Жалпы білім беретін мектебінің 9-11 сынып оқушыларына арналған қазақ тілінен диктант жинағы



бет7/47
Дата12.10.2022
өлшемі188,63 Kb.
#152704
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   47
Байланысты:
9-11 сынып оқушыларына арналған диктанттар жинағы

94 сөз, «Ол кім? Бұл не?» кітабынан.

14 Қына


Тастардың бетіне, қабыршықтана жабысып, түрлі-түсті қыналар өседі. Кейбір қыналар жартастардың жарықтарыңда да, бетінде де өседі. Қыналар денесінен органикалық қышқылдар бөліп шығарады. Бұл қышқылдар бірте-бірте тасты ерітіп, бұзып, өздері өліп, жартастар бетінде топырақ түзеді.
Тас бетіндегі болмашы ойық, жырашықтарға қынадан бұрын өте кішкене бактериялар мен балдырлар мекендейді. Олар өлгенде тастың бетін қоңыр, сұрғылт, жылтыр дақ басады. Бактериялар мен балдырларға шықтың ылғалы да жеткілікті. Қоректік зат та болмашы мөлшерде болса жеткілікті. Бактериялар мен балдырлар тасты қыздырып жіберетін жазғы ыстыққа да, қатты тастарды жарып жіберетін аязға да шыдайды. Бактериялар мен балдырлар басқа ешбір өсімдік өспейтін жерлерге бірінші болып қоныстанатын организмдер.
97 сөз, Газеттен.

15 Қорық


Қорық - ерекше қорғауды қажет ететін тұқымы құрып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін табиғи күйінде сақтайтын жер. Мысалы, Барсакелмес қорығы- құланды, Қорғалжын қорығы - қоқиқазды, Үстірт қорығы- дала қойын, Алматы қорығы тянь-шань шыршасын сақтап, көбейту мақсатында құрылған. 1992 жылы Алтай тауының батыс аймағының барлық табиғи байлықтарын қорғау мақсатында Батыс Алтай қорығы құрылды. 1998 жылы Алакөл қорығы құрылды. Онда Алакөл мен оған құятын өзендердің сағасындағы сулы-батпақты табиғат аймағы мен өсімдіктер түгел қорғалады.
Көптеген ғалымдардың еңбектерінде ерте кезден бері қазақ жері ерекше қорғалатын деп жазылған. В.В.Бартольд өз еңбектерінде көк шалғынды, орманды жерлерді қорыққа айналдырып, ретсіз мал жаймаған, мезгілсіз аң ауламағандығы туралы жазады.
100 сөз, Газеттен.

16 Су қадірін білеміз бе?


Қазақстанда 11 мыңға жуық өзен, 7 мыңнан астам көл, жер астында мол су қоры, жалпы ауданы 2033 шаршы шақырымға жететін 2 724 мұздық бар.
"Су - тіршілік көзі" деп халқымыз тегін айтпаған. Жер бетіндегі тіршіліктің, жаратылыстың қайнар көзі де, негізі де - су. Сусыз тірі организмнің өмір сүруі мүмкін емес. Су ресурстарының ластануы ең алдымен айналадағы ортаға әсер етіп, флора мен фаунаның біртіндеп жойылуына алып келеді. Су сияқты аса бағалы табиғи байлықты тиімді пайдалану мен қорғау қазір бүкіл дүниежүзілік проблемаға айналып отыр. Қазақстандағы Балқаш пен Арал көлдерінің ластануы мен тартылуы әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.
90 сөз, Газеттен.

17 Алғыс


Парижде Барри деп аталатын сенбернар тұқымдас итке орнатылған ескерткіш бар. Оның тұғырына былай деп жазылған: ’’Қажымас қайратты Барри қырық адамды ажалдан аман алып қалды. Қырық бірінші адамды құтқару кезінде оның өзі өлді."
Сенбернарлар - тауда апатқа ұшырағандарды құтқаратын иттер. Барри осылайша қырық адамды ажалдан құтқарған. Қалың қардың астында қалған қырық бірінші адамнан тіршілік белгісі білінбеген. Ит оны қардан аршып алып, демімен жылытып, бетінен тілімен жалайды. Апатқа ұшыраған адам есін жиып, көзін ашады. Бірақ иттен қорқып кетеді де, оны атып тастайды. Сенбернардың бұл оқиғасы бүкіл әлемді қатты толқытады. Олар Барриге ескерткіш орнатады.
94 сөз, Ол кім? Бұл не? кітабынан.

18 Алоэ


Алоэ - лалагүл тұқымдас, көп жылдық тропикалық және субтропикалық өсімдік. Шырынды, әрі етті ұзынша жапырақтары бар. Жиектері ара тісіне ұқсас болады. Биіктігі 50-200 сантиметрдей.
Қыс айларында гүлдейді. Алоэ шөлге шыдамды өсімдік. Ол дәрілік өсімдік ретінде Қазақстанда, Қырымда, Орта Азияда өсіріледі. Құрамында алоиндер, шайырлы зат, витаминдер мен фитонциттер болады. Емдік мақсатқа алоэның жапырақтары мен шырынын қолданады. Жапырақтарының шырыны тәбет ашады, ас қорытуды жақсартады, жараның жазылуын тездетеді, бактерияларды жояды және қабынулардан сақтайды.
Халық медицинасында алоэның жас жапырақтарымен, шырынымен, тұнбасымен тері ауруларын, күйікті емдейді. Медицинада алоэның қою шырыны, яғни сабур кеңінен қолданылады.
89 сөз, «Ол кім? Бұл не?» кітабынан.

19 Самарқанның көк тасы


Ел аузында “Наурызда Самарқанның көк тасы ериді” деген сөз бар. Бұл бейнелі тіркестің заттық мағынасы мынадай: Самарқан шаһарындағы Ақсақ Темір бейітіне әйгілі оқымысты немересі Ұлықбек түсі көк, аса зор нефрит тасын қойған. Онда аспан шырақтарын бақылау үшін жасалған шеңбер бар. Шеңбердің табаны тастан, ал градус өлшейтін цифр таңбалары қоладан жасалған, қыш беті көкпен боялған. Жаңа жылдың басын, жыл маусымын осы көктас арқылы айырған. Обсерватория түндігінен түскен аспан шырағының сәулесі осы көк тасқа келіп түседі, сол бойынша ол шырақтың аспандағы орнын айырған. Көк тастың жібуі дегеніміз - осы сәуленің түсуі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет