімен ыдыстар жасауды да камтыған (ыдыстың құлақшалары жекелей жасалып, сосын негізгі бөлікке біріктіріледі).
Жасалған ыдыстар неғұрлым сәнді шықса жақсы болады. Осы үшін балаларды жаңа жасалған ыдыстардың бетін колмен сулап сүртуге, болмаса дымқыл шүберекпен тегістеуге үйретеді.
Балаларға қабырғаны әсемдеу үшін декорациялық пластинкаларды бейнелеу тапсырылады. Олар моншақтар, табақшалар жасай алады.
III т о қ с а н. Үшінші тоқсанда балалардың сыртқы орта жайындағы мағлұматтары кеңейіп, жабыстыру саласындағы білетіндері жетіле түседі. Осының арқасында бейне айқын да анық, мүсіндер тақтайшаға орналастырылып қозғалыста тұрған кездері бейнеленеді. Адамдардың және жануарлардың қозғалыстағы мүсіндері жабыстыру сабағына тақырып бола алады. Мұндайда ертектерден алынған билеп жүрген аңдарды бейнелеуге болады.
Ыдыстарды жасағанда жаңа көрнекі заттар, табақшаның түбін жасағанда таспа тәрізді қабыршақтар пайдаланылады, бұл — тиімді әдіс боп саналады. Осындай әдіспен шыны, кружка, карындаш және бояғыштар салатын стақан жасауға болады.
IV т о қ с а н. Балалар жазда өткендерін қайталайды, жабыстырудың таныс әдістерін қолданады, ойнау үшін заттар мен мүсіндерді жасайды. Осылай олар әтештің, тауықтың, үйректің балапандарын жасап, құс базарын жасайды. Балалар карапайым мазмұнға құрылған халық ойыншықтарын, ыдыстарды, әсем пластинкаларды балшықтан жасайды. Балшықтан жасау не тәрбиешінің тапсырмасымен, болмаса балалардың алдын ала байқағаны бойынша ойлау арқылы жасалады.
Балалар заттың түрін көзбен және бұлшық еттерімен түйсіне білулері керек. Жабыстыру кезінде айқындайтын құралдарды пайдаланып, сонымен қатар бейнелеу мен техникалық әдістерді білулері қажет. Алты жастағы балалар әдетте бейнелеудің көптеген тәсілдерін біледі, бірақ көбінесе әсемдік тәсіл — тұтас балшық кесегінен жасауды жақсы көреді. Бұлар бұрынғы үйренген көлемді денелер (шарлар, сопақша денелер, цилиндр тәрізді) жасауды пайдалана отырып, енді өздерінше жасайтын заттарының бастапқы түрін аныктаулары керек.
Оқытушы балалардың шығармашылдық ынталарын жетілдіре отырып, оларға енді өздерінше тақырып таңдауларына, айқындылық кұралдары мен бейнелеу тәсілдерін таңдауларына мүмкіндік береді.
Мұғалімнің алдында бірінші тоқсанда балаларды заттың өзіндік түрін балшықтан жасауды үйрету міндеттері тұрады. Бұл үшін балаларға жылдың басынан бастап жемістерді және овощтарды жасау тапсырылады. Егер балалар балшықтан овощтық (қияр және қызылша) әр түрін олардың қарама-қарсылықтарын түсіну үшін жасаса, енді мектепке даярлық тобындағы міндеттер қиындай түседі: балаларға енді екі бірдей заттың, бірақ әр түрлі формадағы, мысалы, бір қырымдық сопақша алманы, екінші дөңгелек антонов алмасын және бірнеше қияр түрлерін, сондай-ақ түрлі заттар жасау тапсырылады.
Осындай әр түрлі жемістерден тарелкаға, кәрзеңкеге жалпы композиция құруға болады. Бағдарламаны қайталау кезінде әрбір оқушы өз ойларынша жасалған жемістерден композиция құруына болады. Мұндай жағдайда жемістерді балшықтан емес, түрлі түстегі пластилиннен жасаса әдемі болған болар еді.
Балаларды ойыншықтарды және мүсіндерді, тағы басқа заттарды қозғалыстағы күйде. бейнелеуге үйрету керек. Қораздың басын мақтанышпен жоғары ұстап шақырып тұрған кезін, мысық баласының доппен ойнап жүрген кезін, тағы осы сияқтыларды. Бала ойыншықтарға қараған кезде бейнелеуге тұратын заттың негізгі формасын қандай жағдайда орналастыруды білуі керек.
Балалар жануарларды елестету арқылы жасайды. Олар жануарлардың негізгі бөлігінің формасын және баска жануардан айырмашылыктарын, анық білулері керек. Мысалы, иттердің әр түрлі тектерін, аюды қасқырдан, үйректі қаздан, қоразды мекиеннен ажыратып тұратын айырмашылықтарын білулері керек.
Елестету арқылы балшықтан мүсін жасау — балаларды бейнелеу кезінде мүсін бөлшегінің орналасуын, қозғалыстарын өздерінің қиялдаулары аркылы көрсетулеріне мумкіндік береді. Балалардың бейнелеу мен техникалық әдістерінің (тұтас кесектен, болмаса бірнеше бөліктен жасайды, әрбір затты қырғыш арқылы кедір-бұдыр етіп көрсету) барлығын қолдануларына болады. Балалар затты әр түрлі жағдайда, мысалы, мысықтың шоқиып немесе алдыңғы аяқтарына сүйеніп тұрған кезін, оның доппен ойнап жүрген кезін, тышқанға ұрланып бара жатқан кезін бейнелелеріне болады. Балалар бейнені елестету арқылы жасаған кезде бұрынғы оқып үйренгендерін және жануарлар-хайуанаттардың дене кұрылысын жалпылама білетіндіктерін еске ала отырып жасайды.
Балалар көзге көп көріне бермейтін ерекшеліктерді, мысалы, әр түрлі иттердің денесінің ұзындығы, аяқтарының ұзындығы, бас және бет пішіндеріндегі ерекшеліктерді де көрсете алады. Заттың бейнесін жақсы шығару оның бөлшектерін бір-бірімен жабыстыру әдістеріне байланысты болады. Бөлшектерді бір-бірімен жабыстырып қана қоймай, бір бөлікті күні бұрын ойып алып, сол ойылған жерге екінші бөлшекті орналастыру арқылы да бөлшектерді қосуға болады.
Балалар әр түрлі заттарды бейнелеу кезінде мүсінді тақтайшаның үстіне тікесінен тік қоюды үйренеді.
Балалар бірінші тоқсанда адам мүсінін бейнелеуді үйрене бастайды. Алдымен ересектер топтарында үйренген қиын емес тұлғаларды балшықтан жасайды. Сосын, натураны балшықтан жасау кезінде (көбінесе қуыршаққа қарап жасау) балалар адам тұлғаларының түрін, пропорцияларын келтіруді үйренеді. Тәрбиеші балалармен бірлесе отырып, бейне бөліктерінің көлемдерін салыстырады. Мысалы, қуыршақтың кеудесіне байланысты оның басы қандай көлемде болуы керек. Адам тұлғаларын дымков шеберлерінің жасаған ойыншықтарына қарап та жасауға болады. Олар өздерінің пропорцияларымен біршама қиындау, өйткені ол ойыншықтар ересек адам тұлғаларын бейнелейді. Үлкен адамның басының көлемі кеудесіне қарағанда 7—8 есе-кіші болады. Балалар бұл тұлғаларды ересектер топтарында да жасаған, бірақ енді мектепке даярлау топтарында бейненің формаларын және пропорцияларын келтірулері керек. Енді бейнелеуде дымков шеберлері қолданған балшықты жабыстыру әдістері енгізіледі. Адамның басы мен кеудесін бір кесек балшықтан, ал белдемшесін қоңырау тәрізді жалпақ балшықтан жасайды. Бұл әдіс бір жағы белдемшені қуыстау етсе, екінші жағы бейнені жеңілдетеді. Адамның басы кеудешемен және белдемшемен біріктіріліп, біріне-бірі тығыз жапсырылады, ал қолдары алдымен біреуі, сосын екіншісі жеке-жеке жапсырылады. Басқа майда-шүйделері — фартуктары, қиындылары жабыстыру арқылы жасалады. Балаларды адам тұлғаларын елестету арқылы жасауға үйретеді. Тақырыптар әр турлі болады: «Ұл бала немесе қыз ту ұстап тұр», «Бала мектепке бара жатыр». Осындай тақырыптарға бейне жасау кезінде балалар бейнені таңдау үшін қиялдауларына, олардың қозғалыстарын көрсетуге және жабыстыру әдістерін қолдануларына мүмкіндік алады.
Балалар бірінші тоқсаннан бастап ертегілердегі бейнелерді: мыстан кемпірді, Чиполлино және басқаларын жасай алмайды. Бұл олардың шығармашылдық белсенділіктерін жетілдіреді. Ертегі кейіпкерлерінің өзіндік ерекшеліктері балаларды бейнені ұқсас жасауға үйретіп, балшықтан бейне жасауға кызықтырады. Балаларды мыстан кемпірдің маймақ аяғын, оның имек мұрнын жасау қызықтырса, ал Чиполлиноның бейнесін жасағанда оның пиязға ұқсас басын жасау қызықтырады.
Ертегі желісіне құрылған тақырыптар мынадай да болуы мүмкін. Ертегідегі ең қайырымды не болмаса ең қараниет кейіпкердің бейнесін жасау. Осындай тақырыпқа бейне жасау балалардың шығармашылдық ынтасын жетілдіріп, бейнелеу үшін өзінше кейіпкер таңдап алуына және оны бейнелеу тәсілдерін өзіне колайлы түрімен мүсіндеуге итермелейді.
II т о қ с а н. Екінші тоқсанда тұтас балшық кесегінен бейне жасауды жетілдіре түседі. Балалардың бірінші тоқсанда үйренген білімдерін пайдалана отырып, екі немесе үш тұлғадан тұратын композицияға жасауға үйретеді.
Балалар ертегінің мазмұнын келтіре отырып, тұлғалардың бір-бірімен қарым-қатынастарын, көлемдерін өлшей отырып, оларды калыңдығы 1 см кем емес тақтайшаға нығыз орналастырады. Қомпозицияның барлық тұлғалары тақтайшара берік орналасуы үшін балаларды үшінші бір затпен тіреп қоюға үйретеді, Мысалы, жотасына кәрзеңке көтеріп бара жатқан аюды таяққа тіреп қою, аққала жасап жатқан баланы қардың соқтасына тіреуге болады.
Әрбір халықтың әдет-ғұрыптарына байланысты (қуыршақтар, малдар) жасалған әсемдік бұйымдарды бейнелеу кездерінде балалардың алдында көп мүмкіншіліктер туады.
Мектепке даярлық топтарындағы балаларды қырғышпен балшық алуға және шығыршықтан ыдыстар жасауға үйретеді. Шығыршықтардан ыдыстар былай жасалынады Балшықтан жасалған бөліктерді бірімен-бірін тығыз жабыстырып, оны ішінен де және сыртынан да сылап қояды.
Цилиндр және шар тәрізді ыдыстарды жасағанда жабыстыру кәдімгі қырғышпен, болмаса тұзақ-қырғышпен атқарылады. Мұндайда сол қолмен бұйымды ұстап, ал оң қолмен қырғыш арқылы үңгіп кеңітеді.
Бірінші әдіспен табақша, кесе, сауыттарды, ал екінші әдіспен құмыраларды, дөңгелек және цилиндр тәрізді сауыттарды жасауға болады. Осымен бірге балаларды жасаған бұйымдардың сыртына кедір-бұдырлар түсіру үшін және бояулармен сурет салу үшін оны су шүберекпен сүртіп тегістеуге үйретеді. Балаларды ыдыс жасаудан баска әсемдік пластинка жасауға үйретеді. Мұндайда балалар сурет арқылы бұйымның алғашқы нобайын жасауды үйреніп, нобай арқылы артынан мүсін жасауды үйренеді.
III т о қ с а н. Тәрбиеші үшінші тоқсанда балаларды ұжымды түрде балшықтан бейне жасауға үйретеді. Бұрынғы алған білімдері мен үйренгендерін пайдаланып, балалар ұжымды композициялар құрады: әр түрлі жағдайда жүрген ойыншылары бар футбол болмаса хоккей алаңын, құс фермасын, зоопаркті және тағы басқасын. ұжымды түрде балшықтан бейне жасауда балалар өз жұмыстарын басқалардың жұмысымен салыстырып, тұлғаларды көз арқылы қадағалап, мысалы, үлкен тұлғаның жанында кішкене тұлғаны қойып, қайсысы қаншалық үлкен немесе кішкене екенін анықтайды. Балаларға өздері жасайтын бейненің ұзындығы мен биіктігіне сәйкес өлшеуіш таяқшалар беруге болады. Балалар жалпы композицияға өздерінің ұсыныстарын қосып, белсенділік көрсетуді үйренеді және өздерінің бұйымдарын басқа жұмыстардан жаман жасамауға тырысады. Балшықтан жақсы бұйымдар жасай білетін балалар білмейтіндерге көмектеседі. Қорыта айтқанда, ұжымды түрде бұйымдар жасау бейнелеумен техникалық әдістерге ғана үйретіп қоймайды. Сонымен бірге тәрбиелік те маңызы бар.
Үшінші тоқсанның бағдарламасы елестету арқылы бейнелеуге құрылғанымен натурадан және суреттен бейне жасауды жоққа шығармайды.
Зоопаркте көрген аңдарды елестету арқылы жасайды. Мұндай тапсырма балалардан жинақталған, естерінде қалған көптеген күні бұрынғы жұмыстарды талап етеді. Сонымен қатар балалар аңдарды ойыншықтарға қарап жасауды үйренеді, мысалы: пілді, жирафты, бегемотты, аюды. Ойыншықтар кашанда орнықты болады, сондықтан келесі сабақтарда суретшінің аңдарды әр түрлі қозғалыста жүрген кездерін салған суреттерін пайдаланып, балаларға көрсетуге болады. Балалар ойыншыққа қарап бейнелер жасау кезінде оның формасын және пропорцияларын жан-жағынан көре алатын болса, суретке қарап бейнелер жасағанда тек бір жағынан ғана көре алады. Жануарларды жасаған кезде балалар өздерінің білген және үйренген әдістерін пайдаланып, қандай әдісті (жеке-жеке бөліктерді біріктіріп пе, әлде тұтас балшық кесегінен бе, болмаса екеуін де қолданып па) қолдануларын өздерінше шешулері қажет. Мысалы, пілдің басы мен тұмсығын бір тұтас балшық кесегінен, ал кеудесі мен аяқтарын басқа балшык кесегінен қырғыш арқылы бөліп, сосын біріктіру арқылы жасайды. Пілдің құлағы үлкен болғандықтан оларды жеке-жеке жасап, сосын басына жабыстырады. Осындай әдістермен басқа да көптеген жануарлардың бейнесін жасауға болады.
IV т о қ с а н. Төртінші тоқсанда балалар мүсін жасаудың әдістерін жетілдіре түседі. Ойынға пайдаланатын заттар жасайды.
Өз ойындары үшін ыдыстар, гүл отырғызатын вазалар және декорациялық сәндік құрайтын пластинкалар жасай отырып, декорациялық мүсін жасау ісімен шұғылданады.