Жауабының көшірмесін Түркістан генерал-губернаторына да ұсынады. Оның жауабы шын мәнінде, патша билігінің қазақ жерінде жүргізген тағылық саясатын әшкерелейтін бірден-бір тарихи құжаттардың қатарына қосыла алады. Қазақ зиялысы көтерілістің ең басты себебі - отаршылдық саясат, оның салдарының бірі 1916 жыл оқиғасы болғанын көрсетеді.
Оның жауабы Жетісу өлкесіндегі орыс отаршылдығы тарихына арналған зерттеу еді. Өлкенің отарға айналуынан бастап, соңғы уақытқа дейінгі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қысқаша тоқталады. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі атақты Столыпин реформасынан кейін қатты өзгеріске ұшырағанын дәлелдейді.1905 жылы Верный қаласында Қоныс аудару мекемесі құрылады.
7 жылдың (1907-1914 жылдар аралығында) ішінде облыстың адам танығысыз өзгергенін айта келе, «…жоғарыда келтірілген мәліметтерден кейін көтеріліс болуына себеп көп екені көрінеді, ал соған сылтау болған жергілікті мазмұндағы жағымсыз оқиғалардың өрістеуінен» деп көрсетті. Одан әріболған жайттың жалпы көрінісінен хабардар ету үшін, өзіне белгілі кейбір оқиғаларды хронологиялық тәртіппен келтіреді.
Оқиғалардың әрқайсысын жеке атаумен, «Қызылбөрік ісі», «Ботбаев ісі», «Пішпек уезіндегі оқиғалар», «Лепсі уезіндегі толқулар», «Әулиеата уезіндегі оқиғалар» және т.б. деп атап, арнайы тоқталады. Бұл жазбалардан жұмысшы алуды сылтауратқан патша шенеуніктерінің жүгенсіздігі өз алдына, сондай-ақ баюды мақсат етіп, бас пайдаларын көздегендер мен жекелеген адамдардың да ескі жаулықтары көтерілістің тұтануына ұшқын болғаны көрінеді. Мысалы, Лепсі уезіндегі оқиғаның себебі Мақаншы-Садыр болысының басқарушысы Қасым Жақамбаев, оның сыбайластары халық соты Оқыш Омаров пен Жексембек Кінәзовтың дүниеқарлықтарынан болған. Парақорлар ауылдастарын ақша, мал алып, жұмысшы тізіміне кіргізбейді. Бұған наразылық білдірген басқа қазақтарды, үкімет жарлығына қарсы деп айыптап әскер шақыртады. Лепсі уезінде қазақтардың жазықсыз қаны төгілуіне бірден-бір осы жемқорлар себепші болды.
Империяның «бөліп ал да, билей бер» деген жымысқы саясатының қазақ даласында толықтай жүргізіліп отырғанында осынау жазба дәлелдейді.«1868 жылғы Ереже қазақтарды адастырғаны соншалық, енді сайлау мен партиялық дау-шар кезінде тіптен жерден қысылу қайғысы жайына қалып, бірде-бір сайлау орасан зор парасыз, сатып алусыз өтпейтін болды»[22,36 б.]. Мұндай әккі саясаттың жемісі көтеріліс кезінде байқалып қалды. «Ботбаев ісі» оқиғасында, болыс басқарушысы Ә.Құрбанғалиев жұмысшы тізімін жасауды, өз партиясынан ешкімді кіргізбей, қарсыласы Бейсебай (фамилиясы белгісіз) жағынан барлық адамды кіргізуінен оқиға басталады. Бұған наразылық білдірген қазақтардың шағымын арнайы шақыртылған пристав Гилев тыңдамайды. Құрбанғалиев, Бейсебай қазақтарды көтеріліске дайындап жүр деген жалған хабар береді. 6-тамызда Гилев Самсы станциясына 20 әскермен келіп, 12 қазақты өлтіріп кетеді.Ал Верный уезіне қарайтын Қызылбөрік болысындағы оқиға, патша шенеунігі Хлыновскийдің кінәсінен болған.3-4 тамызда аталмыш болыста мал санағы әдеттегідей жүріп жатады. 3-тамызда мұнда әскермен уезд бастығы міндетін атқарушы Хлыновский келеді. Ол келгенге дейін болыста ешқандай бүлік болмағанын көрсетеді. Хлыновский түскі үзіліс кезінде, еш себепсіз қазақтарға 5 сағат ішінде майданға алынатын жұмысшылар тізімін жасауды тапсырады. Беделді қазақтарды киіз үйге қамап тастайды.
Қазақтарға жұмысшы алу тәртібі анық белгілі болмаған. Олар Хлыновскийден тізім жасайтын адамдарды тұтқыннан босатуды, оларсыз жұмыс бітпейтінін айтады. Мұны Хлыновсикй қаперіне де алмайды. Дағдарған қазақтар қайтадан Хлыновскийге барғанда, ол оларды тыңдамастан аспанға оқ атып, нәтижесінде қазақтардан адам өледі [26]. Маңызды мәселенің жүзеге асырылуы халықтың қайғы-қасіретке ұшырауымен бірге жүргенін, оған жергілікті басқару жүйесінің жауапсыздығы әсер еткенін М.Тынышбаев осылай көрсетіп отырды. Бұл жазбаларбасқыншы әкімшілікке жақпайтыны түсінікті еді. Жоғарыда келтірілген шенеуніктердің теріс қылықтары көп жағдайда қайғылы оқиғалардың себепшісі болғанын «инженер-түземдіктің»ашық айтуы оларды намыстандырды. Ресми орындар М.Тынышбаевты айыптай бастағанын қазақ инженерінің Сырдария облысының әскери губернаторына жазған хатында [27] байқалады.
М.Тынышбаев тамыз айында уезд басшысының көмекшісі, подполковник Тризнаға аудармашы болып, Әулиеата, Пішпек уездерін аралап қайтады. Осы сапардан өзінің көрген-білгенін, көңілге түйгенін Сырдария облысының әскери губернаторына жазып береді. Мұнда да жарлыққа халықтың ешбір дайындығы, оны мүлде түсінбеуі, ресми үкіметтің халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ықылас таныта қоймауы айтылады. Мұның бәрі жазықсыз халықтың қаны төгілуіне әкелгенін көрсеткен хаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Қара жұмысқа алу туралы алып-қашпа сөздерге сенген Мерке маңындағы және Әулиеатадан солтүстікке қарай отырған қазақ ауылдары қыстауларын, дүние-мүліктерін тастап, Шуға қарай көшіп кетеді. Осы кезде (тамыз айының басы) Пішпек уезінен үрейге толы хабарлар естіле бастайды. Онда қазақтардың келімсектерге шабуыл жасап жатқаны белгілі болды. Бұл хабардың растығын тексермеген үкімет орыстарды қаруландыруға кіріседі. Сонымен бірге қарулы үкімет әскерлері келіп жетеді. Осындай астаң-кестеңде қаруларына сенген орыс шаруалары, жұмысшы тізімін беріп, тыныш отырған «бейбіт» қазақтарды тонауға кіріседі. Қорыққан қазақтар беті ауған жаққа қаша жөнеледі; бала-шаға, қарт адамдарынан айрылады. Бұларды өз болыстарына қайтару қажет болды. Сөйтіп, Пішпек уезінің приставы, олардың арасынан 500 қазақты түсініктеме алуға шақырды. Белые Воды поселогына келген бұл 500 қазақты, қарулы орыс шаруалары атып өлтіреді.Қыркүйектің ортасында Асаның приставы 25 солдатпен 25 қарулы келімсек шаруаларды ертіп, әлдеқашан жұмысшы тізімін берген болыстарды арауға шығады. Мұны естіген қазақтар тағы да қаша жөнеледі. Иесіз қалған ауылды жанындағы әскерімен орыс шаруаларына аямай тонатқан пристав Әулиеатаға кері қайтады.Хат иесі Әулиеата уезіндегі оқиғалардың тууына 1) Маусым жарлығының мәнісін үкіметтің алдын-ала түсіндірмеуі; 2) Жергілікті әкімшіліктің дұрыс әрекет жасай алмауы; 3) Шенеуніктердің теріс шешімдері; 4) Орыс шаруаларының қазақ ауылдарын тонаған қылмыстық әрекеттері себеп болды» [28] - деп қорытады.
Подполковник Тризнаның қасына бірде-бір қарулы жасақ ертпей тек аудармашымен (М.Тынышбаевпен) ғана барып, ел үшінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, уезд халқының қорқынышын басып, көңілдерін жайландырады. Шу, Әулиеата, Мерке аудандарының қазақтары қоныстарына қайтып келеді.М.Тынышбаевтың бұл хаты жауапсыз қалмады. Генерал-адъюдтант Куропаткин бұйрығымен Әулиеата уезінде тексеру жүргізіледі [29]. Мұны жүргізген уезд бастығы Кастальский мынадай қорытынды жасайды: «…үкіметке қарсы Жетісу облысында ашық түрде үгіт жүргізілмегенімен Қытаймен шекаралас уездерде Германия, Түркия эмиссарларының орыстарға қарсы насихаты болуы әбден мүмкін.
Уездің орыс халқы ішкі Ресейдің бұзақы, маскүнемдерінен тұрғанымен олардың қару-жарақтары жоқ. Тіпті көтеріліс бола қалған күнде алдымен зиян шегетін болғандықтан, олар көтеріліске қосыла алмайды. Ал қазақтардың өліміне олардың өздері кінәлі. Мысалы, қазақтар Мерке участогында Новотроицк селосы жанында, Кузьминка селосы маңында орыстарды өлтіріп, олардың хуторларын тонағаннан кейін ғана, орыс шаруалары оларға қарсы шыққан. М.Тынышбаев бұл фактілерді ескермеген».
Кастальский, қазақ зиялысының Тризнамен бірге, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін, елдің қоныстарына қайтып келгендерінде басқаша түсіндірді. Оның ойынша, облыста көтеріліс жеңілгесін орыс үкіметінің күшін қазақтар мойындап, қоныстарына өз еріктерімен келген болып шықты. Сөйтіп, инженер қазаққа өздерінің сапарларын жарнамалаудың қажетсіздігін айтады. Кастальский хаттағы басқа да деректердің бәрін осылайша бұрып көрсетіп, не мүлде жоққа шығарады. Оның пікірінше, барлық қантөгіске тікелей қазақтардың өздері, ал келімсектер тек қорғанған болып шықты.Қазақ зиялысының фактілерді өзгертіп, өлкенің бас басшысы алдында уездің бүкіл әкімшілігін қаралауына келіспейтінінайтады. Кінәлі қазақтарды инженердің жанын сала қорғауы тек ұят қана емес деп білген ол, хат иесінің сот алдында жауапқа тартылуын сұрайды. «Немесе Тынышбаев әкімшілік жолмен айыпқа тартылуы тиіс» [30] - деген Кастальский империялық саясатты ақтап шықты.
Азаттық үшін қозғалыстың 1916 жылғы бір серпілісі естеліктер мен ауызша тарих деректерінде сақталып қалды. Бұл деректерді жан-жақты деректанулық сыннан өткізіп, ұлттық тарихнаманың күрделі мәселесін зерттеуге кеңінен қатыстыру уақыт талабы.
Халық тарихы туралы экспедиция материалдары төмендегідей сұрақтарды шешуге мүмкіндік туғызды. Өткен жүзжылдықтың тарихы туралы естеліктер мен ауызша тарих мәліметтерін куәгерлерден жинау, шежіреші қарттардан және жергілікті тарихи деректерден, өлкетанушылық еңбектерден іздеу және жүйелеу жұмыстары жүзеге асырылды. Маңғыстау облысына түздік экспедиция«20 ғасыр тарихы көзі тірі куәгерлер естеліктерінде» атты жұмыс бағдарламасымен аталып, облыстың Ақтау-Жаңаөзен қалалары, Сенек, Түйесу, Теңге, Қызылсай, Рахат, т.б. елдімекендерінде жүргізілді.
1973 жылдың 20 наурызынан жеке дара (бұрын Гурьев, қазіргі Атырау обл. қараған)құрылған Маңғыстау облысы еліміздің қиыр оңтүстік-батысында орналасқан[31]. Бүгінде 606,9 мыңның үстінде халқы бар[32], республика экономикасының мұнай-газ өндірісін және ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуымен қоса, бірден-бір су-теңіз жолы (Ақтау теңіз айлағы) орналасқан аймақ болып табылады. Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Кавказ сырты елдерімен және Түркіменстанмен шекаралас аймақтың өткен тарихы да сонысымен ерекшеленіп тұрады. Қазақ халқының Кіші жүз Байұлынан тарайтын Адай тайпасы тұрғылықты қоныстанған аймақтың өткені белгілі бір деңгейде, сол тайпаның тарихымен өзектесе дамиды.
Антикалық тарихнамадан бастап ономастикалық дерек ретінде танылған Каспийдің Маңғыстау түбегі империялық Ресей мен Кеңестік билік тұсында географиялық-саясимақсатта және табиғи қазба байлықтары үшін ғана ескеріліп келді. Еліміздіңғылыми-мәдени және саяси астаналық орталықтарынан қашық орналасуы аймақтың негізінен алғанда, тарихи аспектіде зерттелуін жұтаңдандырып жіберген. Өлке тарихының тарихнамалық қорытылуға түсуі әлі ертерек.
Сондықтан аймақтың өткеніне қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу жұмыстары бұл істің ең бастысы саналады. Біздің зерттеу жұмыстарымыз осыған орай ХХ ғасырдың көзі тірі куәгерлерінің естеліктерін,ауызша тарих сыпатында іздеуге, жинауға негізделді. Өлке тарихының дәстүрлі ауызша тарихы деректемелерін жинауғамән берілді.
Тарихи мағлұматтардың мол қоры адам жадында сақталары белгілі. Алайда табиғи ерекшелігінен жады мәліметтері күмәнді саналады. Сөйтіп, тарихнама да адам жады ұсынатын жеке тұлғалық құжаттар, естеліктер, ауызша тарих сынды дереккөздерінің қалтарыста қалуы, деректемелік зерттеу арнасына өз деңгейінде тартылмауы орын алды. Тарихи өткенді зерттеп, тануда негізінен жазба деректермен, әсіресе ресми дерек көздерімен ғана шектелу, тарихи оқиғалар мен өзгерістердің бірден-бір куәгерініңмәліметтерін ескерусіз қалдырды. Әсіресе, ХХ ғасыр тарихы кеңестік ресми жазба деректермен жабдықталып, «ақтаңдақтарға» толы халық тарихын тізбеледі.
Адамзат ұрпағы – әлеуметтік өкіл. Ол жеке дара емес, тек белгілі бір қоғамдаөмір сүруге арналған табиғи тіршілік иесі[33-34]. Оның жады бейсаналықтан тыс, тарихи инстинктке құрылған тарихи санамен астарласа дамиды. Өркениеттің елең-алаңында пайда болған тарихи сана адамзаттың саналы тіршілік иесі екенін бекемдеумен қатар, оған ауыр жүкті де артып берді. Ол тарихи сананың адам қоғамының түрлі бетбұрысты, күрделі кезеңдерін ұрпақтар жадында сақтап қалдыруға тырысушылық әрекетімен қоса, «қажетсіз», «құпия» саналатын ақпараттардыәйгілеуге ықыласты еместігі. Адам жады сонысымен, жоғарыда айтқандай, зерттеу нысанасындақарастыруда сыналып келді. Сондай-ақ,жады – бұл механизм, ол санада өткенде орын алған іс-әрекеттің болмысын сақтайды. Ол осы тәжірибенің негізінде қазіргі іс-әрекет үлгісін, қоғамдық құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Өзі қатысушысы немесе куәсі болып табылатын өткенді жеткізуші адамның жадындағы ақпараттарды ескермеу, тарихи шындықтың тікелей өзіне сенбеушілікті туғызар еді. Адам жадында сақталған айғақтарға қатысты ізденістер тәжірибесі жадтық деректердің өзіне тән методологиясын айқындады.
Тарихи тұрғыдақалыптасуының даму кезеңдері бар естеліктер, заманхаттар (мемуарлар) тарихи деректік рөлін айқындауда өз шарттылықтарымен танылды. Бұл оның аса субъективтілігі, ретроспективтілігі және негізінен жадқа сүйенушілігі еді.
Осы орайда ұлттық гуманитарлық ғылымның дамуының бастауында тұрған Ахмет Байтұрсыновтың мемуар жайындағы деректанулық талдауы ғылыми құндылығын жоймағанын атап өткен жөн[35]. Қазақ ғалымы «мемуарды» «заманхат» деп атап, оған «Біреудің заманында болған тарихи уақиғадан яки өз ішіндеболғаністерден дерек беруі заманхат деп» анықтама береді. Ал заманхаттың ерекшелігі «Заман хатта уақиға уақытсарынымен жазылмайды, іс сарынымен жазылады. Заманхатта боларлық бір кемшілік мынау: уақиғаны болған күйінше жазбай, жазушы өз көңілінің күйіне бояп, реңкін өзгертуге ықтимал. Олай етууақиғаның дұрыстығына кемшілік келтіреді», сол үшін заманхатты жазушының «достыққа да, қастыққа да қарамайтын, «табиғаттан тысқарғы адам» болуы керектігін, алайда«адам табиғаттан тысқары бола алмағандықтан заман хаттары көңіл күйінің әсерінен аман бола алмайды»[35].Заманхатты тарихи дерек ретінде анықтаудақабылданғаншарттарды А.Байтұрсынов сол кезеңде-ақ айқын түстеп берді.
Кеңестік кезеңдегі қазақ қоғамында заманхат жазу дәстүрінқоғамдық-саяси жағдаймен түсіндірген деректанушы ғалым Қ.Атабаев, негізінен С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуары ғана кең тарағанына тоқталады [36].
Сол кезеңнің тарихнамасының тұрақты, аса өзектілікке ие тақырыптарының қатарында негізінен кеңестік биліктің орнығуына қатысты «азамат соғысы» мен кеңестік патриотизмді насихаттаудың асқар шыңы «Ұлы отан соғысына» қатысушылардың естеліктеріенгізілді. Түрлі деңгейде әр түрлі әдіс-тәсілмен жиналып немесе арнайы жеке дара жазылып, баспадан шығып тұрды. Өзінше тарихи дерек ретінде бағалану құқығына ие болды [37].
Тәуелсіздіктен бергі жылдары естелік жазудәстүрі жаңғыртылып, баспа бетін көруде. Естелік иелері қоғамның әр саласында еңбектенген тұлғалар және өз өмірі туралы естелігін артындағы ұрпағына қалдыруды көздеген қарапайым жандар. Оның авторлары естелік иесінің өзі немесе әдеби өңдеуін жасаған жорналшылар болып келеді.
Бүгінгі таңда естеліктер тарихи дереккөз ретінде қатыстырылған тарихи өлкетанушылық бағыттағы еңбектердің біршама деңгейі көтерілгені байқалады. Мұны Маңғыстау сапарында да байқадық. Өлкенің тарихи өткеніне арналған өлкетанушылық еңбектерде естеліктер тарихи құнды мәлімет беруші дереккөз болып қатысқан. Аймақтыңәлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына саналы ғұмырларын арнаған азаматтардың жарияланған естеліктері де баршылық [38-39]. Бұл естеліктердегі мол тарихи мағлұматтарды зерттеу жұмыстарында ескеру қажеттілігін ұмытпау абзал.
Негізгі зерттеу жұмысының жүргізілуіне арқау болған Ауызша тарихтың методологиялық мәселелерін еске түсірелік. Ең алғаш ауызша тарих (oral history) алыс шетелде ХХ ғасырдың екінші жартысынан тарих ғылымында өзін көрсете бастайды. Жаңа сөз тіркесін ағылшын тілінде 1948 жылы Колумбия университетінің профессоры А. Невинс енгізді [40, 4 б.]. Ол сөз тіркесін тарихи оқиғаларға қатысушылардың жадында сақталған естеліктерін жинау мен пайдалануға арнайды. Кейін термин ғасырлар бойы жад арқылы ауыздан ауызға жеткен дәстүрлі ауызша тарихтың барлығына, үнтаспадағы естеліктерге, осы деректер бойынша жазылған арнаулы әдебиеттердің бәріне қолданылды. Кейде ол ауызша деректер, ауызша тарихи дәстүрлер, ауызша куәландыру деген түсініктермен алмасып, бірде синоним, бірде мағынасы өзгеше сөздер болып өмір сүре берді. Дегенмен, бүгінде шетелде Ауызша тарих атауы орнығып, бұл сала деректану ғылымының пәнаралық сипатын көрсететін өзгеше құбылысқа айналып келеді [40].
Тарих ғылымының одан бергі кезеңдегі үздіксіз дамуы аталмыш мәселенің орнын, сипатын анықтап берді. «Ауызша тарих» терминінің мән-мағынасы тереңдей түсті: 1) тарихи материал, ауызша тараған білім мен мұра, яғни зерттеу нысаны; 2) тарихи зерттеудің бағытталған әдісі (интервью - ауызша мәдениет элементтерін құжаттандыру белгісі; қоғамда «ауыздан ауызға» берілетін білімді тіркеуге алу (жазып алу); 3) бұл әдістің нәтижесі – жасалынған тарихи дерек, ауызша өмір сүруге бейімделген дерек; 4) реквизиттері және түсіндірме-ұғымдық аппараты бар ғылыми пән [41, 4 б.]. Ғылыми әдіс ретінде ауызша тарих болашақ үшін дыбыс пен бейнелеуде көрініс тапқан өткен өмірді сақтауға мүмкіндік жасайды; ресми деректерден алынған мәліметтерді толықтырады, кейде оны түзетеді, ауызша баяндалған және ауызекі сөйлеу тілінің байлығын, әуезділігін, бояуын, сұлулығын сезінуге нақты әсер етеді; т.б..
Түйіндей айтқанда, Ауызша тарихбұған дейін дайын тарихи деректермен шектелетін тарихшылардың дерек құрастыру мүмкіндігіне жол ашты. Түрлі ғылым салаларында (журналистика, саясаттану, этнография, социология, фольклортану) кездесетін осы бір дерек түрі өзіне тән әдіспен, ең соңында тарихи өткенді толықтыруға қызмет ететін, яғни қалың бұқараның, көпшіліктің тарихқа қатысуына еркіндік беретін бірегей дерек түріне айналды.
Отандық тарихнамада халық жадындағы тарихи деректерге, соның ішінде Ауызша тарихқа көңіл аудару соңғы жылдардың жемісі.Жадқа сүйеніппайда болатын «өткен тарих мәліметтерін» тарихи дерек тұрғысындаталдауда жоғарыдағызерттеу методикасы мен методологиясын негізге алуы қажет.
Жеке адамдық құжаттар тұрғысында жалпы айдарлауға болатын бұл тарихи деректер, сонымен қоса әрқайсысы дара ерекшелікке, айрықша белгілерге айрылады. Оларды деректанулық талдау пәнаралық синтез әдістерімен ғана толымды нәтижеге жетелейді.
Осы методологиялық тұжырымдарды негізге ала, зерттеу жұмысына арналып, сауалнамалар даярланды. Мұнда респонденттің өмірбаяны, өлке тарихына және XX ғасырдың ірі тарихи оқиғалары мен өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне қатысты,т.б.сауалдар қойылды. Зерттеу барысында 50-95 жас аралығындағы 120-дан астам өңір тұрғындарыныңөз өмірі жайындағы Ауызша тарихы жиналды [42]. Олардың арасында осы өңірде туып-өскен жергілікті тұрғындар, көршілес облыстардан көшіп келгендер және кеңестік модернизацияның зардабы жылдарында Иран, Ауғанстан,Түрікменстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан,Өзбекстан, Түркия, Ресей елдеріне қоныс аударуға мәжбүр болған қандас ағайындар бар.
Жұмыс әдісі сауалнама сұрақтарын толтыру (информанттың өз қолтаңбасымен жазып беруі, бала-шағасы, отбасы мүшелері немесе зерттеушілерге жаздыртуы), диктофонға жазып алу, фотоаппаратқа түсіріп алу түрінде жүрді. Сауалнаманы толтыру,респонденттермен жұмыс жасау алдын-ала хабарланып, бұл істің мәнісі, оның тарихи, тәрбиелік маңызы қозғалды. Халықтың тарихы тек билік пен билеушілер ғана емес, сол қоғамның барлық мүшелері, тұтас әлеумет екені көтерілді. Сұхбат берушілердің жеке құқықтары толық сақталып,өткен туралы естелігін барынша еркін, өз еркімен жеткізуіне мән берілді. Алынған мағлұматтыңшынайылығы респонденттің жадындағы өткенді еркін еске түсіруіне байланысты. Бұл үшін респондентке қолайлы жағдай жасалуы шарт.
Бұл әдістің нәтижесі респондентердің ерекше құлшынысы мен жадындағы үзік естеліктерді кеңейте толықтыруы мен тың мәліметтерді еске түсіруіне ықпал етті. Респонденттер құрамы әр текті әлеуметтік ортадан шыққан тұлғалар болып табылды. Білім деңгейлері, атқарған қызметтері мен кәсіп-мамандықтары, жас мөлшерітүрліше болуы олардың өткен өмірге деген көзқарасын айқындаған.
Респонденттің ауызша сұхбатындағы сөйлеу мәнері мен диалектісі оның әлеуметтік тегінаша түсті.Тілдің қатынас құралы болумен қатар оның әмбебап функциясы анықталып, яғни дербес тарихи деректік күшін танытып берді. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары шетелге ауа көшкен қазақтардың ұрпақтарының тілдік қорындағы ана тілдің байырғы сөз тіркестерімен қатар, барған елдерінінің тілін ауызекі сөйлеуде дыбыс ырғақтары мен сөйлеу екпіндерінде көрсетуі Ауызша тарихты тағы бір қырынан аша түседі.
Тұтас дәуірдің,бір жүйенің билігінде саналы ғұмырларын арнаған адамдардың өз аузынан шыққан естеліктерінің деректік салмағы таразылануға лайықты. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың куәгерлерінің естеліктерінде түрлі мағлұматтар мен айғақтар аз емес. Адам жадына сүйене айтылған естеліктердегі қиял мен қоспаны, шындық пен долбарды анықтау деректанулық сынмен қоса, басқа тарихи дерек түрлерімен тұтас компаративистік, салыстырмалы-салғастырмалы және пәнаралық синтез әдістерін кеңінен қатыстырумен жүзеге асады.
Өз дәуіріндегі тарихи уақытқа қатынас Ауызша тарих мәліметтерінің өзегіне айналған. Өткенді алдымен ойша еске түсіруі адамның саналы түрде «өз тарихын» түсінуге, талдауға ұмтылуымен жалғасып, Ауызша тарихтың жасалу ерекшелігін айқындай түседі.Бұл естеліктердегі ретроспективтілік шарты болып табылады.
Сол себепті жиналған мәліметтер мен өмірбаяндардың мазмұны және олардың ғылыми тарихи құндылығыалуан сапаға ие болады. Информанттар жеке өмірбаяндарын айта отырып, өлкенің әр кезеңдегі тарихына қатысты және XX ғасырдың өздері куә болған немесе әке-шешелерінен естіген тарихи оқиғалары жайында мағлұматтар берді. Бұл деректерде өңір халқының ру-тайпалық құрамы, олардың рулық-территориялық қоныс-қыстаулары, кәсіпшілігі мен күнелтіс көздері, өлке топонимикасы мен тарихи фольклоры, көршілес мемлекеттермен (Ресей, Хиуа, Иран, Кавказ сырты) түрлібайланыстары, Ресей империясының түбекке қатынасы, әр кезеңде жүргізген саясаты, акциялары мен экспедициялары,1836-1838 жж. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, 1870 ж. Иса-Досанкөтерілісі, Кеңес үкіметінің орнауы, ӘлібиЖанкелдин экспедициясы, ұжымдастыру, тәркілеу, атақты да қасіретті «Адай көтерілісі», әр кезеңдегі орын алған аштық-күйзелістер жайында, шет мемлекеттерге ауа көшу, жергілікті халықтың арасындағы үш әлеуметтік топқа, яғни ауқатты, зиялы және дін өкілдеріне кеңестік биліктің жүргізген саяси қуғын-сүргіндері, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан өлке азаматтары және тылдағы өмір, Таушық елдімекеніне түскен«неміс бомбасы», өлкенің геологиясы мен кен орындарының тарихы, өңірдің «суық соғыс» жылдарында атом және уран өндірісіне қатысы, кеңестік экономиканыңХХ ғ. 60-80 жылдары мұнай-газ саласына бетбұру науқаны, алғашқы мұнай фонтанының атқылауы, ауыл шаруашылығының, балық кәсіпшілігінің дамуы, жаңа аудандардың құрылуы, қалалардың салынуы, құрылыстар мен жолдар, жергілікті дәстүрлі руханият пен мәдениет, кеңестік мәдени модернизация, тәуелсіздік жылдарындағыаймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы және қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту саласы, халық демографиясына қатысты мәліметтер бар[42].
Өлке тарихына қосылуға шамасы жетерлік Ауызша тарих мәліметтерінің тарихи деректемелік деңгейін сараптап, ғылыми айналымға енгізу дербес зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуді талап етеді. Мұның маңыздылығы қазақ халқының біртұтас тарихындағы бос кеңістіктерді толтырады. Ұлттық тарихнаманың жаңа тың тарихи тақырыптармен толығуы,сондай-ақ халық жадында«сақтаулы» тарихтың жарыққа шығуы осындай ізденістерменжүзеге асады.
Енді сауалнамалардың деректік ақпаратына және респонденттердің өз тарихын жеткізудегі өткен тарихқа қатынасына, оған деген көзқарасынақысқаша тоқтала кетейік.
Ең алдымен тарихи санасын айқындауда респонденттерге ортақ ұстаным –әр адамның өз руының шежірелік аталуы, шежіре тарихын, ру-тайпасының қоныс-қыстауы, жайлау-мекенімен байланыстыра дәлелдеуі еді. Бұл оның нақтылы кім екендігін айқындайтын төлқұжаттық мәндегі факторға айналған.
Қазақ халқының өткенін отырықшы халықтардың тарихына қатысты теориялық-методологиялық негіздемелермен байланыстыру қисынсыз. Шын мәнісінде, халық ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін өмір сүру тіршілігі мен ұлттық болмысы бойынша дәстүрлі қоғамның[43] барлық сипатты белгілерін бойына жинады. Бұған «Тарих толқынында» еңбегінде Н.Ә. Назарбаев кеңінен тоқталғаны белгілі: «Қазақстан осы ғасырдың бас кезіне дейін тарих көшінің табиғи даму жолында қалыптасқан құндылықтары мен біте қайнасқан тұтастығын сақтай білген дәстүрлі көшпелі қоғам еді.
Көшпелілер қоғамының негізі және оның мүшелері болған. Тайпа, ру, олардың барлық мүшелері бір-бірімен қандас туыстар болып, олардың барша әрекет-тірліктері тұтасып жатқан.
Ол заманда дәстүр атаулы мифтер мен ауызша поэзиялық туындылар арқылы, парасат-пайым мен шаруашылық үлгілерінің сабақтастығы арқылы және әдет-ғұрыптар мен ырым-жоралар арқылы жалғасып отырған» [44, 35-36 бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |