Жай сөйлем құрамына қарай жалаң және жайылма болып бөлінеді. Жай
сөйлем сөйлемнің негізі болып табылатын тек қана тұрлаулы мүшелерден құралса, онда ондай жай сөйлемдер жалаң сөйлем деп аталады. Мысалы: Біз табысты болдық. Нұрмағанбет көзге түсті. Тұрлаулы мүшеден басқа тұрлаусыз мүшенің бірі немесе бірнешеуінен құралған сөйлем жайылма сөйлем деп аталады. Мысалы: Шеткі ауыл бұларды көріп қалды.
Толымды, толымсыз, ықшамдалған сөйлемдер
Қазақ тілінде толымды, толымсыз сөйлемдерді ажыратуға түрліше критерийлер қойылып келді.
Дербес айтылғанда, мағыналық мазмұны толық берілген сөйлем толымды деп аталады. Ал дербес айтылғанда мағыналық мазмұны толық берілмеген, ой олқылығы сезілетін сөйлемді толымсыз сөйлем дейміз. Толымсыз сөйлемнің екі түрі бар: 1. Контекстік толымсыз сөйлемдер; 2. ситуациялық толымсыз сөйлемдер.
Мысалы: Биік лауазымға жетер жол кейде тым жақын көрінгенімен, аса жауапты әрі қатерлі. Жауаптысы – соңында халық. Олардың бары мен жоғы, бағы мен соры сенің қолыңда. Осындағы соңғы сөйлемді контекстен тыс алсақ, мағынасы, әңгіменің не туралы екендігі түсініксіз. Алайда тіліміздегі толымды, толымсыздық дегенді шартты түрде түсінуіміз керек, өйткені бір оқиға не кейіпкер жайлы толық ұғым алу үшін кейде бір кітап та жеткіліксіз болуы мүмкін.
Тіл білімінде толымды, толымсыз және ықшамдалған (кейде эллипсис сөйлемдер деп те атайды) сөйлемдерді ажырату мәселесінде қиындықтар туындап отырғаны рас. Өйткені бұл сөйлемдер (толымсыз және ықшамдалған ) бір тілдік заңдылықтың – тілдік үнемдеу заңдылығының – нәтижесінде туындаған. Бірақ сөйлемнің толымды-толымсыздығын ажыратуда мағыналық ұстаным, ықшамдалу-ықшамдалмауын ажыратуда құрылымдық ұстаным межеге алынуы тиіс. Сонда тіліміздегі сөйлемдер мағынасы жағынан да толымды, құрылымы жағынан ықшамдалмаған – нақ толымды сөйлемдер; мағынасы жағынан толымды, бірақ құрылымы жағынан ықшамдалған сөйлемдер; мағынасы жағынан толымсыз, әрі құрылымы жағынан ықшамдалған сөйлемдер болуы мүмкін.
Мысалы: - Қиын... (1) Өте қиын ...(2) Бірақ сен мені тыңда, балам, - деді қария (3) Адамды ойша өлтіре көрме, тіпті қарғыс атқыр ұрыны да. (4) Осындағы 1,2 - сөйлемдер – мағынасы жағынан толымсыз, әрі құрылымы жағынан ықшамдалған сөйлемдер; ал 3 - сөйлем – мағынасы жағынан да толымды, құрылымы жағынан ықшамдалған – нақ толымды сөйлем; 4 - сөйлем – мағынасы жағынан толымды, бірақ құрылымы жағынан ықшамдалған сөйлем болады. Толымсыз сөйлемдер екі түрлі жолмен жасалады:
1. Өзара желілес сөйлемдер тобында. Мысалы, Айнұр тағы келді. (Айнұр) Келген сайын бұлар қатты қуанады. 2. Диалог сөйлемдерде. Мысалы,
-Мынау кімдікі?
-Менікі.
Атаулы сөйлем Грамматикалық құрылымы жағынан жай сөйлемнің ерекше түрі – атаулы сөйлем. Іс-әрекетті баяндамай, тек заттың, құбылыстың, мезгілдің, мекеннің атауын ғана білдіретін сөйлем атаулы сөйлем деп аталады. Бірақ атаулы сөйлемге қандай сөйлемдер жататындығы жөнінде ғалымдар арасында пікір алшақтығы жоқ емес. Орыс тіл білімінде атаулы сөйлем жөнінде 2 түрлі көзқарас бар: біріншісінде атаулы сөйлемге газет, журнал аттарын және мекеменің маңдайшасында жазылған атауларды, мақаланың бас тақырыбын жатқызады. Екіншісі – бұл аталғандары атаулы сөйлем емес, тек зат атаулары ғана деп есептейді.
Профессор Н. Дмитриевтің пікірінше, тақырып жазылып одан соң оның мазмұны берілген жағдайда ғана ол атаулы сөйлем болады. Атаулы сөйлем болу үшін сол арқылы тек аталып көрсетілген құбылыс болмысты әрі қарай баяндайтын, мазмұнын ашатындай басқа сөйлемдер немесе контекст болу керек. Атаулы сөйлемдер негізінен зат есімнен болады. Құрамы жағынан бір сөзден немесе бірнеше сөз тіркестерінен жасала береді.
Мағынасына қарай атаулы сөйлемді бірнеше топқа бөлуге болады.
1.Мекендік мәнді білдіретін атаулы сөйлем. Оған жалпы және жалқы есімді мекен атаулары жатады. Жазық дала. Төңіректе бір пенде көрінбейді.
2. Мезгіл мәнді білдіретін атаулы сөйлем. Қыс. Бұрқыраған ақ қар. Долы боран ышқына ішін тартады.
3. Заттық мәнді білдіретін атаулы сөйлем. Шалғын. Жабағыдай ұйысқан қалың тал. Жел баяу еседі.
Жай сөйлемдер құрылымдық ерекшелігіне қарай екі негізді сөйлем және бір негізді сөйлем болып бөлінеді. Құрылымында екі негізгі мүше – бастауыш, баяндауыш мүше болып, сөйлем соларды тірек етіп құрылған сөйлем екі негізді сөйлем деп аталады. Мысалы: Мұндайда ол өзінен-өзі қатты ашуланып жүреді (Д.Исабеков).
Сөйлемдерде бір-ақ негізгі мүше болып, құрылым сол мүшені ғана тірек етіп құрылған болса, олар бір негізді сөйлем болып танылады. Тыныштық. Оны бұзуға болмайды. Бір негізді сөйлемдер грамматикалық сипаты жағынан екі түрлі болады. Бір түрі арнаулы құрылысы бар баяндауыш мүшені тірек етіп құрылады. Сақтық жасамаса болмайды. Екінші түрі бастауыш деп те, баяндауыш деп те тануға келмейтін тірек мүше деп аталатын компонентті негіз етіп құрылады. Мидай дала. Жарқыраған ай. Бір негізді (бір құрамды) сөйлемдерге мыналар жатады:
1. Атаулы сөйлем
2. Белгілі жақты сөйлем
3. Жалпылама жақты сөйлем
4. Белгісіз жақты сөйлем
5. Жақсыз сөйлем (жанама жақты сөйлем)