Басқа тілдерден (араб, парсы) енген сөздерде кездесетін дыбыстық ерекшелік
Аида
Түрік тілдеріне араб, парсы тілдерінен сөз ауысу процесі. Қазақтың біртұтас халық тілі қалыптасудан көп бұрын, орта ғасырлардың алғашқы кезеңінен басталады. Араб, парсы сөздері қазақ тіліндегі кірме сөздердің ең мол қорын жасайды. Олар тұлғасы жағынан да, семантикалық топтары жағынан да, қазақ тіліндегі игерілуі жағынан да әртүрлі дәрежеде. Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздердің барлығы бірдей қазақ тілінің сөздік қорына енбеген.
Оның ішінде сөздік қордағы қазақтың тума сөзіндей ұзақ өмір сүрген. Жаңа сөздер жасауға ұйытқы болған байырғы сөздер көптеп табылады.
Мысалы: аса, абырой, ар, дүние, аспан, бақыт, шаруа, қызмет, зат, ақыл, құдай,т.б. Бұл сөздер кірмелігіне қарамастан, ұзақ өмір сүрген. Сөздік қордағы сөздерге тән барлық қасиетке ие болған.
Мәселен: • Ас (аш) деген сөз парсы тілінен ауысқан. Өте ерте заманнан бері тілімізде өмір сүріп келе жатқанын дәлелдейтін мақал-мәтелдер бар.Ас адамның арқауы; ол жүрген жерде дерт болмайды; Ас иесімен тәтті; таспен атқанды аспен ат; тас – тасты жібіткен ас. Бұл сөздің жаңа сөз тудыруға қабілеттілігін лексика-синтаксистік сөз тудыру жолымен жасалған. Мысалы: асбұршақ, асжаулық, т.б. күрделі сөздер дәледейді.
• Бақыт, бақ деген сөздер араб тілінде бір ғана тұлғада айтылса, біздің тілімізге келіп, екі түрлі мәндес сөз болып қалыптасқан. Бұл сөздің де қазақ тіліне ертеден кіріп сіңіскендігін көптеген мақал-мәтелдерден көруге болады. Мысалы: татулық табылмас бақыт; ер жігіт бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі; бақыт – кілті – еңбекте т.б. Бақыт деген сөз көп замандар бойына халыққа әбден танылып, ең қажетті сөзге айналды. Бұл сөз тек қана мақал-мәтелдер жасауға тірек болған жоқ. Бірсыпыра туынды сөздер мен күрделі сөздер тудыруға да ұйытқы болды. Нәтижесінде бақыт деген сөзден бақытты, бақытсыз, бақыттылық, бақытсыздық тәрізді жеке сөздер туындады. Бақыт қону, бақыты жану, бақыт құсы, бақыт кілті, баққұмар, бақталас, басынан бағы таю, бақ таластыру, бақпен асу сияқты күрделі сөздер мен фразалық тіркестер туып қалыптасқан.
Сөздік қорға енетін сөздерге тән тағы бір ерекшелік – көне дәуірді басынан өткізгендігінің белгісі сөздердің көп мағыналығы. Тілімізге енген араб-парсы сөздерінің ішінде көп мағыналы сөздер жиі ұшырасады. Мәселен, араб тілінен енген дүние (дүнийа) деген сөздің бірнеше лексикалық мағынасы бар. Соның нәтижесінде бұл сөз төрт синонимдік қатарда (дүние – зат, дүние – әлем, дүние – жаратылыс, дүние – өмір) қолданылады. Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздер атқаратын қызметі жағынан өзара бірдей деуге болмайды. Бұларды негізгі төрт топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Тілге әбден сіңісіп, қазақтың байырғы төл сөзіндей жымдасып кеткен архив сөздер. Бұлар қазақ тілінің сөздік қорына басы бүтін еніп, әбден тұрақтанған. Ұзақ өмір сүріп, тілде жиі қолданылғандықтан, жаңа сөз, тың мағына тудыруға ұйытқы болып келе жатқан, жұрттың бәріне өте-мөте танымал сөздер деп есептеледі. Мысалы: ас, бақыт, ар, дүние, шаруа, әл, дос, зат, қас, айна, дастарқан, астар, нан, шам, сабын, сынап, т.б.
2. Жалпы халыққа таныс әрі түсінікті бола отырып, әлеуметтік өмірдің, шаруашылық пен өндірістің, түрлі мамандықтың белгілі бір саласында басым жұмсалатын терминдік сипаты бар арнаулы сөздер. Мысалы: нарық, базар, байрақ, арзан, қарыз, борыш, хал-ахуал, зейнет, емтихан, жәрдем, жарнама, жүгері, керуен, майдан, әділет, саясат, тауарық, т.б.
3. Әр түрлі экспрессивті-эмоциялық мәні бар, ерекше стильдік реңк тудыратын сөздер. Мысалы: махаббат, нұр, бісмілла, өмір, сапар, мәртебе, ғибрат, абзал, азамат, дария, мырза, қасиет, қайран, шіркін, т.б.
4. Әдеби тілдің шеңберінен біржола ығысқан немесе ығысуға жақын сөздер. Мысалы: уалаят, мілләт, ғазал, уәзір, шайыр, дүр, баһадүр, шаһар, жарапазан, т.б.
Арап-парсы сөздері тілімізге негізінен үш сала бойынша енген:
1. Ғылым мен мәдениетке, әлеуметтік өмірге байланысты: тарих, әдебиет, мәдениет, хакім, тәрбие, тәржіме, емтихан, емле, ғылым, пән, сәлем, сапар, қазына, әдет, әлем, қабілет, қанағат, мағлұмат, назар, мәжіліс, мекеме, мектеп, мемлекет, т.б.
2. Үй тұрмысы мен шаруашылыққа, саудаға байланысты: бәс, жиһаз, парақ, қаражат, кіре, шерік, ауқат, қасап, несие, шарап, бағбан, халва, дәм, дүкен, дарбаза, дихан, т.б.
3. Дінге байланысты: құран, имам, мешіт, мүфти, құдірет, құрбан, ораза, дұға, азан, жәһәннам, жаннат, рамазан, жаназа, әулие, қажы, намаз т.б. Бұдан басқа адам аттарына байланысты сөздер енген. Оған: Ғали, Сағадат, Фатима, Уәсила, Уәли, Ысқақ, Жақып, Айман, Нағима, Назым, Мәлік, Мұзафар, Махмут, Мұхтар, Мұрат, т.б.
Әдеби тілдің аясында әлі де берік орныға алмай жарыса қолданылып жүрген қонақ пен мейман, қақпа мен дарбаза, қораз бен әтеш сияқты азын-аулақ жарыспа сөздер бар. Бұл айтылғандарға қарағанда, араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздер мен ана тілінің тума сөздерінің арасындағы саралану, орнығу жөніндегі «ішкі тартыс» әлі де болса жүріп жатқан құбылыс екендігін көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |