ТЕМІР АДАМДАР АЙҚАСЫ - Ғалым-ғарышкерлер бұл жағдайдан да бейхабар еді. Бәрі де сол қуанышты күндері мен түндерін, сағаттары мен минуттарын санап өткізіп жатқан. Мұндай асыққанда уақыт шіркін де жылжымайтындай болып кетеді-ау. Қайтатын уақыт таяған сайын жүрек лүпілі де жиілей түспек. Сығылу аймағынан шықты деген соз, барлық қиындықтан құтылып, бостандыққа, Жерге қарай зымырап ұшатын жұлдыз жолға түсті деген сөз. Кеңею кеңістігіндегі жан біткен ұлғая береді. Тек жансыз заттар ғана сол қалпында қала бермек. Онда да бүлініп-сынбайтындары.
- Кеңею кеңістігінде адамдар тек ұлғаюға, өсуге талпынады. Жануарлар мен өсімдіктер әлемі де солай. Ал сығылу аймағындағы құбылыс онан өзгеше. Адам өзіне тән бойына жеткеннен кейін қайта кішірейе бастайды. Жануарлар мен өсімдіктер де сондай. Ал сол ұлғаю, өсу дәрежесіне жеткеннен кейін кішірею процесі жүреді. Жерден келген ғалым-ғарышкерлер сондай процеске жетпеуге тырысқан. Уақыты жеткеннен тез қимылдай бастағандары да содан еді. Олар үлкен ғаламшарда әуелі ұлғайған, одан кейін қайта кішірейіп мүлдем жоқ болып кеткендер жөнінде де аз естіген жоқ. Өсімдіктер де сондай еді. Жерде болса, олар сол өсіп жеткен биік бойымен қалып, қурап, сынып, желге ұшып жоқ болар еді.
— Ғалым-ғарышкерлер ол құбылыс жайлы да талай-талай ғылыми фильмдер мен бейнефильмдер түсірген. Олар соңғы кездері үлкен ғаламшардан көптеген мәліметтерді алапат кемедегі есте сақтау жүйелеріне кешірген. Сол ғаламшарда өсіп-өнген мал мен құстарды да осында жеткізді. Енді тек олармен қоштасу мен мына сығылу аймағынан құтылып шығу әрекеті ғана қалған. Сығылу кеңістігіндегі сығылу күшін жеңіп шығу да оңай емес-ті. Ол үшін осы алапат кеменің күшіндей күші бар он кеме керек. Тәкен бастаған топ ол мәселені де шешті. Үлкен ғаламшардағы ел басшысы мен оларды қолдайтын баска да ғаламшарлар ел басшыларының күштерін қосып, ғаламат итергіш-қозғалтқыштар жасаған. Сол ғаламат күш қана алапат кемені бұл аймақтан суырып алып шыға алмақ. Бірақ олардың кеме ішіне естілетін қуатты гүрілі мен дірілі де оңай емес. Оларды басқару да күрделі іс. Ғалым-ғарышкерлер ол күшті, оны басқаруды темір адамдарға артты. Олармен бірнеше рет жаттығу жасап, үлкен ғаламшардың ел басшысы, оның төңірегіндегілер, көрші ғаламшардың ел басшыларымен, тұрғындармен жылы қоштасып, кеменің қозғалтқыштарына от қосуға әрекеттенген. Осы сәттерде бесінші ғаламшардың тұрғындары ғана үнсіз, ешбір хабарсыз қалған еді. .
— Жер ғалым-ғарышкерлері үлкен кеменің негізгі қозғалтқыш құбырларын қосып, енді калған қосымша құбырларды қолға алмақ болғанда тағы бір күтпеген оқиға басталды. Бір топ кеме қоршай ұшқан үлкен-үлкен отыз бір кеме тап осылай қарай бет алып келе жатты. Ғалым- ғарышкерлер алғашында оларды жамандықка жорымағанды. Сол бұрын- ғы жақсы көңіл-күйлерімен алып ұқсас темір адамдары арқылы кеменің түрлі жүйелерін басқарып, қосымша қозғалтқыш құбырларды бірінен соң бірін қоса берген. Сонымен қабаттасып, сонымен ерегескендей әлгі кемелер тобы да таяп қалды. «Бұлар кімдер?» дегеннен гері «Бізді Жерімізге қарай күрметтеп шығарып салғалы келе жатқан абзал жандар болар?» деген жақсы ниетті ойға келген Тәкен тіпті, кеменің негізгі шығар есігін ашуга да ми биотогы арқылы ұқсасы Темірбекке бұйрық та берген еді. Қалғандар оның бұл әрекетіне аң-таң. Тәкен қай жерде, қай жұлдыз жүйесінде жүрсе де ол әлемдегі саналы адамдардан тек қана жақсылық күтетін. Өзі ешкімге жамандық жасап көрмегендіктен барлық адамдарды да солай санайтын. Сол аңқылдақтығынан талай рет опық та жеген. Бойына туа біткен қасиет болғандықтан одан арыла алған емес. Бұл жолы да сондай бір аңқылдақтығын жасап үлгерген.
— Келгендер де қулық жасап, алдын ала арнайы белгі беріп, от шашу ме- рекесіндегідей бір көрініс те жасаған. Сол кезде Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла да бір сенімге қаныққандай болған. Жоқ, енді күтпеген жерден бәрі де басқаша бөлек болып шыға келді. Тәкен ашқызған сырт есік арқылы ішке бір топ алып темір адамдар лап қойды. Тәкеннің санауынша, олар тура отыз бір. Олардың әрқайсысының иықтарында, алақандарында бесінші ғаламшардың мамандар топтары бар. Оны ғалым-ғарышкерлер әлі де болса да жаманға баламаған. Содан бір кезде сырттан келгендер ай жоқ, шай жоқ кемедегі алты алып темір адамдармен алыса кетті. Майда адамдардың бәрі де кеменің жүйелеріндегі қуыс-қуысқа тығылды. Ғалым ғарышкерлер де сөйткен. Тәкеннің бір түсінгені - аналардың темір адамдары ұқсастарының ми биотогымен байланыстырылмаған. Соның өзі де Тәкен жағына көп пайда болды.
— Темір адамдар бір бірлерімен айқасқа көшкенде, кеме жүйелерінің қуыс-қуысына тығылған майда адамдар енді олардың жай-күйін сығалап қарай бастады. Отыз бір темір адамға алтаудың төтеп беруі де қиын еді. Біразға дейін Тәкен бұл болып жатқан оқиғаға сенер-сенбесін де білмеді. Тек содан кейін ғана, іс насырга шаба бастағанда Тәкен ми биотогы арқылы Темірбекке бұйрық бере бастады. Fалым-ғарышкерлер естерін тез жиды. Тәкеннен басқалар да өзді өзі ұқсастарына адам санасы тұрғысынан бұйрық беріп, айқасқа араласып кеткен. Бұл тұста ғалым-ғарышкерлерге күштің де қажеті жоқ еді. Ақыл мен айла болса жеткілікті. Өздері сол бұрынғыларындай үлкен болса, отыз бір темір адаммен жекпе-жек айқасқа шығар еді. Енді ондай күш жоқ. Ендігі бар күш мида. Ал жаулап алуға талпынған топ темір адамдардан арнайы аралық телебайланыс арқылы басқарып тұрды. Бірақ оған қарағанда, бұлардың әрекеттері әлдеқайда ширақ еді.
— Сырттан келгендерді дәл осылайша күтпеген жерден басымшылық жасайды деп ешкім де ойламаған. Қуаныштың лебінен барлық нәрсеге сеніп, аңғалданып та қалған еді. Соның зардабын да енді көре бастағандай. Кең дәліздің бойында отыз бір темір адам аяқтарын сарт-сұрт басып асқару жүйесіне қарай кетіп бара жатты. Бұлар тез арада өздерінің ұқсастарына олармен қарсыласуды бұйырған. Темірбек, Алғыр, Сәттібек, Серәлі, Жақсылық пен Серік жаулап алмақ болғандардың алдарына өтіп баскару пультінің есігін жауып үлгерді. Осы жерде тагы да күтпеген айқас басталды. Егер олар бір-бірлеріне қару қолданғанда кеме ішінде талай нәрсе бүлініп үлгерген болар еді. Ондай ештеме сынған жоқ. Дегенмен де, кейбір тұтқалар майысып қалып жатты. Темір адамдар бір бірімен өздерінің жаттықтырушылары үйреткен әдіс-тәсілдер бойынша айқасуда. Ол айқастан шыққан дыбыс та кеме ішін жаңғырықтырып жөнелгендей. Темір адамдардың бұл айқастары сырттан қараған адамға бейнебір өз беттерінше соқтығысып, бір біріне кедергі жасап жатқандай да болады. Тәкен әзірше үлкен ғаламшардың тұрғындарынан көмек күткен жоқ. Көмек шақырудың да рет жоқ-ты. Отыз бір темір адамға Карағанда, алты темір адам әлдеқайда ақылды да айлалы. Кеменің өзінде де осындай жағдай бола қалғанда қолға түсіргендерді қамауға алатын, есігі мықты жабылатын арнайы бөлімдер бар-тын. Тәкен ми биотогы арқылы өзінің ұксасына оны да ескерткен. Сондықтан да айқас барысында алып темір адам кейін шегіне-шенгіне сол түсқа таяған. Тұтқындау бөлімінің есігі еденде болатын. Егер оны аралық басқару жүйесі арқылы айқас барысында ашып кеп жіберсе, онда темір адамдар күтпеген жерден оған күмп-күмп түсіп кетуі де мүмкін. Ал оның іші болса да терең. Төменгі жағында түскенді қатты соққыға ұшыратып, уақытша естен тандыратын құрылғы да орнатылған.
— Ендігі басты бір үміт те сол еді. Тәкен ұқсасы Темірбекті солай қарай бағыттаған. Ол өзінің қарсыласымен жұдырықтаса, итерісе келе сол тұсқа да жетті. Тәкен бастаған топ қарсы топты бақылай жүріп, алыс әрі үлкен көрінсе де, едендегі есікті жобалап білді. Тәкен өзін қалай сезінсе, Темірбек те өзін дәл солай сезінетін. Тәкен оны шебер басқарды. Шебер төбелестірді. Жұлдызаралық сапарға шығатын әрбір ғалым-ғарышкер кездесе қалған жауымен айқасудың неше түрлі айла-әдісін жақсы біледі. Сол әдіс-айланы қалған галым-гарышкерлер де қолдануда. Соның арқасында отыз бірге дес бермей барады. Әйтпесе, оларда күш әлдеқайда басым. Тек ақыл мен айласы аз. Айласыз күш далаға бос кеткен күшпен тең. Отыз бірдің соққыларының көбі дерлік мүлт кетіп жатты. Алғашында Тәкен оларды мейлінше әдісқой, айлалы әрі күшті шығар деп қорыққан. Сөйтіп, »Енді біттік қой. Бізге енді Жерді көру жоқ. Оны ұлы Жаратушы маңдаймызға жазбапты» деп ішінен қатты өкініп те алған-ды.
- Енді өздерінің ақыл-айла, әдіс-тәсілдерімен жеңіске жете бастаған Ұқсас темір адамдарын көргенде кәдімгідей жігерленіп, көңілденіп қалды. Бірақ олардың барлық қимыл-әрекеттерін өздерінің ми биотоктарымен басқарып тұрды. Ара-тұра шыдай алмай кейбір әдістерді өздерінің дене қимылдарымен көрсетіп те қояды. Өздері қандай әдіс қолданса, темір адамдар да тап соны қолданады. Ана топ ондай әдістерді біле бермейді. Олар өздерінің қолдарындағы басқару құралдарына мәз. Алтаудың бір ерекшелігі бәрі де мұқият құрастырылған. Ал ана топтың темір адамдары санасыздау болып шықты.
- Сәлден соң отыз бірдің өзінше бір күш көрсеткісі келген біреуі айқаса-айқаса келе еденде кенеттен ашыла кеткен есіктен темен қарай құлап кетті. Одан кейін де бірнешеуі келмеске құлаған. Оған ғалым- ғарышкерлер сәл де болса көңілденіп, мәз болып та қалған еді. Кенет қарсы жақ күшейіп кетті. Енді бір де бірі еденнен ашылған есіктеріне ілікпеді. Жаулап алушылар тобы мән-жайды жақсы түсініп, тез арада басқа бір айлаға көшсе керек. Сырттан енген темір адамдар іштегі алты темір адаммен айқаса жүріп, бірте-бірте кеменің басқару пульті орналасқан басқы беліміне де жақындап қалған. Ең қиын сәт те, ең қиын арпалыс та осы жерде басталмақ еді. Мұны көрген Тәкен темір адамның иығында жүрсе де дамыл таба алмай кетті. Ұқсасының иығынан түсе қалуға тағы да болмайды. Еденге түссе олардың кез келгенінің табанының астында езіліп қалмақ. Содан ол бір кезде;
- Достар! Қиын сәт келді!Кеме үшін, Жер үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз! Қане, ана топқа кедергі жасайық! — деді дауысы қатайып.
- Өйтпесек, өзі де болмайды! - деді артынша Азамат.
- Айқасқа түсейік!
- Бар күш-жігерімізді аямайық!
- Алға, жігіттер!
- Жер үшін жан пида! — десті жігіттер кэдімгі майданға аттанып бара жаткан жауынгерлердей шулап.
Бірақ бұл шу темір адамдар үшін түк те емес еді. Олар тіпті, бұлардың дауыстарын арнайы дыбыс қабылдағыштары арқылы әрең естіген. Егер ми биотогымен ғалым-ғарышкерлер байланыстырылған болмаса, онда бұлар бұл бұйрықтарын да орындамайды. Ал қазіргі жағдай басқа-тын. Алты темір адамды сырттан келген отыз бір темір адамға қарсы қою үшін тек ми биотогы жеткіліксіз. Сондықтан да Тәкен шабуылды дұрыс көрген. Бұл бір жағынан өздеріне де күш-жігер тудырмақ. Отыз бірдің алтауға күш жағынан басым түсетіні белгілі. Ал егер оған өздері араласса, онда онда жаулар жағына біраз кедергі келтірмек. Жаңағы күш, рух шақыру дауыстары енді тіпті, өздерінің кішкентайлықтарын да ұмыттырып жіберген.
Тәкен бастап, басқалар қостап, отыз бір темір адамды басқарып отырғандарға шабуыл жасады. Бұл жерде тапанша атаулы қолданылған жоқ. Қолданылса, мүлт кеткен оқтардан кеменің кейбір нәзік детальдары істен шықпақ. Ол шабуыл жасаушыларға тиімсіз. Басты мақсаттары да мына алапат кемені аман алып қалу. Ғарышкерлерді зақым келтірмей қолға түсіру. Сөйтіп, солардың ми биотогымен темір адамдарды басқартып, Жерге қарай сапар шегу. Осындай мақсатты көздеген шабуылшылар қару қолданбастан айқаса кетті. Кеме іші кең даладай. Кеменің дәліздерінде емін-еркін жүгіріп те жүр. Ал темір адамдардың әрбір аяқтары тіреудеи- тіреудей көрінеді. Олардың қолдары бейнебір жүк көтергіш кран секілденеді. Бірақ, соған қарамастан олар ширақ қозғалады. Барлық қимылдары адамның өзінің қимылындай. Сарт-сұрт жұдырықтасқан дыбыстары жоғарыдан шығады. Кейде алыптар бір бірімен иық тіресіп, енді бірде көкірек соқтығыстырып та қалады. Ондай дыбыс дәлізді жаңғырықтырады, Шақ-шұқ еткенде құлақ тұндырады.
Сол айқастардың астында, өздерінше тагы бір топтық, ұлудай адамдар тобының айқасы өтіп жатты. Қай қайсысы да өз есесін бекер бос далаға жібермейді. Ойларын темір адамдардан бөлмейді. Бұлар жігерленген сайын темір адамдар да соққыны күшейтеді. Бұл тірі адам миы мен темір адамдардың миының биотоктік байланысының күштілігінің арқасы еді. Екі топ бір бірімен кездесе бере-ақ соққыны бастап кеткен. Келгендердің бір кемшілігі, темір адамдарының арнайы пешенеленген бағдарламамен ғана әрекет ете алатыны. Сондықтан да отыз бірдің көбінің күрес әрекеті сәтсіз өтіп жатты. Бұл да Тәкен бастаған топ жағына пайда әкелді.
Жау жағының саны көп болғанымен, санасы мен білімі, ақылы мен айласы төмен дәрежеде болды. Сондықтан да күш Жерден келген ғалым- ғарышкерлер жағына қарай өңгеріле берген. Тәкен бастаған топ сырттан енгендердің біреуін есеңгіретіп те тастаған. Олар қанша дегенмен де кеменің ішкі құрылысын өздеріндей білмейді. Сол себепті, қай қайсысы да кеме сырын анықтауға да уақыт жоғалтып жүр. кемедегілердің тағы бір мақсаттары алты темір адамды да айқасқа қосу, Сонда олар олжалы болмақ. Алты ғалым-ғарышкер қолға түссе, олар арқылы темір адамдарды басқармақ. Сөйтіп, темір адамдар алапат кемені сығылу аймағынан алып шығуы тиісті. Егер екі жақ та қазір бір біріне сәулелік қаруды қолданса, алапат кеменің талай детальдары бүлініп кетпек. Алапат кеме екі жаққа да керек. Онсыз сығылу аймағынан құтылып шығу еш мүмкін емес. Әсіресе, Жерден келген ғалым-ғарышкерлерге кеме ауамен бірдей. Алапат кеменің бүлінуі - осы кіші әлемде біржолата қалғанмен бірдей. Тәкен бастаған топ сол үшін бар күш-жігерлерін сала арпалысты.
Арпалыс ұзаққа созылды. Екі жақтың да қиялдары бейтарап болған. Бұлар Жерге аман-есен оралуды армандаса, аналар алапат кемені басып алуды арман еткен. Сол арман екі жақтың осыншама қиян-кескі ұрысқа кіруіне әкеліп соқты. Темір адамдар өздерімен өздері, ал бұлар өздерінше белек арпалысып жатты. Тәкен бастаған топ пен жаулап алуға талпынған топтың арасындағы айқас сәл бәсеңсіп қалған. Қарусыз болғанымен екі жақ та бір бірін жұдырықтың астына алған еді. Ғалым-ғарышкерлер де Жерде жүргенде түрлі халықтардың күресінен үйренген әдістерді қолданды. Сол әдіс-айланың арқасында жаулардың беті қайтты. Қолдың қарымен, аяқпен, баспен жылдам соғу арқылы жаулап алмақ болғандардың талабы талып түсті. Бет-ауыздарының қып-қызыл қан-жоса болғандары қаншама.
Ақыр соңында олар сыртқа карай шегінген. Тәкен бастаган топ сол әдіс-айлаларымен қолдарын да, аяқтарын да сермей ілгерілей берген. Тап осы әдістерді алып темір адамдар да айнытпай қолданған еді. Олардың ми жуйелерінің ғалым-ғарышкерлердің ми жүйелерімен тікелей байланысты екенін сырттан келгендер ұмытып та кеткен еді. Жаулап алушылардың саны өздерінен әлдеқайда көп. Соған қарамастан ғалым-ғарышкерлер олардан еш тайсалған жоқ. Қайта жігерлене түскен. Жауларын қуа-қуа шығар есікке таяған. Бірақ осы жерде олар да жанталаса қарсыласты. Айқас күшейе түсті. Бәрінен де темір адамдардың айқастары күрделі де қатерлі еді. Өйткені, олар үлкен. Егер олардың қолдары мен аяқтары кездейсоқ тиіп кетсе, кеменің талай нәзік жүйелерін қиратпақ. Алты ғалым-ғарышкердің алты ұқсас темір адамы «саналы» еді. Алты ғарышкердің көзқарасымен қарайды айналаға олар да. Сондықтан да аналардың темір адамдарынан әлдеқайда ақылды да айлалы. Айқас барсында алтауы отыз бірдің талайын істен шығарды. Ол темір адамдар қанша епті, қанша күшті болса да, бәрібір, ғалым-ғарышкерлердің ұқсастарына жете алмайтын.
Айқастың соңы сыртқа шығар жердегі кең дәлізде ауысты. Темір адамдар да ешбір қару атаулыны қолданбай-ақ қарсыластарын ығыстырды. Кең дәлізге шыққан кезде отыз бірдің небәрі оны қалған еді. Ал Тәкен бастаған топ, айқасқан топтан қалған адамдар одан да аз. Күш ғалым-ғарышкерлер жағына шындап ауды. Бұл күресті бақылап-барлап отырған басқа ғаламшар тұрғындарының көптеген кемелері осы жаққа қарай қарақұрым болып ұшып келіп, алапат кемені айнала ұшып жүрген еді. Тәкен бастаған ғалым-ғарышкерлер тобының жеңіске жеткенін естігенде, үлкен ғаламшардағылар қуанышты екендіктерін телехабарлар арқылы білдіріп жатты. Оларды басқа ғаламшардағылар да қолдаған. Ұзақ арпалыстың арқасында тағы бір қатер сейілді. Енді ғана сығылу аймағынан шығамыз ба дегенде, кесекөлденең кезіккен мына оқиға ғалым-ғарышкерлердің Жерге қарай қайтатын, мына сығылу аймағынан шығу әрекетін тағы бір-шама уақытқа кешеуілдетіп жіберді.