Дәріс №10. Тақырыбы:Конструкциялауға үйрету әдістемесі 1.Мектепке дейінгі баланың жан-жақты дамуы үшін конструкциялаудың маңызы.
2. Конструкциялық материалдардың түрлері.
3.Бірінші және екінші кішкенталар тобында конструкциялауды үйрету
4. Естиярлар тобында конструкциялауды үйрету
5. Ересектер тобында конструкциялауды үйрету
6. Мектеп алды тобында конструкциялауды үйрету
1. Мектепке дейінгі баланың жан-жақты дамуы үшін конструкциялаудың маңызы «Конструкциялау» термині (латынның construerе деген сөзінен шыққан) әр түрлі заттарды, бөліктерді, элементтерді белгілі бір жағдайға келтіруді білдіреді.
Балалардың конструкциялауы дегеніміз - құрылыс материалдарынан әр түрлі құрылыстар салу, қағаздан, картоннан, ағаштан және басқа материалдардан ойыншықтар мен бұйым жасау. Өзініц сипаты бойынша ол әр уақытта бейнелеу іс-әрекетіне және ойынға ұқсайды, сонымен бірге онан айналадағы болмыс та көрінеді. Балалардың құрылыстары мен бұйымдары практикалық пайдаланылуға қызмет етеді (құрылыстар ойын үшін, бұйымдар-елканы безендіру үшін, анасына сыйлық үшін және т. б.), сондықтан олар өзініц міндетіне сәйкес болуы керек.
Конструкциялау іс-әрекеті дегеніміз – бұл өзінің функционалдық қызметіне сәйкес бұрыннан ойластырылған, белгілі бір нақты өнім алуға бағытталған практикалық іс-әрекет.
Конструкциялауды үйренуі кезінде балалардың жоспарлы ойлау іс-әрекеті дамиды, бұл- іскерліктің қалыптасуындағы маңызды фактор болып табылады. Балалар құрылысты немесе бұйымды құрастыра отырып олардың қандай болатынын ойша елестетеді және де оларды қандай жүйеде калай жасайтынын күні бұрын жоспарлайды.
Конструктивті іс-әрекет геометриялық денелерді және кеңістіктік қатынастардың қасиетін практикада тануға қабілетті етеді. Осыған байланысты балалардың сөйлеуі басқа әрекеттердің түріне сирек қолданылатын жаңа терминдермен, түсініктермен байиды (төрт қырлы бөрене, куб, пирамида және т. б.), түсініктерді дұрыс қолдануға балалар жаттыға түседі (жоғары-төмен, ұзын- қысқа, жалпақ - жіңішке, үлкен - кіші), бағыттарды да дәл айтатын болады (үсті - асты, оңға - солға, төмен - жоғары, артынан - алдынан, жақын және т. б.).
Конструктивті іс-әрекет сондай-ақ мектепке дейінгілерді адамгершілікке тәрбиелеуде де негізгі құрал болып табылады. Осы іс-әрекет процесінде жеке бастың мынадай маңызды қасиеттері - еңбек сүйгіштік, дербестік, талапкерлік, ұйымдастырушылык, мақсатқа жету үшін табандылық қалыптасады.